Бондингтеу техникасы (бондинг техника). 10 страница



Периодонттың қантамырлануы альвеоланың қанмен қамтылуымен тығыз байланысты. Оған негізгі қантамырлар альвеолааралық артериялардан, жартылай тіс артерияларынан, ал біразы қызылиекке баратын артериялдардан бөлінеді.

Сонымен қатар түбір ұшындағы бүйірлік тесіктер арқылы жеке тамырлар тармағының периодонттан ұлпаға өтетіні байқалады (Варшавский А.И., 1978). Мұның клиникалық жағдайда үлкен маңызы бар. Себебі, бұл жол – ұлпа қабынуы кезінде периодонтқа инфекция өтетін жолға айналуы мүмкін.

Пеиодонттың лимфа жүйесі қабырғалы жұқа лимфалық қылтамырлардан тұрады және ондағы борпылдақ тіннен басталып, клапандары (қақпақтары) бар, веналармен бірге жүретін жинағыш лимфа тамырларына өтеді. Лимфа тамырларының біразы қызыл иекке барады, біразы альвеола қабырғасын тесіп өтеді.

Периодонт сезімтал нерв ұштарына және нерв талшықтарына өте бай. Бұл – оның өте ерекше сезу ағзасы екенінің дәлелі және оның шайнау қысымын рефлекторлық реттеудегі маңызын көрсетеді (Фалин Л.И., 1965).

Периодонттың иннервациялануы афферентік және эфферентік талшықтар арқылы жүреді. Афферентік талшықтар периодонтқа екі иннервациялаушы көзден келеді. Олардың біріншісі – тіс нервісінен, ол қантамыр-нерв шоғырымен бірге түбір ұшы тесігіне кіргенге дейін және қызылиекке жеткенге дейін бөлінетін перифериялық тармақтар. Афферентік нервтердің екінші көзі – тістераралық және түбірлераралық қалқандардың тесіктеріне өтетін (Фолькман өзектері) тармақтар. Олар тіс нервісінен түбір ұшына немесе тіс сауытына қарай бағыт алады және периодонттың орта және тіс мойыны бөлігін нервтендіруге қатысады.

Екі көзден шығатын талшықтар периодонтта тіс өсіне параллельді орналасқан және жіңішке талшықтар шоғырынан тұратын нервтік өрімдер түзеді. Жіңішке талшықтар шоғырынан аяққы (соңғы) тармақтар мен жеке талшықтар бөлінеді.

Периодонттың барлық бөліктерінде сезімтал нерв ұштары орналасқан. Олар көбінесе механорецепторларға және ауыру рецепторларына (ноцицепторларға) жатады. Олар тармақталған бұталарға ұқсас келеді, кейде әр түрлі құрылымды (бірқабат, екіқабат) шумақтарға немесе жалпақ, ұршыққа ұқсас, жапыраққа ұқсас құрылымдар түрінде кездеседі. Сезімтал рецепторлар бірнеше қабат тармақтана отырып, коллаген талшықтарының шоғырына еніп кетеді және периодонттың белгілі аймақтарын иннервациялауға қатысады. Көптеген ұйғарымдарға сүйенсек, бұтаға ұқсас нерв ұштары шайнау қысымын реттейтін механорецепторлық қызмет атқарады. Жоғарғы күрек тістерден басқа тістердің барлықтарының периодонтының түбір ұшы бөлігі сезімтал нерв ұштарына бай. Ал жоғарғы күрек тістердің периодонтының барлық бөліктерінде сезімтал нерв ұштары бірдей тығыздықпен орналасқан.

Бұтаға ұқсас нерв ұштарынан ерекше шумаққа ұқсас нерв ұштары борпылдақ дәнекер тін шоғырларының арасында орналасқан. Симпатикалық талшықтар миелинсіз, диаметрлері 0,2-1 мкм, өн бойы ендері 2,0 мкм көптеген варикозды түйіндер құрайды және тамырлардың төңірегінде корзинаға ұқсас ұштармен аяқталады (Быков В.Л., 1998) және қан айналымын реттеуге қатысады.

Периодонтта парасимтпатикалық нерв талшықтары анықталмаған.

Сезу қасиеті тән, құрылымы әр түрлі өте сезімтал нерв ұштары күрек тістердің периодонтында көптеп орналасқан. Бұл ерекшелікті Фалин Л.И. (1960) олардың қызметімен тікелей байланыстырады.

