Бондингтеу техникасы (бондинг техника). 14 страница



Егер осы жүргізілген емдеу шараларынан кейін де ауыру сезімі күшейе бастаса, уақытша пломбыны алу керектігі жөнінде кеңес беріледі.

Көпшілік жағдайда екінші қабылдауда ауыру сезімі болмағандықтан, түбір өзегін ұсақ аспаптармен және антисептиктермен өңдегеннен кейін қатаятын пломбылық материалмен түбірұшы тесігі деңгейіне дейін пломбылайды.

Ал егерде бірінші қабылдауда жүргізілген емдеу шаралары периодонттағы уыттану үрдісін тежей алмаса, екінші қабылдауда физиотерапиялық әдістерді қолданады.

Бұл кезде натрий хлоридінің изотониялық ерітіндісімен гальванизациялау, иодтың 5% спиртті ерітіндісімен (үлкен азу тістерде), калий йодидінің қаныққан ерітіндісімен (алдыңғы топтағы тістер мен кіші азу тістерде) электрофорездеу әдістерін жүргізген тиімді. Осыдан кейін тіс қуысында зарарсыздандырылған мақта анжы қалдырып, уақытша пломбы қояды. Егер тіс ауырмаған болса, 1-2 сөткеден кейін үшінші қабылдауда түбір өзегін пломбылайды және тұрақты пломбы қояды.

Периодонттың жарақаттан жедел қабынуын емдеу.

Емдеу шараларының негізгі мақсаты – периодонтты жарақаттаушы себептерді жою (қойылған пломбы биік болса, артығын алып тегістеу) және симптоматикалық ем жүргізу (ауырусыздандырушы дәрілерді және физиотеропиялық шараларды қолдану). Егер тіс жарақаттаушы ықпал әсерінен орнынан тайған болса, тістің электрқозғыштығын анықтайды (қантамыр-нерв шоғырының жағдайын білу үшін) және рентгендік тексеруден өткізеді (тіс түбірінің сынған-сынбағанын білу үшін). Бұл кезде тайған тісті қайта орнына келтіріп көрші тістерге шендеуішпен бекітеді және аса көп шайнау күшін түсірмеу туралы кеңес беріледі. Жарақаттан кейін 3-4 апта өткен соң тістің электрқозғыштығын қайта анықтайды. Егер электрқозғыштық көрсеткішінің қалпына келу нышаны байқалмаса, тіс сауытын тесу арқылы өліеттене немесе ыдырай бастаған ұлпаны алып тастап, түбір өзегін пломбылайды. Себебі, өзекте өліеттенген ұлпа ыдырауынан бөлінген белсенді заттар жүре келе периодонтта созылмалы қабыну үрдісін туындатады.

Периодонттың жедел қабынуының барысы – клиникалық сауығу. Бірақ қабынуға ұшыраған периодонт тіні қабыну тоқтағаннан кейін бастапқы қалпына келмей, ірі талшықты тыртыққа ұқсас тінге айналады және өзіне тиісті қызметін атқарады. Кей жағдайларда периодонттың жедел қабынуы созылмалы қабынуға ауысады және өте ауыр одонтогендік қабынбалы үрдістермен (альвеола сүйегі қабығы мен сүйек майының қабынуы) асқынады.

Периодонттың созылмалы қабынуын емдеу.

Қазіргі кезде периодонттың созылмалы қабынуын одонтогендіr инфекция көзі деп санауға толық дәлел бар. Сондықтан периодонттың созылмалы қабынуын емдеу әдісін таңдау қабыну үрдісінің ерекшелігін, аумағын, организмнің жалпы жағдайын, одонтогендік ошаққа байланысты аурулардың бар жоғын ескеруді қажет етеді.

Периодонттың созылмалы қабынуын емдеудің негізгі әдістері консервативтік, консервативтік-хирургиялық және хирургиялық болып бөлінеді. Сонымен қатар жалпылай емдеу әдісіне де мән берген жөн.

Консервативтік (терапиялық) әдістер.

Периодонттың созылмалы қабынуын емдеу кезінде қойылатын негізгі міндеттер: негізгі өзектер (макроканалы) мен өзекшелердегі (микроканалы) микроорганизмдерді жоя әсер ету; органикалық заттар ыдырауынан пайда болған биогендік аминдердің организмге әсерін тежеу; периодонттағы қабыну үрдісін тоқтату; түбір ұшы аймағындағы бұзылған тіндерді қалпына келтіру; периодонт қабынуын туындатқан микроорганизмдерге организмнің жоғары сезімталдығын жою немесе десенсибилизациялау.

