Концептуалды метафора теориясы 5 страница



Жұртта қалған жұрындай,

Өрттен шыққан құрымдай,

Күңдердің сірке бұрымдай, –

деген жолдарындағы қарсыласын қорлап, өш алу үшін айтылған астарды түсіну үшін «жұртта қалған жұрынды», «өрттен шыққан құрымды», «күңдердің сірке-сірке бұрымын» көзімен көрген өмірлік тәжірибесі бар тыңдарман болуы қажет. Қазіргі тыңдарман, соның ішінде қала тәрбиесінде өскен орта үшін бұл жолдардың прагматикалық әлеуеті солғын болуы да мүмкін.

Мәтіннің қабылдануында тілдік (лингвистикалық) факторлардан басқа тілден тыс (экстралингвистикалық) факторлар да өзіндік рөл атқарады.

Лингвистика

Латынның lingua – тіл деген сөзінен шыққан, тіл туралы ғылым. Жалпы адам баласының тілін, сонымен қатар әлемдік тілдерді, жеке тілдерді зерттейді. Кең аяда таңбалар туралы семиотика ғылымының бір саласы болып та табылады.

 

Билет

Тіл мен таным арақатынасына байланысты А.Байтұрсынұлы еңбектері

1.А.Байтұрсынұлының тіл табиғатының ерекшелігін, тіл қызметінің жан-жақтылығын танытуға арналған ғылыми пайымдауларын саралай келіп, оларды мазмұны мен көтерген мәселесінің бағыт-бағдарына қарай бірнеше топқа жіктеп көрсетуге болады:

1) Тілтаным теориясындағы тіл – ойлау – дүние бейнесі арақатынасына байланысты пікірлермен сабақтас пайымдаулары;

2) Поэтикалық тіл табиғатын «қарапайым» тілден айыра танытуға арналған ғылыми тұжырымдары.

А.Байтұрсынұлы сөз өнеріне тірек болатын адам санасының үш негізін атап көрсетеді: Ақыл, Қиял, Көңіл. Әрі қарай: ақылдың ісі – аңдау, қиялдың ісі – меңзеу, көңілдің ісі – түю, талғау деп, сана негіздерінің әрқайсысына тән қызметін талдайды. «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау».[17, 141] А.Байтұрсынұлы ойлаудың екі түрін көрсетеді: тиісінше ойлау, түйісінше ойлау. Тиісінше ойлау: заттың «бойына біткен сипатын» ғана ойлап, сол тұрғыда сөзбен беру, яғни қазіргі ғылыми тілмен айтсақ, нақты шындық болмыстың тіл арқылы баяндалуы, түйісінше ойлау: зат туралы «адамның қосқан, таңған сипаттары», яғни зат, құбылыс туралы сөйлеушінің көзқарасы, танымы, ұғып-қабылдауы тұрғысынан сөз етуі. Ойлау мен сөйлеудің бұл түрінде тілдің коммуникативтік, информативтік қызметімен қоса мағыналық реңкі (модальділігі), эмоциясы, эстетикалық қызметі, бір сөзбен, поэтикалық табиғаты көрініс береді. Сондай-ақ ғалым тілдің (ойлаудың) тиіс жағына көрік керек емес, нақты шындық керек, түйіс жағына көріктеу, әдемілеу қажет, ол қиял шығаратын сөз дейді. Тіл біліміндегі логикалық-эстетикалық бағыт өкілдері тілдің табиғатын логикалық және эстетикалық таным нәтижесі ретінде түсіндіреді. Осы бағытты жалғастырушы Бенедетто Кроченің пайымдауынша, танымның екі түрі бар: индуктивтік және логикалық. Индуктивтік танымның құралы – фантазия, нәтижесі образ, логикалық танымның құралы интеллект, интеллект арқылы түсінік қалыптасады. А.Байтұрсынұлы тіл арқылы танылатын ойлаудың қиял (эстетикалық), ақыл (логикалық) негізімен қатар көңіл (қабылдау) негізінің де бар екендігін дәлелдейді.

