Сипап тексеру (ощупывание или пальпация - palpacio ) 5 страница



Шайнау қызметіне қатынасу әсерінен бұл қабық біртіндеп тістеу қыры мен шайнау бетінен бастап жойылып, көпшілік жағдайда тек мойын бөліктерінде ғана сақталады.

Готлибтың ұйғаруынша Насмит қабығы екі қабаттан тұрады: ішкі – амелобластардың қалдығы, сыртқы – тіс шыққанда бетінде қалған жұқарған ауыз эпителийінің қалдығы. Кіреукеде липидтер 0,6%, цитраттар 0,1%, көмірсулар 100г. кіреукеде 1,65 мг құрайды. Қалыпты кіреукенің қышқылда еритін белокты фракциясында көмірсулар 5,5%, ал тісжегіге ұшыраған кіреукеде 4% құрайды (Е.В. Боровский, К.Ф. Фирфарова, 1969).

Дентин (дентин – dentinum, substantia ossea). Дентин – тістің негізгі қатты тіні, кіреукеге қарағанда аздау минералданған, сүйекке ұқсас, бірақ одан қаттылау. Құрамының 70-72% бейорганикалық, 18-20% органикалық заттан және 10% судан тұрады. Дентиннің қаттылығы 58,9 кг/мм2. Бейорганикалық заттың негізін кальций фосфаты (гидроксиапатит), кальций карбонаты және аз мөлшерде кальций фториді құрайды. Олардан басқа көптеген макро және микроэлементтер де кіреді. Органикалық заты белоктардан, майлардан және полисахаридтерден тұрады. Белоктардың аминқышқылды құрамы коллагенге тән.

Дентиннің органикалық немесе негізгі заты желім (клей) беретін талшықтардан және ұсақ өзекшелердің қабығынан тұрады. Тістің тік өсіне радиальды бағытта орналасқан талшықтар Корф талшықтары деп, ал оған параллельді немесе тангенциальды орналасқан талшықтар Эбнер талшықтары деп аталады. Осы органикалық заттардың барлығы да минералданған. Дентиннің барлық қабатын үш белдеуге бөлуге болады. Бірінші белдеу – жұқа дентин қабаты, кіреукемен тығыз жанасқан, мұнда көбінесе Корф талшықтары орналасқан.  Екінші белдеу немесе аралық белдеу бірінші белдеудің астында жатыр және мұнда Эбнер талшықтары да кездеседі. Сонымен қатар мұндағы Корф талшықтарының барлығының бағыты радиальды емес. Құрамында Корф талшықтары көп осы екі белдеу немесе қабат жабынды дентин (плащевой дентин) қабаты деп аталады. Ұлпаға жақын жатқан және Эбнер талшықтарынан тұратын қалың ішкі қабат ұлпа маңындағы дентин (околопульпарный дентин) деп аталады. Коллаген талшықтарының арасында аморфты жабысқақ зат орналасқан.

Дентиннің мықтылығы осы талшықтардың араласа орналасуымен сипатталады. Поляризацияланған сәулелердің көмегімен тексергенде минералды тұздар кристалдар түрінде коллаген талшықтарының төңірегіндегі аморфты затқа шөгетіні, ал талшықтардың өздері  минералданбайтындығы анықталған.

Дентиннің негізгі құрылымдық бірлігі – жіңішке дентин өзекшелері. Олар тіс қуысының ұлпа жақ қабырғасынан басталып, сыртқа қарай радиальды бағытта орналасып, кіреуке мен цементке жетіп бітеді. Жол бойы олар ұсақ тармақтар береді, олар көрші тармақтармен бірігіп анастомоз құрайды.

Дентин өзекшелерінің тістердің әр бөлігінде орналасуы әр түрлі: түбір бөлігінде радиальды, орта бөлігінде S түрінде, сауыт бөлігінде көбінесе радиальды бағытта орналасқан. Әрбір өзекшенің қабырғасы жабысқақ заттан тұрады және Нейман қабығы деп аталады (Нейман, 1863). Ұлпамен шекаралас аймақта дентин өзекшелерінің ені кең, барған сайын тарыла береді. Ұлпа маңындағы дентиннің 1мм2  өзекшелер саны 75000 тең, ал жабынды дентинде 15000 жуық. Бұл өзекшелерде дентин сұйықтығы және ұлпа одонтобластарының ұзын өсінділері (Томес талшықтары) орналасқан.