Периодонттағы рецепторлардың құрылымы жағынан әртүрлі болуы олардың қызметінің де әр түрлі болуына байланысты: тактильдік тітіркендіргіштерді, шайнау қысымын, ауыру сезімін қабылдау сияқты.

Адамның жасы ұлғайған сайын периодонтта коллаген талшықтарының саны азайып, редукцияға ұшырайды. Керісінше эластикалық талшықтардың саны көбейеді және аралық өрімнің талшықтары толығымен жойылып кетеді. Кейбір авторлар адамның жасына байланысты периодонт саңылауының енінің де өзгеретіндігі туралы мәлімет келтіреді (Velden V., 1994).

Периодонттың негізгі қызметі тіреп-бекіту және амортизациялаушы болып табылады. Периодонттың гидравликалық аппараты (қан және лимфа тамырлары) оның негізгі қызметінің биомеханикасында белсенді рөл атқарады. Гидростатикалық қысымның өзгеруі байламдық аппараттың созылғыштығына әсер етеді, периодонтқа жоғары қысым түскенде полимерлерде болатын өзгерістер сияқты оның талшықтарының тығыздығының жоғарылағаны байқалады. Функционаьдық күш түскен кезде тістер серпімді бекіген жағдайда болады, сондықтан ешқашан альвеола қабырғаларына тығыз жанаспайды.

Периодонттың амортизациялаушы қызметінің мәні – шайнау тербелістерін реттеп, қысымды тіс ұясы қабырғаларына тепе-тең бөліп, оны бұзушы фактордан зат алмасу үрдістерін күшейтетін факторға айналдыру.

Мұндай жағдайда туғызатын коллаген талшықтары мен тамырлар жүйесі. Олар периодонт тініндегі сұйықтықпен қосылып, тіске арнайы гидравликалық жастық құрады. Периодонтта қысым жоғарылаған кезде қан мен лимфа сүйектегі тамырлар жүйесіне бағыт ала бастайды.

Тіреп-бекіту және амортизациялаушы қызметтерімен периодонттың трофикалық қызметі қатар жүреді. Шайнау қысымы тістің тірек аппаратында зат алмасудың қалыпты ағымын қамтамасыз ететін функциональдық тітіркендіргіш қызметін атқарады. Тіс жұлынған жағдайда шайнау күші түспегендіктен альвеола өсіндісі семе бастайды. Периодонт цементті толығымен, ал ұлпаны жартылай қоректендіреді.

Периодонттың қорғаныс немесе барьерлік қызметі оның барлық бөлігінде бірдей орналасқан гистиоциттермен тығыз байланысты, периодонттың жиі орналасқан қантамырлар торы оның әрбір аймағында микрофаг-лейкоциттер мен антителалардың орын алуын қамтамасыз етеді. Мұның өзі периодонт арқылы ауыздан организмнің ішкі ортасына инфекциялық және басқалай агенттердің түсуіне тосқауыл бола алады.

Пластикалық немесе қайта құру қызметі арнаулы жасушалардың остеобласттар мен цементобласттардың қызметі арқылы орындалады және тістер шықаннан кейін де жалғаса береді. Бұл жасушалардағы ферменттік жүйелерге жоғары белсенділік тән, сондықтан сүйек құрылымдары мен түбір цементі сорылған кезде, оларды қайта құруға осы жасушалар қатынасады.

 

7.4.2.Периодонт қабынуының этиологиясы.

Қазіргі кезде периодонт қабынуын туындататын себептерді үш топқа бөлуге болады: 1) инфекциялық; 2) жарақаттаушы; 3) химиялық заттар, олардың ішінде дәрілер әсері.

Периодонттың инфекция әсерінен қабынуы (инфекционный периоднотит).

Бұл жағдайды туындатуда көптеген бактериялардың маңызы бар, солардың ішінде белгілі рөл атқаратындар – кокктар (гемолиздемеуші-негемолитический стрептококк – 62%, жасылдандырушы – зеленящий стрептококк – 26%, гемолиздеуші – гемолитический срептококк – 12%). Солармен бірге басқа микроорганизмдердің (вейлонеллалар, лактобактериялар, ашытқыға ұқсас саңырауқұлақтар) де үлесі бар. Микроорганизмдердің уыттары, ұлпа ыдырауынан шыққан улы заттар периодонтқа көбіне түбір өзектері арқылы өтеді, сирек жағдайда қызылиек қалтасы арқылы, қан және лимфа жолдарымен (тұмау, сүзек, безгек және басқа жұқпалы аурулар кезінде), жанасу жолы (сүйек майы, Гаймор қуысы қабынулары кезінде) арқылы да түсуі мүмкін.

