Азіргі қазақ фантастикасының дамуы



Фантастика – ең ескі жанр. Қазақ ертегілерінің ғажайып кейіпкерлері: таусоғар, желаяқ, саққұлақ, жалғыз көзді дәу, жалмауыз кемпірлер - өз заманындағы фантастикалық бейнелер. Аталмыш жанрдың түп атасы - ауыз әдебиеті. Ал біздің заманымыздың еншісі - ғылыми фантастика. Қазақ фантастикасы дегенде - жазушы-фантаст әрі ірі ғалым Ақжан Машани атамыздың «Жер астына саяхат» атты ғылыми-фантастикалық кітабы алдымен аузымызға оралады. 1957 жылы жарық көрген осы кітап қазақ ғылыми фантастикасына жол ашты деуге болады. Осыдан кейін фантастиканы «қазақ әдебиетіндегі кенже дамыған балауса жанр» деп жүргендермен амалсыз келісуге тура келеді. Орыстағыдай 20-40 жылдары бізде фантастика жанры болмағаны рас. Ғарышқа адам баласының ұшуы бұл жанрға да қанат бітіргені сөзсіз. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары фантаст-жазушылар Шәмшідин Әбдіраман, Шоқан Әлімбаев, Талап Сұлтанбеков, Раушанбек Бектібаев, Жүніс Сахиев, Медеу Сәрсеке, Абдулхамит Марқабаев, Төлеу Шаханов, Төлеш Сүлейменовтердің осы жанрда елеулі туындылар бергенін көреміз. Фантастардың бірі ауыл болашағын, қойшы қауымның қиын-қыстау өмірін жеңілдетудің жолын іздесе, бірі адам баласының жарқын болашағын суреттеді. Бірі ғылымның сан-саласының келешегіне ой жүгіртіп, автомобильдің озық үлгісін тілге тиек етті. Ішінде Египет перғауындарының құпия істерінің мәнін ашуға арналғандары да бар. Не керек, сан алуан тақырыптарды қоздатқан фантастарымыз оқырмандардың ғылым мен техникаға қызығушылығын арттырып, құштарлығын оятқаны, танымдарын байытқаны сөзсіз. Ол кез де заулап өте шықты. Аталған кісілердің біразы көз жұмса, төрт-бесеуден аспайтын көзі тірілері фантастиканы тастап, ғылыммен шұғылданып кетті. Қарап отырсаңыз, ғылыми фантастикамен шұғылданғандардың көбісі ғылымның бір саласын нақты игерген адамдар болып шығады.

Фантастика әдебиетін жан-жақты қарастыруда теориялық тұрғыда түйіндеулер жасап, дәйектеулер білдіріп, пайымдаулар айту, негізінде, аталмыш саланы зерттеуші-ғалымдар мен әдеби сыншыларының иелігіндегі творчестволық жүктеме болса керек. Алайда, бүгіндері біздер куә болып жүрген бір құбылыс – фантастика жаратылысы турасында салихалы ой қосып, пікір білдіріп жүрген басқа кәсіп саласының өкілдерінің жиі бой көрсетуі. Солардың арасында нағыз “ет жақын” саналатыны – библиографтары. Олардың ішінде де фантастикатанушы-библиографтар. Алайда, бір өкініштісі – осынау өрісі кең, тақырыбы қызықтырарлық іспен кешегі Кеңес Одағы кезінде творчестволық-ізденіс еңбектерімен көзге түскендері санаулы-ақ. Олар – И. Ляпунова, А. Кашарин және А. Осипов.

Бұлардың ортасында тек қана библиографиямен шектеліп қалмай, жанр турасында, оның тарихы мен жаңалықтары жөнінде үзбей ой танытып, пікір білдіріп жүргені – А. Осипов. Оның “Алақандағы әлем” (Чита, 1988 ж.) және

“Фантастикатану негіздері” (М., 1989 ж.) атты кітаптары күллі әлемдік фантастика әдебиетінің поэтикасын зерттеуге едәуір септігін тигізгені сөзсіз.

Жанр бағыттарын саралап қарастыруда фантастикатанушы-библиограф А. Осиповтың бірсыпыра дәйектемелері көңіл аударып, ой тоқтатуға тұрарлық. Оның “Алақандағы әлем” монографиясын жазуға қамшы салған себеп: ҒФ-ны зерттеу үстінде оның туындыларының теориялық ерекшеліктерін айқындау, қаншама дәуірлер бойғы эволюциясын талдау үшін типологиялау қажеттілігі заңды түрде туғаны. Онымен танысуды ерте ежелден бергі тарихы бар утопиядан бастауды қол көреді. Осы заман фантастикасында келешекке барар жолдағы прогресс пен оның бекзаттық күшке сенбеушіліктен туған оның антитезасы – антиутопия қара көрсетуде. Антиутопиямен ХХ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген роман-сақтандыруды алжастырып алмаған жөн. Жанрдың сатиралық фантастикасының өз жолы бар. Осы заман фантастикасының нақтылы, жаратылыстану ғылымынынан әлеуметтік, моральдық-этикалық проблемаларға ойыса бастау қазірде өзінен-өзі лирикалық-психологиялық фантастиканы жүзеге шығарды. Бұл бағыт едәуір дәрежеде қиялды лирикалық мазмұнмен толықтыра түсті. Өткендегі де, бүгінгі де ҒФ-дағы жиі ұшырасатын атыс-шабыс, ұрлық-қарлық, соңғы кездері белең алып бара жатқан нашақорлық төңірегіндегі криминалдар шытырман уақиғалы фантастиканың өрісін кеңейте түсті. Осыған кіндіктес детективтік фантастиканың да қазірде бағы жанып тұр”. Шындықтан ауылы едәуір аулақ жаңа өң алған фантастикалық ертегінің де жолын кесуге болмас. Жанрдың ұтымды бір көрінісі – юморлық фантастика немесе фантастикалық юмордың да әдебиетте өз орны болуға тиіс.

