Жасанды төзімділік

Төзімділікті тек эмбрионалды кезеңде ғана емес, ересек организмде де қалыптастыруға болады. Төзімділікті қалыптастыру (немесе табиғи төзімділікті қалпына келтіру) аутоиммундық және аллергиялық ауруларды емдеуде, сондай-ақ трансплантаттың кері қайтуының алдын алу үшін өте қолайлы.

Жасанды төзімділіктің механизмдері табиғи төзімділіктің механизмдерімен ұқсас, бірақ, мұнда шеткері механизмдер, яғни клоналды анергия, супрессия және апоптоз басты қызмет атқарады.

Жасанды төзімділікті қалыптастыру үшін бірқатар заңдылықтарды есте сақтау керек.:

1. Антиген жетілмеген Т- және В-лимфоциттермен әрекеттескен кезде жасанды төзімділік жеңіл қалыптасады. Сондықтан, жасанды төзімділікті қалыптастыру кезінде иммунодепресивті әсер ету керек, яғни иммунодепресанттарды қолдану жасанды төзімділіктің қалыптасуын біршама жеңілдетеді.

2. Антигеннің сипаттамасын ескеру керек:

· Антигеннің мөлшері. Төзімділікті антигеннің немесе өте үлкен мөлшерімен, немесе өте төмен мөлшерімен шақыруға болады. Орта мөлшердегі антигендер иммундық жауапты шақырады. Төзімділікті сақтау үшін организмде антигеннің біраз мөлшері үнемі болуы керек.

· Антигеннің күші. Әлсіз антигенге қарсы төзімділікті шақыру күшті антигенге қарағанда жеңіл.

· Антигеннің құрылысы. Антигеннің құрылысы қарапайым болса төзімділік жеңіл қалыптасады. Күрделі комплексті антигендер, мысалы, бактериалды жасушалар нашар толерогендер болып табылады. Бұл жағдай кем дегенде екі факторға байланысты:

Біріншіден, күрделі кешенді антигендерде әртүрлі эпитоптардың саны өте көп болады(поливалентті). Ондай антигендерге толық төзімділік шақыру өте күрделі, себебі бір эпитопқа қарсы иммундық жауапты тежегенмен, екінші эпитопқп қарсы иммундық жауап сақталады. Нәтижесінде жартылай төзімділік қалыптасады. Сондықтан күрделі антигендерге қарсы төзімділік жартылай болады. Бұл кезде, мысалы, антидене синтезі тежелгенмен жасушалық иммунитет сақталуы мүмкін және керісінше. Кейбір кезде ІgМ синтезі сақталуы мүмкін және т.с.с.

Екіншіден, күрделі ангендердің үлкен молекулалары жеңіл фагоциттенеді. Макрофагтарды өңдеу өткеннен кейін олар Т-хелпердің жұмысын эффективті түрде қосады. Егер де антиген молекуласы төмен молекулалы нәруыз болса, онда олар макрофагтармен әлсіз жұтылады да, өңделу үрдісіне ұшырамайды. Т- және В-лимфоциттердің рецепторларымен тікелей байланыса отырып, олардың блокадасын шақыра алады. Костимулдаушы белгісі болмаса (В7 арқылы немесе басқа костимулдаушы молекулар арқылы) және АТЖ-дан активтену белгісі болмаса (ИЛ- немесе басқа цитокиндер қамтамасыз етеді) антигентанушы рецепторлардың блокадасы сәйкес лимфоциттер клонының анергиясын немесе апоптозын шақырады.

· Антигенді енгізу жолы. Егер антигенді ауыз арқылы жіберсе төзімділік жеңіл қалыптасады. Себебі, тағам антигендерін бауыр макрофагтары қарапайым төмен мөлшердегі антигендерге дейін ыдыратады. Ал олар жақсы толероген болып табылады. Сондай-ақ, ішектің АТЖ төзімділікті қалыптастыруға маманданған (бірақ бұл механизм әлі толық ашылмаған) деп есептелінеді.

Соңғы кездері төзімділікті қалыптастыру үшін бірқатар жаңа әдістер қолдануда:

· Токсиндермен немесе радиоактивті изотоптармен қосылған антигендер қолданылады. Осы антигендермен байланысқан Т- және В-лимфоциттер жойылады;

· Белгілі антигенге қарсы Т- және В-лимфоциттердің клондарына қарсы цитотоксикалық моноклонды антиденелерді қолдану;

· Жануарларға эпитоппен байланысатын ТЖР-дың вариабелді домендеріне арналған моноклонды антидене енгізеді, нәтижесінде сәйкес клондардың блокадасы қалыптасады;

· Антигенмен бірге СD4 нәруызына моноклонды антидене енгізеді, нәтижесінде Т-хелпермен антиген танылмайды.

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе иммунологиялық төзімділікке келесідей қысқаша сипаттама беруге болады:

Иммунологиялық төзімділік дегеніміз – антигенмен шақырылған арнайы иммунологиялық ареактивтілік. Иммунологиялық төзімділікті екіге бөледі: табиғи жасанды.

Табиғи төзімділік негізінен эмбрионалды кезеңде организмнің меншікті антигендеріне қарсы қалыптасады. Ол әдетте, толық болады және қалыпты жағдайда өмір бойы сақталады. Табиғи төзімділіктің бұзылуы аутоиммундық аурулардың дамуына әкеледі.

Төзімділікті жасанды түрде кез-келген антигенге қалыптастыруға болады. Мұндай төзімділік жасанды деп аталады. Егер антигенді организмге эмбрионалды немесе ерте постнаталды кезеңде енгізсе, онда сол антигенге қарсы қалыптасатын төзімділік өзінің сипаттамасы бойынша табиғи төзімділіктен ажыратылмайды. Бірақ, ол төзімділікті сақтап қалу үшін организмде сол антиген біраз мөлшерде болуы керек.

 

 


Дата добавления: 2016-01-04; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:




Мы поможем в написании ваших работ!