Концептуалды метафора теориясы 6 страница



Сонымен, лингвистикалық түсінікте концептіні үш тұрғыда қарастыруға болады: біріншіден концептінің құрамына мағынасы ұлттық тілдік сананың мазмұнын беретін, тілді тұтынушыға тән «балаң дүние бейнесін» сипаттайтын лексемалар кіреді, бұлар ұлттың мәдениетін жинақтаған тілдің концептосферасын құрайды, зерттеудің бұл бағыты лексикалық семантика арқылы дүниені концептуализациялау нәтижесінде жүргізіледі, негізгі зерттеу құралы – концепт семантикасының базалық компоненті анықталатын концептуалдық модель болып табылады. Екіншіден, біршама тар аяда концептіге белгілі бір этномәдениет өкілдерін сипаттайтын семантикалық білім жатқызылады. Мұндай концептілер жиынтығы өзіндік құрылымға ие семантикалық кеңістік ретіндегі концептосфера түзе алмайды, бірақ белгілі бір семантикалық кеңістікте концептілік ая жасайды Сондай-ақ, концептілер қатарына саны жағынан белгілі, шектеулі семантикалық білімге негізделген ұлттық менталды ұғымдар жатқызылады. Оның қатарында жан, шындық, еркіндік, бақыт, махаббат тәрізді метафизикалық концептілер бар.

 

2. Когнитивті лингвистиканың негізгі міндеттері

Когнитивті лингвистиканың алдына қойған міндеттері:

1. Дүниені игеру және тану процесіндегі тілдің ролі;

2. Дүние туралы ақпаратты қабылдау, жалғастыру(тасымалдау), қайта өңдеу;

3. Білімді концептуализациялау, категоризациялау, мәдени константтарды тілдік категоризациялау және концептуализациялау;

4. Концептосфераны жасайтын әмбебап концептілердің жүесін жасау;

5. Тілдік дүние бейнесі проблемасы.

Когнитивті лингвистика тілдік талдауларды сөйлеу түрлерін, белгілі бір лексемалар қолданылып тұрған контекстерді, мәтін деңгейінде концептілердің танылуын, концепт көрініс беретін фразеологизмдерді, мақал мәтел, афоризмдерді, олардың сөздіктердегі мағыналарын талдаумен толықтырады.

 

3. Мәтіннің семантикалық кеңістігі

Көркем мәтін шындық өмірді жеке (индивидуалды) таным тұрғысынан бейнелейтін дүниенің образды бейнесі болып табылады. Бұның өзі оның оқырманға бірдей түсінікті болу, қабылдану проблемасын жоққа шығармайды. Әрбір оқырманның (реципиенттің) дүниені тану, бағалаудағы дара түсінімдерінің бар екенін, сондай-ақ реципиент тезаурусының автор тезаурусымен сәйкесе бермеу мүмкіндігін ескерсек, белгілі бір мәтіннің қабылдануы барлық уақытта бірдей деңгейде бола бермейтіні анықтала түседі. Мәтіннің ұғынықты болуында тек сөйлеуші ғана емес, тыңдаушы мүддесі де ескерілуі тиіс.

Мәтін сөйлеудің біршама күрделі бірлігі ретінде өзін құрайтын элементтердің (сөз, сөйлем, сөз тіркесі) мағынасынан бөлек сападағы ұғымды береді. Мәтінді мағыналық қабылдау жеке сөздерді таңбалық қабылдаудан, олар арқылы берілетін тұтас мағынаны қабылдауға дейінгі деңгейлік саты арқылы жүзеге асырылады. Мәтінді түсінуге қиындық келтіретін жағдаяттар ретінде зерттеушілер диалектизмдерді, көнерген сөздер мен неологизмдерді, тар аядағы кәсиби терминдерді атайды [193]. Реципиенттің жеке сөздер мен сөз тіркестерін түсінбеуі оның тұтас мәтінді ұқпауына әкеп соқтыруы мүмкін. Соған қарамастан реципиент мәтіннің жалпы не жайында екенін пайымдай алады. Жеке элементтері түсініксіз «бұзылған» мұндай мәтіндерді оқырман өзінің варианттарын ұсына отырып, жаңғырта қабылдайды, қалпына келтіруге тырысады. Кез келген мәтінді қабылдау барысында оқырманның онымен эквивалент бола алтындай мағыналы мәтіні дайын болады. Мәтінді толық түсінуге ұмтыла отырып, реципиент кейбір түсініксіз оралымдарды түсіну үшін жеке сөздердің мағынасын қайта қарап, қажет жағдайда оларды өзі үшін түсінікті сөздермен ауыстыруға дейін барады. Мәтіннің жалпы мазмұны туралы болжау барысында реципиенттер шығарманың жанры, тілі, автор қолданған сөз оралымдары туралы пікірлерін ортаға салады.

