Сипап тексеру (ощупывание или пальпация - palpacio ) 10 страница



 

3.11.Түбір өзегінің ұзындығын электрометриялық әдіспен анықтау

 

Стоматологияның қазіргі даму кезеңінде тәжірибелік стоматологияда ұлпа және периодонт қабынуларын нәтижелі емдеу үшін, осыған байланысты түбір өзегінің ұзындығын және өту деңгейін анықтау үшін электрометриялық әдіс қолданыла бастады.

Бұл әдіс тіс тіндерінің және ауыз іші жұмсақ тіндерінің электрқарсыластығын анықтауға негізделген. Бұл әдісті рентгендік тексеру әдісін қолдануға мүмкіндік болмаған және бұл әдіске қарсы көрсетілімдер болған жағдайларда кең қолдануға болады. Осы мақсатта шағын портативті (тасуға жеңіл) Formatron-4 электронды апекс-локатор қолданыс тапты. Бұл аппарат түбір өзегін өту деңгейін өзекке енгізілген аспаптың ұшы мен түбірұшы тесігінің ара қашықтығын анықтау (миллиметр бөлінділерімен) нәтижесінде көрсетеді және көрсеткіш сәулелік таблода жазылады.

3-cурет.  Апекслокатор.
Аппаратпен жұмыс істеу тәсілі төмендегідей: түбір өзегін өтуге арналған аспап (түбір инесі немесе түбір бұрғысы – ример) өзекке тірелгенге дейін енгізіледі. Содан кейін аппараттың бір электроды емделушінің ерніне, екіншісі эндодонттық аспапқа бекітіледі. Таблода түбір өзегінің түбірұшы тесігіне дейін қалған бөлігін көрсететін сан шығады (мм-мен белгіленген). Егер аспап түбірұшы тесігіне дейін жеткен болса, тіннің электрқарсыластығының төмендеуі нәтижесінде дыбыстық және сәулелік белгі пайда болады. Эндодонттық аспап түбірұшы сыртына шығып кетсе, таблода «Е» әрпі жазылады және сары жарық жанып, дыбыс белгісі беріледі.

Апекс-локатормен жұмыс істеген кезде өзекте тірі ұлпа, электр тоғын жақсы өткізетін ерітінділер (натрий гипохлориті, ЭДТА) болмауы керек және электрод сілекеймен, ауыздағы металды қондырғылармен жанаспауы тиіс.

3.12.Биологиялық әдіс

 

Бұл әдіс диагноз қою үшін тікелей тірі тіндерді кесіп алып микроскопиялық зерттеуден өткізуге негізделген. Биопсиялық әдіс басқа әдістер арқылы аурудың диагнозын нақтылау мүмкіндігі азайған кезде қолданылады. Бұл әдісті қолдану үшін диаметрі 5-6 мм тін бөлшегі жеткілікті. Материал тірі тіндерден алынатын болғандықтан, алдын ала инфильтрациялық жансыздандыру әдісін қолданып, құрамы жарақат ошағын және төңірегіндегі өзгермеген тіндерді қамтитын тиісті көлемді тін бөлшегін кесіп алып, арнаулы бекітуші ерітіндісі бар шыны құтыға салып, гистологиялық зерттеуге жібереді. Егер жарақат ошағы шағын көлемді болса, оны түгел кесіп алған соң (тотальды биопсия) жібереді.

Бактериологиялық зерттеу. Бұл әдіс кілегейлі қабық бетіндегі жарақат ошақтарынан (эрозия, жара, тілік, қақ) қырып алынған материалдарды микроскопиялық зерттеуден өткізіп, микробтар түрлерін, құрамдарын анықтауға арналған. Терапиялық стоматологияда ауыздың кілегейлі қабық ауруларының біразы белгілі бір қоздырғыштар әсерінен дамитыны белгілі (саңырауқұлақтар, бозғылт трепонема, Кох таяқшлары, фузоспирохеталар).

 Зертханалық тәжірибеде нативті (боялмаған) және бектіліп боялған препараттарды микроскопиялық зерттеуден өткізеді. Зерттеу жүргізуге қажет шынылардың қалыңдығы 1-1,2 мм мөлдір, таза және майсыздандырылған болуы керек. Алдымен оларды натрий бикарбонатының 1% ерітіндісіне қайнатып, су, тұз қышқылымен және тағы бір рет сумен шайып, арнаулы банкілерде 95% этил спирті мен эфир қоспасында сақтайды. Жиірек қолданылатын әдіс – бекітілген препараттарды зерттеу. Бұл әдіс көбінесе ауыз кандидозын дәлелдеу үшін Candida тектес саңырауқұлақтарды анықтау үшін қолданылады. Бұл саңырауқұлақтар ауыз ішінде аз мөлшерде дені сау адамдардың 50%-да сапрофит ретінде кездеседі.

