М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы мәтін астары және тұйық психологизм ерекшеліктеріне мысал келтіріңіз.



 

«Абай жолы» романындағы әлқиссалық (скозовить) стилема ретінде айдаудан оралған Базаралының Дәркембай мен Абылғазыға айтатын әңгімесіне тоқталу дұрыс. Мұнда дәстүрлі мінездеменің орнына кейіпкерлерді баяндау барысына орай динамикалық тұрғыда сипаттау бар. Базаралы сөзінің тақырыбы – каторгада тапқан досы «Керала» атты орыс мұжығы:
«– Ішкі Россия жерінде, орыста да, сан Құнанбай, Тәкежандар иттен де көп, бықып жатады екен ғой… Байға берген қыздың еншісін құданда, тамыр-жекжаттың қалауына, атадан баланы айырып, анадан қызды айырып, кәдімгі тай-құнандай жетектетіп жібереді екен. Осыларды айтқан Керала «өз байым Педоттан, өз көргенім» деп, тағы бір сорақыны айтты. Көрші баймен тазы жарыстырып, Педот күндес болады. Сол орайда біреудің жүйрік итін аламын деп саудаласқан екен. Ал Кераланың он тоғызда жасы бар, бүлдіршіндей қарындасы болады. Жаңағы тазы ит иесінің сол қызға көзі түсіп тұрғанда, Педот баспа-бас айырбасқа салады…» (1. 5, 94).Бұл – ұзаққа созылған диалог ішіндегі ең көлемді репликадан аттамалай келтіріліп отырған үзінді. Репликада әлқисса сарынындағы тұтас бір шығарманың сюжеті көрініс берген. Бірақ ол ауызекі әңгіме сипатынан ауытқымаған. Базаралы актор ролінде әңгімеші қызметін атқарса, Керала осы әңгіменің ар жағындағы әңгімешіні елестетеді. Автор бейнесі осы екі баяндаушы тұлғалардың дүниесезінуін, эмоциясын, мінез-пайымын көзге көрінбес ендіктерден таныту өрісінде жамылғы киіп алғандай. Ол осы кейіпкерлерінің тілдік стихиясын еркіндікке жеткізеді. Керала лебізінен байқалатын басқа персонаждардың сөз бен іс-әрекеттері, құлық, пиғылдары роман мәтініндегі таңбалық қабаттардың қалыңдығына куәлік етеді. Базаралының орыс есімдерін қазақыландырып айтуынан ұлттық психология ерекшеліктері байқалады. Өз халқының дағды, машығына, оның біршама дұрыстығына сенімі күшті. Бөтен елдегі помещиктердің мінез-қылығынан өз жұртындағы тұрмыстық, әлеуметтік қалыппен ұқсастық табады.
Керала әрекетінің барлығына дала тұрғындарын ұждандық өлшем, лексикасымен («Керала сонда намысқа шыдамай, еркектік бір іс істепті») бағалайды. Екі байдың қарындасы Аксиньяны қорлағанына ашынған Керала олардан өш алып қана қоймай, өзге де кеудесіне нан піскен алпауыттардың сазайын тарттырады. А. Пушкин мен Шәкәрім Құдайбердіұлының «Дубровскийіне» аллюзия болатын эпизодтар негізінен өткен шақ, ара-тұра ауыспалы осы шақ түрінде баяндалады. Базаралы Кераланың төл сөзін де стилистикалық өрнек үшін қолданады.
Кералаға хас ерлік істің мотиві еркіндік архетипімен тікелей тамырлас. Бостандық оның қарындасына да, өзіне де керек. Өзінің бақыты үшін бас тігуге баратын жанкештілік Прометейлік архетиппен жең ұшынан жалғасады. Прометей өзі ғана азаттық іздемейді, өзге адам баласын қасіреттен құтқаруды ойлауымен мейірімділік, күрескерлік мотивтерін аса құнды нәтижемен байытады.
Бұл оқиғаны кеңестік дәуірде таптық күрес сырын ашатын таза идеологиялық жапсырмаға балады. Ондай зерделеу мүмкіндіктеріне де жол қалдырылған. Қиялдан қосылған эпизод болса да, шынайы детальдар мен жинақтаушылық мәні бар өмірлік тәжірибе, интуиция алғырлығын дәлелдейді. Расында да, осы хикая мазмұны Базаралы бастаған кекті жігіттерді Тәкежан жылқыларын шауып алу сияқты батыл қадамға бастайды. Бала Абайға өнер іспетті көрініс беретін барымтаның әділеттілік ұстанымы биігінен ұнамды қырлары осындайда жатса керек. Алайда әділеттің тәуелсіздік атты асауды құрықтап алуы – сирек құбылыстардың бірі. Автор мәселенің шартты мезеттік ірі сипаттарын ғана азаттық рухын дәріптеу ыңғайында суреттеген. Семиотикалық үш таған бойынша объект – Тәкежан жылқыларының шеберлікпен ұрлануы болса, таңба – зұлымдыққа қайтарылған жауап, шектеулі тұрғыдағы жаза, ал Ч. Пирс айтатын, У. Эко пысықтайтын ақтық интерпретанттың шеті аңғарылмайды. Өйткені мұндай істі пайымдаушылар уақыт пен кеңістік өзгешеліктеріне сай әр алуан болып келуі заңды. Біз шағын эпизодтың көркемдік-эстетикалық аяда нанымды полифонизм мен драматизмге құрылғанын атап өтуді парыз санаймыз.
