Ш.Мұртазаевтың «Қызыл жебе», «Жұлдыз көпір» романдарындағы баяндау үлгілеріне мысал келтіріңіз.



Шерхан Мұртазаның шығармашылық шеберлігі шыңдалып, үлкен суреткерлікке көтерілгенін танытатын айтулы еңбегі бес кітаптан тұратын «Қызыл Жебе» роман-эпопеясы.

Бұл өзі туған әдебиетіміздегі көп томдық романдар дәстүрін сәтті жалғастырған және осы бағытта өзіндік бетбұрыс жасаған шығарма болды.

Көп томды романдар әдебиетімізде көбіне тарихи тақырыптарға жазылғаны белгілі. Соның ішінде тарихи-революциялық тақырып дегенге келсек, көркемдік сапасы әр түрлі деңгейде саусақпен санарлықтай ғана шығармалар бар. Міне, осы шығармалар қатарына, жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарының соңын ала «Қызыл Жебе» роман-эпопеясының бірінші кітабы келіп қосылды.

Араға жылдар салып келесі кітаптары жарық көрді. «Тамұқ» аталған соңғы кітабы 1994 жылы оқырмандар қолына тиді.

Ұлы Қазан төңкерісінің халқымыз тарихында алатын орны ерекше. Өйткені бұл кезеңдер – қазақ халқының тағдырында өмірі болып көрмеген аласапыран оқиғалар мен қым-қуыт қысталаң жағдайларды туғызды. Міне, осы кезең шындығы, бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда әлі толық зерттеліп, қыр-сыры түгел ашылып болды дей алмаймыз.

«Қызыл Жебе» роман-эпопеясы осы қилы заман тудырған, сол аласапыранда халқым деп қабырғасы қайысқан Тұрар Рысқұловтай біртуар азаматтың, ұлт тарихындағы ұлы тұлғаның өмір жолын негізге ала отырып, халық басынан кешкен қилы оқиғаларды бар шындығымен көрсетуге ұмтылады.

Бұл шығарма ұзақ жылғы шығармашылық толғаныстан, ұдайы ізденіс, зерттеуден туған табанды еңбектің жемісі. «Мен сізге дәл қазір алпыстан жаңа асқан жасымның жартысын арнадым. Отыз жыл бойы сізбенен қол ұстасып бірге жүріп, бірге тұрдым» дейді автор «Тамұқ» романының соңында кейіпкері Т.Рысқұловпен қоштасып.

Осындай көп жылғы тынымсыз ізденістің, парасатты тебіреністің нәтижесінде бітімі күрделі, оқиғасы бай, сан-алуан образ-характерлерге толы, әсіресе Тұрар Рысқұловтың жарқын бейнесін толыққанды сомдаған, көркемдік салмағы жоғары, композициялық құрылысы шымыр эпопея дүниеге келіп отыр.

«Қызыл Жебе» роман-эпопеясының бірінші кітабы Тұрардың балалық шағын, әкесі Рысқұл Жылқайдаровтың драматизмге, трагизмге толы күрделі өмірін, қым-қиғаш қиын тағдырын арқау еткен. Автор мұнда ең алдымен, қазақ топырағында туған жалынды күрескер, Алаш жұртының ұлы перзенті Тұрардың көркем бейнесін жасауды мұрат тұтқаны белгілі. Сондықтан да болашақ қайраткерді жас шағынан бастап көрсетуге ұмтылады. Осылайша, Ұлы Қазан революциясы алдындағы Жетісу өңіріндегі ел тұрмысын, тап тартысын жан-жақты, кең қамтып суреттейтін «Қызыл Жебе» роман-эпопеясы – Тұрар Тысқұловтың өмір жолын жан-жақты көрсетуді ниет еткен бірден-бір көркем туындының алғашқы кітабы дейміз.

Рысқұл образы – роман табыстарының бірі. Бұл образ арқылы жазушы көркемдік шындық – тек фактілерді тізбектей беру, алуан түрлі деректер мен документтердің дәлдігіне ғана еліктеу емес екендігін, қайта, еркін қиялдау, ой қорыту, оқиғаларға өз тұжырымы болуы керектігін тағы бір айқындай түскен.