Зерттеу үшін материал ашқарынға, тістерін тазаламай тұрып алынады және белгілі бір ереже сақталуы тиіс: 1) материал алғанға дейін ешқандай дәрілер ерітіндісімен ауызды шаюға болмайды; 2) материал алынар алдында науқас аузын жылы сумен ғана шаюы керек; 3) егер жара болса оның бетін зарарсыздандырылған мақта анжымен сүртіп тазалап алады; 4) материалды жарақат ошағының терең аймағынан алған дұрыс. Қақты зерттеу қажет болса, оны қалақшамен қырып алады; 5) алынған материалды кептіріп барып, бекітеді және бірден бояйды немесе жеделдетіп зертханаға жібереді; 6) қажет болса, арнаулы ортаға себу шараларын да тікелей емдеу бөлмесінде орындап, материалды зертханаға жібереді.

Егер препаратта бірен-саран саңырауқұлақ жасушалары табылса, олар ауру қоздырушы болып есептелінбейді. Бұл жағдай тек саңырауқұлақ тасушылық болып саналады. Саңырауқұлақ жасушаларының өте көп болуы, бүршіктене бөлінуі (почкование), мицелий мен жалған мицелийлердің көбеюі – ауру тудырғандығының дәлелі болып саналады.

Қараңғы ортада микроскопиялық әдіспен препаратта бозғылт трепонеманы анықтау – біріншілік мерез кезеңін серологиялық реакцияларсыз да дәлелдей алады. Себебі біріншілік мерез (берішті шанкр-сифилома) кезінде серологиялық реакция сифилома шыққаннан кейін 2-3 жетіден соң ғана оң болады. Екіншілік мерез кезінде папулалар мен эрозиялар бетінен алынған материалда бозғылт трепонемалар көптеп кездеседі.

Қызылиек пен ауыз кілегейлі қабығының өліеттеніп-жаралана қабынуы кезінде (гингиво-стоматит Венсана) 100% жағдайда фузобактериялар мен спирохеталар (фузоспирохетоз) басқа микробтармен салыстырғанда басым болады. Бактериологиялық зерттеулер емдеу шараларының нәтижесін бағалау үшін де қолданылады.

 

3.13. Серологиялық зерттеу әдістері

Бұл әдістер иммундық жүйенің жауабына сай науқастың қан сарысуында белгілі бір антиген немесе антиденені табуға, сонымен қатар идентификациялау мақсатында микроорганизмдер немесе тіндер антигендерін анықтауға негізделген.

Вассерман реакциясы (комплементті ұйыту реакциясы), Кан және цитохольды реакциялар (шөктіру реакциялары) мерез ауруын анықтау үшін қолданылады.

Серологиялық зерттеулердің көмегімен ЖИТС (СПИД) туындататын вирус (вирус иммунодефицита человека – ВИЧ) жұққан адамдарды анықтайды.

Бруцуллез ауруы туралы күдік туса, Райт немесе Хаддлсон серологиялық реакцияларын, ал туберкулез ауруына күмән болса, Пирке және Манту сынамаларын қолданады.

 

3.14.Аллергиялық зерттеулер

 

Дәрі әсерінен дамыған аллергияны нақтылау – ең күрделі шаралардың бірі және ол клиникалық симптомдармен білінетін аллергиялық реакцияның дамуына байланысты.

Дәріден туындаған аллергиялық ауруларды нақтылау төмендегі әдістердің көмегімен жүзеге асырылады. Олар: аллергологиялық анамнез жинау, терілік және арандатушы сынамалар (провокационные пробы) қою, зертханалық зерттеу әдістері (спецификалық және спецификалық емес тестілер).

Аллергологиялық анамнез жинау аллергиялық тексерудің – бірінші кезеңі және оған үлкен мән берілуі керек. Науқасты сұрап тексеру кезінде ертеректе аллергиялық аурулармен науқастың өзінің және ата-анасының, туыстарының ауырғаны-ауырмағаны туралы толық мәлімет алу керек. Сонымен қатар кейбір тағамдарға, өсімдіктер тозаңына, химиялық заттарға, жануарлар жүніне, ұсақ жәндіктердің шағуына, иіссуларға, иісмайларға, далаптарға, протездік материалдарға жоғары сезімталдығы бар-жоғын да анықтау қажет.

