Пародонт ауруларын жергілікті емдеу.



Пародонт ауруы кезінде патологиялық үрдістің түріне, ауырлығына қарамай жергілікті емді тіс шөгінділерін мұқият тазалаудан бастайды. Тіс шөгінділерін механикалық (арнаулы ілмектер мен аршығыштың көмегімен) және физикалық әдісті қолданып (ультрадыбысты пайдаланып, скалердің көмегімен) алуға болады. Тіс шөгінділерін алар алдында және алып біткен соң ауызды антисептиктер ертіндісі мен жуып-шайып, қызыиек жиегін (иодтың 2% спирттегі ертіндісімен, Люголь ертіндісімен) өңдейді.

Сонымен қатар тіс қатарындағы пародонт ауруын тудырушы қосымша ықпалдарды жоюға тырысу керек. Олар: дұрыс қойылмаған пломбылар мен протездер, ортодонтиялық конструкциялар, әртүрлі тістем ауытқулары, тістердің ауытқи орналасуы. Бұл ықпалдардың әсерін мүмкіндігіне қарай қысқа мерзім ішінде (пломбыларды, протездерді ауыстыру), немесе ұзақ уақыттан кейін (тістем ауытқулары, тістердің жиі немесе ауытқи орналасуы) жою мүмкіндігін ескерген жөн.

 

Қызылиек қабынуларын жергілікті емдеу.

 Жергілікті емдеудің ерекшелігі қызылиек қабынуының клиникалық ерекшелігіне байланысты. Қолданылатын дәрілер де соған байланысты таңдалып пайдаланылады.

Қызыл иектің катаралды қабынуын емдеу.

Емдеу шаралары төмендегідей:

· Ауыз гигиенасын дұрыс сақтауды үйрету. Ол үшін тіс тазалайтын қойыртпақтар мен тіс мәсуегінің тиімді түрлерін таңдауды үйретеді.

· Қатты ауру сезімі болса анестетиктерді пайдалана отырып, жергілікті себепші-тітіркендіруші факторларды жояды (тістерді тіс шөгінділерінен тазарту, тістердің түйісу орнын қалпына келтіре отырып, тісжегі қуыстарын тиімді пломбылау).

· Қабынуға қарсы антисептиктер мен басқа дәрілер қолдану. Антисептиктер ертіндісін ауызды, қызылиек сайларын жуып-шаю үшін қолданады. Қабынуды және домбығуды тоқтататын жақпаларды (мази) дәрілерді жапсырма (аппликат) ретінде, жаға отырып қызылиекке сіңіреді немесе қатаятын таңбалардың құрамына қосып қызылиек бетіне қояды. Емдеу мерзімі қабыну үрдісі толық басылғанға дейін жүргізіледі.

· Қабынуды басатын дәрілер тобына стероидтарға жатпайтын дәрілік заттарды (3% аспирин, 5% бутадион, индометацин, гепарин жақпалары) жатқызуға болады. Сұйық дәрілерден сальвиннің 0,2% ертіндісін, ромазулан, хлорофиллипт, прополис тұнбасын (1:10) бастырма ретінде қызыиекке жапсырып қоюға болады. Ауызды жуып-шаятын антисептиктер ретінде 0,05-0,1% хлоргексидин, фурациллин (1:5000), марганецқышқылды калий (1:5000) ертінділерін, 0,5% сутегінің асқынтотығын, Болгария Республикасы шығаратын «Пинокадинен» препаратын қолдануға болады. Қабынудың беті қайтқаннан кейін қызылиек эпителийіндегі мүйізгектену үрдісін тезірек қалыпқа келтіру үшін А,Е витаминдерінің майлы ертінділерін, солкосерил жақпасын немесе гелін, ротокан, әртүрлі өсімдік майларын (итмұрын, шабдалы, шырғанақ, зәйтүн майлары) қолдануға болады.

