Концептуалды метафора теориясы 3 страница



Өлімді сипаттайтын тезаурус: Өлім, ажал, көр, қара жер, жан тәсілім, (тәсілім), дүниеден өтті, бақи, Алланың ақ бұйрығы, жанын қармау, о дүние, иман, кебін, сегіз ұжмақ, жеті тамұқ, сират көпірі, сұраушы (періште), жан, рух, ақырет, күнә, аманат т.б.

Өлім көптеген философиялық еңбектерде «тағдыр, жазмыш» ұғымдарымен қатар қарастырылады. Мәселен XIX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басында өмір сүрген орыс ойшылдары өлімді екі түрлі бағытта қарастырады. «Философия общего дела» аталатын трактаттың авторы Н.Ф. Феодоров өлімге «адамзат баласының жақсылыққа барар жолындағы кедергі, болмай қоймайтын жауыздық» деп сипаттама береді. Екінші бағыттың өкілі С.Н.Булгаков пен Л.П.Карсавин өлімді адамдық мәнді қалыптастыратын жақсылық күші ретінде сипаттайды. Өлім мен тағдыр (мұсылмандарша – жазмыш: «Жазмыштан озмыш жоқ») өзара байланысты категорияларды құрайды.

 

Дискурс

Т.Ван Дейктің түсіндіруінше, дискурс кең мағынада «коммуникативті әрекет кезіндегі уақыт пен кеңістік контексінде анықталатын сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы оқиға». Бұл коммуникативті әрекет айтылым түрінде, жазбаша немесе ауызша тілдік элементтерден тұруы мүмкін. Т.М.Николаеваның анықтамасы: 1. Байласымды мәтін, 2. Мәтіннің ауызша сөйлеу формасы, 3. Диалог, 4 мағыналық жақтан өзара байланысты айтылым түрлері, 5. Ауызша және тжазбаша сөйлеу туындысы. Когнитвті лингвистикада дискурс термині белгілі бір концептілер жүйесімен сипатталатын, тілдік тұлғаның концептуалдық дүние бейнесін анықтайтын байласымды мәтін.

 

Билет

Тілдің объективтілік, субъективтілік сипаты

1. Тілдің объективтілік, субъективтілік сипаты туралы мәселе лингво-философиядағы тілдік-танымдық мәселелерді қозғайды. Тілдің «субъективтілік» сипаты туралы идеяны қолданатын концепциялар арасында лингвистикалық қатысымдылық теориясы көрнекі рөл атқарады. Бұл ілім Сепир-Уорфтың гипотезасы аясында қалыптасқан. Гипотезаның теориялық негізі тілдің тек формалдық, семантикалық жағына емес, рухани ұйымдастырылуына, семантикалық мәніне, ұлттық субъективті сипатына бағытталады. Ойлауды, одан да кеңірек қабылдауды немесе осы тілде сөйлеушінің әлем бейнесін танытатын тілдің сыртқы ғана емес, ішкі (мағыналық) табиғатының ұлттық-субъективтік сипатын таныту лингвистикалық қатысымдылық теориясының негізгі мәнін құрайды. Осы бағыт өкілдері шындықты қабылдауда тіл ғана жетекші рөл атқарады деп көрсетті. Аталған ілім Л.Вайсгербердің «тілдік форма» туралы идеясымен жалғасын тапты. Ол тілдің материалдық табиғатын жоққа шығара отырып, тілдің формалық жағы мен мазмұндық жағын қатар қояды. Л.Вайсгербердің пікірінше, кез келген тіл шындық өмір мен адам арасында делдалдық қызмет атқара отырып, өзінің ұғымдық әлемін жасайды. Тіл арқылы қалыптасқан рухани меншігі – тілдік сана арқылы адам дүниеге меже жасайды. Бұл рухани әлем семантикалық өріс арқылы құрылады және әрбір тілдің өзіне тән қайталанбас құбылыстарды (мәселен туыстық байланысты, түс спектрін, жануарлар тегін т.б.) көрсетеді. Л.Вайсгербер тілдің рухани жағы ұлттық мәдениет жағдайында қалыптасады және ол кейін ұлттық мәдениетті бағыттап отыратын үлкен күшке айналады деген идеяны ұстанып келді. Оның ойынша, адам қабылдаған әлемді сана емес, алдымен тіл қорытады, сондықтан «әлем» ұғымы адамның тілдік санасына тиесілі және оны адамнан, тілден тыс жатқан шындықтан ажыратады. Автор қолданған болмыстың шындығы тілдік болмысқа айналып, сол арқылы адамның рухани әлемін танытуы тиіс. Көріп отырғанымыздай тілдің қатысымдылық теориясының негізін салушылар да, осы ілімді жалғастырушылар да дүниені тіл арқылы тануды ұсына отырып, дүниені танудағы ойлау мен сананың рөлін екінші кезекке қоятын концепция ретінде сынға ұшырады.

