Х. Есенжановтың «Ақ Жайық» романындағы Хакім Жүнісов бейнесін сипаттаңыз



«Ақ Жайық» романының 1-кітабы «Төңкеріс үстінде» 1957 жылы, 2-кітабы «Шыңдалу» 1960 жылы, ал 3-кітабы «Тар кезең» 1967 жылы жазылған. 1967 жылы осы кітаптары үшін жазушы республиканың мемлекеттік сыйлығына ие болған.

Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» роман-трилогиясы кезінде оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген қуаты мол, құнды шығарма. Роман-трилогиядағы кейіпкерлер әлемінің үлкен шоғыры өмірде болған тұлғалы жандар. Шығармада сонымен бірге күрделі де кесек дүниені суреттеуге байланысты автордың қиял әлемінен туындаған кейіпкерлер де жеткілікті. Бұл – көркем шығарма үшін, әсіресе, роман жанры өте қажет ететін ерекшеліктердің бірі десек те болады.

Роман-трилогия қоғамдық өмірде және қоғамдық санада аласапыран уақыт басталған шақты суреттеуден басталады. Елдегі өтпелі кезең, ақшаның да құны кете бастаған шақ. Жас Хакімнің алға қойған арманы мен үміті, жас қыз Мүкараманың ішкі ой-армандары саябыр таппай жатқан мезгіл. Кітапта Хакімнің бейнесі де көркем берілген. «Хакімнің толқынданған ұзын қою шашы, ер келбеті аққұба жүзі толыспаған, бірақ, тік ұзын бойы, формалы қарамауыт бешпет-шалбары, киімі де, пішіні де – бәрі тұтас келді.» Жас Мүкараманың көз алдына келген Хакімнің бейнесін жазушы осылайша суреттейді.

Орал қаласында оқып жүрген Жүніс қажының кіші баласы Хакім елге оралғанда, әкесі мен анасының күтіп алуында да халқымыздың ұлттық педагогикалық менталитеті бар. Туған жерді, өз үйін, туысқандарын сағынып келген Хакімнің жүрегі елжірегендей болады. Бірақ халқымызда «Әке балаға сыншы» дегеніндей, жас балаша еркелей қол созған Хакімнің ішкі дүниесіне түп-түгел тінте қараған әке көзқарасы оның бойын демде-ақ жиғызады. Ол баласын бауырына тартып, құшақтамайды. Салқын ғана амандасады. Бұндай қауышу – халқымыздың о бастағы әке мейірімінің сыртқа шығарылмайтын, тек қана ішкі әлемімен көрісетін сан ғасырлық дәстүрлі әдеті. Бұл – тек қазақ отбасына ғана тән қасиет. Жүніс қажы өмірден көп түйген, көпті көрген, беделді жан. Балаларына да дұрыс тәрбие берген. Олардың оқу оқып, білім алуына көп көңіл бөлген. Хакім де сондай тәрбие бесігінде тербелген. Хакімнің тек оқу оқып, оның соңында ілесіп жүре бергенін жөн көрмеген. Елге пайдасы тиуін де көздеген. Елге Хакім оқып келгенде, үлкенді-кішілі ел жақсылары бірі шын тілегін айтып, бірі жалаң мақтап, жарамсақтану түрінде сөйлегенде, Жүніс қажы пайымдылық таныта біледі. Көптің аты – көп. Олардың лебіздеріне алғыс айтады. Мақтау сөздерге ермейді. Мастанбайды. Ол былай дейді: «– Қандай адам боларын (Хакімнің – Қ.Н.) парасаты мен бағы білер. Біз тек балалардың заманына лайық білім алуына себепкер болсақ, тиісті тәлім-тәрбие берсек дейміз. Роман-трилогияда қазақ даласындағы өмір мен тіршілік, тұрмыс жайы да айтулы қаламгердің назарынан тыс қалмаған. Хакімнің ойлағанындай қалада жастар үшін клуб болса, қырда ақсүйек ойыны, қалада Мүкарамамен кездесу үшін жасыл қиықты үйдің биік басқышына қарай көтерілсе, қырда қотан шетіне барып, ару Шолпанды күткен эпизодтар тартымды әрі үйлесімді суреттелген..» Хакім мен жесір келіншек Шолпан арасындағы жылт ете қалған ыстық сезімге шығармада нүкте қойылады. Оған дәл солай шешім шығарған –Шолпан. Хакімнің ой-қиялында әдемі де қылықты, ару да жас Шолпанмен ойнап, күлу секілді ойдың болғаны рас. Шолпанның өзі қар астынан басы қылтиып шыққан қызғалдақ болғанымен, тағдыр талайымы рақымшылық танытпай, таптап тастағанын, ол гүлді жерден Хакімнің көтеріп алмайтындығын, көтерсе де, ол баз-баяғы қызғалдақ гүл емес екендігін айтып, оның ой-қиялын кінәлағандай болады. Сабырмен, ой тоқтата айтқан Шолпанның сөзі Хакімнің ыстық арынын бірден-ақ басады. Өзінің бақытсыз хал-ахуалын бір кездері өзі куә болған бес-алты айлық бұзауды құрақ арасында белінен талап еткен азулы қасқырдың сұрапыл тірлігіндей санаған. Бірақ сол үшін Шолпан Хакімді кінәламайды. Тағдыр солай шығар дегенге саяды өз ойын.

