Сипап тексеру (ощупывание или пальпация - palpacio ) 9 страница



Соңғы кезге дейін тіс формуласының бірнеше жүйесі (австриялық Зигмонди жүйесі, даниялық Хадруп жүйесі, американдық жүйе) ұсынылған болатын. Қазіргі кезде ДДҰ ұсынған жүйе қолданыла бастады. Бұл жүйе бойынша екі жақ сүйек төрт сегменткке бөлінеді де, ондағы тістер араб саны ретімен белгіленеді және олардың алдына сегменттің реттік саны қойылады. Мысалы, жоғарғы оң жақ бірінші үлкен азу тіс 16, сол жақ аттас тіс 26, төменгі аттас тістер 36, 46 деп белгіленеді.

 

Сипап тексеру (ощупывание или пальпация - palpacio )

 

Сипап тексеру әдісі ауыз ішінде әр түрлі патологиялық үрдістердің ошағын (место локализации), даму тегін (ісік, ісіну, домбығу, тығыздану – опухоль, припухлость, отек, уплотнение), қалыпты және патологиялық тіндердің қозғалмалылығын, шекарасын, ауырғыштығын анықтау үшін жүргізіледі. Сипап тексеру әдісі жарақат ошағының орналасуына және көлеміне байланысты орындалады. Бір жағдайда оны тек сұқ саусақпен сипау арқылы, екінші жағдайда кілегей қабықты бас бармақ және сұқ саусақпен, үшінші жағдайда (көбінесе ұрт тіндерін тексеру кезінде) екі қолдың сұқ саусақтарының көмегімен (бір саусақ ауыз ішінде, екінші саусақ ауыз сыртында) жүргізіледі.

Сипап тексеруді жарақат ошағынан алыстау өзгеріске ұшырамаған аймақтан бастап, оған біртіндеп жақындайды. Әр түрлі жаралы ақауларды тексергенде олардың ауырғыштық деңгейін, жиегі мен табандарының консистенциясын (қаттылығын) және шекарасын анықтаудың үлкен маңызы бар.

Тілді сипап тексерудің өзіндік ерекшелігі бар. Ол үшін тілдің ұшын мақта анжымен (тампонмен) жауып (сырғып кетпес үшін), сол қолдың немесе оң қолдың екі саусағымен ауыртпай қысып ұстап, мүмкіндігінше сыртқа шығарады. Бос қолдың екі саусағымен немесе бір саусағымен (тексеретін аймағына байланысты) тістің түбірінен бастап ұшына қарай сипап тексереді.

Кейде тілдің түбір бөлігін, көбінесе артқы бетін, жұмсақ таңдайды, таңдай имектерін сипап тексерген кезде адам лоқсиды (құсу рефлексі – рвотный рефлекс) немесе жөтел қысады. Мұндай кезде аталған аймақтарға лидокаиннің 10% ерітіндісін аэрозоль түрінде шашып, біраз уақыттан кейін сипап тексеруді қайталайды.

Сипап тексергенде жарақат ошағында ауыру сезімі көбінесе ауыздың кілегей қабығының бүтіндігінің бұзылып, жұқа немесе терең ақаулардың (жұқа немесе терең жара – эрозия или язва) дамуына әкеп соғатын аурулар (вирустық, аутоаллергиялық, созылмалы инфекциялық және тері аурулары) кезінде байқалады. Әртүрлі ісіктер және жаралы ошақтарда ауыру сезімінің болмауы мерез және обыр аурулары туралы ой туындатуы мүмкін.

Сипап тексеруді бет-жақ аймағындағы патологиялық үрдістер кезінде жиі өзгеріске ұшырайтын лимфалық бездерді сипаумен аяқтайды. Сипау арқылы олардың көлемін, тығыздығын, пішінін, беттерінің тегістігін, қозғалмалылығын және ауырғыштығын анықтауға болады. Қалыпты жағдайда лимфалық бездер ұлғаймайды, сондықтан сипап тексеру кезінде өте сирек білінеді және саусаққа сезілмейді.

Ауыз ішінде әртүрлі жергілікті және жалпылай себептерден дамитын қабыну үрдістері кезінде жақасты, иекасты, кейде мойын лимфалық бездері ұлғаяды, ауыратын болады.Сондықтан оларды сипап тексерудің маңызы өте зор. Аталған лимфалық бездерді сипап тексеру әдісімен студенттер хирургиялық стоматология пәнін өткен кезде деі танысады.

