Тарау. Бала және отбасы



 

21-бап. Баланың отбасында өмiр сүру және тәрбиелену құқығы

Баланың мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-анасын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығы мен тәрбиесiн алуға құқығы бар.

 

22-бап. Баланың отбасындағы құқықтары

Бала отбасында Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген құқықтарға ие.

 

23-бап. Бала тәрбиелеп отырған отбасыларына мемлекеттiк қолдау

Мемлекет бала тәрбиелеп отырған отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен әлеуметтiк көмек беру арқылы қолдау көрсетедi.

 

24-бап. Ата-анасының баланы тәрбиелеу, күтiп-бағу және асырау жөніндегi мiндетi

1. Ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері өздерiнің қабiлетi мен қаржы мүмкіндiктерi шегiнде баланың жан-жақты дамуы үшiн қажеттi жағдай жасауға мiндеттi.

2. Ата-анасы баланы тәрбиелеуге, оны күтiп-бағуды жүзеге асыруға, материалдық жағынан қолдап, оның әл-ауқатына қамқорлық жасауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндеттi.

 

25-бап. Баланың ата-анасымен бipгe тұру құқығы

1. Баланың өз ата-анасымен немесе басқа да заңды өкілдерiмен бiрге тұруға құқығы бар.

2. Баланың, ата-анасының немесе заңды өкілдерiнiң ықтиярынсыз баланы ата-анасынан немесе заңды өкілдерiнен айыруға тыйым салынады. Оларды айыру туралы шешiмдi ерекше жағдайларда және баланы қорғау мақсатында қандай дәрежеде қажет болуына қарай сот қана қабылдайды.

3. Ата-анасы бiр-бiрiнен бөлек тұрған жағдайда баланың тұратын жерi ата-анасының келiсiмiмен, ал ол болмаған жағдайда, ата-аналар арасындағы дау сот арқылы шешiледi. Бұл орайда сот бала ата-анасының жеке қасиеттерi мен жағдайларын, сондай-ақ баланың мүдделерi мен пiкiрiн ескередi.

 

26-бап. Баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасымен қарым-қатынас жасау құқығы

1. Баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайлардың болуын қоспағанда, баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасы туралы ақпарат алуға, олармен кездесiп, араласып тұруға құқығы бар.

2. Бала құқығын шектеуге байланысты туындаған, осы бапта көзделген даулар сот тәртiбiмен шешiледi.

 


Дата добавления: 2015-12-18; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!