Бондингтеу техникасы (бондинг техника). 7 страница



Егер ұлпасы толық алынатын тісте өтпейтін өзектер болатын болса, өзек сағасындағы ұлпаны алғаннан кейін, түбір ұлпасын өліеттендіру үшін иодтың 5-10% спиртті ерітіндісімен электрфорездеу әдісін қолдануға болады. Ол үшін арнаулы аппараттың (Поток-1, Поток-2 маркалы) пассивті (енжар) электродын науқастың қолына бекітіп, активті (белсенді) электродты тісжегі қуысына ерітілген балауызбен бекітеді. Оған дейін сауыт қуысына иодтың 5-10% спиртті ерітіндісімен суланған мақта анжы қойылады және белсенді электродтың тығыз жанасуын қамтамасыз ету керек. Пайдаланатын тұрақты тоқтың күші 2-5 мА, жүргізу уақыты-15-20 минөт. Екі-үш рет электрфорездеуден кейін ұлпа өліеттенеді, одан кейін импрегнациялау әдістерін қолдануға болады. Ескерте кететін жай, электрофорездеу әдісін міндетті түрде өтетін өзектерді пломбылап алғаннан кейін жүргізеді.

Ұлпа қабынуын ұлпаны уақытша жансыздандырып алу кезінде жіберілетін қателіктер мен асқынулар:

Сауыт және түбір ұлпасын алу кезінде қатты ауыру сезімінің болуы. Себеі - ұлпаның уақытша жансыздануын күтпей, ұлпаны алуды ертерек бастау. Емі: белгіленген уақытты сақтау, одан кейін де ауыру сезімі болса, уақытша жансыздандыруды қайталау немесе ұлпаны өліеттендіріп алу әдісін қолданып емдеу.

Сауыт қуысы қабырғасын немесе табанын тесіп алу. Себебі - тіс қуысының топографиясын жақсы білмеу. Тесікті шыныиономерлі цементпен немесе күміс амальгамасымен жабады.

Эндодонттық аспапты өзекте сындырып алу. Себебі – қолдану тәсілін дұрыс сақтамау немесе бір аспапты бірнеше рет қолдану. Мүмкіндігінше аспап сынығын алуға тырысу керек, алынбаған жағдайда өзектерде импрегнациялау әдісін, электрофорездеу жүргізу қажет.

Диатермокоагулятор қолданып емдеген кезде периодонтты және тіс төңірегіндегі жұмсақ тіндерді күйдіріп алу. Себебі – токтың күшін тым жоғарылатып жіберу, инені периодонтқа өткізіп жіберу, ұқыптылық саақтамау. Емдеу шараларын периодонттың қабынуы және ауыздың кілегей қабығының физикалық әсерлерден жарақаттануы бөлімдерінен қара.

Түбір өзегін толық пломбыламау. Рентгендік тексеру             әдісімен дәлелденген жағдайда пломбылық материалды толық алып тастап, өзекті қайта пломбылау.

Ұлпаны толық алып емдегеннен кейін екінші күні тісінің аздап өзбетімен сыздап және ас шайнағанда ауыруы (периодонттың тітіркену симптомы). Себебі – периодонтқа ұсақ аспаптармен жарақаттай әсер етудің нәтижесі, периодонтқа қан құйылуы, пломбылық материалдың түбір сыртына шығып кетуі. Мұндай асқынулар 17-20% жағдайда кездеседі және ауыруды басатын дәрілер ішкенде, ауызды жылы ерітінділермен булағанда көбіне өз бетімен 2-3 күнде басылып кетеді. Ал қатты ауыру сезімі мазалап, тез арада басыла қоймаса, тіс тұсындағы ауыспалы қатпарға 30% линкомицин ерітіндісімен (1 мл) 2% новокаин ерітіндісін (1мл) қосып инъекция жасауға болады (күніне бір рет 3-5 күн қатарынан). Сонымен қатар физиотерапиялық емдеу шараларын (микротолқынмен емдеу, дарсонвализациялау, флюктуоризациялау) қолдануға да болады.

Жақын арада немесе біраз уақыт өткен соң пломбының түсіп қалуы. Себебі – тісжегі қуысын дұрыс егеп тазаламау, пломбыны қою ережесін сақтамау. Емі: жіберілген қателіктерді саралап, тісжегі қуысын қайтадан егеп-тазалап, жаңадан пломбы қою.

Ұлпаның қабынуын ұлпаны өліеттендіріп алу әдісімен емдеу (девитальды хирургиялық әдіс).

