IV ТАРАУ. ЗООНОЗДЫ ИНФЕКЦИЯЛАР 7 страница



Бруцеллез кезіндегі эпидемиологиялық процесс 3 негізгі звенодан тұрады: ауру көзі, таралу жолдары мен факторлары, қабылдаушы макроорганизм.

1. Аурудың көзі – жануарлар (ешкі мен қой, ірі қара мал, шошқа). Қазіргі бруцеллездің эпидемиологиялық ерекшілігі - бруцелла өзіне тән иесінен тән емес иесіне миграциясы. Соңғы кездерде мал далада жайылмайды, бір қора да ұсталады да Brucella melitensis ұсақ малдан ірі қара малға аусып, сиырдың сүті, еті арқылы жұғады. Эпидемиологиялық анамнез жинаған кезде ауру сиырдан жұғады, ал науқастан және зақымдалған тағамнан Brucella melitensis бөлінеді.

Көптеген бақылауларға сүйенсек, науқас адам инфекция көзі болуы мүмкін емес, өйткені, адам бруцеллаларға „биологиялық тұғырық” болып табылады. Өте сирек жағдайда жедел бруцеллезбен ауратын науқастың әртүрлі бөлінділерінен (зәр, емшек сүті, плацента, қағанақ сұйықтығы) бруцеллез қоздырғышының табылуы мүмкін. M. Santic-Palvinic және соавт. (1983) залалданған теңіз шошқалармен қарым-қатынаста болған микробиологиялық зертхананың техникалық қызметкерінің ауырған жағдайын баяндаған. Науқастың қанынан Brucella melintеnsis биовар 2 дақылы бөлініп алынған. Қызметкер ауырғаннан 3 айдан кейін әйелі ауырады, оның қанынан дәл сондай дақыл табылған. Ұрық туылу барысында залалданған қағанақ суын жұтып қойған жағдайда залалдануы мүмкін. M. Hassid (1974) пікірі бойынша бруцеллез анасынан баласына трансплацентарлы және трансамниотикалық жолдарымен берілуі мүмкін. Емшектегі балалар емшек сүті арқылы заладануы ықтимал.

2.Таралу жолдары мен факторлары

Контактілі жол бруцеллез ошақтарында жиі кездеседі. Бұл инфекцияның басты патогенетикалық ерекшелігі - бруцеллалардың жүкті жануарлардың жыныс мүшелеріне және даму барысындағы ұрықтың тіндеріне жоғары органотроптылығы. Жыныс жүйелерінде қоздырғыштың қарқынды көбеюі: ұрықтың өлуіне, түсік тастауға, эндометриттің, маститтің дамуына әкеп соғады. Плацентамен, қағанақ суымен, жыныс жолдарындағы бөлінділермен және ұрықпен бірге сыртқы ортаға өте көп мөлшерде бруцеллалар шығады. 1 мл қағанақ суында бірнеше миллионнан миллиардқа дейін микроб жасушалары болуы мүмкін. Бруцеллездің белсенді эпизоотия кезінде отарда ондаған, кейде жүздеген мал түсік тастап, оның әркайсысы 1,5-2,0 л залалданған материал бөлетінін ескерсек, онда бруцелллардың малшаруашылық мекемелерінде, жануарлардың тұратын, су ішетін және жайылатын жерлерінде қоздырғыштың жайылу қарқындылығын елестетуге болады. Мал түсік тастағаннан соң бір ай бойы бруцеллалар көп мөлшерде бөлінеді, ал 2-3 айдан соң сау-тұрақты емес, ал 7 айдан соң тоқтайды. Мал төлдегеннен соң бруцеллалар малдардың сүт безінде 5-8 ай, ал мастит болса 36-48 айға дейін анықталады. Осыған байланысты адам малдың төлдеуіне көмектесуі кезінде және мал төлдеген мезгілде малды қырқүға қатысу кезінде тікелей контакт болғанда бруцеллезді жұқтыру қаупі жоғары. Шикізатты өңдеуге байланысты (ауру малды сою, терісін алу, етін бөлшектеу, терісін өңдеу, жүнін өңдеу және басқа ауылшаруашалық жұмыстары) өндірістік процестер залалдану механизмінде шешуші орын алады. Бұл кезде залалдану жарақаттанған және сау тері арқылы жүзеге асады.

