Бондингтеу техникасы (бондинг техника). 2 страница



 

Тіс ұлпасының қызметі

 

Тіс ұлпасы әртүрлі қызмет атқарады. Олардың бірі – одонтобласттардың қатысуымен орындалатын дентин құру немесе пластикалық қызмет. Пластикалық қызметі тіс тіндерінің қалыптасуы кезінде белсенді түрде жүреді және тіс шыққаннан кейін де жалғасады және орынбасушы дентиннің құрылуымен сипатталады. Тіс тіндерінде әртүрлі патологиялық үрдістер дамыған кезде (тісжегі, сынаға ұқсас ақау, жедел қажалу) орынбасушы немесе екіншілік дентинмен қатар, патологиялық ошақ табанындағы дентинде қайта құрылу үрдісі немесе үшіншілік дентиннің құрылуы орын алады.

Баяу дамыған тісжегі кезінде қуыстың табанында жұмсарған дентиннің қайта минералданып, жылтыр немесе склерозданған дентинге айналуын дентинобласттардың пластикалық қызметімен байланыстыруға болады.

Ұлпаның ең маңызды қызметінің бірі – трофикалық қызмет, ол дентиннің қоректенуін қамтамасыз етіп, кіреукенің өміршеңдігін сақтайды. Тістердің қатты тіндері қоректік заттарды капиллярлардағы транссудаттан алады, және олар дентинге Томес талшықтары арқылы жетеді.

Тіс ұлпасында ретикулоэндотелиальды тіндер элементтерінің болуы (орныққан макрофагтар) ұлпаның қорғаныс қасиетін қамтамасыз етеді.

Ұлпаның тағы бір маңызды қызметі-регенераторлық қызмет. Бұл қызмет ұлпадағы көптеген толық дамып – жетілмеген жасушалардың қажетті жағдайда жоғары дамып – жетілген және арнаулы жасушаларға ауысуымен қамтамасыз етіледі.

 

Адамның жасына байланысты тіс қуысының анатомиялық және тіс ұлпасының морфологиялық ерекшеліктері

Баланың тісінің ұрығынан бастап адам қартайғанға дейін тіс ұлпасы заңды құрылымдық өзгеріске ұшырап отырады.

Тіс қуысының қабырғаларында орынбасушы (екіншілік) дентиннің жаңа қабаттарының толассыз құрылуына байланысты жас ұлғайған сайын оның конфигурациясы өзгеріп отырады және сауыт қуысының көлемінің кішірейіп, түбір өзегінің тарылуы орын алады.

Жас адамның тіс ұлпасы борпылдақ, қанмен жақсы қамтылған, толыққанды нервтенген, толық дамып жетілмеген жасушаларға бай тін. Бұның өзі жас адамдар тістерінің ұлпасын реактивтік элементтерге бай, өміршеңдігі жоғары, қорғаныс – бейімделу механизмі белсенді анатомиялық құрылым деп санауға мүмкіндік береді.

Жас ұлғайған сайын тіс ұлпасы өзгеріске ұшырап отырады және олар жасушалар санының азаюымен, жасушааралық заттың көлемінің ұлғаюымен және склероздануымен сипатталады. Толық дамып – жетілмеген жасушалар тек одонтобласттарасты қабатында ғана сақталады. Одонтобласттар және одонтобласттар қабатының вакуольденуі орын алады. Біртіндеп одонтобласттар қабаты және барлық ұлпа тіні торлы атрофиялануға ұшырайды.

Мұның себебі, жас ұлғайған сайын жасушалардың өміршеңдігі төмендеп, апоптозға тез ұшырайды және жойылған жасушалардың орны толықпайды. Ұлпада микроциркуляторлық бұзылыстар байқалып, зат алмасу үрдісі төмендейді, қантамырлар қабырғаларының тонусы мен реактивтілігі нашарлайды және склероздануға ұшырайды. Қантамырлар бойымен петрификаттар шөгеді.

Сипатталған морфологиялық өзгерістер адамның бойындағы көптеген ілеспелі аурулар (қант диабеті, атеросклероз, эндокриндік жүйе аурулары, ревматизм, ас қорыту жүйесі) кезінде де орын алады. Осының барлығы ұлпаның регенераторлық және қорғаныс қызметтерін төмендетіп өміршеңдік аясын тарылтады. Ұлпа қабынуын емдеу әдістерін таңдаған кезде осы жағдайлар мұқият ескерілуі тиіс.

7.2.Ұлпа қабынуының жүйесі.

