Бондингтеу техникасы (бондинг техника). 4 страница



Тіс ұлпасының электрқозғыштығын анықтаған кезде көптеген жергілікті факторлармен (пародонт аурулары) жалпы факторларға (орталық жүйке жүйесі, эндокриндік жүйе аурулары) көңіл бөлу керек. Жас ұлғайған сайын ұлпаның электр тогына сезімталдығы өзгереді. Жас адамдарда қлыпты ұлпаның электрқозғыштығы 4-6 мка тең болса, 61-70 жастағы адамдарда 40-50 мка, ал 81-90 жаста 50-55 мка тең болады. Ұлпаның электрқозғыштығы тістердің патологиялық қажалуы кезінде, тіс қуыстарында конкременттер құрылған кезде де өзгеруі мүмкін. Ұлпаның жедел қабынуы бір-екі тәуліктен 10-14 күнге созылады (емдемеген кезде).

Ұлпаның жедел іріңді қабынуын ұлпаның созылмалы қабынуының өршуінен, периодонттың жедел қабынуынан, Гаймор қуысының қабынуынан, жұлынған тіс ұясының қабынуынан ажырата білу керек.

 

Ұлпаның созылмалы қабынуы ( хронический пульпит ) .

Ұлпаның созылмалы қабынуының әр түрлеріне тән ортақ белгі – аурудың ұзақтығы (бірнеше аптадан бірнеше айға немесе жылға дейін), тістің қатты бұзылуына қарамай, ауыру сезімінің оншалықты мазаламауы. Тітіркендіруші ықпалдар әсер ете алмайтын аймақтарда орналасқан тісжегі қуыстары кезінде (көбінесе жоғарғы тістерде) ауыру сезімі болмауы да мүмкін.

Ұлпаны созылмалы қабынулары кезінде ауыру сезімі аса күшті емес, көбінесе әртүрлі тітіркендіргіштер әсерінен дамиды және әсер тоқтағаннан кейін де біраз уақытқа созылады. Егер созылмалы қабыну емделмеген жедел қабынудың нәтижесі болса, аурудың анамнезін анықтаған кезде ертеректе сырқат тіс өз бетімен қатты ауырып мазалағаны белгілі болады. Қарап тексергенде көпшілік жағдайда сауыт қуысы мен тісжегі қуысының байланысы анықталады.

Ұлпаның созылмалы қарапайым (жай) қабынуы (хронический простой пульпит – pulpitis chronica simplex).

Клиникалық көрінісі. Сырқат тісте әртүрлі тітіркендіргіштерден (көбінесе механикалық және температуралық) аса қарқынды емес, баяу дамитын, сыздаған ауыру сезімі пайда болады және әсер тоқтағаннан кейін баяу басылады. Температуралық әсердің кенет ауысуы (ыстық астан кейін суық су ішкенде, жылы бөлмеден суыққа шығып ауа жұтқанда) ауыру сезімін тез туындатады және ауыру сырқат тіспен шектеледі. Аурудың даму тарихында (анамнезінде) өз бетімен мазалаған ауыру сезімі болғаны анықталады (уақытында емделмеген жедел қабынудың созылмалы қабынуға ауысуы кезінде). Егер созылмалы қабыну біріншілік болса (көбінесе реактивтілігі төмен адамдарда), өз бетімен мазалайтын ауыру сезімі болмағаны, сырқат тісінің тек тітіркендіргіштер әсерінен ауырып, ауыру сезімінің тез басылғандығы жөнінде мәлімет алынады.

Қарап тексерген кезде сырқат тісте терең және кең тісжегі қуысы табылады, ішінде біраз мөлшерде астың қалдығы және жұмсарған дентин болады. Сүңгілеп байқағанда қуыстың табанында бір мүйізше тұсында ұлпаның ашылғаны анықталады, сүңгі ұшы тиген сауыт ұлпасы қатты ауырады және қанайды (бұл кезде қанның түсі қызыл-қошқылдау, ал кездейсоқ ашылған ұлпадан аққан қан ашық-қызыл түсті болады). Мүйізше тұсында ашылған ұлпның түсі сұр-қоңырлау немесе көкшіл-қызғылттау түсті аздап домбыққаны байқалады.Ұлпаның созылмалы қабынуы сауыт қуысы жабық кезде де дамуы мүмкін. Бұл кезде тісжегі қуысы сауыт қуысымен байланыспаған, табаны жұмсақ,, сүңгілеп байқағанда табанының барлық аймағында ауыру сезімі бар. Тістің электрқозғыштығы төмендеген (35-40 мка). Николаев А. И., Цепов Л.М. (2008) келтірген мәліметтерге сүйенсек, бұл көрсеткіш 35-60 мка тең. Рентгендік суретте периодонт саңылауы деформациялануға ұшырағаны анықталуы мүмкін.

