В. Г. Крыжановский, В. И. Лапенков, В. И. Лютер и др. Антикризисное 3 страница



Әлеуметтік дағдарыстар түрлі әлеуметтік топтар мен құрылымдар мүдделерінің қақтығысы мен қайшылықтарының асқынуынан туындайды: жұмысшылар мен жалдаушылар (жұмыс берушілер), кәсіподақ пен кәсіпкерлер, менеджмент мен персонал арасында орын алуы мүмкін. Көбінесе, әлеуметтік дағдарыстар экономикалық дағдарыстардың жалғасы (салдары) мен толықтырушысы болып табылады. Өздігінен де туындайды, мәселен, менеджмент стилінің яки тәсілінің ұнамауы, еңбек жағдайларының қолайсыздығына наразылық, патриоттық сезімнен туған экологиялық көзқарастар сияқты құбылыстар. Әлеуметтік дағдарыстар ішінен ерекше орын алатыны – саяси дағдарыс. Бұл – қоғамның саяси құрылғысындағы дағдарыс, билік дағдарысы, түрлі әлеуметтік топтардың, таптардың қоғамды басқарудағы мүдделерінің жүзеге асырылуындағы дағдарыс. Саяси дағдарыстар, әдетте, қоғам дамуының барлық тұстарын қамти отырып, экономикалық дағдарыстарға ұласады.

Ұйымдық дағдарыстар іс-әрекетті аясын бөлу мен біріктіру, қызмет функцияларын тарату, жекелеген буындардың іс-әрекетін әкімшілік бірлік, аймақтар, бөлімшелер (филиалдар) немесе қосалқы (дочерние) фирмалар деп регламенттеу кезінде байқалады. Бұларға мысал ретінде кәсіпорындардағы бюрократиялық тенденциялардың туындауын, ұйымдық өзгерістер процесін (бизнес-процесс) жүргізудегі көзқарас келіспеушіліктерін келтіруге болады.

Психологиялық дағдарыстар қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму жағдайларында көп кездеседі. Бұл адамның психологиялық жағдайының өзгерісінен көрінеді. Жалпылама сипат алатын стресс түрінде /келешекке деген үмітсіздік, батылсыздық, үрей, қорқыныш; жұмысын жаратпау; құқықтық және әлеуметтік жағдайымен қанағаттанбау/. Бұл – қоғам, ұжым және жекелеген топтар әлеуметтік-психологиялық ахуалындағы дағдарыстар.

Технологиялық дағдарыс жаңа технологияларға деген қажеттіліктің айқындығы жағдайында жаңа технологиялық идеялардың дағдарысы ретінде көрінеді. Бұл өнімдердің технологиялық үйлесімсіздігі немесе жаңа технологиялық шешімдерден бас тарту түріндегі дағдарыстар. Жалпы алғанда, мұндай дағдарыстар ғылыми-техникалық прогресс дағдарысы /оның ағымдары, мүмкіндіктері, салдарлары арасында қайшылықтар күшеюі тұрғысынан/ деуге де келеді. Мәселен, бүгінгі уақытта бүкіл дүние жүзінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану идеясының дағдарысы бар. Атом электростанциялары мен кемелері құрылысына қарсы адамдар басым.

Тікелей себептерге орай дағдарыстар табиғи, қоғамдық, экологиялық деп бөлінеді. Бұларға мысал келтіру қиын болмас, сондықтан оларға көп тоқталмасақ та болады. Тек айта кететін жайт – үшеуінің де өзегі адамзат пен табиғат арасындағы қарым-қатынаста жатыр.

Дағдарыстарды алдын-ала болжамды (заңды) және тосын (кездейсоқ) деп те бөлеміз. Заңды дағдарыстар қандай да бір даму сатысы ретінде орын алады, оларды алдын-ала болжауға болады және олар осындай дағдарыстың туу факторларының /өндірісті қайта құру қажеттілігі, ғылыми-техникалық прогресс әсерінен мүдделер құрамын өзгерту талабы/ қордалануынан пайда болатын объективті себептерге сүйенеді. Мәселен, экономикадағы циклдік дағдарыстар осыған жатады (әрине, егер алдын-ала дағдарыстың табиғаты мен сипаты белгілі болғанда), олар кезең аралатып қайта оралып тұрады және өздерінің басталу мен аяқталу фазаларына ие. Тосын дағдарыстар менеджменттегі сорақы кемшіліктердің болмаса табиғи құбылыстардың, экономикалық тәуелділіктің нәтижесі болады.