Тілдің субъективтілігі туралы тарауында Э.Бенвенист «тілді адамдар қажеттілікке байланысты бірте-бірте жасап шықты» деген ойдың «таза фантазия» екенін дәлелдейтін ғылыми пайымдаулар ұсынады. Тілді адамдар жасаған жоқ, тіл адамдармен бірге жасалды. Тілден тыс адам жоқ. Тілдің бүкіл болмысы: материалдық емес табиғаты, оның символдық қызметі, мүшелену сипаты, мазмұнының болуы – тілдің құрал болу табиғатын дәлелдеуге жеткілікті себеп болды. Бірақ бұл қызмет (тілдің ойды жеткізу құралы болу қызметі) сөйлеуге (речь) қатысты. Тілдің өзектенуі (актуализация) сөйлеу арқылы болады. Бірақ сөйлеу коммуникацияны қамтамасыз ету үшін, тілден өкілдік алу қажет.

Тек тілде ғана, тілдің арқасында ғана адам субъект ретінде айқындала алады. Адами болмыстың шындығы, адами «мен»-нің көрінісі тілде ғана мәнге ие болады. Тілдің субъективтілік болмысы сөйлеушінің өзін субъект ретінде көрсетуіне негіз болатын бірден-бір қабілеті. Сондай-ақ, тілдік жүйедегі жақ категориясы мен шақ категориясын да зерттеуші тілдің субъективтілік болмысын дәлеледейтін факторлар ретінде келтіреді.

2.Фразеологизмдердің танымдық негіздері

Е.М.Верещагин, В.Г.Костомаровтың сөздің тарихи болмысын анықтауға арналған континикалық концепциясы (континическая концепция) бойынша сөз – белгілі бір білім қорын тасымалдаушы, жеткізуші және жинақтаушы ақпарат көзі (білім көзі) болып табылады. Сондай-ақ, сөз қоғамдық немесе жеке сипаттағы ақпараттардың «қоймасы» ғана емес, басқа тілдік ұжым үшін осы ақпараттың шығу көзі де. Белгілі бір халықтың, ұлттың көзқарасын, дүниені тану, қабылдау, жіктеп, талдаудағы өзіндік тәжірибесі мен білім қорын, эмоциясы мен бағалауыштық өлшемін, жалпы айтқанда концептуалдық дүниетанымын, сондай-ақ осы дүние бейнесінің дара тұлға арқылы көріну сипатын айқындау үшін фразеологизмдерге когнитивтік талдау жасаудың маңызы зор.

А.Потебня тілдің танымдық қызметінің үш түрлі деңгейін: қоғамдық, жеке, қоғамдық әрі жеке деп көрсетуінде де тіл арқылы танылатын дүние бейнесінің жалпы адамзатқа ортақтық жағы мен жеке индивид қабылдауымен алғандағы даралық сипаты жатыр. Ұлттық болмыстың даралық сипаты әсіресе тілдегі тұрақты сөз тіркестері мен идиомалар арқылы айқынырақ көрінетіні көптеген зерттеу еңбектерде жан-жақты талдаулармен дәлелденген. Оның себебі тілдің сөздік қорындағы өзге категорияларға қарағанда фразеологизмдер мен идиомалардың табиғаты барынша бағзылық сипатымен, басқа тілге мазмұнын да формасын да аударуға, қайта өңдеуге келе бермейтін тілдегі «құймалылығымен» ерекшеленеді. Сондықтан да тұрақты сөз тіркестері ұлт тіліне тән, сол тілде сөйлейтін, ұлттың тұрмыс-тіршілігі мен болмысын меңгерген адам ғана ұғына алатындай ерекшелік, даралық болып табылады.

