IV ТАРАУ. ЗООНОЗДЫ ИНФЕКЦИЯЛАР 4 страница



Эпидемиологиясы. Түйнеме – зооноз. Аурудың негізгі көзі әртүрлі ауылшаруашылық малдар (қой – 45-55%, ірі қара мал- 32-37%, жылқы мен бұғы – 5%, ешкі, есек, түйе – 1%, шошқа - 4% және өте сирек ит, мысық да аурады); кейбір жабайы аңдар (марал, қоян, киік, қасқыр, шиебөра, аю, жолбарыс, арыстан, пума, борсық). Жануарлар түйнемені алиментарлы жол арқылы (шөппен, сумен, жеммен бірге топырақты жұтып), трансмиссивті (жигалка шыбыны, шіркейлер шаққанда) жұқтырады. Спора фагоциттердің ішінде лизиске ұшырғанда жануарларда ауру дамиды. Залалданған жануарларда ауру жайылмалы түрінде өтіп, 95% өлімге ұшырайда. Түйнемені атжалмандар, бақалар, құстар қабылдмайды, оларда И.И. Мечниковтың пікірі бойынша (1951) фагоциттердің түйнемелік бациллаларды жұту қасиеті жоғары. Ауру адамға келетін болсақ, олар аурудың көзі бола алмайды, ауру адамнан түйнеменің сау адамға жұғуы ғылыми дәлелденбеген мәселе.

Берілу жолдары:

1) Контактілі-жарақаттық (ауру мал және ет өнімдерімен жанасқанда, малды күту, сою, етін бөлшектеу жағдайларында);

2) трансмиссивті (жигалка шыбыны, шіркейлер шаққанда: олар бірінші жануарларды шағып сосын адамға шапқанда);

3) алиментарлы (термиялық өндеуі шамалы ет тағамдарын қабылдағанда);

4) аэрогенді (аэрозоль арқылы – споралары бар шаң–тозаң тыныс жолдарына түскенде).

Берілу факторларға – ауру малдан алынатын өнімдер: еті, сүті, жүні, терісі, сүйегі, және ауру мал жайылған немесе көмілген топырақ , т.б. жатады.

Өмірде кездесетін кездейсоқ жағдайлар да көңіл аударуға тұрады:

- Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында бір жанұяда 1 жасар, 12 жасар бала мен олардың 39 жастағы шешесі түйнемемен аурады. Анықтай келгенде  балалардың шешесі кезінде мал көмілген жерден далада қурап жатқан асықты үйге теріп әкелген, олармен жаңағы балалары ойнаған. Сөйтіп ауру сүйек арқылы жұққан;

-Бір әйел мал қорасын сылап болған соң бірнеше күннен кейін түйнемемен ауырады. Анықтай келгенде науқас балшыққа көң қосқанынын айтады;

-Бір адам қи мен тезек дайындап жүргенде ауырады. Анықтай келгенде көршінің сиыры осыдан бір неше жыл бұрын ауырып арам өлгені анықталды;

-Бір кішкентай баланы самарға суға шомылдырғаннана кейін ауырғаны анықталған. Сұрай келгенде осының алдында жаңағы самарға саңырауқұлақты жуып тазартқан. Ал саңырауқұлақ өскен жердің топырағында түйнеме таяқшасының спорасы болса керек;

-Сол даладан теріп әкелген гүл (қызғалдақтың) ауру шақыруына себеп болғаны ғылыми деректерде жазылып қалдылылған;

-Бір адам жүннен тоқылған мочалканы базардан сатып алып суға түскен. Біраздан кейін үстіне түйнеме жарасы қаптап кеткен. Осымен бірге малдың терісінен, жүнінен жасалған жаға, қолғап, байпақ кигеннен кейін жарақаттар болған теріде түйнеменің пайда болғаны белгілі. 

Қабылдаушы макроорганизм. Жиілей ауруға ауыл тұрғындары (95%), кәсіптік топтар (малшылар, ет комбинатының қызметкерлері, шашлык дайындаушылар). Ауру жаз-күз айларында өршиді.

Патогенезі.

Қоздырғыштың ену және адаптация сатысы.Түйнеме таяқшасының денеге енетін қақпасы тері немесе асқазан-ішек, тыныс жолдарының шырышты қабықшалары, егер осы жерлерде жарақаттану болса (кесілген, тілінген, жарылған) онда қоздырғыштың ішке ену процессі оңайланады. Егер теріге қоздырғыштың спорасы енсе, ілінген жерде аздап болса ылғал болу керек (қан, лимфа не басқа сұйық зат), сонда ғана ол вегетативті түріне ауысады.

