Сипап тексеру (ощупывание или пальпация - palpacio ) 6 страница



Кіреукеге әртүрлі органикалық және бейорганикалық заттардың өту жолдары және оның механизмі әлі дәлелденбеген.

Көптеген ғалымдар әртүрлі иондар мен аниондар кіреукеге тіс сауытын қоршап жатқан ауыз сұйықтығы мен ұлпаның жасуша аралық сұйықтығының осмостық қысымының әртүрлі болуы нәтижесінде өтеді деп ұйғарады. Сілекей тіндік сұйықтыққа қарағанда фосфаттарға, кальций иондарына және басқа иондарға бай болғандықтан олар сілекейден кіреукеге қарай ауыса жылжиды. Бұл үрдіс өте күрделі болып саналады және көп жағдайда әртүрлі ықпалдардың әсеріне (ерітіндінің концентрациясы, ферменттердің белсенділігі, ортаның жағдайы, тіске түсетін шайнау күштері) тәуелді болады.

Тіс кіреукесінің жетілуі (созревание эмали). Бұл термин онтоғызыншы ғасырдың соңғы жылдары ғана қолданыла бастады (шетелдік әдебиеттерде ертеден кездеседі) және шешімін табу көптеген зерттеулерді қажет ететін мәселеге айналды.

Кіреукенің жетілуі деп оның қаттылығының, қалыпты құрылымының және физико-химиялық қасиеттерінің толыққанды болып қалыптасуына керекті құрамындағы кальцийдің, фосфордың, фтордың, басқа да компоненттер мөлшерінің қажетті деңгейге жетуімен сипатталатын маңызды физиологиялық үрдісті айтады.

Кіреукенің жетілуі туралы мәселемен Ресейдің ғалымдары өткен ғасырдың 80-жылдары айналыса бастады (Леонтьев В.К. және б.). Оған себеп болған тіс тіндерінің тіс шыққаннан кейін өзгерістерге жиі ұшырауы және кіреукенің көбірек ұшырайтындығы, жасы ұлғайған адамдардың тістерінің қатты болуы және әртүрлі қышқылдарда тез ерімейтіндігі де бұл мәселеге қозғау салды. Көптеген зерттеулер жас өскен сайын кіреуке мен дентиннің минералдық құрамы мен құрылысы өзгеріске ұшырайтынын дәлелдеді. Ертеректе бұл тіндердің химиялық құрамының өзгеруі минералды тұздардың ұлпа арқылы келуімен байланысты деген ұғым басым болған. Қазіргі кезде кіреукенің минералды құрамының өзгеруі сілекейден келетін әр түрлі заттармен байланысты екені, тіс шыққаннан кейін де кіреукеде кальций мен фосфордың жинақталатыны дәлелденді. Тіс шыққаннан кейінгі алғашқы бір жылда кальций мен фосфор кіреукенің барлық қабатында жинақталады. Ал одан кейін фосфордың, ал үш жылдан соң кальцийдің жинақталуы баяулайды.

Кіреукенің жетілуінде фтордың маңызы зор және тіс шыққаннан кейін де тістің қатты тіндерінде оның мөлшері жоғарылайды. Тіс тіндеріне қосымша фтор енгізсе, кіреукенің қаттылығы жоғарылайды және қышқылда ерігіштігі төмендейді. Ваннадий, молибден және стронций сияқты микроэлементтер де кіреукенің жетілуіне үлкен ықпалын тигізеді. Егер кіреукенің беткей қабатында кальцийдің, фосфордың және фтордың мөлшері жеткілікті болса, ондай тістің тісжегіге сирек ұшырайтыны дәлелденген.

Кіреукенің жетілу механизмі әлі толық зерттелмеген. Кейбір болжамдарға жүгінсек, бұл кезде аппатит кристалдық решеткалары жиілеп, микрокеңістіктер одан да кішірейіп, кіреукенің тығыздығы жоғарылайды. Кіреукенің жетілуі туралы мәліметтердің тісжегінің алдын алу шараларын жүргізуде және оның тиімді әдістері мен оңтайлы уақыттарын таңдауда маңызы зор.

Ішетін суда фтордың мөлшері аз болса, кіреукенің жетілуі кезінде фтордың тиімді мөлшерін іштей қабылдаған және тіс тіндеріне сіңіре (фторлы ерітінділермен ауызды шайқау, тістерді фторлы пастамен тазалау сияқты) пайдаланған тиімді.

