З.Ахметовтің, Б.Кәрібаеваның еңбектеріндегі лирика мәселелерін баяндаңыз.



 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың және ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Зәки Ахметұлы Ахметов артына мол ғылыми мұра қалдырды. Ол қазақ әдебиеттану ғылымының әдебиеттік теория, қазақ әдебиетінің тарихы салаларында жарты ғасырдан аса еңбек етіп, ұлттық әдебиетімізді ғылыми тұрғыдан игеруге тарихи үлес қосты. Оның қаламынан шыққан іргелі еңбектер қазақ әдебиеттану ғылымының деңгейін биіктете түсті; ғалымның есімін шет елдерге де танымал етті.

З.Ахметовті ғалым ретінде танытқан – оның алғашқы кітабы «Абай мен Лермонтов». Еңбекте қазақ-орыс әдеби байланыстары Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармалары негізінде нақтылы әңгімеленеді.Қазақтың ұлы ақыны Абай орыс ақындары ішінде неге Лермонтовтан көбірек аударды, олардың көркемдік сапасы қандай, тәржімалағанда қандай тәсілдерді қолданған деген сияқты сауалдарға нақтылы жауаптар ізделінген. Бұған дейін де Абайдың аудармалары сөз болғанда көбіне жалпылама түрде келсе, Зәкидің өзгешелігі сол – ғылыми тұрғыдан нақтылы талдайды. Абай аудармаларының түпнұсқаға, тәржіма талаптарына сай келуі көркемдік, әлеуметтік қажеттілік тұрғысынан қарастырылады. Абайдың Лермонтовқа кездейсоқ келмегеніне, қоғамда шешімін күтіп тұрған әлеуметтік мәселелерге, оған деген екі ақын көзқарастарының ұқсастығына назар аударады.

Абай тақырыбы З.Ахметовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дамуы мен дәстүрлері» (1978, орыс тілінде) атты еңбегінде де жалғасын тапты. Бұрын Абайдың Лермонтовтан жасаған аудармаларын зерттеген болса, енді бұл мәселе кеңінен алынып, Абай және оның ақындық дәстүрі, әдеби байланыстары ауқымында қарастырылды.

Қазақ поэзиясының ұлы классигі Абайдың поэзиясы З.Ахметовтің ғылыми шығармашылығының алтын діңгегіне айналды. Ғылыми ізденістер нәтижесінде «Абайдың ақындық әлемі» атты іргелі зерттеуі өмірге келді. «Абайдың ақындық әлемі» Зәкидің осы саладағы ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеулерінің жиынтығы, қорытындысы іспеттес.

Абай туралы зерттеулердің көпшілігі бұрын ақынның өмірбаяндық деректерін толықтыру, өлеңдерін махаббат, табиғат, әлеуметтік тақырыптарға жіктеп, оларда айтылған идеялар көркемдік тұрғыдан қалайша көрініс тапты деген аяда көрінсе, «Абайдың ақындық әлемінде» мәселеге тереңдей түскен.

Автордың анықтауынша, Абай – ұлы ақын. Ал «Ұлы ақын, әрбір сирек кездесетін өнерпаздық тұлғасы – қашан да ғажайып құбылыс...»

Ғалым Абайдың шығармашылығын талдай отырып, тың да тиянақты пікірлер толғай білген. Мысалы, біз әдетте лириканы ақынның қоршаған ортаға деген көзқарасы деп түсінеміз. Ал Зәкеңді тыңдайық: «Лириканы түсіну – пайымдауындағы үлкен және жиі кездесетін қателік – ақын өз атынан айтқанның бәрін тек өзі туралы, өз басы жайында айтып отыр деп қарау, ол болғанды ғана емес, болатынды да, өзіне ғана емес, өзгеге де тән көңіл күйін сезіне, айта алатынын ескермеушілік....ақын өз жайын, өз басының мұңын, өзінің арманын, қуаныш сезімін жыр етсе де, ол қалайда халықтың тағдырын, қайғы-мұңын, күйзелісін, қуаныш-шаттығын, тілек-мақсаттарын көрсетеді».

