М.Әуезовтың Абай жолы эпопеясындағы эпизм,лиризм, драматизм ерекшеліктерін сипаттаныз.
«Абай жолы» арқылы қазіргі қазақ прозасы күллі дүние жүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. Сөйтіп, 19 ғасырдың 40-50-жылдарын М. О. Әуезов туған әдебиетіміздің даму тарихында бұрын-соңды болып көрмеген ренессансқа айналдырды. Мұның өзі заңды да, өйткені «Абайдай» шығарма бұл тұсқа дейін қазақ әдебиетінде болған емес». Әуезов өзінің төрт том «Абай жолы» арқылы бүкіл дүние жүзіне, қала берді - өз отандастарына, керек десеңіз тіпті - қазақтардың өзіне қазақ дегеннің кім екенін танытты. Дәлірек айтқанда, қазақ халқының ұлылығын - оның өткен өмірін - тарихын, тарихының түбірлі кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан трагикалық Һәм шығармашылық дәуірлерді ғажайып көркемдік күшпен жарқыратып, ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берді. 19 ғасырдың 2-жартысындағы қазақ өмірінің бұл төрт кітаптан тыс қалған бір де бір қалтарысы жоқ. «Абай жолының» мазмұн жағынан алғанда жалпы жұрт мойындаған энциклопедялық сипаты, жанр жағынан алғанда қазақтың тұңғыш эпопеясы екендігі де осында жатыр. Тағы бір күрделі ерекшелік - осынау кең құлашты халықтық эпопея бастан-аяқ тартысқа, қарама-қарсы күштердің қым-қиғаш күресіне құрылған және осылардың бәрі диалектикалық қимыл-қозғалыс, өсу-өрбу, өрістеу үстінде көрсетілген. Мысал үшін шығарманың негізгі арқауындағы арналы тартысты алайық. Бәрінен бұрын мұнда жеке адамдар арасындағы психологиялық шиеленістер, қарым-қатынастағы қайшылықтар, әлдінің әлсізге қиянаты, зорлығы, қаныпезерлікке ұласқан қаталдығы (Қодар мен Қамқа оқиғасы); одан өрбіген ру мен ру арасындағы кескілестер - жер дауы, жесір дауы, құн, барымта, алыс-жұлыс, айқастар; осылардың жалпы жұртқа тиген зардабы - түрлі сипаттағы қаналулар: кедейленулер, қаңғып-тентіреулер, жұтқа ұшыраулар, жатақтардың пайда болуы, қазақ даласына орыс қоныстанушыларының келуі, жарлы-жақыбайлардың өзара ынтымағы, олардың үстемдерге қарсылығы, бұл қарсылықтар үстінде көрінген жалаңтөстер, олардың жазалануы, жер аударылуы, осы арқылы бірте-бірте ескі мен жаңаның ара жігі ажырап, күрестің жаңаша сипат алуы... Осылардың бәрі қара қылды қақ жарған әділдікпен адал, ақиқат шындық шеңберінде тағы да нақты және даму үстінде көрінуі - шын мәніндегі реалист-суреткердің айта қалғандай дарын күшіне, талант қуатына саяды. Эпопеяда ешбір адам жоғарыдағыдай тартыс арнасынан шет қалмайды. Бәрінің характерлері, сол қым-қиғаш күрес үстінде қалыптасады. «Абай кезіндегі қазақ даласында,- дейді автор,- күні өтіп бара жатқан, бірақ тамыры әлі де тереңдегі ескіні мен Құнанбай образына жинақтадым. Ал, оның баласы Абай бойында енді туып келе жатқан жаңа бар. Сондықтан, ақын Абайдың қалыптасуын көрсету арқылы мен үлкен қоғамдық шындықты - ескі мен жаңаның диалектик, қарама-қарсылығын, күрес нәтижесінде ескіні жаңаның жеңуін ашуға тиіс болдым». Бұл - аса қиын әрі қатерлі адым. Күрес пен тартысты анық жауласқан қарама-қарсы екі жақ емес, туған әке мен баланың арақатысына құру бұрылтпас және көл-көсір психологиялық дәлелдер таппаса, көптің сана-сезіміне бір қарағанда жете қоймайтын нанымсыз нәрсе секілденеді. Реалист-суреткердің айта қалғандай шығармашылық күш-қуатының тағы бір керемет көрініс тапқан тұсы - осы ара: әке мен баланың өзара ымырасыз жауларға айналуы, нәтижесінде Абайдың әкеден біржола тұсау үзіп, іргесін ажыратуы. Оқырманды осыған қалтқысыз сендіруі - автордың қисапсыз шеберлігі болса, соның нәтижесінде көрінген «Абайдың қасиеті - өз табының тілегінен көп қиналыстар, толғанулар, тәнге-жанға түскен жаралар арқылы жыртылып айырылуында, өз заманынан биік тұруында». [2] Бұл - эпопеяның идеялықаласытақырыптық негізінің мызғымас мықтылығы. «Абай жолының» граниттей берік ірге тасы осынша шебер қаланған. Ал, сюжет пен композицияға келетін болсақ, мұнда да Әуезов суреткерлік шеберліктің үлгісін көрсеткен. Төрт кітаптың өн бойында адам образдарын жасауға қызмет етпейтін бір де бір деталь, штрих, керек десеңіз, бір де бір сызық жоқ. Бәрі де мінездеу мен мүсіндеу, жинақтау мен даралау міндеттерін атқарып тұр. Әр характердің жасалу тарихы бар. Әр образ тип дәрежесіне дейін көтерілген. Басты кейіпкерлер ылғи өрбу, өсу үстінде көрінеді. Ӏ-кітаптың басында қаладан аулына асығып келе жатқан бала шәкірт пен 4-кітаптың аяғында жарық дүниеден жөнеліп бара жатқан данышпан ақынның екі арасындағы қырық бес жыл тек қана Абайдың адам, азамат, ақын ретіндегі өзгеруімен, жаңғыруымен, жаңаруымен, құбылуымен, құлпыруымен өтетіні сияқты әрбір ірі, іргелі қаһармандар не ілгерілеп, не кері кетіп, не өрлеп, не құлдырап, не өліп, не тіріліп отырады. Статикалық түрде бір де бір құбылыс жоқ, бәрі динамикалық сипатта. Бұл сюжет мінсіздігінің нәтижесі.
Дата добавления: 2016-01-03; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы! |
Мы поможем в написании ваших работ!