Созылмалы паренхиматозды паротит 7 страница



Сол жақтан ине шаншығанда бас бармақ шықшыт-альвеола қырының алдында, ал сұқ саусақ шықшыт-альвеола бұрышы мен қырдың арт жағын ұстайды.

Инфраорбиталық (көзасты) анестезиясы (5 а,б – сурет). Нысана - көзасты тесігі, көз шарасының төменгі қырынан 0,5-0,75 см-дей төмен жүргізілген көлденең сызық пен 2-ші үстіңгі кіші азулар мен иек тесігі арқылы жүргізілген тік сызықтар қиылысында немесе тік алға қарап тұрған көз қарашығы арқылы жүргізілген тік сызықтар қиылысында орналасқан. Іс кезінде көз шарасының төменгі қырындағы үстіңгі жақ пен бет сүйегінің бірігуінен пайда болған бұдырдан 0,5-0,75 см төмен алады. Өзек алға, ішке төмен қарай бағытталған. Олардың жалғасы орта күрек тістердің арасындағы қызыл иектен сәл жоғарылау жерде қиылысқан болар еді.

5-сурет. Көз асты жансыздандыру.

А) ауыз қуысы сыртынан; б) ауыз қуысы ішінен.

Ішкі тәсіл –көзасты тесігінің проекциясын анықтаған соң сол қолдың сұқ саусағымен жұмсақ тіндерді сүйекке баса ұстап, бас бармақпен жоғары ерінді жоғары, сыртқа қарай ысырады. Бұл кезде ауыз жабық болады. Инені орта және шеткі күрек тістер аралығынан өтпелі қатпарға шаншиды. Көзасты тесігіне бағытталған инені сүйекке тигенге дейін бойлатып, біраз анестетик жібереді. Енді инені әрі қарай жылжытқанда ауырмайтын болады. Ине сұқ саусақ тұсына жеткен кезде, оны жайлап жылжытып көзасты тесігін табады. Инені өзекке кіргізбей-ақ тесіктің алдында 0,5-0,75 мл-дей анестетик жібереді. Инені өзекке кіргізіп әрі қарай жылжытып жансыздандырғыш дәрі жіберу көзасты нервісінің жарақаттануына әкеліп соғады.

Орта, алдыңғы тіс өрімдерінің анестезиясы 5-7 минуттан кейін пайда болады.

Сыртқы тәсіл – үстіңгі күрек тістердің тұсындағы альвеола өсіндісінде қабыну процессі болса, сыртқы тәсілді қолдануға болады. Сұқ саусақпен көзасты тесігін белгілеп ұстап жіңішке инені сол жерден 0,5 см-дей төмен және ішке таман теріге шаншиды. Ине жоғары, арт, сырт бағытта болып, көзасты тесігіне барып кіреді.

Анестезия аумағы – жоғарғы алдыңғы альвеола нервтері мен көзасты нервісінің соңғы бұталарына дейін, күрек сүйір тістер, альвеолды өсінді мен кілегей қабықтың босаға тұсы, төменгі қабақ пен үстіңгі жақтың алдыңғы және бүйір тұсы, көзасты тіндері, мұрынның бір беткейі мен жоғарғы ерін. Анестетик тереңдеп сіңіп кеткен жағдайда орта альвеоляр өрімге де әсер етіп кіші шайнау тістері мен оны қоршаған тін де жансызданады.

Таңдай анестезиясы (6-сурет).

 

Нысана – таңдайдың үлкен тесігі, ол альвеола өсіндісінің ішкі жағына үшінші азудың тұсында, егер үшінші азу әлі шықпаған болса, екінші азудың артына таман ішке қарай орналасады.

    Тіс жоқта басқа белгілер есепке алынады. Тесік А сызығынан (қатты таңдайдың шетінен) 0,5 см-дей алға қарай, қызыл иек пен таңдайдың орта сызығының ортасында белгілейді.

Жалпы ереже. Инені ауызды мүмкіндігінше қаттырақ ашып тесік тұсынан 1 см-дей алға, ішке қарай шамалап шаншиды. Ине жоғары, артқа және сыртқа қарай бағытталады да сүйекке дейін енеді. 0,5 мл-дей анестетик жіберіледі. Анестезия 3-5 мин кейін білінеді.

Анестезия аумағы. Қатты таңдайдың артқы 2/3 бөлігінің кілегей қабығы сүйір, тістің тұсына дейін, аздап жұмсақ таңдай жансызданады.