Ұлпа қабынуының әртүрлі клиникалық белгілерін белгілі бір жүйеге келтіру көптеген ғалымдарды ынталандырған және көбіне клиникалық, морфологиялық (патологоанатомиялық) белгілеріне негізделген, немесе оларды бірге негізге ала отырып жасалған жүйелер ұсынылған.

2-сурет. Ұлпа қабынуы.сайт-http://www.newdental.ru/
Алғашқы жүйесін 1886 жылы Аркеви ұсынған. Бұл жүйе ұлпадағы патологоанатомиялық өзгерістерге, ауыру сезіміне негізделген және ұлпаның жедел-созылмалы қабынуларының 12 түрін қамтыған болатын. Автор ұлпа қабынуларының әрбір түрлері бір-біріне ауыспайды, әрқайсысы тәуелсіз дамитын үрдіс деп санады. Аркеви жүйесі өте күрделі болғандықтан дәрігерлік тәжірибеде қолданыс тапқан жоқ.

Абрикосов А.И. (1914) ұсынған жүйе де ұлпа қабынуының патологоанатомиялық өзгерістеріне негізделген.

Могильницкий Б.Н. және Евдокимов А.И. (1925) ұлпадағы өзгерістерді 4 топқа бөлді:

· Қантамырлық өзгерістер (қан құйылу, гиперемиялану);

· Қабыну: а) жалқықты (ұлпаның беткей қабынуы, жартылай сарысулы қабынуы, толық іріңді қабынуы); б) пролиферативті (ұлпаның фиброзды қабынуы, ұлпаның гранулемалы қабынуы);

· Регрессивті үрдістер (ұлпаның атрофиялануы, некроздануы, шіруі, зат алмасуының өзгеруі, конкрементоз);

· Прогрессивті үрдістер (дентиклдер).

Бұл жүйе де өзінің күрделілігі нәтижесінде аса көп қолданыс тапқан жоқ. Мысалы, тек клиникалық белгілеріне сүйене отырып ұлпаның қызаруы, сарысулы қабынуы, атрофиялануы деген диагноз қою қиын. Бұл өзгерістер тек патологоанатомиялық зерттеулер арқылы ғана анықталады.

Аурудың клиникалық белгілеріне, жайылу ерекшеліктеріне сүйене отырып жасалған клинико-анатомиялық жүйені Гофунг Е.М. (1927) ұсынған. Бұл жүйе төмендегідей:

Ұлпаның жедел қабынуы:

·  жартылай жедел қабынуы;

·  толық жедел қабынуы;

·  толық іріңді қабынуы;

Ұлпаның созылмалы қабынуы:

·  ұлпаның жай немесе қарапайым қабынуы;

·  өсе немесе гипертрофиялы қабынуы;

· шіри немесе гангренозды қабынуы.

Гофунг ұсынған жүйенің бір кемшілігі – ұлпаның іріңді қабынуы өте жиі кездеседі және қабыну үрдісінің алғашқы сатысында ақ орын алады, өйткені сарысулы жалқық көп кешікпей іріңді жалқыққа айналады.

Ұлпаның жоғары дәрежелі реактивтілігін және қабынудың ұзақтығының емдеу әдістерін таңдауға зор маңызын ескере отырып Школяр Т.Т., (1967) өз жүйесін ұсынды:

· ұлпаның бастапқы жедел қабынуы;

· ұлпаның жедел (іріңді) кешірек анықталған қабынуы;

· ұлпаның созылмалы фиброзды қабынуы;

· ұлпаның созылмалы жаралы қабынуы;

· ұлпаның созылмалы гранулемаланып қабынуы;

· түбір ұлпасының созылмалы қабынуы (басқа авторлар бойынша ұлпаның шіри қабынуы);

· ұлпаның созылмалы қабынуының өршуі. Сонымен қатар ұлпа қабынуының басқа түрлерін де ажыратады: гематогендік, ретроградтық, конкрементті, жарақаттан және т.б. қабынулары.

Сонымен қатар Ресейдің Орталық ғылыми зерттеу стоматология институты (ЦНИИС) төменгі жүйені ұсынды:

· ұлпаның жедел ошақты сарысулы қабынуы (острый серозный очаговый пульпит);

· ұлпаның жедел ошақты сарысулы-іріңді қабынуы (острый серозно-гнойный очаговый пульпит);

· ұлпаның жайыла жедел іріңді қабынуы (острый гнойный диффузный пульпит);

· ұлпаның созылмалы жай немесе қарапайым қабынуы (хронический простой пульпит);

· ұлпаның созылмалы гранулемаланып қабынуы (хронический гранулематозный пульпит);

· ұлпаның созылмалы шіри қабынуы (хронический гангренозный пульпит);

· ұлпаның созылмалы қабынуының өршуі (обострение хронического пульпита).

