Повесть жанрының тарихын сипаттаңыз.



Повесть — эпикалық проза жанрының бір түрі. Повесть туралы түсінік әдебиет тарихында жиі өзгеріп, оны романның құрамдас бөлігі ретінде тану біраз уақыт орын алды.

Еуропа әдебиетте Повестьті новелла деп те атай береді. В.Г. Белинский Повестьті “романның шашыраңқы бөліктері” немесе “романның бір тарауы” деп атаса, бір кездерде оған романмен байланыстыра түсінік беру дағдыға айналды. Кейін жанр ретінде толық қалыптаса қоймаса да, очерк сипатындағы әңгімелер негізінде (19 ғасырда) “әдет-ғұрыптың жеңіл очеркін қамтитын”, “адам мен қоғамды әжуа-сықақ ететін пішін” деген тұжырым белең алды. Қазір проза жанрының жан-жақты дамыған тұсында Повесть туралы біршама тұрақталған ұғым қалыптасты. Повесть әңгіме мен романның аралығындағыпрозалық жанрға жатады. Көлемі мен мазмұны тұрғысынан осылай бағаланғанымен, кейде көлемі романнан ауқымды Повестьтер дa кездеседі. Мысалы, көп романдардан көлемді “Клим Самгиннің өмірін” А.М. Горький Повесть деп атаған. Повестьтің көлемі емес, көтерген жүгі мен арқау еткен мәселесінің aуқымы шағын келіп, романнан кіші жанр екендігін, ал эпизодтары мен өмір иірімдеріне бойлай енуі тарапынан әңгімеден күрделірек жанр екенін дәлелдейді. Оқиғаны жан-жақты суреттеу, философия түйін жасау, қат-қабат тартыстар сияқты романда кездесетін кең тынысты тәсілдер Повестьте бола бермейді. Повестьке оқиға тізбегін баяндау, хроник. әңгімелеу тәсілі тән. Ахмет Байтұрсынұлы эпикалық текті әуезе деп алып, оның түрлерін ұлы әңгіме (роман), ұзақ әңгіме (повесть), ұсақ әңгіме деп береді. Повесть туралы “ұлы әңгімеден өресі қысқа, өрісі тарлау түрі ұзақ әңгіме деп аталады” дейді. Байтұрсынов осы негізде М.Дулатовтың “Бақытсыз Жамалын” романға емес, ұзақ әңгімеге, сондай-ақ М.Әуезовтің “Оқыған азамат” әңгімесін Повесть үлгісіне жақын келеді деп қорытады. Ж.Аймауытовтың “Күнекейдің жазығы”, Әуезовтің “Қараш-қараш оқиғасы”, “Қилы заман”, Ғ.Мүсіреповтің “Кездеспей кеткен бір бейне”, “Ұлпан”, Ш.Айтматовтың “Жәмилә”, “Құс жолы”, т.б. Повестьтері үздік көркем туындылар.

 

 

70. «Шұғаның белгісі» повесінің жанрлық ерекшелігі.

«Шұғаның белгісіндегі» сюжеттік даму (ситуация) тек адамдар тағдырына негізделген. Әрбір тарауда ситуация, қат-қабат конфликт арқылы өсіп-өніп жатқан әр алуан тип пен характер, олардың өзара қарым-қатынастары аса шыншыл, дәлелді, сондықтан да нанымды суреттейтіні сондай – жан жүрегін толқымай оқу мүмкін емес. Повестегі бас кейіпкер – Шұғаның бейнесі әр түрлі іс-әрекеттің даму барысында айқындалады. Кейіпкер арқылы тағдырына ата-анасын да емес, бауырларын да емес, өзін қоршаған әлеуметті де емес, тек қана ата салтын кінәлап, шарасыздыққа, өлімге барып тірелген қыз тағдырының өкініші, арманы көрсетіледі. Суреткер қайғылы Шұғаға бейтарап қарамайды, оған аяушылық сезім білдіреді. Қиянат көрген, өмірден түңілген қаһарманына жаны ашиды. Ал басқа кейіпкерлерге пайда болған тұсында мінездеме беріп кетеді (Әбдірахман, Зайкүл, Айнабай). Автор Шұға бейнесін ең алғаш рет оны өз заманының қыздарымен салыстыру арқылы мінездегені көрінеді. «Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін... Бұл күнде ондай қыз қайда. Ажары тәуірлеу біреу болса, соны көтере алмайды ма, білмейсің, ешкіге құсап шошаңдап жүргені. Заман бұзылған ғой...ия... Осы күнгілердің бір тапқаны, қызды оқыту керек дейді. Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді. Айнала айтқанда, құдай сана берсін десейші...»

