Созылмалы паренхиматозды паротит 20 страница



ЕМІ. Оперативтік емнің сипаты мен көлемі, дәрілік заттарды таңдау; физиотерапевтік ем және басқа жалпы емделу комплексінің шаралары аурудағы жақ сүйек остеомиелитінің классикалық көрінісінің жинақталуына және осылардың ішінде одонтогенді қабыну процесінің өту барысына байланысты болады.

Созылмалы жақ сүйек остеомиелитімен ауырған ауруларды емдеудің негізгі міндеті — сүйектің секвестрленген бөлігін уақытында алып тастау, яғни секвестрэктомия болып табылады.

Бұл операция алдында дәрігер келесі мәселелерді шешіп алуы керек: 1. Операция уақытын анықтау. 2. Секвестрлік қуысқа жету жолы. Ауыз іші арқылы жету әдісі таңдалады. 3. Аурудың операциядан кейінгі кезеңін жүргізу.

Секвестрэктомия операциясына секвестр шекаралары рентген суретте жақсы көрінген кезде ғана кірісу керек. Барлық қозғалған тістерді жұлуға ұмтылу дөрекі қателік болып есептеледі. Тек себепті тіс жұлынады, егер ол бұрын (ертеректе) жұлынбаған болса. Қалған қозғалмалы тістерді біржақты байланыстырушы шендеуіш-қазықпен бекіту керек немесе қажетті протез дайындау керек.

Шектелген остеомиелитте секвестрэктомия бір кезеңде, ал жайылған түрінде бірнеше кезеңге бөлініп жүргізіледі. Сүйек түзілуін сақтау мақсатында грануляцияны қырып алмайды. Жыланкөз жолындағы грануляциялық тін толық қырылып алынады немесе кесіледі. Операция кезінде кесілген патологиялық өзгерген тістерді гистологиялық зерттеуге жіберу керек, әсіресе күмәнді жағдайда.

Операцияға дейін сүйекте пайда болған қуысты толтыру мәселесін шешіп алу керек. Егер қуыс кішкентай болса, оны гемостатикалық губкамен немесе көрсеткіпгі бойынша антибиотиктермен толтырып, 1—2 резиналық дренаж салып тігеді. Үлкен қуыстарды пластикалық процестерге жағымды әсер ететін материалдармен толтыру керек. Жақ сүйектің созылмалы одонтогенді остеомиелитінен кейнгі қалған қуыстар мен ақауларды толтыру үшін көптеген әртүрлі пластикалық материалдар ұсынылған. Нативті формалинделген немесе мофилденген сүйек ауто-және ал-лотрансплантаттарын қолданғанда жақсы нәтижелер беретіні анықталған (Безруков А. И. 1979, Плотников Н. А. 1979, Водо-лашкин М. П. 1981).

Біздің клиникада, хирургиялық стоматология кафедрасында, жақ сүйектердің созылмалы одонтогенді остеомиелитіндегі секвестрэкомиядан кейінгі сүйекте пайда болған қуыстар мен ақауларды толтыру үшін брефоостеопласт қолдану әдісін шығарған. Ұсынылған әдіс брефоостеопласт дайындау кезеңінде оның құрамына емдік эффектісін едәуір дәрежеде жоғарлатуға бағытталған дәрілік заттар қосуға мүмкіндік береді.

Брефоостеопласт ЦНИИС (1993) әдісі бойынша дамуы кенеттен бұзылған 20—25 жұмалық адам ұрығының аяқ-қолдарының қуысты сүйектерінен дайындалады.

Гомогенизация, лиофилизация, гамма-сәулесімен стерилдеу нәтижесінде алынған препараттар ұрық сүйегінің бактерицидтік, пластикалық гемостатикалық, қасиеттерін сақтайды (репаративті процестерді жоғарлату, айқын антигендік қасиетінің жоқтығы). Операциядан кейінгі кезеңде ауруларға төсектік тәртіп, көрсеткіші бойынша антибиотерапия ережесін ескере отырып, антибиотиктер, сульфаниамидтер, десенсибилизациялық терапия тағайындайды. Жалпы жағдайын жақсартатын ем жүргізіледі. Жергілікті байқаулар, УЖЖ, УКС, ауыз қуысын мұқият күту.