Егер шартты түрде фразеологизмдерді «мәдени дискурс» деп есептесек, дискурстағы сөз субъектісі әрі мәдени субъект болуы қажет. Себебі коммуниканттар әр түрлі мәдени субъектілер болса, адресат факторы толық жүзеге аспайды (дискурстың танымдық-тілдік коды ашылмайды), егер адресат та, адресант та бір ғана мәдениетке жататын субъектілер болса, мәдени кодтың ашылуы оңай. Сонымен бірге фразеологизмдер тек ойды, ақпаратты жеткізу құралы емес, ең бастысы прагматикалық мақсатта көбірек қолданылатын ерекше тілдік құрылым, экспрессия, эмоция және эмотивтілік оның негізгі құралы болып саналады.

Когниция

Адамның ақыл-ой, интеллектуалдық қабілеттерінің көрінісі. Адамның білімі мен түрлі ақпараттарды қабылдауына қатысты процесс когнитивті немесе когниция деп аталады. Оларға «интеллектуалды», «менталды», «талдамалы» терминдері синоним бола алады. Адам интеллектісімен, ойлау заңдылығымен ерте заманнан бері логика, философия, физиология, психология айналысып келеді. Философияда таным теориясымен айналысатын гносеология бөлімі бар. Бірақ когнитивистика аясында байырғы мәселелер жаңаша түсіндіріле бастады.

Когнитивистикада адами когницияға басты мән беріледі, ол тек бақылауға алынған іс-әрекет деңгейінде зерттеліп қоймай, оның менталды репрезентациясы (ішкі қабылдау, модель), символы, даму стратегиясы(білім негізінде жүзеге асатын іс әрекет), адамның когнитивтік әлемі, тілдің белсенділік әрекетімен ілгерілеп отыратын мінез құлқы мен іс әрекеті бойынша зерттеліп, мотивтері мен қалыптасу нәтижесі қатар қаралады.

 

Билет

В.А.Звегинцевтің «әлемнің лингвистикалық моделі» туралы теориясы

 

1. В.А.Звегинцев тілдің субъективтік және объективтік табиғатын байланыстыратын «әлемнің лингвистикалық моделі» туралы теорияны ұсынды. [61]. Таным процесі – бұл ойдың қызметі, ол өмірлік тәжірибе негізінде құрылған ішкі (санадағы) әлем моделіне бағытталады. Тіл қарым- қатынас барысында осы моделді объективтендіреді, оны қарым-қатынастың негізгі құралына айналдырады. Мазмұнның мағыналық жағы ойлау актісінің нәтижесі ретінде пайда болады, сол арқылы адам қандай да бір затты өзінің ішкі моделімен байланыстырады, ал ол тіл арқылы өзге адамдардың ішкі модельдерімен байланысады. Тіл арқылы көрінетін әлемнің ішкі моделі осылайша көрінеді. Тіл өз бетінше әлем моделін жасаушы емес, таным арқылы берілетін моделдің құрылыс материалы (А.А.Леонтьев: «Жалпы тіл ғалам бейнесінің демиургы емес, тек осы ғалам бейнесінің құрылыс материалдарының бірі ғана»,-дейді.) деген ұстаным негізге алынады. Г.В.Кольшанский тілдің субъективтік сипатын былайша түсіндіреді: әрбір ұлттық тіл әр түрде жалпы адамзаттық ұғымды толықтыруға үлес қосады.