Жымпиты билеушілерінің өкілі Маймаков пен жанындағы мықты қараның қаруын тартып алып, жаяу жіберген соң, Нұрым да, Хакім де үрейлі күйде жүреді. Орал қаласында қараптан-қарап қолға түскенін есіне алған ол, ендігіде сақтық жасау қажеттігін түсінеді. Сөйтеді де, күндіз пішеншілер арасында жүреді де, түнде ағасы екеуі далада түнегенді дұрыс санайды. Алайда, арада бір жұма өтеді. Хакімді де, Нұрымды да ешкім іздемейді. Бірақ бір күні екі әскери жігіт Хакімнің үйіне келіп, оны ұстауға келгенін білдіреді. Хакімді алып кетеді. Өзеннен қайықпен өткізбек болғанда, Шолпан ерге тән мінезімен, өткір де тапқыр сөзімен ерекшеленеді. Қайықты қалтылдатып, аудармақ болып, әлгі екі әскери жігітке қаруларын суға тастауын бұйырады.

Сонымен бірге Хакімнің өз жайын өзі білетін, тиісті нәрседен өзінше қорытынды жасай алатын қасиетін Ақметшенің ой-сыры арқылы да толықтай түсіне аламыз. Ол Хакімге өз жолың өзің таба алатын дәрежеге жеткенін ашып айтады. Оның үстіне қайратты да қарулы, ақылды да пайымды Жүністің баласы екенін ескертіп, басқадан ақыл сұрайды-ау дегеніне еш нанбайды. Өзі-ақ барша істердің мән-жайын іштей біліп, сезініп, түйсініп отыра алатынына күмәні жоқтығын аңғартады. Адам бойындағы бұндай ерекшелікті Ақметше мынадай сөздер арқылы білдіреді: «Менің бұл дүниедегі құдайға күпіршілік келтіретін бір күнәм бар, ол: адамның не ойлап тұрғанын, ішіндегісін білетіндігім. Іштегіні білу – құдайдың ғана жұмысы. Міне сол құдекеңнің үлесіне қол соғамын деп, ауыр күнәға батып жүргенім. Сондықтан ертеңді-кеш тілейтінім: я құдай, сенің білгеніңді білемін деп сыйынамын.» Бұл Ақметшенің айтқаны. Бірақ осынау сыры мол, тағылымды таным мен тұжырымды сөздің иесі – оқыған, тоқығаны бар Әлібеков Хамидолла. Десек те, Ақметше аузымен айтылған бұл гәпте адам психологиясын түріне қарап-ақ қорытынды шығара алатын адамдардың бар екендігіне оқырманның көзін жеткізе аларлық бұл да бір дәйек деп ұғынуға әбден болады. Әрі адам жаны иірімдерінің соншалықты күрделі, әртүрлі болатындығына шек жоқ екендігіне сенімімізді нығайта түседі.

Хакімнің әкесі көпті көріп, көңіліне көп нәрсе түйе алатын ірі тұлға. Өмірдің де, сан алуан адамдардың да терең сырларын білу, болжау, оларды сынай білу, өзінің алдындағысы мен соңындағы іс-әрекеттер мен тірліктерді байқап, бағамдау қасиеттерін бойына дарытқан сұңғыла адам. Түркі танырлық білімімен-ақ, дүниенің пәлсапасын жақсы-ақ білген. Осының бәрі, әрине, ақылдылық, зеректік секілді ерекше сипаттар. Нағашысы Жүсіптің өзіне жас кезінде айтқан сөзін де Ақметше былай деп еске алады: «Дүниеде өлмейтін үш нәрсе бар, ол: ұстаздық, шаруашылық, саудагерлік. Ұстаз болу үшін білім керек. Білімі көп кісі ғана басқаға сабақ бере алады, шәкірт ұстай алады. Ал шәкірті бар кісінің ісі өлмек емес. Екінші – шаруашылық. Тілін білсең, тілдей жерден жылдық қорек табасың. Ұстай білсең, бір малдың жүз малға тұратыны бар. Сондықтан шаруашылықтың тетігін тапқан адам қор болмайды. Үшінші саудагерлік. Саудагерлік жер танытады, ел танытады. Ақметше, сен осының бірін ұста. Ұста дегенім, оқы дегенім» деді. Бұндай сөздерді білетін, айта алатындар ғана өзгелерге жеткізе алады. Тағылы мол, ғибраты зор мұндай сөздерді жазушы шеберлігі арқасында көркем тарихи туындыда көптеп кездестіруге болады. Өзге жұрттар Жүсіпті тентек дескен. Өйткені, оның алғырлығы, сергектігі өзгелерге тентектік болып көрінген. Бірақ бұндай сыңар сын оның болжағыш, қайсы адамның қандай болатындығын сынағыш қасиетіне еш көлеңке түсіре алмаған. Жүсіп билік басындағыларға да сөзіне қарап емес, ісіне қарап бағалаған. Көпке жағымдылығын ескерген.