Эпопеядағы түрлі субъектілерге тән сөз мағынасы мен мәнері қамтылатын мәтін телімдері мол. Абай оқыған баласы Әбішпен әлгінде Базаралы Дәркембай, Абылғазы талқылап, қызынатын жайлардың Ресей империясындағы саяси, әлеуметтік, психологиялық астарларын қамтитын талай сұхбаттар жүргізеді. Мәселенің мемлекеттік, адамзаттық деңгейдегі алғышарт, себеп-салдарларына үңілу орын алады. Мұнда да шығарма денесіне тән диалогтық конструкциямен жаспарлас туындайтын авторлық нарратив пішіндік құбылыстарға көшеді. Мәселен, ұрыларға байланысты Абай билігінен соң ақын Әбіштен философ Ломброзоның осы орайдағы пікірін сұрайды. Сондағы Петербургтен келген болашақ офицер Әбіштің жауабы: «Ол: Қылмысты адам, туысынан сол жаманшылыққа бейім боп туады», дейді екен. Дүние жүзіндегі бар елдің бұзақы, қаныпезерлерінің бас бітімінде, дене жаралысында, сол бұзықтығы айқын көрініп тұрады-мыс. Қысқасы, ол адамдар туғанда жауыз, бұзық болатын болашағы бірге туады-мыс. Тәрбиесі, өскен ортасы, бастан кешірген ауыр-жеңіл тіршілік жағдайлары есеп емес… Сөйтіп, бұзық боп тумақ та, бұзық боп өмір кешпек. Айнымай, өзгермей жауыз боп кете бермек, дейді (1. 5, 186)». Бұл – реминисценцияның мысалы. Өйткені әңгіме арқауы – Ломброзо толғамы. Өзге текстің қазіргі текске сіңісу фактісі. Ол Әбіштің де, Абай және басқалардың да пікірі емес. Әбіш – оны тыңдаушылар ұғымына лайықтап жеткізуші. Орыс тілінің стилистикалық оралымдары кездеседі. Пайымдау түріне жататын ой үлгісі қос үнді сөз емес, алмастырылған төл сөз (М. Бахтин термині) өнегесіне жақын. Бастапқыда түпнұсқаға сілтеме жасалғанымен, кейіннен Ломброзо сөздері өзге айтушының сүзгісінен өтсе де, негізгі қалып-бірлігін сақтайды. Әрине, түпнұсқа толық та емес, көп жерде қысқартылған. Түйінді тұжырымдар іріктелген. Қайсыбір сөйлемде бұл Әбіштің өз үніне ұқсайтындай («– есеп емес»). Алайда ол Ломброзоға имитация. Кейіпкер өзге субъектінің толғамдарын өзі шығарғандай, бірақ авторын нұсқағандай ыңғаймен баяндайды. Шындап келгенде, Әбдірахманның осы ойларға қосылуы екіталай. Ол әкесін сынамақ. Ойындық элемент – пассаждағы эстетикалық әлемі. Постмодернистер аңыз қылатын пастиш (пародиялық мысқыл), маска (перде) реңктері де шаң берген. Оған Әбіштің диалог-сұхбат соңындағы Ломброзоны соққыға алған қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы мен даланың ұрысы Мыңжасар туралы юморға толы репликасы куәгер. Сөз нобайы орыс ақсүйек, зиялылары арасындағы сөйлеу нақыш, оралымдарының стилизациясы екенін аңғартады. Демек, ситуация мәніне жасанды түрде өзгеріс еніп отыр. Яғни Әбіш тарапынан самоирония (ішәжуа) сұлбасы да өрнек тоқиды. Әйтсе де, «Абай жолы» постмодернистік роман емес, классикалық дәстүрдегі реалистік туынды. Әрине, неғұрлым модернистік эпистемаға бейім жазу мәнері шығарманың айрықша көркемдік поэтикасын айғақтамақ. Сонымен қатар, біз белгілі бір тәсіл-амалдардың әр замандағы шартты түрде жіктелген көркемдік бағыт, ағымдар мәнерін елестетпек мәтіндерде ұшыраса беретінін еске саламыз. Мәселе – солардың комбинаторикасы мен басым стилемалық позицияларында.
Абай Ломброзо тұжырымдарын терістейді. Ол, ақынның қара сөздерінен мәлім болғандықтан, нарратив шынайылығын арттырады. Дәлелі – қылмысқа итеретін себепте, жоқшылықта. Ұлы ақынның демократиялық өрістегі пайымдаулары логика бедерімен дәйектеледі. Ауызекі сөзден ғылыми, не әдеби талас үрдісіне жақын. Тәуелсіздік идеясы қоғамдық салт-сананың біржақты өркөкіректікке құрылуына наразылықтан, гуманистік аңсар мен осы ұғымды жалпы адамдық деңгейдегі жаһандық проблемаға ұластырудан көрінеді. Жағдайдың интерпретациялық еркіндігі мол. Ломброзоны қостайтындар табылуы мүмкін. Антропология ғылымының жетістіктерін жерге тастауға назаланатындар бар. Автор өз дәуіріндегі адресанттар ауанына қарай ойысатын ірі шындықтардың бірін ұстанады. Авторлық мәтін ішіндегі диалог, диалог ішіндегі диалог, диалог ішіндегі авторлық рай (интенция), реминисценциялық бастау интертекст ауқымындағы диалогизм рухын парадигматикалық желіге апарып байлайды.