Романның негізгі қаһарманы – Рысқұл болғанмен, оған ілесетін, онымен жалғасатын тұлға – оның баласы жас өспірім Тұрар Рысқұлов. Осы бір қайтпас қайсар, алған бетінен таймайтын, алғыр баланың тағдыры кімді болса да толғандырады. Автор оның жас шағынан бастап, өскен ортасын, өмірден көрген-түйгенін байсалды суреттейді. Жастайынан көрген қиыншылық, жеген таяқ, аянышты тіршілік пенде атаулының пешенесіне жазыла бермейтін қатал тағдырды танытады. Тұрар қаршадайынан әкесі Рысқұлды пайғамбардай сыйлаған. Ол әкесінің турашылдығын, күштіден күбіжіктемейтін, мықтыдан ықпайтын тәкаппарлығын, жарлымын деп жасымайтын жігерін көріп өсті. Тұрар үшін Рысқұл ер біткеннің ішіндегі одағай оқ жетпесі.

Оқырман алғашқы кітаптан-ақ болашақ революционердің характері қандай ортада, қалай қалыптасқандығы туралы жанымен ұғып, көңілімен танитын мол мағлұматтар алады.

Романға арқау болған күрделі кезеңнің мән-жайын, әр түрлі топтардың ара-жігін, тап қайшылығы мен таптық шайқастың әлеуметтік сыр-сипатын бірді-екілі адамның қимыл-әрекеті арқылы түбегейлі бейнелеу мүмкін емес. Бұдан күрделі дәуірді бейнелейтін шығармаларда образдар міндетті түрде қаптап жүруі керек деген ұғым тумасқа керек. Мәселе халық рухын, дәуір тынысын көрсететін образ-характерлердің, ситуациялардың реалистік тұрғыда бейнеленуінде.

Шынайы суреткерлік көркем шығармадағы әрбір образдың, тіпті, әрбір детальдың да типтік сипатта болуынан көрінсе керек. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Рысқұл мен Тұрарды былай қойғанда, айлалы болыс Саймасай, азулы бай Тұқымбай, боржық старшын Таубай, ақылгөй де аңғал Ахат, Рысқұлдың әйелі Ізбайшалармен қатар, саяси тұтқын Бронников, ғалым Дмитриев, мәртебелі ұлық Фон Таубе, түрме бастығы Приходько мырза, жарлы Қара Иван сияқтылардың да бір-біріне ұқсамайтын типтік бейнелері жасалған.

Образ мәселесін сөз еткенде, Рысқұлдың жұбайы Ізбайша бейнесін аттап өте алмаймыз. Жазушы бұл кейіпкерін сомдауға көп әрекеттенбесе де, Рысқұл сияқты ерге лайық адал жардың есте қаларлық характерін дәл суреттейді. Әсіресе, Ізбайшаның Бектен болыстар іздеп келіп, Сібірге айдалатын Рысқұл тілегін жеткізгендегі сөзі кімнің болса да ет-жүрегін елжіретеді. Бірақ патша әкімдері Ізбайшаның сауатсыздығын пайдаланып, күйеуімен бірге баруға келіспейтіні жөнінде өтірік қолхат жаздырады. Сонымен, декабрист-революционерлердің соңынан өз еркімен Сібірге барған әйелдері сияқты үлкен ерлікті Ізбайша рухани жағынан ғана көрсете алады. Бұл образдың жаңалық сипаты осында жатыр.

Ендігі бір айта кететін нәрсе – романда халықтар достығы үлгісінің біршама көрініс беретіндігі еді. Қыр соңына қуғын түсіп, ағайын-дос таппай, барар дер, басар тауы болмай, жалқұйрықсыз жалғыз қалғанда, Рысқұл Софийская станциясындағы тамыры Қара Иванға келсе, түрмеге түсіп қиналғанда, көмек сұрап Петербордағы Метрейге хат жазады.

Ал, түрмеге екінші рет түскенде, түрме әкімшілігі Рысқұлды Бронниковпен бір камераға қамап, діні басқа орыс пен қазақты ырылдастырып қоймақшы еді, қайта, бұлар бірі нағашы, бірі жиендей бауырласып кетті. Өйткені олар өздерінің тағдыр-талайы, үміт-сенімдері бір екендіктерін түсіністі.

Айдауыл таяғынан да Тұрарды осы Бронников қорғап қалады. Қазақ пен орыстың шынайы, қалтықсыз адал достығының мұндай белгілері романда мейлінше табиғи суреттеліп, типтік дәрежеге көтерілген.

