Жедел тыныс жетіспеушілігін емдеу   4 страница



Пневмокониозға тән кәсіби анамнез болады, қабыну белгілері және аускультациялық белгілер аз болады, патологиялық процеске плевра қосылады. Рентгенологиялық белгілері: көптеген ұсақ ошақты қарайғандықтар, өкпе түбірінің деформациясы.

Туберкулезде оған тән эпиданамнез, интоксикация белгілері, ұзаққа созылған қызба, қан қақыру, өкпенің жоғарғы бөліктерінің басым зақымдануы, рентгенограммада – ошақты түйіндер, туберкулин сынамасының оң мәнді нәтижесі және қақырықта БК анықталуы болады.

Басты белгілер ентігу мен цианоз (көкшілдік) болса, бірінші ретті өкпенің артериялық гипертензиясын және пневмосклерозда болатын өкпе артериясының гипертензиясын жоққа шығару керек.

Бірінші ретті өкпелік артериялық гипертензияда көбіне жас әйелдер ауырады. Күш түскенде күшейе түсетін ентігу, ентігу ұстамасының тыныш күйде болуы және талма белгілері анықталады. ЭКГ-да: RІІІSІ, Rv1, P-pulmonale белгілері болады. Рентгенограммада - өкпе артериясы доғасының шығыңқы болуы, оның сыртқы тармағының кеңуі, өкпенің шет жағында тамыр суретінің азайғаны көрінеді.

Пневмосклерозда – ауру анамнезінде өкпе диссеминациясының болуы, рентгенограммада – пневмофиброздың болуы, сыртқы тыныс қызметінің рестриктивті типті бұзылуы анықталады.

Клиникалық диагнозды тұжырымдауда ескеру керек:

1. СБ-ң клиникалық варианты: обструкциясыз, обструкциялы СБ.

2. Процестің фазасы: ремиссия, қайталау.

3. Қабынудың сипаты: катаральды, кілегейлі-іріңді, іріңді қабыну. Мүмкіндігінше себеп факторды көрсетуге тырысу керек.

4. Обструкциялы бронхитта аурудың даму барысының ауырлық дәрежесі (жеңіл, орташа ауыртпалықты, ауыр).

5. Асқынулары.

Диагнозды тұжырымдаудың мысалдары:

1. Созылмалы катаральды обструкциясыз бронхит, қайталау фазасы, тыныс жетіспеушілігі О.

2. Созылмалы іріңді обструкциялы бронхит, қайталау фазасы, тыныс жетіспеушілігі      ІІ дәрежесі. Өкпе эмфиземасы. Компенсациялы созылмалы өкпе-текті жүрек.

Емі. СБ-ті емдеудің басты бағыттары:

1. Шылым шегуді тоқтату, сыртқы ортаның патогендік факторларының әсерін шектеу.

2. Емдеу және реабилитация сұрақтарымен (емдік шараларды дұрыс орындау, қақырықтың жүруіне жағдай жасау, дәрігерлік көмекті мезгілінде алып тұру және басқалары) науқас адамдарды таныстыру.

3. Дәрімен емдеу.

4. Реабилитациялық ем.

Көп жағдайда СБ-пен ауыратын адамдарды амбулаториялық жағдайда емдейді. Науқас адамды стационарға жатқызу (госпитализация) көрсетпелері:

1. Амбулаториялық емге қарамастан аурудың өршуінің күшейе түсіп, тыныс жетіспеушілігінің ауырлай түсуі.

2. Жедел тыныс жетіспеушілігі.

3. СБ тұсында пневмонияның немесе спонтанды пневмоторакстың дамуы.

4. Оң қарыншалық жүрек әлсіздігінің белгілері.

5. Диагностикалық манипуляцияларды (бронхоскопия) іске асыру қажеттігі.

6. Наркоз қолданып, хирургиялық емдеу қажеттігі.

         Дәрісіз және дәрімен емдеу әдістерін ажыратады.