Ұлпа қабынуының Платонов Е.Е., (1968) ұсынған жүйесі:

· ұлпаның жедел қабынуы: а) ошақты (очаговый); б) жайыла (диффузный);

· ұлпаның созылмалы қабынуы: а) фиброзды; б) гангренозды (шіри); в) гипертрофияланып (өсе қабынуы); г) ұлпаның созылмалы қабынуының өршуі.

Қазіргі кезде А.И.Евдокимов атындағы Мәскеудің мемлекеттік медициналық стоматология университететінде (МГМСУ) осы жүйені ұстанады және оған тағы бір нозологиялық атау енгізілген: ұлпаны жартылай және толық алғаннан кейінгі жағдай (cостояние после частичного и полного удаления пульпы) .

Бұл жүйелердің қатарына ДДҰ (ВОЗ, 1998) ұсынған жүйені де келтірген дұрыс болар:

· ұлпалық абсцесс және полип

· ұлпаның қабынуы: жедел, созылмалы (гипертрофиялы, жаралы, іріңді);

· ұлпаның некроздануы – ұлпаның шіруі (гангрена пульпы).

· ұлпаның қайта жаңаруы (перерождение пульпы) – дентиклдер, ұлпаның кальцификациялануы; кальциноздану, тастар

· ұлпадағы қатты тіннің ауытқыған құрылымдары.

Екіншілік немесе иррегулярлы дентин.

. Е.С.Яворская және Л.И.Урбанович (1964) ұсынған жүйемен де таныстырған дұрыс деп таптық. Олар ұлпа қабынуының төмендегі түрлерін ажыратады:

1.Ұлпаның жедел қабынуы:

·  ұлпаның қызаруы (гиперемия пульпы), 

·  ұлпаның жарақаттан қабынуы (ұлпаның кездейсоқ ашылуы, тістің ұлпасы ашыла сынуы),

·  шектеле қабынуы,

·  cарысулы жайыла қабынуы,

·  іріңді жайыла қабынуы.

II.Ұлпаның созылмалы қабынуы:

·  Ұлпаның созылмалы фиброзды қабынуы

·  Ұлпаның созылмалы өсе қабынуы

·  Ұлпаның созылмалы шіри қабынуы

·  Ұлпаның созылмалы конкрементті қабынуы

III. Ұлпаның созылмалы қабынуының өршуі

IY. Периодонт қабынуымен асқынған ұлпа қабынуы 

Қазақтың Ұлттық медицина университетінің стоматология институтының терапиялық стоматология кафедрасында Е.Е.Гофунг және Т.Т.Школяр жүйелері негізінде құрылған жаңа жүйе қолдау тапты. Ол төмендегідей:

Ұлпаның жедел қабынуы (острый пульпит):

§ ұлпаның жартылай жедел қабынуы (острый частичный пульпит),

§ ұлпаның толық жедел қабынуы (острый общий пульпит);

§ ұлпаның жедел іріңді қабынуы (острый гнойный пульпит);

Ұлпаның созылмалы қабынуы (хронический пульпит):

§ ұлпаның созылмалы жай-қарапайым қабынуы(хронический простой пульпит);

§ ұлпаның созылмалы өсе қабынуы (хронический гипертрофический пульпит);

§ ұлпаның созылмалы шіри қабынуы (хронический гангренозный пульпит);

· Ұлпаның созылмалы қабынуының өршуі (обострение хронического пульпита);

· Ұлпаның гематогендік қабынуы(гематогенный пульпит);

· Ұлпаның ретроградтық қабынуы (ретроградный пульпит);

· Ұлпаның конкрементті қабынуы (конкрементозный пульпит);

· Ұлпаның жарақаттан қабынуы (травматический пульпит);

Келтірілген ұлпа қабынуларының әр түріне өзіндік клиникалық белгілер (субъективтік және объективтік) тән. Аурудың диагнозын осы белгілерге және қосалқы тексеру әдістерінің (арнаулы тексеру әдістерінің) нәтижесіне сүйене отырып анықтайды.

Ұлпа қабынуының себептері (этиология пульпита).

Ұлпадағы қабыну үрдістері көбінесе тісжегі қуысы арқылы ықпал ететін әртүрлі тітіркендіргіштердің әсерінен дамиды. Олардың ішінде ең бірінші орында микроорганизмдер мен олардың уыттары, дентиндегі органикалық заттың ыдырауынан тұратын зиянды заттар тұр.

