ГЭРА мен ЖИА екшеу-іріктеу диагнозы 11 страница



СК тоқ ішекті рентгенологиялық тексеру (ирригоскопия) асимметриялық гаустрацияны, гипо- немесе гипермоторлық дискинезияны, кілегей қабық бұдырлығының тегістелуін, тоқ ішектің бариймен біркелкі емес толуын анықтайды.

Созылмалы колит ауырлығының үш дәрежесін ажыратады. СК жеңіл түрінде аурудың клиникасында онша айқын емес, «ішек симптомдары» басым болады, науқас адамның қанағаттанарлық жалпы күйінде айқын неврологиялық симптоматика байқалады. Пальпация кезінде тоқ ішек бөліктерінің ауыратыны анықталады. Копрограммада айтарлықтай өзгерістер болмайды. Эндоскопиялық қарағанда катаральды қабыну белгілері болады.

Орташа ауыртпалықты созылмалы колитте аурудың даму барысы табанды және қайталамалы болып келеді, аурудың клиникасында айқын ішек және астеновегетативтік синдромдардың белгілері, дене массасының төмендеуі болады. Пальпация кезінде соқыр ішек аймағында ауырғандық, іштің кебуі, іштің шұрылдауы мен шалпыл шуы анықталады. Ауруға тән копрологиялық синдромдар бой көрсетеді. Эндоскопиялық тексергенде тоқ ішектің кілегей қабығында айқын өзгерістер көрінеді.

СК ауыр түрі патологиялық процеске созылмалы энтерит белгілерінің қосылуымен (мальдигестия мен мальабсорбция т.б.) сипатталады.

Диагнозын қою және екшеу-іріктеу диагнозы. Созылмалы колиттің диагнозы төмендегі мәліметтер негізінде қойылады:

а) клиникалық және анамнездік мәліметтер;

б) нәжісті тексеру нәтижелері;

в) эндоскопиялық және биопсиялық тексеру нәтижелері;

г) рентгенологиялық тексеру нәтижелері.

Созылмалы колитті созылмалы энтериттен, бейспецификалық жаралы колиттен, Крон ауруынан, ішек туберкулезінен, тоқ ішек ісігінен, тоқ ішектің функциональдық ауруларынан ажырата білу керек.

СК-ң созылмалы энтериттен ажырату белгілерін «Созылмалы энтерит» бөлігінде қараңыз.

Бейспецификалық жаралы колит (БЖК). БЖК ең айқын белгілері – іштің ауыруы, іш өту және нәжіспен қан бөліну. Іштің ауыруы ұстамалы түрде болады, ауырғандық сигма тәрізді және тік ішек аймағында орналасады. Үлкен дәретке отыру сезімі көбіне таңертең және түнде болады. Қан кету науқас адамның бәрінде дерлік кездеседі. Патологиялық процесс тік ішектен басталады. Тарау ауқымына қарай аурудың үш түрін бөледі: 1) проктит пен проктосигмоидит; 2) сол жақ колит; 3) толық колит. Копрологиялық тұрғыдан дистальді – колит синдромының белгілері анықталады: кілегей аралас нәжіс, нәжісті микроскопиялық тексергенде лейкоцит пен эритроцит саны көбейген. Дисбактериоз белгілері болады. Диагноз қоюда шешуші рольді ректороманоскопия мен колоноскопия атқарады: кілегей қабық жайылмалы зақымданған, оның резистенттілігі төмендеген, инструмент тиген жерден қан кетеді, кілегей қабықтың тамыр суреті айқын емес, кілегей қабықта түйіршіктер мен ісіну көрінеді, кілегей асты геморрагиялар көрінеді, эрозиялар мен мөлшері әр түрлі жаралар болады. Жиі псевдополиптер, микроабсцестер анықталады. Колоноскопиялық тексергенде ішектің зақымдану ұзындығы анықталады. Рентгенологиялық тексергенде – ішек қуысының анағұрлым ұзындықта тарылғаны анықталады, ішек тонусы сақталған, жара кемістіктері болатындықтан көптеген барий деполары анықталады.

