Тарау. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың құқықтары



 

27-бап. Қорғаншылық, қамқоршылық және патронат

1. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға оның мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғау үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қорғаншы немесе қамқоршы белгiленедi.

2. Қорғаншылық он төрт жасқа толмаған балаларға белгiленедi, ал қамқоршылық он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандарға белгiленедi.

3. Жергiлiктi атқарушы органдар қорғаншылық және қамқоршылық органдары болып табылады.

4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, соның iшiнде тәрбиелеушi, емдеушi немесе басқа мекемедегi балаға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес патронат белгiленуi мүмкiн.

5. Қорғаншылық немесе қамқоршылық белгiленген баланың аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi бар болса, олардың бiрге тұруы үшiн жағдай жасалады.

 

28-бап. Бала асырап алу

Отбасында өсiріп-жетiлдiру мен тәрбиелеу үшiн жағдайлар жасау мақсатында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен асырап алуға берiлуi мүмкін.

 

29-бап. Баланы тәрбиелейтiн, емдейтiн және сол сияқты өзге де мекемелерде күтiп-бағу мен тәрбиелеу

1. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, оны отбасында тәрбиелеуге беруге мүмкіндiк болмаған жағдайда, тәрбиелейтiн, емдейтiн немесе сол сияқты өзге де балалар мекемелерiне орналастырылуға тиiс.

2. Балаға тиесiн алимент, жәрдемақы және басқа әлеуметтiк төлемдер оның жеке шотына аударылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен төленедi.

3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәрбиелейтiн, емдейтiн және сол сияқты өзге де мекемелердегi балаға отбасылық тәрбиеге жақындатылған жағдай жасалады. Баланың күтіп-бағуды пайдалануға, тәрбие, бiлiм алуға, жан-жақты дамуға, ар-ожданы мен қадiр-қасиетінің құрметтелуiне, өз мүдделерiнің қамтамасыз етiлуiне, ана тiлінiң, мәдениетiнiң, ұлттық әдет-ғұрпы мен дәстүрiнің сақталуына құқығы бap.

4. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетiн, емделетiн және сол сияқты өзге де мекемелердiң аталған мекемелердегi балаларға қатысты педагогикаға жат немесе азғындық әрекеттер жасаған қызметкерлерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауаптылықта болады.

5. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәрбиелейтiн, емдейтiн және соған ұқсас басқа да мекемелердегi баланың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды, оның жұмысқа орналасуына жәрдемдесудi жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады. Ата-анасынан кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн айрылған жетiм балаларға Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес пайдалануға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй беріледi.

 

30-бап. Баланың құқықтарын қорғау жөніндегi функцияны жүзеге асыратын ұйымдар

1. Балалар үйлерiне туғаннан бастап үш жасқа дейінгi жетiм балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады. Балаларды Балалар үйiнде уақытша күтіп-бағу үшiн арнаулы бөлiмше ашылады.

Мамандандырылған Балалар үйлерiне туғаннан бастап төрт жасқа дейiнгi, психикасының және дене бiтiмiнiң дамуында кемiстiгi бар балалар қабылданады.

Арнаулы бiлiм беру ұйымдарына он бiр жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi, мiнез-құлқы ауытқымалы балалар орналастырылады.

Интернаттық ұйымдарға үш жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi жетiм балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады.

Жалпы үлгiдегi жалпы білiм беретiн мектеп-интернатқа жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ күн көрiсi төмен және көп балалы отбасылардың алты жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi, осы үлгiдегi ұйымдарда күтіп-бағылуға қайшы келетiн медициналық көрсеткiштерi жоқ балалар қабылданады. Интернаттық ұйымдар кәмелетке толмағандарға тұратын орын бере отырып, тәрбиелеуге, бiлiм беруге және күтiп-бағуға мемлекеттiк кепiлдiктi қамтамасыз етедi.

Ақыл-eci кем балаларға арналған интернат-үйлерге төрт жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi, күтіп-бағуды, медициналық, тұрмыстық қызмет көрсетудi және әлеуметтiк-еңбекке бейiмделудi қажет ететiн балалар қабылданады.

Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдарына он сегiз жасқа дейiнгi жетiм балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қабылданады. Балаларды отбасы үлгiсiндегi балалар ауылдарына қабылдаудың және оларды күтiп-бағу жағдайының тәртiбi отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және Жасөспiрiмдер үйлерi туралы Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.

Балалар ауылы (балалар үйi) әкiмшiлiгiнiң шешiмi негiзiнде балалар үйлерi мен балалар ауылының жиырма үш жасқа дейiнгi түлектерi, он алты жастан бастап балалар ауылы мен балалар үйлерiнен көшiрiлген тәрбиеленушiлер Жасөспiрiмдер үйлерінде әлеуметтiк бейiмделуден өтуi мүмкiн.

Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейiмдеу және оңалту орталықтарына қадағалаусыз және қараусыз қалған үш жастан бастап он сегiз жасқа дейiнгi балалар олардың ата-аналарын немесе басқа заңды өкілдерiн анықтау үшiн қабылданады.

2. Баланың құқықтарын қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға балаларды қабылдау және оларды күтiп-бағу талаптары, осы Заңмен белгiленбеген бөлiгiнде, Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген орган бекiткен осы ұйымдар туралы ережемен айқындалады.

 


Дата добавления: 2015-12-18; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!