Жобалау трансцендентік деп неліктен аталады? 32 страница



       Топтың коммуникацияда оқушылардың тәжірибесін қалыптастыруда қажеттілік бар. Ол үшін жас ерекшеліктеріне қарай аралас топтар құрылады. Оның мәні, топтық коммуникация тәжірибесі бар оқушылар жаңадан келгендерге қарым- қатынас дағдыларын үйретеді.

       Топтың коммуникацияны дамыту логикасын қарастыратын болсақ, ол бірнеше кезеңнен тұратыны байқалады.

       Алғашқы кезеңде оқушы топтық пікірталас жасаудың ережелерін меңгеруі тиіс. Ол ережелер тұрақты түрде ұжымда қалыптасқан болуы да, немесе осы топ ішінде жаңадан жасалған болуы да мүмкін.

       Келесі кезеңде топтық пікірталасқа тікелей араласу басталады, онда талқыланып отырған мәселе бойынша сұрақ қоя білуге үйрену керек.

       Одан кейінгі кезең – дәлелді түрде сын – пікір айтып үйрену кезеңі. Бұл қабылданған формат аясында орындалуы тиіс.

       Келесі кезеңде белсенділік пен ұсыныстар беруге үйренеді, өз жауапкершілігіне кейбір міндеттерді алады, өзгелерге қол ұшын беруге келіседі. Егер оқушы келесі адам орындасын деп, өзгеге сілтейтін болса – бұл оның талданып отырған мәселені түсінбегенін, немесе өз мойнына жауапкершілік алудан бас тартуын білдіреді.

       Оқушылардың топпен жұмыс істеу қабілетін анықтайтын көрсеткіштердің маңыздысы – олардың өз жауапкершілігіне белгілі бір қиын міндеттерді ала білуі. Бұл – оқушының жобаның жалпы идеясын түсінуін және осы міндетті орындамай, жобаның нәтижелі болуы мүмкін еместігін көре білуінің айғағы.

       Келесі көрсеткіш – жобалау идеясын орындамай жатып, басқа да тартымды жұмыстарға араласуға бармау, жобаны аяғына жеткізуге күш жұмсау.

       Тағы бір көрсеткіш - өз пікірінің өзгелерге түсінікті болуына көңіл аудару, басқа адамдардың пікірін ескере отырып, өз ойлары мен ұсыныстарына өзгеріс енгізе білу.

       Жоғары сыныптарда оқушылар топтық қатынас болсын, жай қатынас болсын, рефлексиялық баға бере алады. Ал негізгі мектепте түгелдей жету мүмкін емес. Сондықтан негізгі мектепке тән жасөспірімдік шақта топтық жұмысты, оның нәтижелерін, коммуникациялық деңгейлерін талдауға үйретілу керек.

Оқыту әдістемесі дәстүрлі түрде жүргізілетін мектептерде мұғалімнің ролі басым болып, ол оқушыдан сабақты тек қана тақтаның алдына ғана шығарып сұрайтын болса – бұл мектептерде жобалау әрекеттерін ұйымдастыру оңай емес. Ол мектептерде қалыптасып қалған дәстүр – стереотипті ойлау, үйренген жолмен ғана жылдар бойы жүру.

Жобалауды ұйымдастырудың тиімді жолы – осы бағытта мектепте белгілі бір қалыптасқан дәстүрдің болуы. Оның мәні педагогтарда әр пән бойынша жобалау әрекеттерін ұйымдастыру тақырыптарының болуы, сыныптан тыс жұмыстарды жобалауға ұсыныстардың дайын екені ғана емес. Ең бастысы – жобалау әрекеттерінің элементтері таныс болуы, педагогтардың белгілі бір жобаға қатынасу тәжірибесі, немесе, жоғары сынып оқушылырының кіші жастағы балаларды өз жобаларымен таныстыруы бірнеше сыныптан тыс жобалардың тәжірибесі болуы маңызды. Біз осы жерде жобалау әрекеттері белгілі бір деңгейде жүргізілетін мектеп жағдайында және жобалау әрекеттері мүлдем таныс емес мектеп жағдайында оны дәстүрге айналдыру жолдарын қарастырамыз.

Жобалау әдістерінен азды – көпті тәжірибе болған жағдайда, олардың белгілеріне, символдарына көңіл аударылуы тиіс. Мысалы, жобаны ұйымдастыру сәттерінен түсірілген суреттер, бейнефильмдер, жинақталған альбомдар, кітапшалар, оқушы портфолиосы, көрмелер, т.б..Жобалауды ұйымдастыру дәстүрлі мектептің «қатып қалған» тәртібінің ауқымына сыймайды, оның атрибуттары қазіргі оқушылардың қарым – қатынас ерекшеліктеріне, еркін ойлауына сәйкес келетіні белгілі.