Билет

Концепт ұғымын зерттеу аспектілері

 

1.Қазіргі лингвистикада концепті үш түрлі бағытта талданып, қарастырылады: лингвистикалық, когнитивтік, мәдениеттанымдық.

Концептіні лингвистикалық тұрғыдан қарастыруды дұрыс деп санайтын зерттеушілер (С.А.Аскольдов, Д.С.Лихачев, В.В.Колесов, В.Н.Телия) концептіні сөздің коннотативті элементтерімен қоса алғандағы барлық мағыналық әлеуеті, концепт сөздің кезкелген мағынасында өмір сүреді деп қарайды. Концептінің мәнін когнитивті тұрғыда қарастыруды ұсынатын зерттеушілер (З.Д. Попова, И.А. Стернин сондай-ақ, «Краткий словарь когнитивных терминов» сөздігінің авторлары Е.С. Кубрякова, В.З Демьянков, Ю.Г Панкрац, Л.Г. Лузиной) концептіні менталды ойлаудың бірлігі ретінде қарастырады. З.Д.Попова, И.А.Стернин концептіні «ауқымды ойлаудың бірлігі» («как глобальную мыслительную единицу, представляющую собой «квант структурированного знания») ретінде қарастыра келіп, концептінің тілдегі фразеологизмдерге, сөз тіркестеріне, сөйлемдерге, мәтіндерге, мәтіндер байланыстылығына талдау арқылы жан-жақты ашылып түсіндірілетінін жазады. Концептінің тілдік көрінісін талдау арқылы тілді тұтынушының санасындағы концепт мазмұнын тани аламыз.

Концептіні когнитивтік бағытта зерттеуші өзге де ғалымдар – Дж Лакофф, В.И.Поставалова, А.Вежбицкая, Ю.С.Степанов концепт мазмұнына түсіндірілетін зат-құбылыстың негізгі ұғымдық белгілерін енгізеді, яғни концептіні ұғыммен қатар қояды.

Үшінші бағытты ұстанушылар концептінің мәденитанымдық аспектісіне ерекше мән береді. Олардың пікірінше, тұтас мәдениет концептілердің жиынтығы, олардың, өзара қарым-қатынасы арқылы анықталады. Концепт олардың анықтауынша, адамның ментальды ойлау дүниесіндегі «мәдениеттің негізгі ұясы» ретінде түсіндіріледі.

 

 

2.Дүниенің тілдік бейнесі және концептуалдық бейнесі

 

Дүниенің тілдік бейнесінің мәнін түсінуге арналған алғашқы қадам В. фон Гумболдттан басталды десе болады. Оның ұстанған позициясы бойынша кез келген табиғи тіл формалық және семантикалық жымдастырылған жүйе жасай отырып, өзін тұтынушының дүниеге көзқарасын, дүниені өзіндік зерделеуін сонымен бірге осы тілде сөйлеушілердің белгілі деңгейде ұжымдық философиялық танымын қалыптастырады. Тілде дүниенің нақты бейнесі тікелей көрінбейді, таңбалар жүйесі арқылы мазмұндалады, сондықтан тіл шындықты категоризациялайды және концептуализациялайды. Дыбыстық комплекс өздігінен ештеңе білдіре алмайды, шындық дүние ойлау арқылы сәулеленеді. Оны шындықпен байланыстыру үшін адам таңбалар ойлап тапқан және осы таңбалар арқылы тілді ақиқат дүниемен байланыстырады.