Фантастикатану туралы тұңғыш мәселе көтерген “Қисынды қиял да – әдеби жанр” мақаласынан бастап, “Әңгіме фантастикалық жанр туралы”, “Болжам батыл болсын” т.с.с. бір қатар мақала жазған маркшейдер-профессор А. Машанов “әлқиссасы” қиял-ғажайып дүниелерден басталған-ды. Ал, бүгінгі таңдағы ӘФ және ҒФ жанрына, белгілі сыншы, филология ғылымының кандидаты З. Серікқалиевтің пайымдауынша, “қиялданған, армандалған, кей салада ғылыми дәлелденген болашақ өмір сарыны, ғылым мен техника дамуының бүгінгі ұлы прогресі, болашақтың айқын сипаттамасын беретін, оны мейлінше жақындататын ғажайып жаңалықтар, космос кеңістігін игеру дәуірі басталып, табиғат байлығының ғылымға айналуы – бізде ғылыми фантастика туып, қалыптауына тікелей ықпал жасайтын қолайлы жағдай екендігі айтылған” /Ақ жол. Сын кітабы: мақалалар, зерттеулер. – Алматы: Жазушы. –1990. – 265 б./.

Соңғы 50-60 жыл бедерінде қалыптасқан, кемелденген жанрда әлгі айтқан қос ағыс – әлеуметтік және ғылыми салалар – әрқайсысы әдебиет әлемінде өздеріне тән ерекшелік-даралықтарымен одан әрі өркендей беру құқына иелік алды дер едік.

Демек, қазақ әдебиетіндегі фантастика поэтикасын теориялық тұрғыда айқындау үшін зерттеудің жаңа әдіс-тәсілін қолданған абзал. Атап айтқанда, зерттеу нысанына фантастиканың әлеуметтілігі және фантастиканың

ғылымилығы немесе “әлеуметтік фантастика"[ӘФ] және “ғылыми фантастика”[ҒФ] салалары бойынша жіктеген жөн. Проблемаға осы жағынан келгенде, негізінде әлемдік фантастикатану ісін зерттеушілердің методологиясына, басқа да пайымдау, дәйектеу, түйіндеулеріне жүгінген тиімді деп білеміз. Ғылыми-фантастикалық әдебиет Ф.Бэконның "Жаңа Атлантида" кітабынан (1627) басталады. 17-18 ғасырда планетааралық сапар (Сирано де Бержерак, Ф.Годвин), болашақ туралы шығармалар (С.Мерсье, "2440 жылы", т.б.) жарық көрген. Фантастика саласында Жюль Верннің шығармашылығы ерекше. 19-20 ғасырларда Герберт Уэллстің "Уақыт машинасы" (1895), "Әлемдер соғысы" (1898), А.Х. Дойлдың "Жоғалған әлем" (1912), т.б. фантастикалық романдары жарияланды. Р.Брэдберидің "Марс хроникалары" жинағына енген "Фаренгейт бойынша 451" романы дараланып шықты. Поляк жазушысы Станислав Лем космоскеңістігіне жауапкершілікпен қарау жөніндегі философиялық ой-толғамдары арқылы ("Астронавтар", 1951; "Солярис", 1961; "Тұмау", 1976, т.б. романдары) әлем жұртшылығына танылды. Кеңес әдебиетінде А.К. Толстой фантастика жанрының негізін салды. Қазақ әдебиетінде фантастика халық қиялынан туған хайуанаттар жайлы, қиял-ғажайып, тұрмыс-салт ертегілерінен бастау алады. Мысалы, "Ер Төстікте", "Керқұла атты Кендебайда", "Қырық өтірікте" фантастика жанрының негізгі элементтері кездеседі. Жазба әдебиетте фантастикалық оқиғалар Абай Құнанбайұлының "Масғүт", "Ескендір" дастандарында, С.Ерубаевтың "Келешек соғыс туралы" повесінде, М.Әуезовтің "Дос - Бедел дос" және "Елу жылдан соң" пьесаларында да бар. Қазақ кеңес әдебиетінде фантастика 1950 жылдан басталады. А.Машановтың "Жер астына саяхат" повесі (1957) республикада ғылыми-фантастикалық әдебиеттің тууына ұйтқы болды. М.Сәрсекеевтің "Ғажайып сәуле" (1959), "Көрінбестің көлеңкесі" (1960), Т.Сұлтанбековтың "Көшпелі алтын" (1964), «Лұхман Хакім» (1966), Ш.Әлімбаевтың "Данышпандық альфасы" (1967). Т.Шахановтың "Көгілдір мұнаралар" (1968), Т.Сүлейменовтің "Жұлдыз адамы" (1969), "Әл-Фараби көпірі" (1968), Ә.Мархабаевтың "Ғарыштағы қымыз" (1972) повестері қазақ фантастикасына елеулі үлес қосты. Соңғы кезде жарық көрген Т.Әбдіковтің "Айтылмаған ақиқат" (1980), М.Гумеровтың "Жұмбақ- сәуле"(1981), С.Ғаббасовтың "Кәусар" (1985), Н.Кенжеғұлованың "Қиын шешім" (1985), Р.Бектібаевтың "Ионосферадағы алаң" (1988) атты жинақтарында болашақ өзгерістер туралы болжамдар бейнеленеді. Фантастикалық шығармалар кинода елеулі орын алады.


Дата добавления: 2016-01-03; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!