Созылмалы паренхиматозды паротит 24 страница



Жоғарыда аталған лимфадениттердің барлығын арнайы емес қабынуға жатқызамыз.

Ал арнайыға туберкулезді, актиномикозді, мерезді этиологиясы бар лимфадениттер жатады.

Олар жеке тарауда сипатталған.

Жедел лимфадениттер

Науқас басын қимылдатқанда ыңғайсыздық білініп, қабынған түйін немесе түйіндер аумағында әлсін-әлсін ауыру сезімі туады.

Аурудың алғашқы белгісі, қабынған аймақта көлемі шағын, домалақ, ауырмайтын немесе аздап ауыратын ісік пайда болады. Науқастың ауру тарихында тістер бадамшасының, жақ-бет аймағындағы тағы да басқа ағзалардың қабыну процестері болғаны аталған.

Сары су лимфаденитінде науқас организмінде жалпы өзгеріс байқалмайды, тек дене қызуы аздап көтеріліп (субфебрилді) лейкоцитоз (аздаған) болады. Қарап көргенде ауырған жағында қоршаулы ісік, терісі қозғалмалы өзгеріссіз болады.

Сипап көргенде ауыратын үлкейген, қозғалмалы тығыз, сопақша пішінді, лимфатикалық түйіндер байқалады. Мұқият тексергенде қабынудың алғашқы ошағы периодонтит, пародонтоз, перикоронарит, стоматит, тонзилит, шиқан немесе бет жарақаты т. б. анықталады.

Алғашқы қабыну ошағын жойған кезде сарысулы лимфадениттің кері дамуы басталады.

Емдеу дұрыс жүргізілмесе, сарысулы лимфаденит іріңді лимфаденитке айналады.

Науқастар, солқылдаған ауыру сезімінің қабынған аумақта күшейе түскеніне, мазасыздығына, тамаққа тәбетінің жоқтығына, дене қызуының көтерілуіне (37,2—38,0 дейін) шағым жасайды. Жергілікті периодонтиттің клиникалық көріністерінің басым болуына байланысты, лимфатикалық түйін шекараларының анықтығы жоғалады. Ол қозғалыссыз, басқа түйіндермен жабысып бірігіп, іріңдей бастайды. Қабынған түйіндер аумағындағы тері ісінген, қатты, қозғалыссыз, қызарған, артынан ол жұмсарады. Науқастың жалпы жағдайы ауырлайды. Шеткі қан айналысында, лейкоциттердің көбейгені байқалады. 10— 12 103 мкл, нейтрофилез сол жаққа жылжыған, эозинопения.

Патологиялық анатомиясы. Лимфатикалық түйіндегі қабыну оның қызаруынан және синустарының кеңеюінен басталады. Эндотелий клеткалары жиырылып, домалақтанып, қозғалып макрофагтың міндетін атқарып, микробтар мен бөтен заттарды ұстайды.

Аденофлегмона. Инфекциялық қабыну процесі үдеуінен лимфатикалық түйін қапшығының сырт жағындағы тіндерге жайылып лимфаденитке тән клиникалық сурет жойылып көбінесе остеофлегмонаға ұқсайды. Сөйтсе де аденофлегмонаның дамуы, ағысы остеофлегмонаға қарағанда жәй және ақырын болады. Дененің қызуы аденофлегмонада 37—38,7°, өте сирек жағдайда 39° көтеріледі.

Лейкоцитоз, нейтрофилез болады, ЭТЖ 30—40 мм/сағ дейін көтеріледі, бұл суреттер жәй дамитын процеске тән.

Қарап көргенде лимфатикалық түйіндер аумағында жайылмалы ісіктер көрінеді. Терінің қызарғаны, ісік үстіндегі терінің қатаюы, артынан жұмсаруы остеофлегмонаға қарағанда кешірек байқалады.