Дентин өзекшелері көбінесе кіреуке-дентин шекарасында бітеді, ал кейбіреулері бұл шекарадан өтіп барып, кіреуке қабаттарында аяқталады және оның ішіндегі Томес талшықтарының ұштары жаншылып кіреуке ұршықтарын (эмалевые веретена) құрады. Дентин өзекшелері мен онда айналымда болатын сұйықтық (дентинная жидкость) тістің қатты тіндерінде органикалық және бейорганикалық заттардың алмасуын қамтамасыз етеді. Мұның дәлелі ретінде тіс тіндеріне әртүрлі ықпалдар әсер еткенде (механикалық, физикалық, химиялық және жастың ұлғаюына байланысты) оның құрамы мен құрылымының өзгеруін келтіруге болады. Кейде дентинде минералданбаған аймақтар кездеседі. Дентиннің негізгі затында минералды заттар  әртүрлі көлемді домалақ пішінді шариктерге ұқсас құрылымдар түзе шөгеді, ал олардың арасындағы кеңістік кешірек жас ұлғая бастағанда минералданады. Егер ол кеңістіктер минералданбай қалса, негізгі заттан тұратын өзіндік түрі бар интерглобулярлық дентин (шариктер аралық) пайда болады. Мұндай аймақтар көбінесе тіс сауытында жабынды дентин мен ұлпа маңындағы дентин аралығында орын алады. Минералданбаған интерглобулярлық  дентин гистологиялық препаратта ұсақ және қою -қараңғы дәнге ұқсаас түйіршіктер түрінде анықталды. Тіс түбіріндегі дентиннің жабынды қабатында цементпен шектелген осындай жіңішке аймақты Томес түйіршікті қабаты (зернистый слой Томса) деп атайды. Дентин өзекшелерінің ішкі беті жұқа қабықпен жабылған (Нейман қабығы), ол біртіндеп дентиннің ұлпа жақ бетін жабатын пленкаға немесе жарғаққа (Келликер-Флейшманн қабығы) ауысады. Нейман қабығы мен Флейшманн жарғағы аморфты эктоплазмалық заттан тұрады. Дентиннің ұлпаға қараған ішкі қабатында шекарасы тегіс емес жіңішке жолаққа ұқсас қызғылт түсті минералданбаған аймақ орын алған. Бұл аймақты дентиногендік белдеу немесе предентин белдеуі деп атайды.

Қазіргі кезде дентиннің нервтенуі туралы әр түрлі көзқарастар бар. Оксман И.М. (1953) ұйғаруынша мякотсыз нерв талшықтары ұлпадан басталып дентинге өзекшелер және негізгі зат арқылы өтеді және әр түрлі ұштармен аяқталады. Гаврилов Е.И. және Яшинаның (1967) зерттеулеріне сүйенсек, ұлпа маңындағы дентиннің ішкі қабатында (предентин белдеуінде) сезімтал нерв ұштары бар және олар эфференттік болуы да мүмкін. Предентин белдеуінде көптеген сезімтал нерв ұштары анықталған. Нерв талшықтары одонтобластар қабатынан предентин қабатына өткенде миэлинді қабығын жоғалтып, сезімтал нерв ұштарын құрды. Көптеген электронды микроскопиялық зереттеулер минералданған дентинде нерв талшықтарын анықтай алмады. Осыған байланысты тістің электрқозғыштығын зерттеген кездегі тіс тіндерінің тісжегі және басқа аурулары кезіндегі дентиннің әр түрлі әсерлерге сезімталдығын түсіндіру тығырыққа тіреледі. Оны түсіндіруге арналған екі теория бар.

Avey және Repp (1959) дентин өзекшелеріндегі одонтобласттар өсінділерінде көп мөлшерде ацетилхолинэстеразаны (нерв импульстерін өткізуде маңызды рөл атқарады) және тіс тіндерін тітіркендірген кезде оның мөлшері жоғарылай түсетінін анықтаған. Осыған байланысты авторлар тітіркеністі қабылдау және өткізу одонтобласттар өсінділері арқылы жүзеге асады және олар нерв талшықтарына тән де қызмет атқарады деген қорытындыға келген.

Branstrom (1966) тітіркендіргіш әсерінен тісте ауыру сезімінің пайда болу механизмінің гидродинамикалық теориясын ұсынған. Автордың ұйғаруынша, дентин өзекшелеріндегі сұйықтық әр түрлі ықпалдар әсерінен орын ауыстырып, ұлпаның рецепторларын тітіркендіреді. Эксперименттік зерттеулер дентиннің бетін құрғатқанда және тіс сауыттарын егеген кезде пайда болатын қызу әсерінен одонтобластар ядроларының әсіндіге қарай өтіп, өзек ішіне орын ауыстыратынын көрсетті. Мұның өзі көптеген тітіркеніс жағдайларында дентинде күрделі физико-химиялық өзгерістер орын алатынының дәлелі болып табылады.