Күрек тіс анестезиясынысана – күрек тіс тесігі. Ол таңдайдың орта сызығының бойында ортаңғы күрек тістердің арасындағы қызыл иек шетінен 7-8 мм-дей қашықтықта орналасқан. Тесіктің сәл алдыңғы жағында күрек тіс бүртігі бар.

Ішкі тәсіл. Ауызды керек ашып инені күрек тіс бүртігіне немесе оның бір шетін ала шаншиды да сүйекке жеткенге дейін ендіреді. 0,25-0,5 мл ерітінді жіберген соң 3-5 мин уақыт күтеді.

Анестезия аумағы. Сүйір тістерді қосатын сызықтың алдыңғы жағындағы таңдайдың кілегей қабығы.

Инені өзекке 0,5-0,75 см-дей ендіріп дәрі жібергенде анестезия толығырақ болады, себеі, мұнда анестетик анестомозға да әсер етеді. Күрек тіс бүртігіне ине шаншудан бұрын 2-3% дикаин ерітіндісін жағамыз.

Сыртқы (мұрын іші) тәсіл.Мұрын төменгі қуысы мен мұрын пердесі түбіне инемен анестетики жіберіледі немесе 2-3% дикаинмен суланған тампон қойылады.

Төменгі жақтың өткізгіш анестезиялары. Мандибуляр (төменгі жақ) анестезиясы. (7 сурет).

7 – сурет. Мандибулярлық жансыздандыру

(А.Е. Верлоцкий бойынша саусақсыз).

 

Нысана – төменгі жақ тесігі. Ол төменгі жақ бұтасының ішкі жағында орналасып, алдыңғы ішкі жағынан кішкене томпақ – төменгі жақтың тілшесімен қалқаланған. Орташа алғанда тесік жақ бұтағының алдыңғы шетінен 15 мм, артқы шетінен 13 мм, төменгі жақ ойығынан 22 мм, төменгі жақтың астыңғы қырынан 27 мм қашықтықта орналасқан. Томпақ иненің тесікке жетуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан дәрі тесіктен жоғары жіберіледі. Нервтің тесікке жетпей сүйек науасында жатуы анестетикті тесіктен 0,75-1 см-дей биігірек жерге енгізудің сәті болатынын дәлелдейді. Бұл жерде орналасқан борпылдақ тін ерітіндіні өзіне жақсы сіңіреді. Ақыл тістің артқы жағында төменгі азу тіс артында үлкен және кіші ұшбұрыштары жатады. Кіші ұшбұрыш самай қырының екіге бөлініп альвеола өсіндісінің ішкі және сыртқы жағына қарай жағаласуынан пайда болады. Самай қыры мен төменгі жақ бұтасының алдыңғы шетінің арасын ретромоляр шұңқыры немесе азуарты үшбұрышы деп атайды. Төменгі жақ бұрышының ішкі жағына қанат тәрізді ішкі бұлшықеттің сіңірі келіп бекиді. Аталған ет пен төменгі жақ тармағының ішкі жағының арасы қанат-төменгі жақ кеңістігі болып табылады. Кеңістік жоғары жағынан қанат тәрізді сыртқы бұлшықетпен қоршалған. Төменгі жақ тесігін табу үшін бұл кеңістікті жақсы білу керек. Нысананы дәл анықтауда қанат-жақ қатпарының маңңызы зор. Қатпар берік фасцияны қатпаған кілегей қабықтан құралып қанат тәрізді өскіннің ілмегі мен самай жотасының артқы шетін ала керіліп тұрады.

    Төменгі жақ анестезиясын ішкі және сыртқы тәсілдермен жасауға болады.

Ішкі тәсіл.Ішкі тәсілдің саусақпен анықтау түрі. Науқас аузын кере ашады. Сұқ саусақпен төменгі жақ бұтасының алдыңғы қырын, одан кейін самай қырын анықтайды. Бұл екеуінің арасында ретромоляр үшбұрышы бар. Саусақ шұңқырға орналасып, оның ұшы самай жотасына бағытталады. Шприц қарсы жақтың кіші азу тістерінің тұсына кілегей қабыққа саусақ ұшына жақын, төменгі азу тістерінің шайнау бетінен 0,75-1,0 см-дей биіктікке шаншылады. Ине самай қырына тіреледі. Шамамен 0,75 см тереңдікке 0,5 мл анестетикті жібереді де шприцті анестезия жасайтын бетке қарай жылжытады. Әрі қарай самай жотасын иненің ұшымен айналып өтіп, сүйек бойымен сырғып тағы да 1,5-2,0 см бойлайды. Шприцтің бағыты бастапқы жағдайға жақындайды , ал ине төменгі жақ тесігінен жоғарғы жақ сүйек науасына тіреледі. Мұнда 1,5-2,0 мл-дей анестетик жіберіп 15-10 мин уақыт күтеді.