«Абай жолындағы» реминисценциялардың бір парасы ақынның өз шығармашылығына қатысты. Ал Абай поэзиясынан А. Пушкин мотивінің терең орын алғаны түсінікті. Әр түрлі тартысты оқиғалар тұсында ұлы орыс қаламгерінің атақты туындыларындағы тақырыптық, концептуалдық сарындар сол сәттегі ахуалдармен үндестікке ұмтылып, бас қаһарман санасындағы күрделі эмоционалды-интеллектуалдық үдерістердің ортақ бағыт алуына негіз салады. Мәселен, Нұрғаным – Базаралы арасындағы атышулы қарым-қатынас жайлы Оспанның дүлейлік пен ыза, намысқа толы әрекеті және ол туралы Абайға жариялаған шындығынан кейінгі ақын толғаныстары ауыл-аймақ көлемі емес, жаһандық мәдени үрдістерді шолу арқылы жұбаныш табатындай. «… Базаралы! Қазақта жалғыз қимас, бел арыстай көрген, бұл өңірдегі ең қымбат жан еді. Ол да бір сәт танымастай жат» (1. 4, 138) деген авторлық баяндаудағы сезім ақиқаты реалистік нақышпен ойылған. Ортақ төл сөз өрнегімен берілген үзілімде (пассаж) Абай интонациясы мен лексикасында кездесетіндей орамдар күмән мен наза, адал көңілдің ақталмауына реніш коннотацияларын бедерлейді.
Соңғы уақытта ел арасындағы тұрғындар Базаралының әйелі – Өдек екені, оның ері айдауда жүргенінде Тәкежаннан бала сүюі туралы бір мәліметтің шетін шығарды. Осы қауесет рас болса, Базаралының Құнанбай әулетіне өшпенділігінің сыры ашыла түспек. Жылқы ұрлау, Нұрғаныммен жақындық істерінің арғы тамырлары сонда жатуы да ғажап емес. М. Әуезов социалистік қоғам жағдайында өмір сүргендіктен, мәселенің неғұрлым саяси астарына молырақ үңілуді дұрыс санайды. Типтендіру құбылысы біраз деректерді көзден таса қыла тұрады. Әрине, Базаралының атқа қонуына әлеуметтік себептер жеткілікті суреттелгені шәк тудырмайды.
Автор осы жайлардан кейін «жылмаң жиренмен» зырғытып келе жатқан кейіпкерінің сана астарындағы желілес көріністерге де тоқталады. Бұған дейінгі Бөжей, Балағаз, Оралбай, Керімбала тақырыптарындағы омырау үстемдік ақын үшін Троекуров, Дубровский, Маша есімдерімен байланысты эпизодтарды есіне түсіреді. Өзге мекеншақтағы көркем шығарма сюжеті мен идеясы басқа романдағы тәуелсіздік мотивін саралауға лайықты психологиялық ассоциация қызметін мойнына алады. Оспан әулет абыройын күш-қыжал, ерегіспен қайтаруды ниет қылса, Абай интеллекті әділет растығын кең ауқымды өмірлік аспектілерде қарастырады. М. Әуезов модернист Дж. Джойс сияқты ырықсыз мезеттерді тарыдай шашыратып көрсетуге бармайды. Ол бейсаналық нәзік үдерістердің қалыпқа келіп, логикалық ұйғарымға айналған сәттерін белгісіз түйсік сапырылыстарының қазіргі мұрагері – қос үнді сөзбен бейнелейді. Әсірелеп айтқанда, қос үнді немесе ортақ төл сөз сана тасқынымен салыстырғанда динозавр мен шегірткенің ұқсастығын елестетеді. Әйтсе де «шегіртке» нарративтің мейлінше ақылды ғана емес, терең сезімтал жаратылысын Л. Толстой, А. Чехов, Ф. Достоевский, Г. Мопассан, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов сияқты классикалық әдебиеттің асқар алыптары ғажап дәлелдегені анық.
Абай өзінің жан дүниесіндегі жекелік намыс, қарсылығын ұлттық әрі жалпыадамдық құндылықтар тұрғысынан су сеуіп, басады. Базаралы каторгадағы дос-ұстазы Кераланың үлгісін асыра дамытады. А. Пушкиннен көшкен реминисценция ақын басындағы психологиялық, дүниетанымдық өзгеріске интуитивті дәйектеме болады.
М. Әуезов Абайдың шығармашылық лабораториясын ашу мақсатымен қайсыбір туындылардың өмірге келу кезеңдерін суреттейді. Оның Құнанбайды Меккеге аттандыратын жолда алғаш рет ақындық дертімен табысқаны қасындағы апасы Мәкіштің көзімен топшыланады. Ал екінші кітаптың «Биікте» тарауының соңы «Евгений Онегин» поэмасының қазақ даласындағы әсер серпінін, Абай аудармасының құдіретті күшін танытатын реминисценциялық эпизодтарға толы. Сезім-толқыныс рухының асқақтап кетуіне Абай шығарған «Татьянаның әні» екпін қосады.