Алиментарлы жол шикі және термикалық өңдеуден шала өткен малшаруашылық өнімдер (сүт, әсіресе ешкі сүті, сүт өнімдері - қаймақ, ірімшік, уыз, шашлык, стейк, т.б.) арқылы жүзеге асады. Ешкі - қой типті бруцеллардың ірі қара малға көшуінің (миграция феномены) жиі кездесуіне байланысты сүт факторы қала тұрғындарының арасында, әсіресе балалардың арасында бруцеллездің таралуына маңызды орынға ие болып отыр. Oxford text book of Medicine мәліметі бойынша 500 адамды зерттегенде, 70% жағдайда пастерленген сүтті және жұмсақ ірімшікті қолданғанда залалдану байқалған. Жоғары вирулентті қоздырғышпен залалданған сүтті қолданған жағдайда эпидемиялық өршулер пайда болады. Аурушылдық топтық-жанұялық сипат алады және ошақтан тыс жерге таралады. Осындай жағдайларды эпидемиологиялық зерттегенде ауру көзі ірі қара мал болғаны, ал бөлініп алынған бруцелла дақылы ешкі-қой түріне жататыны анықталды. Инфекцияның таралуының әртүрлі факторларының эпидемиологиялық маңызын бағалау үшін бруцеллалардың тұрақтылығын ескеру қажет. Сүтте, қаймақта, сары майда, ірімшікте бруцеллалар қалыпты температурада 16-20 күн, сүтқышқыл өнімдерінде (простокваша, сүзбе) – 2 күн, ал төмен температурада (тоңазытқышта) – 18-20 күн, әлсіз тұздалған (10%) және әлсіз қышқыл уызда – 72 күн сақталуы мүмкін. Бруцеллалардың сүтте, әсіресе ешкі сүтінде ұзақ сақталуы оның эпидемиологиялық ролін анықтайды. Пісірілмеген бір стакан сүтті ішкен адамның ауырған жағдайы белгілі. Мал төлдегеннен кейін бірнеше күн бойы алынған уыз өте қауіпті, өйткені бұл мезгілде бруцеллалар сүтпен өте көп мөлшерде бөлінеді. Қоздырғыш үлкен қашықтыққа тарап, адамдардың топтап ауыруын шақырады. Сүттің қышқылдығы мен қоршаған орта температурасы неғұрлым жоғарылаған сайын, соғұрлым бруцеллалардың сақталуы төмендейді. Бруцеллалар қымызда 1-3 күн, Тернер бойынша қышқылдығы 80°-қа және спирт денгейі 1,5-2°-қа жоғарыласа 2 тәулікке дейін сақталады (Ш. Букейханова, 1952).

Етте және ет фаршында бруцеллалар сақталу температурасына және құрамындағы тұздың деңгейіне байланысты 14 күннен 40 күнге дейін тіршілік етеді. Бұл фактор ет өңдеу өндірістердің жұмысшыларына және тутынушыларда үлкен маңызға ие. Әсіресе, жануарлар түсік тастағаннан соң сойылса жүзеге асатын еттің интравитилді залалдануы қауіпті. Түсік тастаған жануарлардың еті аса қауіпті, ал ол жануарлардың ішіндегі ұрықтың асқазанында бруцеллалардың таза дақылы табылған (М.М.Ременцова,1969). Бруцеллалардың полипатогенділігі мен едәуір тұрақтылығы олардың тек қана жануар организмінде ғана емес, сонымен қатар сыртқы орта заттарында да сақталуына әсер етеді. Сыртқы орта заттары сонымен бірге бруцеллездің ауру малдары бар шаруашылықта (күрек, айыр, шелек) таралу факторларына жатады.

Ашық су көзіндегі суды малдар ішкенде жеңіл залалданып, қоздырғыш ұзақ уақыт тіршілігін сақтайды. Ондай су тек эпидемиологиялық қана емес эпизоотологиялық тұрғыдан да қауіпті, өйткені инфекцияның адамға ғана емес, жануарларға да берілу факторы болып табылады.

Аэрогенді жол малды қырыққанда, жүнді сұраптағанда, тарағанда, жануарларды ұстайтын қораларды тазалағанда, малшаруашылық шикізатты өндегенде, қаракөл қозылар етінен сүйек – ет ұнын өндіргенде, лабораторлық жолмен шаң арқылы ену нәтижесінде жүзеге асады. Жүнде, теріде сақталу жағдайына байланысты бруцеллалар 1 айдан 4,5 ай тіршілігін сақтайды. Жануарладың бұл шикізат түрі бруцеллар ауру жануарлардың әртүрлі бөлінділері арқылы жеңіл залалданады. Әсіресе түсік тастаған, өлі туылған немесе 2-3 күндік қаракөл қозылардың терісі қауіпті.