Бұл әдістің де қазіргі уақытта маңыздылығы жойылған жоқ, өйткені 100% жағдайда ұлпа қабынуын ең озат әдіс деп саналатын витальды хирургиялық әдіспен емдеу мүмкіндігі ылғи да бола бермейді. Себебі, әлі де көптеген стоматологиялық науқастарда ұлпаны жансыздандыратын анестетиктерге аллергиялық реакциялар байқалады және көптеген емделушілердің жалпылай және психикалық жағдайлары бұл әдісті жүргізуді көтере бермейді.

Ұлпа қабынуын девитальды хирургиялық әдіспен емдеудің қалыптасуына негіз болған 1836 жылы американ дәрігері Спунер ұсынған мышьяк ангидриді (мышьяк қышқылы). Мышьяктың көптеген қосындыларының ішінен тіндерге көбірек жергілікті әсер ететін мышьяк ангидриді (AS2O3). Ол беті ашық жағдайда ауадан өзіне ылғал тартып, мышьяк қышқылына айналады (мышьяковистая кислота-acidi arsenicosi).

Әртүрлі клиникалық зерттеулер мышьяк ангидридінің шамалы мөлшерін (0,0006-0,0008 г.) белгілі уақытқа (2 сөткеге дейін) ашылған ұлпа бетіне немесе ұлпа мүйізшесі аймағына қойса, периодонтқа зиянды әсерін тигізбей, ұлпаны толық өліеттендіретінін дәлелдеді.

Мышьяк ангидридінің ұлпаны өліеттендіру механизмі туралы негізінде үш көзқарас қалыптасқан:

· тікелей цитотоксикалық әсер-цитохромды ферменттердің қызметі тежеліп, жасушалық тыныс алу бұзылуы әсерінен жасушалрдың өміршеңдігі жойылады.

· ұлпа тінімен тікелей жанасқан аймақта белоктар денатурациялануға ұшырайды.

· cимпатикалық нерв талшықтары синапстарының қызметі оқшауланады, осының нәтижесінде қантамырларының тонусы бұзылып, олар кеңейеді, қан іркіліп, көптеп тромбылар құрылады. Мұның өзі ұлпада қан айналымының тоқталуына толық жағдай жасайды. Ұлпаның төменгі қабаттарында қан тамырлары кеңейіп, қабырғаларының өткізгіштігі жоғарылауы нәтижесінде қан құйылу ошақтары пайда болып, жалқықтану үрдісі күшейіп, нерв талшықтарында миелінді қабықтың түйіршікті ыдырауы, өстік цилиндрдің варикозды жуандауы, нерв талшықтарының жойылып кетуі де (гибель) байқалады.

Мышьяк ангидридінің зарарсыздандырушы қасиеті жоқ және жоғарыда айтылғандай, оның әсерінен қабынған ұлпада жалқықтану үрдісі күшейіп, тіс қуысы ішінде қысым жоғарылай түседі. Осыған байланысты ұлпаны өліеттендіретін мышьяк ангидриді күрделі қойыртпақтың (мышьякты пастаның) құрамында қолданылады:

Rp: Acidi Arsenicosi 3,0

Cocaini hydrochloridi

Thymoli āā 0,5

M.f. pasta

DS: Стоматологиялық кабинет үшін.

Күшті антисептиктер (Тимол, фенол-карбол қышқылы, камфора) қойыртпаққа антисептикалық қасиет береді, ал кокаин, лидокаин ұлпаның өліеттенуі кезіндегі қатты ауыру сезімін басады. Аталмыш қойыртпақ бірінші қабылдауда ұлпа қабынуы анықталған бір түбірлі тіске 24 сағатқа , ал көптүбірлі тіске 48 сағатқа қойылады.

Стандартты мышьяк қойыртпағын «Arsenic Paste» «Dentstal» фирмасы шығарады, құрамы төмендегідей:

Мышьяк ангидриді   – 30,0

Лидокаин гидрохлориді -28,5

Тимол                               -5,0

 Камфора                     -5,0

 Фенол                               -5,0 

 Эвгенол                       -1 мл

 Толықтырғыш            -100,0 дейін

Егер тісі сырқат адам белгіленген уақытта екінші қабылдауға келе алмайтын болса, ұлпаны ұзақ уақытта өліеттендіретін мышьяк қойыртпағын қолдануға болады:

Rp: Arsenicosi 5,0

Acidi tannici 2,5

Olei caryophyllori q.s.

DS: Ұұлпаны баяу өліеттендіру үшін.

Бұл қойыртпақты сырқат тіске бірінші қабылдауда 7-15 тәулікке дейін қоюға болады.

Ұлпаны өліеттендіру үшін параформальдегидті де (триоксиметилен) қолдануға болады. Параформальдегид формальдегидтің полимеризациялануы нәтижесінде туындаған химиялық зат. Жоғары концентрациясы тіндерді өліеттендіреді және бактерицидтік қасиет көрсетеді.

