Нанбай Өз иыҒымен кӨтеріп, абайды биікке шыҒарып тҰр



Тұрсын ЖҰРТБАЙ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

– Тұрсын аға, «Құнанбай» атты кітабыңызда нағыз Құнанбайды халыққа қайтарған екенсіз. Құнанбай тақырыбына қалай келдіңіз?
– Менің бүкіл көркем қабылдауым, көркем ойлау жүйем осы Абай, Әуезов айналасында қалыптасты. Мен дүниеге Абайдың көзқарасы арқылы қарайтын ортада өстім. Сондықтан қолыма қалам алам-ау деген ой келген сәтте, яғни 5-сыныпта Құнанбайсыз Абайды тани алмайтынымызды түсіндім. Ол туралы оқиғаларды да көп естідім және сол Құнанбайға қатысты Әуезов көрмеген деректерге ұшырастым. Омбыдан Құнанбай туралы 2000 беттік мұрағат материалдарын кезіктірдім. Мұхтар Әуезовтің: «Менің шығармам – көркем шығарма. Көркем шығарма қоғамдық қарым-қатынастар арқылы өріледі. Менің басты кейіпкерім – Абай, барлық қатысушы, яғни 5250-ге тарта кейіпкер Абайға қызмет етуі керек. Абайдың образын сомдауым керек. Осыны оқырман түсіне бермейді. Түсінсе екен деп тілеймін» деген сөзі бар. Және «Абай» романының төрт кітабы жазылып болғаннан кейін «Біздің ата-бабамызды, ағаларымызды дұрыс суреттемеді, жағымды адамдар еді, жағымсыз етті, кейбір жағымсыз адамдарды жағымды ғып суреттеді» деп Әуезовтің үстінен үлкен дау-дамай жүрді. Ол дау-дамайдың соңы 1956 жылғы өзара бас қосудан кейін барып тынған. Көркем шығарманың өзіндік талабы болады, Әуезовтің жазғаны – көркем шындық, ал менің ұстанған жолым одан басқа. «Абай» жолындағы көркем шындық қандай? Құнанбайдың басынан кешкен өмірлік шындық қайсы?» деген сұрақтарға жауап іздеп, ажыратып, талдағым келді. Мұндағы мақсат – Әуезов шығармашылығы туралы пікір білдіру, Құнанбайдың нақты өмірі туралы айту үшін ғана емес, тарихи шындықты, өмірлік шындықты, көркем шындықты оқырманның өзі салыстыруына жол ашып, сол арқылы көркем талғамын қалыптастыру. Өйткені, біздің қазақ оқырманы көркем шығарма мен деректі шығарманың арасын ажыратқысы келмейді. Құнанбайды кітапта тарихи және әдеби тұлға деп атап талдағаным сол себептен. Әйтпесе, жазушы ретінде Құнанбайдың жеке өмірін, тарихи оқиғаларын өмірлік оқиғамен салыстыра отырып баяндау әлдеқайда жеңілге түсер еді. Құнанбайға қазақтың өте ынталы, ынтызар түрде назар аударуына үш себеп бар. Бірінші, Құнанбай Өскенбайұлы – тарихи тұлға ретінде, феодалдық қайраткер. Дін қайраткері ретінде қазақтағы ірі тұлғаның бірі. Ол өзінің өмірінде көшпелі билікті, шариғаттың фиһқын, орыс заңымен ықтастыра отырып пайдаланған. Өзі қарама-қайшылыққа толы тұлға. Жеке мінезі де қатпар-қатпар күрделі. Екінші, Құнанбайдың жеке басына қатты назар аударатыны – ұлы Абайдың әкесі болғандығынан. Абай – бүкіл көшпелілер өміріндегі ең дара тұлға. Сол дараның өміріне қатысты қалай да Құнанбайға бір бұрылмай кете алмайсың. Үшінші, исі қазақ қауымының Құнанбайға бар ықыласымен беріле ынта қоюы – Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясындағы Құнанбайдың көркем бейнесі. Бұл көркем шындықтың өзі әлемді аузына қаратқан кейіпкер ретінде бағаланған деңгейде сомдалған. Осы үш ынтызарлық тоғысып келгенде Құнанбайдың жеке басына деген ықылас Абайдың жеке басына аударылатын ықыласпен теңеледі. Сондықтан да Құнанбайдың өмірі, бейнесі және кейіпкерлік міндеті біздің жүрегімізге Абаймен бірге қан болып құйылған. Осы тұрғыдан алғанда Құнанбайға ықыластың зор болуы орынды. Осы үш қазақы үйреншікті көзқарас арқылы әр адам өзінің көңіліндегі Құнанбайды тарихи, көркем бейнеде фильм­нен, спектакльден, суреттен көргісі келеді.