         Дәрісіз емдеуге жататындары:

         а) позициялық дренаж;

         б) вибрациялық массаж;

         в) мануальдық ем.

Дәрімен емдеу құрамына микробқа қарсы дәрілерді, муколитиктерді, бронходилататор-ларды және иммуномодуляторларды қолдану кіреді.

Бактериялық инфекция себепті СБ қайталағанда қолданылатын басты ем – эмпирикалық антибактериялық ем. Қолданылатын антибактериялық дәрілер: макролидтер, пеницил-линдер, тетрациклиндер, фторхинолондар, цефалоспориндер. Негізінен ішке қабылданатын дәрілер (пероральдық) қолданылады. Парентеральдық препараттар төменгі жағдайларда қолданылады:

- науқас адамның ауыр күйінде;

- асқазан-ішек жолы ауруларында (препарат сіңуінің бұзылуы);

- ішке қабылданатын дәрілердің төменгі дәрежелі биологиялық жеткіліктігі;

- дәрінің ішке қабылданатын түрінің болмауы.

  Жай асқынбаған СБ төменгі дәрілердің біреуі беріледі:

Азитромицин ішке 500 мл/тәул. – 1-ші тәулікте, кейін 250 мл 1 р/тәул. 4 тәулік бойы;

Амоксициллин ішке 500 мг 3 р/тәул.;

Амоксициллин/клавуланат ішке, 625 мг 3 р/тәул.;

Ампициллин ішке 500 мг 4 р/тәул.;

Кларитромицин ішке 500 мг 2 р/тәул.;

Левофлоксацин ішке 500 мг 1 р/тәул.;

Моксифлоксацин ішке 400 мг 1 р/тәул.;

Спарфлоксацин ішке 400 мг 1 р/тәул. 1-ші тәулікте, кейін 200 мг 1 р/тәул., 4-6 тәулік бойы.

Азитромоциннен басқа препараттардың бәрі 7-10 күн бойы беріледі.

Альтернативті препарат: доксициклин ішке 100 мг 2 р/тәул. 7-10 тәулік бойы.

Обструкциялы СБ-та жай СБ-тегі сияқты амоксициллин / клавуланат, левофлоксацин, моксифлоксацин, спарфлоксацин тағайындалады. Бұл дәрілерден басқа төмендегі дәрілердің біреуін беруге болады:

Оксациллин ішке 250-500 мг 4 р/тәул.;

Цефазолин е/ішіне немесе в/і 2 г 3 р/тәулігіне;

Цефаклор ішке 500 мг 3 р/тәул.;

Цефуроксим ішке 250-500 мг 2 р/тәул., ет ішіне немесе вена ішіне 750 мг 3 р/тәул.

Барлық препарат 7-10 күн беріледі.

Альтернативті дәрілер:

Сультамициллин в/і немесе е/і 1,5 г 4 р/тәул.;

Цефотаксим венаға немесе етке 2 г 3 р/тәул.;

Цефтриаксон венаға немесе етке 2 г 1 р/тәул.;

Барлық препарат 7-10 күнге беріледі.

Іріңді СБ-та да амоксициллин / клавуланат, левофлоксацин, моксифлоксацин, оксациллин, спарфлоксацин, цефаклор, цефотаксим, цефтреаксон, цефуроксим беріледі. Олардан басқа тағайындауға болатын дәрілер:

Цефепим етке немесе венаға 2 г 2 р/тәул.;

Цефексим ішке 400 мг 1-2 р/тәул.;

Цефтазидим етке немесе венаға 2 г 2-3 р/тәул.;

Цефтибутен ішке 400 мг 1 р/тәул.

Емнің ұзақтығы – 7-10 күн.

Альтернативті дәрілер (біреуі ғана қолданылады):

Пиперациллин / тазобактат венаға 2,25 г 4 р/тәул.

Тикарциллин / клавуланат венаға 3,2 3-4 р/тәул.

Цифрофлоксацин ішке 500 мг 2 р/тәул.