Крон ауруы ұзаққа созылған іш өтулермен (тәулігіне үлкен дәретке 5-6 рет отыру, нәжіс ботқа тәрізді, көбіне күндіз болады) сипатталады. Оң жақ мықын аймағының дәрет алдында күшті ауыруы ауруға тән белгі. Метеоризм мен ұзаққа созылған қызба анықталады. Толық немесе жартылай ішек түйнелуі мүмкін. Жиі аурудың алғашқы белгісі – артқы тесік айналасындағы жыланкөздер. Оң жақ мықын аймағында тығыз, ауыратын инфильтрат анықталады. Патологиялық процесс ішектің кез келген жерінде орналасуы мүмкін, бірақ жиі тоқ ішектің оң жақ жартысы мен илеоцекальды бұрыш зақымданады. Мықын ішегінің стриктурасы пайда болады. Эндоскопиялық тексергенде аурудың жартысында «көше тасы» түріндегі ошақты проктит болады, жеке жаралар, шектелген стеноздар анықталады, жанаспалы қан кету болмайды. Колоноскопияда соқыр ішек пен өрлеме ішек зақымданған. Рентгенологиялық тексергенде тоқ ішек қуысы тарылған, «перне симптомы» анықталуы ауруға тән. Крон ауруында ішектен тыс белгілер – полиартралгия, экзема, аллергиялық ринит, тыныс тұншықпасы кездеседі.

Ішек туберкулезі көбіне өкпе туберкулезіне қоса кездеседі және туберкулездік интоксикация белгілері – жалпы әлсіздік, жүдеу, субфебрильді қызба, тершеңдік, әсіресе түнге қарай, тәбеттің төмендеуі қоса болады. Көбіне илеоцекальді аймақ зақымданады, сондықтан осы аймақта тұрақты ауырғандық болады, соқыр ішектің және мықын ішегінің терминальді бөлігінің қабырғасы қалыңдаған және ауырады. Колоноскопия мен рентгенологиялық тексергенде кілегей қабық жаралары, тыртықты стеноздар көрінеді. Нәжісте туберкулез микобактериясы табылады. Жара биоптатын гистологиялық тексергенде Пирогов – Лангханстың көп ядролы алып клеткалары бар эпителиоидтық гранулемалар мен казеоз анықталады.

Тоқ ішек рагі жөнінде күдік жақында пайда болған ішек синдромында, нәжісте қан пайда болғанда туындау керек. Кейін аурудың басты симптомдары үдей түседі және қолданған емнен нәтиже болмайды.

Тоқ ішектің оң жақ бөлігінің рагінде ішектен қан кету мен анемия, іштің оң жағының ауыруы болады, пальпация кезінде бұдырлы тығыз ісік анықталады, ішек түйнелуінің белгілері болмайды. Тоқ ішектің сол жақ бөлігінің рагінде жартылай ішек түйнелуінің белгілері, іштің ұстамалы бүріп ауыруы, іш өтуі мен қатуының кезектесуі байқалады, нәжісте қан, кілегей, ірің болады, тік ішек бойында ауырғандық сезіледі, дефекация қиындайды. Тік ішек пен сигма тәрізді ішек ісігінің диагнозын ректороманоскопия көмегімен, көлденең – жиек ішек пен тоқ ішектің оң жағы ісігінің диагнозын колоноскопия көмегімен қояды. Эндоскопиялық тексеру кезінде ісік жөнінде күдік тудыратын жерлерден биопсия алады. Ирригоскопияда – толу кемістігі, бұл кемістік шеттерінің тегіс еместігі, жиі – ісік бар жерде ішек қуысының сақина тәрізді тарылғаны көрінеді.

Тоқ ішектің бірінші ретті дискинезиясы («тітіркенген тоқ ішек») күштілігі әр түрлі іш өтулерімен, іштің қатуымен, іштің кебуімен және бүріп ауыруымен сипатталады. Науқас адамның жалпы күйі өзгермейді, көз түсерліктей арықтау болмайды. Бірінші ретті дискинезияда ішек бұзылыстары психикалық, эмоциональдық факторлармен байланысты болады, іш қатуы, канцерофобия, вегетативтік тұрақсыздық белгілері басым болады. Эндоскопиялық тексергенде және биопсия кезінде органикалық өзгерістер болмайды. Рентгенологиялық тексергенде ішектің қозғалыс функциясының бұзылыстары (спастикалық гаустрация, ирригоскопия кезінде контрастты затты енгізу ауырғандық тудырады) болады, кілегей қабық бетінің рельефі бұзылмаған. Копрограммада – эритроциттер, лейкоциттер, бейтарап майлар болмайды. Жиі кілегей анықталады. Дисбактериоз сирек кездеседі.

Клиникалық диагнозды тұжырымдауда ескеру керек:

1) аурудың этиологиясын (анықтау мүмкін болса);

2) патологиялық процестің орнын;

   3) аурудың ауырлық дәрежесін;

4) процестің фазасын;

5) басым синдромды.

Диагноз тұжырымдаудың мысалдары:

1. Дизентериядан кейінгі созылмалы колит, проктосигмоидит, қайталау фазасы, үздік-сіз даму барысы, орташа ауыртпалықты, тоқ ішектің гипермоторлы дискинезиясы, ашу диспепсиясы.

2. Иерсиния себепті созылмалы тифлит, қайталау фазасы, жеңіл түрі.