Тітіркендіруші факторларға химиялық әсерлерді (әртүрлі тамақтар құрамындағы заттар, олардың қалдықтарының тісжегі қуысында ыдырауынан пайда болатын қышқылдар, пломбылық материалдардың құрамындағы зиянды ингредиенттер), механикалық және температуралық әсерлерді жатқызуға болады.

Микроорганизмдер ұлпаға тісжегі қуысынан көбіне дентин түтікшелері арқылы өтеді. Сонымен қатар қан және лимфа тамырлары арқылы да (жедел жұқпалы аурулар, сепсис кезінде) өтуі мүмкін. Кейбір жағдайларда ретроградтық жолмен немесе кері жолмен (пародонтальдық қалталар аймағында түбір бетіндегі цементтің ыдырауы кезінде беті ашылған дентин өзекшелері арқылы, ал қалталар тереңдеген кезде өзек тармақтарының немесе түбір ұшы тесіктері арқылы) де түсуі мүмкін.

Көптеген ғалымдардың ұйғаруынша, ұлпа қабынуын туындатушылар – гемолиздеуші және гемолиздмеуші стрептококктар болып саналады. Дегенмен де қабыну кезінде ұлпада диплококтар, стафилококтар, грам оң таяқшалар, лактобациллалар, саңырауқұлақтар да анықталған.

Ұлпа қабынуы кезінде В.П.Бережной (1985) 19 түрлі микроорганизмдерді анықтаған: стафилококктар (алтынға ұқсас, ақ, сары), стрептококтар (гемолиздеуші, жасылданатын, гемолиздемеуші), ішек таяқшалары, тетракоктар, Candida типті саңырауқұлақтар, микрококтар, стрептобациллалар, сарциналар, актиномицеттер, дифтероидтар, көкшілірінді таяқшалар (синегнойные палочки), диплобациллалар, диплококтар.

Механикалық және температуралық әсерлердің ықпалы тісжегі қуысына түскен қатты тағам түйірлеріне, қабылдаған астың жоғарғы және төменгі температурасына байланысты болады. Сонымен қатар тісжегі қуысын егеп-тазалағанда, тісті жасанды сауыт кигізуге дайындағанда, емдеу шараларын дұрыс жүргізбеу ұлпаның әртүрлі зақымдануына әкеп соғады. Ұлпаға әсерін тигізетін тағы да бір химиялық факторлар – асқынбаған тісжегіні емдеген кезде тісжегі қуысын ұлпаны қатты тітіркендіретін дәрілермен (спирт, эфир, жоғары концентрациялы антисептиктер) өңдеу.

Біраз ғалымдар ұлпа қабынуының дамуында аллергиялық факторлардың (дәрілердің, микробтық аллергендердің) орнын да атап көрсетеді. Сонымен қатар ұлпада әртүрлі жағдайларда пайда болатын жаңа құрылымдар (дентиклдер мен петрификаттар) тіс қуысында біртіндеп қалыптасып, нерв ұштарын тітіркендіріп, қан тамырларына қысым түсіре отырып, қан айналысын нашарлатып, дистрофиялық өзгерістер туындатуы да мүмкін. Бірақ мұндай өзгерістерді тек таза қабыну үрдісіне жатқызуға болмайды.

Ұлпаның қабынуының клиникасы.

Жалпы белгілері.

Ұлпа қабынулары кезінде басқа ағзалар қабынуы кезіндегідей белгілер: ісіну (припухлость), домбығу (отек), ауыру сезімі (боль), қызару (краснота- гиперемия), қызметінің бұзылуы (нарушение функции) байқалады (2-сурет).

Ұлпа өзі тар және жабық кеңістікте (тіс қуысында) орналасқандықтан жоғарыдағы аталған қабыну белгілерінің бәрін көріп-білу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қабынудың түрін анықтау үшін ауыру сезімдерін дұрыс анықтай отырып, объективтік көріністерін негізге алған жөн.

Ұлпаның жедел қабынулары кезінде ауыру сезімі өз бетімен ешбір себепсіз дамиды (самопроизвольная боль). Ауыру сезімі қабыну кезіндегі қан тамырларының кеңеюі, қанның ұлпадан кері ағуының қиындауы, жалқықтың жиналып, ұлпаға қысымның артуы, ыдыраған тіндерден бөлінген уытты заттардың нерв ұштарын тітіркендіруі әсерінен туындайды.


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 644; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!