Концептуалды метафора теориясы 1 страница



Билет

Когнитивті лингвистика пәні, оның зерттеу объектісі

 

1.Когнитивизм – адам ақыл ойын, олармен байланысты менталды процестерді зерттеу объектісі етіп алған ғылымдарға бағытталады. Қазіргі кезде ғылым салаларында «когнитивті төңкеріс» туралы сөз болуда. Американдық белгілі лингвист Н.Хомский: «Когнитивті төңкеріс ақыл-ой мен мыйдың жағдайын, олардың адамның когнитивті болмысына: біліміне, ұғымына, түсінігі мен сеніміне қалай ықпал ете алатынын зерттейді» деп жазды. Адамның білімі мен түрлі ақпараттарды қабылдауына қатысты процесс когнитивті немесе когниция деп аталады. Оларға «интеллектуалды», «менталды», «талдамалы» терминдері синоним бола алады. Адам интеллектісімен, ойлау заңдылығымен ерте заманнан бері логика, философия, физиология, психология айналысып келеді. Философияда таным теориясымен айналысатын гносеология бөлімі бар. Бірақ когнитивистика аясында байырғы мәселелер жаңаша түсіндіріле бастады.

Когнитивистикада адами когницияға басты мән беріледі, ол тек бақылауға алынған іс-әрекет деңгейінде зерттеліп қоймай, оның менталды репрезентациясы (ішкі қабылдау, модель), символы, даму стратегиясы(білім негізінде жүзеге асатын іс әрекет), адамның когнитивтік әлемі, тілдің белсенділік әрекетімен ілгерілеп отыратын мінез құлқы мен іс әрекеті бойынша зерттеліп, мотивтері мен қалыптасу нәтижесі қатар қаралады. Когнитивтік лингистиканың негізгі ұғымдары: ойлау, білім, концептуализациялау, концептуалды жүйе, когниция, дүниені тілдік көру, когнитивтік база, ментальды репрезентация, когнитивтік модель, категоризация, вербализация, менталдылық, мәдени константтар, концепт, дүние бейнесі,концептосфера, ұлттық мәдени кеңістік т.б.

 

2.«Дүниенің жаратылу» концептісі

 

Ғалам бейнесімен байланысты тіл екі процеске қатар қатыса алады: біріншіден, оның өн бойында ғаламның тілдік бейнесі жасалынады, екіншіден, тілдің өзі адамның дүние бейнесі туралы түсініктерін қалыптастырады. Мәселен дүниенің жаратылуы, құрылымы туралы таным жырауларда белгілі бір білім аясы арқылы (діни кітаптар оқу, арнайы діни дәрістер алу, шығыстық қисса-дастандармен таныс болу) қалыптасса, осы танымның поэтикалық қолданыста көрініп жыр тілі арқылы тыңдаушы ортаға таралуы, тіл деңгейіндегі белгілі бір дүниетанымның, дүниеге көзқарастың (ғаламның тілдік бейнесінің) қалыптасуына жол ашады.

ХХ ғасырда философиядағы ілгерілеушілік тілмен адам қарым-қатынасын талдау мен тығыз байланысты болды. Философтар үшін тіл тек философиялық концепцияларды жеткізу құралы ғана емес, сонымен бірге дүниені, адамды тану құралы да. Егер дүниенің басы сөз екені рас болса, онда білімнің қайнар көзі тілде, әлем адам туралы таным тұтастығын тілден таба аламыз.

Т.В.Цивьян әлем моделінің жүйелік кодындағы тілдің екі қызметін айрықша көрсетеді: 1. Тіл (тек тіл ғана) әлем моделін барлық болмысымен толық және жан-жақты бере алады; 2. Тіл тек өзінің әлем моделін ғана емес, өзге (бөтен) әлем моделін бере алады.