Құрылу уақытына байланысты дентинді үш түрге бөледі: біріншілік, екіншілік және үшіншілік (орын басушы дентин). Тістің даму барысында құрылатын дентинді біріншілік (первичный дентин), ал тіс тіндері толық қалыптасқаннан кейін өмір бойы дентиннің ішкі бетінде ұлпаның физиологиялық қызметінің нәтижесінде құрылатын дентинді екіншілік (вторичный дентин) деп атайды. Оның әсерінен жас ұлғайған сайын тіс қуыстары кішірейіп тарыла береді, кейде толығымен бітіп қалуы да мүмкін. Құрылысы жағынан біріншілік және екіншілік дентин бір-біріне ұқсас, тек аралары пренаталдық түзумен бөлінген.

Үшіншілік (третичный) немесе орын басушы (иррегулярный, заместительный дентин) немесе тітіркеніс дентині (дентин раздражения – reiz dentin) аз уақыт ішінде тістің қатты тіндеріндегі патологиялық үрдіске қарсы (тісжегі және тісжегіден басқа аурулар) қорғаныс ретінде немесе тұлғаның жалпы аурулары кезінде ұлпаның көмегімен құрылады. Орын басушы дентинде өзекшелер мен коллаген талшықтары ретсіз орналасады, өзекшелер қысқа және тұйық бітуі мүмкін. Сондықтан ретсіз (иррегулярный) дентин деп аталуының негізі бар.

Цемент (цемент-cementum). Тістің түбірін жабады, қалыңдығы бірдей емес, тіс мойнынан басталып, қалыңдығы 0,25 мм жұқа қабық құрап, түбір ұшына қарай қалыңдай береді. Оның қалың қабаты түбірлер айырықтары аймағында қалыптасқан. Цементтің 68%-ы бейорганикалық, ал 32%-ы органикалық заттан және судан тұрады. Құрылысы мен құрамы жағынан жуан талшықты сүйекке ұқсас, бірақ Гаверс өзекшелері жоқ. Кальций тұздары шөккен цементтің негізгі затында коллаген талшықтары орналасқан. Цементтің жұқа бөлігінде олар жіңішке, түбір бетіне тік немесе радиальды бағытта дұрыс қатар құрып, бір-біріне жақын орналасқан. Сонымен қатар диаметрі 3-6 микрон, көлденең кесіндісі көп бұрышқа ұқсас, шоғыр құратын талшықтар бар. Олар Шарпей талшықтары (Шарпеевские волокна) деген атпен тіс ұяшықтарының (альвеоланың) сүйек тінінің аттас талшықтарымен бірігеді. Цемент екі түрге бөлінеді:

·   клеткасыз немесе біріншілік цемент, түбір бетін тұтас жауып жатады, гомогенді құрылымды;

·   екіншілік немесе клеткалы цемент, түбір ұшын және көптүбірлі тістердің түбірлер айырығын жауып жатады, құрамында көптеген өсінділері бар жұлдызға немесе өрмекшіге (паукқа) ұқсас клеткалар – цементобластар бар.

Екіншілік цементте коллаген талшықтарының радиальды бағыттары өте анық. Цементтің сүйек тінінен өзгешелігі – құрамында қан тамырлары жоқ. Екіншілік цемент клеткалары пластикалық қызмет атқарады. Әртүрлі тітіркендіруші әсерлерден жаңа цемент қабаты құрылып (көбінесе түбір ұшы аймағында), периодонт саңылауы тарылуы мүмкін. Бұл үрдіс «гиперцементоз» немесе цементтің шамадан тыс құрылуы деп аталады.