Лингвистикалық қатысымдылық проблемасын оңашаланған тілдік құбылыстар арқылы (жалпы тілдік жүйеден тыс) қарастыру екі түрлі принципті қателікке ұрындырады: 1.Тілдік формаларды таным жүйесімен емес, тікелей материалдық дүниемен қарым-қатынаста қарастыру. 2.Аталған формаларды тілдің күрделі механизмнен тыс, яғни лексикалық, грамматикалық өзара байланыстар мен компенсациялардан бөлек қарастыру. Бірінші қателік авторларды ғаламның тілдік бейнесі туралы қорытындыға әкелсе, екінші қателік тілді тұтас жүйе ретінде қарастыруды жоққа шығарады. Ұлттық ерекшелікті тілдік бейнеден емес, адамның танымдық қызметінен іздеген дұрыс. Адам тілдің өкімімен ойламайды, өз ойын тіл арқылы ортаға салады. Адамның сөйлеу қабілеті объективті дүниеге қатысты алғанда «үстемдік жүргізуші» емес, бағынушы сипатында. Тіл универсалды құрылымға ие, ал оның индивидуалды, ұлттық сипаты бір тіл аясында, сол сияқты барлық тілдер аясында ойдың адекваттылығын танытады. Ұлттық жеке сипат жалпы адамзат тілінің объективті сипатының көрінісі болып табылады.

 

2.Мәтін коммуникациясы туралы көзқарастар

Мәтін мазмұнының қабылдануы мен таралуына байланысты мәтін коммуникациясы туралы мәселе туындайтыны белгілі. Сондай-ақ мәтінді «коммуникацияның тәртіпке түскен түрі», «коммуникациялық бірлік» [48] деп түсінеміз. Мәтінтануға қатысты еңбектерде [174; 182] ауызша тілдік коммуникация (АТК) мен жазбаша тілдік коммуникацияның (ЖТК) айырмасы төмендегіше талдап көрсетіледі: біріншіден, жазбаша тілдік коммуникацияда сөйлеуші мен тыңдаушының арасында обьект-дәнекер – мәтіннің жазба нұсқасы бар, ауызша тілдік коммуникацияда ол жоқ. Екіншіден, жазбаша тілдік коммуникация монологтық байланысты білдіреді, ауызша тілдік коммуникация диалогтық байланысқа құрылады. Жырау мен тыңдаушы арақатынасы біржақты. Жырау арнайды, тыңдаушысына қарата сөйлейді, бірақ олардан жауап күтпейді. Үшіншіден, ЖТК- да бір субъект хабар жіберсе, екіншісі тек қабылдайды, ал АТК-да субъектілер арасында хабар жіберу екі жақты болады. Төртіншіден, АТК-да субъектілердің өзара симметриалды, информациалды әсері болса, ЖТК-да бір субъектінің әсері екіншісіне ассиметриалды, информативті болады. Бесіншіден, АТК тілдің дыбыстық белгілеріне сүйенсе, ЖТК тілдің қолданбалы белгілеріне сүйенеді. Алтыншыдан, АТК-да хабарды тарату, қабылдау уақыт пен кеңістікке бағынады, ЖТК-да олай емес. Жетіншіден АТК-да хабар тарату мен қабылдау бір уақытта, ЖТК-да сатылы түрде, бірінен кейін бірі жүзеге асырылады.

Зерттеуші Н.Уәлидің пайымдауына сүйенсек, мәтін коммуникациясы үш кезеңнен тұрады: коммуникацияға дейінгі кезең, вербалды кезең, коммуникациядан кейінгі кезең. Кейде мәтін коммуникациясы тыңдаушыны бір мақсатқа жұмылдыру, белгілі бір оқиғаға итермелеу мақсатын да көздейді. Мұндай кезде тыңдаушы психикасына ерекше әсер ететін, тыңдаушының эмотивтілігін арттыратын экспрессивті, эмоционалды сөздер, бағалауыштық қолданыстар таңдалынады. Мәтіннің дүниеге келу шартына байланысты (ат үстінде, соғыс жағдайында, асығыс) неғұрлым түсінікке жеңіл ұғымдар, оңай ұйқастар іске қосылуы мүмкін, бірақ оның өзі жыраудың ұтқыр ойлылығы мен суырып салма шешендігін талап етеді. Бұндай кезде экстралингвистикалық (тыңдаушының таным-түсінігі, оған әсер ететін тілден тыс фактілер: ата бабасының тарихын айту, өзінің ерекше қасиетін айтып мақтау), паралингвистикалық (мимика, қимыл-қозғалыс) факторлар да мәтін коммуникативтілігіне үлес қосатыны сөзсіз.

