Криминалистика пәні мен жүйесін атаңыз.



Криминалистика - қылмысты ашуға және тергеуге керекті заттай дәлелдемелерді процесуалдық заңға сүйене отырып, іздеп табу, алу, бекіту, зерттеу үшін пайдаланатын техникалық құралдар, тактикалық тәсілдер мен тергеу әдістемелері жөніндегі ғылым.

Криминалистиканың жүйесі. Криминалистика ерекше, дербес ғылым бола тұра, өзі жеке бөлімдерден құралады: криминалистиканың теориялық және әдістемелік негіздері, криминалистикалық техника, тергеу тактикасы, жекеленген қылмыстарды тергеу әдістемесі.

Сонымен қатар, криминалистер кейінгі жылдары криминалистика жүйесінде қылмысты ашу мен тергеуді ұйымдастыруға арналған тағы бір бөлімді бөліп көрсетеді.

Олардың пікірлері бойынша бұл бөлімнің ұғымына криминалистикалық болжаулар, сондай-ақ, тергеу процесіндегі тергеушінің әртүрлі қызметпен өзара байланысын жоспарлау жөніндегі ілімдер кіруі қажет.

Бірінші бөлімде криминалистиканың пәндік сипаттамасы, оның жүйесі және жеке бөлімдерінің қысқаша мазмұны беріледі. Осы бөлімде криминалистикада пайдаланылатын жалпы ғылымдық және арнаулы әдістер көрсетіле отырып, идентификация мен диагностика ілімдері теориялық жағынан қарастырылады.

Екінші бөлімде заттай дәлелдемелерді және іске керек деректерді іздеп табуға, бекітуге, алуға, зерттеуге керекті тәсілдер мен әдістер, осыған байланысты қолданылатын техникалық құралдар жөнінде айтылады.

Бұл бөлімнің жеке тарауларында криминалистика техникасында қолданылатын тәсілдер мен құралдар көрсетіледі. Атап айтқанда: микроскопиялық зерттеу тәсілі, өлшеу техникасы, спектордың көзге көрінбейтін сәулелерінде (инфрақызыл, ультракүлгін) зерттеу люминесценттік талдау тағы басқа да криминалистикалық зерттеу тәсілдері мен әдістері баяндалады.

Криминалистикалық техниканың күрделі де, негізгі тарауларының бірі - сот фотографиясы. Бұл бөлімде жедел-соттық және сот-зерттеу фотографиясының заттай дәлелдемелерді бекіту, зерттеу үшін пайдаланылатын тәсілдері мен әдістері айтылады. Бөлімнің жеке тарауларында іздерді, мылтық пен оқ дәрілерді және т.б. объектілерді зерттеудің тәсілдері көрсетіледі.

Үшінші бөлімде криминалистикалық тактика тергеу әрекеттерін жүргізгенде қолданылатын тиімді, нәтижелі әдістері, оларды қолдану қағидалары баяндалады.

Тергеу тәжірибесінде әр тергеу әрекетін жүргізуге бейімделген арнайы тактикалық әдістер көрсетіледі. Тактикалық әдіс - ол тергеу әрекеттерін жүргізудің неғұрлым ұтымды және нәтижелі жолдары. Әр тергеу әрекетінің ерекшелігіне байланысты осы тергеу әрекетіне оңтайлы, тиімді, пайдалы тактикалық әдістер ұсынылады. Мысалы: оқиға болған жерді қарауға ұсынылатын тактикалық әдіс, ол заттай дәлелдемелерді, іздерді, оқиға болған ортаны рет-ретімен, жүйелі түрде дәйекті және т.б. қарау, тінтуге ұсынылатын тактикалық әдіс - ол тінту жүріп жатқанда тергеуші үй иесінің мінез-кұлқына, қисынға келмейтін әрекет-қимылына назар аудару, логикаға сәйкес алып Қарағанда іздеп жатқан заттың қай жерде болу мүмкіндігін болжау және т.б.; жауап алу тактикалық әдісі - ол тергеушінің жауап беруші адаммен (куә, жэбірленуші, айыпкер) психологиялық жағынан дұрыс қатынас жасап істегі деректерді жауап алу үстінде орынды, ретті пайдалану т.б.

Бұл көрсетілген тактикалық әдістер мен басқа да тергеу әрекеттерінде қолданылатын әдістер мен тәсілдер процесуалдық жағынан заңға қайшы келмей, тек тергеу әрекетінің нәтижелі және тиімді өтуіне бағытталады.

Тергеу тактикасы криминалистикалық техникамен тығыз байланысты. Егер криминалистикалық техника техникалық тәсілдер мен күралдарды пайдалану жөніндегі жалпы ұғым берсе, тергеу тәжірибесі бұлардың тергеу әрекетінің ерекшелігіне байланысты қолдануға болатынын айтады.

 


Дата добавления: 2016-01-06; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!