Кіреукенің өміршеңдігі (жизненность эмали). Кіреукенің өміршеңдігі туралы мәселенің де үлкен маңызы бар. Он тоғызыншы ғасырдың аяғынан жиырмасыншы ғасырдың басына дейін кіреукені тірі тіндер қатарына жатқызбаған. Өткен ғасырдың 40-50 жылдарында И.Г. Лукомскийдің, А.Э. Шарпенактың зерттеулерінің нәтижесінде кіреуке «тірі тін» деген ұғым қалыптаса бастады. Оған негіз болған – кіреукеде де тірі тіндерге тән зат алмасуы жүреді және белокты компоненттері жаңарып отырады деген дәлелдердің келтірілуі.

Ал 50-жылдардан бастап кіреукенің құрылысын, ондағы үрдістерді зерттеу нәтижесінде кіреукеге биологиялық зат алмасу тән емес, ондағы үрдістер тек физико-химиялық заңдылықтарға бағынады деген болжам қалыптасты. Кіреукеге органикалық және бейорганикалық заттар ұлпа арқылы, сілекей арқылы келетіні және оның құрамындағы белок молекулаларының жаңармайтындығы анықталған.

 

 

ТАРАУ

3.1.Терапиялық стоматологияда стоматологиялық

науқасты тексеру әдістері

 

Стоматологиялық науқасты клиникалық тексерудің негізгі мақсаты – дәрігер-стоматологқа келген адамның ауруын дұрыс анықтап, тиімді емдеу әдісін таңдап алу және оны жоғары деңгейде жүргізу. Стоматологиялық науқасты тексеру жалпы медициналық қағидаларға негізделе отырып жүргізіледі және бет-жақ аймақтары ағзаларының жағдайын тексеру науқасты жалпы тексерудің маңызды бір тізбегі болып саналады.

Стоматологиялық науқасты тексеру барысында аурудың диагнозын нақтылау үшін көптеген әдістер қолданылады. Олардың әрқайсысының да үлкен маңызы бар. Дегенмен белгілі бір аурудың диагнозын анықтауда маман-дәрігердің біліктілігі басты рөл атқаратындығы дау тудырмайтын ақиқат. Сондықтан стоматологиялық науқасты тексеру әдістерін шартты түрде екі топқа бөлуге болады:

· негізгі тексеру әдістері;

· қосалқы тексеру немесе арнаулы тексеру әдістері.

Негізгі тексеру әдістеріне сұрап және қарап немесе көріп (объективтік) тексеруді жатқызуға болады, ал қосалқы немесе арнаулы тексеру әдістеріне арнаулы аппараттармен жүргізілетін (электрометриялық, рентгендік) зертханаларда орындалатын зерттеулерді (биохимиялық, микробиологиялық, иммунологиялық, цитологиялық, гистологиялық), арнайы сынамаларды (гистаминдік, термометриялық, аллергиялық және т.б.) жатқызуға болады.

Сұрап тексеру немесе науқастың жайын сұрау (ауру анемнезін жинау). Сұрап тексеру (опрос, расспрос) арқылы науқастың негізгі шағымдарын, ауруының даму себептерін, ағым ерекшеліктерін, бұдан бұрын жүргізілген емдеу әдістері мен шаралары , олардың нәтижелілігі туралы мәлімет алудың негізін қалаған белгілі орыс дәрігері Г.А. Захарьин.

Сұрап тексерудің ең маңызды кезеңі – науқастың шағымын анықтау. Оның жолдары әр түрлі: бірде науқасқа бір сұрақ қойып қана ауруы туралы көптеген дәлелді мәлімет жинауға болады. Аз сөйлейтін адам болса, белгілі бағытта сұрақтар қоя отырып, алынатын жауапты кеңірек өрбітуге болады.

Ауыз іші ағзалары ауруларының ерекшелігіне қарай науқас адам көбіне әр түрлі ауыру сезімінің мазалайтынына шағымданады. Негізгі ауруға байланысты ауыру сезімдері де әр түрлі болып келеді. Дәрігер-стоматолог ауыру сезімдерінің сипаттамасын (характеристика болевых ощущений) жақсы білуі керек.