Автордың «даналық», «ұлы ұғым жүйесі» туралы ойлары тілтаным тарихындағы тіл арқылы берілетін «абсолютті шындық», «дүниенің тілдік бейнесі» идеяларымен үндеседі. «Шындықты қабылдауда тек тіл ғана жетекші рөл атқарады» деген концепцияны ұстанушы Л.Вайсгербердің [19] пікірінше де кез келген тіл шындық өмір мен адам арасында делдалдық қызмет атқара отырып, өзінің ұғымдық әлемін жасайды. Бірақ аталған ілім өкілдерінің(тілдің қатысымдылық теориясы) қателігі олар адам қабылдаған әлемді сана емес, алдымен тіл қорытады деп, ойлау мен сананың рөлін жоққа шығарды[20]. Поэтиканы сөз өнері туралы ғылым деп танитын болсақ, А.Байтұрсынұлының «сөз өнерінің» табиғатын жан-жақты сипаттаған пайымдауларын поэтикалық тілдің зерттелуіне арналған бірден бір ғылыми талдама, сараптама ретінде қарастыруға болады.

2.Н.А.Рубакиннің «библиопсихологиялық теориясы»

Көркем шығарманы оқу барысында автор және оқырман арасындағы қарым-қатынас сипатталатынын ескерсек, мәтінді қабылдау заңдылықтарын Н.А.Рубакиннің библиопсихологиялық теориясымен түсіндіруге болады.

Н.А.Рубакиннің теориясының мәні мынада: әрбір оқырманның өз ортасы, сол ортаның ортақ қызығушылығы бағытталған ядросы бар, ол осы ортаның (оқырман өсіп-өнген, білім алған) ішкі ерекшеліктерімен байланысты. Рубакиннің пікірінше әрбір оқырманнан жеке-жеке мәлімет ала отырып, тұтас оқырман қауымын зерттеу қажет. Яғни қандай оқырмандар ортасында қандай кітаптар мен идеялар жақсы қабылданатындығына зерттеулер жүргізілу керек. Рубакин мәтін мазмұнын семантикалық жасалымдардың жиынтығы ретінде ғана емес, сонымен бірге мәтінді қабылдаған оқырмандардың қандай да бір проекцияларының қалыптасуын туғызатын қозғау күші ретінде қарастыруды ұсынады. Проекция астарында зерттеуші кейбір реципиенттердің мәтін мазмұнын қабылдауын түсінсе, оқырмандар типі арқылы мәтінді бірдей деңгейде қабылдайтын тұлғалар тобын түсінеді.

Рубакин оқырмандардың психологиялық типіне баса мән береді (оқырман мен жазушының тұлға ретіндегі библиологикалық психоанализі – жеке қуаныш, қайғылары, мінез-құлқы, ақыл-ойы, темпераменті т.б.) Зерттеуші эксперимент жасау арқылы оқырмандардың белгілі бір мазмұндағы мәтінге қандай реакция білдіруіне орай белгілі бір кітап не авторға зерттеу жүргізуге болатынына көз жеткізеді. Н.А.Рубакин оқылым процесіне зерттеу жүргізу барысында автор мен оқырманның мәтінге жанама әсерін оқылым деңгейін сипаттайтын құбылыстардың бірі ретінде қарастырады. Мәселен реципиент оқу үшін өзімен бірыңғай психологиялық табиғаттағы автордың шығарамасын таңдайды. Немесе автор оқырмандарына ықпал жүргізу үшін шығармаларында оқырмандардың белгілі бір типіне психологиялық сәйкесті болатын сөздерді таңдайды. Оқырман мен автордың психологиялық сәйкестігі туралы пайымдаулар мәтіннің коммуникативтілік деңгейін зерттеуге арналған теорияның құрамдас бөлігінен саналады.

3.Мәтін

Мәтін лингвистикасы туралы сөз болғанда, бір зерттеулерде мәтіннің жазба нұсқаға түскен сөйлеу құрылымы екендігі баса айтылса, кейбір зерттеушілер мәтінді ауызша да, жазбаша да сөйлеу құрылымында кездесетін жүйе ретінде қарастырады. Мәтін қандай формада көрініс берсе де (ауызша, жазбаша, мономәтін түрінде, поэзиялық, прозалық сипатта) белгілі бір дәуір туғызған мәдениеттің, шығармашылықтың, рухани қызметтің жемісі әрі осындай рухани байлықты ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізуші феномен болып табылады.