«Дүниенің жаратылу» концептісі адамзаттың дүние, оның құрылымы, пайда болуы туралы, дүниенің мәні, мазмұны, формасы, сандық, сапалық параметрі, дүниенің уақыт пен кеңістікке қатысы туралы пайымдауларының тілдегі, танымдағы көрініс арқылы сипатталады. Концептіні анықтайтын тілдік атрибуттарға дүние, өмір, тіршілік, өлім, ажал, о дүние, бақи, фәни, пейіш, тозақ, жұмақ, қыл көпір, аршы мен ғаршы т.б. сөздері мен оларға қатысты ұғым-түсініктерді, салт-дәстүр, наным-сенімдерді жатқызамыз.

«Дүниенің жаратылу» концептісі қазақ халқының түрлі мифологиялық, діни-философиялық түсінігі арқылы қалыптасқан.

Жыраулар поэзиясында дүниенің материалдық және рухани тірегі, сандық, мезгілдік, мекендік параметрі поэтикалық сипатта көрініс береді. Мысалы, Нұрым жыраудың «Дүниенің жаратылуы» туралы толғауында тіл мен жан тірліктің рухани көзі болса, өмір сүрудің материалдық негіздері де бар. Олар – аспан (Аспан мен жердің арасын, Азғантай емес мол берген), жер (Он сегіз мың ғаламның, Тірісі дәурен сүрсін де, Өлгенін қазып көмсін деп, Жеті қабат жер берген ), жарық, нұр (Аспаннан нұрын төктіріп, Шапағын шашып күн берген), су (Жер реңі келсін деп, Жарқыратып көл берген).

 

3.Адресант және адресат факторы

 

Мәтін теориясында сөйлеуші мен тыңдаушының арақатынасы адресант факторы арқылы түсіндіріледі. Адресант адресатқа қандай да бір ақпарат жолдайды. Ақпарат өзінің функциясын толық атқару үшін контекст болуы қажет. Контекст адрасат арқылы тілдік немесе тілден тыс формада қабылданады.

 

Билет

Когнитивті лингвистика пәнінің мазмұны

 

1. Когнитивті лингвистика – тіл білімінің қоғамдық-әлеуметтік орны мен ролінің күшеюіне орай, адамзаттың ой мен тіл, сана мен сөйлеу, таным мен тілдік қарым-қатынас процестерінің бірлескен әрекеттері нәтижесінде тілші-ғалымдар алдында жаңа идея, тың ізденісті қажет еткен сала. Бұл – сала жалпы тіл білімі проблемаларымен де, сондай-ақ жеке тіл білімі мәселелерімен де тығыз байланысты сала.

Когнитивті лингвистика тіл арқылы қоршаған ортаны, адамзат қасиеттерін, қоғамдық құбылыстар мен жаратылысты танып білудің ғылыми-теориялық негіздерін қарастырады. Сондықтан когнитивті лингвистика тіл білімінің танымдық бағыттары мен аспектілерін әр түрлі қырынан ғылыми негіздейді және адамның таным процесіне қатысты білімін тереңдетіп, тәжірибесін молайтады.

Когнитивті лингвистика пәнінің мақсаты - тіл біліміндегі танымдық теорияның ғылыми негіздерін меңгеру, оның басты тұжырымдары мен негізгі қағидалары арқылы студенттердің ой-өрісін кеңейту.

Негізгі мақсаттың жүзеге асуы үшін орындалатын міндеттер:

- Тіл білімі мен когнитивті лингвистиканың бір-бірімен байланысын көрсете білу;

- Тіл біліміне қатысты таным теориясының – негізгі қағидаларын игеріп, оны қоғамтану мен өміртануда дұрыс қолдана білу;

- Когнитивті лингвистиканың бағыт-бағдарын айқындай келіп, оның басқа салалармен байланысын зерделеу;

- Танымдық аспектілерге байланысты ғылыми еңбектерді, концептуалды пікірлерді, көзқарастарды талдап, талқылай білу;

- Когнитивтік лингвистикаға қатысты ұғымдарды, терминдерді, метатіл түсініктерін меңгеру, оларды нақты мысалдар мен деректер арқылы талдап көрсету;

- Танымдық лингвистиканы оқыту барысында студенттердің ойлау қабілетін, қоршаған ортаны зерттеп-тану қасиетін, өзіндік ой-пікірін дәлелдеп жеткізе білу дағдысын жетілдіру; олардың дүниетанымын кеңейту;

- Ой,сана, тіл тұтастығы арқылы тілдік қатынасты жете меңгеру, таным процесін жан-жақты іске асыру.