Тістің қатты тіндерінің тісжегіден басқа жарақаттары кезінде ауыру сезімі аса көп мазаламайды. Мазалаған күнде де ауыру сезімдері көбіне әр түрлі тітіркендіргіштердің ықпалынан туындайды. Тісжегі кезінде де ауыру сезімі әр түрлі әсерлерден (химиялық, температуралық) дамиды және тез басылады, ал ұлпаның, периодонттың қабынулары және басқа қабынбалы аурулар кезінде ауыру сезімі өздігінен де туындайды және ұзаққа созылады немесе толастамайды. Бірінші жағдайда ауыру сезімін себепті (причинная боль) , екінші жағдайда себепсіз (безпричинная боль) немесе өздігінен туындайтын ауыру сезімі (самопроизвольная боль) деп атайды. Өздігінен дамитын ауыру сезімдері ұзақтығына қарай толастап барып, үздік-үздік қайталайтын немесе қозбалы (прерывистая или приступообразная боль) және толастамайтын (непрерывная или постоянная боль) болып екіге бөлінеді. Өздігінен дамитын ауыру сезімінің тұлғалық (индивидуальдық) ерекшелігін анықтау аурудың диагнозын нақтылауға (салыстырмалы-диагностикалық мақсатта) үлкен көмегін тигізеді. Ауыру сезімінің тұлғалық түрлері немесе әр түрлі ағзалардың әр түрлі ауруларына тән түрлері: қақсап ауыру (), сыздап ауыру (ноющая боль), солқылдап ауыру (пульсирующая боль), ашып ауыру (обжигающая боль), шаншып ауыру (колющая боль), жұлқылап ауру (дергающая боль), тырнап ауру (щемящая боль), сырқырап ауру (). Ауыру сезімі жайылу ерекшелігіне қарай шектелген (локализованная боль) және нерв тармақтарының бойымен жайылған жағдайда таралмалы ауыру (иррадирующая боль) болып ажыратылады.

Егер ауыру сезімі шектелген болса (ұлпаның жедел жартылай қабынуына, пародонттың жедел шектеле қабынуына, периодонттың жедел қабынуы, уыттану сатысына тән) науқас ауру ағзаны немесе аймақты дұрыс көрсете алады, ал таралған ауыру сезімі кезінде (ұлпаның толық жедел және іріңді қабынулары, созылмалы қабынулардың өршуі, үштік нерв невралгиясы және тармақтарының қабынуы кезінде) ауру ағзаны дұрыс көрсете алмауы мүмкін. Осындай кездерде науқастың шағымын негізге ала отырып, аурудың объективтік белгілеріне үлкен мән берген жөн. Аурудың диагнозын нақтылау үшін өздігінен дамитын ауыру сезімінің қарқындылығы (интенсивность), ұзақтығы (продолжительность) және шектелу-шектелмеуі (шектелген- локализованная) мен қатар тәуліктің қай кезінде көбірек мазалауын анықтаудың да маңызы бар. Мысалы, көптеген аурулар кезінде (ұлпаның жедел қабынулары, пародонттың жедел қабынуы, периодонттың жедел қабынуы, созылмалы қабынулардың өршуі) ауыру сезімі түнде көбірек қозады және күшейеді. Ал үштік нерв невралгиясы кезінде ауыру сезімі тек күндіз ғана туындайды. Науқастың негізгі шағымдарын анықтап алғаннан кейін аурудың даму анамнезін (anamnesis morbi) немесе даму ерекшелігі туралы мәліметтер жинау керек. Бұл мәліметтер де мақсатты бағытта сұрақтар қою арқылы анықталады. Кейде біршама мәліметтерді науқастың өзі сұрақ қойылмай тұрып та бере алады. Бұл мәліметтер аурудың туындау себебін, даму ұзақтығын, сол кездегі жалпы жағдайын, негізгі ауруының бойындағы ілеспелі созылмалы аурулармен байланысын (асқорыту жолдары, ішкі бездер, жүйке жүйесі, жүрек-қантамыр жүйесі, тері, зәр шығару жүйесі), әртүрлі асқынуларын, жүргізілген емдеу шараларын және олардың нәтижелерін қамтуға тиіс.

Науқастың шағымын дұрыс талдау арқылы дәрігердің басында аурудың диагнозы және оның себептері туралы болжам туады. Науқаспен әңгімелесу немесе жай сұрау кезінде оның балалық кезеңі, ер жетуі, кәмелетке келуі, еңбек етуі жайлы (өмір тарихы) немесе өмір анамнезі (anamnesis vitae) туралы мәліметтер де жинаған жөн. Оны анықтау арқылы аурудың тұқым қуалаушылығын (наследственная болезнь), мамандықпен байланысын (профессиональная болезнь), туа дамығанын (врожденная болезнь) немесе жүре дамығанын (приобретенная болезнь), ауыз іші тазалығын сақтаумен байланысын анықтауға мүмкіндік береді. Науқасты сұрап тексеру немесе жайын сұрау – дәрігердің күнбе-күнгі емдеу тәжірибесінде қолданылатын үдеріс. Бұл әдісті белгілі бір-ақ бағытпен немесе шеңбермен шектеуге болмайды. Ол әсіресе дәрігердің біліктілігіне байланысты. Жай сұрау дәрігер мен науқас бір-бірін жақсы түсіну жағдайында орын алса (дәрігерлік этика сақталса) , ол өзінің нақтылы жемісін береді деп сенуге болады.