Жазушы Шұғаның ажарлығымен қоса мінезінің салмақты, ұстамды, ақылды екенін көрсетеді. Өз заманының қыздарымен салыстыру арқылы Шұғаны биікке көтереді. Әрине, бұл көпке күйе жағу емес. Ал «Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді» деу арқылы Шұғаның зеректігінен, білімпаздығынан хабар бергісі келіп тұрғандай. Сонымен қатар Шұғаның бозбалалар хатына жауап қайырмауы, Әбдірахманмен алғаш рет алтыбақанда кездесіп, шешіле сөйлеспей жеңіл сөйлесуі оның мінезінің салмақтылығын тағы бір дәлелдеп өткендей. Шұғаның Әбдірахманға жазған хатында «Құрметлу мырза Әбдірахманға сәлем соңында айтарымыз: хатыңызды алдық, қазір пәлендей жауап бере алмаймыз, айыпқа бұйырмаңыз» дегенінен, оның сыпайылығын көреміз. Махаббат – адамның жан тазалығын, сабырлылығын, төзімділігін, ақылдылығын, шыдамдылығын көрсететін сезім десек, сол махаббат Шұғаны өз жетегіне ерткендей. Осылай махаббаттың ең биік сатысының бірі ғашықтық, одан кейін жақсы көру, ұнату сатыларынан өтіп, құмарту сезіміне жеткен секілді. Сезім әсерінен және де ата-баба салтын кінәлаған өкінішпен Әбдірахманнан айрылған Шұғаның ауыруы оның пәктігін, адалдығын көрсетеді. Повесте Шұғаның ғашығы Әбдірахман Есембектің жайлауға көшіп келген тұсында пайда болады. Автор Әбдірахманның өмірі мен қызметі жайлы өмірбаяндық экскурс жасап, мінездеудің өмірбаяндық элементтері арқылы кейіпкер мінезінің қалай қалыптасқанынан қысқа да жинақы хабар береді. Осы бір таныстырудан Әбдірахманның бойында қайсарлық, білімге құштарлық, адалдық қасиеттерінің барлығын байқауға болады. Оның тілмаш, песір болмауы параға, беделге сатылмағандығын көрсетеді. Ал Әбдірахманның бай киізін сатқанда, оған жағымпазданбай тілін алатын адамдарға «Әзір асығып екі бағасына алғанша, астықтарыңды жиып алған соң шалқайып отырып, жарты бағасына аласыңдар» деуінен елдің пайда қылуы, Әбдірахманның ел қамын ойлайтын көпшіл екендігінен хабар бергендей. Повестегі бәле іздеуші бәлеқор – Айнабай бейнесі. Айнабайдың екіжүзділігі, мақтанқұмарлығы мына тұста анық көрінеді: «Ағайын арасында аз үйлі керей болғанымен Айнабай деген бірді-бірге соғып, екі елдің арасына от салып тұтандырып жүретін бір қызыл көзді бәле. Ел ішінде Айнабайдың істемеген бұзықтығы жоқ. Анау-мынау адамдар өзінен сескенетін де еді...»

Ендігі бір тоқтала кететін кейіпкер Шұғаның ең кіші жеңгесі – Зәйкүл. Зәйкүл де өзінің ата-анасы атастырып қосқан жарын сүймейді. Бірақ айтқан сөзінен табылып, көңіліндегі мүддесін орнына келтіретін жарынан кете алмайды. Ал оның күйеуінің момындығын пайдаланып оңды-солды жүруі мінезінің жеңілдігінің дәлелі..Майлиннің өз кейіпкерлерінің бойындағы табиғи өзіндік психологиялық қасиеттерін, мәселен, Шұғаның адалдығы мен пәктігін, Әбдірахманның қарапайымдылығы мен төзімділігін, Айнабайдың екіжүздігі мен бәлеқорлығын т.б даралап, шеберлікпен көрсете біледі. Әрине, шындап келгенде Шұғаның басына түскен тауқымет төркіні әлеуметтік жағдайда жатыр. Өйткені, өз қыздарын атастырғанына беретін қазақ салтының жойылмауы, қазақ қыздарының өз құқығын қорғай алатын дәрежеге жете алмауы дәлел бола алады. Б.Майлин «Шұғаның белгісі» повесін жазуда қаһармандар мінезін сомдау үшін мінездеу тәсілдерін еркін меңгергені байқалады. Повестегі тағдыры сан алуан кейіпкерлер қазақ әдебиетін жаңа образдармен толықтырды. Оның кейіпкерлері әлеуметтік ортаның үстемдігі мен табиғи жаратылысының құдіретті ортасына бағынатын шыншыл бейнелер болды. Повестің фабуласы дәстүрлі: Кедейден шыққан Әбдірахман деген мұғалім жігіт Есімбек деген байдың Шұға атты сұлу қызына ғашық болады. Жігітті қыз да сүйеді. Бұл, әрине, байларға ұнамайды. Олар жала жауып, Әбдірахманды айдатып жібереді. Бұған күйзелген Шұға айрықпас дертке ұшырайды. Қызының халіне қиналған Есімбек болысқа айтып, Әбдірахманды амалсыз босатады. Әбдірахман алып-ұшып, сүйікті Шұғасын көруге асығып келсе, қайран ару жарық дүниемен біржола қош айтысқан екен; оның өзіне жазып қалдырған хатын оқып, көз жасы көл болады… Мұның бәрі бүгінгі көзге белгілі оқиғадай, жаттанды тақырыптай болып көрінгенімен, көркем прозасы әлі қалыптасып үлгірмеген заманда, тіпті алғашқылардың бірі болып, жаңа, еуропалық үлгідегі проза жанрымен салған жерден мұндай көлемді көркем дүние жазу – тек Б.Майлин секілді хас таланттың ғана қолынан келетін шаруа еді.

 

 


Дата добавления: 2016-01-03; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!