Ұлпаның созылмалы жай қабынуын терең тісжегіден, ұлпаның созылмалы шіри қабынуынан ажырата білу керек.

Ұлпаның созылмалы шіри қабынуы (хронический гангренозный пульпит – pulpitis chronica gangraenosa)

Ұлпаның бұл қабынуы кезінде емделмеген ұлпаның жедел (көбінесе іріңді қабынуынан) және созылмалы жай қабынуларынан дамиды және анаэробты микроорганизмдердің қатысумен жүреді. Тісі сырқат адам тісінің әртүрлі тітіркендіргіштерден (көбінесес ыстықтан, ыстық пен суық кенет алмасқан кезде, ас түйірі қуысқа түскен кезде) ұзақ сыздап ауыратынына шағымданады. Кейде тістен ұнамсыз иіс шығып мазалауы да мүмкін. Егер тісжегі қуысы тітіркендіргіштер әсер ете алмайтын аймақта орналасса, ұлпаның көп бөлігі шіріп өліеттенген болса (сауыт ұлпасы), ауыру сезімі болмауы да мүмкін.

Қарап тексергенде, сырқат тісте сауыт қуысымен кең байланысқан терең тісжегі қуысы анықталады, сауыт ұлпасының шіріп-өліеттенуіне байланысты, ашылған сауыт қуысын сүңгілеп байқағанда әртүрлі тереңдікте, кейде өзек сағасында ауыру сезімі байқалады. Ұлпаның ширі қабынуының ұзақтығына байланысты сауыт ұлпасы әртүрлі деңгейде, кейде толығымен өліеттеніп шіруі мүмкін. Осыған байланысты сүңгінің ұшына жабысқан ұлпа ыдырандысы ұнамсыз иіс береді.

Ұлпаның созылмалы шіри қабынуы кезінде сауыт қуысы жабық болуы да мүмкін. Бұл кезде тісжегі қуысының табанын сүңгілеген кезде ешқандай ауыру сезімі болмайды. Ұлпаның электрқозғыштығы 50-90 мка арасында ауытқиды және ұлпада әртүрлі деңгейде некроздану (өліеттену) үрдісі барлығын көрсетеді. Жаңа басталған шіри қабыну кезінде электрқозғыштық көрсеткіші 30-50 мка тең болуы да мүмкін. Николаев А. И.

және Цепов Л.М, (2008) келтірген мәліметтерге сүйенсек, бұл көрсеткіш 60-90 мка тең.

Ұзақ уақыт емдеусіз дамыған ұлпаның шіри қабынуы кезінде периодонтта созылмалы қабынуға тән деструкциялану үрдістері байқалады. Түбір ұшы төңірегіндегі сүйек тінінің сорылуынан пайда болатын және рентгендік тексерудің көмегімен анықталатын қара-көлеңке ошақтар С.И.Вайстың (1964) ұйғаруынша 14-18 % жағдайда кездеседі.

Ұлпаның созылмалы шіри қабынуын терең тісжегіден, ұлпаның созылмалы жfй қабынуынан, периодонттың созылмалы қабынуынан ажырата білу керек.

Ұлпаның созылмалы өсе қабынуы (хронический гипертрофический пульпит – pulpitis chronica hypertrophica).

Ұлпа қабынуының бұл түрі көбінесе ұлпаның созылмалы жfй қабынуынан дамиды (ұлпа беті біраз аймақта ашылған кезде). Әртүрлі тітіркендіргіштердің (көбінесе механикалық) әсеріне ұшыраған тіндерінде өсу үрдісі (проферациялану) басым болады.

Ұлпаның созылмалы өсе қабынуы көбінесе балалар мен жас адамдарда кездеседі. Тіс сырқат адам тісінің ас шайнағанда ауыратынына, қанайтынына және ішінен «жабайы ет» (дикое мясо) өсіп келе жатқанына шағымданады.