Периодонттың созылмалы қабынуының консервативтік емінің нәтижелі болуының бірден-бір кепілі – түбір өзегінің жақсы өтуі. Себебі, түбір өзегі арқылы түбір сыртындағы қабыну ошағына дәрілермен белсенді түрде әсер етуге және түбір өзегін пломбылау арқылы инфекцияның периодонтқа өтетін жолын бөгеуге болады. Консервативтік емдеу әдісі төмендегі шараларды қарастырады:

·  түбір өзегінен ұлпа ыдырандысын алу;

·  өзектегі микрофлорларға әртүрлі дәрілермен әсер ету;

·  түбір өзегін кеңейте және түбір ұшы тесігін аша отырып қажет болса эндодонттық аспаптармен өңдеу;

·  түбір ұшы аймағындағы қабыну ошағына дәрілермен әсер ету;

·  түбір өзегін пломбылау, тістің анатомиялық пішінін, физиологиялық қызметін қалпына келтіру.

Бір түбірлі тістегі периодонттың созылмалы қабынуын емдеу.

Өзектері жақсы өтетін біртүбірлі тістердегі периодонттың созылмалы фиброзды, гранулденіп, гранулемаланып қабынуын және түбір кисталарын (диаметрі 2 см дейін) бір-екі қабылдауда консервативтік әдіспен емдейді. Түбір кистогранулемасы мен түбір кистасы кезінде өзек пломбыланғаннан кейін «түбір ұшын резекциялау» деп аталатын хирургиялық емдеу әдісі жүргізіледі.

Бірінші қабылдау. Тісжегі қуысы егеп тазаланады, ал тіс сауыты бүтін болса сауыт қуысын ашуға ыңғайлы бетінен тесіледі (трепанацияланады). Сауыт қуысы дұрыс ашылғаннан кейін түбір өзегінен ұлпа ыдырандысын алып тастайды. Ұлпа ыдырандысын алу тәсілі ертеректе айтылған (периодонттың жедел қабынуын емдеуді қара). Осыдан кейін түбір өзегін антисептиктер ерітіндісімен жуып кептіріп, ұсақ аспаптармен өңдейді және түбірұшы тесігін кеңейтеді. Тар және өтпейтін өзектерді эндодонттық аспаптарды қолданып (механикалық әдіс) немесе химиялық препараттарды пайдаланып (химиялық әдіс) кеңейтеді. Түбір өзектерін ұсақ аспаптармен өңдеу әдістері және қажетті аспаптар алдағы бөлімдерде берілген. Химиялық әдіспен кеңейту үшін комплексондар немесе хелаттар-этилендиамин тетрауксус қышқылының натрий тұзын (ЭДТА, ЭДТУ) қолданады. Бұл комплексонның өзекті кеңейту қасиеті өзек қабырғасындағы дентин құрамындағы кальциймен кешенді қоспа құруы арқасында кальцийдің ерітіндіге ауысуына негізделген. Түбір өзегін кеңейту үшін ЭДТУ-дың бейтарапты немесе әлсіз сілтілі 10-20% ерітінділері пайдаланылады. Жақсы кальцийсіздендіруші әсер бұл қышқылдың үшорын ауыстырған (трехзамещенная) натрий тұзының 20% ерітіндісін қолданған кезде байқалған.

Комплексондардың антисептикалық қасиеті мен кілегей қабыққа зиянды әсері болмайтынын ескере отырып, ерітіндіні түбір өзегінде бір тәулікке қалдыруға болады.

Түбір өзектерін ЭДТУ-мен кеңейтудің тәсілі мынандай: өзектің өтетін бөлігінен ұлпа ыдырандысын алып, сутегінің асқын тотығымен (3%) өңдеп кептірген соң, мақта білікпен 20% комплексон ерітіндісін өзекке сіңіреді де, 20-30 секөнд өткен соң мақта анжымен сорғызып алып, ертіндінің жаңа бөлшегін қайта сіңіреді. Осылай 1-2 минөт ішінде комплексонды бірнеше рет ауыстырады. Алдын-ала өткіш бұрғымен өткеннен кейін өзек қабырғасындағы жұмсарған дентинді сүргі және түрпі бұрғылардың (корневой бурав и рашпиль) көмегімен қырып алып, өзекті антисептиктермен өңдейді және кептіреді. Түбір өзегінде антисептикалық ерітінділермен білік қалдырады немесе емдік эндодонттық пломбылық материалдармен толтырып, уақытша пломбы қояды. Егерде тіс ауырып, мазалай бастаса, дәрігер уақытша пломбыны алып тастап, тісжегі қуысын ашық ұстау қажеттігі туралы кеңес береді. Өзек қабырғаларындағы патологиялық өзгеріске ұшыраған дентинді жұмсарту үшін басқа да комплексондарды немесе хелаттарды (RC-Prep), Calzinase, Largal-ultra) пайлалануға болады.