Анестезия аумағы. Төменгі жақ нервісі нервтендіретін аумақ түгел анестезияланады: барлық тістер, альвеола өсіндісі, төменгі жақ денесі, төменгі ерін, тері, иек, альвеола өсіндісін жабатын жұмсақ тіндер (кіші азу тістен 2-ші азу тіске дейінгі аралық, ауыз босағасының кілегей қабығының басқа, ұрт нервісімен нервтендіреді). Тіл нервісі де жансызданады; альвеола өсіндісінің ішкі жағының кілегей қабығы, ауыз түбі мен тілдің алдыңғы 2/3 бөлігі.

    Күрек пен сүйір тістер қарсы беттен келген анестомоздары болғандықтан толық жансызданбауы мүмкін. Соны ескеріп, алдыңғы тістерді, 5,6,7 – ші тістерді жұлғанда қосымша инфильтрация жасау керек.

Ішкі тәсілдің саусақсыз (аподактил) түрін А.Е. Верлоцкий жете талдаған. Ауыз әдеттегідей қатты ашылады. Шприц ауыздың қарсы бұрышынды, инені қанат-жақ қатпарының сыртын ала үстіңгі және төменгі азулардың шайнау бетінің орта тұсынан 1,5-2,0 см тереңдікте сүйекке тіреп, анестетик жібереді. Егер иненің ұшы сүйекке тимесе оны біраз суырып, қарсы бетке көбірек бұрып сүйекке тигенше шаншу керек.

Қанат-жақ қатпары жалпақ болса инені оның орта тұсына, жіңішке болса қатпардың ішкі жағына шаншиды.

Торус анестезиясы (М.М. Весбрем бойынша).Нысана – төменгі жақ үстірті. Ол тәж және буын өсінділеріне жалғасқан қыраттарының қосылуынан пайда болып, төменгі жақ тармағының ішкі жағында төменгі жақ тесігінің аздап жоғары, алдыңғы тұсында орналасқан. Төменгі жақ үстірті тұсында сезу нервінің үшеуі де қатар өтеді. Олар: төменгі альвеола, тіл және ұрт нервтері. Үстірттегі борпылдақ тінге енгізілген анестетик үш нервті түгел жансыздандырады. Нысана көзі ретінде қанат-жақ қатпарының сыртқы бөлігі мен ұрттың кілегей қабығы арасында орналасқан ұрт сызаты есептеледі.

Жалпы ереже:ауызды керек ашып инені ұрт сызатының кілегей қабығына тік жоғарғы 3-ші ауыздың шайнау бетінен 0,5 см-дей төменірек шаншиды. Шприц пен инені көлденең бір деңгейде ұстап, сүйекке дейін енгізіп төменгі жақ үстіртіне жетіп, 1,25-1,5 мл анестетик жібереді. Ине шамамен 0,25-тен 1,5-2,0 см бойлайды, бұл әркімнің жеке анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты. Анестезия аумағы: мандибуляр анестезиясы мен ұрт анестезиясының қосындысы. Барлық тістер, альвеола өсіндісі, жақ денесі, альвеола өсіндісін жапқан кілегей қабық, төменгі ерін, иек, ауыз түбінің кілегей қабығы мен тілдің алдыңғы 2/3 бөлігі.

Мандибуляр анестезиясының сыртқы тәсілі (С.Н. Вайсблаттың жақасты жолы). Нысана – төменгі жақ тесігі. Инені төменгі жақтың төменгі қырының бұрышынан артқа қарай 1,5-2,0 см қашықтықта шаншиды. Сол жаққа анестезия жасаған сол қолдың бас бармағын төменгі жақтың артқы қырына басып ұстап, сұқ саусақ жақтың төменгі қырының сыртына, оның артқы қырынан 1,5-2,0 см жерде орналасады да саусақ ұшы ине шаншатын орынды меңзейді. (8 сурет)

8-сурет. С.В. Вайсблат бойынша траго-орбитальды сызық ортасынан ине шаншитын нүкте.

    Оң жаққа инъекция жасағанда сол қолдың бас бармағы ине шаншатын жерді, сұқ саусақ иненің бағытын көрсетеді. Иненің жуандығы 0,8 мм-дей, ұзындығы 5 см-ден кем болмағаны жөн.