Концепт

«Концепт» термині орыс тіл білімінде XX ғасырдың 20-30 жылдары қоршаған орта құбылыстарының тіл әлемінде бейнеленуін зерттеумен байланысты пайда болды. С.А.Аскольдов-Алексеевтің 1928 жылғы «Русская речь» жинағында жарық көрген «Концепт и слово» деген еңбегінде...

«Концепт» терминінің теориялық негіздері Д.С.Лихачев, Н.Д.Арутюнова, Е.С.Кубрякова, А.Н.Мороховский, Н.К.РябцеваВ.А.Маслова, А.Я.Гуревич, А.Вежбицкаяның еңбектерінде әр түрлі қырынан қарастырылды. Концепт сөздердің беретін ұғымын түсіну арқылы жеке адамнан бастап, қоғамдық топтардың,бүкіл бір ұлттың, халықтың тіл өрісінің, дүниетанымының ерекшеліктері айқындалады. Концептілер рухани мәдениеттің басты-басты ұғымдарын оның элементтері ретінде таңбалай отырып, олардың мән-мағынасын қамтиды. Рухани-мәдени сөздердің лексикалық мағыналарын анықтау жаңа үстеме мағынаның ашылуына септігін тигізеді. Бұл өз кезегінде бұрынғы түсіндірмелерді жаңа қырынан бағалауға әкеледі.

Концепт ұғымы лингвистикада «адамның әлем туралы жинақталған мәдени түсініктері» (А.Вежбицкая), «концепт – біздің сол нысан туралы білетініміздің барлық жиынтығы» (В.Н.Телия) (Рол.чел.факт), «құдайлық ілімді танудың, сол арқылы, соны ұғыну арқылы халықтың рухын», ұлттың мәдени менталдығын танудың кілті» (В.Гумбольдт.) тәрізді анықтамалармен беріліп жүр. Тілдің когнитивтік құрылымында концептілердің алатын орны ерекше. Себебі сөздердің семантикалық, ассоциациялық өрісте бір-бірімен тоғысуы концептілер жүйесінде көрініс табады. Концепт термині белгілі бір мәдениеттің тілдік аядағы сипатын зерттеу барысында (мәдени концептілер – Вежбицкая), ұғым, мағына, прототип т.б. іргелес ұғымдар контексінде (Фрумкина, Маслова т.б.) дүниенің тілдік бейнесін талдаумен байланысты, тілдік тұлғаны талдау барысында, концептуалды талдауда (Фрумкина), концептосфера (Лихачев) ұғымдары аясында түрліше қырынан сөз болып жүр. Концептілер жүйесінің, концептінің табиғатын зерттеу өзара ұқсас концепт, ұғым, мағына тәрізді терминдермен ұғымдардың бар екендігін мойындауға әкеледі. Аталған ұғымдардың әрқайсысын жеке дара қарастырып өзара айырмашылықтарын белгілеуде сан түрлі пікірлер бар.

Сырт қарағанда үшеуі де сөз бен оның ішкі формасының арақатынасын, қызметін танытатын категориялар. Концепт те, ұғым да, мағына да тілдік жүйе мен логикалық ойлау жүйесінің байланыстылығында танылады.