Қарап тексергенде сырқат тісте үлкен тісжегі қуысы анықталады, қуыста әртүрлі деңгейде (жартысына дейін немесе толығымен) шикі ет түсті саңырауқұлақ басына ұқсаған жұмсақ құрылым орналасқан (сауыт ұлпасынан дамыған жас грануляциялық тін) және аздап қозғалмалы болады, консистенциясы бірде жұмсақ, кейде тығыздау, әртүрлі дәрежеде қанағыштығы байқалады. Сүңгілеп байқағанда беткей аймақтары онша ауырмайды, тереңдеу орналасқан аймақтарында (аяғы тұсында – в области ножки) ауыру сезімі күштірек. Рентгендік тексеру кезінде периодонтта аса көп өзгеріс анықталмайды .

Ұлпаның өсе қабынуын (ұлпа өсігін) қызыл иек бүртігінің өсе қабынуынан (қызыл иек өсігінен), түбір ашалары аймағында сауыт қуысы табаны тесілген кезде периодонт тінінен өскен өсіктен (грануляциялық тіннен) ажырата білу керек.

Қызылиек бүртігі көбінесе тістердің жанасу бетінде орналасқан тісжегі қуысына қарай өседі. Сондықтан тісті мойын бөлігінде сүңгімен айналып өтуге болмайды (қызыл иек өсігі кедергі жасайды), кейде қызылиек өсігін шымшуырмен ұстап тісжегі қуысынан тартып шығаруға болады.

Периодонттан шыққан өсікті ажырату үшін рентгендік тексеру жүргізу керек. Тістің рентген суретінде түбір ашалары аймағында (область бифуркации корней) дентин және цемент бұзылғаны және сауыт қуысы мен периодонт саңылауы арасындағы байланыс анықталады. Кей кездерде өсікті құрылымдардың қайдан шыққанын анықтау қиын болса, оларды кесіп немесе диатермокоагуляциялап алып тастағаннан кейін тісжегі қуысын, сауыт қуысын мұқият қарап, сүңгілеп тексереді.

 

Ұлпаның созылмалы қабынуының өршуі (обострение хронического пульпита – pulpitis chronica exacerbata).

Ұлпаның созылмалы қабынуының өршуіне көптеген жағдайлар себепкер болады: сырқат тіске шамадан тыс күш түсу, жарақаттың әсері, тісжегі қуысына қатты ас түйірі түсіп немесе жұмсарған дентин жылжып сауыт қуысының ашық аймағын жауып қалуы, организмнің суыққа шалдығуы, шаршау, эмоциональдық толқулар, жүйкелік күйзелістер бактериялдық және вирустық аурулар. Осылардың барлығы организмнің реактивтілігін төмендетіп, созылмалы қабынуы бар ұлпадағы микроорганизмдердің патогендік қасиетін жоғарылатады.

Жиірек өршу үрдісіне ұшырайтын – ұлпаның созылмалы жай және шіри қабынулары. Бұл кезде сырқат тісте өз бетімен пайда болатын қайта-қайта қозатын немесе толассыз мазалайтын, жан-жаққа таралатын ауыру сезімі пайда болады. Механикалық және температуралық тітіркендіргіштерден ауыру сезімі күшеюі мүмкін. Ұлпаның созылмалы шіри қабынуы кезінде өршу үрдісінің нәтижесінде ұлпа толығымен өліеттенуге ұшыраса, әртүрлі тітікендіргіштерден ауыру сезімі туындамайды және күшеймейді. Аурудың анамнезінде аталған ұлпа қабынуларының біріне тән клиникалық белгілер анықталады. Қарап тексергенде сауыт қуысы ашық немесе жабық болады, қағып тексергенде ауыру сезімі білінеді. Тістің электрқозғыштығы төмендеген .

Ұлпаның созылмалы қабынуларының өршуін ұлпаның жедел іріңдей қабынуынан, периодонттың жедел және созылмалы қабынуларының өршуінен ажырата білу керек.

Периодонттың жедел және созылмалы қабынуларының өршуі кезінде сырқат тіс өз бетімен толассыз ауырады, ас шайнағанда, қарама-қарсы тіс тигенде ауыру сезімі күшейе түседі, температуралық тітіркендіргіштер ауыру сезімін тудырмайды. Тістің электрқозғыштық көрсеткіші 100 мка жоғары болады.

Стоматологиялық көмек алуға тіс ұлпасының қабынуымен келген адамдар арасында ұлпаның созылмалы қабынуының үлесі 68%, ал жедел қабынуының үлесі 32% құрайды. Уақытында емделмеген ұлпа қабынулары ұлпаның өліеттенуіне әкеп соғады. Мұның өзі инфекцияның периодонтқа тікелей өтуіне жол ашады және периодонттың әртүрлі қабынуларымен асқынады.