2.«Өлім», «қайғы», «мұң» концептілері

А. Вежбицкаяныңкөрсетуінше,адамдық эмоция түрлерін зерттеген ғалымдар «базалық эмоция» концепциясын жасап шығарған. Осы концепция бойынша, адамға тән алғашқы эмоциялардың қатарында қайғы, мұң, үрей, жалғыздық аталады.

Өлім туралы қалыптасқан адами ұғым бойынша, жанның тәннен ұшып шығуы өлім деп аталады. Жан қандай халықта да, қандай мәдениет түрінде де өте күрделі субстанция. Көне дәуір философиясында жан – от, ауа, су негізді, кейде от, ауа, су, топырақтың қосындысы түрінде сипатталады.

Жанға байланысты мифтік ұғым-түсінік, діни-философиялық таным барлық халықтарға тән деуге болады. Жан –христиан дініндегі халықтардың түсінігінде душа—дух (жан, рух) ұғымдардарымен байланысты сипатталып, «өлген адамның жаны өлілер рухына айналады» деген түсінікке бағышталады. Жан – көзге көрінбейтін, қолға ұсталынбайтын дерексіз ұғым. Соған қарамастан адам баласының танымы арқылы қалыптасқан ғалам бейнесінде жанның өзіндік орны бар.

Алдымен жан белгілі бр мекенге ие. В.Маслова түрлі халықта жанның мекені түрліше сипатталатынын айтады: кеуде, жүрек, бүйрек, көз, кейде өкше де жанға мекен болады. Жанның түрліше болмысы халықтық фольклор, миф мазмұндарында сақталған. Қазақ халқы жанды тәнмен, кеудемен байланыстырады. Жанның кеудеден шығуын ж ү р е г і т о қ т а д ы тіркесі арқылы берілуінен жанның жүрекке де қатыстылығын аңғарамыз. Жан –өкпе мифологемасы қазақ ертегілеріндегі жын-шайтан, албасты, перілердің өшіккен адамының (көбінесе жас босанған әйел) өкпесін суырып алып, суға тастауы туралы сюжеттерден танылады. Ал ерекше адамдардың (батыр, ерекше күш иесі т.б.) жаны тәнінен бөлек те сақталатын (киіктің ішінде, балапандарда) мифтік сюжеттер бар.

Ағылшын этнографы Дж.Фрейзер бұндай сенімнің көптеген халықтарда кең таралғандығын айта келіп, оны «сыртқы жан» идеясымен түсіндіреді. Этнографтың пікірінше бір кездегі белгілі бір жануар түрінде сақталған жан туралы сенімнен тотемизм туып қалыптасқан. Тілдік прагматикада жан адаммен бара-бар. Адамға тән сезімдік күйлер жанға да тән: жан күйінеді, жылайды, қайғырады, жабырқайды, қуанады, жадырайды, семіреді, жайланады, ашиды т.с.с. (Тіліміздегі – жаны жылады, жаны жабырқау тартты, жаны күйді, жаны қалмады (қуану), жаны жай тапты, жаны жадырап қоя берді, жан семіртер т.б. тіркестері жанның осындай метафоралық-мифтік болмысын бейнелейді). Ажал— «өлім» концептісіндегі атрибут ұғым. Жанның кеудеден кетуі мифопоэтикалық кеңістікте «ажалдан қорқу, үрейлену», «еріксіз қиналып, шырқырап шығу» әрекеттерімен сипатталады. Тіліміздегі жанталасты, жанын қарманды, жаны шырқырады тіркестері жанның осындай тылсым табиғатын концептуалдық бейнелеуден туса керек.

