Мұстафиннің Дауылдан кейін романының жанрлық сипатын анықтаңыз



Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романының сюжеттік құрылымын берерде Аман арқылы сол кездегі елдің жағдайын көрсетеді. Осыдан шығарманың өн бойында Аманның тіршілігі әңгіме болады. «Атылған оқ» бөлімінде Аманның елге жаны ашығыш екенін байқаймыз. Оған «Аманның қабағы салыңқы, ауыр отыр. Столында түтеленген қағаздар көп. Бәрі ауылдан түскен арыздар. Арыз сайын кемі бір қиянат, ұрлық не зорлық бар. Біреуді біреу, көзі тайса, ұрлап, әлі жетсе, зорлап жатқан тәрзді. Аман оқиды да күрсінеді. Биыл күрсінуден көз ашқан жоқ...Жасы жиырма мен отыздың арасында болса да, отыз бен қырықтың арасындағы жігітке ұқсайды». Оның ақылының толысып келе жатқанын әр оқиғаның барысында автор беріп отырады. «Аман ойланып қалды. Қазақта ер құнынан, жесір дауы, жер дауынан үлкен ештеме жоқ. Бұл үшеуі екі адамның ғана емес, екі рулы елдің дауы. Малқар сияқты нәннің қолындағы келінін айрыпы алу, Малқармен қоса, бүкіл сол рудың намысын қоздырады. Одан қорқып совет заңынан теңді, әділет жолынан шығуға Аман қорланады. Елге келіп, мемлекет ісіне тастай береді қазекең. Кеспесе, шешілмейтін ескі түйін. Аман беріп кетпе жігіт емес, жас та болса, қарияша толғанды біраз».Сонымен қатар, оның аңғақұмар қасиеті бар. «Қыс күндері бұнда аңшылар келе алмайды, кереғар. Жылқы қостап шыққан кезде жылқышылар ғана там-тұмдап аңшылық етеді. Аңқұмар Аман: «Қысты күні жылқышылардың қосында жатып, тым құраса, бірере жұма аң аулап қайтар ма еді!...» деп келеді...» Бұл үзінді айтқан ойымызға дәлел болып отыр.Әрі ол өз ортасының білімді адамы. «... «Народный университет на дому» журналдардағы лекцияларды тапжылмай, күн ұзын оқығанда тоймайды, талмайды. Кешке оқуға шам жоқ... Мысалды осы ортаның өзінен алып, өзі шешіп бергенде, жолдастары ұстазындай тыңдап, ұйып қалады...» Міне айғағы.Намысшыл. «Бұл – Аман. Тұтқында отыр. Қолында - «Народный университет на домудың» бір номері. Қоғамтану лекциясын оқып отыр. Бұрын астық сарайы болған осы кішкентай тұтқын үйге енгізіп жібергенде, ол бір шыңырауға түсіп кеткендей сезінді. Кең даладан келіп, қапас қамауға бірінші рет тұтқиылдан түскен жастың көңілі торға түскен бүркіттей аласұрып, көпке дейін ақыл-ойға ырық бермеді. Тұла бойын намыс кернеп, қызарып, булығып, «жазығым не?» - деген бір сұраққа жауап таба алмай сенделумен болды».«Ұят-ары жоғары жігіт қазір қызарумен қоймай, танауының үсті де тершіді». Бұл автордың Аманның ар-ұятының көркемдігін жеткізіп тұр.«Аман былтыр келгенде, бәрінің басын қосып, былай деген: «... Жатақ болып алдыңдар. Енді үй-қораларынңды түзеп, поселке тәртібіне көше беру креек. Мойынсеріктің пайдалы екенін көрдіңдер. Енді серіктіктің бұдан да пайдалы түріне көшу керек... орталық қор жасаңда. Жұмыс көлігін, өндіріс құралдарын ортаға салыңдар. Сонда еңбек өнімі де, дәулеттерің де арта түседі... Қазына жәрдемі алдымен сендерге беріледі...» Бұл үзіндіден Аманның ұйымдастырғыш қабілетін, сондай-ақ, оның халықты өзіне қарата алатын жан екенін байқаймзы. Тағы да, үзіндіні оқысақ, назар аударатын бір тұсы бар: оның алға ұмтылғысы келетіні, дамып-өркендеу оның тілегі.Міне, осындай Аманның тағы да қыр-сыры көп. Бұл – Ғабиденнің авторлық тұлғасының жемісі. Бір ғана Аманның тағдыры арқылы бүкіл өңірдің хал-ахуалын, ішіндегі талай оқиғаларды бір-бірімен ұштастыра беру де автордың шеберлігі. Аманның көркемдік бейнесін, болмысын осы роман арқылы танысып, білдік.