Абайдың қазақ өлеңіне ұлы жаңалықтар әкелгені айтылып жүр. З.Ахметов «Абай қазақ поэзиясының ырғақтық-интонациялық байлығын молынан пайдалана біліп, өлең өрнектерін дамытып, байытуға зор үлес қосты. Ол жаңа өлшем, ұйқас түрлерін орнықтыруда қандай асқан өнерпаздық көрсетсе, бұрыннан белгілі, көп тараған өлшем-өрнектерді керек жерінде қырнап-өңдеп, түрлендіріп қолдану жағынан да соншалық зор өнегелі іс атқарды» – деп, бағалайды.

Еңбекте Абайдың өлеңдерін талдай отырып, ақын өлеңдеріндегі буын, бунақ, тармақ, ұйқас, ырғақ, шумақ жақтарынан жаңалықтарын анықтайды. Ақын жасаған өлең өрнектерінің ішінде «Сегіз аяқ» өлеңін аса жоғары бағалайды. Абайдың қазақ өлеңіне жасаған реформасын, ақындық дәстүрін кейінгі алашшыл ақындардың жалғастырып алып кеткендігін айтады.

ХІХ ғасырда жасаған ұлы ақын – Абай поэзиясында көтерілген қазақ өмірінің өзекті мәселелері күні бүгінге дейін өзінің зәрулігін жойған жоқ, сұлу сөздерден сомдаған өлеңдері қазіргі қазақ оқырманын да тамсандырумен келеді, сондықтан да ақын мұрасы бүгінгі заманның жаңа ұрпақтары үшін де қажет екендігіне назар аударады.

З.Ахметов қазақ әдебиеттанушылары арасында әдебиеттің теоретигі ретінде танымал болды. Ал әдебиет теориясының әдебиеттану ғылымының аса қиын саласы екендігі белгілі. Жалпы қазақ әдебиетінің түрлі мәселелерін зерттеп жүрген ғалымдар – баршылық, ал оның теориялық жақтарына зер салушылар некен – саяқ. З.Ахметов – осы бір көп ізденумен бірге жан-жақты білімдарлықты та қажет ететін әдебиеттің теориясы саласында өнімді еңбек етіп, ұлттық әдебиетімізді теориялық жағынан зерделеуге септігін тигізген, теориялық жағынан да, практикалық жағынан да маңызы зор, аса құнды еңбектер жазған ұлттық әдебиеттануымыздағы бірегей ғалым.

Әр кездерде әдебиеттің кейбір қисынды мәселелеріне арналған ғылыми жинақтар шығып тұрғанымен де нақтылы бір ғылыми проблеманы теориялық тұрғыдан тереңдете зерттеген еңбектер жоқтың қасы болатын. З.Ахметовтің «Қазақ өлеңінің құрылысы» («Казахское стихосложение», А., 1964) осы саладағы, оның ішінде қазақтың дәстүрлі әдебиеті поэзияның теориялық жақтарын ұңғыл-шұңғылына дейін ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеген алғашқы ғылыми еңбек болуымен де аса құнды.

Көлемі 460 беттей ауқымды еңбек «Қазақ поэзиясының өлең құрылысы» («Строй стиха в казахской поэзии»), «Қазақ поэзиясындағы әнге арналған өлең формалары» («Песенно-стихотворные формы народной поэзии»), «Қазақ өлең құрылысын дамытудағы Абайдың ролі» («Роль Абая в развитии казахского стихосложения»), «Қазіргі өлең және өлең құрылысындағы жаңашылдық проблемалары» («Современный стих и проблемы новаторства в стихосложении») атты әрқайсысы жеке-жеке зерттеулердей қалыпқа түскен төрт тараудан тұрады. Монографияның басты мақсаты – әлемдік түркологияның, қазақ әдебиеттануының жетістіктеріне сүйене отырып, қазақ өлеңінің біртұтас теориясын жасап шығару. Автор бұл аса қиын да күрделі міндеттің үдесінен үлкен абыроймен шыға алған.