       Егер де жобалау бұрын – соңды мектеп тәжірибесінде болмаған жағдайда оны ұйымдастыру өзгеше. Бұл кезде педагогтар арасынан бастамашы топ құрылып, оларды жобалау әрекеттеріне даярлау ұйымдастырылады. Оны элективтік курстар арқылы жүргізген тиімдірек.

       Алғашқы жобалар қысқа мерзімдік (1-2 апталық) болғаны дұрыс, және олар кеңесші – педагогтың қатысуымен ұйымдастырылады. Жоба жұмысы аяқталып, нәтижесін презентациялау барысында оқушылар мен педагогтардың белсенді қатысуын қамтамасыз еткен дұрыс.

       Жобалау жұмысын рәсімдеу, өзіне тән белгілері мен атрибуттарын қатаң сақтаумен қатар, оқушылар үшін оның маңызын, стационарлық сипатын сезіндіру үшін мектепте «жобалау зертханасы», «техникалық үйірмелер», «авторлық» немесе «шығармашылық топтар» т.б. құрылымдық мәні ерекше болды. Бұл құрылымдар оқушылар жобасын жүзеге асырудағы сабақтастықты педагогтардың, түрлі жастағы балалардың бірлескен әрекеттердің дәстүрге айналуына ықпал етеді. Педагогтармен бірге жоғары сынып оқушылары жобаларын жасау, төменгі сынып пен жоғары сынып оқушыларының бірлескен жобалары, сонымен қатар, сыныптан тыс ата – аналар қатысуымен жасалған жобалар өз тарихнамасын құрып, жобалауды мектеп дәстүріне ендіруге негіз салынады.

Білім беру үрдісіне қатысушылардың қарым – қатынас түрлері  Білім беруде оқушы әрекеттерінің жаңа түрлері енгізілуі педагог – оқушы қарым – қатынасын өзгертетіні сөзсіз.Дәстүрлі оқытуда бұл қарым – қатынас біржақты түрде жүргізіледі. Атап айтқанда, әр пән бойынша оқулықтарды оқушыға берілуі тиіс белгілі бір білім қоры жинақталған мұғалімнің міндеті – сол білім қорын өзгертпестен оқушыға түсіндіру.

Білім, білік, дағды – оқулықтарда нормаланып берілген, яғни, қандай демократ болса да, мұғалім оқушыдан осы нормаларды орындауды талап етеді. Олар – ережені, формуланы, анықтаманы жаттап алу, қайта айтып беру, оларды практикалық жұмыста пайдалану. Осы тұрғыдан алғанда оқушы мен мұғалім еш уақытта тең құқықта болмайды, өйткені – біреуі біледі, екіншісі – білмейді, оған түсіндіру керек.

Ал осы мақсатқа жетудің құралдарының бірі – оқыту әдістемесі. Әдістеме бойынша, қандай пән болса да оқушының өз түсінгенін ауызша айтып беруін талап етеді. (Теорияға сай, ауызша ақпарат мазмұны тек 10% ғана есте қалады.) Сонымен қатар, әдістеме бойынша, педагогтар қосымша көрнекі құралдар пайдаланады, түрлі жаттығулар береді. Олардың барлығын тиімді пайдаланған жағдайда педагогикалық қызмет тиімді болады деп күтіледі. Әрине бұлар белгілі бір деңгейде нормалар бойынша берілген білім қорын игеруге мүмкіндік береді.

Осылайша, егер оқытудың мақсаты ретінде нормаланған білім, білік, дағдыларды үйрету көзделсе, бұл мұғалім мен оқушының тең қатынасын қажет етпейді.

Оны оқытудағы кемшілік емес, дәстүрлі білім берудің сипаты деп қарастырған жөн. Қарым – қатынастың бұдан басқа түрі алға қойған мақсатты орындауда оқушы мен мұғалімнің мүмкіндіктері мен жауапкершіліктері тең дәрежеде қарастырылғанда ғана пайда болады.

Жобалау әрекетін ұйымдастыруда идеясы, бағыты белгілі болғанымен шын мәнінде алынатын өнімді оқушы да, мұғалім де дәл біле алмайды. Өйткені алынатын нәтиже әзірге идея түрінде ғана белгіленеді.