«Қызыл Жебеде» Ш.Мұртаза шеберлік биігіне көтерілген. Романның көркемдігі, сөз қолданысы, тілі жағынан ерекше тартымдылық аңғарылады. Автор сөзді құр ұғым күйінде қолданбай, суретке айналдырады. Тіпті, кейде болмашы нәрсенің өзінде мән жатады. Сондай-ақ, автор бұл шығармасында портрет жасаудағы шеберлігін көрсетті. Оның мүсіндеген портреті үнемі қимыл-әрекет үстінде, қуаныш-қапйғыда, тебіреніс, толғаныста ашылады.

Сонымен, қазақ халқының Ұлы Қазан ревоюциясы қарсаңындағы өмір тіршілігін суреткерліпен көрсетуге арналған «Қызыл Жебе» романы кең тынысты үлкен шығарманың сәтті бастағанын байқатса керек.

Бірінші кітапта басталған тіршілік-әрекеттер романның екінші кітабында одан әрі дамып, характелер, әрекет-қимылдардың кейбірі, тіпті жаңа бағыт, өріс алып, тың кейіпкерлер бой көрсетіп, олардың қатысуымен соны конфликтілер ширыға түседі. Оқиға да енді Шығыс-Талғар болысынан Әулиеата уезіне Мерке жеріне ойысады. Өйткені әкесі айдалып кеткен соң, Тұрар да осындағы жамағайыны Қырғызбайдың қолына келген.

Бұл кітапта да автор өмірлік нақты деректерге, тарихи фактілерге мұқияттылықпен, жауаптылықпен қараған, болған оқиғалар мен ситуациялардың ауқымынан алыстап кетпеуге тырысқан.

Кезінде ұлы сыншы Белинский тарихи жанрда жазатын суреткерден тарихи фактілерді тізбектей бермей, олардың ішкі мәнін ашуды, тарихи адамдардың өмірімен, тағдырымен мол таныстыруды, дәуірдің рухын сездіртуді талап еткен еді.

Ш.Мұртаза да романында сол кезеңнің барлық үлкенді-кішілі оқиғаларын қуалай бермей, әрі дәуір шындығын танытатын, әрі кейіпкерінің өсуін, қалыптасуын көрсететін жағдайларды ғана іріктеп ала білген. Жазушы кейіпкерлер басынан кешірген іс-әрекеттерді ғана баяндап қоймайды, сонымен бірге, олардың туып-өскен ортасының да көріністерін беріп отырады. Революция алдындағы қазақ ауылы өмірінің қат-қабат сырлары, шытырман шындығы бар.

Екінші кітапта біраз ақыл-есі толысып, есейген бала Тұрар көрінеді. Бірінші кітапта әр тұстан бой көрсеткен Тұрар, енді негізгі де орталық кейіпкерге айналған. Оның бойындағы бізге бірінші кітаптан таныс жақсы қасиеттер нышаны мұнда тереңірек, молырақ ашыла түскен.

Тұрар – мұнда айдалып кеткен әкесі Рысқұл рухының жалғасы, Рысқұл «бармаған өрісті болжайтын, ол шешпеген жұмбақты шешетін болашағы» ретінде көрінеді.

Сөйтіп, екінші кітап Тұрардың Мерке жеріндегі Қырғызбай үйінде, соның бұзауын бағып жүрген кезін суреттеуден басталады.

Тұрарды мұнда аяқ-қолы бос, еркіндікте жүр дегені болмаса, бұл да бір қашқын есепті. Адам өз колеңкесінен өзі қорыққан қатігез заман. Темір сылдыр етсе, тап бір кісен сылдырлағандай көрінеді Тұрарға. Тәуірірек киінген адам кездессе, – Саймасайдың жақындары сияқтанып елестейді. Пагон таққан, қылыш асынған ұшыраса, Приходько мырзаның жұмсаған жендеті екен деп қалады. Оның үстіне Қырғызбайдың бәйбішесі Салиха да, бұл оқыс қатты дыбыс шығарса да, «сорлы-ау, біреу-міреу естіп қояды, жап аузыңды»,-деп қақпайлап жүргені.