74. Жанр эволюциясы. Жанрлар – ауызша және жазбаша шығармалардың көркем даму процесінде қалыптасады. Шығарма жанры дәстүрлі түрде мынадай негізгі белгісі бойынша анықталады - бір жанрдағы шығармаларды біріктіретін және айтарлықтай тұрақты, әрі тарихи қайталанатын сипаттағы мазмұнына, құрылысы мен түріне қарай. Әр жанрдың өзіне тән ерекшеліктері мен сипаты әрі бәріне ортақ белгілері бар. Публицистикада бүкіл қоғам мүшелерінің назарын аударатын оқиғалар, мысалдар, типтік фактілерді талдау, сипаттау әдісімен түсіндіріледі. Сондықтан ірі оқиғалар мен құбылыстар публицистің тудырған бейнесі арқылы айқындала түседі. Ал бейне арқылы оқырманға оқиға жайлы толықтай мәлімет алуға мүмкіндік береді. Бұл көркем-публицистикалық жанрларға тән сипат. Әсіресе, очерк пен фельетонда әдеби көркемдеуіш тәсілдер молынан қолданылады. Оқиғаны әсерлі етіп, әдемі сөздермен өрнектейді. Репортаж – көркем публицистикалық жанр, фактіге құрылған, оқиғаны шындықпен суреттеген, белгілі бір обьектіге құрылған жанр. Репортаж эмоциямен жазылады да, оқиғаны әсерлі етіп, әдемі сөздермен өрнектейді. Репортаждың тілдік құрылымы түсінікті, бейнелі болғаны дұрыс. Баяндау әдісі тікелей әңгімеге тарту, мәнерлі шегініс, кейіпкердің мінез құлқын сомдау, сол оқиға орынының ауасымен тыныстату, тарихи шегініс жасау сияқты әдіс тсілдер қолдану арқылы, негізінен III жақта баяндалады. Онда автордың «мені» айрықша білінуі шарт. Очерк – көркем публицистикалық жанр. Ол өмір шежіресі. Заман ағымына ілесіп, өмір тынысымен бірге соғатын, өмірде болып жатқан сан қилы оқиғалармен, жаңалықтармен ізін суытпай жедел таныстыратын, бізбен бірге өнегелі еңбек етіп жатқан замандастарымыздың шынайы бейнесін жасайтын жанр. Очерктің бірнеше түрлері бар: очер-пейзаж, очерк-фотография, психологиялық очерк, сатиралық очерк, тұрмыс очеркі, мемуарлық зерттеу-этнографиялық очерк т.б. Ал Қожекеевтің пікрінше, очерк беске бөлінеді: жол сапар, портреттік, оқиғалы, публицистикалық, проблемалық. Эссе философияның, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем әдебиеттің тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше толғап, әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын жанры. Әдебиеттегі Эссе – соны пікірлерге көбірек мән беріліп, оқырманды ой теңізінде жүздіретін таңдай қақтыратын, өзінше ойлап-сезіну қажеттілігін туғызатын, қаныңды қыздырып, рухани әлеміңе азық сыйлайтын, дүние құбылыстарын өткір қабылдауымен ерекшеленетін көркем туынды. Эссе табиғаты сыршыл сезімге, тіл бояуларының айрықша салтанатына, әшекейлі композицияға құрылады. Өзгеше бітімді бұл өнер туындысында эссеші интеллектуалдық байлығын, аңғарымпаздығын, жарқын, тапқыр ойлылығын, өмір саяхатындағы көрген-білетін, сезінген-түйгенін, тәжірибелерін жомарттықпен жайып салады. Эссе сипатында туған туындыларға батыл болжамдар мен өткір ұсыныстар, пікір жарыстырулар мен талас тудыратын жорамалдар, ойлар, көкейге қо-нымды, таным көкжиегін кеңейтуге қозғау саларлық байламдар тән. Эссенің түрлері:Салыстырмалы эссе,пайымдық эссе, көркем-әдеби эссе. Публицистика жанрыныңда пайда болу, қалыптасу, даму тарихы бар. Осы ұзақ жолда жанрлардың сипаты, өз ерекшеліктері пайда болып отырған. Дамудың осы барысында «жанрлар туады, өседі, өзгереді, жолығады, жаңадан пайда болады». Баспасөз арқашанда идеялық-саяси күрестің алаңы екені мәлім.Жанрлардың мазмұны мен формасы да осы идеялық-саяси күрестерге байланысты өзгеріп, дамып отырған. Осы дамудың барысында, журналистиканың шағын жанры заметка, одан кейін барып публицистиканың талдамалы жанрларының бірі –корреспонденция пайда болғаны белгілі. Бірақ қандай жанрлардың да даму тарихын, қалыптасуын алып қарағанда да оларды пайдаланудың өзі баспасөз органының идеялық саяси позициясына байланысты. Мұның бәрін де өмір тәжірибесі анықтап отырады.