Көптеген микробиологиялық зерттеулер нәтижесіне жүгінсек, емделмеген периодонт қабынулары кезінде (барлық жағдайда түбір ұшы периодонты қабынатындықтан, «түбір ұшы» деген атауды периодонттың қабынуына тіркеу қажет емес деп санадық) түбір өзегіне 2-5 түрден тұратын микробтар ассоциациялары, сирек жағдайда микробтардың таза түрлері кездеседі. Осыған байланысты бактериялардың периодонтқа өту жолдарын интрадентальдық (тіс арқылы) және экстраденталдық (тістен басқа жол) деп бөлуге болады.

Периодонттың жарақат әсерінен қабынуы (травматический периодонтит).

Көбінесе периодонтқа біраз күші бар жарақаттаушы ықпал бірақ рет әсер еткенде (тісті соғып алу, ұру, сүйек, тас, жеміс дәндерін кездейсоқ тістеу), сирек жағдайда аз күшті жарақаттаушы ықпал ұзақ уақыт әсер еткен жағдайда (биік қойылған пломбы, тік тістем, көп тістердің жұлынуы кезінде қалған тістерге шайнау күшінің түсуі, музыкалық үрлейтін аспаптардың алдыңғы тістерге қысымы, теріс әдеттер) дамиды.

Күшті жарақаттаушы ықпал әсер еткенде периодонтқа қан құйылып, коллаген талшықтары үзіліп, басқа тіндері жаншылуы нәтижесінде периодонттың жедел қабынуы туындайды. Жарақаттаушы ықпал ұзақ әсер еткенде периодонтта паталогиялық өзгерістер біртіндеп дамиды және алғашқы кезде периодонт оған бейімделеді. Кейін бейімделу қабілеті төмендеген кезде созылмалы қабыну үрдісі дамиды, периодонт талшықтары фиброздануға ұшырайды немесе түбір ұшы аймағындағы периодонт бұзылысқа ұшырап, альвеоланың қатты сүйек қабаты және кемік сүйегі сорылып, жас грануляциялық тін орын басады. Қабынудың бұл түріне түбір өзегін пломбылаған кезде (ұлпа қабынуын емдеген кезде) пломбылық материалдарды (фосфат-цементті, штифтерді және әртүрлі қойыртпақтарды) периодонтқа шығарып алған кезде дамитын реакцияларды да жатқызуға болады.

Периодонттың дәріден қабынуы (медикаментозный периодонтит). Қабынудың бұл түрі ұлпа қабынуын емдеген кезде күшті химиялық заттарды (мышьяк қышқылы, фенол, трикрезолформалин), жоғары концентрациялы антисептиктер ерітіндісін (формальдегид, гипохлорид, хлорамин ерітінділері, резорцин-формалин сұйықтығы) дұрыс қолданбау нәтижесінде дамиды. Периодонттың дәріден қабынуына жергілікті иммунологиялық реакцияларды туындатып, аллергия белгілерін дамытатын дәрілер әсерінен (антибиотиктер, антисептиктер, эвгенол және б.) болған қабынуды да жатқызуға болады.

Периодонт қабынуының патогенезі.

Жоғарыда айтылғандай периоднтта қабыну үрдісі түбір ұшы тесігі арқылы түбір өзегіндегі инфекциялы-уытты құрамның периодонтқа өтуі нәтижесінде дамиды. Периодонт қабынуының дамуында граммтеріс бактериялардың қабықтарының бұзылуы кезінде бөлінетін эндотоксиндердің маңызы зор. Периодонтқа түскен эндотоксиндер қан тамырларын кеңейтетін және өткізгіштігін жоғарылататын биологиялық белсенді заттардың бөлінуін қамтамасыз ете отырып, онда жедел қабыну үрдісін туындатады. Жедел қабыну кезінде периодонтта көп мөлшерде антигендер жиналады және периодонт саңылауы қатты сүйек қабатымен қоршалғандықтан, олардың периодонттан шығарылып тасталуы (элиминация) қиындайды. Антигендік қасиетке ие болған эндотоксиндер периодонқа және оны қоршаған тіндер жүйесіне күшті әсер етеді.

Периодонттың жедел қабынуының және оның төңірегіндегі тіндерге жайылу қарқындылығы қабыну үрдісін туындатқан инфекцияның вируленттігімен, организмнің жалпы иммундық жағдайымен тығыз байланысты.