Екінші қабылдау. Егер сырқат тіс уақытша пломбы қойғаннан кейін ауырмаған болса, уақытша пломбыны алып, өзекті біліктен және пломбылық мтериалдан тазартады, біліктің исіне және ылғалдылығына мән береді. Білік құрғақ және жағымсыз иісті болмаса, өзекті спиртпен жуып кептіреді және түбір инесінің көмегімен түбір өзегінің толық өтілгенін, түбір ұшы тесігінің ашылған-ашылмағанын тексереді.

Тиісті мәліметтерді алу үшін түбір өзегінде ине қалдырып, тістің рентгенсуретін жасаған да қолайлы. Егер өзек жақсы өтетін және кеңейтілген болса, осы қабылдауда оны пломбылайды. Ескере кететін жәйт, өзекті пломбылар алдында түбірұшы сыртындағы тіндерге созылмалы қабыну үрдісінің кері дамуын және жаңа сүйек құрылуын жеделдететін препараттар щығарған тиімді (периодонттың созылмалы гранулденіп және гранулемаланып қабынулары кезінде). Егер тісі аздап ауырған және өзекте қалдырылған білікке жалқық сіңгендей жағдай байқалса, өзекті антисептиктермен қайта өңдеп (бұл жолы бастапқыдан басқа антисептиктер пайдаланған жөн), өзекте құрғақ немесе антисептиктермен ылғалданған білік қалдырып, немесе өзекті қатаймайтын пломбылық материалдармен толтырып, уақытша пломбы қояды.

Кей жағдайларда екінші қабылдауда түбір өзегін озондап алу керек немесе йодты калийдің 10% ерітіндісімен электрофорездеу әдісін жүргізуге де болады. Егер ешқандай ауыру сезімі болмаса 2-3 күннен кейін үшінші қабылдауда түбір өзегін пломбылық материалдан немесе біліктен тазартып алып, тұрақты бітеп, тіске тұрақты пломбы қоюға болады.

Түбір өзектерін уақытша пломбылауға арналған емдік материалдар Түбір өзектерін уақытшы пломбылау үшін қатаймайтын жұмсақ материалдарды қолдануға болады және оларды өзекте 2-3 тәуліктен 30-40 тәулікке дейін қалдыруға болады. Олардың құрамына антисептиктер, антибиотиктер, кортикостероидтар, биогенді ынталандырушылар, кальций суоксиді кіретіндіктен түбір өзектерін тұраұты бітеу алдында жақсы зарарсыздандырушы, қабынуға қарсы, периодонт төңірегіндег сорылуға ұшыраған сүйек тінінің қайта қалпына келуін ынталандырады. Оларды бірнеше топқа бөлуге болады.

· Құрамына антибиотиктер мен кортикостероидтар кіретін қойыртпақтар. Олардың қатарына «Септомиксин форте» (Septomixine forte) жатады және құрамына өресі кең үш антибиотик (полимиксин В сульфат, тиротрицин, неомицин сульфаты), дексаметозон кіреді. «Септомиксин форте» периодонттыңжедел қабынуын, созылмалы қабынуының өршуін,периодонттың мышьяк әсерінен қабынуын емдеу кезінде қолданылады. Түбірұшы аймағындағы сүйек тінінде бұзылыстар байқалған жағдайда қойыртпақты түбірұшы сыртына шығаруға болады

· Метронидазол негізді қойыртпақтар. Метронидазол түбір өзегіндегі анаэробты микрофлораға жақсы әсер етіп, ондғы тіндердің катаболизді бұ зылысқа ұшырауын тоқтатып, қбыну үрдісін биохимиялық сатыда тежейді.

· Метронидазол негізді қойыртпақтар жоғары инфекциялы түбір өзектерін уақытшатолтыуға арналаған (ұлпаның созылмлы шіри қабынуы, периодонттың созылмалы қабынулары және олардың өршу сатылары). Бұл қойыртпақтың өкілі «Гриназоль» («Grinazole»). Гриназоль қойыртпағының құрамына 10% метронидазол кіреді. Бұл қойыртпақтың ерекшелігі , герметизмді көтере алмайтын тістерді де периодонттың жедел және созылмалы қабынуларының өршуі кезінде уақытша пломбымен жауып емдеуге болады.