 

75. Жанрлық топтар. Жанр туралы түсінік жазба әдебиеттің қалыптасуы, дамуы барысында анықталады. Әдебиет - өнердің үлкен бір саласы болса, яғни, өнердің үлкен бір тармағы деп қарастыруға болады. Қазақ әдебиеті - қазақ өнері мен өмірінің айнасы, шежіресі іспетті. Осы өнер мен өмірдің кескінді сұлбасы қазақ әдебиетінде ежелден көрініс тауып келеді. Десе де, жанрға бөліп, жік-жігімен қарастыру әңгімеміздің басында айтып кеткендей жазба әдебиетпен тікелей байланысты. Қазақтың жазба әдебиеті негізінен ХIX ғасырдың екінші жартысынан бастау алатынын тіл білімі ғалымдары жан-жақты дәлелдеп берді. Демек біздің әдебиетімізде жанр, тек пен түрге ажыратып қарастыру да осы кезеңнен бастау алады. Әдебиетті жасайтын ақын, жазушы, драматург, сатирик, публицист, сыншы және т.б атқаратын қызметіне орай әдеби жанр жасайды. Жанр дегеніміздің өзі ішінен тек пен түрге ажыратылады. Яғни түр жиналып тек жасайды, тек бірігіп жанр қалыптастырады. Әдебиеттегі белгілі бір заман ағымына, сол замандағы адамдар психологиясына қарай әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан жанр деп баға беріледі. Бірақ, бұл шартты құбылыс. Дегенмен бұл құбылыс орын алмай жанр қалыптаспайды, әдебиет те алға қадам баспайды. Жанр дегеніміз әдебиеттің өсіп-өркендеуіне, қарыштап дамуына қызмет етеді. Әдебиеттің үш үлкен тегі: поэзия, проза және драма. Осы үш ұғым қай кезеңде де көрініс береді.

Эпос — әдебиеттің негізгі үш тегінің бірі, әдебиеттің баяндау жанрларының басын құрайды. Эпостық шығармада оқиға өз бетінше автордың еркінен тыс жүріп жатқандай әсер береді. Мұнда оқиғаны суреттеу тәсілінің бір ерекшелігі — сюжет желісінің тежелетіндігі.

Үш текті әдебиет жанрларының бірі — лирика, адамның көңіл-күйін шертеді. Бұл жанрда “ақын адамның ішкі ғаламы мен тысқы ғаламы түйіседі”. Адамның сырттан алған әсері көңіл көрігінде балқып, нәзік сәулелі сезімге айналады. Жалт өткен сезім жарқ етіп ақын жүрегін дөп сөзбен жарып шықса, міне, бұл — лирика. Лирика — алдымен сезімнің гүлі, гүлдің хош иісі, көз жауын алған көркі.