Ұлпаның ретроградтық және конкрементті қабынулары көбінесе созылмалы түрде дамып, ауық-ауық өршуге ұшырап тұрады. Мұның бір дәлелі – бұзылмаған, бірақ төңірегінде әртүрлі тереңдікте пародонтальдық қалталары бар немесе рентген суретінде тіс қуысында конкременттер анықталған тістердің температуралық тітіркендіргіштерден ұзақ қақсап ауыруы немесе жоғары және төмен температураның ауысуына аса сезімталдығы. Созылмалы қабыну өршіген кезде сауыты бұзылмаған тістерде өз бетімен қатты ұзаққа созылатын немесе толастамайтын ауыру сезімдері пайда болады, ыстық пен суық әсерлерден күшейе түседі.

Өршу үрдісі басталғаннан біраз уақыт өткен соң (бірнеше сағаттан бір сөткеге дейінгі уақытта), тісте ас шайнағанда ауыру сезімі күшейе түседі және қағып тексергенде де тісінің ауыратындығы анықталады (шектелген тіс қуысы ішінде жиналған жалқық, уытты заттардың дереу периодонтқа ауысуы нәтижесінде). Сырқат тістің электрқозғыштығы төмендеген. Ретроградтық қабыну кезінде тістің төңірегінде пародонтальдық қалта, пародонт тіндерінде қабыну үрдістері анықталады. Конкременттік қабыну кезінде тіс сауыты бұзылмаған, тіс қуысында конкремент анықталады (рентгендік суретінде).

Ұлпаның жарақаттан қабынуы терең тісжегіні егеп-тазалағанда ұлпаны кездейсоқ ашып алу кезінде, тіс сауыты жарақат әсерінен әртүрлі деңгейде сынып, ұлпа ашылған жағдайда дамуы мүмкін. Мұндай кездерде ұлпа тек жарақат әсерінен ғана қабынбайды, ашылған ұлпаға температуралық, химиялық факторлар, микроорганизмдер әсер етеді және патологиялық үрдіс созылмалы қабынуға тән ерекшеліктермен дамиды.

Әрбір дәрігер-стоматологтың есінде жүретін бір жай: тісжегі қуысы терең, кірер аузы тар болған кезде онда ас қалдығы көптеп жиналады және біртіндеп ыдырауға ұшырайды. Көмірсулы тағамдардың ыдырауынан пайда болған қышқылдар, дентиннің оргникалық заттарының ыдырауынан пайда болған уытты заттр мен микроорганизмдер уыттары жұмсарған дентин немесе дентин өзекшелері арқылы өтіп, ұлпаны тітіркендіреді. Мұның өзі кейде тістің түнде өз бетімен қатты ауыруына себепкер болады. Ауру анамнезін анықтаған кезде ауыру сезімі мазалар кештің алдында көмірсуға бай тәтті тағамдар қабылдағанын білуге болады. Егер тісжегі қуысын мұқият егеп-тазалап, уақытша пломбы қойса, ешқандай ауыру сезімі мазаламайды және 3-5 күннен кейін терең тісжегіге тән емдеу шараларын жүргізуге болады. Бұндай жағдайды ұлпаның гиперемиялануы (қызарруы) деп те атауға болады. Ал көптеген дәрігерлер бұндай жағдайды тісте «ұлпаның қабынуы» деп диагноз қойып, ұлпаны алып тастауға тырысады.

Тағы бір ескеретін жай, ұлпаға инфекция көбіне тісжегі қуысы арқылы енетінін жақсы білумен қатар, басқа жолдарды да ескеру қажет. Олар - әртүрлі кіреуке жарықтары (трещины эмали), кіреуке эрозиясы, кіреуке сынықтары (отломы эмали), сынаға ұқсас ақаулар, тістердің патологиялық қажалуы кезінде дентин өзекшелерінің сағаларының ашылуы.

 

7.3.Ұлпа қабынуын емдеу.

Ұлпа қабынуын емдеуді бастау алдында қойылатын мақсаттар:

· Тіс қатты ауырып мазалаған жағдайда ауыру сезімін басу және ұлпадағы қабыну ошағын жою;

· Ұлпаның қалпына келу және дентин құру мүмкіндігін күшейту (ұлпаны сақтап емдеу әдісі кезінде);

· Қабыну үрдісінің периодонтқа ауысуының лдын алу;

· Тістің анатомиялық пішінін және қызметін қалпына келтіру.

Қазіргі кезде қолданылып жүрген ұлпа қабынуын емдеу әдістерін төмендегі схема түрінде беруге болады:

Ұлпа қабынуын емдеу әдістері.


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 498; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!