Жедел лимфаденитті емдеу. Ем одонтогенді, одонтогенді емес инфекцияның алғашқы ошағын жоюдан басталады. Кейінгі емдеу, аурудың клиникасына, кезеңіне байланысты. Жедел лифадениттің сарысулы кезеңінде консервативтік ем қажет, ол организмнің инфекциямен қарсыласуын, күресуін күшейтуге арналады (құнарлы тамақтану, поливитаминдер, десенсибилизациялық дәрі-дәрмектер).

Қабыну процесі асқына бастағанда антибактериялық емдерді (антибиотиктер, сульфаниламидтер, нитрофуран қатарынан дәрі-дәрмектер), физиоемдеуді бастайды (УЖЖ, ӨЖЖ сәл жылу мөлшерінде, УКС).

Іріңді лимфаденит пен аденофлегмонада іріңді ошақты тері жағынан кесіп дренаж қояды. Қалған ем бет-жақ аймағындағы абсцестер мен флегмоналарды емдеу шараларына тән.

Созылмалы лимфаденит

Созылмалы арнайы емес лимфаденит жедел лимфадениттің салдарынан немесе әлсіз вирулентті инфекцияның күшімен болады.

Аурулар лимфатикалық түйіндер аймағында домалақ ауырмайтын бірде үлкейіп, бірде кішірейетін ісіктерге көңіл аударады. Созылмалы лимфаденитпен ауырған аурулардың жалпы жағдайы қанағаттарлықтай, тек организмде созылмалы ошақтың болуы дене қызуын субфебрильді көтеріп, тез шаршау, мазасыздық туғызады. Ауруды тексеріп көрген кезде организмде одонтогенді немесе одонтогенді емес ошақтардың жойылмағаны белгілі болады. Кей уақытта аурудан сұрап білген кезде алғашқы ошақтың жойылғаны мәлім болады. Бірақ кейбір анотомиялық аумақтарда, ұстап көргенде жеке-жара, үлкейген аздап қозғалмалы, сәл ауыратын кейде ауырмайтын лимфатикалық түйіндердің бар екені белгілі болады. Олардың үстіндегі тері қабаттары өзгеріссіз. Бүл түйіндердің іріңдеуі өте сирек кездеседі тек алғашқы ошақтың қайта қозу процесі қайталанғанда.

Патологоанотомиялық суретте гиперпластикалық, деструктивтік және іріңді (қозған) созылмалы лимфадениттерді бөлуге болады. Созылмалы лимфадениттер бірте-бірте үзақ уақыт бойы лимфа түйіндерінің лимфоидтық элементтерінің гиперплазиялануымен сипатталады, кейінірек олар дәнекер тіндермен қоршалады. Лимфа түйіні жиырылып, фиброздық тартпаға айналып дәнекер тіндермен бірігіп кетеді. Созылмалы арнайы емес лимфаденитті созылмалы арнайы туберкулезден, актиномикотикалық және ме-резді этиологиясы бар лимфадениттерден ажырату керек.

Науқастарда, туберкулез ауруына тән улану байқалады, Пирке, Манту сынақтары оның дәлелдері бола алады. Жарадан алынған сүйықты микроскоп арқылы тексергенде тек туберкулездік гранулемаға тән клеткаларды көреміз, олар Пирогов-Лангганстың үлкен клеткалары.

Мерезді лимфаденитте бірнеше аймақтың түйіндері қабынады, олар өзара және айналасындағы тіндермен бірігіп жабыспайды, басып көргеңде қатты ауырмайды көбінесе моншақ тәрізді орналасады. Ешқашан іріңдемейді. Қабынған түйіндерден алынған сұйықтарды тексергенде бозғылт спирохеталарды көруге болады.

Созылмалы арнайы емес лимфадениттерді басқа аурулардан ажырату кезінде қатерсіз ісіктерді, дермоидты-сарысулы ісікті (киста), лимфа түйіндерінің алғашқы қатерлі ісіктерін (лимфогра-нулематоз, лимфа-және ретикулосаркома), қатерлі ісіктердің метастазасын ойдан шығармаған жөн.