· Ұзақ әсер ететін антисептиктер қоспасы негізді қойыртпақтар. Бұл қойыртпақтардың құрамына кіретін күшті әсер ететін анттисептиктер: тимол, крезол, йодоформ, камфора, ментол. Өкілдері: Темпофор, Abscess remedy-Paste. 

· Кальций гидроксиді негізді қойыртпақтар. Олардың өкілдері: Endocal, HY-CAL, UltraCal  XS, Calcicur, Calasept, Calasept Plus.  

· Йодоформнегізді қойыртпақтар. Олардың өкілдері: Iodoform Paste, Йодекс, Йодент.

· Йодоформ және кальцийгидроксиді негізді қойыртпақтар. Өкілдері: Yitapex, Metapex.

· Крезол негізді қойыртпақтар. Өкілі : Creidodent. 

 

          Периодонттың қабынуын бір қабылдауда емдеу.

Соңғы жылдары периодонттың әртүрлі қабынуларын емдеуді жетілдіруге арналған шаралар қабылдау санын қысқартып, емдеу шараларын бір-ақ қабылдауда жүргізіп, нәтижелі аяқтауға мүмкіндік туғызды. Бір қабылдауда көбінесе біртүбірлі тістер емделеді және абсолюттік көрсетілімі – жыланкөз болуы. Егер түбір өзегін пломбылағаннан кейін өршу үрдісі орын алса, периодонтта жиналған жалқық жыланкөз арқылы сыртқа шығады және мұндай жағдайда қабынудың өршу белгілері сирек байқалады.

Емдеуді бір қабылдауда жүргізген кезде жоғарыда көрсетілген шаралар (ұлпа ыдырандысын алу, түбір өзегін эндодонттық аспаптармен және антисептиктермен өңдеу, түбір ұшы тесігін ашу, түбір сыртына емдік препараттар шығару, түбір өзегін пломбылау) тісі сырқат адамды бірінші қабылдау кезінде жүргізіледі. Егер жүргізілетін емдік шаралардың көлемі үлкен болса (ертеректе пломбыланған өзекті ашу, өте тар өзекті кеңейту сиқты), оның біраз бөлігін келесі қабылдауға қалдырады.

Бір түбірлі тісті бір қабылдауда емдеу әдісін периодонттың созылмалы қабынуының өршуі кезінде ауыспалы қатпарға тілік жасау қажет болатын жағдайда да жүргізуге болады. Уақытша жансыздандыру әдісін қолданып, түбір өзегін жоғарыда келтірілген реттілікпен өңдеп, бітеп, тіске пломбы қойғаннан кейін, ауыспалы қатпарға тілік жасайды және дренаж қояды (жалқықтың кедергісіз шығуы үшін).

Егер тісі сырқат адам тіс ауыруы әсерінен шаршаған және әлсіреген болса, бірінші қабылдауда тек периодонттағы жалқықтың шығуын қамтамасыз етіп, жалпылай ем тағайындайды.

Қалған емдеу шараларының кезеңдерін өршу белгілері басылған соң, келесі қабылдауларда аяқтайды.

Периодонттың созылмалы қабынуын бір қабылдауда емдеуді өзектері жақсы өтетін көптүбірлі тістерде де жүргізуге болады. Бұл жағдайда түбір өзектерін пломбылау алдында калий иодидінің ерітіндісімен электрофорездеу әдісін жүргізіп алған тиімді.

Түбір өзектерін пломбылағаннан кейін кейбір жағдайларда созылмалы қабынудың өршу белгілері байқалуы мүмкін. Бұл кезде ауыспалы қатпарға кортикостероидтар мен антибиотиктерді қосып енгізуге болады немесе 0,1 мл гидрокортизонды новокаиннің 2% ертіндісіне (2 мл) қосып енгізуге болады.

Ескерте кететін жағдай, периодонттың созылмалы қабынуын емдеген кезде түбір ұшы тесігін ашу немесе кеңейту шаралары (түбір ұшы аймағындағы қабыну ошағына емдік препараттар шығару үшін) периодонттың созылмалы гранулденіп немесе гранулемаланып қабынуы немесе олардың өршуі кезінде қолданылады. Периодонттың созылмалы фиброзды қабынуы кезінде түбір ұшы тесігін ашып кеңейтудің қажеті жоқ.

Көптүбірлі тістер периодонтының созылмалы қабынуын емдеу.

Көптүбірлі тістерде периодонттың созылмалы қабынуын емдеудің нәтижелілігі түбір өзектерін жақсы өтетіндей етіп кеңейтумен және оларды жақсы пломбылаумен тікелей байланысты.


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 496; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!