Монографияда өлең құрылысы негізінен қазақ поэзиясының мысалдарында зерттелінеді. Қазақ өлеңі даму үстіндегі дәстүр мен жаңашылдық аясында есте жоқ ескі замандардан, VІ-VІІІ ғасырлардағы Күлтегін, Білге қаған жазбаларынан бастап, зерттеу нысанына айналған. Жиренше шешеннің, Сыпыра жыраудың, Асан-қайғының, Қорқыттың, Жанақтың, Бұқар жыраудың, Махамбеттің, т.б. қазақ поэзиясындағы өзіндік өлеңдік ерекшеліктеріне тоқталады. Ақын, жырау, жыршы, өлеңші атауларын анықтап, жыр, қара өлең, қайым, толғау, терме, жоқтау, тақпақ, тойбастар, беташар, жар-жар, естірту, көңіл айту сияқты ауыз әдебиетіндегі өлең түрлерінің өзіндік ерекшеліктеріне үңіледі. Әсіресе сөз мәйегі мақал-мәтелдерге, қанатты сөздерге назар аударыңқырайды. Ғасырларға созылған халық шығармашылығының барысында барынша шарықтай дамыған қазақтың халық поэзиясы шырқау шыңға шықты. Жазба әдебиетінің дами бастауымен бірге өлең құрылысында да елеулі өзгерістер туа бастады. Бұрынғы жеті-сегіз буынды жыр мен он бір-он екі буынды қара өлең үлгісімен қатар жаңа өлшемдер көрінді. Қазақ өлеңінің дамуында түбірлі өзгерістер жасап, биік белестерге шығарған Абай болды.

З.Ахметов зерттеуінің басты ерекшелігі сол, өзінің осы еңбегінде ұлы Абайдың өлең өрнектерін алғаш рет өлең құрылысы қисыны тұрғысынан жан-жақты талдап, осы салада қазақ поэзиясына әкелген жойқын жаңалықтарын жарқырата жайып салды. Еңбекте ұлы ойлардың шебер қиылысқан өлең құрылысымен ғана айтуға болатындығын, ақынның қазақ өлеңіне реформа жасап, дәстүрлі қазақ поэзиясын жаңашылдық жаңа жолға салғанын, Абай дәстүрін кейінгі қазақ ақындары жаңашылдықпен жалғастырып әкеткенін ғылыми тұрғыда нақтылы мысалдармен талдап, түсіндіруі аса құнды.

З.Ахметовтің осы саладағы елеулі еңбектерінің бірі – «Өлең сөздің теориясы» (А., 1973). Еңбек «Тіл кестесі», «Өлең өрнегі» атты екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімді «Өлең сөздің бейнелеу құралдары», «Халық поэзиясының тілі», «Абайдың тіл ұстарту өнегесі», «Поэзия тілінің біздің дәуірімізде өркендеуі» тараулары құрайды. Автор алдымен, өмір шындығы мен поэзиядағы көркем шындықтың ара жігін ашып алады. Өнер ұлттық сыпатта болады. Поэзия да сөз өнеріне жататындықтан халықтың ғасырлар бойғы дамуы барысында қалыптасқан тұрмыстық, дүниетанымдық ерекшеліктер оған әсер етпей қоймайды. Автордың қазақ поэзиясының ұлттық сипатын орыс әдебиетінің мысалдарымен салыстыра отырып әңгімелеуі өте сәтті шыққан («мысалы, ақ көңіл, ақ жүрек дегендер орысша белая душа, белое сердце емес. Ал черные мысли қазақша қара ой емес, арам ой дегенге келеді»).

Еңбекте бейнелі сөз ретінде теңеу, эпитет, метафора, метонимия, аллегория, символ, гипербола, литота, кейіптеу сияқты ажарлау құралдарының қазақ поэзиясындағы көріністеріне талдаулар жасайды. Халық поэзиясының інжу-маржандарындағы бейнелі сөздердің классикалық үлгілеріне оқырман назарын аударады. Ақын-жыраулар ішінде әсіресе Абайдың тіл өрнегіне, сөз өнеріне қосқан жаңалықтарына поэтикалық тілді дамытудағы тарихи роліне, ақындық дәстүріне жан-жақты талдаулар жасайды.