Жоғарыда аталып өткен процестерден ажырату диагнозы үшін түбегейлі жиналған анамнез, жан-жақты клиникалық тексеріс өте қажет, бірақ түптеп келгенде цитологиялық және гистологиялық тексерулер шешуші болып табылады.

Созылмалы лимфадениттерді емдеу. Жедел лимфадениттер сияқты алғашқы ошақты жоюдан басталады, соның әсерінен бірте-бірте лимфатикалық түйіндегі қабыну да жойылады.

Емдеу шараларды мыналарға бағытталған:

1) . Ауру организмнің жалпы иммунологиялық қарсыласуын арттыру (толық диета, витаминді емдеу).

2) . Жалпы организмдегі иммунды жүйенің функционалдық белсенділігін арттыру (арнайы емес терапия, алоэ экстрактысы, ФИБС, пирогикол, преднизолон салу, УКС).

3) . Бет-жақ аймағындағы иммундық қасиетін күшейте отырып, қабыну ошағындағы иммунды процестерді арттыру (УЖЖ, ӨЖЖ, ультрадыбыс, калий йодитімен электрофорез). Егер осы комплексті емдеу шараларынан лимфатикалық түйіндер кішіреймесе оны сылып алып тастау қажет.

Лимфангоиттер

Этиологиясы және патогенезі. Лимфангоит немесе лимфангит — лимфа тамырларының қабынуы. Лимфангоит микрофлораның және олардың токсиндерінің лимфа жолдарына өтуінен пайда болады. Ол периодонтта, периостта жақ сүйектерінің қабыну процестері кезінде дамиды. Лимфа тамырларына ісік клеткаларының ыдырау өнімдері және де бөгде заттардың енуінен де лимфангоит дамуы мүмкін.

Клиникалық көрінісі. Лимфангоиттар жедел және созылмалы болып бөлінеді. Жедел қабыну процесі беткей немесе терең орналасқан лимфа тамырлар торларында дамиды.

Созылмалы лимфангоиттар жедел қабыну процесінің созылмалыға өтуінен дамиды, ол организмнің қорғағыштық қасиетінің төмендеуінен немесе антибиотиктерді дұрыс қабылдамау әсерінен дамуы мүмкін.

Жедел лимфангоит қамтылған тамырлар топографиясына сәйкес торлы (ретикулярлы) және тармақты (турункулярлы) болып бөлінеді.

Ретикулярлы немесе торлы лимфангоит жара, шиқан, көршиқан айналасындағы беткей орналасқан лимфа тамыр торларының қабынуымен ерекшеленеді. Нәтижесінде тілмелік қабынуға ұқсас клиникалық көрініс береді. Қызару және ауру сезімі байқалады, кейіннен инфекциялық ошақтан лимфа түйіндеріне бағытталған жіңішке қызыл жолақтар пайда болады. Дене қызуы 38—39° дейін көтеріліп, қалтырау және уланудың басқа да көріністері байқалады (құрғақ тіл, бас ауруы, тәбеттің болмауы).

Турункулярлы немесе тармақтық лимфангоит ірі лимфа тамырларын қамтиды, тері бетінде біріншілік инфекциялық ошақтан аймақтық лимфа түйіндеріне бағытталған 1—2 ашық-қызыл жолақ байқалады. Бұл жолақтар лимфа тамырлары қабырғаларының қабыну әсерінен қызаруынан пайда болады. Алғашқыда жолақ бойымен сыздаған ауыру сезімі анықталады. Кейіннен тығыз, басып тексергенде ауыру сезімі бар жолақтар, ал олардың айналасындағы тіндерді ісіну және кернеу пайда болады. Лимфа тамырларынан қабыңу процестерінің оны қоршаған тіндерге өтуі (перилимфангоит) терідегі қызару көлемінің ұлғаюы, бет және мойын жұмсақ тіндерінің ісінуімен суреттеледі және төменгі жақасты немесе мойын аймақтарының лимфадениттеріне ауысады.