Қосымша аурулары бар болса, мамандардың кеңесі бойынша созылмалы остеомиелитпен бірге басқа ауруларын қатар емдеу керек.

Егер ауруға емханада операция жасалса, ол жұмыстан босатылады. Диффузды созылмалы остеомиелитте жұмысқа жарамсыздық мерзімі айларға созылуы мүмкін. Асқыну болған жағдайда (патологиялық сынық, контрактуралар, сүйек ақаулары т. б.) ауруларды мүгедектікке ауыстырады.

Болжамы. Сүйек көп мөлшерде жарақаттанса және секвестрлік қаптың түзілуіне тіндік реакциялар жеткіліксіз болса патологиялық сынық (жалған буын) пайда болады. Жақ сүйек бұзылысы, самай-төменгі жақ буынының анкилозы және шайнау бұлшықеттерінің сыртқы контрактурасының пайда болуы диффузды остеомиелиттің осындай түрлерімен байланысты. Остеомиелиттің ұялы секвестрсіз көріністе өтуі, әсіресе біріншілік және екіншілік иммунды жетіспеушілік жағдайында және аурулар фонында созылмалы септикопиемия, ішкі ағзалар амилоидозымен асқынып көп жылдарға созылады. Жақ-сүйек остеомиелитінің диффузды түрінің ішінде сүйектің ұзақ уақытқа созылатын ұяшықты, гиперпластикалық жарақаттануымен ауырған аурулар диспансерлік бақылауда болуы керек. Жиі аталған жарақаттар нәтижесінде ауруды мүгедектікке аударуға тура келеді. Созылмалы остеомиелит рецидиві болса, екінші рет операция жасалады. Егер ауруға емханада операция жасалса, ол жұмыстан босатылады.

Асқынулардың алдын алу. Егер медициналық көмек уақытында көрсетілмесе немесе мамандандырылған болмаса созылмалы одонтогендік емес жақсүйек остеомиелитінде көптеген асқынулар болады: 1. Одонтогенді теріасты гранулемасы. 2. Тыртықтар түзіліп, буыннан тыс контрактуралардың пайда болуы. 3. Гиперостозды түрі, анкилоз, 4 Төменгі жақ сүйегінің патологиялық сынуы. 5. Жалған буын. 6. Гайморит. 7. Төменгі жақ самай буынының артриті. 8. Ірінді отит. 9. Үшкіл нерв невралгиясы. 10. Беттің ымдау бұлшықетінің парезі мен параличтері. 11. Жаралы стоматит. 12. Созылмалы остеомиелиттің өршуі кезінде әртүрлі жүмсақ тіндердің іріңді-қабыну аурулары, бет нервісінің тромбофлебиті, кавернозды синустың тромбозы, менингиттер, менингоэнцефалиттер, сепсис, септикопиемия т. б. болады.

Әр кезде есте сақтайтын жай — созылмалы остеомиелит дұрыс емделмеген жедел остеомиелит нәтижесі (салдары) болып табылады, сол себепті іріңді асқынулардың алдын алу үшін жақ сүйегінің жедел одонтогенді остеомиелитін дұрыс емдей білу керек. Егер процесс созылмалы кезеңге өтсе, бірден операция мезгілін белгілеп, уақытында секвестрэктомия жасау керек. Күтіп отыру тактикасы өте қауіпті, өйткені бұл кезде шектелген процесс жайылған түріне өтіп кетуі мүмкін. Асқыну болған жағдайда уақытында оны жою керек. Есте сақтайтын жай, егер ауру организмінде ұзақ уақыт ірің ошағы сақталса, ол ішкі ағзалардың амилоидозына ауысуы мүмкін. Қосымша аурулары болған жағдайда, мамандардың кеңесін алып, оларды да созылмалы остеомиелитпен қатар емдейді.