Ғалымның соңғы еңбегі – «Поэзия шыңы – даналық» (Астана: Фолиант, 2002, 408 бет). Бұл еңбек З.Ахметовтің жарты ғасырдан астамғы ғылыми ізденістерінің қорытындысы, нүктесі іспеттес. Кітаптың тарау аттарының өзі – «Поэзиядағы сөз бейнелілігі», «Өлең құрылысы, өлшем өрнектер», «Абайдың ақындық тұлғасы» – ғалымның өмірлік зерттеулерінің басты бағыттарын да аңғартады.

Ғалымның зерттеу нысаны – бүкіл қазақ поэзиясы, оның әсемдік әлемі. Ұзақ жылдар бойғы ізденістердің сығымдалған сығындысы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні іспеттес монографияда жалпы сөз өнері, оның ішінде поэзия, оның аса көрнекті өкілдері, поэтика, бейнелеу құралдары жөнінде қазақ өлеңінің материалдарына сүйене отырып айтылған құнарлы ойлар баршылық.

Жинақтай айтқанда, З.Ахметовтің «Поэзия шыңы – даналық» атты кітабы – қазақ поэзиясын тұтастай тарихи даму үстінде, дәстүрдің жаңашылдыққа ұласуы тұрғысында қарастырып, оның көркемдік ерекшеліктеріне теориялық тұрғыдан жан-жақты талдаулар жасаған, ғасырлар бойғы даму барысында шырқау шыңға шыққан қазақ өлеңінің ұлттық болмысын танытқан, жалпы сөз өнері жайлы қызғылықты байқаулар, пайымдаулар жасай алған құнды еңбек.

Бақыт Кәрібаева (2.11.1943 жылы туған, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы) – ақын, филолология ғылымының докторы (1994), профессор (1994). ҚазМУ-ды (1965, қазіргі ҚазҰУ) және аспирантурасын (1973) бітірген.

·(1965-66) Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Ынталы орта мектебінде мұғалім,

·(1967–70) Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтында кітапханашы, (қазіргі Қарағанды мемлекеттік университеті), аға оқытушы, доцент,

·(1975) профессор қызметтерін атқарды.

Кәрібаева бірнеше ғылыми-зерттеулер мен кітаптардың («Қазіргі қазақ лирикасының поэтикасы», Астана, 1988; «Қара өлең мен лирика», Астана, 2001; «Қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік даму арналары», Астана, 2001)