Концепт сөз мағынасынан емес, сөздің сөздікте берілген мағынасы мен адамның өзіндік (жеке) және халықтық тәжірибелері негізінде қалыптасқан мағыналардың тоғысуынан туған мағыналар нәтижесі болып табылады. Сөз, мағына, концептінің өзара қатынастылығын қарастыра отырып, біз адамды ол қатардан шығарып тастай алмаймыз. Бұл жерде де басты нысан — адам, адамның тәжірибесі, танымы, тілдік қабілеті. Концептінің әлеуеті неғұрлым кең және бай болуы үшін адамның мәдени тәжірибесі де кең әрі бай болуы қажет. Д.С.Лихачев әрбір адамның өзіндік дара (жеке) мәдени тәжірибесі, дағдысы мен білім қоры оның концепт байлығын немесе жұтаңдығын айқындайтын болады деп көрсетеді.(Д.С.Лихачев.8) Концепт, біріншіден, жалпы адамзаттың, осы тілде сөйлеуші жеке адамның мәдени тәжірибесіне, білім қоры мен дағдысына байланысты; екіншіден, концепт көрінетін нақты контекске тәуелді. Концептінің кейбір мүмкіндіктерін, адресат арқылы қабылдануын контекст белгілі бір жағдайда шектеуі де мүмкін. Сонда концепт арқылы берілетін менталды таным кейде тілдің шеңберінен де шығып кетеді. Бұл жерде контекстің тасасындағы «тілден тыс мағына» іске қосылады. Концептосфера жасауда жазушылар(ақындар), фольклор жеткізушілер, жеке кәсіп иелері мен діни сословие өкілдері басты рөл атқарады деген пікірлер де бар. Тілдің байлығы сөздік қордың» көлемімен ғана емес, концептуалдық әлемнің, концептуалдық аяның байлығымен де өлшенеді.

 

Билет

Тіл – ойлау дихотомиясы

1. Тіл – ойлау дихотомиясын қарастыруда ойлаудың тіл арқылы материалдану фактісі ерекше еске алынады, бірақ таным ойлаудан емес, айналадағы заттар мен құбылыстарды зерттеп, бақылау әрекетінен басталады. Кез-келген ғалам бейнесі сол кезеңдегі дүниеге көзқараспен байланысты қалыптаса отырып, өзі де сол «дүниеге көзқарасты» қалыптастыруға ықпал етеді. Ғалам бейнесін әр кезеңдегі зерттеушілер «дүниені көру», «заттар мен оқиғаларды тану», «идеология», «түрлі мәдени құндылықтарды көркем бағалау», «қоршаған әлемді ұлттық сипатта қабылдау» деген ұғымдарда танытуға тырысады.

Тілді ойлаумен байланысты талдау барысында лингвистер, сондай-ақ философтар да дүниені танудың екі түрлі тұрпатын ұсынады: 1. дүниенің (ғаламның) тілдік бейнесі; 2. дүниенің (ғаламның) концептуалдық бейнесі;

«Тіл және ғалам бейнесі» туралы мәселе адамның дүниетанымын қалыптастыруға тілдің қатысын қарастыра отырып, зерттеудің екінші ракурсын да қамтиды, оның мәні – тіл лингвистиканың, семиотиканың, философияның, теологияның, мифологияның, фольклордың, өнердің, поэтиканың, дағдылы (кәдімгі) сананың көзімен қалай бейнеленетінін анықтаумен байланысты. Тілді түрліше ғалам бейнесі тұрғысынан зерттеу тіл табиғаты мен танымын жаңаша қарастыруға жол ашты. Е.П.Никитиннің көрсетуінше, ұғым – «атрибут», «субстрат», «генезис», «себеп», «даму», «құрылым», «функция» тәрізді философиялық терминдермен анықталады. Соған сәйкес ғалам бейнесі де концептуалдық білім деңгейін білдіретін: 1) ғалам бейнесінің табиғи, ажырамас белгісі болып табылатын (атрибут); 2) белгілі бір компоненттерден тұратын (субстрат); 3) белгілі бір заңдылықтармен дамитын, пайда болатын (генезис, даму), 4) арнайы ұйымдастырылған, құрылған (құрылым); 5) тұрақты, құлықтық әрекетті көрсетуші (функция) категориялардан тұрады.

 

2.Дискурс және дискурсивті талдау ұғымдары

Қазіргі лингвистикада әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-этикалық, дүниетанымдық, прагматикалық, идеологиялық, этнопсихологиялық, кәсіби-топтық, жеке-даралық экстралингвистикалық факторларды қолдану арқылы дискурсқа анықтама беретін теориялар бар (Н.Д.Арутюнованың ұсынған дефинициясы). Дискурс ұғымына адамдардың менталды ойлау дүниесімен байланысты әлеуметтік-психологиялық сипаттағы категория ретінде түсінік беру дискурс теориясының тілдің антропоцентристік парадигмасымен жақын екендігін көрсетеді, себебі дискурс – сөйлеуші субъектінің мақсаттық коммуникативті әрекеті, тек дискурсивті әрекет үстінде пайда болатын дүниені көруі және тануы болып табылады. Сондықтан дискурсты лингвистикалық феномен ретінде қарастыру арқылы оның пәндік-мазмұндық сферасына автордың жеке тұлғасы, яғни дискурсивті тұлғасы туралы мәселені енгіземіз. Орыс тіл білімінде Ю.Н.Карауловтың теориясынан кейін «дискурстық тұлғаның» орнына «тілдік тұлға» ұғымы қарала бастады.