3. Дисбактериоз себепті созылмалы катарльды колит, тифлит, жеңіл түрі, қайталау фазасы. Гипермоторлы типті тоқ ішектің дискинезиясы.

Емі. Созылмалы колиттің қайталауы кезінде науқас адамды стационарға жатқызу керек. Ем этиологиялық факторды жоюға, ішектің функциясы мен организмнің реактивтілігін қалпына келтіруге, бұзылған су – электролит тепе-теңдігі мен ішектің микроб-тық спектрін түзеуге, ішектегі қабыну процесін азайтуға бағытталуы керек.

Емдік қоректену құнарлы болуы керек, оның құрамында 110-120 г белок, 100 г май,  300-450 г көмірсу, 8-10 г ас тұзы болуы керек. Аурудың диареялы қайталау кезінде алғашқы 2-3 күн бойы қантсыз қою шай, итмұрын немесе қара жидек қайнатпасы, кисель, кефир, простокваша, кептірілген нан беріледі. Кейінгі күндері ауыр диарея болса, кезекті түрде  №4 б, 4 в столдары тағайындалады (созылмалы энтеритті қараңыз). Іш қатуы басым созыл-малы колитте аурудың қайталауы және ремиссия кезінде рационға құрамында тағамдық талшықтар көп тағамдар және ішек құрамының қозғалысын күшейтетін тағамдар (сәбіз, қызылша, асқабақ, қара өрік, өрік, кептірілген өрік, жеміс, көкөніс шырындары, печенье, кебек қосылған нан) қосылады. Кебектерді (бидай, қара бидай) жеке беруге болады. Тұрақты ремиссия кезінде құрамында майлы ет, өткір және тұзды тағамдар, тұздықтар, консервіленген және сүрленген тағамдар, тәтті қамыр, ішімдік жоқ жалпы стол тағайындалады.

   Тоқ ішектің ауыр қабынуында (ректороманоскопия және биопсия мәліметтерімен дәлелденген) 7-10 күн бойы антибиотиктер («Созылмалы энтеритті» қараңыз) мен поливитаминді құрамалар беріледі.

Сонымен қатар, сульфаниламидтық препараттар (фталазол, сульгин, бисептол, салофальк, салопиридазин), нитрофуран препараттары (фурагин, фурадонин), невиграмон қолданылады. Ем курсі – 7-14 күн. Сол жақ колитте жергілікті ем (балауыздар, микроклизмалар) қолданылады. Беретін дәрінің сипаты созылмалы колиттің сатысы мен даму ерекшеліктеріне тәуелді болады. Іш кеткенде тұтқыр, абсорбциялаушы, қабынуға қарсы дәрілер, ауыр диареяда – диареяға қарсы қолданылатын дәрілер («Созылмалы энтеритті» қараңыз) беріледі.

Метеоризмде карболен, түймедақ гүлінің, жалбыз жапырағының, зере, укроп, фенхель тұқымының тұрындысы беріледі.

Диареяда ішектің моторлы – эвакуациялық функциясының қалпына келуіне церукал (0,01 г 3 рет күнге) және холинолитиктер (атропин, платифиллин т.б.) көмектеседі.

Іш қатуы мен ішектің толық босамауында майлар мен іш жүргізетін дәрілер қолданылады («Созылмалы энтеритті» қараңыз).

Организмнің реактивтілігін көтеру үшін тағайындалады: алоэ экстрактысы 1 мл/тәул., 10-15 егу; пелоидин, 40-50 мл күнге 2 рет, тамаққа дейін 1-2 сағат бұрын ішке қабылданады.

Созылмалы колитті құрама емдеуде өсімдіктен алынған дәрілер де қолданылады.

Шайқұрай, мыңжапырақ, сасықшөп, қалақай және жұмыршақтан тұратын жинақтардың қабынуға қарсы әсері болады.

Дәрілік өсімдіктерден (қара қарақат, түймедақ гүлі, шайқурай шөбі, жалбыз, укроп тұқымы, зере тұқымы) алынған тұрынды қабылдағаннан кейін метеоризм азаяды.

Диареяда тұтқырлық және антидиареялық қасиеті бар өсімдіктерден (қара жидек, мойыл, қайынды ағаш бүртігі, емен қабығы және басқалар) алынған тұрынды қолданылады.

Іш қатқанда ішті босататын қасиеті бар дәрілік өсімдіктер (алоэ, ит жүзім қабығы мен жемісі, рауғаш түбірі, александрий жапырағы) қолданылады.

Тыныштандыратын дәрілік жиынтықтар да қолданылады: шүйіншөп түбірі, сасықшөп, түймедақ гүлі.

