Бондингтеу техникасы (бондинг техника). 13 страница



Йодинол – йодтың поливинил спиртімен қоспасы, бактерицидтік және фунгицидтік қасиеті жоғары, лейкоциттердің фагоцитарлық, тіндердің регенераторлық белсенділігін жоғарылатады. Эндодонтиялық тәжірибеде йодинолдың 1% ерітіндісі қолданылады.

Йодонат – йодпен қосылған беткей белсенді заттар кешенінің судағы ерітіндісі, құрамында йод 4,5% құрайды, бактерицидтік және фунгицидтік қасиеттері жоғары.

Бетадине (йодоповидон) – негізгі құрамы поливинилпирролидонйод түріндегі белсенді йодтан тұрады және 1% ерітінді түрінде қолданылады.

Поливинилпирролидонйод йод байланыстыратын йодоформдар қатарына жатады және тіндермен жанасқан кезде құрамынан біртіндеп йод бөлініп шығып, бактерияларға, саңырауқұлақтарға, вирустарға, қарапайымдыларға әсер етеді.

Периодонт қабынуы кезінде түбір өзектерін өңдеу үшін сутегінің асқын тотығының 3% ерітіндісі де қолданылады. Тірі тінмен, органикалық заттармен жанасқан кезде, сутегінің асқын тотығы су мен оттегі молекуласына ажырайды. Осы кезде тез бөлінген ауа көпіршіктері әлсіз бактерицидтік қасиет көрсетеді, бірақ түбір өзегін өліеттенген тіндерден және дентин үгінділерінен жақсы тазартады. Дегенмен сутегінің асқын тотығы өліеттенген тіндер мен органикалық зат қалдықтарын еріте алмайды, Сондықтан түбір өзегін өңдеу үшін сутегінің асқын тотығының тазартқыш, натрий гипохлоридінің бактерицидтік қасиеттерін ескере отырып, оларды тиімді реттілікпен бірінен соң бірін қолданған жөн. Бұл препараттардың арасында күшті химиялық реакция жүруіне байланысты еркін хлор мен оттегі бөлінеді. Осының нәтижесінде микроорганизмдердің көзі жойылады және өзектен шайылып шығарылады. Төртіншілік аммоний қосындылары да (декамин және декаметоксин) жақсы бактериостатикалық әсер көрсете алады.

Периодонт қабынуын емдеу кезінде соңғы уақытқа дейін кең қолданыс тапқан нитрофуран қатарындағы дәрілер (фурациллиннің 1:5000, фурагиннің 1:13000, фуразолидонның 1:25000 қатынаста ерітілген ерітінділері) мен глюкокортикоидтар (гидрокортизон, триамцинолон, дексаметазон, преднизолон). Глюкокортикоидтар қабынуға қарсы, десенсибилизациялаушы және жалқық бөлінуін тежеуші әсер етеді.

Периодонт қабынуы кезінде түбір өзегінде анаэробты микроорганизмдердің басым болуына байланысты, олардың өміршеңдігін тоқтататын дәрілерді (метронидазол немесе трихопол ерітіндісін) қолданған да тиімді болады. Метронидазол түбір өзегін өңдеуге арналған «Гриназоль» суспенциясының құрамына кіреді.

Периодонттағы қабыну үрдісінің дамуына қабыну туындатушы медиаторлар қатарына жататын простагландиндердің қосатын үлесі зор. Сондықтан олардың бөлінуін тежейтін (ингибитор) ортофен (натрий-диклофенак) 2,5% ерітінді түрінде қолданылады.

Беткейлік-белсенді заттар қатарынан периодонт қабынуын емдеу кезінде димексид (диметилсульфоксид-ДМСО) кең қолданыс тапты. Препараттың уытты қасиеті жоқ, қабынуға қарсы әсері жақсы, коктар тобындағы микроорганизмдерді жою қасиеті жоғары, олардың зақымдалмаған биологиялық жарғағы арқылы оңай өтеді және басқа дәрілердің де өтуіне мүмкіндік туғызады. Димексидтің 20% судағы ерітіндісі пайдаланылады. Түбір өзегіндегі эндотоксиндердің концентрациясын дәрілердің көмегімен қатар ультрадыбыс қолданып та азайтуға болады. Осы мақсатта сорбент АУВМ «Днепр» пайдаланылады.

Периодонттың созылмалы қабынуын емдеу кезінде түбір ұшы төңірегіндегі тіндерге әсер ету үшу физикалық емдеу әдістерін де қолдануға болады. Олардың ішінде кең қолданыс тапқан  электрофорездеу (иногальванизациялау) әдісі немесе тұрақты тоқтың көмегімен периодонтқа дәрілер иондарын енгізу. Дәрілік заттарды өтпейтін немесе нашар өтетін өзектерге енгізу үшін Люголь ерітіндісімен, иодтың 5-10% спиртті ерітіндісімен электрофорездеу әдісі ұсынылған. Сонымен қатар Кнавпост ұсынған депофорездеу әдісі де кең қолданыс табуда.