 

3.6.Тістердің температуралық тітіркендіргіштерге жауабын анықтау

(температурная диагностика – термотест)

Бұл әдіс физикалық зерттеу әдісіне жатады және ұлпаның физиологиялық жағдайын анықтау үшін қолданылады. Температуралық тітіркендіргіштер ретінде эфирді пайдалануға болады, бірақ көбінесе суық және ыстық суды пайдалануға тура келеді (жылу сыйымдылығының үлкендігіне байланысты күшті тітіркендіргіш болып табылады). Тістің әр түрлі температураға жауабын анықтаудың қарапайым тәсілі – күмән тудырған тіс сауытына шприцтің көмегімен қажет температурадағы су шоғырын жіберу. Бірақ су шоғырының көрші тістерге де жайылуына байланысты жауап берген қай тіс екенін ажырату қиын. Мұндай қиындықты туындатпау үшін тісжегі қуысына немесе тіс сауытының бетіне суық немесе ыстық сумен ылғалданған мақта анжы қояды. Осы мақсатта эфирмен немесе хлороформмен ыллғалданған мақта анжыны, қажетті температураға дейін қыздырылған балауызды пайдалануға болады.

Қалыпты жағдайда өзгеріске ұшырамаған тіс ұлпасы бірақ температуралық ауытқуларға жауап береді. Күрек тістер үшін бейтарап (ешқандай жауапсыз – индифферентная зона) көрсеткіш 300С-қа тең (50-520С жылыға, 17-220С салқынға жауап береді).

Егер жоғарыда көрсетілген температура деңгейінде тіс жылыны және салқынды сезіп қана қойса, бұл ұлпаның қалыпты жағдайын көрсетеді. Ұлпаның қабынуы жағдайында бейтарап көрсеткіш тарылып, қалыпты дене қызуынан 5-70С ауытқи әсер еткен температуралық тітіркендіргіштерге жауап ретінде тісте қарқындылығы әртүрлі ұзаққа немесе қысқа уақытқа созылатын ауыру сезімі пайда болады.

Ұлпасы өліеттенген тістер температуралық тітіркендіргіштерге ешқандай жауап бермейді.

 

3.7. Тістердің электрқозғыштығын анықтау

 

Сурет-2. Аппарат ЭндоЭст-01.сайт- http://www.lantana1.narod.ru/
Тістердің электрқозғыштығын анықтау (электроодонтометрия – электроодонтодиагностика, электроодонтотест) тіс ұлпасы мен тіс төңірегіндегі тіндердің жағдайы туралы мәлімет бере алады. Бұл да физикалық тексеру әдісіне жатады және кез келген тірі тіннің тітіркендіргіштер әсерінен қозу жағдайына негізделген. Тітіркендіргіштің жауап туындататын ең төменгі күші немесе деңгейі қозу табалдырығы немесе қозу көрсеткіші (порог возбудимости) деп аталады. Тіс ұлпасының қоздырғышы ретінде электр тоғын пайдаланады, себебі оның күшін және әсер ету уақытын ұлпаға зиян келтірмей оңай реттеуге болады. Аталмыш әдісті жүргізу үшін ОД – 2М, ИВН – 1, ЭОМ – 1, ЭОМ – 3(айнымалы токпен істейді), ОСМ – 50, ЭОТ -01, Аверон, ЭндоЭст-01, Pulptester PTI (электроодонтотестер)     аппараттары қолданылады. Бұл аппараттармен тұрақты және айнымалы токпен жұмыс істеуге болады.

Әдісті орындау тәсілі: ұсынылған аппараттарда екі жұмысшы электрод бар: олар белсенді (активный) және енжар (пассивный) деп аталады. Енжар электродты металл цилиндр немесе қорғасын пластина (аумағы 10х10 см) түрінде сым арқылы аппараттың оң полюсіне (+) қосып, резеңке тартпаның көмегімен тексерілетін адамның білегіне бекітеді немесе қолына ұстатады. Қорғасын пластина мен білектің арасына аумағы электрод аумағынан біраз үлкен сумен ылғалдандырылған мақта кесегі немесе қабатталған шүберек қойылады. Белсенді электродтың бір ұшы аппараттың теріс полюсіне (-) қосылады, екінші ұшына (жіңішке инеге ұқсас және иілген) жұқа мақта білік орап және оны сулап (кіреукенің электр өткізгіштігін жоғарылату үшін), тістің сезімтал аймағына (алдыңғы тістердің тістеу қырларының ортасы, кіші азу тістердің ұрт жақ төмпешіктері, үлкен азу тістердің алдыңғы ұрт төмпешіктері) қояды. Оның алдында тіс сауытын жақсылап құрғатып алады.