 

Билет

Қ.Жұбановтың танымдық тіл біліміне қатысты ойлары

1.Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» және Қ.Иассауи «Хикметтерінің» тіліне арналған «Түрки әдебиеттер тілінің танымы» атты еңбектерін қазақ әдеби тілінің қалыптасу, даму тарихының сүбелі екі кезеңінің (XI ғасырдағы түркі жазба әдеби тілі және XIX ғасырдың II жартысындағы қазақтың ұлттық жазба әдеби тілі) басты өкілдерін талдау объектісі ете отырып, қазақтың поэтикалық тілінің бастау алған қайнарлы бұлағын танытуға арналған алғашқы зерттеу үлгісі деуге болады. Алдымен зерттеуші поэзия тілін жалаң құрылымдық, лексикалық талдаумен шектелмейді. Кез келген шығарманың тілі оның шығу тарихымен, сол шығарма дүниеге келген дәуірдің қоғамдық, әлеуметтік құбылыстармен тығыз байланыста талдануы керек деғен принципті басты ұстаным етіп алған (лингвомәдениеттаным, әлеуметтік лингвистика ұстанымдарымен сай келеді) Қ.Жұбанов Хожа Ахметтің тіліңдегі жеке қолданыстарды, шығарма мазмұнындағы кейбір фактілерді тарихи этнографиялық, мәдени таныммен сабақтастыра қарастырады. «Хикмет» тілінің танымдық, философиялық құндылығына «асыл сөз», «ақлият сөз» деп баға бере отырып, қазақ әдеби тілінің асыл қайнары – Хожа Ахмет Иассауи үлгі еткен түркі жазба поэзиясында жатқанын үлкен патриоттық сезіммен сөз етеді.

 

2. «Тілдік тұлға» және «автор бейнесі»

 

Поэтикада және стилистикада автор бейнесі суреткердің идеалды және субъективті дағдысы ретінде бейнеленген тұтас әлемді көркемдеуге қатысады. Ол жазушылық «мен»-нің өн бойында сипатталады. Көркем «мен» проблемасы қоғамдық ой-санада жеке тұлға туралы ұғымның дамуымен байланысты көрініс береді. Автор бейнесі туралы ұғым жазушының бір шығармасының шығармалар шоғырының, жалпы шығармашылығының конструктивтік бөлшегі болып табылады. Автор бейнесі оны танып-білу мен қабылдаудың әр түрлі қырларына қатысты болуы мүмкін.

Әңгімелеуші – автор мен әдеби ақиқат дүние арасындағы делдал. Әңгімелеушінің сөйлеу стилінде, оның экспрессиялылығында, персонаждарды жасау шеберлігінде өзіндік қолтаңбасы сақталады. Әңгімелеуші – автордың артистік қабілетке ие бейнесі. Автор бейнесі мен әңгімелеуші бейнесінің арасындағы қарым-қатынастың өзгерімелілігі бір әңгімелеу композициясының өзінде байқалып қалады. Автор образы мен сөйлеуші образының бір-бірін жиі алмастырып, бірінің орнына бірі ауысып отыруы сюжеттің құрылымында негізгі рөл атқарады. В.Виноградовтың көрсетуінше, автор бейнесі шығарманың көркемдік композициясында да маңызды орын алады. Композициядағы шешуші сәттің берілуі автордың осы құбылысқа көзқарасына қатысты таңдалады. Көркем шығарма композициясында дүниенің бейнеленуі автор бейнесінде синтезделетін түрлі формалар мен сөйлеу түрлерінде, түрлі стильдердің ауысып, кезектесіп келуі арқылы жүзеге асады. Автор бейнесінің сөйлеу құрылымында көркем сөйлеу композициясының стильдік тұтастығы тереңдей түседі.

Автор бейнесінде, оның сөйлеу құрылымында көркем шығарманың стильдік ерекшелігі мен сапалық жағы: мәнерлі сөйлеу құралдары арқылы берілетін жарық пен қараңғы, бір стильден екінші стиль түріне өту, шешендік бояудың үйлесімділігі, бағалау сипаты, олардың сөздер мен тіркестер арқылы берілу жолдары, синтаксистік қызметтің өзіндік ерекшелігі өзара біріктіріледі. В.Виноградов автор бейнесінің, оның құрылымының жеке автордың шығармашылық даралығына, түрлі әдеби ағымдар мен әдеби мектептердің шығармашылық бағыт-бағдарына байланысты әр алуан мазмұндар мен формаларда көрінетінін баса айтады. Жалпы айтқанда, В.Виноградовта «тілдік тұлға» автор бейнесі ұғымымен байланысты: біріншіден, суреткердің жеке стилі тұрғысынан, екіншіден, проза мен поэзияның теориясы мен тарихына қатысты; үшіншіден, шығарма мәтініндегі ішкі монологпен тығыз байланысты; төртіншіден, әңгімелеуші бейнесімен (образ рассказчика) салыстыру барысында ғылыми-теориялық зерттеуге нысан болады.