 Дене температурасының әсерінен параформ ыдырауға ұшырап, құрамынан формальдегид молекулаларын бөледі. Бөлінген молекулалар ұлпаны құрғатып, мумификациялануға ұшыратады.

Ұлпаның өліеттенуі баяу жүретіндіктен, құрамына ауыру сезімін басатын дәрі қосылған арнаулы қойыртпақ дайындайды:

Rp: Paraformaldegidi 9,0

Anaesthesini 1,0

Eugenoli q.s.

DS: Стоматологиялық кабинет үшін.

Қойыртпақ тек майға шыланады, егер суға шыланса параформальдегид формальдегид ерітіндісіне айналады. Бұл қойыртпақты сырқат тіске бірінші қабылдауда 7-14 тәулікке қоюға болады. Баяу әсер ететіндіктен тісжегі қуысында төрт аптаға дейін қалып қойған қойыртпақтың периодонтқа уытты әсері байқалмаған.

«Septodont» фирмасы шығаратын «Caustinerf fort sans arsenic» препаратының құрамына параформ кіреді:

Параформальдегид        - 46,0

Лидокаин гидрохлориді - 37,0

Фенол                             -5,0

Бұдан басқа «Septodont» фирмасы ұлпаны өліеттендіру үшін тағы үш препарат ұсынған:

· -«Каустинерв мышьяковистый»-«Caustinerf arsenical»

· -«Каустинерв быстродействующий»-«Caustinerf rapide»

· -«Каустинерв защищающий без мышьяка»-«Caustinerf fort sans arsenic».

Емдеу тәжірибесінде Ярас И.И. (1956) ұсынған өліеттендіруші қойыртпақты да қолдануға болады. Оның құрамына мышьяк қышқылының бір бөлігі, кокаиннің бір бөлігі, параформальдегидтің 3-4 бөлігі кіреді және қойыртпақ шығуы үшін эвгенолға немесе фенолға араластырады. Бұл қойыртпақты 4-7 күнге қоюға болады.

Сирек жағдайларда (ұлпаның созылмалы шіри қабынуы, ұлпа қалдығының қабынуы, ұлпаны тірідей алған кезде өтпейтін өзектерден ұлпаны алу мүмкіндігі жоқ кезде) ұлпаны өліеттендіру үшін сұйық дәрілер қоспасы (фенол-формалин, камфора-фенол, резорцин-формалин сұйықтықтары) пайдаланылады және олар өзек сағаларына мақта анжымен қойылады. (2-3 тәулікке).

Ұлпаны өліеттендіріп алу әдісін ұлпа қабынуының барлық түрлерінде қолдануға болады және үш түрге бөледі:

· ұлпаны өліеттендіріп толық алу (девитальды экстирпациялау әдісі);

· ұлпаны өліеттендіріп жартылай алу (девитальды ампутациялау әдісі);

· ұлпаны өліеттендіріп аралас алу (девитальды ампутациялау-экстирпациялау әдісі).


 

Ұлпаны өліеттендіріп толық алу әдісі (метод девитальной экстирпации пульпы) түбір өзектері жақсы өтетін немесе кеңейту арқылы өтуге болатын өзектері бар тістерді емдеу үшін қолданылады, ал түбірлері толық қалыптаспаған тістерде (уақытша және тұрақты), түбірлері сорылу сатысындағы және түбір өзектері өтпейтін тістерде қолданылмайды.

Бұл әдісті орындау бірнеше кезеңнен тұрады:

· Тісжегі қуысын егеп-тазалап, өліеттендіруші қойыртпақ қоюға дайындау;

· Тіс қуысын ашып, қойыртпақты қою;

· Сауыт қуысын ашу, өліеттенген сауыт және түбір ұлпасын алу;

· Түбір өзегін (өзектерін) механикалық әдіспен және дәрілермен өңдеу;

· Түбір өзегін пломбылау;

· Тісжегі қуысын пломбылау.

Ұлпаны өліеттендіруші қойыртпақ бірінші қабылдауда қойылады. Ол үшін тісжегі қуысы мұқият аршығыштың және борлардың (бұрғылардың) көмегімен тазаланады (толық егеп-тазалау міндет емес). Көруге және енуге қиындық туғызатын тісжегі қуыстары тіс қуысын тесуге қолайлы сауыт беттеріне шығарылады. Тісжегі қуысын дентин үгінділерінен тазалап алып және кептіріп, 2-3 минөтке қуыс табанына уақытша жансыздандырушы дәрілер ертіндісімен мақта анжы қояды. Ұлпаның жоғарғы қабаты жансызданатындай уақыт өткен соң, ең кішкентай өткір және таза шарға ұқсас бордың көмегімен ұлпаға ең жақын аймақта (мүйізше тұсында) сауыт қуысын тесіп, жалқық шыға қалса оны құрғатып, мышьяк қойыртпағын қояды (-сурет). Қойылатын қойыртпақтың көлемі №1 шарға ұқсас бордың көлеміндей болу керек және оны ашылған ұлпа бетіне сүңгінің ұшымен немесе кішкентай мақта анжымен апарып қояды.