Менің бала кезден арманым, ойымдағы іс – Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Мұхтар туралы таза әдеби көркем баяндалған шығармалар жазу. Абайдың өзінен тікелей бастап кетейін деп сан ойладым. Бірақ, жеке Абайдың өмірбаяндық кітабының өзін Құнанбайсыз бастау мүмкін емес. Өйткені, Абайдың қырық жасқа дейінгі өмірі – әкесі Құнанбаймен тікелей байланысты. Тіпті, етене. 1886 жылы қарашада, менің есебім бойынша, Құнанбай өмірден озады. Оған дейін Абай өлең деген нәрсені ермек үшін ғана пайдаланған. Сол Құнанбай қайтыс бола салысымен ең бірінші жазғаны:
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Түспеді ер жеткен соң уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім», – деген өкініштен тұрады. Екі айдан кейінгі өлеңінде: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек. Ақылым – ашыған у, ойым – кермек» дейді. Неліктен бұлай жазды дегенге келсек, Құнанбай әкесі өлгеннен кейін, сырласарға кісі жоқ, өзін жалғыз сезінген. Оған дейінгі Абайдың сырласы әкесі Құнанбай еді.
Абайдың өміріне қатысты кесек-кесек оқиғалардың барлығын демей-ақ қояйық, денін Құнанбай жеке басынан өткерді деп жүрміз. Олай емес. Сол оқиғалардың ішіндегі басты кейіпкерлердің бірі – Абайдың өзі. «Ақылға, ашуға да жақтым шырақ» дейді ғой Абай. Мұхтар Әуезов оны көркем шындық арқылы Құнанбайға ауыстырған. Өйткені, оқиға даму керек, тартыс, көркемдік шешім болу керек. Абайды барған сайын биіктетіп көрсету керек. Құнанбай өзінің иығымен әуелі бойын көтеріп, қолын, кеудесін көтеріп Абайды биікке шығарып тұр. Әке ретінде, ұстаз ретінде Абайдың тағдырын шешіп берген Құнанбай. Бала кезінде Қаратай, Байсал, Сүйіндік, Бөжейлер келіп отырып: «Қай балаңнан үміт күтесің?» дейді. Ысқақ ажарлы, беделді, адамға үйір бала болған. «Біз не күтсек те, мына Ысқақтан күтеміз» депті. Сонда Құнанбай: «Әй, оның сырты ғой. Сендер не күтсеңдер де мына шұнақ қарадан күтіңдер» деп жауап береді. Ол Абайдың тілі енді шыққан кез екен. Абайдың тілі 4-5 жасында шыққан. Құнанбай әуелі арабша сауатын ашқызып барып, Семейдегі Абдулланың медресесіне берген. Үш айдан кейін Абдулланың медресесінен алып кетіп, Ахмет Ризаның медресесіне ауыстырған. Кейін Абайдың 40 жасқа тақағанда өзінің әкесімен пікір жарыстырған бір оқиғасы бар. Сол кездегі Құнанбайдың білімі Абайдың білімінен әлдеқайда асып тұрған. Сыртқа шығып Абай: «Әй, мына қара шал қайтеді-ей? Қиын, қиын! Менің шындығында да оқуым жетпеген екен ғой», – депті.
– Абайды таңғалдырған ол қандай оқиға еді?