Терең орналасқан лимфа тамырларының қабынуы негізінен, беткей лимфа тамырларының қабынулары әсерінен дамиды.

Диагнозы. Торлы лимфангоиттардың диагностикасы көп қиындық тудырмайды, тек түгел бет терісінің қызаруы кезінде тілме қабынуы көрінісіне ұқсайды. Тармақты лимфангоит кезінде көлемді ісінудің дамуы — флебит, флегмона сияқты қате диагноз қоюға себеп болуы мүмкін.

Емдеу шаралары негізінен біріншілік инфекциялық ошақты жоюға бағытталуы керек. Жергілікті хирургиялық емдеумен қатар, антибиотиктер, сульфаниламидтер және т. б. тағайындалуы тиіс.

Алдын алу. Біріншілік инфекциялық ошақтарды дер кезінде тоқтату (периодонтиттер, периоститтер, остеомиелиттер, гаймориттер т. б.).

VII ТАРАУ

ТІС ЖАРЫП ШЫҒУ ПРОЦЕСІ ДЕРТТЕРІ

Тістің жаруы әдеттегі физиологиялық процестерге жатады. Олар белгілі уақытында, адамға білінбей, ешқандай ауыру сезімінсіз шығады. Бірақ кейбір тістер нақтылы шығатын уақытынан кешігіп шыққанда оның маңайындағы _ тіндер қабынады. Тістің кедергімен кеш жаруы өз алдына мынадай топқа бөлінеді.

1. Дистопия — дұрыс қалыптасқан тістің тіс қатарынан шет шығуы. Кейде ұртқа қарай не тілге қарай жантая шығады. Кейбір тістер мұрынның ішіне не гаймор қуысына немесе көзге қарай шығуы мүмкін. Бұндай жағдайда тістің жаруы кешігіп, сол маңай тіндері зақымданып, қабынуы мүмкін. Онда тісті суырып алып тастау керек.

2. Ретенция — дұрыс қалыптасқан тістің шығуы әртүрлі кедергімен баяулап ұсталып қалуы. Егер тіс жартылай шықса, онда шала ретенция, ал тіс мүлде шыға алмай қалса, онда толық ретенция деп аталады.

Кейде көп уақыттан кейін адамның бар тістері түсіп, алынбалы тіс протезін пайдаланған кезінде ғана бұрын уақытында шықпай қалған тістің жарғанын байқауға болады. Тұрақты тістердің ұрықтану процесінің бүзылғанынан олар мүлде жарып шықпаса, онда толық адентия деп атайды.

Дистопия мен ретенцияға сүт тістер де, тұрақты тістер де ұшырайды. Тұрақты тістердің ішінде ретенцияға жиі ұшырайтын ақыл тістер, әсіресе астыңғы сегізінші тістер. Ал сирек ұсталып шыға алмай қалған жағдайға сойдақ тістер (ұры тіс) мен жоғарғы не астыңғы кіші азулар тап болады. Ретенция мен дистопия ауруының себебі толық анықталмаған. Әртүрлі ғалымдардың пікірі бойынша оның мынандай себептері болуы мүмкін:

а) Зат алмасу процесінің — ішкі секреция бездерінің, гормондардың реттеу жұмысының нашарлағаны не витаминдердің жеткіліксіздігі, инфекциялық аурудың әсері т. б. жағдайлар.

б) Зат алмасудың реттелуіне қатынасатын ішкі бездер қызметінің өзгерістері (гормондар қызметі бәсеңдесе не инфек-циялық) себебінен тіс дұрыс ұрықтанбай қалады не жақ сүйектердің кейбір бөліктері ерекше дамып, тістің жарып шығуын тежейді және қанмен жабдықталуын да өзгертеді.

Филогенез — даму процесінде адам тісінің саны мен мөлшері біркелкі қалпында қалса, жақ сүйектердің көлемі кішірейеді. Сондықтан кейбір тістерге шығатын орын болмай, ол не альвеольдық өсіндінің ішінде не сүйектің денесінде шыға алмай қалады.

