Созылмалы паренхиматозды паротит 11 страница



Үстіңгі тістерді жұлғанда сол қолдың 2-3 саусақтарын ауыз қуысына енгізіп, бас бармақпен сыртынан төменгі жақты сыға ұстаймыз. Бұл төменгі жақтың буынын жарақаттан сақтайды. 2 саусақ ұртты ығыстырып тұрады. Төменгі оң жақтың тістерін жұлғанда сол қолдың 1-2 саусақтары ауыз қуысына орналасады.

Тісті жұлу үшін бір-бірімен ұштасып жатқан бірнеше шартты қимылдарды орындау қажет. 1) қысқышты салу; 2) қысқышты жылжыту; 3) қысқышты сыға ұстау; 4) тісті (түбірді) ырғай (немесе айналдыру); 5) тісті ұясынан жұлып шығару.

Қысқышты салу.Қысқышты тіске (түбірге) салғанда, тіс оның екі жағының арасында болуы керек. Қызыл иекті қысып қалмайтындай етіп қысқыш жақтарының бірімен тісті ішкі (тіл, таңдай), екіншісімен сыртқы (ерін, ұрт) беттерінен ұстайды. Қысқыш жақтары мен тіс бір түзудің бойында орналасуы шарт – бұл негізгі ереже. Қысқыш тіс бойына дәл салынбай қисық түссе, онда тіс сынып кетуі мүмкін. (11 сурет).

11-сурет. Қысқыштардың ұрттарын тіске салу тәсілі

А) дұрыс; б) дұрыс емес.

Қысқышты жылжыту.Қысқыш жақтары тісті бойлай сырғып қызыл иек астынан сүйекке барып тіреледі. Бұл кезде олар тістің мойнынан да әрі асып түбірді ұстайға ыңғайлы болады. Егер жұлынантын түбір биіктігі қызыл иекпен бірдей немесе одан төмен орналасса, онда қысқыш жақтарын әрі қарай альвеола өскінінің үстіне бойлата жылжытады. Олай етпесек тереңде қалған түбірді жұлу қиын болады. Қысқыш жақтары альвеола өскінінің үстіне түскенде сүйектің де кішкене бөлігі жаншылып түбірмен бірге жұлынады. Әдетте бұл жарақат тіс ұясының жазылуына залалын тигізбейді. Қызыл иекте эластикалық талшықтар жоқ, сондықтан, қысқыш жақтарын тереңдете жылжытқанда, қызыл иектің жиегі жыртылады. Түбір жұлынған соң қызыл иек орнына қайта келеді.

Қысқышты сыға ұстау.Қысқыш саптарының арасындағы саусақтарды шығарып, қолды саптардың ұшына таман жылжытып сыға ұстайды. Мұнда ескеретін жай: асқан ептілікпен қимылдау. Мысалы; қатты сыға ұстағанда тіс сынып, ұсатылып кетуі мүмкін. Бос ұстаса тіс сырғып шығып кетуі мүмкін. Сондықтан сыға ұстау кезінде тіс сырғып шығып кетуі мүмкін. Сондықтан сыға ұстау кезінде қол күшін мұқият сезімталдықпен реттеп отырған абзал.

12-сурет. Тістерді босату                   12-сурет. Тіс жұлатын элеваторлар

әдістері:                                     а) тіс элеватор; б) иілген элеваторлар; в) Леклю                  а) ырғап босату (люксация)                       элеваторы

б) бұрап босату (ротация)                                    

 

Тісті ырғау.(12 а, б, в – сурет). Түбір мен тіс ұясының арасындағы байланысты тісті ырғау арқылы үзеді. Тісті кіреберіс пен ауыз қуысына қарай әрлі-берлі ырғайды (люксация). Одан басқа тісті өз орнынан айналдыра (ротация) қозғап та ұясынан босатады. Ротация тек бір түбірлі тістерді немесе жеке түбірді босату үшін қолданылады. Жеке түбірге ротация жасағанда абай болған жөн. Өйткені, кейде, түбір ұшы имек болып келеді. Ротация кезінде ол сынып, қалып қоюы мүмкін. Люксация барлық тістер мен түбірлерді босату үшін қолданылады. Алғашқы ырғау тіс ұясының әлсіз тұсына қарай жасалады. Көбінесе ауыз, кіребетісіне қарай. Үстіңгі 6-шы тісті жұлғанда люксация таңдайға қарай басталады.