· Қажет болса физиотерапиялық емдеу шараларын (электрофорездеу, дарсонвализациялау, қызылиекті сумен, қолмен, вибратордың көмегімен массаждау).

· Әртүрлі тістер және тістем ауытқуларын емдеу .

· Ауыз ішіндегі жұмсақ тінді анатомиялық құрылымдардың әртүрлі ауытқуларын қалпына келтіру үшін (төмен-жоғары және тарта орналасқан ерін мен тіл үзбелері (тартпалары), таяз қалыптасқан ауыз кіреберісі) реконструкциялаушы операциялар жасау.

Қызылиектің катаралды қабынуы кезінде жалпылай емдеуді де ұмытпаған жөн. Ол үшін антигистаминдік препараттар (димедрол, супрастин, тавегил, фенкарол, пипольфен), витаминдер және макро-микро элементтер жиынтығын (поливит, дуовит, триовит, макровит, уникап, олиговит, витрум және б.) тағайындау керек. Қызылиектің қанағыштығын азайту үшін алғашқы күндері аскорбин қышқылының үлкен мөлшерін (300 мг. дейін) немесе аскорутин, викасол тағайындау артық болмайды.

 

Қызылиектің өліеттеніп жаралана қабынуын емдеу.

Қызылиек қабынуының бұл түрінің негізгі себебі микроорганизмдер болғандықтан, жергілікті емдеу шараларының құрамында бактерияларға қарсы дәрілер қолданған жақсы нәтиже береді. Қызылиегі өліеттеніп-жаралана қабынған науқасты емдеу кезінде көзделетін мақсаттар: ауыру сезімін азайту, өліеттену үрдісін және қабынудың қызылиектен ауыздың басқа аймақтарындағы кілегей қабыққа жайылуын шектеу, жараның жазылуын жылдамдату,жергілікті және жалпылай ммунитетті көтеріп, аурудың қайталанбауын қамтамасыз ету.

Емдеу жоспары:

· Ауыру сезімін басу (аппликациялық немесе аэрозольанестезияны, қажет болса инъекциялық анестезияны қолдану). Аппликациялық анестезия үшін новокаиннің 2% ертіндісі, лидокаиннің 2-10% ертінділері, тримекаиннің 2% ертіндісі және 10% лидокаин-эорозоль пайдаланылады.

· Құрамынан хлор мен оттегі иондары бөлінетін және нитрофуран қатарындағы (фурагин, фурацилин, фуразолидон) антисептиктердің жылы ертінділерімен ауыз ішін, тістераралық кеңістіктерді мұқият жуып тазалайды.

· Тіс беттеріндегі жұмсақ және қатты шөгінділерді алып, қызылиекті өліеттенген тіндерден тазалайды (антисептиктерге малынған мақта анжымен сүртіп, немесе экскаватормен қырып алады. Қажет болса зарарсыздандырылған кішкентай өткір қайшыларды пайдалануға болады). Толық ыдырай қоймаған өліетті тіндерді ыдырату үшін ферменттер ертіндісімен (трипсин, химотрипсин, лидаза, лизоцим, лизоамидаза) жарақат ошағына аппликат жасауға болады. Осы мақсатта Ируксол жақпасын да қолданған тиімді.

· Өліеттен тазарған жара беттеріне құрамында антибиотиктер немесе антибактериальды дәрілер, кортикостероидтар бар жақпалардан аппликат қояды. Ол үшін құрамында фурацилин, синтомицин, анестезин бар «Фастин-1» және «Фастин-2», фунгицидті және фунгистатикалық әсері бар 3% октатион жақпасы, құрамында метронидазол бар «Метрагил-Дента», «Гиоксизон» жақпаларын пайдалануға болады. Жаралы ошақта саңырауқұлақтардың дамуына қолайлы жағдай туатын болғандықтан, құрамында саңырауқұлақтарға қарсы әсер ететін дәрілер бар жақпаларды да (нистатин, леворин, клотримазол, Ларинден-А жақпалары) пайдалануға болады.