Тіл дүниенің концептуалдық бейнесімен қатысты болмаса, қарым-қатынас құралы болу қызметін де атқара алмаған болар еді. Бұл қатыстылық тілде екі түрде көрінеді: тіл дүниенің концептуалдық бейнесінің жеке белгілерін түсіндіреді, бұл түсіндіру сөздердің жасалымында және сөздер мен сөздердің, сөйлемдер мен сөйлемдердің байланысу тәсілдерінде көрінеді. Тіл сөйлеудегі (речь) сөздерді өзара байланыстыру барысында концептуалдық дүние бейнесінің тұтас мазмұнын түсіндіреді

 

 

Метафора

 

Тілдегі метафоралардың құпиясы Аристотельден Руссо мен Гегельге дейінгі, одан әрі Э.Кассирер мен Х.Ортега-и-Гасетке дейінгі атақты ойшылдарды еріксіз өзіне тәнті еткені олардың еңбектерінен де, олар туралы кейінгілердің зерттеулерінен де белгілі [220, 5]. Метафора табиғатын тануға деген құштарлық соңғы кездері филологияның (шешендік өнер, стилистика, әдеби сын) аясынан шығып, таным мен ойлауға бағытталған зерттеу түрлерінде және жасанды интеллект болмысын зерттеуге қатысты да бой көрсете бастады.

Метафораны түрлі дискурс (ғылыми, публицистикалық, поэтикалық) деңгейінде қарастыру зерттеушілердің метафораны қолдануға қатысты әр жақты ой-пікірлерін туғызды. Бұндай пікірлердегі сәйкессіздік метафораның тілдік қолданыстағы өзіндік ерекше табиғатынан туындап отырғаны сөзсіз. Мәселен, бірқатар ғалымдар метафораны практикалық тілге лайықсыз деп есептейді. Т.Гоббстің [221] пікірінше, сөз (речь) – ең алдымен ойды жеткізу және білімді тасымалдау құралы, бұндай қызмет үшін сөздің тура, нақты мағынасы ыңғайлы болмақ. Осы мақсатқа метафораларды, ауыспалы мәнді сөздерді қолдану «бас-аяғы жоқ мағынасыздықтың арасында адасу» болып табылады. Романтикалық бағыттағы философтар мен ғалымдар, керісінше, метафораны ойды жеткізудің ғана емес, ойлаудың да бірден-бір әдісі деп есептеді. Ницше субъекті мен объектінің арасында метафоралар арқылы берілетін эстетикалық байланыс қана болады деп түсіндірді, сондықтан оның пайымдауында танымның өзі метафоралы. Э.Кассирер [222] дүние туралы мифологиялық түсініктің негізін метафорамен байланыста қарауды дұрыс деп есептеді. Ол адам ойлауындағы менталды қызметті метафоралық (мифтік-поэтикалық), дисскурсивті-логикалық деп жіктеді. Оның ойлауынша дисскурсивті-логикалық таныммен салыстырғанда метафоралық таным ойлаудың сапалық параметрін көрсетеді.

Метафораның поэтикалық сөйлеудегі қызметін айқындай түсу үшін көптеген зерттеушілер оны басқа да семиотикалық концептілермен (символ, метонимия, метаморфоза) салыстыра зерттеген. Өзінің образдылығы, мағынасындағы астарлылық пен ауыспалылық жағынан метафора символға ұқсайды. Сондықтан да кейбір әдебиет сыншылары арасында метафоралық образ және символдық образ ұғымдары синонимдік мәнде қолданылды. Образ тәрізді метафора да, символ да стихиялы түрде, адам еркінен тыс пайда болады. Осы табиғатымен олар ұғыным объектісі емес, түсінім объектісі болуға бейім. Тілдік таңбаға коммуникативтілік, сонымен бірге прагматикалық қасиет тән. Таңба арқылы түрлі ақпаратты сақтауға, ақпарат алысуға болады. Осы тұрғыдан алғанда, көптеген зерттеушілер символ мен метафора арқылы ақпарат берілмейді, сондықтан олар коммуникация құралы бола алмайды деп есептейді.