Біріншілік ошақтық инфекция сатысы. Содан кейін барып бацилла токсин бөліп шығара бастайды. Түйнеме патогенезінің негізінде экзотоксиннің әсері жатыр. Токсиннің құрамындағы күрделі компоненттерінің біреуі (летальді компонент) теріні коагуляциялық некрозға ұшыратады. 98% жағдайда түйнеме - жергілікті инфекция: түйнеме қоздырғышының енген жерінде әуелі қызарған дақ, сосын түйіншік (папула) пайда болады, түйіншік ішіне серозды экссудат жиналып ол көпіршікке (везикула) ауысады, кейін ішіне қан жиналып геморрагиялық пустулаға айналады. Біраздан кейін ол жарылып, жара пайда болады. Жараның ортасындағы қан түйіршіктері қарайып, қатып көмірге ұқсаған қабыршақ пайда болады. Осы кезде жараның айналасындағы ісік өте тез өсіп, аз уақытта біраз жерді қамтиды. Қоздырғыштар лимфа тамырлары арқылы лимфа түйіндеріне енген кезде оларда серозды-геморрагиялық немесе геморрагиялық-некрозды лимфаденит дамиды, қоршаған шелдің қабынуы пайда болады. Алиментарлы жол арқылы жұғу кезінде асқазанда және мықын ішектің дисталді бөлігінде бірең-сараң немесе жайылмалы некроз ошақтары мен жаралар пайда болады.

Бактериемия сатысы. Қолайсыз жағдайларда (иммунотапшылық, массивті жұқтыру) қоздырғыш қан айналымына түсіп барлық ағзаларға жайылып сепсис түрінде өтуі мүмкін. Геморрагиялық синдром (шырышты қабықшалардағы көптеген геморрагиялар, түрлі мүшелердегі ошақты қан құйылулар), инфекциялық- токсикалық шок дамиды. Бұл жағдайларда ауру өліммен аяқталады. Мәйіттік сіресулер әлсіз немесе болмайды, тамырлар мен жүрек қуыстарында тромбтарсыз, ұюсыз сұйық қан, ішкі мүшелерге қан толған, серозды қабықтарға қан құйылулар, көкбауыр ұлғайған, болбыр, пульпасы күнгірт-көкшіл болады.

   Клиникалық көріністері.Түйнеменің клинико-патогенетикалық жіктелуі №3 кестеде көрсетілген. Аурудың жасырын кезеңі 1-12 күн, көбінесе 2-3 күн. Түйнеменің клинико-патогенетикалық жіктелуі №5 кестеде келтірілген.

Ең жиі кездесетін – терілік (жаралы) түрі. Теріде алдынан дақ пайда болады. Қызарған жер бірте-бірте көтеріліп түйінге (папула) айналады, папуланың ішін су кернеп көпіршікке (везикула) айналады. Оның ішіндегі сұйықтық әуелі мөлдір сосын қан аралас (геморрагиялық пустула) болып келеді. Бұл процесс 1-3 күн аралығында дамиды. 4-8 күн аралығында пустула жараға айналады. 9-14 күн аралығында жараның ішіндегі қан аралас сұйықтық қатады да түсі көмір сияқты қап-қара қабыршыққа айналады. Оның айналасындағы тері қабынып, тез ісік жиналады, ісік аз уақытта жайылып төңірегіндегі біраз жерді қамтиды. Жараның жиегінде тағы да қосымша «ұрпақтық» көпіршіктер пайда болып, ол тағы да жарылады, сөйтіп жараның көлемі ұлғая түседі. Жара терең емес, шеттері тегіс емес, құрғақ болады.

 

№5 кесте

Түйнеменің клинико-патогенетикалық жіктелуі

 

Берілу жолы Кіру қақпасы Біріншілік - ошақтық түрлері Жайылмалы түрлері
Контактілі-жарақаттық Тері Терілік (98%) - Эритематозды - (тілме тәрізді) - Буллезді (пустулезді) - Жаралы (карбункулезді) - Эдематозды - (ісіктік)   Екіншілік-жайылмалы  
Аэрогенді (аспирация лық)   Тыныс жолдарының шырышты қабықшалары Өкпелік

Екіншілік-

септикалық

Алиментарлы Ас қорыту жолдарының шырышты қабықша лары Абдоминалды (ішектік)
Клини калық кезеңдері Жасырын кезең Клиникалық көріністер кезеңі Асқынулар кезеңі
Инфекциялық процесстің сатылары I. Қоздырғыштың ену және адаптация сатысы II Біріншілік-ошақтық инфекция сатысы III Жайылмалы сатысы (гематогенді диссеминация)