Науқастың бойындағы созылмалы аурулары (тері және тырнақтар эпидермофитиялары мен трихофитиялары, ревматизм, асқазан-ішек жолы, бөліп-шығару жүйесі аурулары, эндокриндік), түрлі дәр-дәрмектерді қабылдау ұзақтығы және оның себептері туралы толық мәлімет алған да тиімді болады.

Аллергологиялық тексерудің (зерттеудің) екінші кезеңі – аллергия туындатты деген дәрілер және заттармен терілік арандатушы сынамалар жасау.

Терілік сынамалардың бірнеше түрлері бар: бастырмалық (аппликационная), тамшылық (капельная), скарификациялық (тырнамалық) және теріішілік (внутрикожная).

Терілік сынамалар қаншалықты дұрыс тәсілмен жүргізілгенімен, бірде жалған оң, бірде жалған теріс болуы мүмкін. Жалған оң сынамалар кейбір дәрілерді қолдануды негізсіз шектейді, ал жалған теріс сынамалар күдік туғызған дәріні кезекті қабылдаудан кейін аллергиялық реакцияның дамымауына кепіл бола алмайды.

Терілік сынамаларды арнаулы дайындықтан өткен медицина қызметкерлері амбулаториялық және стационарлық жағдайда жүргізеді.

Тікелей жүргізілетін терілік сынамалармен қатар тікелей емес терілік сынамаларды (тестер) қолдануға болады (Прауснитц-Кюстнер, Кеннеди, Урбаз – Кенигштейн сынамалары). Бұл сынаманы жүргізу тәсілі төмендегідей: науқас қанының сарысуын дені сау реципиентке тері ішіне енгізеді. Антиденелердің (реагиндердің) тері жасушаларына бекуіне қажетті уақыт өтті-ау деген кезде осы аймаққа тексерілетін аллерген енгізіледі.

Терілік сынамаларды жүргізген кезде науқаста жедел дамитын аллергия болса, сарысу және аллерген енгізілген тері аймағында қызару және инфильтраттану ошағы пайда болады.

Арандатушы сынамаларды жергілікті ошақты реакция (жауап) алу үшін аурудың ремиссиялану сатысы кезінде жасаған тиімді. Стоматологиялық тәжірибеде төмендегі арандатушы сынамаларды қолданады:

· тіласты сынамасын: аллергенді тіл астына енгізеді де, кілегей қабықтың өзгеруін бақылайды;

· лейкопениялық сынама: аллергенді енгізгеннен кейін 20-40 минөт өткен соң науқас қанындағы лейкоциттерді санайды; 1 мм3 қанда лейкоциттер санының 1000 жасушадан көбірек азаюы күмәнді аллергенге сенсибилизацияланудың орын алуының көрсеткіші деп санауға болады;

· тромбоцитопениялық индекс: шеткейлік қан айналымында антиген-антидене кешенінің әсерінен тромбоциттердің агглютинациялануға ұшырауы нәтижесінде антиген енгізгеннен кейін сандарының азаюына негізделген.

Аллергологиялық тексерудің келесі кезеңі – зертханалық зерттеулер (серологиялық немесе иммунологиялық зерттеулер, жасушалық реакциялар). Спецификалық антиденелерді анықтау үшін мына серологиялық реакциялар қолданылады: Уна ұсынған микропреципитаттану, гельде микропреципитаттану, тікелей емес гемагглютинациялану, комплементті байланыстыру реакциялары.

Әртүрлі текті антигендерге сенсибилизациялануды анықтайтын спецификалық емес тесттерге төмендегілер жатады:

·   терілік және мукоздық сынамалар;

·   жасушалық тестер: лейкоцитолиздену реакциясы, нейтрофильдердің бұзылу көрсеткіші, лейкоциттердің агломерациялану реакциясы, тромбоциттердің агглютинациялану индексі, базофильдердің дегрануляциялану реакциясы (Шелли тесті) және т.б.

 

3.15.Стоматологиялық науқастың медициналық картасы

 

Стоматологиялық науқастың медициналық картасы - № 43У тіркеу үлгісі (учетная форма) медициналық және заңды құжат. Мұнда науқастың төлқұжатының мәліметтері, аурудың нақтылы диагнозы, жүргізілген емдеу шаралары, оның нәтижесі тіркеледі және бірнеше бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлім – төлқұжаттың бөлімі. Бұл бөлім науқас ең алғаш стоматологиялық емдеу мекемесіне (емханаға немесе клиникаға) келген кезде тіркеу бөлмесінде (бөлімінде) толтырылады.