Иммундық қорғаныс механизмі төмендеген кезде жергілікті қабыну ошағы шектелмей, керісінше айналасындағы жұмсақ және қатты тіндерге жайыла отырып, бет-жақ аймағында одонтогендік қабыну үрдісінің дамуына себепкер болады.

Егер иммундық қорғаныс механизмі түбір ұшындағы қабыну ошағын шектейтін бөгет құра алса, онда қабыну үрдісі аса жайылмай, алғашқы сатысында-ақ тежеледі. Емдеу шаралары жүргізілмеген жағдайда, инфекция көзінің сақталуына байланысты, периодонттағы жедел қабыну үрдісі созылмалы қабыну үрдісімен алмасады. Кейде периодонттағы созылмалы қабыну үрдісі жедел қабыну сатысынсыз да дамиды.

Түбір өзегінен толассыз тітіркендіре әсер еткен антигендерге периодонт тіндерінің реакциясы (жауабы) екі түрде дамиды:

· антидене тәуелді;

· жасушалар туындататын үрдістер.

Антидене тәуелді үрдістерге иммундықкешен және IgE туындататын реакциялар жатады. Жасушалар туындататын үрдістерге баяу дамыған жоғары сезімталдық реакциялары жатады. Периодонттың созылмалы қабынуы кезінде иммундыкешендік реакцияның дамуы үшін А.И. Воложиннің (1976) ұйғаруынша үш түрлі шартты жағдайлар керек:

· фагоцитозға толық ұшырамайтын иммундық кешендердің болуы;

· комплемент жүйесінің болуы белсенділігі;

· көп мөлшерде полиморфты-ядролы лейкоциттердің болуы. Периодонттың созылмалы қабынуы кезінде осы аталған жағдайлардың барлығы да орын алады.

            Иммундықкешенді реакцияға IgЕ туындататын реакция да ұқсас келеді. Периодонттың созылмалы қабынуы кезінде түбір ұшын қоршаған тіндерде IgЕ құрушы және толықша жасушалар (тучные клетки) анықталған.

Базофильдер мен толықша жасушалардың рецепторларында IgЕ ұзақ уақыт бекіп, атопиялық реакция туындата алады. Толықша жасуша бетінде антиген IgE-нің екі молекуласымен байланысады, осының нәтижесінде жасушадан гистамин, серотонин және басқа да қабыну медиаторлары босап шығады. Олардың әсерінен қан тамырлары кеңейіп, өткізгіштігі жоғарылап, периодонтқа лейкоциттер көптеп шыға бастайды. Лейкоциттерден бөлінген ферменттер өліеттенген тіндерді ыдыратуға қатысады.

Баяу дамыған жоғары сезімталдық реакциясы антиденелерді қажет етпейді, себебі бұл жағдайда арнаулы антигенмен реакцияға сенсибилизацияланған Т-лимфоцит-эффектор түседі. Бұл реакция жасушалық антигендермен сенсибилизациялануға ұшыраған лимфоциттердің өзара әрекеті нәтижесінде дамиды және лимфоциттердің көбейіп, олардан көп мөлшерде лимфокиндер бөлінуіне әкеп соғады. Кейбір лимфокиндер (лимфотоксиндер) периодонт жасушаларын бұзуға қатысады және сонымен қатар кейбір лимфокиндік факторлар сүйек тінін сорылуға ұшырататын остеокласттардың белсенділігін арттырады. Қабыну ошағында макрофагтар мен нейтрофильдер коллаген талшықтарын ыдыратып, сүйек тінін бұзатын фермент коллагеназа бөліп шығарады. Осылардың барлығы периодонттағы созылмалы қабыну ошағында талшықты және жасушалы құрылымдардың жойылып, периодонтты қоршаған сүйек тінінің сорылып, орынбасушы жаңа құрылымдардың (фиброзданған және грануляциялық тіндер) пайда болуына әкеп соғады.

 

7.4.3.Периодонт қабынуының жүйесі.

Периодонт қабынуының көптеген жүйесі ұсынылған.

Периодонт қабынуының И. Г. Лукомский (1955) ұсынған жүйесі.

Клиникалық ағымына байланысты екі түрге бөледі: жедел және созылмалы қабынуы.

I. периодонттың жедел қабынуы (острый периодонтит – pеriodontitis acuta).

· периодонттың жедел серозды қабынуы (острый серозный периодонтит – periodontitis acuta serosa)


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 501; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!