 

3.Мәтін түсінілімі

Көркем мәтін шындық өмірді жеке (индивидуалды) таным тұрғысынан бейнелейтін дүниенің образды бейнесі болып табылады. Бұның өзі оның оқырманға бірдей түсінікті болу, қабылдану проблемасын жоққа шығармайды. Әрбір оқырманның (реципиенттің) дүниені тану, бағалаудағы дара түсінімдерінің бар екенін, сондай-ақ реципиент тезаурусының автор тезаурусымен сәйкесе бермеу мүмкіндігін ескерсек, белгілі бір мәтіннің қабылдануы барлық уақытта бірдей деңгейде бола бермейтіні анықтала түседі. Мәтіннің ұғынықты болуында тек сөйлеуші ғана емес, тыңдаушы мүддесі де ескерілуі тиіс.

Мәтін сөйлеудің біршама күрделі бірлігі ретінде өзін құрайтын элементтердің (сөз, сөйлем, сөз тіркесі) мағынасынан бөлек сападағы ұғымды береді. Мәтінді мағыналық қабылдау жеке сөздерді таңбалық қабылдаудан, олар арқылы берілетін тұтас мағынаны қабылдауға дейінгі деңгейлік саты арқылы жүзеге асырылады. Мәтінді түсінуге қиындық келтіретін жағдаяттар ретінде зерттеушілер диалектизмдерді, көнерген сөздер мен неологизмдерді, тар аядағы кәсиби терминдерді атайды [4]. Реципиенттің жеке сөздер мен сөз тіркестерін түсінбеуі оның тұтас мәтінді ұқпауына әкеп соқтыруы мүмкін. Соған қарамастан реципиент мәтіннің жалпы не жайында екенін пайымдай алады. Жеке элементтері түсініксіз «бұзылған» мұндай мәтіндерді оқырман өзінің варианттарын ұсына отырып, жаңғырта қабылдайды, қалпына келтіруге тырысады. Кез келген мәтінді қабылдау барысында оқырманның онымен эквивалент бола алтындай мағыналы мәтіні дайын болады. Мәтінді толық түсінуге ұмтыла отырып, реципиент кейбір түсініксіз оралымдарды түсіну үшін жеке сөздердің мағынасын қайта қарап, қажет жағдайда оларды өзі үшін түсінікті сөздермен ауыстыруға дейін барады. Мәтіннің жалпы мазмұны туралы болжау барысында реципиенттер шығарманың жанры, тілі, автор қолданған сөз оралымдары туралы пікірлерін ортаға салады.

Билет

Конгитивтік лингвистиканың қазақ тіл біліміндегі көрінісі

1.Қазақ тіл білімінде когнитивті бағыттағы зерттеулердің негізі аталған ғылыми бағыттың пайда болуынан бұрын қаланды. Бұған А.Байтұрсынұлының тіл мен таным арақатынасы туралы пайымдаулары, Қ.Жұбановтың поэтикалық тілді оны тудырған ортаның тарихы мен танымына қатысты талдауға бағытталған зерттеуі, Р.Сыздықтың «идиостиль», «шығармашылық контекст», «мәтін түзу», «мәтін қабылдау» туралы, өзге де поэтикалық тілдің табиғатын танытуға арналған теориялары, Қ.Өмірәлиевтің «ішкі образ», «ақындық мен», «поэтикалық семантикаға» қатысты ғылыми тұжырымдары, Е.Жанпейісовтің поэтикалық тілдің этномәдениет деңгейінде танылуын сипаттайтын зерттеулері, Б.Шалабаевтың көркем мәтіннің теориясына (мәтін, мәтіннің қабылдануы, түсінілімі туралы еңбектерін жатқызамыз. А.Байтұрсынұлының, Қ.Жұбановтың зерттеулерінде тіл мен таным, тіл мен ұлт тарихы, тіл мен мәдениет арақатынасындағы поэтикалық тілдің сипаты, поэтикалық тілдің адресат факторындағы көрінісі, поэтикалық тілдің негізгі элементтері – сөздің ішкі мағынасы, образ жасау, ырғақ, әуезділік мәселелері тұңғыш рет жан-жақты сипатталады. поэтикалық тілдің сипатына қатысты теориялар қазіргі антропоцентристік бағыттағы ойлау – тіл – адам қарым-қатынасын басты мәнге айналдырған зерттеулермен астарласады.