Аппараттағы арнаулы қосқыштың көмегімен тұйық тізбеге электр тоғын жіберіп, микроамперметрдің көмегімен тісте белгілі бір жауап байқалғанша (жеңіл шаншу сезімі) тоқ күшін баяу өсіре береді. Оң жауап алғаннан кейін тоқ күшін біртіндеп бәсеңдетіп барып, әсер етуді тоқтатады және қажет болса, әрекетті қайталайды. Соңғы кезде біздің клиникада қолданыс тапқан ЭОТ-01-Аверон портативті аппаратының өзіндік ерекшелігі бар:1)батарея көзінен энергия алады; 2) енжар электродының ұшы имектеніп иілген, тексеру жүргізілетін адамның төменгі ерніне ілінеді. Қалыпты жағдайда тіс ұлпасы 2-6 мкА ток күшіне жауап береді. Тіс электрқозғыштығының 20-40 мкА төмендеуі ұлпада қабыну үрдісі дамығанын, ал 60 мкА-ге төмендеуі сауыт ұлпасының, 100 мкА-ге төмендеуі түбір ұлпасының өліеттенуін көрсетеді. Қалыпты периодонт 100-120 мкА шамасындағы электр тогы күшіне сезімтал. Периодонтта күрделі морфологиялық өзгерістер дамыған кезде тістің электрқозғыштығы 160 мкА-ден жоғары болады. Ескере кететін жағдай, қызметі төмендеген тістер (қарама қарсы тістердің болмауы, тіс доғасынан сырт орналасқан), сауыты қажалуға ұшыраған, ұлпасы петрификаттанған тістер ұлпасының электрқозғыштығы төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар жасы ұлғайған адамдарда екіншілік дентин белсенді құрылған жағдайда сауыт қуысы жартылай немесе толық бітеліп, сауыт ұлпасы атрофиялануы нәтижесінде тістердің электрқозғыштығы төмендейді. Бұған дәйек: 60-70 жаста тістердің ЭҚ-40-50 мкА болса, 81-90 жаста ЭҚ-50-55 мкА тең болады.

Өзіміздің дәрігерлік тәжірибеде кездескен жағдайлардан мәлімет келтіруге болады. Жастары 38 және 32-дегі екі ер адамның 16,17 тістерінің электр қозғыштығы анықтаған кезде көрсеткіштері 20 мка және 32 мка болды. Панорамалық рентген суреттерде екі адамның да аталған тістерінде сауыт қуысы қабырғаларымен байланысқан (пристеночный) және еркін жатқан (свободно лежащий) дентиклдер анықталды. Бұдан басқа да дәйектерді көптеп келтіруге болады.

     

3.8.Рентгендік тексеру әдісі (рентгенологическое исследование)

 

Бұл әдіс стоматология саласында кең қолданыс тапты. Көптеген рентгендік тексеру әдістерінің терапиялық стоматологияда жиі қолданылатыны – рентгенографиялық немесе ағзалардың рентген суреттерін алу әдісі.

1-сурет.  Рентгенаппаратпен жұмыс істеу
Бұл әдістің мәні мынада: әрбір тін тығыздығына байланысты әр түрлі деңгейде рентген сәулелелерін өткізеді. Минералданған қатты тіндер рентген сәулелерін өткізбейді, сондықтан сәулелер рентген пленкаға (рентген жарғаққа) жетпейді, негативті пленкада ақ көлеңке-бейне пайда болады. Керісінше жұмсақ тіндер рентген сәулелерін жақсы өткізетіндіктен рентген пленкада қара көлеңке немесе бейне пайда болады.

Өте жоғары дәрежеде минералданғандықтан рентген суретте (негативте) тіс кіреукесі өте тығыз және біркелкі ақ көлеңке береді, дентин мен цемент тығыздығы одан аздау, солғындау ақ көлеңке береді. Периодонт тіні рентген сәулелерін өткізетін болғандықтан қара көлеңке береді. Сондықтан осы көлеңке арқылы периодонт орналасқан саңылаудың (периодонт саңылауы – периодонтальная щель) диаметрі 0,2-0,25 мм біркелкі жіңішке қара көлеңке пішінді жобасын анықтауға болады. Периодонт саңылауының бір қабырғасын түбір цементі, екінші қабырғасын түбір ұяшығының компакты сүйек қабаты құрайды.