Жанға адами сапа тән: жаны сұлу, таза, жайсаң т.б. Жанның тазалығы метафоризмі діни- философиялық аспектіде айқындалады.

 

3.Адекваттық терминіне түсінік

 

«Деңгейлес, қатарлас, балама» деген мағынада жұмсалатын термин. Философияда белгілі бір бейненің немесе білімнің объективті шындыққа немесе түпнұсқаға неғұрлым жақын екендігін білдіру үшін қолданылады.

 

Билет

Когнитивтік зерттеулердің пайда болуы

1.« Когнитивті грамматика» термині 1975 жылы Дж Лакофф пен Г.Томпсонның «Когнитивті лингвистиканы таныстырамыз» атты мақаласында қолданылды. 1987 жылы Р.Ланкагердің «Когнитивті лингвистиканың негіздемесі» еңбегінің бірінші томы жарық көрді. Сондай-ақ осы бағытқа арналған Дж Лакоффтың «Әйелдер, от және қатерлі заттар» атты еңбегі, М.Джонсонның «Ойлаудағы дене» аталатын кітабы жарияланды.

XX ғасырдың 80 жылдарындағы Л.Тальми, Ч.Филмор, У.Чейфтің мақалалары когнитивті лингвистиканың дамуындағы ерекше кезеңі болды.XX ғасырдың 90 жылдарының басына дейін бір-бірімен байланысы жоқ жеке зерттеулермен толықты. Бұл – Дж.Лакофтың, Р.Ленкагердің, Т.ван Дейктің(Нидерландтық), Дж.Хэйманның(Канадалық) зерттеу бағдарламалары.

90 жылдардың ортасында Европада когнитивті лингвистикаға арналған алғашқы оқулықтар жарық көре бастады, олар: Ф.Укегер, Х-Й.Шмид. «Когнитивті лингвистикаға кіріспе» (1996) және Б.Хайне «Грамматиканың когнитивті негіздемесі».(1997) Орыс тіл білімінде алғаш рет когнитивті лингвистика В.И.Герасимовтың шолулары арқылы таныс болды(1985). Орыс тіл білімінде когнитивті лингвистика сексенінші жылдары дами бастады. Оның қалыптасуында табиғи тілді түсінуді моделдеуге арналған мына ғылыми жарияланымдардың ролі болды: «Табиғи тілді түсінетін бағдарлама» (1976, түпнұсқа 1972) атты Т.Виноградтың кітабының орысша аудармасы және Р.Шенкидің өзге әріптестерімен бірлесіп шығарған «Концептуалды ақпаратты өңдеу»(1980, түпнұсқа1975), осы тақырыпқа арналған «Шетел лингвистикасындағы жаңалықтар» жинағының XII томы.

1988 жылы Кеңес Одағында тілдің когнитивтік аспектісіне арналған «Шетел лингвистикасындағы жаңалықтар» жинағының XXIII томы, 1995 жылы «Тіл және интеллект» жинағы жарық көрді.

Н.Арутюнова, Е.С.Кубрякова, Ю.С.Степанов, И.А.Стернин, В.Н.Телия және басқа да ғалымдардығ күшімен жарыққа шыққан зерттеу еңбектерде тілдегі адамдық фактор, тіл мен философияның, тіл мен психологияның тығыз байланыстылығы сқз болды.

Когнитивті лингвистиканың дамуына ерекше үлесі болды деп Ю.С.Степановтың «Константтар: орыс мәдениетінің сөздігі» кітабын айтуға болады. Бұнда бірінші рет мәдениет константы мен концептілеріндегі мәдени құндылықтар талданады. Мәселен: «Шындық», «Заң», «Махаббат», «Сөз», «Жан», «Күнә», «Ғылым», «Интеллегенция», «От», «Су», «Нан» т.б.