Бруцеллалардың кептіруге тұрақтылығы, олардың топырақта және малдың нәжісінде 8 күннен 3-4 айға дейін сақталуына мүмкіндік береді. Өлген жануарды немесе түсікті дұрыс көмбеген жағдайда, қоздырғыштар тіршілігін жалғастыра береді. Адамдар залалданған нәжісті бақтарда тыңайтқыш ретінде, тезек (отын) ретінде, құрылысқа қолданса және мал ұстайтын жерді тазалаған кезде залалданады.

3. Қабылдаушы макроорганизм

Адамдардың ауруы кәсіби сипатқа ие (қойшылар, сауыншылар, малшылар, мал дәрігерлері, ет және сүт комбинаттары, тері мекемелері, теріні біріншілік өңдеу фабрикалары, бруцеллез зерттханаларының қызметкерлері). Нарықтық экономиканың дамуына байланысты ауылшаруашылығымен кәсіби байланысы жоқ адамдардың, қала тұрғындары мен балалар арасында сырқаттанушылдық деңгейі өсіп отыр. Бұрын байқалатын мезгілділік, яғни аурудың қыс – көктем айларында жиілеуі, сонғы кезде малдың жеке иелерінің санының өсуіне байланысты айқын көрініс бермейді. Бруцеллезбен жасы және жынысы әртүрлі адамдар ауыруы мүмкін. Бірақ, науқастардың құрылымында жас адамдар – жиі, ал сирек – егде жастағы және балалар ауырады. Ер адамдардың жиі ауыруы ауылшаруашылық өнімдерінде олардың көбірек болуына байланысты. Адамдар арасында бруцеллездің нозогеографиясы ауылшарушылық жануарлардың бруцеллезінің таралуына тікелей байланысты. Бірақ, бруцеллалардың түрлері мен биоварларының біркелкі емес патогенділігі бруцеллездің эпидемиологиясында аса маңызды роль атқарады және адамдардың ауыру динамикасына әсер етеді. B. Melitensis - тің жоғары жұғү қауіпі бруцеллездің таралу сипатына әсерін тигізеді. С.Ә.Әміреевтің  (1989) мәліметтері бойынша зақымданған қойлармен тікелей жанасуда болатын қой-зат фермалардың жұмысшыларының арасында - 78,6% бруцеллезге қарсы серологиялық реакциялар оң нәтижеде, ал басқа ауыл тұрғындарының арасында – тек қана 11,1 ден 39,7%. Серологиялық реакциялар бойынша оң нәтижелі адамдардың жартысында бруцеллездің әртүрлі клиникалық көріністері анықталған, ал қалғандары өздерін дені сау деп есептеді. Сиыр бруцеллезі ошағында залалданған адамдарда бұл ауыру латенттік түрде өтеді, тек аздаған бөлігінде ғана бруцеллездің клиникалық көріністері дамиды.Сондықтан адамдардың бруцеллезбен ауыруының тіркелуі нағыз эпизоотикалық жән эпидемиологиялық жағдайды көрсетпейді, нәтижесінде бруцеллез бойынша қолайсыз шаруашылықтарда сырқаттанушылықтың деңгейі аз екен-деген жалған пікір туындайды.

Бруцеллезге стерилді емес және тұрақты емес иммунитет тән. Қайтадан залалдану және бруцеллезбен ауырып жүрген немесе бұрын ауырып кеткен адамдардың ауру жағдайлары белгілі.

Патогенезі

Г. П. Руднев бойынша аурудың келесі патогенетикалық  сатыларын ажырату қажет:

1.Лимфа тамырларына ену сатысы. Қоздырғыш организмге тері немесе шырышты қабат арқылы енеді. Бұл жерде ешқандай өзгерістер болмайды. Сосын лимфогендік және гематогендік жолдарымен қоздырғыш аймақтық лимфа түйіңдеріне жетеді. Бұл сатысы латенттік бруцеллезге, немесе жедел бруцеллездің жасырын кезеңіне сәйкес келеді. Аурудың клиникалық көріністері болмайды.

2. Қан тамырларымен ену арқылы біріншілік жайылмалы сатысы – қоздырғыш қан айналымына түсіп – бактериемия дамиды. Қан айналымдағы жүрген бактериялармен күресу жолдарында ретикуло-эндотелиальды жуйе кірісіп қоздырғышты шоғырландырып жинауға тырысады. Бұл кезеңде лимфа түйіндері, бауыр, көк бауыр ұлғайып – лимфаденопатия, гепатомегалия, спленомегалия анықталады. Басқа жергілікті (локальды) нышандар болмайды. Патогенездін бұл сатысы жедел бруцеллезге сәйкес келеді (науқаста қызу, қалтырау, терлеу, полиартронейромиалгиялар, улану нышандары пайда болады).