Дегенмен, ауыру сезімін анықтаудың аурудың диагнозын қоюда аса бағалы көрсеткіш екенін түсіне отырып, әрбір адамның оны қабылдау деңгейіне (на степень восприятия боли) жүйке жүйесінің қозғыштығы, психологиялық аффекттер (психологические аффекты), шаршау және т.б. әсерін тигізетінін ескере отырып, қарап тексеру әдісінің де зор маңыздылығына ерекше тоқталуға болады.

Қарап немесе көріп тексеру әдісі.

Қарап тексеру (осмотр больного) объективтік тексеру әдісіне жатады. Негізінде қарап тексеру (осмотр), көзбен көріп жадыда ұстау, сүңгілеп, қағып және сипап тексеру әдістерінен тұрады.

Ауыз ағзалары мен тіндерін қарап тексеру.

Көріп тексеру әдісінің негізгі мақсаты –дәрігер-стоматологқа шағым айта келген адамның бет-жақ аймағындағы патологиялық үрдісті анықтау.

Көріп тексеру белгілі қалыптасқан жүйемен (схемамен) жүргізіледі: а) сырттай тексеру (внешний осмотр); б) ауыз ағзаларын және тіндерін тексеру (осмотр органов полости рта). Стоматологиялық науқасты күндізгі жарықта немесе жақсы жасанды жарық берілген бөлмеде тексерген қолайлы.

Сырттай тексеруді бет пішінін көріп тексеруден бастайды және бет пішінінің тепе-теңдігіне (симметриялылығына), ондағы домбығу, ісіну, жаңа құрылымдардың пайда болып тепе-теңдіктің бұзылуы сияқты үрдістерге, бет терісінің түсіне, мұрын-ерін қатпарларының дұрыс орналасуына, беттің әр бөлігінің биіктігіне, ерін жиектерінің түсіне, бөгде құрылымдардың бар-жоқтығына үлкен мән береді.

Беттің екі жағының тепе-теңдігінің (симметриялылығының) бұзылуы көп жағдайларға байланысты. Бет-жақ аймағындағы әр түрлі қабыну үрдістері, әртүрлі ісіктер мен домбығулар (Квинке домбығуы, коллатеральды домбығу), жұмсақ және қатты тіндердің жарақаттан зақымдануы кезінде бет пішінінің өзгеруі (асимметриялылығы) байқалады. Сонымен қатар ішкі бездер қызметінің бұзылысы кезінде де (микседема, акромегалия) қалыпты тепе-теңдік бұзылады. Қалқанша бездің қызметі жоғарылаған кезде көз алмалары сыртқа теуіп (экзофтальм), аталмыш бездің көлемі ұлғайып, құстың жемсауына ұқсайды (зоб, Базед ауруы).

Бет әлпетін қарап тексергенде тері бетінің түсіне, рельефіне (бетіндегі ірілі-ұсақты құрылымдарға) мән берген жөн. Егер науқас ауыздың кілегейлі қабығындағы өзгерістер немесе бөртпелерге шағым жасаса, дененің басқа аймақтарындағы теріні де мұқият тексеріп шығу керек. Себебі, көптеген тері аурулары кезінде ауыздың кілегейлі қабығымен қатар көздің және мұрынның кілегейлі қабығы да жиі жарақаттанады.

Науқастың бет әлпетін мұқият тексеріп алғаннан кейін ауыз қуысын немесе ауыз ішін көріп тексеруге кіріседі және оны еріннің қызыл жиектері мен езуден бастайды. Жоғарғы және төменгі ерін жиектерінің түсі ашық- қызыл, алқызыл және бозғылт-қызғылт түсті болып келеді. Көбінесе ол адамның нәсіліне, қан тамырларының орналасу деңгейіне де байланысты болады. Қалыпты жағдайда еріндер жиегі таза, жақсы майланған, сондықтан көп құрғамайды. Кейбір адамдарда ұсақ май бездері өте беткей орналасуы мүмкін. Бұл жағдайда олардың май бөлу қызметі жоғарылап, бездер денешіктері ұлғаяды және мүйізгектенетін эпителий қабаты астында ұсақ ақсары түйіршіктер түрінде орын аладыі немесе топтаса орналасып, ақшыл-сұр немесе ақшыл-сары түсті аймақтар құрайды. Мұның өзі кейде косметикалық ыңғайсыздық туғызуы мүмкін және олар патологиялық құрылымдар ретінде қабылданады (лейкоплакия, қызыл жалпақ теміреткі).


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 212; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!