   Қызылиектің өліеттеніп-жаралана қабынуын емдеу үшін құрамында норсульфазол, стрептоцид, тимол, эвкалипт және жалбыз майлары, спирт, қант, глицерин, тұрақтандырушы беткейлік-белсенді заттар бар «Ингалипт-аэрозоль» қолданса, емдеу шаралары өте тиімді болады.

Ауызды жуып-шаюды, қызылиекке дәрілерден аппликат қоюды күніне 3-4 рет қайталаған жөн. Науқас 3-4 рет дәрігер-стоматологқа күніне келе алмайтын болғандықтан, мүмкіндігінше жергілікті емдеу шараларын жүргізуді өзінің үйреніп алғаны дұрыс (оларды уйінде өзі қайталау үшін).

Емдеу шаралары дұрыс жүргізілген жағдайда 2-3 күннен кейін-ақ қызылиектегі жаралы ошақ өліеттен тазарып, қабыну үрдісінің беті қайта бастайды. Бұл кезде құрамында кортикостероиды бар жақпаларды қолдануды тоқтатып, жараның жазылуын жылдамдататын жақпаларды (3% солкосерил, 5-10% метилурацил, 3% апилак жақпалары, 1-2% тезан, алой линименттері) пайдалана бастайды.

Ауруды жалпылай емдеу.

Егер науқас адамның дене қызуы жоғары болса, оны төмендететін дәрілер (аспирин, парацетомол, пирамидон және соңғы кезде әртүрлі фирмалар ұсынып жүрген әртүрлі ауырусыздандырушы және дене қызуын төмендетуші дәрілер қоспалары), антибактериалдық дәрілер (трихопол, флагил, бисептол), қажет болса анэоробтарға қарсы антибиотиктер тағайындайды. Трихополды 10 күн қатарынан қабылдау керек: алғашқы төрт күнде 0,25 г. 3 рет, қалған 6 күнде 0,25 г. күніне екі рет қабылдау қажет. Организмнің уыттануы мен сенсибилизациялануына да қарсы әрекет жасау керек. Ол үшін антигистаминдік дәрілер, гипосенсибилизациялаушы препараттар – кальций глюконатын, натрий тиосульфатын тағайындайды. Организмнің уыттануын азайту үшін жылы минералды суды, таңқурай тоспасы (варенье) қосылған шайды көбірек ішу керек.

Жергілікті иммунитетті көтеру үшін көпвалентті антигенді кешен – «Имудон» тағайындау қажет. Имудон сілекейдің фагоцитоздау белсенділігін күшейтіп, ондағы лизоцимнің мөлшерін жоғарылатады, күніне бір таблеткадан 8 рет ауызға салып сорады. Организмнің жалпы иммунитетін көтеру үшін витамин-минералды кешендер, иммунал тағайындаған тиімді болады.

· Физиотерапиялық емдеу шараларын (лазер, ультракүлгін сәулелерін, ультражоғары жиіліктегі айнымалы ток - УВЧ) алғашқы күннен бастап тағайындауға болады.

· Мүмкіндігінше тағамды жиі қабылдау керек; тағам көбіне быламық, сорпа, жас көкөністерден жасалған салат түрінде болғаны дұрыс және ас қабылдар алдында ауызға анестетиктер ертіндісін ұрттап алып, 5-7 минөт ұстап тұру арқылы қызылиекті уақытша жансыздандырып алған жөн.

· Қабыну үрдісі толық басылғаннан кейін ауыз ішін сауықтырып, сырқатынан сауыққан адамға ауыз гигиенасын дұрыс сақтауды үйретіп, ақыл-кеңес беру керек.

Ескерту: қызылиектің өліеттене – жаралана қабынуының жайылған және ауыр түрімен сырқат адам аурухана жағдайында емделгені нәтижелі болады және әртүрлі асқынулар (іріңді лимфоаденит, абсцесс, флегмона) туындамайды.