Емнің ұзақтығы – 7-10 күн.

Ауыр бөлінетін тұтқыр қақырықта муколитикалық дәрілер жақсы әсер көрсетеді. Таңдамалы дәрілерге жататындары:

Амброксол ішке 30 мг 3р/тәул. 2 тәулік бойы, кейін 30 мг 2 р/тәулігіне.

Ацетилцистеин ішке 200 мг 3-4 р/тәул.

Бромгексин ішке 8-16 мг 3 р/тәул.

Карбоцистеин ішке 750 мг 3 р/тәул.

Тиамфеникол глицинат, ацетилцистеинат ингаляция түрінде 250 мг 1-2 р/тәул.

Бронх обструкциясының ұстамасында: фенспирад ішке, таблетка, 80 мг 2 р/тәул.

Барлық муколитиктер 10-14 күн бойы беріледі.

Қақырық жақсы жүру үшін науқас адам жылытылған ішімдіктерді көп ішуі керек.

Рефлекторлық әсері бар қақырық жүргізетін дәрілерді де қолдануға болады: термопсис шөбінің тұрындысын (0,8-200,0) 1 ас қасықпен 2 сағат сайын ішке қабылдау; калий йодидінің 3% ертіндісін 1 ас қасықпен 3-4 сағат сайын ішке қабылдау.

Бронходилататорлар бронх-обструкциясы синдромында қолданылады. Антихолинер-гиялық дәрілер (ипратропий бромиді – атровент), ксантиндер (теофиллин) және                b2-симпатомиметиктер (беротек, вентолин, сальбутамол) қолданылады. Бронх – обструкция-сы синдромының жеңіл түрінде ипратропиум – бромид беріледі – тәулікке 4 рет ингаляция түрінде (тәуліктік дозасы 160-320 мкг).

Бронх обструкциясы синдромының орташа ауыртпалықты дәрежесінде ипратропий бромиді жүйелі түрде, тәулігіне 3-4 рет ингаляция түрінде, бета-2-симпатомиметиктер (сальбутамол тәулігіне 5-6 рет ингаляция түрінде) қажетіне қарай қолданылады.

Бронх обструкциясы синдромының ауыр дәрежесінде ипратропий бромиді жүйелі түрде (тәулігіне 4 ингаляция), әсері ұзартылған теофиллин (теофэк, теодур, ретафил 300 мг 2 рет күнге немесе эуфилонг бір капсуладан 250 мг 1 рет күнге), қажетіне қарай бета-2-симпатомиметиктер тағайындалады. Құрама дәрілер жақсы әсер етеді: беродуал (ипратропий бромиді + фенотерол), комбивент (ипратропий бромиді + сальбутамол).

Глюкокортикостероидтар (ГКС) күшті қабынуға қарсы әсер көрсетеді және бронх обструкциясын азайтады; бронх обструкциясын бронходилататорлар көмегімен тоқтата алмаған жағдайда тағайындалады. Алғашында спейсер арқылы ГКС-ң аэрозолі беріледі: ингакорт немесе бекотид – 1 рет ішке тыныстау (беклометазонның 50 мкг), күнге 3-4 рет (ең жоғарғы доза 800 мкг). Қабылдау ұзақтығы – 2 аптадан 10 айға дейін. Аэрозольдік ГКС тиімсіз болған жағдайда ішке қабылданатын ГКС қолданылады – преднизолонның 20-30 мг күн сайын 7 күн бойы, кейін 2 апта ішінде беруді тоқтатады.

Жиі қайталайтын, ұзақ және сылбыр ағымды СБ-те Т-буынның, фагоциттердің және макрофагтардың белсенділігін арттыру мақсатында тағайындалатын дәрілер: левамизол (150 мг 1 реттен 3 күн бойы, кейін 4 күн үзіліс);

         Т-активин (100 мг тері астына, 1 реттен 5-7 күн бойы);

         Диуцифон (ішке 300 мг 7 күн бойы).

