Мүсіреповтің «Өмір жорығы», «Қыран жыры» әңгімелерінің жанрлық сипатын талдаңыз



“Өмір жорығы” мен “Қыран жыры” да – символдық әңгімелер. Өмір, болмыс, тағдыр жайында сыр шерткен бұл әңгімелер – автор ой-тұжырымдарының қорытынды түйіні. Әңгіме жазушының қоғамдық өмірге, табиғатқа көзқарасы тұрғысынан баяндалған. Ол адам, қоғам жайын су асты балық, көк тәңірі қырандар өмірі арқылы жеткізеді. Символмен бейнеленген философиялық бұл туындылар осы жанрды түрі жағынан да байытты.

“Өмір жорығы” әңгімесіндегі су асты балықтар арқылы адамдар өмірін көреріміз анық. Әңгіменің аты айтып тұрғандай, балықтар жорығы – өмір жорығы. Ұрпақ өсіру, ұрпақ алмасу өмірдің, табиғаттың заңы болса, осы заңдылықты балықтар тіршілігінен де байқаймыз. Мұндағы Көкқасқа, Азат-мая, Миногалар (Минго – балық аты) ата-тегі бір, бір нәсіл иелері. Бірақ, олардың істеген істері, арман-мақсаттары, ниет-пиғылдары, көздеген мұраттары әр басқа. Көкқасқа – ұрпақ қамын ойлап, оның болашағы үшін басын өлімге тіккен атабалық. Ол – халық алдында өз борышын абыроймен атқарар ел азаматтарының бейнесі. Ал, Минога – жылпос, зымиян, залым. Көлеңкемен күн көріп, “күріш арқасында күрмек боп су ішіп”, қара бастың құлқынынан басқаны ойламайтындар адамдар арасында да жетерлік. Көкқасқа мен Миного – бір-біріне қарама-қарсы (контраст) бейнелер ретінде бірін-бірі толықтырады. Қақ-соқпен ісі жоқ әділдік пен адалдықты жақтаған адал жандардың бейнесі – Азат-мая. Адамдар секілді балықтарда да күндестік бар, барға мастанумен қатар оларда да жалқау, жайбасар, еріншектер жетерлік. Өмірдің өзі күрестен тұрса, балықтар да өмір сүру үшін күресе біледі екен.

“Қыран жыры” әңгімесінде де автор адамдардың өмір тіршілігін қырандар арқылы көрсеткен. Мұндағы негізгі кейіпкер – Сарбалақ. Ал, Тасқара – “шен беріп, биік тұғырға отырғызсаң, қандай орынға болса да ұялмай-ақ отыра кететін”, тақ, мансап қуып, шен-шекпен іздеген жандардың бейнесі. Тартыс Сарбалақ пен Тасқара арасында өрбиді. Сарбалақтың аңсаған “Бостандық сағынышы, азаттық жыры, аспан жыры өн бойын өртеп бара жатқандай” деп келтірілген бостандығы кешегі Кеңес одағы тұсындағы қазақ халқының егемендікті аңсаған күйіндей елес береді. Сондай-ақ қыранның ыстық пен суыққа төзімді болуын сөз еткенде де автор Азияны тегін атамайтын сияқты. Жас ұрпақтың қамын жеген әке-шеше, ана қыранның қырық күн тапжылмай отыруы адамдар өмірінен алынғандай. Аналықтың балаларына деген аналық махаббаты, әкесінен қызғануы, балаларға әке ызғарының керектігі – бәрі де адам өмірінің бір қыры. “Қанша уақыт бөстегін былғап отыра берген мешеу едік қой. Дауыл көтеріп аспанға шығарды емес пе? Енді осылай шарықтай беретін шығармыз. Арман деген осы да, Қуаныш деген осы да!” – деген кейіпкер ойы – қазақтың кешегісі мен бүгінін көрсетер астарлы ой, сиқырлы сурет. Қорқу, үрку дегенді білмейтін қарлы боран, қара дауылда қанат қаққан балапандар кешегі неше алуан дауылды көріп өмірмен күресе білген аға буын өкілдерін көрсетсе, оларды мақтан тұтқан ата-ана, қоғам, Отан деп түюге де болады. Әңгіменің негізгі идеясы – тіршілік, өмір үшін күрес болса, ұрпақ ауысуы – өмір, табиғат заңдылығы. Ғ.Мүсірепов бұл әңгімелерінде параллелизм мен контрасты шебер пайдалана білді. Бұл – кейіпкер бейнесін сомдауда бірден-бір негізгі қызмет атқарар әдіс-тәсіл.


Дата добавления: 2016-01-03; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!