Остеомиелиттер профилактикасы. Бәрінен бұрын кең көлемде жалпы сауықтыру шараларын жүргізу керек. Герметизмге шыдамайтын тістер жұлынады. Тістерді жарақатты жуылғанда, қосымша аурулары болса немесе әскери далалық жағдайда жұлынса мүмкіндігінше профилактика ретінде антибиотиктер қолданылады. Тістердің қиналып жарып шығуы кезінде „ақыл тісті" уақытында жұлу керек.

ЖАҚ-БЕТ АЙМАҒЫНЫҢ АБСЦЕСТЕРІ МЕН ФЛЕГМОНАЛАРЫ

 

Жақ-бет аймағының жұмсақ тіндерінің іріңді процестері, жақ-сүйек остеомиелитімен бірге үйлесіп не болмаса өз бетімен пайда болуы ықтимал.

Инфекцияның таралуы — лимфа, вена тамырларымен немесе іріңді заттың жақ сүйектен жұмсақ тіндерге жарып шығуынан пайда болады. Май қабатының іріңді қабынуы (шіруі) абсцесс не флегмона түрінде өтеді. Бет-жақ аймағы тері, теріасты, ет аралығы май қабатына өте бай. Ал, дербес май қабаты лимфа бездерімен және қан, лимфа тамырларына толып, солар арқылы бір-біріне ұласып жатады.

Абсцесс— бұл тері немесе теріасты май қабатының шектелген іріңді қабынуы.

Абсцестің жергілікті белгілері: анық шектелген, ауыратын тығыз инфильтрат (ісік), оның бетіндегі тері қабаты не шырышты қабық керілген, қан кернеп қызарған, аздап жылтырайды. Инфильтраттың ортасы босап және флюктуация (сүйық заттың толқынды қозғалысы) байқалады. Қабынудың жалпы белгілері, абсцестің орналасқан жері мен мөлшеріне байланысты болады. Сонымен қатар дене қызуы, бас ауруы, қалтырауы, лейкоцитоздың болуы және ЭТЖ өсуі мүмкін.

Флегмона — теріасты, бұлшықеттер және фасциялар арасындағы (шелдің) клетчаткалардың жайылмалы іріңдеп қабынуы.

Бұл жағдайда ауыратын (тығыз), анық шектелмеген, домбыққан тіндер ішінде орналасқан инфильтрат байқалады.

Беткей орналасқан флегмоналарда, ауру басталысымен ауыратын тығыз инфильтраттың тері қабаты мен шырышты қабығы қан кернеп қызарып, тіндер домбығады. Терісі „жылтырап" керілген, бет шұңқырлары тегістелген, терісі қатпарға жиырылмайды. Тереңдеу орналасқан флегмоналарда, бастапқыда тері қабатында өзгеріс аз болады. Тек коллатеральды домбығу мен ауыратын тығыз инфильтрат байқалады. 2—3 күн өткен соң тіндердің іріңді іруінен инфильтраттың тығыздығы төмендейді де, ортасында флюктуация пайда болады, терісі қызарып, кейде көкшіл тартып тұруы мүмкін. Аумақтық лимфа түйіндері үлкейіп, қолмен басқанда ауырады.

Іріңді „көздің" орналасуына байланысты жергілікті өзгерістер — жақтың қарысуы (контрактура), шайнау қызметінің бұзылуы, жұтына алмаушылық не ауыр жұтыну, сөйлеу және тыныс алу қызметінің бұзылуы, дауыстың қырылдауы сияқты белгілермен білінеді. Сілекейдің бөлінуі көбейіп, ол қою және ауыз қуысы түбі (асты) флегмонасында — тілдің көлемі тез үлкейіп, жоғары көтеріліп тұрады.