Осылай қатал тағдыр қаршадай баланы қыспағынан босатпауға тырысып-ақ бақты. Кішкентайынан әке сырын зердесіне тоқып өскен бала соңғы кезде үлкен адамдай тым ойлы қалыпта. «Жасы оннан жаңа асса да, жанарына қарап, жасамыс кісі деп ойлағандайсыз. Көз қарасында балаға тән алыпқашпа, алақұйын мінез атымен жоқ... Жалғандағы жалғыз жанашыры – туған әкесінен тірідей айырылу азабы Тұрар баланы тым ерте есейтіп жібергенге ұқсайды»,-дейді автор бұл тұста.

Тұрар Қырғызбаев болып тізімге ілінгенде, туған әкесіне опасыздық жасағандай, бір беймаза сезім жауқазын жүрегін жаралап, шөңгедей қадалған. Бұдан артық, өз әкесінің атын атай алмағаннан артық қорлық болмас.

Бірақ Тұрарды әуелі жасынан тағдыры қалыптастырған қайсарлығы, екінші, әрқашан бойына күш-қуат дарытып, жігер беретін әке рухы алға сүйреп алып шықты.

Кітапта Тұрардың азаматтық қалыптасу жолын көрсететін шыншыл суреттер көп-ақ. Айталық, Меркедегі мектепті бітірерде батылдықпен Рысқұлов деп куәлікке өз фамилиясын жазуы, пристав Сокольский Ақкөз батырға дүре соқтырған кезде, оған қалың топтың ішінен жалғыз өзі ғана араша түсуі, Ақкөз жасағының алдында, Мерке базарында сөйлеген сөздері, Уақытша үкіметті құлату жолындағы, сондай-ақ ашаршылық кезіндегі халыққа қамқорлық іс-әрекеттерінің бәрі де Тұрардың ірі де сом тұлғасын мүсіндейтін жағдайлар.

Тұрар Рысқұловтың оқып, саналы азамат, белсенді күрескер дәрежесіне дейін көтерілгенін көркемдікпен баяндайтын Ш.Мұртазаның «Қызыл Жебе» дилогиясы, жалпы алғанда, әдебиетіміздегі тарихи революциялық тақырыптағы сәтті туынды болып табылады.

Ал, Тұрар Рысқұловтың Совет өкіметінің қалыптасуы жолындағы атқарған сан алуан күрделі іс-әрекеттерін, ірі қоғам қайраткері ретінде мемелекеттік маңызды мәселелерді жүзеге асыратынын суреттеп, көрсету роман-эпопеяның келесі кітаптарының еншісінде.

«Жұлдыз көпір» - «Қызыл Жебе» роман-эпопеясының үшінші кітабы. Бұл шығармаға жазушы «Азаптардан – жұлдызға жол» деген латын сөзін эпиграф етіп алыпты. Үңіле қарасаңыз осының өзіне талай нәрсе сыйып кеткен. Талай нәрсені қамтыған деуге болады. Шындығында, «Жұлдыз көпірдің» бас кейіпкері Тұрар Тысқұлов бұған дейін қаншама азапқа толы жолдардан өтті.

Бұған дейін Тұрар Рысқұловтың революциялық бейнесі әдебиетте көрінген емес. Оның үстіне еліміз тарихындағы осы Түркістан үкіметі тұсындағы кезең шындықтары да әдебиетімізде жазыла да, айтыла да қоймаған. Осы тұрғыдан келгенде, автордың өте ыждаһатты ізденісін, білімі мен парасат-пайымын, тақырыпқа деген жауапкершілігін, кезең құбылыстарын барынша шынайы суреттеуге деген шеберлігін, қабілет-қарымын танытқанын көреміз.

Романда Рысқұловтың азаматтық, қайраткерлік бет-бейнесін таныта түсетін, жан-жақты ашып, толықтыратын оқиғалар табиғи өрбіп отырады. Сол оқиғалардың ішінен жазушы кейіпкер характерін дәл танытатын, айқын ашатын тартысты тұстарын талғаммен үйлестіре біледі. Әсіресе, Түркістан республикасының тағдырына, болашағына байланысты ойлары мен сол жолдағы ірі істерге ұмтылысы, азаматтық тұлғасының беріктігі оның кесек тұлғасын, табандылығын танытады. Осында йтұстарда қаламгер шабыты да шамырқанып батылдана түседі. Тұрар әрекеттерін бар шындығымен, бар қайшылығымен барынша табиғи көрсетуге күш салады.


Дата добавления: 2016-01-03; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!