    Инені теріге саусақтың алдынан жақтың бұрышының артқы шетінен 1,5-2,0 см-дей жерге шаншиды. Ине ұшы төменгі жақ тесігіне жеткенге дейін сипап жүруі керек. Жақтың тесігі мен төменгі қырының арасы 27 мм, бұған жақты орай орналасқан жұмсақ тін қалдығын қоса есептейміз. Жалпы алғанда инені жақ бұтасына параллель 35-40 мм-дей тереңдікте 4,0 мл анестетик жібереміз.

Анестезия аумағы: Төменгі жақ пен оны қоршаған тінді нервтерден үш нерв (төменгі альвеола, тіл және ұрт нервтері).

Берш-Дубов анестезиясы. Жақ қарысып қалғанда шайнау еттерін босаңсыту үшін Берше анестезиясын қолданамыз. Ол үшкіл нервтің үшінші тармағының қимыл талшықтарын жансыздандырады (шайнау, самайдың терең және қанат тәрізді нервтері) да науқастың аузында операция іс-қимылын жасауға мүмкіндік береді.

Жалпы ереже. Бет сүйегі доғасының астына құлақ түйінінен 2 см алға қарай теріге перпендикуляр ине шаншып, оны жақ ойығымен 2,0-2,5 см-дей тереңдікке ендіріп 3-4 мл анестетик жібереміз. Дәрі осы арада өтетін төменгі жақ нервісінің қимыл тармақтарына әсер етеді. 10-15 мин соң еттер босаңсып, ауызды жайлап ашу мүмкін болады.

В.М. Уваров инені 4,5 см-ге дейін терең ендіріп, сопақ тесіктен шығатын төменгі жақ нервісін түгелімен жансыздандыру жолын ұсынды.

Иек анестезиясы.Нысана – иек тесігі. Тесік жақ денесінің орта тұсында 1-2 кіші азу тіс түбірлерінің астында орналасады (балаларла сәл алға қарай орналасқан). Тістер жоқ болса тесікті анықтау жолы мынандай: жақтың орта сызығы мен шайнау етінің алдыңғы жағына дейінгі аралықты тік сызықпен дәл екіге бөледі. Көлденең сызық жақтың төменгі қырынан 12 мм жоғары алынады. Сызықтардың қиылысқан жерінде тесік орналасады. Оның аузы артқа, сыртқа, жоғары қараған.

Ішкі тәсіл. Ауыз жабық, төменгі ерін мен ұртты керек тартып инені өтпелі қатпарға 1-ші азу тұсынан шаншиды. Одан әрі инені алға, төмен, ішке қарай 0,75-1,0 см-дей енгізіп иек тесігіне тақайды. Ине ұшымен сүйекті сезіп тұрған жөн. 0,5-2,0 млерітінді жіберіп көреді. Ине ұшының тесікке түскендігі еріннің аздап ауырғандығы арқылы білінеді.

Сыртқы тәсіл. Иек тесігін анықтаған соң жұмсақ тіндерді сол қол саусақтарымен сүйекке баса ұстайды. Инеге ішкі тәсілдегідей бағып беріп, оны сәл жоғары және артқа таман шаншиды. Сүйекке жеткен соғ аздап анестетик жіберіп ине ұшымен тесікті тауып, инені аздап енгізіп анестетік жібереміз. Анестезия 3-5 мин соң білінеді.

Анестезия аумағы. Иек пен еріннің жұмсақ тіндері, күрек, сүйір, кіші азу тістер, альвеола өсіндісімен еріннің кілегей қабығы 2-ші кіші азудан орталық күрек тіске дейінгі аралық.

Ұрт нервісін жансыздандыру. Оны жасау үшін инені төменгі жақ тармағының алдыңғы қырына, үстіңгі азу тістердің шайнау беті деңгейіне шаншып 1 см-дей тереңдікке ендіреді. Бұл анестезия сирек қолданады. Төменгі жақтың альвеола өсіндісінің босаға жағындағы кілегей қабығын жансыздандыру үшін анестетикті жұлынантын тістің тұсындағы өтпелі қатпарға ендіреді.

Тіл нервісін жансыздандыру. Ол үшін ерітіндіні төменгі жақтың самай қырының ішкі жағына төменгі альвеола нервісінің анестезиясымен бірге ендіреді. Инені аталған жерге не бары 0,75 см ғана ендірсе тек қана тіл нервісі жансызданады.

Тіл нервісі 3-ші азудың тұсынан анестетикті альвеола өсіндісінің ішкі жағынан ауыз түбінің кілегей қабығы астына инемен 0,5-1,0 мл енгізгенде де жансызданады. Бұл арада тіл нервісі тек кілегей қабық астында жатады.


Дата добавления: 2018-05-12; просмотров: 398; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!