Соңғы кездерде периодонт қабынуын емдеу мақсатында аса жоғары жиіліктегі ( ЖЖЖ-СВЧ), ультра жоғары жиіліктегі ( УЖЖ-УВЧ) айнымалы ток және ультра дыбыс, төменгі қарқынды лазер сәулесі қолданылады.

Периодонттың созылмалы қабынуын емдеу кезінде және емдеу шараларын жүргізіп біткеннен кейін де көптеген асқыну үрдістері орын алады. Түбір өзегін жақсы өңдеп, дұрыс пломбылағанның өзінде де түбір ұшы аймағындағы қабыну ошағы кері дамымай, ұзақ сақталып, организмге зиянды әсерін тигізеді. Сондықтан, соңғы уақытқа дейін периодонттың созылмалы қабынуын емдеген кезде кездесетін асқынулардың алдын алуды және түбір ұшы аймағындағы қабыну үрдісінің тез жойылып, ондағы тіндердің қайта құру (регенерация) қасиетін жоғарылататын дәрілермен емдеу шараларын ойлап табу және жетілдіру толассыз жалғасын табуда.

Түбір ұшы аймағындағы созылмалы қабыну үрдісін белсенді емдеу сол аймақта биологиялық белсенді заттардың (қабыну ошағының сорылуын, қайта құрылу үрдісін жылдамдататын) қорын құруды қарастырады. Бұндай белсенді заттар қатарына кальций суоксидін, кальций глицерофосфатын, нитрофуранды туындыларды, белокты анаболизаторларларды жатқызуға болады. Оларды қойыртпақ түрінде дайындау үшін әртүрді майлы негіздермен (итмұрын, шабдалы, шырғанақ майлары, кароталин, «А» және «Е» витаминдерінің майлы ерітінділері) араластырады және рентгенайқындылығын қамтамасыз ету үшін барий сульфатын немесе мырыш тотығын қосады.

Түбір ұшы сыртына шығарылған қойыртпақ сорылған сүйек тінінің қайта қалпына келу уақытымен қатар сорылып кетеді.

Түбір ұшы аймағындағы қайта құрылу үрдістерін натрий мефенаминатты қойыртпақ та жақсы жеделдетеді.

Периодонттың созылмалы қабынуларын емдеу кезінде жақсы нәтиже берген (түбір ұшы сыртына шығарған кезде) төменгі құрамды қойыртпақ : лизоцим 0,001 г, мырыш тотығы 0,1 г, «А» витаминінің майлы ерітіндісі. Бұл қойыртпақты қолданған кезде созылмалы қабыну үрдістерінің өршуі де аз орын алған және тіндердің қайта құрылуы жоғары белсенділікпен жүрген.

Түбір ұшы аймағындағы бұзылған сүйектің қайта құрылуын жеделдету үшін қалқанша без гормонын да пайдалануға болады. Ол үшін бір тістегі қабыну ошағын емдеген кезде жоғарыда берілген лизоцимді қойыртпаққа 1ЕД кальцитонин (кальцитрин), миакальцик қосу керек.

Периодонттың қабынуын түбір өзегін тығыздап және толық пломбылаумен аяқтайды; мұның өзі периодонтқа микроорганизмдер мен олардың уыттарының, өзектегі органикалық заттар ыдырандыларының түспеуін қамтамасыз етеді. Түбір өзегін пломбылық материалмен мұқият толтыру үшін өтпейтін өзектер кеңейтіліп, өтетін өзектермен қатар эндодонттық аспаптармен өңделуі қажет. Түбір өзектерінің ерекшеліктері және оларды өңдейтін аспаптар мен әдістері туралы кейінірек айтылады (бөлім).

 

Периодонттың жедел қабынуын емдеу.

Периодонттың жедел қабынуын емдеу кезінде қойылатын негізгі мақсат:   

· жедел қабыну үрдісін тежеу;

·  жедел қабынудың созылмалы қабынуға ауыспауы және басқалай асқынулар бермеуі үшін түбір өзегін пломбылау;

·  тістің анатомиялық пішінінің физиологиялық қызметін қалпына келтіру.

Периодонттың жедел инфекциялық қабынуын емдеу. Периодонт қабынуының бұл түрін емдеу тактикасы жедел қабыну сатысына байланысты жүргізіледі.