Әдебиеттің үшінші тегі — драма. Мұнда оқиға көз алдында өтіп жатады. Кейіпкерлер бастарынан шиыршық атқан шым-шытырық оқиға кешеді. Бәрі әрекет үстінде. Жәй әрекет емес, тайталасқан күрес, айтыс-тартыс, қырқыс. Айлаға қарсы айла, әрекетке қарсы әрекет. Оны істейтін кейіпкерлердің характері. Бәрі соған байланысты: жақсылық та, жамандық та. Характер, мінезділік — адамның өзегі, алтын арқауы.

Әдебиет тектері мен түрлерінің жіктелуінде белгілі шарттылық бар. Эпос, лирика, драма іштей бір-бірімен байланысты. Бір әдебиет көзінен тарайтын бұлақтар. Үш тектің үшеуі де қазақ көркем сөзінің фольклор, дара ақындар әдебиеті, жазба әдебиеті тармақтарының бәрінде бір сапада ойға азық, жанға сусын бола білді. Үшеуі де даму барысында біріне бірі әсер етіп, бірін бірі демеп, ашып, толықтырып отырады. Әрине сол кезеңнің шығармашылық тұлғаларына байланысты бір жанрдың қарқынды дамып, енді бірінің кенже қалуы ықтимал. Бірақ қашанда халық тұрмысының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап отыратыны сөзсіз. Қорытындылай келе, жанрды тудыратын көркем шығарма. Көркем шығарма өз заманының бейнесін суреттеп, тұрмысты ақиқатпен бергенде ғана жанрдың дамуына өзіндік үлес қоса алады. Сыншылар, әдебиетшілер арасында кең талқыға түсіп, әдебиетте өзіндік орын алуы үшін шындыққа құрылуы маңызды. Міне, сонда ғана әдебиет алға қадам басып, үлкен өмір арнасына ұласады.

 