Е.С.Кубрякованың «Когнитивтік терминдердің қысқаша сөздігі» еңбегінің де айтарлықтай маңызы болды.

 

2.«Жалғыздық, жекелік» концептісі

 

Жалпы адами түсінікте үрей, қорқыныштың жалғыздық, жалғызсыраумен қатар жүретіні белгілі. Ал қазақ халқының менталды ұғымындағы жалғыздық тек жеке эмоциямен өлшенбейді, жаратылыстың заңдылығымен, әлеуметтік, қоғамдық түсінікпен өлшенеді. Қазақтар үшін «көптік» ұғымы, яғни өсіп-өну, ұрпақ жаю, жыраулық тілмен айтсақ, «дүреу» – өмірдің негізгі мәні. Қазақ жалғыздықтан қорқады, жалғыздықтан жапа шегеді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дейді, немесе «жағама қолдың тигенін жалғыздық сенен көремін» деп күйінеді, «жарлы байымай ма, жалғыз өспей ме?!» деп бір уақыт өзін жұбатады да. Жалғыз және көп қазақ халқының концептуалдық танымында дүниенің жақсы және жаман бөліктері ретінде бағалауыштық өлшемге ие. Жалғыз және жеке сөздері лексика-семантикалық бірлік ретінде бір деңгейдегі мағыналас сөздер болғанымен белгілі бір ұлттың тілдік-мәдени контексіндегі менталды бірлік – концепт ретінде кейде бір-бірімен сәйкесе бермейді. Жалғыздық концептісі жыраулық поэтикада бір, тақ, жалғыз сөздерінің ұғымдық аясында айқындалады. «Жалғыздық тек аллаға жарасқан» деген философиялық концепция бойынша жалғыздық жеке адамдар үшін «жаман» деп бағаланса, жекелік керісінше, «даралық, өзгеден ерекшелік, артықшылық» ретінде бағаланады. «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» деген қанатты қағиданың астарында жалпы көпшіліктің немесе бірыңғайлықтың антиподы жеке, яғни дара тұлға туралы таным жатқаны аңғарылады.

Жалғыздық – жаман, бірақ жалғыз жекелікке қол жеткізсе, ол – жақсы. Жекелік, бір жағынан жалғыздың шыңдалуы, көппен (жалпы тобырмен) тайталас үстінде қалыптасуы деуге болады. Жалғыздықтан жапа шегіп, көптігін мақтан тұтатын (Атадан алтау туғанның, Жүрегінің бастары алтынменен бу болар, Атадан жалғыз туғанның, Жүрегінің бастары, Сары да жалқын су болар, Жалғыздық сені қайтейін. Ақтамберді) қазақы менталитет жекелікті дәріптейді.

Жыраулар поэтикасының концептуалдық құрылымында «жалғыздық және жекелік» концептісінің қалыптасуына қазақ халқының ұлттық дүниетанымына негіз болған екі таным түрі өзек болғаны сөзсіз. Ең алдымен «жалғыздық, жекелік» концепциясының түпкі бастауы мифтік танымда жатыр деуге болады. Дүниенің жаратылуындағы дуализм ілімінде адам жанының егіздігі. Кейін сыңарынан айрылған жанның жалғыздықтан жапа шегуі немесе жұптан таққа, тақтан жекеге айналуы «Оғыз-қаған» эпосының поэтикасын зерттеуші Қ.Өмірәлиевте: «...эпостық жырда батыр ұл ата-анасын, халықты зарықтырып барып, ғаріптік заман басқа түскен кезде дүниеге келеді. Ол – жаудан, зұлымдықтан құтқарушы, әділетсіздікті, жауыздықты жеңуші, ата-ананы, ел-жұртын игілікке жеткізуші герой»[4] деген пікір-тұжырым бар. Қазақтың батырлық жырларында зұлымдықпен күресуші топ не көп емес, жалғыз. Жалғыздың дүниеге келуінің өзі тылсым құдіретпен байланысты (әулиелердің аян беруі, пері қызынан туу, нұрдан жаралу).