Тіс ұлпасы рентген сәулелелерін өткізетіндіктен қара көлеңке береді, сол арқылы ұлпа орналасқан тіс қуысының жобасын анықтауға болады.

Рентген суретті түсіру арқылы тістің қатты тіндерінің жағдайын анықтауға (жасырын тісжегі қуыстарын, шықпай қалған тістерді, тістердің қиындап шығуын) болады, түбірлердің қалыптасу деңгейін, әр түрлі сынықтарын, түбір өзектерінің өтетіндігін, онда бөгде заттардың бар-жоғын, өзектің пломбылану дәрежесін, периодонттың жағдайын, тістераралық қалқан сүйектердің деңгейін, пломбылардың (бітектердің) дұрыс қойылуын, жасанды сауыттардың дұрыс дайындалуын және киілуін, жақ сүйектеріндегі жаңа құрылымдарды анықтауға мүмкіндік туады.

 

Рентген сурет арқылы түбір өзегінің ұзындығын анықтауға болады. Ол үшін өзекке болжамды ұындыққа түбір инесін шектеуішімен енгізіп, тістің рентген суретін жасайды. Түбір өзегінің ұзындығын төмендегі формула бойынша анықтайды:

 

К = i x K1 / i 1

мұндағы: К-өзектің анықталатын ұзындығы

2-c урет.Цифрлық ортопантомограф.  
2

К1 - өзектің рентген суреттегі ұзындығы;

і1 – иненің рентген суреттегі ұзындығы.

Рентгенографиялық әдіс бірнеше түрге бөлінеді: нысаналы немесе жанаспалы рентгенография, панорамалы рентгенография, ортопантомография, томография.

 

3.9.Трансиллюминациялық әдіс

 

Бұл әдіс тексерілетін нысан арқылы тұлғаға зиянсыз салқын жарық сәулесі өткен кезде көлеңкенің пайда болуына негізделген.

Бұл әдіс тісжегі ошағын, кіреуке жарықтарын, қызылиек асты тіс шөгінділерін, асқынған тісжегіні анықтауға мүмкіндік береді.

 

3.10. Люминесценттік әдіс

 

Люминесценттік зерттеу әдісі тіндер мен жасушалық құрылымдардың ультракүлгін сәулелер әсерінен өздерінің табиғи түсін өзгерту қасиетіне негізделген. Бұл әдіс пломбының жиектік қатынасын, бастапқы тісжегіні және ауыз кілегей қабығы мен тіл ауруларын анықтау үшін қолданылады.

Люминесценттік зерттеу әдісі үшін Ресейдің медицина өндірісі ОЛД – 41 құралын және қоңыр күлгін шыныдан дайындалған фильтрі (Вуд фильтрі) бар кварц шамымен жабдықталған микроскоп шығарды.

Вуд сәулесінде қалыптағы тістер ақ-қара түсті жарық береді, ал жарақат ошағы мен жасанды тістер жиектері анық қараңғы ошақ береді. Лейкоплакия ошағы ашық көгілдір түсті, қызыл жалпақ теміреткі ошағы ақшыл сары түсті жарық, қызыл жегі ошағы көгілдір аққар түсті жарықтану ошағын береді. Дені сау адамның тілі апельсин түсінен қызыл түске дейінгі аралықта жарық береді. Мұндай түс бірде бүкіл тілде, кейде оның алдыңғы бөлігінде ғана болады. Тілдің толық жарықтанбауы В1 витаминінің аздығы кезінде байқалады.

Еріндер жиегіндегі іркіле қызару ошағы қою күлгін түсті жарық, ал гиперкератозды қабыршақтар ақшыл көгілдірлеу түспен жарықтанады (флюоресцируют).

Эрозиялы және жаралы ошақтар қан араласуына байланысты қою қоңыр түс береді, серозды-қанды қабықшалар сары қоңыр жарық береді.

Жоғарыда аталған трансиллюминациялық және люминесценттік зерттеу әдістері стоматологиялық ауруларды клиникалық қабылдау кезінде жиі қолданылады деп айтуға болмайды. Ол үшін барлық жағдайлар жасала бермейді және қазіргі кезде ол әдістердің аса бір жетілдірілген түрлері де ұсынылуда. Арнаулы аппараттардың бағасының қымбат болуына байланысты кез-келген стоматологиялық клиниканың оларды сатып алуға мүмкіндіктері бола бермейді.


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 255; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!