Абай үйіндегі сауық кешінде Мағаш, Мұқа, Мұхаметжан, Әйгерім, Кәкітай, Ербол бас қосқан. Автор Кәкітайды Ысқақтың баласы деп тұңғыш рет кеңінен таныстырады. Реминисценция рәсіміне сай фактілердің бірі – Абайдың Пушкиннен жасаған тәржімалары туралы Михайлов пікірін келтіруі. Демек, шығарма ішінде шығарма талқыланады. Михайлов Абай аудармасындағы еркіндікті дәл байқағаны Абай көңілі арқылы отырғандарды таң қалдыратынын аңдату бар. М.Әуезовтің ғалым ретінде айтатын ойлары көркем мәтін ауқымында неғұрлым шынайылықпен көрініс табады. Ол сөз ішіндегі сөз түрінде бедерленеді.
Осы тұс композициялық тұрғыда ән айтуды қойып кеткен Әйгерімге қолқа салу әрекетіне орай шығармашылық құбылыс маңызын арттырады. Әйгерімнің еріне әдеттегіден де ерекше көрінуі баса суреттелген. Абай оның өң-жүзіндегі сәл өзгеріс нышандарына дейін сүйсіне бағалаумен болады. Татьяна сазының қалтқы, қайырымдары, биік, төмен қалықтаған заматтары түгел қамтылады. «Ән емес, бұл сәтте ол арманын, назды мұңын шертеді. Татьяна назы емес, өз жүрегінің қайнай шыққан ыстық жалын шынын айтады. Жан иманын, жас мінажатын, құпия дұғасындай етіп, жалғыз қадірлесіне арнайды. Абайға айтады…» (1. 4, 426). Бұдан кейін Абай – Пушкин жырынан үзінді алынады. Ол сипаттағы өлең мәтіні таза авторлық нарративтен соң қайталай екі мәрте беріледі. Тұтас күйінде емес, үзік-үзік етіп беріледі. Ал Абай шығармасының өзі – «Евгений Онегин» романының ең мәнді эпизодтарын тақырып ететін поэтикалық толғамдар. Ақын қадамында да интерпретациялық сәттер дәурендегені айқын. «Абай жолында» текст ішіндегі текстің эмоционалдық және энергетикалық (қимыл-сын түрінде елес беретін таңба) ықпалы пайымдалады.
Әдеттегі мәтінді қабылдау үрдісіне тән белгілер сынын жоғалтпаған. Әркім өз жанына ұқсастық іздейді. Өзін өзгенің орнына апарып, соның әлемін өзіне қондырып, байқау арқылы нақты бір референттің (нысан) жалпылық маңызы (значение) айқындалады. Пушкин – Абай – Әуезов және кейіпкерлер сүзгісінен өтетін мәтін интертекст деңгейіне көтеріледі. Татьяна қолданатын «дұға» концептін автор Әйгерім сезімін шекіп бейнелеу үшін айналымға енгізеді, алғашқы мәтінге сілтеме жасайды. «Жалғыз қадірлесі» мен өлеңдегі «… Өзгеге ешбір дүниеден / Еркімен тимес бұл жүрек» синтагмасы семиотикадағы кореференциялық құбылысты танытады. Бір нәрсе әр басқа өрнекпен жеткізіледі.
Шығарма көркемдігі – Пушкинді, Абайды, қалың қауымды қызықтырған мағынаның қазақ ортасынан үндестік табу мезеттері когнитивті эмпатия үрдісінде нанымды суреттелуінде. Ақыры Әйгерім көз жасына ерік береді (энергетикалық интерпретант көрсеткіші). Ол – ой жүзінде өзін Татьяна, Абайды Онегин кейпінде елестетудің жемісі. Тура сондай оқиға болмағанымен, жан-жарынан алыстап кету симптомын топшылау немесе роман-поэма кейіпкерінің қасіретін терең түсініп, оған деген жанашырлық көңілін жасыра алмау ән-өлеңге қатысты психологиялық семиозистің әр тараптылығын, ұлттық құндылықтардың жалпыадамдық игіліктермен сабақтастығын байқатады. Ч. Пирс пен У. Эко ақтық интерпретант (әдетте, энергетикалық) әдет, дағды ыңғайын қабылдайтынын ескерткен (2. 326-327). Осы орайда Әйгерім реакциясы әдет-машықты білдіреді. У. Эко логикалық интерпретанттың ақтық сипат алуына күмәнданады. Осы эмоционалдық оқиғалардың астарында еркіндік архетипі өмір сүретінін бекерге шығару қате. Бұл тұста ол ғашықтық мотивімен көмкерілген.