 

3.Аялық білім

Концептінің мазмұнына негіз, фон болатын білім түрі. Қазақ халқының ұлттық дүниетанымында «қонақ» концептісінің қалыптасуына қонақ туралы ғасырлар бойы қалыптасқан тілдік және тілжден тыс білім негіз болып отыр. Мысалы, «қонақ әкеңнен де ұлы», «құдайы қонақ», «қонақ келсе, қой егіз табады», «құтты қонақ» т.б.

 

Билет

Когнитивтік лингвистиканың пайда болуына негіз болған ғылым салалары

1. Когнитивті лингвистика бірнеше ғылым түрлерінің өзара қатысымдылығы негізінде пайда болды:

1. Когнитивті ғылымдар (когнитология, когиотология). Оның зерттеу

обьектісі – адами білімнің құрылымы мен қызметі, оның өзі инженерлік пәндердің негізінде қалыптасқан. Когнитивті ғылым ақпарат теориясынан ақпарат ұғымы, білім құрылымы, ақпаратты өңдеу, оны жадыда сақтау, одан қажетті мәліметтерді алу, тілдік формалар мен адам санасындағы ақпараттарды таратып түсіндіру(репрезентация) туралы мәселелерді иемденеді және адам санасы қалай ұйымдастыылрған, адам дүниені қалай таниды, дүние туралы қандай мәліметтер білімге жатады, менталды кеңістік қалай жасалады деген сұрақтарға жауап табуға ұмтылады

Когнитивті психология пәнін де когнитивті лингвистиканың қалыптасу көзіне(источнигіне) жатқызамыз. Когнитивті лингвистика когнитивті психологиядан концепт және когнитивті моделдер туралы ұғымды алады.

Лингвистикалық семантика когнитивтік лингвистиканың даму көзі болып табылады. Кейбір зерттеушілер когнитивті лингвистиканы «аса тереңдетілген семантика» деп есептейді, оны семантикалық семантиканың табиғи даму нәтижесі ретінде қарастырады.

Лингвистикалық типология мен этнолингвистика, нейролингвистика(тілді адам миының тұтас менталды қызметінің ұғымдық негіздемесі ретінде түсіндіреді), психолингвистика, култорология, тарихи-салыстырмалы тіл білімі салаларының пайда болуы когнитивті лингвистиканың қалыптасуына негіз салды.

 

2.«Атамекен» концептісі

«Кеңістік» концептісін талдау барысында В.А.Маслова кеңістікті «дүниенің байланыстылығын, үздіксіздігін, құрылымдылығын, үшөлшемдігін (көпөлшемдігін) танытады» деп көрсетеді. Зерттеушінің түсіндіруінде кеңістіктің формасы, ауқымы түрлі халықтарда түрліше ұғынылады. Мәселен орыстың танымында кеңістік горизонталды қозғалысты бейнелейді, бір бағытты шексіздік, болгарлар үшін кеңістік – айнала қоршалған жабық космос. Дүниенің горизонталды бейнесінде кеңістік бірнеше айналымдардан (круг), микрокосмостардан тұрады. Бірінші ең жақын айналым – адам, келесі айналым – адамның үйі (үйдің терезесі, есігі, төбесі, табалдырығы - әрқайсысы өз алдына белгілі бір сакралды түсінікке негіз болады). Адамды өзге космостан (әлемнен) бөліп тұратын шекара бар. Олар мифтік танымда өзен жағасы, орман, ауылдың шеті тәрізді тылсым тудыратын жұмбақ орындар. Ал ең күшті, әрі үрейлі шекара – өлген адамдардың мекені, молалар. Адамның айналасындағы оның өзіндік кеңістігін жат космостан бөліп тұратын шегара – адамның туған жері. «Первоначально это была граница «малой» родины, заданная самой природой. Всякое массовое переселение, смещение с нее воспринималось как трагедия. Лишь после того, как возниклы первые государства, граница стала государственной, а присоединение чужих земель стало интерпретироваться как «освоение» «окультирование» чужого пространства, дикого и еще как бы «нечеловеческого»[1, 83-84].