Идея пайда болғаннан бастап – оны орындаудағы қиындықтардан, проблемалардан өте алу, кейде идеяның орындалуы туралы алғашқы жоспарды қайта өзгерту, қайта жасау – бұлардың барлығы да командада педагогтың болуымен, оның жобаны ұйымдастыруымен ғана мүмкін болады. Жобалаудың көп бөлігінде мұғалім басқарушы емес, қатысушы ролін атқарып, оқушылармен тең дәрежеде болады. Осындай өзара тең қатынастарды ұйымдастыру бүгінгі жағдайдағы коммуникацияларда үлкен роль атқарады.

Жобалау әрекетінің бұрынғы пионерлік, немесе скауттық қозғалысқа ұқсас міндеттері болды, олар оқушылармен жұмыс барысында өз әрекеттерін мақсатқа сай ұйымдастыра білуден, өзара қарым – қатынасқа түсе білуден, өз міндеттерін топ ішінде бөлісе алуларынан көрінеді.

Осы әрекеттерге сай ортақ мақсатты орындау барысында нәтижені белгілеу, алға қойған міндеттердің шешу жолдарын іздеу, т.б. қарым – қатынастың жаңа түрі пайда болады.

Бұл жаңа қатынастар нұсқаулар негізінде, немесе біреулердің тілегі үшін, немесе педагогтың басымдығын болдырмау үшін деген сияқты себептерден пайда болмайды. Немесе педагогтың қарым – қатынаста өзгерту тілегінен де туындамайды. Жаңа типті қарым – қатынас, шын мәнінде, жаңа әрекеттің міндетті компоненті ретінде пайда болады.

Жобалау әрекетінің қатаң нормативтік құрылымы мен мазмұны болмайды. Әрекеттің негізіне оның нәтижесі ретіндегі өнім алынады. Нәтиже де (өнім) өз алдына нақты нормаланбайды, олай болса, жобалау шығармашылық жұмысқа айналуы мүмкін. Сондықтан оған қатысушылардың ролдері тең дәрежеде қарастырылады.

Жобалаудың ерекшілігі – оның ресурсы ретінде оған қатысушылардың білімі мен қабілеттері қарастырылады, орынды жұмсалады. Бұл кезде білімі тереңірек, қабілеті жоғарырақ адамның лидерлік қасиеттері көрінбек. Ал жобалау барысында белгілі бір уақыт ішіндегі түрлі әрекеттерге байланысты рольдер қабілеттеріне қарай өзгеріп отыруы да мүмкін.

Педагогтар үшін ескеретін жайт, жобалау барысында шешімді өзі қабылдау, өз пікірін ғана басшылыққа алу сияқты істерден бас тарту қажет. Әрине бұлар тәжірибеде болмайтын нәрселер емес, кейде олай істеуге де тура келеді. Бірақ шама келгенше оқушыларға жауапкершілік арту қажет.

Оны болдырмау жолдары тәжірибемен бекітіледі. Бірақ жобалауға оқушылар кеңінен қатыса отырып, оның барлық компоненттерін игерген сайын өздерінің белсенділіктері арта бастайды. Бірақ педагогтың жетістігі ретінде оқушының нәтижесі алынып тұрған кезде, педагог жобаның тартымды болуына белсенділік танытары сөзсіз.

Оқушылар үшін жобалау әдеттегі қызмет түріне айналған кезде, олардың педагог тарапынан қадағалануы азаяды. Бұл кезде мұғалім оқушылардың жобалау әрекетін басқарушылық қарым – қатынасқа түскені жөн. Басқару үшін педагогқа қажетті төмендегі сапалар анықталады - өз пәнін өте жақсы білу, жобалау қызметін ұйымдастыру тәжірибесі, коммуникативтік құзіреттіліктері болады. Дәстүрлі оқытуда мұғалімдердің осыған ұқсас қасиеттері пайда болып, кәсіби қызметінде одан әрі дамиды деп есептелсе, кәсіби басқару әрекеті мен оған қажетті коммуникация мұғалімнің кәсіби дамуы арқылы жүреді.

Жобалау әрекетін ұйымдастыру – оқушылардың өзара ынтымақтастықта бірлескен іс - әрекетін, қатынасын дамытуға негіз болады. Өйткені жоба идеясы оларды біріктіреді. Міндеттерді өзара бөлісуге, мазмұн – мағынасы бар жұмыс атқаруға ықпал етеді.