Қызылиектің өсе қабынуын емдеу.

Жергілікті емдеу шаралары қабынудың түріне, ауырлығына байланысты жүргізіледі және қосалқы-себепті ықпалдарды да ескерген тиімді болады.

Өсе қабынудың домбыққан түрінде тіс шөгінділерін мұқият алғаннан кейін негізгі немесе қосалқы ықпалдардың әсерін (дұрыс қойылмаған пломбылар, жасанды сауыттар, протездер, ортодонтиялық конструкциялар) жоюға тырысу керек. Жүргізілетін ем нәтижелі болу үшін қызылиегі қабынған адамды ауыз гигиенасын дұрыс сақтауға машықтандыру керек. Қызылиектегі қабыну және домбығу үрдісін тежеу үшін құрамында глюкокортикоидтар, қабынуды тоқтататын дәрілер бар жақпаларды (0,025% синафлан, Гиоксизон, Лоринден-А, Лоринден-С, преднизолон, гепарин жақпалары, гепароид) пайдаланады. Қызылиек домбығуы біраз басылғаннан кейін дәнекер тінді склероздайтын дәрілер қолданады. Ол үшін глюкозаның 50-60% ертіндісін, кальций хлориді мен кальций глюканатының 10% ерітінділерін, этил спиртінің 90% ерітіндісін әрбір ұлғайған қызылиек бүртігінің ұшына 0,1-0,2 мл. енгізеді. Емдеу курсы 3-8 сеанстан тұрады және инъекция күн сайын немесе екі күнде бір рет жасалынады.

Сонымен қатар «Мараславин» және «Полиминерол» сияқты Болгар республикасында шығарылатын препараттардың да склероздаушы қасиеті бар. Қызылиектің өсе қабынуының домбыққан түрі көбінесе екіқабат әйелдерде, жас өспірімдерде (юноши) жиірек кездесетіндіктен, көпшілік жағдайда организмдегі гормональдық ауытқулар дұрысталғаннан кейін, ұлғайған қызылиек бүртіктері қайта қалпына келеді. Сондықтан өсе қабынған қызылиек дәрілердің көмегімен қалпына келмесе, белгілі уақытқа дейін (екіқабат әйел босанғанға, жас өспірім жыныстық жетілуге дейін) хирургиялық емдеу әдісін қолдануды тоқтата тұру керек. 

Егер қызылиектің өсе қабынуы әртүрлі тістем ауытқуларына және тістердің ауытқи орналасуымен байланысты болса, оларды түзетуге арналған ортодонтиялық және ортопедиялық емдеу шаралары жүргізіледі. Жалпылай емдеу үшін С және Р витаминдерін және басқа да витаминдер жиынтығын тағайындау қажет.

 

 

Қызылиектің өсе қабынуының фиброзды түрін емдеу.

Қызылиек қабынуының бұл түрін дәрілермен емдеу аса жақсы нәтиже бере қоймайды. Сонда да дәрілерді тиімді пайдаланса, ұлғайған қызылиек бүртіктерінің көлемі белгілі бір дәрежеге дейін кішіреюі мүмкін.