Бақыт Кәрібаеваның әдеби танымын тарқата түсудің мәні зор. Оның соңғы 10-15 жыл ішінде жазған мақалалары әсіресе, методологиялық тұрғыда қазіргі қаламгерлерге тың тыныс беретіні сөзсіз. Сондықтан бұл жаңа әдебиеттану ілімі тұрғысынан қарастырсақ білім саласында оқытудың кешенді жобасын – жаңа тұрпатты оқулық үлгісін жасауды меңзейді. Өйткені ғалымның таза теория ғана емес, ғылым саласымен шұғылданған еңбектері бір төбе. Бақыт Кәрібаеваның зерттеулерін (7 монография, 300 үстіндегі ғылыми-сыни мақалаларын талдап шығуы мүмкін емес), халыққа танымал мерзімдік баспасөзге жариялаған – өз аудиториясын тапқан «жаңа мазмұн», жаңа танымды еңбектерін қарастырсақ та жаңаша білім берудің тұғырнамасы бой көрсетеді. Бұл қазақ әдебиеттануының игілігі – бүгінгі өзекжарды мәселесі екеніне көз жетеді. Алайда оның соңғы 10-12 жылда кітаптары шықпай жүр. Осыған тиісті орындардан қолдау көрсетулерін қалар едік.
Жалпы, мемлекеттік бағдарламадағы модернизациялау процесін әдебиет оқулығына енгізудің бізде нақты концепциясы бар ма? Мамандарымыздың ол жайлы ой-толғамдарын мерзімді басылым немесе ағымдық ақпараттан естіп-көрдік пе? Бақыт Кәрібаева бұл мәселеге ұлттық құндылықтарымызды қазақтың жазба өнері – тілдік жетістігі негізінде қарастырып, ғылыми-классикалық үлгіні негіз етеді. Ғалым концепциясы бойынша абайтану-әуезовтану ілімдерін қазақ әдебиетіне мәй­ек ету арқылы ұлттық әдебиетті еуропалық үрдіспен жарасымды жарыстыруға болады екен. Бұл методологиялық мәселені де ғалым ертерек қолға алып, бүгінгі уақыт талабына сай қарастырған «Абай – біздің за­мандасымыз» («Орталық Қазақстан», 10.07.1985 ж.), «Абайтанудың халықтық маңы­зы» («Орталық Қазақстан», 28.07.1994 ж.), «Абай реализмі» («Шипагер», 16.03.1995 ж.), «Абайтанудағы ақтаңдақтар» («Жұл­дыз», №10, 11 1996 ж.), «Әуезовтану ілімінің маңыздылығы» («Ана тілі», 03.12.1998 ж.), т.б. абай­танудың мәселелерін ғылыми кон­ференцияда жасалған баян­дамалары, жоғары мектеп ғылыми жинақтарына жариялаған мақалаларын тұтастырсақ қазіргі кезеңдік абайтану концепциясы бой түзейді. Ал «Әуезов – әлемдік тұлға» («Қазақ әдебиеті», 15.10.2000 ж.) аты айтып тұрғандай, Әуезов әлемдік классика контекстінде қарастырылады. Бұл – іргелі ілімді ғана емес, тұтас қазақ әдебиетін қазіргі кезеңге сай әлемдік әдебиет-мәдениетке, оның ішінде «Еуразиялық мәдениет» айналымына түсіре, тануға талпыныс жасағанының айғағы емес пе?
Сол секілді, «Советтік әдебиет» кезеңін­дегі ұлттық құндылықтарымызды да електен өткізіп, жаңа метод-методологияда тексеріп, бүгінгі талапқа сай зерттейді. Яғни, ақтандақтар орнын жаңа сапамен толтырып-толықтырады. Мәселен, кеңес әдебиетінің көшбасшысы саналған Сәкен Сейфуллин жаңа қырынан танылып, тасада қалған – өреміз жетпеген, замана айтқызбаған шынайы тарихи келбеті, ұрпаққа қажетті адами құндылықтары іріктеліп, тарихи-шығармашылық моделі жасалады («Сәкентанудың бүгінгі үрдісі», «Орталық Қазақстан», 28.09.2004), («Сәкен сабақтары», «Қазақ әдебиеті», 05.05.2011 ж.). Осы үлгіде қазақ совет әдебиетінің классиктері саналған Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин өмірі мен шығармашылығы туралы «Толағай тұлға («Қазақ әдебиеті», 2002 ж), «Көркемдік құ­ді­реті» – Ғабит Мүсірепов хақында («Қазақ әдебиеті», 08.11.2002 ж.), «Алыптар то­бының ақ алмасы» – Ғабиден Мұстафин хақында («Орталық Қазақстан», 04.12.2002 ж.) мақалалары жазылған. Бұл мақалалар негізінен екі классиктің талғам-танымы, тіл ерекшелігін ғылыми түсіндіреді, қауымға насихаттайды. Бұл қатардағы ғалымның еңбектері тізімін ұзарта беруге болады.