Төменгі жақ тістерінен 7-8 тістерді жұлғанда люксация тілге қарай басталады.

Жалпы, люксация тіс орнынан түгел босағанға дейін байыппен жасалады.

Тіс ұясынан жұлып алу.Тіс ұясынан әбден босатқан соң оны жұлқымай, жайлап суырып алады. Тісті жұлған кезде оны алғашқы люксация қимылы бағытына қарай суырамыз. Жалпы қимылдар сыртқа қарай бағытталған. Үстіңгі тістерді төмен қарай, төменгі тістерді жоғары қарай жұлады. Тісті жұлқып тартқанда қысқыш қарсы тұрған тістерге соғылатындығын ескерген жөн.

Үстіңгі күрек тістерді жұлу.Орталық күрек тістің түбірі жуан, ұшы дистал бағытқа қарап аздап иілген. Бүйірдегі күрек тістің түбірі жіңішке, оның ұшы таңдайға қарай әжептәуір иілген.

Тік қысқыштың бір жағы күрек тістің таңдай бетін, екінші жағы кіреберіс бетін ұстайтындай етіп салады. Одан соң қысқышты жылжытып, сыға ұстайды. Кейінгі қимыл ротация мен люксация. Люксация алғаш сыртқа, сосын таңдайға қарай. Сол бүйірдегі күрек тісті жұлғанда науқастың басы аздап оңға қарай бұралады (немесе керісінше). Сол қолдың 1-2 саусақтарымен альвеола өсіндісін сыға ұстап, 2 саусақ үстіңгі ерінді ығыстырады. Жалпы күрек тістерді жұлу аса қиын емес.

 

Үстіңгі сүйір тістерді жұлу.Науқастың басы аздап қарсы жаққа бұрылады. Тік қысқашты күрек тістегідей етіп саламыз. Сүйір тістің тамыры жуан, ұзын болғандықтан оны жұлу үшін едәуір күш жұмсауға тура келеді. Люксация мен ротацияны кезек қолданады.

Үстіңгі кіші азу тістерді жұлу.4-ші тістің кейде 2 түбірі болады, бір түбір болған кезде де оның ұшы екіге ажырап барып бітеді. Түбірлер жіңішке, ұзын болады. Сондықтан ротация жасауға болмайды.

5-ші тістің түбірі біреу-ақ, оның екі бүйірі сығылған. Оны жұлғанда ротация, люксация жасауға болады.

Жалпы 4-5 ші тістердің түбірлері дистальды бағытқа қарай иілген.

4-5-ші тістерді жұлу үшін S – тәрізді сауытты қысқаштарды (жақтары жұмыр) қолданылады. Қысқышты тістке салғанда оның бір жағы тістің таңдай, екінші жағы ұрт беттерінде орналасады. Алғашқы ырғау сыртқа қарай бағытталады. Түбір ұштарын (әсіресе 4-ші тістің түбірлерінің) сындырып алмау үшін қимыл дәл, байыпты болуы керек.

Үстіңгі үлкен азу тістерді жұлу.Үстіңгі моляр тістердің 3 түбірі болады. Олардың біреуі таңдай, екеуі ұрт түбірлері. Ұрт түбірлері бір-біріне жақын, ал таңдай түбірі олардан алшақ, оқшау орналасқан. 3-ші молярдың түбірлері түрліше болып келеді, олар кейде бірігіп те кетеді.

6-7-ші тістерді S – тәрізді жағының бірінде қылқаны бар қысқышпен жұлады. Оның қылқаны тістің ұрт түбірлерінің арасына кіріп, қылқанның екі жағындағы ойықтар сол ұрт түбірлерін ұстап, ал таңдай түбірін қысқыштың жұмыр жағы ұстайтындай етіп салады.

Анатомиялық ерекшеліктерін ескеріп, алғашқы ырғауды 6-шы тісті жұлғанда ішке қарай, ал 7-8 ші тістерді жұлғанда сыртқа қарай бастайды. 6-7-8-ші тістерге ротация жасауға болмайды, тек түбірлер бөлінген соң таңдай түбірді ғана ротация жасауға болады.

8-ші тістің басқалардан өзгеше құрылысы оған арнайы қысқыш қолдануды қажет етеді. Ол қысқыштардың оң солы бірдей, байонетке ұқсас, бірақ одан айырмашылығы жақтары жалпақ және түйіспейді.