Ю.С.Степанов дискурсқа: «...дискурс дегеніміз «тіл ішіндегі тіл». Бірақ ол ерекше әлеуметтік мағлұматтарымен көрінеді. Дискурс ақиқатында өзінің грамматикасы не сөздік қоры арқылы көрінбейді, ол бәрінен бұрын және ең бастысы өзіндік грамматикасы, сөздік қоры, сөз қолданымы, синтаксистік құрылымы – жалпы айтқанда, ерекше әлемі бар мәтіндерде көрінеді. Қандай да бір дискурстың әлемінде синонимдік ауыстырулардың, шындықты берудің, этикеттің тәртібі болады. Бұл логикалық-философиялық терминнің толық мәнімен айтқанда: «мүмкін (альтернативті) әлем»[10. 88-89]

Мәтін лингвистикасының негізін қалаған Т.ван Дейк дискурсты прагматикалық және когнитивтік факторларды қалыптастыратын, сөйлеуші субъектінің коммуникативтік қалыптасу, пікір, сенім орнықтыру сияқты этникалық статусын жасауға қатысатын күрделі әлеуметтік-коммуникативтік құбылыс ретінде түсіндіреді. Т.Ван Дейктің түсіндіруінше дискурс кең мағынада «коммуникативті әрекет кезіндегі уақыт пен кеңістік контексінде анықталатын сөйлеуші мен тыңдаушының арасындағы оқиға» бұл коммуникативті әрекет айтылым түрінде, жазбаша немесе ауызша не тілдік элементтерден тұруы мүмкін. Айталық, күнделікті достардың әңгімелесуі, дәрігер мен пациенттің диалогы, газет оқуды жатқызуға болады. Тар аяда аяқталған не жалғасу үстіндегі коммуникативті әрекет, оның реципиент түсіндіретін жазбаша немесе айтылым түріндегі нәтижесі. Жалпы айтқанда дискурс дегеніміз коммуникативті әрекеттің жазбаша не айтылым түріндегі тілдік көрінісі.

Мәтін мен дискурстың айырмашылығы: егер дискурсты актуалды сипатта айтылған мәтін ретінде танысақ, ол кезде мәтін – айтылған ойдың абстрактылы, грамматикалық құрылымы, ал дискурсты актуалды айтылым әрекетіне қатысты сөз (речь) деп есептесек, ол кезде мәтін – тілдік жүйеге немесе формалды лингвистикалық білімге, лингвистикалық компетенттілікке қатысты ұғым болып табылады. Дискурсивті талдаудың қалыптасу тарихы зерттеу нысаны тіл болып табылатын – мәтін лингвистикасы, сөйлеу актісінің теориясы, лингвистикалық прагматика, психолингвистика, стилистика, шешендік өнер, сөйлеу коммуникациясының теориясы тәрізді білім салаларының бағыттарымен байланысты. Сонымен бірге дискурсивті талдаудың нәтижелері әлеуметтану, этнография, мәдениеттану, мифология, әдебиеттану, философия ғылымдарында қолданылады. Дискурсивті талдау теориясы көптеген ғылыми пәндермен, соның ішінде әсіресе мәтін лингвистикасымен тығыз байланысты екенін байқаймыз. Яғни, кейде «дискурсивті талдау» мен «мәтін талдаудың» бірдей ұғым ретінде қолданылуы кездейсоқ болмаса керек. Дискурс теориясына қатысы жоқ, оның терминологиясы мен зерттеу аппаратын қолданбайтын лингвистикалық зерттеулердің өзі дискурсивті талдаудың элементтерін қолданады.


Дата добавления: 2016-01-05; просмотров: 15; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!