Тіс кіреукесінің қызметі. Бұл мәселе өте маңызды болғандықтан біраз көңіл бөлінуге тиіс. Кіреуке – қан тамырлары жоқ, организмдегі ең қатты және адам өмірінде аса көп өзгеріске ұшырамайтын тін. Кіреуке дентин мен ұлпаны сыртқы ықпалдардың (химиялық температуралық, биологиялық және механикалық) әсерінен қорғайды. Осыған байланысты тіс өзіне тән қызметін (тамақты тістеп жұлып алу, шайнап ұсату) өте жақсы атқарады. Шайнау кезінде адамның тісі шайнау қысымына төтеп бере алады. Шайнау еттері жиырылған кезде азу тістерге түсетін шайнау күші 130 кг-ға жетеді. Мұндай күшке шыдау – кіреукенің тек қаттылығымен және жоғары дәрежеде минералдануымен тығыз байланысты. Осыған қарамай, кіреуке құрамында нерв талшықтары, рецепторлары және қан тамырлары болмағандықтан көптеген тірі тіндерге тән физиологиялық қасиеттерге ие емес. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – қайта қалпына келу немесе регенераторлық қасиет кіреукеде жоқ. Осыған қарамай, кіреуке өмір бойы құрамының тұрақтылығын сақтайды. Кіреукеге тән ең маңызды физиологиялық қасиет өткізгіштік болып табылады. Кіреуке суды және онда еріген заттардың иондарын өткізеді. Кіреукенің өткізгіштігі оның екі сұйық ортаның (сыртынан ауыз сұйығымен шайылуы, ұлпа жағынан тін сұйығымен жанасуы) қатынасымен және құрамында сұйық орналасқан кеңістіктердің болуымен қамтамасыз етіледі. Кіреуке екі бағытта да өткізгіш: кіреуке бетінен дентин мен ұлпаға қарай және керісінше ұлпадан дентинге және кіреуке бетіне қарай. Кіреукенің ең жоғарғы өткізгіштігі 13 жасқа дейін-кіреукенің толық жетілу кезеңіне дейін орын алады. Адамның жасы ұлғайған сайын (40 жастан кейін ) кіреукенің өткізгіштігі де біршама төмендей береді.Ұлпасы алынған тістер кіреукесінің де өткізгіштігі төмен. Кіреукені фторлы қоспалармен өңдеу оның өткізгіштігін төмендетеді. Кіреукенің өткізгіштік деңгейі өтетін заттың табиғатына – молекуланың көлеміне, ионның зарядына, өтетін ортаның (қышқылды немесе сілтілі орта) жағдайына және ферменттердің белсенділігіне байланысты.

Бір валентті иондар екі валентті иондарға қарағанда жақсы өтеді. Әр түрлі физикалық факторлар (электрофорездеу, ультрадыбыс толқындары) және химиялық факторлар (сутегі иондарының концентрациясының төмен болуы) кіреукенің өткізгіштігін жоғарылатады. Қазіргі кезде көптеген бейорганикалық және органикалық заттардың кіреуке мен дентинге өтетіні дәлелденген. Бұзылмаған кіреуке бетіне радиоактивті кальцийдің (Са45) ертіндісін қойғанда, 20 минөттен кейін ол оның жоғары қабатынан табылған. Сол сияқты радиоактивті фосфордың (Р32) да жақсы өтетіні (Na2HP32O4 ертіндісінде) анықталған.

Кальций мен фосфордың сілекейден кіреукеге өтетін қасиетін анықтау кіреукені қайта минералдандырып емдеу әдісін дәрігерлік тәжрибеге енгізуге мұрындық болды.

Тіс кіреукесіне сілекейден көптеген бейорганикалық иондардың да өтетіні, ал кейбіреулерінің тез өткіштігі де анықталған. Кіреукенің өткізгіштігін фермент гиалуронидаза да жоғарылатады. Ауыз ішінде бұл ферменттердің көп бөлігін микроорганизмдер бөлетіні белгілі. Осыған байланысты тіс қақтарының астындағы кіреукенің өткізгіштігі жоғары болатыны және ол жерге сахароза жиналса, өткізгіштіктің жоғарылай түсетіні дәлелденген.

Көпке дейін тіс кіреукесіне органикалық заттардың өту-өтпеуі белгісіз болып келген. Радиоактивті изотоптардың көмегімен аминқышқылдарының, витаминдердің және микробтар уыттарының (токсиндерінің) кіреукеге және одан да терең дентинге өтетіні дәлелденген.

Фтор ионының кіреукеге өтуі және оның әр қабатында таралуы туралы мәліметтердің үлкен маңызы бар. Көптеген зерттеушілердің ұйғаруынша, тіс бетіне фторлы натрий ертіндісінен бастырма (аппликат) қойса, фтор ионы тез арада аз тереңдікке өтеді де, кіреукенің кристалдық решеткасына қосылып кетеді. Фторлы натрий ертіндісімен өңделген тіс кіреукесінің өткізгіштігі төмендейтіні анықталған. Мұның өзі қайта минералдандырып емдеу (реминерализующая терапия) әдісін жүргізген кезде емдік дәрілер ертінділерін қолданудың реттілігін сақтауға жақсы мүмкіндік туғызады.


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 185; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!