 

Билет

Концептінің анықтамасы

1. Концепт ұғымы лингвистикада «адамның әлем туралы жинақталған мәдени түсініктері», «концепт – біздің сол нысан туралы білетініміздің барлық жиынтығы», «құдайлық ілімді танудың, сол арқылы, соны ұғыну арқылы халықтың рухын, ұлттың мәдени менталдығын танудың кілті» тәрізді анықтамалармен беріліп жүр.

Жаңа гуманитарлық білімдер саласына «концепт» сөзін алғашқылардың бірі болып, орыс ойшылы С.А.Аскольдов(1870-1945) енгізген болатын. Философ концептілерді танымдық (познавательные) және көркемдік (художественные) түрлеріне жіктейді, бірақ олардың аралық шегінің өзгеріп, кейде бір-бірімен астасып отыратынын жоққа шығармайды.

С.Аскольдов концептінің «орынбасарлық қызметі» оның басты белгілерінен саналады деп көрсетеді

Концепт туралы сөздіктердегі анықтамаларды, ғылыми зерттеулердегі тұжырымдарды салыстыра келіп, төмендегі өз пайымдауымызды ұсынамыз: концепт – индивидтің, тілдік ұжымның дүние, жаратылыс, оның түрліше заттары мен құбылыстары туралы өмір тәжірибесі, білімдік аясы (көзқарасы, танымы) негізінде, өзі өмір сүретін әлеуметтік ортаның мәдениетінен қабылдап, қалыптастырған танымдық, білімдік жүйесі.

Концепт – сөз мағынасы, ұғым, сөздің ішкі формасы, семасы т.б. терминдерімен бара-бар емес. Себебі концепт жеке-дара сөз аясында емес, белгілі бір танымды айқындайтын «сөздер қоры» (тірек сөздер) арқылы, кейде үлкенді-кішілі мәтіндер көлемінде танылады.

2.Түсінілім стратегиясы

Жалпы мәтіннің түсінілу проблемасы «түсінілім стратегиясы» деген атпен зерттеу объектісіне айналған. Т. ван Дейктің түсіндіруінше бұл ұғымды алғаш 1970 жылы Бивер енгізген. Түсінілім стратегиясы мәтіннің сипатына ғана емес, тілді тұтынушының дүние туралы білімі мен мақсатына да байланысты. Осының негізінде Т. Ван Дейк мәтін түсінілімінің стратегиялық моделін ұсынады. Модельдің негізгі компоненттері ретінде оның когнитивтік және контекстуалдық негіздемелері талданады. Когнитивтік негіздеменің өзі бірнеше компоненттерден тұрады. Қандай да бір оқиғаға өзі куә болып көрген, кейін оны өзгелерге айтушы да, айтушы арқылы оқиға туралы естіген тыңдаушы да алдымен сол оқиғаны қабылдап, өзіндік менталды түсінік қалыптастырады, бұл түсінілім моделінің конструктивтік негіздемесі деп аталады. Әрі қарай болған оқиғаға оқиғаның тікелей куәсі «оқиға» ретінде, оқиға туралы естуші «оқиға жайындағы әңгіме» ретінде интерпретация жасайды. Бұл модельдің интерпретациялаушы негіздемесі деп аталады. Оқиғаға тікелей куә болушы да, ол туралы сырттан естуші де алдымен оқиға туралы қабылдап, содан соң түсініп, соңында оның мәніне ой жүгіртпейді, осы аталған түсінілім сатылары бір уақытта, бір-бірімен қатар жүретін процестер. Мәтін түсінілімінің бұл табиғаты модельдің оперативті (жедел) негіздемесіне жатады. Естіген не көрген оқиға туралы түсінілім қалыптасу үшін көруші мен тыңдаушының когнитивтік жадысында осы оқиғаға қатысты белгілі-бір білім қоры болу қажет. Осы білімнің негізінде көруші мен тыңдаушыда екінші когнитивті ақпарат – көз жеткізу, көзқарас, мотивация, осы оқиғаға қатысты мақсат, міндет – қалыптасуы тиіс. Яғни осындай оқиғаларға қатысты бұрыннан қалыптасқан (айтпаса да түсінікті) түсінік, көзқарас, бағалау болуы қажет. Бұны түсінілім моделінің пресуппозициялық негіздемесі деп атайды.