Жедел қабынудың бастапқы уыттану сатысында тісжегі қуысын егеп-тазалап, сауыт қуысын ашып, өзек сағасын кеңейтіп алған соң, түбір өзегін ұлпа ыдырандысынан біртіндеп ұлпаалғышпен тазартады. Ол үшін ашылған сауыт қуысын антисептиктер ерітіндісімен жуып алып, өзек сағасына 1-2 тамшы антисептик ерітіндісін тамызып, 1-2 минөт күтеді де, ұлпаалғышпен ұлпа ыдырандысын өзектің ⅓, ⅔ және түбір ұшы бөлігінен біртіндеп алып тазалайды. Әр кез ұлпаалғышты өзекке қайта ендіру үшін антисептик ерітіндісіне матырып, сүңгінің немесе шымшуырдың (қысқыштың) көмегімен ыдыранды заттан тазартып алады. Тазалауды ұлпаалғыш түбір өзегінен таза шыққанға дейін жалғастырады. Ұлпа ыдырандысын алу үшін файлдарды (сүргі бұрғыларды) қолдануға болады. Осыдан кейін түбір өзегін түбір инесіне оралған мақта біліктердің немесе қағаз штифтердің көмегімен антисептиктер ерітіндісімен жуып өңдеп, кептіріп барып, өзекте антисептиктер ерітіндісімен немесе ауырсыздандырғыш дәрілермен білік қалдырып, уақытша пломбы қояды (антисептикалық таңба).

Антисептикалық таңба қоюға арналған препараттар

Бұлардың құрамына төмендегі препараттар кіреді: R4, Хлоргексидин биглюконаты, ENDOTINE, құрамына метакрезол ацетаты, парахлорфенол, тимол, эксципиент кірелді. CRESOPһENE, құрамына дексаметазон, формалин, фенол, тимол, эксципиент кіреді, ROCKLES- 8, құрамына дексаметазон, формалин, фенол, гвоякол кіреді. MEPACYL, құрамына дексаметазон, метакрезил, парахлорофенол, камфора кіреді. OSOMOL 4, құрамына гваякол, формальдегид кіреді. ENDOSEPT, құрамына парахлорфенол, камфора, тимол, гидрокортизон, эвгенол кіреді. IODO-GLYCERIN, CAMPҺOR-PҺENOL, CAMPҺOR-PҺENOL-MENTOL-TҺIMOL,     құрамына аталған антисептиктер кіреді, Жидкость для антисептической обработки каналов, құрамына тимол, камфора, этанол, дексаметазон кіреді. Крезодент-жидкость, құрамына камфора, тимол кіреді.

Периодонттың жедел қабынуын жалқықтану сатысын емдеу. Қатты ауыру сезімі болатындықтан, емдеу шараларын сырқат тіс аймағын уақытша жансыздандырудан бастайды. Осыдан кейін тісті аса қозғалмас үшін сол қолдың екі саусағымен мықтап қысып ұстай отырып, тісжегі қуысын мүмкіндігінше егеп-тазалап, сауыт қуысын ашады. Тіс ертеректе пломбыланған болса, тұрақты пломбыны алады. Осы шаралардың бәрін турбиналық ұштықпен жүргізген тиімді. Түбір өзегін ыдырандылардан тазалаған соң, антисептиктермен жуып-өңдейді.

Қабыну үрдісінің немесе жалқықтың бет-жақ аймағының басқа бөлімдеріне ауыспауы үшін түбір инесінің немесе өткіш бұрғының (дрильбор) көмегімен түбір ұшы тесігін кеңейтіп, өзекке шыққан жалқықты құрғақ біліктермен сорып алады ( жалқық периодонт саңылауынан сүйек қабы астына ауыса бастаса, өзекке жалқық шықпауы да да мүмкін). Түбір өзегін жақсылап антисептиктер және ферменттер ертінділерімен жуып тазалаған соң, тіс қуысын ашық қалдырады және мүмкіндігі болса ас қабылдаған кезде мақта анжымен жауып қою туралы кеңес береді (ас түйірлері түсіп, өзек сағасын бітеп қалмау үшін).

Периодонттың жедел қабынуының сүйек қабының (периостың) қабынуымен асқыну белгісі байқалған кезде және түбір өзегінен жалқық шықпаған жағдайда уақытша жансыздандыру әдісінің бірін қолданып (егер тісті егеп-тазалау кезінде жансыздандыру әдісі қолданылмаған болса) сырқат тіс тұсындағы ауыспалы қатпарға ұзындығы 2см-ден кем емес сүйек қабы абсцессі немесе инфильтраты үстінен сүйек тініне жеткізе көлденең тілік жасайды. Бұл кезде тіліктен сарысулы немесе іріңді жалқық шығуы мүмкін. Сонымен қатар сульфаниламидты, десенсибилизациялаушы дәрілер, анальгетиктер, иммундық реактивтілікті жоғарылату үшін витаминдер мен минералдар жиынтығын (поливитамины) тағайындайды. Анаэробты микрофлораға әсер ету үшін бактрим, бисептол, метронидазол тағайындайды.