Қазақтар үшін кеңістік ұғымы әрі горизонталды (оң, сол, шығыс,батыс, дүниенің төрт бұрышы), әрі вертикалды (жоғары, төмен, аспан, жер, жер асты) формада қабылданатыны оның түрлі мифтерде, ауыз әдебиеті үлгілерінде сақталған тілдік бейнелерінен көрінеді. Кеңістік дегеніміз қазақтар үшін шексіз космос. Осы космоста олардың «өз микрокосмосы» бар, ол – «ата мекен» деп аталатын олардың бүкіл болмысын өзге «ықпал етуші, үйлесімділігін бұзушы» күштерден сақтайтын, ата бабасынан мұраға қалып келе жатқан өздері үшін ерекше «жұмақ, жайлы жер». Ата мекен ұғымы осы тіркестің құрамындағы «ата» және «мекен» сөздерінің ассоциативті мағыналары арқылы да объективтенеді. Ата – «ата-баба» мағынасында әрі «ежелгі» мағынасында алынады, мекен – «тұрақ, өмір сүретін, өсіп-өнетін территория» деп түсінеміз. Сонда ата мекен «ата бабаларынан бері мекен етіп, өркен жайып келе жатқан жер» деген ұғымды береді. Ата мекен концептісі осы ұғымды танытудағы ядролық концепті болса, оны толықтырып, мазмұнын байытатын «толықтырушы» концептілер де бар. Олар: құтты қоныс концептісі, бейбітшілік концептісі, қазақы мінез концептісі.

«Құтты қоныс» концептісі. Қоныс ұғымының қазақтар үшінқаншалықты қасиетті ұғым екендігі «қоныс жайлы болсын», «қоныс құтты болсын» тәрізді тілек түріндегі тіркестердің, «қоныс аудару», «қонысынан айрылу» сияқты қолданыстардың мифтік астарынан аңғаруға болады. Жаңа қонысқа көшіп келгенде, алдымен, ол жерді отпен аластайды. Сол арқылы қонысты осы уақытқа дейін (жаңа иелері келгенше) иеленіп қалған тылсым күш иелерінен (жын, шайтан, пері, яғни өзге космос өкілдері) тазартады. Қоныстың өзі қоныс және ата қоныс деп жіктеледі. Қоныстан көшу, жұрт ауыстыру (жайлаудан күзеу, қыстауларға көшу, малға жайлы жайылымдық жер іздеуге байланысты) көшпелі елдің тұрмыс-тіршілігіне байланысты кездесе беруі мүмкін, ал ата қонысты тастап көшу, жұрт аудару – тек амалсыз, еріксіз жағдайда ғана болатын, кейінгі өкініш, қайғы-қасіретке, мұң мен сағынышқа себеп болатын жағдай. Ата қоныстан көшу мынадай жағдайда болуы мүмкін: өзіңнен күші басым жау келіп, тыным бермегенде немесе қоныс құтсыз болғанда. Қоныстың құтсыз болуы мал баққан көшпелілер психологиясында жұт, соғыс ұғымымен байланыстырылады.

 

3.Апперцепция термині

Латынша «қабылдау» деген мағынаны білдіреді. Апперцепция адам психикасындағы негізгі қасиет болып табылады. Заттар мен сыртқы әлемдегі құбылыстарды жай ғана қабылдау емес, тұтас күйінде, саналы түрде сезімдік қабылдау. Бұндай қабылдау санадағы бұған дейінгі білім қорын пайдалана отырып, салыстыру, талдау арқылы сезіну, әсерлену нәтижесінде танымға ұласады. Мәселен, перцепция термині қабылдауға жете қоймаған әсерлену құбылысын білдірсе, апперцепция санамен қабылданған танымдық құбылысты білдіреді.


Дата добавления: 2016-01-05; просмотров: 19; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!