3. Мифтік таным

Қоғамдық сананың түрлі формаларына сәйкес (ғылымда, философияда, мифологияда, саясатта, дінде) арнайы білім түрлері болады. Осы салаларға сәйкес өзіндік таным түрлері қалыптасқан, мәселен, ғылыми, мифологиялық, діни т.б. Мифологиялық таным алғашқы қауым мәдениетіне тән. Ол жаратылыстан тыс күштер мен олардың тылсым күштері туралы тылсым күштерге негізделеді. Мысалы, дүниенің үш бөлігі, оларды байланыстырып тұрған өмір ағашы, жерді көтеріп тұрған үш өгіз, жоғарғы әлемнің өкілі самұрық құс, жер асты әлемінің өкілі жыландар елі т.б. мифологиялық танымға негізделген түсініктер қазақ ертегілерінде сақталған, бұндай мифологиялық түсінік адамзат баласына ортақ.

 

22-билет

Концептіге байланысты терминдер

 

1.Концептілер жүйесінің, концептінің табиғатын зерттеу өзара ұқсас концепт, ұғым, мағына тәрізді терминдермен ұғымдардың бар екендігін мойындауға әкеледі. Аталған ұғымдардың әрқайсысын жеке дара қарастырып өзара айырмашылықтарын белгілеуде сан түрлі пікірлер бар.

Сырт қарағанда үшеуі де – сөз бен оның ішкі формасының арақатынасын, қызметін танытатын категориялар. Концепт те, ұғым да, мағына да тілдік жүйе мен логикалық ойлау жүйесінің байланыстылығында танылады. Орыс тіл білімінде «смысл» және «значение» ұғымдары жеке терминдер ретінде қарастырылады. М.М.Бахтиннің «Смысл отличается от значения, поскольку он целостен, то есть имеет “отношение к ценности — к истине, красоте и т. п.”. Смысл не существует без “ ответного понимания, включающего в себя оценку”. Смысл всегда кто-то открывает, находит, распознает. Смысл подразумевает наличие воспринимающего сознания и его носителей: конкретных деятелей, коммуникантов. Этим смысл отличается от понятия. [86] – деген тұжырымынан ұғым мен мағынаға (значение) қарағанда түсінік (смысль) концептіге біршама жақын екенін пайымдауға болады.

Мағынаға қарағанда концептінің аясы кең. Д.С.Лихачевтің көрсетуінше концепті сөздің базбір мағыналарымен сәйкесіп те жатады. Мәселен, өлім – «дененің өмір сүруін тоқтатуы» деген мағынаны береді, концепт бойынша да: «кеудеден жанның кетіп, өмір керуенінің тоқтауы». Бірақ бұл сәйкестік барлық уақытта сақтала бермейді. Өлім жыраулар тілінің концептісінде: «қараңғы жер астына кіру, қараңғы көрге ену, ажал оғы тию, Алладан әмір болған күн, шыбын жанның кірпіш тәннен бөлектенуі» тәрізді мазмұнда да танылады. Сондай-ақ мағына белгілі бір тіл аясында қарастырылса, концепт тілден тыс та қарала береді. Айталық ««және», «бірақ» сөздерінің жеке мағынасын түсіндіру қиын, ал олардың аясындағы концеп анық, яғни: біріктіру және қарама-қарсылық...»