Созылмалы колиттің ем комплексіне физиотерапиялық емдер де кіреді. Аурудың өршуі кезінде жылытатын компрестер (сулы, жартылай спиртті, майлы), ремиссия кезінде – балшықтар, озокерит, парафин, диатермия, жылы бұлаулар қолданылады. Новокаин, платифиллин, кальций хлоридының электрофорезі, УЖЖ ток, ультрадыбыс тағайындалады.

Минералдық сулармен емдеу де қолданылады. Іш қатуы бар созылмалы колитте жоғары – және орташа минералданған, құрамында магнийдің, сульфаттардың иондары бар, газы көп Ессентуки – 17, Баталинская, Славянская, Смирновская сулары қолда-нылады (1 стаканнан күнге 3 рет).

Іш өтуі бар созылмалы колитте аз минералданған, ішінде кальций, гидрокарбонат иондары көп, аз концентрациялы көмір қышқылды газ болатын Ессентуки – 4, Березовская сулары беріледі (жылулығы 40-45° С 1/4-1/2 стакан суды күнге 3 рет береді).

Интоксикация белгілері болған жағдайда (іш өткенде) дезинтоксикациялық мақсатта венаға тамшылатып гемодез, глюкозаның 5% ерітіндісі жіберіледі. Метаболизмдік және қышқыл – сілтілі бұзылыстарын түзеу үшін аминқышқылдарының препараттары, альбумин, электролиттер егіледі, анаболикалық және поливитаминдік препараттар қолданылады («Созылмалы энтеритті» қараңыз).

Стационардан шыққаннан кейін бификол немесе колибактерин 5 дозадан күнге 3 рет 1 ай бойына беріледі, олармен бірге дәрілік өсімдіктерден алынған қайнатпалар мен тұрындылар беріледі.

Уақытша еңбекке жарамсыздықтың орташа мерзімдері. ІІ-ІІІ дәрежелі колитте – 1,5-2 айға дейінгі мерзімді құрайды.

   МӘСК жолдама беру. МӘСК жолдама СК ІІІ дәрежесінде беріледі.

Санаторийлы-курорттық ем науқас адам ауру қоздырғышы болмайтын жағдайда және аурудың ремиссия фазасында іске асырылады. Науқас адамдарды Белокуриха, Арзни, Березов минерал сулары, Боржоми, Джермук, Ессентуки, Железноводск, Пятигорск, Трускавец, Сары-Ағаш курорттарына жібереді.

Диспансерлеу. Созылмалы колитпен ауыратын адамдарды диспансерлік есепке алады. Аурудың жеңіл түрінде оларды жылына 1 рет қарайды. Ауру адамды учаскелік терапевт, гастроэнтеролог бақылайды, көрсетпе болса – онколог бақылайды.

Прогноз. Мезгілінде және активті емдегенде, сонымен қатар берілген ұсыныстар міндетті түрде сақталған жағдайда болжам, жайлы болып келеді.

Профилактика. Алдын алып, сақтандыру шараларына жедел ішек инфекцияларының алдын алу, жедел колитті мезгілінде этиологиялық емдеу, организмдегі созылмалы инфекция ошағын жою, тиімді қоректену, қоректену гигиенасын сақтау жатады. Психотерапиялық ем тәсілдерінің, ішек қызметіне сәйкес фитопрепараттарды қабылдаудың, асқорыту мүшелерінің басқа ауруларын емдеудің үлкен маңызы болады.

 

Бейспецификалық жаралы колит

Бейспецификалық жаралы колит (БЖК) – себебі белгісіз, тоқ ішектің кілегей қабығының некрозды қабынып, жара, геморрагия және ірің түзуімен сипатталатын ауру.

БЖК тарау жиілігі – 100 000 тұрғынға 40-80 ауру адам келеді, 20-40 жастағы адамдар басым ауырады, әйелдер еркектермен салыстырғанда 1,5 есе жиі ауырады.

Этиологиясы және патогенезі. БЖК себебі белгісіз. БЖК дамуында инфекциялық қоздырғыштардың (бактериялардың, саңырауқұлақтардың, қарапайымдардың), дәрілердің, тамаққа аллергияның, стрестің маңызы бар деген пікір бар.

Аурудың патогенезінде дисбактериозға, иммунологиялық реактивтіліктің өзгеруіне, вегетативтік және гастроинтестинальдық эндокриндік жүйенің дисфункциясына маңыз береді.

Дисбактериоз жергілікті токсикалық және аллергиялық әсер көрсетеді, ішек қабырғасының өткізгіштігін арттырады; сау адамда бұрын микроорганизм болмайтын бөліктерде олардың пайда болуы қалпына келу процестеріне кедергі тудырады.


Дата добавления: 2019-07-17; просмотров: 172; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!