3. Көптуйінді шоғырлану немесе метастазды ошақтардың пайда болуы сатысы– қан арқылы қоздырғыш әр түрлі ағзаларға тарайды. Патогенездін бұл сатысы жеделдеу бруцеллезге сәйкес келеді (жоғары атап кеткен нышандар басеңдеп сонымен қатар ағзалардың зақымдану симптомдары анықталады – жергілікті қабыну процестер дамиды).

4. Метастазды ошақтарынан қайта-қайта қанға түсу арқылы екіншілік ошақтардың пайда болуы және реактивті-аллергиялық өзгерістер қалыптасу сатысы  созылмалы бруцеллезге сәйкес келеді.  Сүйтіп әрбір қайталанған генерализация (қанға жайылу) созылмалы бруцеллездің асқынған (өршіген) кезіне сай келеді.Метастазды ошақтар – қорғаныс ошақтардан инфекция тарату септикалық ошақтарға алмасады.Патогенездің осы сатысы бруцеллездің хрониосепсис тәрізді өтуін түсіндіреді. Микробтар ішкі ағзаларға неғұрлым қайта-қайта өтіп, қайталап кездескен сайын, солғұрлым организмде жоғары сезімталдық (сенсибилизация) өрши түседі. Саналуан клиникалық белгілердің дамуы осы аллергиялық өзгерістермен тікелей байланысты. Міне осы себептен бруцеллезді инфекциялық-аллергиялық ауру деп атап өткенбіз.

5. Қалдық (резидуалді) метаморфоз сатысыаурудың нәтижелеріне сәйкес келеді. Иммунитеттің қорғану қабілеті жоғарлап организм қоздырғыштан босанады - айығу сатысы қалыптасады. Қоздырғыш жойылғанмен организмде зақымдалған ағзаларда әр түрлі морфологиялық дегенеративті-дистрофиялық өзгерістер сақталып қалады (фиброз).

Бруцеллез патогенезінің негізінде иммунокомпетентті клеткалардың қоздырғышқа қарсы көпқырлы жауабы болып есептеледі. Бруцеллез кезінде науқастардың организмінің иммунологиялық қайта құрылу аяқталмаған фагоцитоз әсерінен дамитын аллергиялық компоненттің қалыптасуымен жүреді. Иммунопатогенездің күрделілігі аурудың саналуан клиникалық түрлерінің дамуының себепші болады.

Жұқпалы аурулар кезінде патогенез сатыларының толық дамуы міндетті түрде емес. Инфекциялық процесс патогенездің кез келген сатысында аяқталуы мүмкін. Осыған әртурлі факторлар әсер етеді. Бір жағынан бруцелланың турі, патогенділігі, вирулентілігі, организмге түскен мөлшері, жұғу жолы; екінші жағынан макроорганизмнің иммунды жауабының күші, қосымша созылмалы аурулардың болуы. Сонымен қатар эпидемиологиялық жағдайдың ролі өте маңызды. Қазақстан республикасы сияқты гиперэндемиялық аймақтарда, бруцеллездің ошақтарында адамдар қоздырғышпен тұрақты түрде кездесіп, организмінде инфекциялық-аллергиялық қайта құрылу дамиды. Бұл кезде инфекциямен бірінші рет кездескен адамдармен (иммунды емес организм) және бұрын кездескен адамдарда (иммунды организм) аурудың патогенезінің, клиникалық түрлерінің айырмашылығы болады. Жоғары атап кеткен патогенез сатылары иммунды емес организмде дамиды. Ал иммунды организмде патогенездің және осыған байланысты клиникалық турлерінің ерекшеліктері болады. Осы ерекшеліктерді Н.Д.Беклемишев анықтаған.        

Бруцеллездің қоздырғышы адам организміне тері немесе шырышты қабат арқылы енеді. Енген жерінде бруцеллалар өзгеріс шақырмайды. Сосын бруцеллалар лимфогенді және гематогенді жолдармен регионарлы лимфа түйіндеріне түсіп, макрофагтармен ұсталады да, оның антигендік құрылымын иммунокомпетентті жасушаларға таныстырады. Нәтижесінде организмнің бруцеллаларға қарсы арнайы иммуно-аллергиялық қайтақұрылуы жүреді: залалданған организм арнайы антиденелердің түзілуімен және аллергиялық қайта құрылумен жауап береді. Қоздырғыш енгеннен бастап микро- және макрорганизм арасында күрес басталады. Дамыған инфекциялық процесс 3 вариантта өтуі мүмкін (№9 кесте).


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 407; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!