Романда Көкбай ақынның қасындағы Әбіш, Мағаш, Дәрмендерге әлқиссалық стильде баяндайтын Абылай хан туралы халық аңызын да, реминисценциялық мысалға жатқызамыз. Аңыз тақырыбы – қазақ-қалмақ соғысы, Қабанбай батырдың айрықша ерлігі, Дарабоз атануы, Абылай беделі мен ақылы. Көкбай соны өзгелердің айту мәнерін елестетіп, өткен шақ түріне басымдық бере тұрып, болған істің қасында тұрғандай етіп әңгімелейді. «Сонда Абылайға ерген көп батырдың ішінен үздік шыққан Қаракерей Қабанбай болған еді» (1. 5, 213). М. Әуезов дәуірінде Абылай хан есімін атаудың өзі – батырлық. «Абай жолында» ол тәуелсіздік идеясын тұспалдап аңғартатын эпизодтарда кездесіп отырады. Дәрмен Көкбайдың мақтау лебіздерін тойтара берсе де, Көкбайға автор: «Қой, шырағым, бүйтіп асқақтама! Абылай – қазақтың ұлы ханы, оған тіл тигізгенді көтере алмаймын» (1. 5, 214) деген тұжырымды айтқызып тынады. Одан соңғы репликалар цензурадан жалтару тәсілін көрсетеді. Екі жақты, қарама-қайшы пікірлерді ұсыну нәтижесінде жазушы баяндау бейтараптығын сақтауға ұмтылады. Реминисценция қазіргідей егемендікке қол жеткізбеген замандағы қазақ қауымына тарихи-танымдық мағлұмат беру міндетін орындайды.

Абылай хан, Қаракерей Қабанбай хақындағы әңгіме «Қоңыр әулие» үңгірінен алыс емес жерлердегі молаларда жатқан марқұмдарға құран оқыған соң айтылады. Зираттарда әр рудың таңбасы бар. Көкбай бүтін қазаққа ортақ белгінің жоқтығы жөнінде реніш білдіреді. Осы тұста қалмақтарды осы тәрізді үңгірден шығармай, ашықтырып барып қыратын Дарабоздың ерлігі туралы сөз бастау алады. Психологиялық іліктестік заңдылығы өз міндетін ұмытпаған. Кейіпкерлердің қиял әлемінде ұлт бірлігі, қазақтың ел мен жерін қорғаған айбатты, дербес күндерін аңсау заматтары тебіндегені анық. Орыс армиясында қызмет ететін Әбіштің бодандық пен азаматтық жайлы ойланбауы мүмкін емес. М. Әуезов замана қысымынан туған тұйық психологизм аумағынан шығып кетуді жөн деп білмейді. Әйтсе де шындық құнарлы символикалық бедермен, астарлы, мейлінше жабық пішінде тұспалданады.
Абылай ханның ұлт өміріндегі мән-маңызы төңірегінде Көкбайға қайырма дәлел келтіруші Дәрмен ғана ғой. Ол – қиялдан қосылған бейне. Ал білімді, зиялы Әбіш пен Мағаш неге Дәрменді қоштамайтыны белгісіз. Яғни авторлық аңсар бір назарға бұқпаланғанмен, ұзақ көңіл қойған жағдайда басқаша мағынаға кілт беру мүмкіндігін жоймаған. Уақыт атты төбелкөзбен арбасқан жазушының авторлық стратегиясы мейлінше жасырын интенцияларды болашақ мекеншақ үлесіне асықпай апару ниетімен кіндіктес. «Әлеуметтік тапсырыс» үстемдігіне тәуелді өзге эпизодтарда да биографиялық автор немесе қаламгер сол дәуірдің эпистемасынан аулақ шыға алмай қалады. Тактикалық тұрғыдағы аз құрбандық мол эстетикалық қазынаны қырағылық кеденінен өткізуге жол ашады.
Прозалық мәтінде ортақ төл сөз көтеретін жүк ауыр екені мәлім. Ол – кейіпкер психологиясын жеке меншіктеген күйде емес, өзгенің ішкі дүниесіне куәгер, сезім-толқынысына еншілес ендікте отырып, сыр толғаудағы баға жетпес астыртын көркемдік айла. «Абай жолында» бұл тәсіл баяндау полифониясын дамытуға зор есе әпереді.
«Мәнікенің соңғы кезде үнемі шарпысқаны Абай… Кейде атын атасын, кейде жаңағыдай атамай сөз жолдасын, дау айтсын, кекетіп, жауықсын, – бәрінде ұстасқаны бір Абай болып алды. Бұрын Қаражан Абайды жақтырмағанда, «Тәкежанға оң қарамайды» деп кінә қылушы еді. Мына, Мәніке, Абайды ұнатпағанда, тұп-тура қара жүзді қызғанышпен ұнатпайды. Абай неге жақсы? Мұның күйеуінен неге артық? Неге бар ел соны «білгіш», «данышпан» ғып алды? Мәніке Абайға еңалдымен осыны кешпейді» (1. 5, 325-326).