Тіс шөгінділерін алып, қабынудың негізгі және қосалқы себептерін жойып, қызылиегі қабынған адамды ауыз гигиенасын дұрыс сақтауға үйреткеннен кейін дәрілермен жергілікті емдеу шараларын жүргізеді. Қызылиек бүртіктерінің өсуін тоқтату үшін құрамында глюкокортикоидтары бар жақпаларды қызылиекке күніне 2-3 рет сіңірген тиімді. Себебі олар қабыну ошағында жаңа грануляциялық тіннің өсуін, фибробластардың көбеюін, коллагеннің құрылуын тежейді. Ол үшін Лоринден-А, Лоринден-С, Оксикорд, Фторокорт жақпаларын пайдаланған тиімді. Қабыну ошағында қан тамырларының қысылуынан туындаған қанның іркілуі мен ұюын жою үшін гепарин жақпасын сіңірген де тиімді. Глюкокортикоидты жақпаларды 5-6 күн қолданғаннан кейін 3% апилак жақпасын қоса пайдалана бастау керек. Себебі апилак жақпасы қызылиектегі ірі және жуан коллаген талшықтарының жіңішкеріп, көлемінің кішіреюуіне үлкен әсерін тигізеді. Дәрілермен жергілікті емдеу курсын 8-10 күндей жүргізу керек. Бұл кезде жалпылай емдеу шараларын да ұмытпаған жөн. Ол үшін аскорутин, витаминдер кешенін тағайындап, никотин қышқылының 1% ертіндісін тері астына, лидаза ертіндісін бұлшық етке салған (10-15 инъекция) тиімді. Ұзақ уақыт бефунгин (чага) қабылдау керек (бір ас қасықтан күніне 3 рет).

Физиотерапиялық емдеу шараларынан қызылиектің ұлғая қабынуын емдеу үшін Дарсонваль тогын, гепаринмен электрофорездеу, фонофорездеу, сумен массаждау әдістерін қолдануға болады.

Қызылиектің ұлғая қабынуын дәрілермен емдеу бірғана курспен шектелмеу керек, емдеу шараларын 2-3 курс қайталаған жөн (әрбір 2-3 айдан кейін).

Жүргізілген дәрілік емдеу шараларының нәтижелілігі ойдағыдай болмаған кезде (қызылиек қалпына толық келмеген жағдайда) хирургиялық емдеу әдістерін (гингивэктомия, криодеструкциялау, диатермокоагуляциялау, қуатты лазермен қуыру) қолданып, қызылиектің артық бөлігін (ұлғайған бөлігін) алып, косметикалық талапты қанағаттандырады.

 

Пародонт қабынуын емдеу.

Пародонттың қабынуы көбіне созылмалы түрде дамитындықтан, негізгі емдеу шаралары аурудың осы түрін емдеуге арналған.

Емдеу әдістерін, оларға керекті дәрілік заттарды аурудың клиникалық ерекшелігіне және ауырлығына байланысты таңдау қажет.

Пародонт қабынуын емдеу кешенді әдіспен жүргізіледі және терапиялық, хирургиялық, ортопедиялық емдеу шараларын қамтумен қатар, қажет болған жағдайда физиотерапиялық ем де қолданылады. Кешенді емдеудің негізгі мақсаты – пародонт тіндеріндегі қабыну және бұзылу үрдістерін тоқтатып, пародонтальдық қалталарды жою және сүйек тінінде қайта құрылу үрдісін қалпына келтіріп, организмнің жергілікті және жалпылай реактивтілігін жоғарылату. Қажетті емдеу әдістерін көрсетіліміне байланысты таңдай отырып, пародонт қабынуы бар науқасқа өзіндік жеке емдеу жоспары құрылады.

Терапиялық немесе консервативтік емдеу шаралары

1. жергілікті емдеу шаралары:

· Ауыз гигиенасын дұрыс сақтауды үйрету (тістерді қойыртпақпен тіс мәсуегімен, арнаулы жібек жіптермен-флостармен дұрыс тазалауды үйрету).

· Тісжегі және оның асқынуларын емдеу, дұрыс қойылмаған пломбыларды ауыстыру, қажет жағдайда ортопротез қоюға дайындау.

· Ауыз ішін және пародонтальдық қалталарды антисептиктер ертінділерімен жуып-тазалай отырып, тіс шөгінділерін алу.

· Тістерді таңдап егер-тегістеу арқылы жарақаттаушы тістемді жою және қозғалмалы тістерді уақытша шендеу. Қажет болса ортодонтиялық емдеу жүргізуге дайындау (ортодонтиялық емдеу әдісі мен тиімді протез қою пародонт қабынуының жергілікті емдеу курсы аяқталғаннан кейін жүргізіледі).