Этиологиясы мен патогенезі. Бет және мойын аймақтарының абсцестері мен флегмоналарын қоздыратын микробтарға стрептококктар, стафилококктар, диплококктар, пневмококктар, ішек таяқшасы микробы және басқа да анаэробты микробтар жатады. Бұл микробтар жекеше не болмаса үйлескен түрінде кездеседі. Көбінесе стафилококк және стрептококк табылады.

Инфекцияның тіндерге кірер қақпасы „бұзылған" тістер мен тіс түбірлері. Сондай-ақ инфекция ошағына тіс-қызыл иек қалтасы, бадамша безі, іріңді жақ сүйектің сарысулы ісігі, жақ сүйектің сынығы, сыздауықтар стоматиттер жатады. Егер жұмсақ тіндерде дамыған флегмона, ауыз қуысындағы тістерге байланысты болса, онда ол одонтогендік (тістен пайда болған) флегмона, ал остеомиелиттің асқынуынан пайда болған флегмона-остеофлегмона деп аталады. Аденофлегмона — лимфа түйіндері іріңдегенде және ірің қоршаған жұмсақ тіндерге жарып шыққанда пайда болады. Олар одонтогенді (тістен пайда болған) одонтогенді емес (тіске байланысты емес) деп бөлінеді.

Қабыну процесінің дамуына байланысты, организмнің улануы үдеп, жалпы сырқаттану белгілері пайда болады (дененің қалтырауы, жалпы әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің шаппауы). Дене қызуы субфебрилитеттен 40°-ке дейін көтеріліп, дем алу және тамыр соғуы жиілейді.

Тіндердің анаэробты іріп-шіруінің бастапқы кезеңінде, науқаста эйфория (көңіл-күйінің көтерілуі) пайда болып, жағдайының жақсы екені туралы жалған пікір тууы мүмкін. Бірақ, содан кейін организмнің дереу көп улануына байланысты, барлық ағзалар зардап шеге бастайды. Кей жағдайда жергілікті тіндердің реакциясы (ішкі немесе сыртқы әсерлерге беретін жауабы) әлсіз болады. Бұл, организмнің қарсылау күшінің төмендегенін және аурудың артын болжау күмәнді екенін көрсетеді. Эксудаттың түріне қарай флегмоналар іріңді, іріңді-геморрагиялық және шіріктік деп бөлінеді.

Анаэробтар және олардың басқа да микробтармен үйлесіп тудыратын газды флегмонасы өмірге қауіпті болып есептеледі. Анаэробты инфекция, көбінесе бұлшықет тіндері мен терең клетчаткалы кеңістіктерде кездеседі.

Егер, іріңді флорадан пайда болған флегмонада, тіндердің іріңді қабынуы болса, газды флегмонада — тіндердің гангренасы (шіруі) пайда болады. Бұл, тіндердің қан тамырларында қанның ұйып, газбен қысылу қан айналымының нашарлауына байланысты.

Науқастың жалпы жағдайы тез нашарлайды: организмнің интоксикациясы өсіп, (жиі және әлсіз тамыр соғуы, қан қысымының төмендеуі), эритроциттердің ыдырауынан тері қабаты сарғышта-нады.

1965 ж. Д. Е. Альперн және 1971 ж. В. И. Русаков және т. б. қабыну процестерінде гиперфибриногенемия (фибриннің пайда болуының үдеуі) болатынын байқаған. Фибриннің пайда болуы, қабыну ошағын шектеуге бағытталған қорғаныс реакциясы болып табылады.