 

Осы жергілікті процесстің даму ерекшеліктері түйнеменің өзіне ғана тән ерекше белгілерін береді. Олар мыналар:

1. түйнеме таяқшасы енген жердегі теріде ерекше бір даму тәртібі қалыптасады: дақ → түйін → көпіршік → геморрагиялық пустула → жара → қабыршақ;

2. жараның айналасында моншақ тәрізді болып тағы да «ұрпақтық» көпіршіктер шығады («маржан алқасы» - нышаны);

3. дамып болғанда терілік аффект 3 түстен тұрады: ортасы қара, оны қоршаған инфильтрат - қызғылт, одан әрі қарай ісік - бозғылт (ақшыл);

4. ісік тек жараның айналасында ғана емес алысқа таралады, бір анатомиялық аймақпен шектелмейді;

5. кірген қақпаға жақын регионалді лимфа түйіндері (көбіне қолтық асты не шап бездері) іседі;

6. жаңағы ісік бар жерді перкуссия жасағанда ұйыған сорпаның дірілдегені сияқты қозғалады (Стефанский нышаны);

7. жараның ең ортасында некроз болғандықтан оны инемен түртіп қарағанда ауырмайды (бұл түйнеме жарасына аса тән танымалы нышан);

8. науқастың жалпы жағдайы ауыр;

9. барлық жағдайларда ауруға себеп болған эпидемиологиялық анамнезді анықтауға болады.

Көбінесе бір жара болады, кейде 2-5. Бір адамды жигалка шыбыны шаққанда, 32 жара пайда болған оқиғасы белгілі. Жараның жиі орналасатын жерлері: қол, қолдың саусақтары, сирек: бет, мойын, дене, аяқ. Аурудың ауыр ағымында 40% жағдайда жергілікті лимфаденит қалыптасады, бірақ лимфангоит тән емес. Лимфа түйіннің аздап ауру сезімі байқалады.    

Терілік түрінің ісікті нұсқасы. Терілік түрдегі түйнеменің ісіктік нұсқасы сирек кездеседі және ол жараның болмауымен немесе оның мөлшерінің ұсақтығымен, көлемді ісік дамуымен ерекшеленеді, әсірісе жара жоғары және төменгі қабақтарда орналасқан жағдайда дамиды. Ісік беттің барлығын, мойын, кеуде, қолдарды қамтиды, кейде тіпті мықын қаптарына дейін түседі. Стефанский нышаны «оң» болады. Ең үлкен ісікті 1883 жылы В.Е.Соловьев деген ғалым жазып қалдырған: «ауруда жара бетіне орналасқандықтан, ісік бетін, мойынын қамти келе кеудеге төстің шұқырына дейін жеткен. Құлағының қалқаны құлақтың тесігін жабатындй салбырап, еріні ішіне кіріп кеткен. Мойынның шеңбері 78 см болса, кіндік тұсындағы ішінің шеңбері 70 см. Ұрты, төс тұсындағы терісі қапшық құсап төсіне түсіп жатыр. Бет-аузының іскені соншама, бет-әлпеті ісікпен тып-типыл болып тегістеліп, тіпті оның адам екенін, жынысын не жасын анғару мүмкін емес еді» деп жазған.

Терілік түрінің тілмелік нұсқасы. Терілік түрдегі түйнеменің тілмелік нұсқасы сирек кездеседі және клиникалық диагностикасы белгілі бір қиындықтар туғызады. Ол тілменің барлық нұсқаларына ұқсаса, тек қоздырғышты бөліп алу және эпидемиологиялық мәліметтер ғана диагноз мәселесін шешеді.

Терілік түрінің эризипелоидты нұсқасы. Түйнеменің эризипелоидты нұсқасы серозды сұйықтығы бар көп мөлшердегі көпіршіктердің пайда болуымен сипатталады. Олар жарылғаннан кейін жара беткейі пайда болып, біртіндеп өзекке айналады.

Терілік түрінің барлық нұсқалары ұзақ қызбамен, ағзаның айқын улану белгілерімен, жүрек-тамыр және жүйке жүйелерінің зақымдануларымен өтеді, ауыр жағдайларда процестін жайылмалы түрі дамып өліммен аяқталады. Науқас 39-40ºС қызбаға, жалпы әлсіздікке, дел-салдыққа, бас ауруына, тахикардияға шағымданады. Түйнеменің терілік түрінің 80%-жеңіл, ал 20%-ауыр түрде өтеді. Қызба 5-7 күн бойы сақталады және бірден төмендейді. Жара аймағындағы жергілікті өзгерістер біртіндеп жазылады, 2-3-ші аптаның аяғында өзек түседі.