Үстіңгі жақтың бұдыры сынып кетпес үшін сол қолдың 1-2 саусақтарымен альвеола өскінін ұстап тұру керек.

Төменгі күрек тістерді жұлу.Төменгі күрек тістердің түбірлері біреу, бүйірлері сығыңқы, альвеоланың сырт қабырғасы жұқа. Оларды жұлу үшін құстұмсық, сауытты, жақтары жұмыр, бойлай иілген (иогнутые по ребру) қысқыштар қолданылады. Сауыттары мен түбірлері жіңішке болғандықтан қысқыш жақтары олардан жіңішкерек болуы керек. Олай болмаса көрші тістерді босатып алуымыз әбден мүмкін. Қысқыш жақтарының бірі тістің тіл, екіншісі кіреберіс жағына салынады. Ротация жасауға болмайды, алғашқы люксация сыртқа қарай жасалады. Ротация кезінде қысқышпен көрші тісті босатып немесе жұлынатын тіс түбірін сындырып алуымыз мүмкін. Ұясынан жұлып алған кезде абай болған жөн. Орынсыз, дөрекі қимыл үстіңгі күрек тістердің сауытын сындыруы мүмкін.

Төменгі сүйір тістерді жұлу.Төменгі сүйір тістің ұзын, жуан түбірі бар. Оның қабырғсаы жұқа. Бұл тісті жұлу күрек тіс сияқты, тек қысқыштың жағы жалпақ болуы керек. Люксация сыртқа қарай басталады, ұядан шығарар кезде біршама ротация жасауға болады.

Төменгі кіші азу тістерді жұлу.Төменгі премолярлардың түбірлері біреу, бүйірлері сығыңқы. Ұясының қабырғалары қалың болғандықтан, қысқышты салу, жылжыту қиындау. Бұл тістерді жұлу үшін күрек тістер мен сүйір тістерді жұлатын қысқаштар қолданылады. Люксация сыртқа қарай басталады. Премолярлардың ұяда мықты тұрғанын ескеріп, көрші тістерді жаралап алмау жолдарын еске сақтау керек.

Төменгі үлкен азу тістерді жұлу.Төменгі молярлардың медиальды, дистальды орналасқан екі түбірі болады. Кәде үш түбірлі. Үшінші түбір дистальды түбірдің тіл, ұрт түбірлеріне бөлінуінен 7-8 –ші тістердің түбірлері бірігіп кетуі, 8-ші тістің түбірінің ұшы жуан болып келуі ықтимал. 6-шы тістің альвеола қабырғасының екі жағы бірдей, ал 7-8-ші тістердің сыртқы қабырғасы қалың. Демек, 6-шы тісті жұлғанда люксация сыртқа қарай, 7-8 ші тістерді жұлғанда ішке қарай басталады, тіс те ұясынан сол бағытқа қарай шығады. 8-ші тістің күрделі орналасуы, толық өсіп шықпауы т.б. ерекшеліктері рентген суретін қажет етеді. Төменгі моляр тістерді жұлуға құстұмсық, сауыт қысқыштарының екі түрі де қолданылады. Сапты бойлай, қырына қарай иілген қысқыштар жақтарында қылқандары бар. Қылқандар тіс сауытын орай айналып түбірлер бифуркациясына кіріп қысқышты нық ұстайды.

8-ші тісті жұлуға сапты бойлай иілген қысқыш жарамайды, себебі езі мен ұрт кедергі жасайды. Қырынан иілген қысқыштармен барлық төменгі молярларды жұлуға болады, 6-7-ші тістерді сапты бойлай иілген  қысқыштармен жұлған ыңғайлы. Горизонталь қысқыш жұлынатын, одан бері орналасқан тістерді жауып, көзден таса қылады, тісті ырғау кезінде де қолайсыздық туғызады. Бұл қысқыш негізінен науқастың жағы қарысып, аузы ашылмай қалғанда таптырмайтын құрал. 8-ші тісті жұлу кейде әдеуір қиындық туғызады. Оны ырғап,босату үшін элеваторлар қолданылады. 8-ші тісті жұлу жайлы толығырақ «тіс жару аурулары» деген тақырыпта айтылады. Кейде тіс пен түбірлерді жұлғанда белгіленген ережелерден ауытқуға тура келеді. Мысалы: түбірді бүтін қалған қырын ұстай ырғап мұжылған жағына қарай босату, тістің қай тұсқа қарай оңай босайтынын есепке алу. Тіс сауыты сынған кезде сауыт қысқашының орнына, түбір қысқышын қолдану. Бұл ерекшеліктерді игеру, қолдану үшін, мұқияттық қажет.