«Қасым мен Мұқағали» («Қазақ әдебиеті», 04.12.1998 ж.), қазақ прозасының қаймақтары Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков турасындағы зерттеулері мен мақалалары да модернизациялау кезеңіне дөп келетін дүниелер. «Стиль сыры» («Жұлдыз», 1991, №5), «Лиризм мәселесі» («Орталық Қазақстан», 02.01.1991 ж.), «Эстетикалық құндылық және профессионализм мәселесі» («Орталық Қазақстан», 18.05.1991 ж.), «Көркемдік құндылық» – Тәкен Әлімқұлов шеберлігі хақында («Жұлдыз», 1992, №5), «Тәкен Әлімқұлов шеберлігі» (ХVІ ғылыми-практикалық конференция тезисі. ҚарМУ 1991 ж.) секілді мақалалардың мәні де осындай.
Арыстар ақталып, әдебиет көкжиегі кеңейген тұста халқымыздың әдебиет-өнер жұлдыздарын өз кеңістігінде танып-білуге ғалым тағы да қажыр-қайратын аямай жұмсап, тер төкті. Бұқар жырау, Біржан сал, Ақан серілер, Мағжан, Қасым, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Нұрлан Мәукенұлы тәрізді қазақ поэзиясының біртуарлары тілдік-стильдік-өнерлік сипатта зерттеліп, қазақ әдебиеттануын еуропалық танымға таныстыра-табыстыра білді. «Бұқар поэтикасы» («Халық конгресі», 28.12.1993), «Қара өлең және лирика» (Алтынсарин атындағы Білім академиясы: 2001 ж. 10 баспа табақ), «Бе­тіме түнгі судың әжімін бер» («Прос­тор», 1992 ж. №1), «Қазақ лирикасының бастаулары» («Простор», 1993, №3), «Живой Жумекен» («Простор», 2011, №11), «Алтайдан ұшқан ақ сұңкар» (Нұрлан Мәукенұлы поэтикасы. «Жас қазақ үні», 27.12.2010 ж.), «Лирика және Төлеген Айбергенов» (Ғылыми-практикалық конференция материалдары, ҚарҰУ 1988 ж.), «Лирикалық шығарманы оқытудың методикалық нұсқауы» (Қарағанды: ҚарМУ, 1988 ж.), «Қазіргі қазақ лирикасының атасы» – Мағжан Жұмабаев хақында («Орталық Қазақстан», 27.10.1989 ж.), «Мағжан Жұмабаев – лирик» (ҚарМУ: 1992 ж. – ғылыми конференция баяндама тезисі), «Қазіргі қазақ лирикасы: жанр-стиль мәселесі» оқу құралы (Қарағанды: ҚарМУ, 8.5 баспа табақ), «Қазақ лирикасының қайнары» («Қазақ әдебиеті», 07.05.1993 ж.) мақалалары осыған дәлел.
Осы еңбектерді қазіргі қазақ әдебиетінің даяр тұрған «оқулығы емес еді» деп кім айта алады?! Онымен танысқан бөгде жұрт өкілі де: «Қазақ әдебиеті сорлы әдебиет екен» дей қояр ма екен? Ал бүгінгі таңда жалпы білім беретін мектептерімізден бастап арнаулы, жоғары мектеп түлектеріне дейін осы жаңа «мазмұнға» сусап отыр емес пе! Жалпы мұндай еңбекті шетқақпай етудің, елеусіз, ескерусіз қалдырудың зардабы қандай болатынын өмірдің өзі көрсетіп келеді емес пе. Аламан бәйгеге алдымен еліміздің рухы таңбаланған әдебиетті қоспайынша тәуелсіз елдің белі бекем, іргесі берік бола алмайды. Ендеше, Бақыт Кәрібаеваның «Ақыл-ойды тұмшалау – өркениет алдында ауыр күнә, тіпті қылмыс» («Ана тілі», 04.12.2008 ж.) деп уәж айтуы орынды. Бұл – қазақ әдебиетінің тағдырына қабырғасы қайысып айтқан сөзі. Оған біз «Голгофа казахского профессора» («Деловая неделя», 20.03.2009 ж.), «Интеллектуалды ұлт жайлы толғаныс» («Қазақ әдебиеті», 04.02.2011 ж.), «Бізге Гоголь заманы енді келді» («Айқын», 28.07.2011) мақалаларын оқып, көз жеткіздік.
Біз оның ғылыми шығармашылығында құнын жоймаған, сандық түбінде сары майдай сақтаулы жатқан еңбектерін бүгіннің сүзгісінен өткізіп отырмыз. Оның инновациялық іргелі зерттеулерге арналған жобасы Білім және ғылым министрлігі ұйым­дастырған жабық конкурста жеңіске жеткен; №730 контракт бойынша жүргізген зерт­теулері – басқа әңгіме арқауы. 2009-2011 жж. арналған екі жобаны бұл жолы Бі­лім және ғылым министрлігіне Абай атын­дағы ҚазҰПУ ұсынған еді. Бірі – жаңа сапалы оқулыққа, екіншісі – қазақ әдебиетінің методологиялық мәселелеріне арналған.

 

 


Дата добавления: 2016-01-03; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!