Концептіні мағынамен байланысты қарастыратын пікір А.П.Бабушкиннің еңбектерінде де бар, оның айтуынша, концепт те сөз мағынасы тәрізді құбылыс, бірақ ол байланыстардың біршама өзгеше жүйесінде қарастырылады. Мағына тілдік жүйеде сараланса, концепт тіл білімі мен логикалық зерттеу нысанасы бола алатын логикалық қатынастар мен формалардың жүйесінде қарастырылады.

 

2. Көркем мәтіннің басты белгілері

 

Көркем мәтіннің басты белгілері ретінде оның біртұтастығы, белгілі бір ойды жеткізудегі жүйелілігі, басталуы мен аяқталуының болуы, тақырып таңдалымы, мәтін арқылы белгілі бір ақпараттың берілуі (информативтік қызметі) және мәтіннің қарым-қатынас құралы (коммуникациялық қызметі) бола білуі сондай-ақ ең маңыздысы мәтін арқылы адам дүниетанымының, ұлттық рухани мәдениетінің көрініс беруі (мәтіннің кумулятивтік қызметі), сол арқылы жеке адам тұлғасының, дүниенің тілдік бейнесінің жасалуы (мәтіннің концептуалдық-тілдік қасиеті) туралы зерттеліп те айтылып та жүр.

И.Р.Гальпериннің зерттеулері бойынша мәтін мынадай басты категорияларға ие: 1. ақпарат (мазмұнды концептуалды, мазмұнды фактуалды, мазмұнды астарлы); 2. когезия (мәтін ішілік байланыстар); 3. континиум (уақыт пен кеңістікте дамитын мәліметтер мен оқиғалардың бірізділігі); 4. мәтін үзіктерінің автосемантикасы (тұтас мәтін немесе оның бөліктерінің мағыналық қарым-қатнасы); 5. мәтіннің модальдылығы (ой-предметтің субъективті бағалауыштық сипаттамасы); 6. ретроспекция (оқырманды бұрынғы мазмұнды-фактуалды ақпаратқа апаратын тілдік өрнектердің грамматикасы); 7. проспекция (мәтіннің келесі бөліктерінде хабарланатын мазмұнды-фактуалды ақпараттарды білдіру үшін түрлі тілдік формаларды байланыстыратын мәтіннің грамматикалық формасы); 8. интеграция (мәтіннің тұтасымдылығына қол жеткізу мақсатында оның барлық бөліктерін бір-бірімен ұластыру); 9. аяқталғандық (аяқталғандық ұғымы мәтін бөліктеріне емес, тек қана тұтас мәтінге байланысты)

 

3.Метатіл

Лингвистердің зерттейтін тілі – нысан тілі болса, тілді теориялық жақтан сипаттайтын тіл – метатіл. Яғни метатіл дегеніміз ол – арнайы тіл. Лингвистиканың метатіліне лингвистикалық терминдер, тілдер және тіл топтарының аталымдары, арнайы жазба тіл (транскрипция, транслитерация) т.б. жатады. Метатілде метамәтін жасалады. Олар: грамматикалар,сөздіктер, лингвистикалық атластар, тілдің географиялық таралуының карталары, тілдік оқулықтар, тілашарлар т.б.

 

Билет

Фрейм және гештальт ұғымдары

1.Соңғы кезде фрейм термині когнитивті лингвистикада, когнитивті психологияда кең қолданыла бастады. Фрейм дегеніміз – стереотипті сананың ой-бейнесі. Бұл ұғым негізінен мәтін қабылдауға байланысты қолданылады. Жаңа мәтінді қабылдау барысында адам жадында сақталған стереотип таным-түсініктер іске қосылады. Яғни жаңа ақпаратты қабылдау үшін бұрыннан жадымызда бар немесе санамаызда қалыптасқан білімдер қорын іске қосамыз. Мысалы, жырауларда:

Адамзат, сен бір бүгін серуенсің,

Кететін әлі-ақ көшіп керуенсің, -

деген жолдарда кереуннің дүниеге балама ретінде алынуына керуен туралы қазақ халқының қалыптасқан стереотип ұғымы негіз болып тұр. Керуен мен өмір деген екі ұғымға да ортақ сипат өткіншілік, өзгермілілік. Сонымен бірге керуеннің қызылды-жасылды салтанаты да оны өмірмен салыстыруға негіз болып тұр. Когнитивті лингвистикада білімді қабылдауға қатысты фреймдік жүйе және фреймдік модель деген терминдер бар. Фреймдік модель шындықты адам жадында бұған дейін қалыптасқан фреймдермен (frame - рамка) салыстыруға негізделеді. Әрбір фреймдік құрылым шындық дүниеден алынған ақпараттардың жадыдағы концептуалдық нысандарымен тығыз байланысты. Фреймдердің вербализациялануының екі түрі бар: метафоралану және фразеологимдену. Фреймдерді таңбалаудың екі түріне де базалық сөз-концептінің арғы жағында тұрған ой-бейне негіз болады. Мысалы, керуен – өмір фрейміне негіз болып тұрған біздің санамыздағы керуен туралы ой-бейне: керуен дегеніміз көшіп бара жатырған түрлі дүние, байлық тиелген, сәнді, салтанатты көш. Фреймде дүние туралы қабылданған жалпы білім көрініс береді. Фреймдік элементтерді кейде ғылыми дефиниция ретінде де қабылдауға болады. Біз жеке сөздерді ғана емес, тұтас сөйлесімдік жағдаятты да түсініп, қабылдаймыз. Сондықтан фреймде жалпылама болмыс стреотипті түрде қабылданады. Мысалы, «шаңырағы ортасына түсу» - жаманшылықтың, ауыр қазаны бейнелейтін фреймдік құрылым. Фрейм туралы пайымдаулардан фреймнің көп компонентті, ауқымды концепт типіне жататыны туралы қорытынды пікір шығады. Когнитивті семантикада «фреймдік желі» туралы идея орнығып келеді.«Фреймдік желі» идеясы когнитивтік лингвистикаға ақпараттандыру ғылымынан алынған.

Лингвистикалық гештальт теориясына қатысты бірден-бір еңбектің авторы Дж. Лакоффтың көрсетуінше, ойлау, қабылдау, эмоция, таным процестері, сенсорлы-моторлы сезімдік қызмет және тіл бір ғана құрылым арқылы ұйымдастырылған, оны гештальт деп атайды дейді. Гештальт деген ұғымның астарында «бейне, біртұтас форма» деген түсінік жатыр. Танымдағы әрбір ақпаратты гештальт деп атауға болады. Гештальтқа тән белгілер: 1. Тұтастық, 2. Гештальтты белгілі бір көзқарас аясында жеке бөліктерге ажыраутып қарастыруға болады, 3. Гештальттың жеке бөліктерінің арасында байланыс бар, 4. Бір гештальт екінші бір гештальтпен қандай да бір бөлшектері арқылы ұқсас болуы мүмкін, ортақ жақтары болуы мүмкін, 5. Өзге гештальтпен ауысу арқылы бір гештальт жаңа мәнге ие болады, 6. Гештальттың тағы бір қасиеті оның басқа гештальтпен оппозициялық сипатта болуынан көрінеді, 7. Гештальттың кейбір белгілері базистік белгі ретінде танылапды, 8. Гештальт дегеніміз – тілдік, ойлау, сезімдік, перцептуалды процестерде қолданылатын құбылыс, 9. Процестердің өзін гештальт ретінде қарастыруға болады, 10. Гештальтта прототиптік, прототиптік емес түрлер ажыратылады, 11. Гештальттың құрамы біртекті емес, мәселен, сенсорлы-перцептивті гештальтта моторлы сипатта бола береді.


Дата добавления: 2016-01-05; просмотров: 19; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!