Егерде организмнің уыттану (интоксикация) белгілері анықталған болса (бас ауруы, дымкәстік, дене қызуының көтерілуі, қан құрамының өзгеруі және б.) антибиотиктермен (метициллин, оксациллин, линкомицин, эритромицин) емдеу курсын тағайындауға болады.

Бұл кезеңде физиотерапиялық емдеу шараларын: ультра жоғары жиілікті (УЖЖ) айнымалы токты (УВЧ), электрмагнитті өрісті, өте жоғары жиілікті айнымалы токты (ӨЖЖ-СВЧ) немесе микротолқынды және б. қолдануға да болады (емдеу курсы 3-5 сеанс). Периодонттың жедел қабынуының уыттану сатысын емдеуді бір түбірлі тістерде 2-3 күннен кейін, жалқықтану сатысын 5-7 күннен кейін екінші қабылдауда аяқтайды. Ешқандай ауыру сезімі мазаламаса, өзекте жалқық болмаған жағдайда, қағып тексергенде тіс ауырмаса, тіс төңірегіндегі қызылиек қалыпты түсті,сипап байқағанда ауырмайтын болса, уақытша пломбы алынған соң екі жағдайда да түбір өзегін ұсақ аспаптармен және дәрілермен өңдейді. Кептірілген түбір өзегін қатаятын немесе қатты пломбылық материалдармен өзектің физиологиялық тесігі деңгейіне дейін, ары кетсе түбірұшы тесігіне дейін пломбылайды және тіске тұрақты пломбы қояды.

Егер түбір өзегін пломбылағаннан кейін ауыру сезімі мазалайтын болса, физиотерапиялық емдеу шараларын (УЖЖ, ЖЖЖ айнымалы ток, флюктуоризациялау, лазер сәулесі) қолданады, қажет болса ауыспалы қатпарға кең және терең тілік жасайды.

Мүмкін болатын асқынудың алдын алу үшін кейде ауыспалы қатпарға емделген тіс түбір ұшы проекциясы деңгейіне гидрокортизон (0,2-0,5 мл) енгізуге болады.

Көптүбірлі тістердегі периодонттың жедел қабынуын емдеу кезіндегі қабылдау саны түбір өзектерін өту мүмкіндігіне байланысты. Егер жедел қабыну белгілері басылғаннан кейін 2-3 қабылдауда барлық түбір өзектері жақсы өтілген және өңделген жағдайда, сырқат тіс соңғы қабылдауда пломбыланады. Егер кейбір өзектерді кеңейту және өту мүмкіндігі болмаса, өтетін өзектерді пломбылағаннан кейін өтпейтін өзектерде электрофорездеу немесе депофорездеу әдістерін жүргізеді. Қажет болса, кешенді емдеу немесе консервативтік-хирургиялық әдістерді (түбірді ампутациялау, гемисекциялау) қолдануға да болады.

 

Периодонттың дәріден жедел қабынуын емдеу.

Периодонт қабынуының бұл түрінде көпшілік жағдайда тісі сырқат адамдар дәрігерге қабынудың уыттану сатысында келеді және қабыну үрдісі көбінесе мышьяк қышқылының және күшті антисептиктер әсерінен (фенол, формалин) дамиды.

Сондықтан, бірінші қабылдауда тісжегі қуысын егеп-тазалап, сауыт қуысын ашып, өліеттенген сауыт және түбір ұлпасын алып тастайды. Ал күшті антисептиктер әсерінен периодонтта тітіркенуі үрдісі байқалса, ертеректе қалдырылған білікті немесе анжыны алып тастайды. Түбір өзегін мұқият антисептиктер ерітіндісімен (натрий гипохлоридінің 3-5%, сутегінің асқын тотығының 3%, фурациллиннің 1:5000 қатынастағы ертінділері) және ферменттермен (трипсин, химотрипсин, химопсин, лидаза) жуып, кептіреді. Мышьяк қышқылы уытты әсер еткен жағдайда түбір өзегінде 1-2 күнге мышьяктың антидоты болып саналатын дәрілермен (унитиолдың 5% ерітіндісі, иодинолдың 1% ерітіндісі, Люголь ерітіндісі) мақта білік қалдырып, уақытша пломбы қояды. Ал көп түбірлі тістерде калий иодидінің 10% ерітіндісімен электрофорездеу әдісін жүргізеді. Периодонттың жедел қабынуы жоғары концентрациялы антисептиктер әсерінен дамыған жағдайларда түбір өзегінде қалампыр майымен, эвгенолмен, ауырусыздандырушы, қабынуға қарсы дәрілермен білік қалдырып,уақытша пломбы қояды.


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 461; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!