– Абай болыс боп жүрген кезінде әкесіне ұзақ уақыт бара алмапты. Бір ағайындары Құнанбайға келіп: «Абайға айтыңызшы, біздің бір шешілмей жүрген мәселеміз бар. Мына Еңлік-Кебектің қазіргі қабірінің аяқ жағында Таймаскөл деген көл бар. Сол көлдің мәселесін шешіп берсін» деп арыз айтады. Бұл – тобықты руының ішіндегі Мамайдың өтініші. Сонда Құнанбай: «Сол Абайың үш ай болды, маған келіп сәлем беруге де жарамай жүр. Не деп айтам?» – деп жауап қайырыпты. Осы сөзді ести салысымен Абай «ренжітіп алдым ғой» деп тездетіп келіп, әкесінің қасында бір апта жатыпты. Олардың арасында әкелік-балалық тәртіптің, ибаның өте қатаң сақталғаны соншалық, Абай Құнанбай отырған үйге күнде таңертең келіп сәлем береді екен. Түс уағында кеп бірге түстенеді. Кешқұрым «Ұйқыңыз тыныш болсын» деп айтып шығады. Артық уақытын алмайды. Өзге адамдар Құнанбайдың үстіне батып кірмейді. Сол ізет көрсетіп үш мәрте келіп жүрген кезінде ақ шымылдық ішінде ақ көйлек, ақ мәсі, ақ дамбал, ақ тақия киіп малдас құрып отырады екен. Ол Құнанбайдың 84 жасқа келіп, буыны босаңсыған кез. Бір кітапты алады да, оқып отырады. Оны Абай байқайды. Таңертеңгі шайдан кейін Құнанбай тәтесі кітаптың бір бетін ашады да, оқып қойып ойланып отырады. Түсте келсе әлгі бетін бітіріп, келесі бетті оқып ойланып отырады. Бір аптада әлгі кітаптың 15-20 бетін ғана оқығанын көреді. Абайдың өзі де білімге ынтызар. Бірақ, «Әке, мына кітап не туралы?» деп тіке сұрауға батылы бармайды. Жеті күн өткеннен кейін Абай таңертең кіріп, енді қайтуға рұқсат сұрайды. Құнанбай рұқсатын береді. Сол кезде Абай: «Тәте, ырзалығыңызды алдым, аман-сау болыңыз, бір сауал қойсам бола ма?» – дейді. Әкесі: «Қоя ғой», – дейді. Абай: «Мынау алдыңыздағы кітаптан мен келгелі 10-15 бетін ғана оқыдыңыз. Кітаптың бір сөйлемін оқисыз да ойланасыз, содан кейін ар жағын оқисыз. Соншалықты қиын, күрделі, ұлы кітап па? Неге тездетіп оқымайсыз?» – дейді. Сонда Құнанбай: «Иә, бұл –бүкіл исламның мәселесін қозғайтын кітап – тариқат қой», – дейді. Сонда Абай мырс етіп күліп жіберіпті. «Пәлі, тәте, мен сізді ақиқатқа қарай аяқ басты, соның ішінде жүр екен ғой десем, сіз тариқатта жүр екенсіз ғой. Тариқат деген исламның жолы, оқудың басы емес пе?!» – деген екен. Сонда Құнанбай: «Ойбүй, Абайжан-ай, мен сені жетілді деп, толық білім алды деп жүрсем, бекер оқудан шығарып алған екенмін ғой, әлі де жете түсінбеген екенсің ғой. Шариғат, мағрифат, ақиқаттың бәрінің негізін қалайтын осы тариқат емес пе? Тариқатсыз ислам оқуы жоқ. Сен соны түсінбеген екенсің ғой, қап!» – дейді. Сол кезде Абай басын шайқап тұрып сыртқа шығады, есік алдында тұрғандарға айтыпты: «Әй, бекер сұраппын. Мына қара шал қиын екен, қиын. Мен білімге жетпеппін ғой, Тәтем қандай терең еді, әттең-ай, әттең!» – деп өкініш білдірген екен. Сонда 40 жаста, төрт қасиетті кітаптың түгелін оқып, әлемдік поэзия деңгейінде философиялық ой қозғайтын Абайдың ақылы жетпеген білімге ие Құнанбай қандай адам болады?
– Құнанбайды біреулер соқыр болған десе, енді біреулер оны жоққа шығарады. Ақиқатында қалай?
– Көзінің соқыр болғаны рас. Шешектен болған дейді, бетінде де содан қалған із бар. Зерттеушілер Құнанбайдың бойына мін жолатқысы келмей, «Құнанбайдың көзі соқыр болмаған» дегенді дәлелдегісі келеді. Бұл мүлдем қате түсінік. Әуезов «Жалғыз көзімен бүкіл дүниені аңдып, қас-қабағымен бағып қалт жібермей отыр» деп суреттейді. Енді бір деректе, көзіне найза тиіп соқыр болған делінеді.

 


Дата добавления: 2016-01-03; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!