Айта кету керек, оқу әрекеті сияқты, жобалауға қатысатын топтар да бір жоба аяқталған соң тарап кетеді, одан соң жаңа жоба идеясымен қайта бірігеді. Сөйтіп, топтар да оның мақсаттары да үнемі өзгеріп отырады. Бұл педагогикалық қарым – қатынастың тиімді түрі, өйткені, оқушылар түрлі топтармен, оқушылармен түрлі рольдерде қарым – қатынас дағдысына үйренеді.

Жобалау топтары 4 – 6 адамнан шағын болса тиімдірек.(Әрине әр жобаның мақсатына байланысты жеке жұппен немесе түгел сынып қатысуымен де орындалатын түрлері бар.)

Ал шағын топтармен ұйымдастыру, бір жағынан, идеяны жүзеге асыруға қолайлы, екінші жағынан, оған қатысушылардың өзара қатынастырын қалыптастыруға және қолдауға мүмкіндік береді.

Жобаны жүзеге асыру мерзімі оның мазұны мен мақсатына байланысты. Ал жобалық жұмыс барысында коммуникациялық қатынастарды қалыптастыру 2 аптадан бір айға дейінгі мерзімде мүмкін болады.

Жобаның одан да ұзақ мерзімге соғылуы ішкі топтардың, жұптардың, лидердің пайда болуына әкеледі. Сондықтан ұзақ мерзімді жобаларда оның белгілі бір кезеңдері аяқталған кезде топтардың ішкі міндеттерін бөлісу, жаңа топтар мен лидерлерді ауыстырып отыруға болады. Бұл әр адамның топтағы позицияларын өзгертіп, өзін жаңа сапада байқауына, басқалармен жаңа қатынастарды қалыптастыруына жағдай жасайды.

Педагог лидерлермен жұмыста өте байқампаз болған жөн, өйкені лидерді қалыптастыру барысында өзара қатынаста проблемалар туындауы мүмкін. Атап айтқанда, жеке ерекшіліктеріне сай, кейбір лидерлер істі тиімді ұйымдастыруда өзге оқушыларды жұмылдыра білетін, оларды тең дәрежеде ұйымдастыра білетін болса, кейбірі өз лидерлерін тек өз дегенін істетуге, өзгенің, өзгенің пікірін елемеуге, өз басымдығын үнемі білдіруге бейім болады. Бұл топішілік конфликтіге апарары сөзсіз. Оны болдырмаудың тиімді жолы - әр оқушының лидер позициясында да болуын қамтамасыз ету, рольдерді үнемі ауыстырып отыру.

Сондай – ақ топ ішінде ауысып отыратын «time – kepeer» (уақыт регламентін қадағалаушы), идеяларды жазып отыратын хатшы, т.б. рольдер болуы қажет.

Қорыта айтқанда шағын, не үлкен топтар нақты бір жобаны орындау үшін құрылады және жоба жұмысы аяқталғанда бұл топ таратылады. Жаңа жоба пайда болғанда жаңадан басқаша топ құрылғаны дұрыс.

Жобалау әрекеті оқушылардың коммуникативтік қатынастарын қалыптастыруға ықпал етеді, оларды рольдік позициялардан әртүрлі әрекеттер мен қарым – қатынастар құруға жағдай туғызылады.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Жобалау әрекетіндегі топтық коммуникацияның ролі

2. Жасөспірімдер үшін топтық қатынастың маңызы

3. Оқушылардың топпен жұмыс істеу қабілетінің көрсеткіштері

4. Білім беру үрдісіне қатысушылардың қарым – қатынас түрлері

5. Оқушылар арасындағы, топтағы қарым – қатынас

6. Топтық коммуникацияны ұйымдастырудағы мұғалімнің ролі

7. Жобалау – топтық қарым – қатынас белсенділігін арттыру құралы ретінде

8. Топтық қарым – қатынасты қалыптастыру мен дамыту

9. Оқушыларды жоба жасау үшін топтарға бөлудің жолдарын өз бетіңізбен құрастырып көріңіз. Онда қандай принциптерді ұстануға болатынын түсіндіріңіз.

 

 

7. Оқытудағы жобалау әрекеті барысында оқушылардың құзіреттіліктерін қалыптастыру

Білім берудегі жобалау әрекеті арқылы оқушылардың түрлі қабілеттілік сапалары мен құзыреттіліктері артатыны – олардың ақпаратта ала білуі, оны сұрыптай және өңдей отырып пайдалана білуі, өз бетімен және топпен жұмыс істеу, тұлғааралық қарым – қатынасты ұйымдастыру, проблеманы анықтай алу мен оны шеше білу, т.б. дағдылары қалыптасатын белгілі.


Дата добавления: 2018-10-27; просмотров: 576; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!