Түйнеменің баспалы (орофарингеалді) түрі өте сирек кездеседі (1-5%). Жасырын кезең 1-6 күн. Аурудың бірінші аптасында қызба, ағзаның айқын улану белгілірі, тамағының ауруы, жаралы-некрозды фарингит немесе тонзиллит, мойынның бір жағының ісінуі дамиды, екінші аптасында көмекей бездер, көмейдің шырышты қабықтарында сұр немесе қоңыр түсті некрозды жабынды пайда болады. Мойын аймағындағы лимфаденит. Круп қалыптасуы мүмкін. Бұл түрі жиі инфекциялық-токсикалық шокпен асқынады. 

Түйнеменің өкпелік түрі қоздырғыш аэрогенді жол арқылы жұққанда дамиды, жедел басталады, инфекциялық- токсикалық шок ретінде өтеді және қазіргі кездегі емдеу әдістерін қолданғанда да өліммен аяқталуы мүмкін. Барлық науқастарда айқын қалтырау, дене қызынуының тез жоғарлауы (40ºС және одан да жоғары) анықталады. Науқастың жағдайы аурудың бірінші сағаттарынан бастап ауыр, кеуденің шаншып ауруы (70%), құрғақ жөтел (90%), жүректің айнуы/құсу (90%), ентігу (80%), көгеру, айқын тершеңдік (70%), тахикардия (1 мин. 120-140 дейін) байқалады, АҚ төмендейді. Осыдан басқа миалгиялар (50%), бастың ауруы (50%), естің бұзылыстары (40%), іштің ауруы (30%). Қақырыққа қан араласуыбайқалады, ірің болмайды. Өкпе үстінде перкуторлық дыбыстың тұықталу учаскелері, құрғақ және ылғалды сырылдар, кейде плевраның үйкеліс шуы анықталады. Рентгенологиялық зерттеу кезінде плеврит, медиастиналді лимфаденит анықталады. Респираторлы дистресс синдромы, ТШҰ синдромы дамиды. Ауру бірнеше сағат 2-3 күн аралығында өліммен аяқталады.

Түйнеменің абдоминалді түрі қоздырғыш ас қорыту жолдарының шырышты қабықшалары арқылы енгенде дамиды. Бастапқы кезеңде жоғары қызба, жалпы әлсіздік, бастың ауруы (100%), пайда болады. Аурудың өршу кезеңінде іштің ауруы (85%), қан аралас іш өту (80%) және құсу (90%), іштің кебуі тән, асцит болуы мүмкін. Жиі инфекциялық-токсикалық шок, ТШҰ-синдромы дамиды. Өлім-жітімділігі 25-60 %.

Түйнеменің екіншілік жайылмалы түрі науқастың жалпы жағдайының күрт нашарлауымен бірге немесе кейде оның алдында, жергілікті өзгерістер үдейді. Лимфатикалық түйіндер ұлғаяды. 

Қоздырғыш гематогенді диссеминация арқылы түрлі мушелерге тарап аурудың екіншілік септикалық түрі дамуы мүмкін. Науқастардың жағдайы күрт нашарлайды, айқын қалтырау мен терлеу қосарланады. Қатты бас ауруы, бас айналуы, ұйқының бұзылуы, ми қабықшаларының тітіркенуі, психомоторлық қозу және тырысулармен сананың бұзылуы пайда болады. Айналымды бұзылыстар тез үдеп, жайылмалы тамыр ішілік қан ұюымен қосарланатын инфекциялық-токсикалық шок дамиды, теріге және шырышты қабықтарға қан құйылулар, қан аралас құсу («кофе қоюы»), асқазан ішектен қан кету байқалады. Пневмония, эндокардит, менингит, бүйректің жетіспеушілігі дамиды.

Түйнемеге қарсы егілгендерде терілік өзгерістер айтарлықтай емес, кәдімгі шиқанға ұқсас, ал жалпы белгілері кейде болмайды.

Диагностикасы. Түйнеменің терілік түрін стафилоккокты, стрептококкты инфекциядан, тілмеден, эризипелоидтан, листериоздың, пастереллездің, обаның терілік түрлерінен ажырату керек; өкпелік түрін обаның өкпелік түрінен, пневмониялардан; абдоминалді түрін мезентериалді тромбоздан, жедел панкреатиттен, жедел ішек инфекциялардан, ішектің түйілуінен, тесілуінен ажырату керек.


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 516; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!