Бұндай зерттеулер, алдымен, тілді белгілі бір ұлттың мәдениеті мен танымының көрінісі ретінде қарастыруды басты нысан етіп алған этнолингвистика, лингвомәдениеттаным салаларының қалыптасуымен байланысты дамып, тереңдей түсті. Тілді (тіл әлемі) ұлттық болмыспен (этнос болмысы) біртұтас құбылыс ретінде қарастырып талдаудың негізі қазақ тіл білімінде Ә.Қайдардың, Ж.Манкееваның зерттеу еңбектерінде қаланды.

Концептуалды метафора теориясы

 

Метафораны тілдің құрылымдық элементі ретінде (сөзжасамдық, атаужасамдық, тілдің көркемдегіш құралдары тұрғысынан) қарастыратын еңбектер қазақ тіл білімінде жетерлік. Соңғы кезде метафораларды когнитивті тіл білімі тұрғысынан зерттеуге бетбұрыс жасалумен байланысты қазақ тіл білімінде когнитивті, концептуалдық метафораларға арналған зерттеу еңбектер пайда бола бастады.

Метафора тілдегі екінші аталым жасаудың өнімді тәсілі ретінде сөйлеушінің белгілі бір тілде дүниеге арнайы көзқарасын қалыптастыру (навязывать) қасиетімен ерекшеленеді. (Мәселен, көмір – қара алтын, күріш – ақ маржан, көшедегі қыздар – түнгі көбелек, түнгі бикештер т.б.)

Қазақ тіліндегі метафоралық қолданымдарды арнайы зерттеген еңбегінде Б.Хасанов метафораларға: «заттар мен құбылыстардың бүтіндей, не бір ғана белгі; форма, қасиет пен қимыл ортақтығына орай, түр, түс, иіс, дыбыс ұқсастығына, құрамына өз арақатынасына қарай ауыстыру. Ал метафораны қолдану – көру, есту, сезу әсерлерінің кірігуі», – деп анықтама береді.

В.Н.Телияның ұсынған ғылыми пайымдауларында метафора тілдегі адамдық факторлардың көрінісі ретінде сипатталады. Тілдің тарихи даму барысында тілдік ұжым қалыптастырған ұлттық мәдени, рухани байлық метафораларда сақталып, кейінгіге жалғасады. Сонымен бірге метафора (жалпы троптың өзге түрлері де) сана арқылы қабылданатын шындық дүниенің ассоциациялануы, осы ассоциациялану арқылы гетерогенді мәндердің ұқсастықтары мен тұтасуы, шындық дүниені физикалық қабылдау мен көзге көрінбейтін әлемді (идеялар, ұмтылыстар әлемі) қабылдау, дүниенің абстрактілі бейнесінен нақты танымға өту болып саналады. Тіл өзінің мағынасы мен оның ассоциациялану жүйесі арқылы дүниенің концептуалдық моделіне ұлттық-мәдени өң береді. Сонымен бірге оған универсумды адами түсініктермен, адам қабылдауындағы дүние ауқымымен, символдарымен, эталондарымен таразылайтын антропоцентристік түсінім тән. Сол арқылы тілдегі нақты стереотип бағалауыш ұғымдар қалыптасқан. Мәселен қаттылық, мейірімсіздік таспен, басының еркі болмау құлмен, қулық, сұмдық түлкімен метафораланып беріледі. Табиғаты жағынан метафора сөзжасам сияқты бірақ оған қарағанда күрделі, өлшемге бағынбайтын жаңа мағына тудырудың белгілі бір моделін түзеді, тілде лингвокреативті қызмет атқарады.

Адамның жаңа құбылысты өзінің өмірлік практикасы арқылы жинақтаған білімі, танымы бойынша ой елегінен өткізіп, ақырында түрлі дүние бейнесіндегі (ғылыми, тұрмыстық, мифологиялық) стереотип, эталон, символдық атауға айналдырып алуы да метафора жасалымындағы бірден-бір уәжділік болып табылады (айталық, балмұздақ сөзінің қолданысқа енуіне осы зат туралы адамның физикалық қабылдауы мен сезінуі себеп болып тұр). В.Н.Телияның көрсетуінше соңғы кезде лингвистер арасында метафоризациялаудың номинативтік мағынаның қалыптасуындағы қызметі туралы концепция белгілі болып жүр. М.Блэктің зерттеуінде метафоризация дүние туралы жаңа білім қорын табу және оны тілдік қорға айналдыру болып табылады.