· Пародонт тіндеріндегі қабыну үрдісінің ерекшелігі, ауырлығы, организмнің жалпы жағдайы ескеріле отырып, қабынуға қарсы жергілікті емдеу шаралары жүргізіледі. Ол үшін антисептиктер, антибиотиктер, стероидты емес қабынуға қарсы, склероздаушы дәрілер, ферменттер, витаминдер, гормоналдық және өсімдіктерден алынған препараттар пайдаланылады. Оларды ауызды жуып-шаю, пародонтальдық қалталарға енгізу,қызыл иекке бастырма, емдік таңба қою үшін, ауызды булау үшін қолданады.

· Физиотерапиялық емдеу шараларын (дәрілермен электрофорездеу, дарсонвализациялау, фонофорездеу, гидромассаждау, вибромассаждау, ультракүлгін және лазер сәулелерін) қолдану.

· Дәстүрлі емес емдеу шараларын (фитотерапия, апитерапия, криотерапия және б.) қолдану.

Пародонт қабынуларын жергілікті емдеу үшін пайдаланылатын дәрілер тізбегін келтірейік.

Антисептиктерден жиі қолдануға болатындары; иодинолдың 1% судағы ертіндісі, 0,02-0,1% калий перманганатының, 0,02%-0,05% фурацилиннің, 0,02% этакридин лактатының (риванол), 0,5-1% этонийдің, 0,02-0,06% глоргексидин биглюконатының, 1% диоксидин, 0,5% декамин ертінділері.

Жергілікті емдеу үшін антибиотиктер, сульфаниламидтер, бактерияға қарсы дәрілер жақпалар немесе ертінділер түрінде қолданылады. Олар: тетрациклин, эритромицин, гентомицин, линкомицин жақпалары, 5% стрептоцид және синтомицин линименттері, «Дермазин» жақпасы, салазопиридазиннің 5% суспензиясы, норсульфазол-натрийдің 5-10%, натрий-сульфацилдің 20-30% ертінділері.

Қатты қабынуға және домбығуға қарсы құрамында глюкокортикоидтар бар жақпалар жақсы әсер етеді (1% гидрокортизон, 0,5% преднизолон, 0,025% синафлан жақпалары).

Өте тиімді әсер ететін және бірнеше дәрілер қоспасынан тұратын официоналды препараттарды: «Оксизон», «Гиоксизон», «Дермазолон», «Оксикорт», «Фторокорт», «Синалар-Н» жақпаларын және «Префузин» гелін (құрамында антибиотиктер мен кортикостероидтар бар) қолдануға болады.

«Левосин» жақпасының құрамында левомицетин, сульфадиметоксин, метилурацил және тримекаин, ал «Левомикольдың» құрамында левомицетин және метилурацил бар. «Фастин» жақпасының құрамында фурацилин, синтомицин, анестезин, стеарин («Фастин-I») немесе спермацет бар («Фастин-IІ»).

Қабынуға қарсы әсер ететін стероидты емес препараттардан мефенамин қышқылының натрий тұзының 0,2-1% ертіндісі, 5% бутадион, 3% аспирин жақпалары пайдаланылады. Олар қабынудың белсенді медиаторы болып саналатын простогландиндердің құрылуын тежейді (Лемецкая Т.И., 1989). Простогландиндердің күшті ингибиторы (тежеушісі) индометацин болып саналады. Оны 3% жақпа түрінде немесе димексидтің 10% ертіндісіндегі 1% сүзбе түрінде (взвесь) қолдануға болады.

Пародонттағы қабыну үрдісі кезінде клеткалардан протеаза, гидролаза және басқа лизосомальды ферменттердің бөлінуін тежеу үшін пантрипин, контрикал, трасилол, ингитрилді ертінді түрінде (10 000 ЕД-ы хлорлы натрийдің изотониялық ертіндісінде ерітеді), жақпалардың құрамында (контрикалдың 10 000 ЕД немесе пантрипиннің 30ЕД 2мл физиологиялық ертінді, 50 мг лизоцим зәйтүн майына араластырылады) қолдануға болады.