«Диагноз» графасын науқасты толық сұрап, қарап, тексеріп және қосалқы тексеру әдістерінің нәтижелеріне сүйене отырып дәрігер-стоматолог толтырады.

«Анықталған аурудың дамуы (развитие настоящего заболевания)» графасын аурудың даму тарихын немесе ауру анемнезін жинау негізінде толтырады және қосалқы тексеру әдістерінің қорытындыларын толық тіркейді.

Арнаулы бөлім ауруды емдеу жоспарына арналған және жүргізілуге тиіс кешенді емдеу әдістерінің барлығы (хирургиялық, ортопедиялық әдістерді қоса) көрсетіледі.

Картаның «Күнделік – дневник» бөлімінде жүргізілген емдеу шаралары, олардың нәтижесі қысқаша және анық сипатталады.

Медициналық карта заңды құжат болғандықтан тіркеу бөлімінде 5 жыл сақталады да белгіленген уақыт озған соң мұрағатқа тапсырылады.

Тістерді қарап тексеру нәтижесін тіркеудің оңтайлы және қысқа болуы үшін арнаулы тістерді белгілеу үлгісін (зубная формула) толтырады. Тістерді белгілеу үлгісінің бірнеше жүйесі бар. Ертеректе қолданылып келгені – Зигмонди ұсынған австралиялық үлгі. Бұл үлгі бойынша екі жақ сүйектерін түзулер арқылы төрт шаршыға бөледі. Көлденең түзу тістердің жоғарғы және төменгі жақ сүйектеріне тік түзу олардың оң және сол жақ бөліктеріне жататындығын көрсетеді.

         

Тістерді белгілеудің Зигмонди ұсынған жүйесі

8 7 6 5 4 3 2 1 1 2 3 4 5 6 7 8
8 7 6 5 4 3 2 1 1 2 3 4 5 6 7 8

тұрақты тістер

V  IV  ІІІ ІІ І І ІІ ІІІ IV V
V  IV  ІІІ ІІ І І ІІ ІІІ IV V

уақытша тістер (сүт тістер)

Әрбір шаршыға тістердің жақ сүйектің оң және сол жақ жартысында орналасу реттілігін көрсететін сандар тіркеледі және тұрақты тістер араб сандарымен, ал уақытша тістер рим сандарымен белгіленеді. Мысалы, үлгісі немесе шаршысы жоғарғы сол жақтағы бірінші күрек тісті көрсетсе, үлгісі төменгі сол жақтағы екінші уақытша азу тісті көрсетеді.

Тістер үлгісінің Хадруп ұсынған даниялық жүйесі. Бұл жүйеде тістер реттілігі Зигмонди жүйесіндегі сандармен белгіленеді. Ал жоғарғы жақ тістерін сандық көрсеткіштің қасына «+» белгісін, ал төменгі жақ тістерін «-» белгісін қою арқылы көрсетеді. Егер белгі санның алдына қойылса, оң жақ тіс екендігін, ал саннан кейін қойылса, сол жақ тіс екендігін көрсетеді. Мысалы, «+4» үлгісі жоғарғы оң жақтағы бірінші кіші азу тісті, «6-» үлгісі төменгі сол жақ бірінші үлкен азу тісті көрсетеді.

 

Тістер үлгісінің (формуласының) американдық жүйесі

 

1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16
332 31 30 29 28 27 26 25 24 23 22 21 20 19 18 17

Бұл жүйе бойынша жоғарғы тістер үлгісін құруды тістер қатарын көріп тексеру басталатын жоғарғы оң жақ үшінші үлкен азу тісті «1» санымен белгілеуден бастап, келесі тістерді өсіп отыратын сандар реттілігімен көрсетіп 16 санымен аяқтайды да, төменгі жаққа ауысады. Төменгі сол жақ үшінші үлкен азу тісті 17 санымен көрсетуден бастап, тістер реттілігін сақтап, тіс қатарын төменгі оң жақ үшінші үлкен азу тісті «32» санымен көрсетумен аяқтайды.

 

Тістер үлгісінің (формуласының) ДДҰ (ВОЗ) ұсынған жүйесі

 

18 17 16 15 14 13 12 11 21 22 23 24 25 26 27 28
48 47 46 45 44 43 42 41 31 32 33 34 35 36 37 38

Зигмонди жүйесіне негізделген бұл жүйе екі жақ сүйекті 4 шаршыға бөледі де, тістердің реттілік санының алдына шаршының нөмірін қояды.


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 294; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!