3.Мәтін прагматикасы

Ғылыми мәтінді зерттеушілер ғылыми мәтін түрлі оқырмандар үшін бірдей мазмұнда ұғынылуы тиіс десе, көркем мәтін туралы зерттеушілердің пікірінше, көркем мәтіннің ғылыми мәтіннен айырмашылығының өзі оның түрлі оқырман үшін әртүрлі қабылдануында деп түсіндіреді. Көркем мәтін мазмұнының түрліше қабылдану себебі неге десек, оның бірден-бір басты себебі түрлі оқырманның тезаурустық деңгейі мен білім деңгейінің, кейде танымдық көзқарасының әр басқа болуымен түсіндіруге болады. Кез келген мәтін оның мазмұны арқылы меңзелетін экстралингвистикалық шарттармен байланыста ұғынылуы тиіс. Жеке айтылымдардың өзін әрбір сөйлемнің полипрессупозионалдығысыз қабылдау мүмкін емес. Мәтін авторының бастапқы ойы мен қабылдаушының мәтін туралы түсінімі барлық уақытта бір жерден шыға бермейді. Мәтінді толық түсіну үшін жеке сөздердің мағынасын біліп қою аздық етеді. Екінші жағынан реципиент үшін мәтін мазмұнын түгелімен есте сақтаудың қажеттілігі жоқ. Сондықтан тыңдаушы мәтін мазмұнын қабылдай отырып, оның «сығылған» мәнді түйінін ғана қалдыруы мүмкін. Мәтін мазмұнының «сығынды» мәнін жасау нәтижесінде мәтін мағынасының жаңаша баяндалуы ғана емес, сондай-ақ, мағыналық таратылуы (интерпретация) да жүзеге асырылады. Осыдан келіп автор ұсынған мағына мен оқырман қабылдаған мазмұн арасында алшақтық пайда болады.

Билет

Концепт терминінің тіл білімінде пайда болуы

1.Жоғарыда талданған зерттеу еңбектерден пайымдауымызды қысқаша түйіндей айтсақ, концепт терминінің тіл білімінде орнығуы онымен іргелес мағына, ұғым, прототип т.б. психолингвистикалық, лингвофилософиялық, семантикалық ұғымдардың таза лингвистикалық мән алуымен тұспа-тұс келгені байқалады. Алғашқы қалыптасу кезеңінде аталған ұғымдармен бірдей аяда, кейде синонимдік парадигмада қаралып жүрген концепт ұғымы соңғы зерттеулерде өз алдына дербес зерттеу нысанына айналды.

Зерттеулерден пайымдауымыз бойынша, концепт алдымен адамды, оның ортасын, сол орта үшін заңдылық ретінде қабылданған сал-дәстүр, әдет-ғұрыпты (бір сөзбен ұлттық болмысты), адам арқылы жасалып, қалыптасқан мәдениет, өнер түрлерін, адам баласының дүниені танып бағалауын, дүниені бағалаудағы тағы да адамөлшемдік (барлық параметрде адамның салыстыру нысаны бола алуы) параметрін, осы көрсетілгендердің адам тіліндегі сипатын, адамның тілді қолданудағы талғамын – жалпы алғанда адами құндылықтарды топтастырып, жүйелеп ұсынатын күрделі категория деп есептейміз. Концептіге берілген анықтамалар, концептінің сан қырлылығы, бірнеше қабаттардан тұратын ерекшелігі, концептінің зерттеу әдіснамасының өзінің сан түрлілігі, концептінің тек лингвистикалық қана емес, психологиялық, философиялық, логикалық, когнитивтік талдауларға нысан бола алу мүмкіншілігі, қорыта айтқанда қазіргі гуманитарлық ғылымдар контексінде түрлі саладағы ғалымдардың концепті табиғатына деген қызығушылығы концептіні когнитивистикадағы іргелі ұғымға, өзіндік зерттеу нысаны, терминдері, мақсат, міндеттері бар теориялық зерттеу саласына айналдырып отырғаны сөзсіз.


Дата добавления: 2016-01-05; просмотров: 17; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!