Түбірлерді жұлу.Тістерге қарағанда, түбірлерді жұлу қиындау. Себебі қысқыш жақтарымен түбірді сыға ұстау оңайға түспейді. Моляр түбірлерін жұлу үшін оларды бормен ажыратып, элеватормен ырғау қажет.

Жалпы алғанда түбірді жұлмас бұрын, оның беріктігіне түбір далдасына, альвеола қалыңдығына, көрші тістер жайлы мәліметтерге баса назар аудару, қажет болса рентген суретін жасау керек.

Түбірлерді қысқашпен жұлу.Үстіңгі түбірлерді жұлу үшін байонет, түйісетін қысқыштар қажет. Бұл қысқыштар әмбебап деп те аталады, себебі жақтары саптарынан едәуір алшақ орналасқан. Бұларды моляр тістерге қарай апару оңай, жақтарын терең бойлата жылжытуға тіпті түбір ұясына кіргізуге де болады. Байыптап қолданса байонет (универсал) қысқыштар төменгі 8-ші тістерді жұлуға да жарайды. Моляр түбірлерін жұлғанда қысқыш жақтарын салады. Егер түбірлер бір-бірімен берік орналасқан болса, олар бірге жұлынады. Сынып кеткен жағдайда жеке дара жұлынады. Түбірлер бөлек болса, таңдай түбірін ротация жасап жұлады. Содан соң қысқыштың бір жағын босаған таңдай түбірдің ұясына жылжытып, екінші жағын қалған ұрт түбірлерінің біріне салады. Қысқышты түбірге салғанда ол сүйектен сырғанап, сыға ұстау мүмкін болмаса, онда түбірлерді бормен ажыратып, жекелеп жұлады. Түбірлерді шар, фиссур борлармен ажыратады. Борды түбір далдасына дейін бойлатып әрлі-берлі айналдыра отырып бойлатып жұлып алады. Қалған түбірлерді байонет қысқашпен жекелеп жұлады.

8-ші тістің түбірлері бір-бірімен жапсарлас келеді, сондықтан оны байонет қысқышпен жұлып алу онша қиын емес.

Төменгі түбірлерді жұлуға жақтары түйісетін, сапты бойлай иілген, құстұмсық қысқыштар жарайды. Бұл аспаптарды 8-ші тістің түбірлеріне салуға мүмкін болмағандықтан (себебі бұрын айтылған) элеваторларды қолданады.

Қысқыш жақтары түбірдің ішкі, сыртқы беттерінде салынады. Моляр түбірлерін жұлғанда қысқышты жұлынуға оңай түбірге салады. Бифуркация мықты болса екі түбір бірге жұлынады, осал болса бөлініп шығады. Екінші түбір соңынан жұлынады.

Егер қысқышты түбірге салу қиын, бифуркация мықты болса, онда түбірлерді бормен ажыратады. Жеке түбірлер қысқыш, элеваторлармен жұлынып алынады.

13-сурет. тік элеватормен жоғарғы жақ тіс түбірін шығару.     13- асурет. Бормашинамен тіс түбірлерін бір-бірінен  ажыратып бөліп алу.

 

Тіс пен түбірді элеватормен жұлу (13, 13 а сурет).Тіс пен түбірге қысқыш салу мүмкіндігі жоқ болса тік, бұрыш элеваторларды қолданамыз.

Элеватордың сабы, қасықша тәрізді жұмысшы бөлігі және оларды жалғастырып тұрған орта бөліктен тұрады.

Тік элеватрдың жұмысшы бөлігі науа тәрізді. Онымен үстіңгі жақтың түбірлерін, төменгі 8-ші тісті жұлады.

 Найза тәрізді элеватордың сабы орта бөлігіне көлденең бекітілген. Жұмысшы бөлігі сүңгі сияқты үшкірленіп барып бітеді. Жұмысшы бөлігінің бір беті тегіс екінші беті жұмыр. Найза тәрізді жұмысшы бөлігі орта бөлігіне паралелль тұрады.

Леклюз элеваторы төменгі үшінші моляр тістерді, соңғы тістерді жұлуға қолданылады.


Дата добавления: 2018-05-12; просмотров: 331; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!