Мышьяк қышқылы қабынған ұлпада жалқықтану үрдісін күшейтетіндіктен, мышьяк қойыртпағын қойғаннан кейін біраздан соң тісте қарқындылығы және ұзақтығы әртүрлі ауыру сезімі пайда болады. Осы ауыру сезімін азайту үшін де сауыт қуысын тесіп алады және қойыртпақтың құрамына ауыру сезімін басатын дәрілер қосады. Сонымен қатар осы мақсатта қойыртпақтың үстіне әртүрлі ауыруды басатын дәрілермен (қалампыр майы, эвгенол, Платонов сұйықтығы, камфора-фенол, пульпоперил, лидокаин) суланған мақта анжы қойып, аса қатты нығыздамай суға шыланған дентиннен уақытша пломбымен жабады. Бір түбірлі тістерде қойыртпақ 24 сағатқа, ал көптүбірлі тістерде 48 сағатқа дейін қойылады. Егер тісі сырқат адам көрсетілген уақытта келе алмайтын болса, ұзақ әсер ете өліеттендіретін қойыртпақтарды қояды. Бұл кезде баяу әсер ететін мышьяк қойыртпағының мөлшері № 1 немесе №2 шарға ұқсас бордың көлеміндей, ал параформальдегидті қойыртпақтың мөлшері №9 шарға ұқсас бордың бастарының көлеміндей болады. Шетелдік фирмалар бұл қойыртпақтарды қолдануға ыңғайлы болу үшін алдын ала мөлшерленіп бөлінген түрлерін шығарады.

Өліеттендіруші қойыртпақтарды қояр алдында ұлпа қабынуының барлық түрлері кезінде сауыт қуысын ашу міндет емес (ұлпаның жартылай жедел қабынуы кезінде және тісжегі қуысының табанындағы дентин қатты жұмсарған жағдайда). Қабыну үрдісі басталғалы біраз уақыт өтіп, периодонттың тітіркенуін туындатқан жедел қабынулар немесе созылмалы қабынулардың өршуі кезінде (ұлпаның толық жедел қабынуы, жедел іріңді қабынуы, ұлпаның созылмалы қабынуының өршулері) сауыт қуысын тесіп, ішінде жиналған жалқықтың тісжегі қуысына шығуына мүмкіндік туғызған жөн. Ұлпаның созылмалы қабынулары кезінде көпшілік жақдайда сауыт қуысы ашық болатындықтан, ұлпа бетін ашу қажеттілігі болмайды. Ескере кететін бір жай, ұлпаның созылмалы өсе қабынуы кезінде, қойыртпақ қоярдан бұрын аппликациялық (бастырмалық) анестезия жасап, ұлпаның тісжегі қуысындағы өскен бөлігін кесіп немесе диатермокоагуляциялап алып тастайды.

Екінші қабылдауда ешқандай ауыру сезімі болмаса, уақытша пломбы сақталып, тіс ұлпасы толық өліеттенген жағдайда ұлпаны толық алуға кіріседі. Ол үшін уақытша пломбыны алып, тісжегі қуысын толық егеп-тазалап, сауыт қуысын толық ашады. Зарарсыздандырылған шарға ұқсас бормен немесе өткір аршығышпен сауыт ұлпасын алады. Түбір ұлпасын алу, дәрілермен өңдеу және пломбылау тәсілі ертеректе айтылған (ұлпаны уақытша жансыздандырып алу әдісін қара).

 

Ұлпа қабынуын ұлпаны өліеттендіріп жартылай алу әдісі (метод девитальной ампутации пульпы).

Бұл әдісті сирек және көбінесе әртүрлі жүйелер ауруларының декомпенсациялану сатыларында, обыр, инсульт, миокард инфарктымен ауырған, ауыр операциялар жасалған адамдарға және әртүрлі себептерден ауыздың ашылуы шектеліп қалған жағдайларда (микростома, шайнау бұлшық еттерінің жиырылып қалуы - тризм) қолдаған тиімді болады. Сонымен қатар түбір өзектері тарылып немесе бітеліп, өтпей қалған қарт адамдардың тістерінде көбінесе үлкен азу тістерде жүргізіледі.


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 484; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!