Протеаза ингибиторларын қызылиекке аппликат қою, емдік таңбалардың, жабыстырылатын арнаулы жарғақтардың құрамына қосып немесе электрофорездеу тәсілімен сіңіруге болады.

Пародонтальдық қалталарды өңдеу үшін сальвиннің, сангивиритриннің, новоиманиннің 0,1-0,2% спиртті ертінділері (қолданар алдында 1:10 қатнасында дистилденген су қосады), 20-30% резорцин, 25% цинк хлоридінің, 0,01% мирамистин ертінділері қолданылады. Олар кератолиздеуші және фибринолиздеуші әсер етеді. Бұл препараттармен суланған мақта біліктер 5-10 минөтке қалталарға енгізіледі.

Егерде пародонтальдық қалталардан іріңді жалқық бөлінетін болса «Ируксол» жақпасын (құрамында левомицетин, протеолиздеуші фермент клостридиопептидаза «А» бар), 1% лизоамидаза, 0,5-1% диоксидин, 1% трихомоноцид ертінділерін, ваготильді пайдалануға болады. Ертінділер пародонтальдық қалталарға біліктердің көмегімен 10 минөтке енгізіледі және біліктер осы уақыт ішінде 3-4 рет ауыстырылуы қажет.

Пародонтальдық қалталарда грануляциялық тіннің өсуін тежеу үшін натрий мефенаминатының 0,5-1%, резорциннің 20% ертінділерін, мараславинді, бефунгинді, мыс сульфатының 5% ертіндісін қолдануға болады.

Пародонт тіндеріндегі зат алмасу және қайта құрылу үрдістерін жақсарту үшін 5-10% метилурацил, 5% ацемин, 3% апилак, «Пропоцеум», солкосерил жақпаларын, алой шырынын немесе линиментін, каланхой шырынын қолдану тиімді.

Пародонт тіндерінің оттегі жетіспеушілігіне төзімділігін арттыру үшін антиоксиданттар тобындағы препараттарды да пайдалануға болады. Бұл топқа токоферолдар, стероидты гормондар, К және Р витаминдері, метацил, галаскорбин дибунол жатады.

Дибунол цитостатиктер қатарына да жатады және 10% линимент түрінде қолданылады.

Жергілікті иммунитетті көтеру үшін (иммунокорректорлар) қолданар алдында дайындалған 2-5 % натрий нуклеинатының, 0,1-0,5% левамизол ертінділерін, имудон (күніне 6-8 таблеткасын сорады) қолданған да тиімді.

Пародонт тіндеріндегі қылтамырларда қан айналымын жақсарту үшін 2%-3% троксевазин гелін, лингезин, ал жабынды эпителийде мүйізгектену үрдісін қалпына келтіру үшін А витаминінің 3,44%, «Е» витаминінің 30% майлы ертінділерін немесе «Аекольді», каротолин, итмұрын, шырғанақ майларын пайдалануға болады.

Қазіргі кезде бактерияларға қарсы және қайта құрылу үрдістерін жылдамдата әсер ететін жақпа «Метрагил -Д», «Камистад» гель сияқты дәрілер түрлері де қолданыс табуда.

Жоғарыда аталған дәрілердің пародонттағы қабыну үрдісін тежеуге көп көмегі тигенімен, пайда болған пародонтальдық қалталарды жоя алмайды. Сондықтан пародонтальдық қалталарды жоятын бірден-бір тиімді емдеу әдісі – хирургиялық әдіс, ал қалталарды дәрілермен өңдеу хирургиялық әдіс жүргізер алдындағы алғашқы дайындық деп те санауға болады.

 


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 433; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!