Дағдарыстардың сырт белгісі тұрғысынан айқын және жасырын (латентті) түрлерін ажыратамыз. Соңғылары білінбей өтіп, ауыр тиетіндіктен неғұрлым қауіпті саналады.

Дағдарыстар күштілігі жағынан терең және жеңіл деп те бөлінеді. Біріншілері, көбінесе, әлеуметтік-экономикалық жүйенің түрлі құрылымдарының талқандалуына әкеліп тірейді. Олар ауыр және әркелкі қозғалып, өз бойларында мол қайшылықтар жинақтайды да, шешілуі екіталай шым-шытырық шумақ түзеді. 

Өте маңызды уақыт факторы тұрғысынан барлық дағдарыстардың жиынтығы созылмалы және қысқамерзімді деп қарастырылады. Созылмалы дағдарыстар, әдетте, күрделі және ауыртпалықты сипатта өтеді. Олар негізінде дағдарысты жағдайларды қалай басқаруды білмегендіктен, дағдарыстың мәні мен сипатын түсінбегендіктен, себептері мен мүмкін салдарларын байқамағандықтан туындайды.

4. Дағдарыстың белгілері, оларды тану мен жеңу

Дағдарыстар типологиясын жасау оларды тануда, сәйкесінше, оңтайлы менеджмент үшін маңызы зор. Нақты дағдарыстың классификациялық белгілері оның параметрлері ретінде қарастырылуы мүмкін, сонысымен жағдайды бағалауды және сәтті менеджмент шешімдерін шығару мен таңдауды анықтайды. Дағдарыстың қаупі әрқашан, тіпті оның жоқ кезінде де бар болады. Сондықтан дағдарысты жағдайлардың пайда болу белгілері мен оларды шешу мүмкіндіктерін бағалауды білу өтемаңызды.

Жалпы, әлеуметтік-экономикалық жүйе өзіндік реттелетін жүйе болып табылады. Демек, оның болмысында қажетті және салыстырмалы тепе-теңдікті қалпына келтіру механизмдері әрекет етеді. Бірақ менеджмент те, бір жағынан, осы механизмдердің бір бөлігі ретінде, екінші жағынан, сол механизмдерге сүйене отырып, адам мүдделерінің көзқарасы тұрғысынан әлеуметтік-экономикалық жүйенің неғұрлым ауыртпалықсыз және барынша жалғасты дамуын қамтамасыз ету үшін қажет.

Дағдарыстарды жеңу – басқарылатын процесс. Бұған адамзат, өндіріс және экономика дамуларының тарихында болған дағдарыстар кепіл бола алады. Менеджменттің жетістігі дағдарысты дер кезінде тану мен оның пайда болу белгілерін анықтауға байланысты. Дағдарыс белгілері, ең әуелі, типологиялық тұрпатына қарай ажыратылады (дифференциация): ауқым (масштаб), проблематика, өткірлік, даму аясы, себептері, мүмкін салдарлары, көріну фазалары.

Дағдарысты тануда мәселелердің өзарабайланысын бағалау үлкен орын алады. Мұндай байланыстың болуы дағдарыстың қаншалықты қауіпті екендігін байқауды мүмкін етеді және оның сипатын береді. Әлеуметтік-экономикалық жүйені басқаруда дағдарысқа қарсы дамудың мониторингі болуы тиісті. Бұл дағдарысқа қарсы менеджмент критерийлері бойынша даму процесстерін бақылау мен ағымдарын қадағалау дегенді білдіреді. Ауа райын, жер сілкінісін алдын-ала болжау сияқты дағдарысты басқаруда да алдын-ала болжаудың болуы керек. Мүмкіндігінше дәлірек алдын-ала пайымдау үшін дағдарысты даму көрсеткіштері мен белгілерінің анық жиынтығы, оларды есептеу мен талдауда қолданудың әдістемесі (методология) қажет.

 Дағдарысты тану қолданыста бар менеджмент көрсеткіштерімен қатар келешекте еріксіз қарастырылатын арнайы көрсеткіштерге де сүйенеді. Мәселен, өндіріс тиімділігінің немесе еңбек өнімділігінің төмендеуі дағдарыстың мүмкіндігін бейнелейтіндігін жоққа шығара алмаймыз. Олар кездейсоқ және бір мезеттік болуы да мүмкін, алайда келе жатқан қауіпті дағдарысты дамудың ағымын да куәландырмауына кім кепіл?!