Әдебиеттану мен философияда Абай, Құнанбай образдарын өздеріне теңдес ірі тұлғалармен қарама-қарсылық үстінде таныту әдісі кең жайылған. Ал роман-эпопеядағы М.Әуезов шеберлігі мен психологтық өнеріне қайтарусыз айғақ болатын дәлелдердің бірі – елеусіз көрінетін эпизодтық персонаждар төңірегінде мәні мол әлеуметтік, дүниетанымдық, рефлексологиялық детальдар қуатын өткірлеу (остранение. – В. Шкловский термині) тәсілімен бейнелеу. Мәніке бір-екі тұста ғана сахнаға шығады. Бірінде – асқан тәкаппар, кірпияздығы, кесірлігі үшін Оспан қайнысынан ащы мысқыл еститін. Ендігі жерде ол Оспан қазасының жылдығы өткен соң, оның жесір қалған әйелдерін әмеңгерлік рәсіміне салып, бөлісу үрдісіне бел шешіп кіріседі. Абайдан басқа туыстары (аға, жеңге, Әзімбай) бір пікірде. Үлкен үйге тән еншісі бар Еркежанды Тәкежанға қосу туралы ой Мәнікеге Абайды үлестен айыру тәрізді көрінбек.
Үзіндіде автор-нарратор баяндау тізгінін кейіпкерге қасақана ұстататындай. Әйтпесе, Мәніке байламдарының күнәһар қыртыстары ашылмайды. Жалаң болжам – мәтін көркемдігіне нұқсан. Пассаждан автор интенциясы да аңғарылады. Бірақ ол Абайды жақтап, Мәнікені айыптайтын назарды қолтығына алғандықтан, көп дауысты кейіп қабылдайды. Бұның сыртында Мәнікенің тура қасында тұрғандай, оны естіп ап, іштей келіспейтін немесе Абайға араздығы яки реніші т.б. себептерімен белгілі бір дәрежеде сөз серіктесіне ұйыса да, толық қолдай алмайтын жан бар. Осы телімнің айналасына, жағдай контексіне қарағанда, бұл – Абаймен ақындық, кісілік салыстырғысы кеп жүретін, қызғаныш кінәраты басым ағайын Шұбар болуға лайықты. Абай мүддесін есепке алатын Ербол мен Шұбар да мәміле жұмысына тартылғаны аян.
Жоғарыдағы астарлы, жабық репликаларға көрік қосатын – Мәніке интонациясы ғана емес, кейінгі, алдыңғы синтагмалар орауында оның ашық сөздерінің кездесуі. Өзге халық аузындағы бағалаушы пікірлердің, басқаша қолданыста аталса да, түпкі мәнінен айрылмайтын сипаты ортақ төл сөз құрылымын күрделендіреді әрі эстетикалық орайда сәулеттендіреді (жауапсыз сұраулар, тырнақшалар). Бастапқы сөйлемдер және соңғы сөйлем тазалай авторға тиесілі. Бұл жолдардың стилистикасы да алыс дәуірдегі сөз мүсіндерін елестетеді. Қазіргі мекеншақ мінберінен тіл қату жазушы үшін жасандылыққа апарып соғар еді. Автор көнекөз куәгерлер естелігіндегі мазмұнды қалқан қылып ұстайды. Өйткені Ысқақ сияқты тарихи адамның әйелі жайында қателікке ұрынбау жақсы. Жалпы осы эпизодта ішкі қызғанышын жасыра алмаған жанның ері үшін мүдделестігі, өзгені де өзі сияқты көріп, сыр айтуы, перделену (маска) құбылысын байқамай, от басуы немесе қордаланған запыранын ақтара салудан, этномәдени дәстүрден қаймықпайтын долылығы; Мәнікені дос кейіппен тыңдап, ерсілігін жұртқа жаятын, күлкі қылатын мистер Х-тің екіжүзділігі мен шартты түрде адалын айтумен ақталуы іспетті трагикомикалық, театрландырылған көрініс өмірдің шағын моделін айшықтағанына мән береміз. Бұл сөздердің мәтіндегі адресаты – Абай, мәтін сыртындағы адресаты – оқырман. Автор уақыт пен кеңістік аясын ілгері-кейін шегере отырып, өз байламында бас қаһарманының қалыптасқан әсерін қамтымауы мүмкін емес. Ол позицияның әлеуеттілік танытуы алыс-жақын адресаттардың көпшілік бөлігімен көзқарас жағынан оңтайлас келуінен.
Оспан өліміне қатысты алғанда, жоғарыдағы жесірлерді үлестіру төңірегінде өрістеген қам-қарекеттің мениппеялық (қайғылы күлкі. – М.Бахтин термині) сипаты айқын. Қарама-қарсы сезімдік ауралар жарысқа түседі. Абай бауырының қазасын аза тұтады, келінінің ауыр үкіміне қиналмауы мүмкін емес. Дәл осындай шынайы көрініске М. Әуезов бекер бармаған. Оны тасада қалдыруға болар еді. Бірақ ұлы ақын тағдырының күрделі, қайшылықты мезеттерін ауқымды, реалистік (романтикалық немесе модернистік емес) арнада суреттеу үшін Мәніке синдромының мәні зор. Абай қаймана қазақ қана емес, өз әулеті, етжақындарынан көрген соққыдан қажиды.
Еркіндік архетипі Мәніке жағдайында әлеуметтік уақыт пен кеңістік рухын шамалай алмаумен кіндіктес. Ол еркіндікті шектеулі жылдар мен күндер мөлшерінде топшылайды. Осылайша тарихи-философиялық, адамшылық тұрғыда қателесетіндер жеткілікті. Ол өзгелердің дара мекеншағына үстемдік құруға тырысады. Прометейлік архетиптің кереғар түрі романда қалыптасқан жағдай ауқымында толық жеңіске иек артуы теріс нәтиже беретіні өзге фабулалық желілермен дәйектеледі. Бүгінгі тұрғыдан Мәніке тарих сабағын қайта және басқаша жүргізгісі келетін сауатсыз мұғалімдей салмақсыздық күйіне ұшырайды.