Гиперергиялық қабынуда, қан ұю процесі жеделдейді, сонымен бірге фибриногеннің сапалық өзгерісінің негізінде, ол фибрин және фибриноид ретінде тұнып, қан тамыры ішінде қанның ұюына, капиллярлар мен прекапиллярдың жабылып қалуына себепші болады. Бұл кей жағдайда, шіріктік қабынуға әкеп соғады. Жақ-бет аймағының іріңді ауауларында, гемокоагуляция мәселесіне аса зор назар аударған жөн, өйткені анатомия-физиологиялық ерекшеліктері, аурудың ерекше түрін туғызады. Соның әсерінен аурудың клиникасы, диагностикасы, сондай-ақ дәрігердің науқасты тексеруі, емдеу тәсілі де өзгеруі мүмкін.

Жақ-бет және мойын аймақтарының флегмоналары мен абсцестерінің топографиялық-анатомиялық жіктелуі:

I. Жоғарғы жақ сүйегі маңында орналасатын абсцестер мен флегмоналар.

1, Көзасты аймағының ("айбат" шұңқыры).

2. Шықшыт аймағы.

3. Көз ұясы аймағы.

4. Самай аймағы.

5. Самайасты қанатша-таңдай шұңқыры.

6. Қатты және жұмсақ таңдай.

II. Төменгі жақ сүйегі маңында орналасатын абсцестер мен флегмоналар.

1. Иекасты аймағы.

2. Ұрт аймағы.

3. Жақасты үшбұрыштығы.

4. Жақ-қанатша кеңістігі.

5. Жұтқыншақ маңы кеңістігі.

6. Меншікті шайнау еті астының кеңістігі.

7. Меншікті шайнау еті-құлақмаңы аймағы және жақарты шұңқыры.

III. Ауыз қуысы түбі абсцестері мен флегмоналары.

1. Ауыз куысы түбінің жоғарғы бөлімінің абсцестері мен флегмоналары (аша сүйек-жақ-тіласты бұлшықетінен жоғары)

2. Жақ сүйек-тіл абсцесі.

3. Ауыз қуысының төменгі бөлімінің абсцестері мен флегмоналары (аша сүйек-жақ-тіласты бұлшықетінен төмен).

IV. Тілдің абсцестері мен флегмоналары:

1. Меншікті тіл абсцесі.

2. Тіл түбірі флегмонасы.

Жоғарғы жақ сүйегі маңында кездесетін абсцестер мен флегмоналар

Көзасты аймағының абсцестері мен флегмоналары. Бұл аймақтың анатомиялық шектері: көз ұясының қыры, жоғарғы жақ сүйегінің альвеолдық өсіндісі, мұрынның бүйір қабырғасы, жақ және шықшыт сүйектерінің жігі. Бұл жерде, борпылдақ (жұмсақ) фасциялармен қоршаған „күлкі бұлшықеттері" орналасқан. Еттердің арасында, көзасты аймағынан шықшыт және ұрт аймақтарына ірің тарайтын шел (май) клетчаткасы болады. Сондай-ақ инфекцияның таралуына, өте көп веналық тордың болуы, оның бұрыштық вена арқылы көз шарасы (ұясы) веналарымен жалғасуы үлкен рөл атқарады. Көзасты аймағында іріңді процестің пайда болуына, бүзылған жоғарғы ит азулары және кіші азу тістер, кей жағдайда кіші күрек тістер мен екінші премолярлар себепші болады.

Клиникасы. „Айбат" шұңқырында, ісік пайда болып, домбығу мұрын қапталына, жоғарғы және төменгі қабақтарға, шықшыт аймағына, жоғарғы ерінге тарайды. Соның әсерінен мүрын-ерін қатпары тегістеледі, езуі төмен түседі, көз саңылауы жабылады. Науқас, көзасты аймағы нервісінің қысылып, тітіркенуінен болатын интенсивті (үдемелі) ауруына шағым айтады. Кейбір жағдайларда, тері қабатының да іріңді процеске шалдығуы ықтымал. Тері қабаты қызарып, қолмен басқанда флюктуация байқалады.


Дата добавления: 2018-05-12; просмотров: 214; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!