 Қазіргі уақытта дағдарысты тануда тек қана дағдарыс белгілерін бейнелейтін көрсеткіштер жүйесін иелену жеткіліксіз, оларды тәжірібие жүзінде қолданудың әдістерін игеру аса маңызды. Тәжірібиелік құндылығы бар болжауға қол жеткізу дағдарыстың даму процесін жан-жақты астарларында қарастыру негізінде және олардың ішінен ең маңыздыларын белгілеу арқылы мүмкін болады.

Дағдарысты тану әдіснамасы сол жұмысты ұйымдастырумен аса тығыз байланысты: мамандар мен олардың қызметтерінің нақтылығы, ұсыныстар мен шешімдердің мәртебесі, менеджмент жүйесіне араласудағы өзара әрекеттестігі. Осындай мамандар жайында айтқанда, тек дағдарысқа қарсы менеджерлер немесе арбитражды менеджерлерді дайындаумен шектелмеу керек, жұмыстың жемісті болуы үшін арнайы аналитиктердің қажеттілігін ұмытпаған абзал. Мамандардың кәсіби деңгейінің барынша жоғары болуы дағдарысты жеңудің басты кепілі.

5. Дағдарысқа қарсы менеджменттегі адам факторы

Дағдарыс - әлеуметтік-экономикалық жүйедегі объективті құбылыс. Аталмыш жүйенің дамуы мен болмысының негізі - адамның басқарылымды іс-әрекеті. Оны тиімді басқару менеджмент аясын кеңітуге ұмтылудан, сөйтіп басқарылмайтын процесстердің үлес салмағын азайтуға тырысудан байқалуы мүмкін. Дағдарыстың адами табиғаты оның себебі және қайнар көзі болып табылады.

Адамның бүкіл іс-әрекеті өзінің әркелкі және пропорционалды емес өзгеретін мүдделерін қанағатандыруға негізделген. Мүдделер тіпті жеке адамның өзінде үнемі қайшылықта болады, ал әлеуметтік топтар мен қоғам таптары арасында одан сайын үдей түседі. Философиядағы диалектика заңдылығына орай, бұл қайшылықтар дағдарыстардың мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар қажеттілігін де айқындайды.

Адамның мүдделерінің қарқыны мен өзараәрекеттесуін абсолютті басқару мүмкін емес, өйткені оның мүдделер жүйесі алуан түрлі, онда еркіндікке ұмтылу, менеджмент демократиялылығын аңсау, дербес қимыл мен іс-әрекетке талпыну сынды мүдделер тоғысқан. Міне, дәл осы мүдделерге басқалары байланады, дәл осы мүдделер арқасында тиімді, басқаша айтқанда, оңтайлы менеджмент құрылады.

Әлеуметтік-экономикалық жүйенің даму үрдісінде адам факторының ролі дағдарысқа қарсы менеджмент астары тұрғысынан арта түсетіндігі даусыз, яғни бұл дегеніміз дағдарысты жою мен күресуді емес, оны алдын-ала болжау мен дер кезінде сенімді түрде әрі мүмкіндігінше үлкен ауыртпалықсыз шешуді меңзейді. 

 

2 тақырып. Экономикалық дағдарыстардың пайда болуы мен шешу жолдары

Жоспар:

1. Экономикалық дағдарыстардың мәні мен заңдылықтары

2. Экономикалық дағдарыстардың себептері

3. Цикл фазалары мен олардың көрінісі

4. Экономикалық дағдарыс түрлері мен қарқыны

1. Экономикалық дағдарыстардың мәні мен заңдылықтары

Экономикалық дағдарыстардың туындауының басты себебі өндіріс пен тауарларды тұтыну арасындағы алшақтық болып табылады. Натуралды тұйық шаруашылық ауқымында өндіріс пен тұтыну арасында тікелей байланыс болғандықтан, экономикалық дағдарыстың орын алуына жағдай болмады. Дағдарыстардың пайда болуы мен ұлғаюына тауар өндірісі мен айырбастың дамуы ықпал етті. Дүниежүзілік экономиканың 20 ғасырдағы даму қарқыны ұдайы өндіріс процесінің циклдігіне деген көқарастардың сыңаржақтылығынан бас тартқызды.

Алғашқы кезеңдік (периодтық) дағдарыс 1825 жылы капитализм үстемдік құрған Англияда орын алды. Келесі дағдарыс 1836 жылы Ұлыбритания (Англия) мен АҚШ-ты қарпыды. 1847 жылғы дағдарыс бүкіл Еуропа елдеріне әсер етті.