76. М. Әуезов "Қасеннің құбылыстары" повесі. Мұхтар Әуезов өзінің «Қасеннің құбылыстары» дейтін әңгімесінде – Уақыт пен Адам, уақыт болғанда замана ағысы және оның тегеурінінен ыға түссе де, бұрынғы думанды дәуренін қимай, заман ағымына жандәрмен қарсыласқан адамның халін шебер суреттейді. Заман жөнінде, аумалы-төкпелі уақыт жөнінде ірі байламдар жасайды. Әңгіменің өн бойында – басты кейіпкер Қасеннің зәре-құтын қалдырмай шошытып, көкірегінің түбінде тұнған ұры сезім, ұрымтал ойларын көпшілікке жария етіп қоятындай үнемі түксиіп, мізбақпай, сазарып, алыстан төніп тұратын тау – үлкен Алматы биігі – сол Қасеннің іштей қабылдамаса да, сырттай қолпаштайтын заманы, Уақыты.– «Ойпыр-ай, не деген, не деген биік. Көріп пе ем осыны бұрын, көрмеп пе ем? Не қылған қап-қара? Неліктен жап-жалаңаш... Бұ қай тау, жаным-ау...Тау зорайып, пішіні суып аспандап барады. Аяғының астына қарай алар емес...» Қасеннің алғашқы түсінде – құзына құлдыратып, ажал құшағына сіңіре жаздаған тау онымен әңгіменің соңына дейін тайталасады... «Үлкен Алматы биігі онан сайын алыстап, суый түсті. Тіпті ол емес-ау... Үлкен, берік, алып бойымен бұны басатындай боп, төне түскен сияқты...». Мұхаң өзі психологиялық очерк деп аталған осы әңгімесінде таудың суретін әлгіндегідей қоюлатып, суық түске бояй түседі де, іле-шала сол суреттің тікелей мәнін береді. Онысы – социалистік құрылыс, тебіндей бастаған жаңа заман. Қасеннің ішкі әлемі мен заманның сыйыспас ішкі егесте. Қасен өзін ешқашан социализмнің – жаңа қоғамның құрылысшысы қатарына қосып көрген емес. Ол қайта шамасы келсе бұрынғы дәуренге, бұрынғы өмірге салғысы-ақ келіп тұрады. Бүгінгі мынау халіне... «ә, тілесін-тілемісін, танысын-танымасын... жеңіп, бөксеріп алып бара жатқан» бүгінгі заман ағысына іштей нағлет айтса да, сырты жылтырап, – алыстан ішкі сырларына қанық болғандықтан бұған түксиіп, ызғар танытып тұрған Үлкен Алматы биігіне іші қан жылап тұрса да, білдірмей күлімсірегендей болады. Қайтсін, қолдан келер дәрмен жоқ... Қасеннің жаңа үкіметті қабылдамауының бір себебі бар болып шықты. Оған іштей қарсылығының көзі ашылды. Уақыт тынысы, замана шындығы сөйтіп, бұрынғы дәуреншіл, сауықшыл, құлқыншыл Қасенді шетқақпай қылып, жақындатпай, жылымай, оң қабақ көрсетпей өңменінен итеріп тұр. Мұхаң заман, уақыт символы етіп тауды, тау болғанда, тау шоғырының ішіндегі ең биік – қол жеткізбес айбынды Үлкен Алматы биігін алып, шеберліктің үлгісін танытады. Өйткені, заман ағысына ілеспек түгілі, оны ынты-шынтысымен, жан-тәнімен қабылдамайтын Қасенді уақыт талабы қай жерде болмасын, кеңседе ме, далада ма, үйде ме, түзде де табандатып, тықсырып алқымынан алып, мазасын қашырады. Олай болмауы мүмкін де емес. Автор біресе бүгінгісін суреттеп, біресе өткен дәуренін екшелеп, түрлі уақыт ендіктерін қабыстырып, шатыстырып, шиеленістіріп, Қасеннің ішкі жанының терең қатпарларынан сумаң ойларын, ұры тілектерін шым-шымдап шығара береді, шығара береді. Сөйтіп, оның әр басқан қадамын ғана емес, көкейін тескен сырларын да түгел әшкерелеп, көріп тұрған биік таудың – заманның алдында әшкерелей түседі. Оның екіжүзділігі ішкі ойын жасырып, сырттай жылтыраудан ғана емес, биіктен төнген Уақыт алдында көлгірсіп, жампаң қаққандығынан да көрінеді. Қасеннің іші түтін, сырты бүтін. Сондықтан Мұхаң оны ішкі суық ой, сумаң пиғылы арқылы ғана емес, сыртқы әлемге, айналаға, өз ойына қарама-қарсы өң беріп, тері жамылып, басқаша көрінуге тырысқан сұрқиялығын бейнелеп те әшкерелейді. Әңгіменің аяқталысы Мұхаңның суреткерлік шеберлігіне ден қойғызғандай. Ұрлығының үстінен ұсталған Қасеннің көңіл-күйі – заманның тынысынан әлдеқашан оқшау қалған, «артық» адамның түрі. Мұхтар Әуезов осылайша тіршіліктегі қарапайым көріністерді, адам және заман ағысын, заман болғанда, күн сайын өрлеп, қуат алып, дүркірей еңсерген жаңа заманды бір-біріне қарама-қарсы қойып, айқастырып, салғыластырып, Уақыт жөнінде, алмағайып заман жөнінде байламдар жасайды. Уақытты, заман келбетін сол қалпында бере салмай, көркем образ арқылы айшықтай түседі. Жалпы, Мұхаңның алғашқы әңгімелеріндегі образдар жүйесі, кеңістік пен кейіпкер, жалған мен Адам, Уақыт пен адам жанының сан қилы қақтығыстарының көркем бейнеленуі, әр алуан шығармашылық әдістер – оның биік көркемдік талғамынан, терең эстетикалық мәдениетінен сыр шертеді.

 


Дата добавления: 2016-01-03; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!