Бұл интертекстік үлгіге жататын, қос үнді сөзге негізделген пассажға көбірек тоқталуымыз – біріншіден, «Абай жолындағы» елеусіз дейтіндей сөз ойымдарының жоқтығын қаперге салу және Абай тәрізді заманынан иығы асқан ірі тұлғалар айналасындағы жағдайлардың тағы бір тосын жақтарын ашуға ұмтылу. Біз көңіл аудара бермейтін қайшылық себептерінің бірі – қызғаныш архетипі. Абайға қатысты ол Оразбай, Әзімбай, Қаражан, Мәніке, Шұбар бейнелері төңірегінде әр алуан деңгей, пішінде көркемдік өрнек түзеді. Оразбай қысастығында басқа әлеуметтік, психологиялық алғышарттар басым. Романдағы Мәнікенің өзі емес, оның айналасындағы ұқсас бітімдегі қораш жанды пенделердің жинақталған ой-түсінігі маңызды. Абай келіні – ақынды ілгері-кейінді, мәтін ішіндегі немесе мәтіннен тыс уақыт пен кеңістік те әрдайым тоқтатып жауап алатын тоғышарлық ұғымның таңбалық, яғни типтік (бұл терминнің мәні ескірмеген) белгісі.
«Абай жолының» мәтін кестелерінде алмастырылған төл сөздерге («замещенная, прямая речь». – М. Бахтин термині) өте ұқсас ортақ төл сөз өрнектері бар. «Келген жұмысын қысқа айтты. Бірақ орнықты, байыпты қып жеткізді.
… Осы жиынға сәлем айтқан Зередей аналары екен. Сол кісідей үлкендер жіберіпті. Бөжекеңнің асына ағайын боп ат салыспақ. Бұрынғы шақта қапы қалса, енді олай емес, қалыспаймыз деген адал ниетпен келіпті» (1. 3, 279). Аралық баяндау құрылымы аңғарылады. Байдалыға сәлем жеткізетін Абай лебізі лаконизм мақсатында екшеліп берілген. Байдалының ел анасына құрметіне туыстық рәсімге орай этномәдени деталь айқындалады. Құнанбайға наразы адам төңірегінде бұл штрихтің объективтілік, ішкі екідайлық аңсарын бірдей білдіру тұрғысынан шынайылығы құнды. Алғашқы сөйлемде Байдалының субъектілік сферасы анық. Екінші және соңғы сөйлемде Абай интонациясы үстем. Аралықта өзге тілектес қауымның бір ізге түскен лебізі шаң береді. Көпүнділік автор стратегиясына ойындық элемент қосады. Ұзақ әрекеттер тынысы көркемдік мекеншақ орайында сығымдалып жеткізіледі. Эпизод бірнеше дауыс және субъектіге хас көңіл-хош райларын жылдамдық ырғағымен қамтиды. Ал авторды қызықтыратын (адресатты да) қырбай кісінің естияр, алғыр баласына байланысты қас-қабағы мен көңіл толқыны. Жазушы ретінде М. Әуезов жас қаһарманының ұнамды имиджін қалыптастыруды көздеген. Дискурсте кейіпкерлердің ой дүниесі ғана емес, сөйлеу үрдісіне еліктеуі, стилизация клеткалары түйін жарады. Еліктейтін – Абай ғана емес, Байдалы да. Байдалы Абай сөзіне ғана емес, өзге репликаларға да елітеді. Полилогтық бітім Байдалы қабылдауы аясында көп тармақты бір сағаға айналады.
Қалаға пана іздеп қашқан Мәкен – Дәрменді қорғап Маковецкийдің атына өтініш-хат жазатын Әбдірахман сөздері романда ықшамдалып, басты-басты тұстары екшеліп баяндалады. Мысалы: «Екінші, бұл істер сахраның өзінде патшалық-әкімшілік орындары көрмеген, білмеген жерде болып жүріп жатса, бір сәрі. Қала әкімшілігі, уезд әкімшілігі және тіпті облыс әкімі, әскери губернатор отырған Семей қаласында бар әкімшілік орындарының көбіне мәлім болып, көз алдында қанды оқиғаға айналды.
Осындай істі қолға алмай, көрмеген кісі болып, сахраға қайтарып жіберу үлкен қателік болар еді. Патшалық үкіметінің Семей облысындағы әкімшілік, сот орындарының дәрежесін, намыс престижін сахрадағы қазақ халқының көзіне аса төмен түсірмекші» (1. 6. 132). Автор Әбіш қаламынан шыққан шағым, дәлел мазмұнын алмастырылған төл сөз түрінде бедерлейді. Орыс тілінің стилистикасы («көзінде», «намыс престижі») ресми қатынас қағазындағы өрнек, қалыпты аңғартады. Ресей шенеуніктерінің абырой-беделін ойлауды ескерту арқылы қырдағы дау-дамайдың әділ шешімін табуға ұмтылыс бар.