Ақметше де оңай шағылатын саудагер емес. Ол – ойға жетік, айлаға мол білікті жан. Өзінен ақыл сұраған Хакімге Ақметше әскер жұмысы амалсыз адамның күні, ал ұлық болу – өзгелерді алдай білуге шеберлену деп ұғындырады. Бәрінен де зәбір көрсету, зорлық істер игілікті іс, нағыз пайда, олай болмаса, қолыңдағы билік құсы уысыңнан шығып, ұшып кетеді деуі – өмірде әбден қайнап-піскен, жетілген жанның сөзі. Қорғасындай салмақты, байыпты да байқағыш адамның ішкі ділінің жанайқайы, айшықты көрінісі.

Күрделі жанр – роман-трилогиядағы Хакім адалдық пен әділдік үшін іс-әрекет ете алатын, оны жүзеге асыру үшін қажетті жерде қара қылды қақ жара сөзін сөйлеп, өз өмірін соған арнай білетін жанның бейнесі. Хакімнің өмірлік ұстанымын мына сөздерінен де анық аңғарамыз. «Үлкен көш өзеннен өтіп жатқанда қызығына қарап қана тұруға болмайды. Ең болмаса, малын айдасып, судан өткізесің. Жүгін түсірісесің. Қайығын жөндейсің. Біреуге болыспай, біреуді қолдамай, қарап тұруға бола ма? Әділсіздік іс істеп, біреуге біреу зәбір көрсетсе, оған қарсы тұрмау жігіттік пе!..»

Хакім мен Мүкарама арасындағы сүйіспеншілік, ұзақ уақытқа айырылысу, сағыныш секілді көңіл-күйлер трилогияда жазушы назарынан тыс қалмаған. Мүкарама, шынында да, Хакімді ұнатады. Алайда, өмірінің ертеңін ойлап, дәрігер Ехласпен Жымпитыға бірге кетеді. Бірақ Хакімді ұмыта алмайды. Оралдан үш айдан соң келген хаттарды алысымен, оның бірі Хакімдікі екенін білген соң, Мүкарама көптен күткен сағынышын баса алмай, жыларман күйді бастан кешеді. Қыз мінезінің құбылмалылығы Мүкарама бейнесі арқылы беріледі. Хакім осы хатында Мүкараманы шынайы ғашық ретінде сүйетіндігін жеткізе жазады. Хакім де бір кездегі Мүкарама секілді ерік өзінде еместігін, өз биліктері өзінде еместігін де мәлім етеді. «Қаншама еріктіміз десек те, өз билігіміз өзімізде емес қой. Біреу ескі әдет пен ғұрыптың құлдығында, біреу өмірдің шыңырау түбінде, біреу өз басын қорғай алмай, басқа жанның жетегінде жүр. Енді біреулер дегеніне жете алмай, талпынып келеді... Талай апа мен қарындас, аға мен іні елден еріксіз, тар қапаста жатыр: надандық, қараңғылық, әділсіздік, қаталдық, жоқтық, жетімдік, тағы да осы сияқты бастан асып жатқан «дық» пен «діктер» тұншықтырып бітті.» Мінеки, көркем шығармадағы кейіпкерлер тағдыры осы секілді саналуан, әртүрлі. Бірінің тағдыры екіншісіне мүлдем сай келмейді. Ұқсамайды да. Соның нәтижесінде роман-трилогияны тұтастай оқып шыққанда, адамдар өмірінің қазандай қайнаған, күрделі қым-қуат тіршілігіне толық қаныға түсесің. ХХ ғасыр басында ел өмірінде елеулі орын алған, талай-талай тағдырларды тарих толқынына салып, күрт өзгертіп жіберген кейіпкерлер әлемі өз оқырманын бейжай қалдырмайды.

 

Хакім мен Мүкараманың Оралда бір-бірімен сағына жүздесуі, Мүкараманың Хакімді кінәлауы, Жымпитыға келемін деп келмегенін ашық айтуы, екеуінің бір-біріне деген ыстық сезімінің солмағанын білдіреді. Жымпиты үкіметінің офицері Абылаевты қолға түсіргенде оның жансауға сұрағанын, ендігіде Жымпиты үкіметіне қызмет етпеймін деген сөзінің жалғандығына Хакімнің көзі жете түседі. Оған себеп – офицер Абылаевты Ехластың үйінде көргенін, оның Һарон сұлтанмен далаға шығып сөйлескенін Хакімге жайып салады. Мүкарама Хакіммен бірге болғанын қалап, Оралда жұмыс жасағысы келген тілегін де білдіреді. Өмір көріп, тіршілік түйткілдерін толық тани бастаған Хакім ендігіде Мүкараманың Оралда қалмауын, бұл қалада жақын күндерде дүрбелең басталатынын сездіріп, Жымпитыға қайтадан оралуын өтінеді. Мүкарама келіскендей ыңғай танытады. Роман-трилогияның екінші кітабында Хакім едәуір шыңдалған, мол тәжірибе жинаған кейіпкер бейнесінде суреттеледі.


Дата добавления: 2016-01-03; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!