Алғашқы дүниежүзілік (әлемдік) дағдарыс 1857 жылға жатқызылады. Бұл капиталистік дамудың басталуынан бергі ең терең дағдарыс болды. 1873-1878 жылдардағы дағдарыс өзінің ұзақтығы жөнінен бұған дейінгі барлық дағдарыстардан асып түсіп, Еуропа елдерінің басым көпшілігі мен АҚШ-ты қамтыды. Әлемдік дағдарыстар 1900-1903 жж., 1907 ж., 1920 ж. орын алды, алайда олардың бәрі 1929-1933 жылдардағы дүниежүзілік дағдарыстай болмады. Соңғысы төрт жылға созылып, бүкіл капиталистік әлем мен экономиканың барлық тұстарын шарпыды. Капиталистік елдердегі өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 46 пайызға қысқарды, оның ішінде болат қорыту 62 пайызға, көмір шығару 31 пайызға, кеме жасау 83 пайызға, сыртқы сауда айналымы 67 пайызға төмендеді. Жұмыссыздар саны 26 млн адамға жетті немесе өндірісте жұмыспен қамтылғандардың 25 пайызын құрады. Тұрғындардың шынайы (нақты) табысы 58 пайызға дейін кеміді. Күйзелгендердің немесе банкротқа ұшырағандардың саны орасан зор болды. Тек қана АҚШ-та 109 мың фирма жабылды. Осы дағдарыстан кейінгі тоқырау яки күйзеліс (депрессия) көпке созылды.

Біраз жанданудан соң 1937 жылы жаңа дағдарыс орын тепті. Оның сипатты ерекшелігі – ол көтерілу немесе өрлеу фазасынсыз орнықты. Жаңа дағдарыс алдыңғысынан әлдеқайда әлсіз болғанымен, барынша өткір өтті. Капталистік әлемдегі өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 11 пайызға қысқарды, АҚШ-та 21 пайызға кеміп, автомобиль шығару 40 пайызға төмендеді. Бұл дағдарыстың одан арғы асқынуы мен дамуын 1939-1945 жж. арасындағы екінші дүниежүзілік соғыс тоқтатты.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі 1948-1949 жылдары АҚШ пен Канаданы қамтыған локальды экономикалық дағдарыс жарқ етті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі АҚШ-та 18,2 пайызға, Канадада 12 пайызға кеміп, соның әсерінен каптталситік әлемдегі бұл көрсеткіш 6 пайызға төмендеді. Кезекті капиталистік елдерге тән экономикалық дағдарыстар 1953-1954 және 1957-1958 жж. орын алды. Дегенмен, соғыстан кейінгі кезең үшін 1973-1975 жылдардағы экономикалық дағдарыс ең терең болды. Ол капиталистік елдердің бәрін қамтып, инфляцияның жоғары деңгейімен ерекшеленді. Бұл дағдарыстың сипатты ерекшелігі оның маңызды өндіріс сфералары саналатын энергетика, шикізат салалары, ауыл шаруашылығы және валюталық жүйені шарпып, терең құрылымдық дағдарыспен астасуында болып табылады.

2. Экономикалық дағдарыстардың себептері

    Экономикалық дағдарыстар себептеріне деген көзқарастардың қайшылығы көп және оның бірқатар объективті алғышарттары бар. Мәселен, біртекті факторларының ұдайы өндіріс циклдығына ықпалы әртүрлі кезеңде әртүрлі және жекелеген мемлекеттерде өзіндік ерекшеліктерге ие. Қазіргі уақытта экономикалық ғылымда экономикалық циклдар мен дағдарыстардың себептерін түсіндіруші түрлі ілімдердің мол қатары жасалынған. Мәселен, П.Самуэльсон өзінің «Экономикс» кітабында циклдар мен дағдарыстар жөніндегі барынша танымал ілімдердің бірқатарын атап көрсетеді:

• циклды банк несиесінің экспансиясымен (қысу) түсіндіретін ақшалай ілім (Хоутри);

• циклды өндірісте маңызды жаңалықтарды пайдаланумен түсіндіретін жаңашылдық ілімі /теория нововведений/ (Шумпетер, Хансен);

• циклды тұрғындарды қамтитын пессимистік және оптимистік көңіл-күй тасқындарының салдары ретінде түсіндіретін психологиялық ілім (Пигу, Бэджгот);


Дата добавления: 2018-02-28; просмотров: 349;