Нарратор – өтініштегі синтаксис, интонация нақыштарын кейіпкердің рай, қалауын жоғалтпайтын сөз реңктерін («бір сәрі»; «аса төмен түсірмекші») жеткізеді. Ә. Өскенбаев, оның сыртындағы арыз айтушылар және автор-баяндаушы, осы сәттегі адресат – әкімшілік, сот қызметкерлерінің көру нүктелері түгел қосылған эмоционалдық кернеу жазудағы пішін шынайылығы нәтижесінде мәтін өрісін байытады. Автор айтатын Әбіш сөзі немесе Әбіш мақамындағы автор сөзі күрделі этнопсихологиялық қайшылықтар сырын аша түсуге, шығармадағы көркемдік тартыс рухын сезінуге оңтайлы жағдай тудырады. Эпопеялық баяндау тынысында постмодернистер ең басты тәсілдердің бірі есептейтін ойындық, перде тұту іспетті машық сюжеттік-композициялық тәсіл болып та табылады.
М. Әуезовтің сан алуан шетін астарлы жан мен мінез күйлерін тікелей дәстүрлі арнада бейнелейтін сәттері көп. Абай әкесіне қарсылас адамдардың бірі – Байдалының наразылық әңгімесін тыңдап отырған шақтағы ахуал төмендегідей: «Үй іші жым-жырт. От әлі маздап жанып жатыр. Үлкен қазанның астын қызыл жалын дамыл алмай жалап тұр. Әуелде толтыра құйылған іркіт қазір бірер қайнап қалған екен. Кемерінен орта түсіп, шымыр-шымыр қайнайды. Жаңағы Байдалының ашулы сөздерінің тұсында Абай көзі қазан бетіне түсіп еді. Қоюланып бара жатқан ыстық құрттың ортасы кей кезде көпіршік атып сақылдап қайнайды. Сол көрініс тап Байдалы ашуындай. Қайнауы жеткен ашу қызуы жеткен құрттай. Бір жер емес, қазан беті әр тұстан бұрқ-бұрқ етеді. Ол-дағы осы елдегі әр жерден шаң беріп жатқан Құлыншақ, Сүйіндік, Бөжейлердің ашулары сияқты» (1. 3, 177).
Романдағы тартыстың байланысы басталатын тұста қаламгер сахра шонжарларын жасөспірім Абайдың көзімен барлап, сол көзқарас күшімен едәуір психологиялық жай-күйлерді өткірлеп көрсететіні мәлім. Байдалы – сондағы ерекше тұлғалардың бірі, Жігітек сөзін сөйлейтін көсемдердің санатында. Бөжей, Түсіптерді әдет рәсіміне сай алға салса да, асыра тіл қататын өршілдігі айқын. «Қырандай қарап отырған – дәл төрдегі Байсалдай» (1. 3, 25) болмағанмен, бір басына жетіп-артылатын батылдығы бар. Сәлемші міндетін атқарып жүрген аға сұлтанның баласы дәл осындай өр мінезді алыстан танитын автор оның ұзақ отыруға бейімделмеген сыңайын тұрмыстық, іс-әрекеттік детальдар нәтижесінде пластикалық шеберлікпен өрнектейді.
Ендігі тұста жайлау, қоныс жағынан шамалы қысымға алынғанына шамырқанатын Байдалының ішін кернеген қыжал айналадағы зат, тағам, от сияқты тіршілік денотаттарына қатысты терең метафоралық салыстырулар аясында өрбиді. Атап нұсқалмаса да, яки жақтырмағандық, яки табиғи тартынушылықтың белгісі рәуіштес сараңдық туралы күмәнді, бейсаналық мотив емен-жарқын халден жырақтау дискурс болмысына қоңыр-қошқыл қияпат үстейді. Жазушы – нарратор рефлексологиялық аффекті мен кәдімгі кулинариялық үдеріс бәденіндегі ұқсастықты интуиция құдіреті нәтижесінде дәл айшықтаған. Осы құбылыстың өсу, шарықтау, жайыла бүлкілдеу мезеттері де нанымды қамтылған. Жазушы назарының ауқымдылығы мен өткірлігі психологиялық детальдың пластикалық ажарын аша түседі. Көріністен тыс мекеншақта юморлық нышан белең алады. Ол – бір сәттік және ғұмырлық мекеншақ арасындағы қарама-қайшылықтың жемісі.
Байдалы Абай бітімінен өзгешелік таныған соң, жайдары, әйтсе де сынық райлы әңгімеге көшеді. Тез көңілденеді. Жас мәмілегер бұны ұстамдылыққа қабылдағанымен, автор, имплицитті адресат (немесе наррататор) назары осының сыртында Құнанбайды жұртшылықтың мінездеуіне байланысты әңгімеге орай өкпешілдік, кінәрат іздеу, қарсыласын сөгуге уәжі жетіспей, туыстық жөнімен наз айту, үстемдікке шарасыздық әрі қаймығу, әрі сақтану тәрізді түрлі эмотивті қабаттар сілемін аңғарар еді. Автор-нарратор мен кейіпкердің көру нүктелері толық қабыспауы көп нәрсені қазбалап отырмайтын М. Әуезовке хас тұйық психологизм сымбатын мүсіндейді.


Дата добавления: 2016-01-03; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!