3. Тістердің уақтылы жарып шығуын тежейтін жергілікті себептер көп: сүт тістер түбірінің кеш сорылуы не болмаса сүт тістерді ерте суырып тастаса қатардағы тісер бос орынға қарай жылжығандықтан кейін шыққан тұрақты тіске орын болмай қалады. Кейде сүт тіс маңындағы шырышты қабықта зақымданып, қабынуы не тіс ұрығының жақ сүйекте өте терең жатуы тістің кедергімен кеш жарып шығуының бір себебі болады. Жақ сүйектерінің дамып өсу процестері бұзылса не сүйекте ісік болса, тістің эмбриональдық дамуы бұзылып, тіс кеш шығуы не шетке қарай жаруы мүмкін.

Клиникасы. Қатардан тыс жарып шыққан (дистопиялы) не шыға алмай ұсталып қалған тістер ешқандай зиян келтірмесе, кездейсоқ рентгенге түскенде ғана табылады. Кейде науқастар жақ сүйектің әлсін-әлсін сыздап ауырғанына көңіл бөледі не астыңғы жақтың тістері сыздап ауыратын болады, ерні ұйиды.

Сырт көзбен қарағанда тістің кедергімен қиналып жарып келе жатқан белгілері мынадай болады: қатарда бір тістің жоқ болғаны анықталады, бұрын жұлынса бос орын болу керек не уақытында түспей қалған сүт тісі тұрады не ол тіс қатардан тыс жарып келе жатқаны көрінеді. Кейде альвеолдық өсіндінің шырышты қабығының астынан шығып тұрған төмпешік байқалады. Рентен суретінде ұсталып шықпай қалған тістің бейнесі көрінеді.

Біраз ғалымдардың пікірінше және біздің клиниканың бақылауы бойынша кедергімен кешігіп жарған тістер жиі қабынуға ұшырауы мүмкін. Содан пульпит (тістің үлпасының қабынуы) периодонтит (тістің дәнекер қабығының қабынуы) сияқты аурулар болады не қатар түрған тісті зақымдауы мүмкін. Кейде ауру өрбіп асқынып жедел перикоронаритке айналуы мүмкін. Сол себептен ірің әрі тарап сүйекті шірітеді де маңайындағы май шелімен жұмсақ тіндеріне жайылады. Сол аурудың салдарынан жақасты бездері шошынып лимфаденит дамиды. Қабыну процесінің даму себебінің бірі ауыз ішіндегі инфекциялардың зақымданған шырышты қабыққа еніп оны қабындыруы. Не болмаса денедегі басқа созылмалы инфекциялық аурудан қан арқылы тарап, шыға алмай жатқан тістің зардабынан болған жараны қабындырып іріңдікке айналдырады. Кедергімен ұсталып шыға алмаған тістің зардабынан қатерсіз ісіктер — амелобластома, одонтома т. б. ісіктер өсуі мүмкін. Ұсталып кедергімен жарған тіс туралы түрлі ой бар. Егер ол тіс қатарындағы тістерге зақым келтірмесе, жақ сүйекте дұрыс орын алып, залалсыз, қабындырмай шықса, онда оған тиіспейді. Ал егер оңың себебінен жарақаттар шықса, онда ол тісті суырып алып тастау керек. Егер ақыл тіс кедергімен кешігіп жарып, тіс қатарындағы өз орынында дұрыс тұрса, онда ол тістің тездеп шығуына жағдай жасау керек. Ол үшін үстіндегі қызыл иек бүркенішін кесіп алып тастап, маңайының қызыл иегін тітіркендіріп функционалдық әрекеттер істеуге болады. Ақыл тіс ұсталып кедергімен жарғанда бас не жақ сыздап ауырса не шырышты қабық оның маңайындағы жұмсақ тіндер қабынып іріндесе ондай тісті суырып алып тастап, емдеу керек.


Дата добавления: 2018-05-12; просмотров: 269; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!