Организмнің бейспецификалық төзімділігін арттыру үшін пентоксил (0,2 г 3 рет күнге), метилурацил (0,25 г 4 рет күнге) қолданылады.

Реабилитациялық ем (қалпына келтіру емі) аурудың өршу белгілері басылғанда, тыныс жетіспеушілігі белгілері азайғанда белгіленеді. Ол үшін емдік дене тәрбиесі, массаж, физиотерапия ем тәсілдері, витаминдермен емдеу, санаторийлы-курорттық ем қолданылады.

Болжамы. Жағымсыз болжам ауыр бронх обструкциясы симптомдары, үдемелі тыныс жетіспеушілігі және өкпелік артериялық гипертензия бар науқастарда байқалады.

СБ-пен ауыратындарды ремиссия (аурудың саябыр кезі) кезінде емдеу. Емнің мақсаты – аурудың қайталауының алдын алу және науқас адамды сапалы өмір жағдайларымен қамтамасыз ету. Ол үшін қолданылатын шаралар:

- шылым шегуден бас тарту;

- физикалық және химиялық факторлардың жағымсыз әсерін жою;

- бронх өткізгіштігінің ең тиімді күйін қамтамасыз ету мақсатында қақырық жүруін жақсарту;

- қосалқы ауруларды емдеу;

- иммуномодуляторларды қолдану;

- грипке және пневмококтарға қарсы вакцинация жасау (бронхомунал, рибомунил, ИРС-19, бронховаксон, инфлювак).

Бұл шараларды іске асыру үшін СБ-пен ауыратын адамдарды диспансерлік есепке алып, кем дегенде жылына 2 рет дәрігер қарап тұрады. Жылына 2 рет (күзде, жазғытұры) бір ай бойы аурудың қайталауына қарсы ем қолданылады.

Еңбекке қабілеттік сараптамасы. Ірі бронхтардың бронхитінде уақытша еңбекке жарамсыздық 12-20 күнге, ұсақ бронхтардың қабынуында – 30 күнге дейін созылады.

МӘСК-на жолдама: ІІ-ІІІ дәрежелі тыныс жетіспеушлігі, декомпенсациялы өкпе-текті жүрек синдромдары бар науқас адамдарға беріледі. Тыныс жетіспеушілігінің ІІІ дәрежесі бар науқастарға мамандығына тәуелсіз түрде 2-1-ші топ мүгедектігі белгіленеді.

Санаторийлық-курорттық ем. Жылдың жылы кезінде Қырымның оңтүстігіндегі курорттарда, Кисловодскіде емделуге болады; жылдың кез келген мезгілінде жергілікті санаторийлерде емделуге болады.

Алдын алу шаралары. Созылмалы бронхиттің алдын алудың басты шарасы – шылым шегуді тоқтату. СБ-ң жылына 4 реттен көп қайталауы болатын адамдарға антибиотиктік профилактика емін жасау ұсынылады. Грипке қарсы вакцинация жасау, бронх-өкпе инфекциялық ауруларын мезгілінде емдеу, қоршаған ортаны ластаумен күрес шаралары да созылмалы бронхиттің алдын алу шараларына жатады.

Тыныс тұншықпасы (ТТ)

Халықаралық анықтау бойынша: «астма-дамуына көптеген клеткалар (мес клеткалары, эозинофильдер, Т-лимфоциттер) қатысатын тыныс жолдарының созылмалы қабынуы. Бейімділігі бар адамдарда ол қайталамалы сырылдар, ентігу, кеудеде салмақ сезіну және жөтел эпизодтарын (әсіресе түнде және/немесе ерте таңертенгілік кезде) тудырады. Бұл симптомдарға қоса жайылмалы, бірақ өзгермелі, кем дегенде жартылай, өздігінен немесе ем әсерінен қайтымды болып келетін бронх тарамдарының обструкциясы қосылады. Онымен қатар қабыну «әр түрлі себептердің әсерінен тыныс жолдарының ынтымақты жауабын күшейтеді». Бұл анықтаудан шығатын тұжырымдар:

1. ТТ-нің негізін аллергиялық, инфекциялық және нейрогендік текті бронхтардың қабынуы құрайды;

2. ТТ-нің туындауы тыныс тұншықпасына және басқа аллергиялық ауруларға тұқым қуалайтын бейімділікпен байланысты;

3. ТТ-ң даму барысында тұншықпа ұстамасы болуы да, болмауы да мүмкін;

4. ТТ-да емдеу нәтижесінде обструкция толық немесе жартылай қайтымды болады;

5. ТТ-ң патогенезіне қатысатын басты клеткалар – мес клеткалар, эозинофильдер және Т-лимфоциттер.

ТТ кең тараған ауру. Ересек адамдар арасында 5% -дан жоғары жағдайда, балалар арасында - 10% жағдайда кездеседі. Балалар арасында еркектер, ересектер арасында әйелдер басым ауырады.

Этиологиясы және патогенезі. Тыныс тұншықпасының себептері дәл белгілі емес. Бірақ тыныс тұншықпасына қатысы бар көптеген факторлар бар, олар қатерлі факторлар деп аталады. Төмендегідей қатерлі факторларды ажыратады:

1. Жағдай жасайтын факторлар: атопия және тұқым қуалайтын бейімділік.

2. Себеп факторлар (индукторлар):

а) инфекциялық емес атопиялық аллергендер. Шөптердің маусымдық тозаңдары, тұрмыстық, өндірістік аллергендер;

- дәрілік аллергендер (антибиотиктер, ҚҚБП, сирек - өсімдіктер салицилаты, селективті емес  b-блокаторлар);

- төсек-орын кенелерінің, жануарлардың (мысық, ит), зеңдердің және ашытқы саңырауқұлақтардың аллергендері;

- тағам аллергендері (балық, жұмыртқа, сүт, жаңғақтар), тамақ қоспалары, бояулар, консерванттар, көмірқышқылды газ.

  б) төменгі тыныс жолдарының инфекциясы;

в) механикалық және химиялық факторлар – поллютанттар, ирританттар (металл, ағаш, силикат, мақта шаңдары және басқа шаңдар), тітіркендіретін заттардың булары, сигарета түтіні, өндірістік аэрозольдар;

г) климат, физикалық және метеорологиялық факторлар (ортаның температурасы, ылғалдылық, сыз, барометриялық қысым мен магнит кеңістігінің тербелісі);

д) нервті-психикалық және стрестік әсерлер, денеге күш түсу.

3. Ауырлата түсіретін факторлар: туғанда нәресте салмағының аз болуы, респираторлық вирустық инфекция, аэрополлютанттар (күкірттің қос тотығы, озон, азот тотығы, көміртегінің тотығы және қос тотығы, формальдегид), активті және пассивті шылым шегу;

4. Триггерлер (түрткілер): салқын ауа, денеге күш түсуі, тітіркендіргіш аэрозольдар, эмоция және басқалары.

Жағдай туғызатын факторлар жеке адамның ауруға бейімділігін қамтамасыздандырады. Мұндай факторларға атопия мен тұқым қуалайтын бейімділік жатады. Атопия – сыртқы ортаның аллергендерімен жанасқанда организмнің Е-иммуноглобулинді (Jg E) шамадан тыс көп өндіруге бейімділігі. Тыныс тұңшықпасының дамуына бейімділік дегеніміз тыныс тұңшықпасының дамуын анықтайтын организмде биологиялық кемістіктің болуы. Ондай негізгі биологиялық кемістік - тыныс тұншықпасымен ауратын адамдардың бәрінде болатын, ал сау адамдарда болмайтын бронхтардың өзгерген сезімталдығы мен реактивтілігі.

Себеп (экзогендік спецификалық) факторлар – индукторлар тыныс жолдарының қабынуын тудырады. 


Дата добавления: 2019-07-17; просмотров: 140; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!