Созылмалы паренхиматозды паротит 20 страница



Аурудың этиологиясы. Тістің кедергімен қиналып шығуымен қоса пайда болатын ауруларды талдап-талқылаудан бұрын ең алдымен ондай ауруларды топқа бөліп, оларға қандай термин қолдану керектігін анықтап алған жөн. Себебі, әртүрлі авторлар тістің кедергімен қиналып жарғанын және содан болған асқынуды өз ойынша талқылайды. Бірақ, клиниканың пайдасына „тістің кедергіден қиналып жаруы" деген термин мен оның „асқынып қабынуы" деген түсінікті бөліп айтқаны жөн. „Кедергімен қиналып шығу" деген термин тіс жару процесіне қарайды. Бұл термин тістің ерекше кедергіленіп қисық жаруын анықтайды, ал соның салдарынан болған қабыну зардабын — периостит, перикоронарит деп атайды. Сондықтан аурудың диагнозын былай жазады: Астыңғы ақыл тістің кедергімен қиналып жаруы мен оның маңындағы сүйек қабығының жедел қабынуы (периостит) не жақ сүйегінің іріңдеп шіруі (остеомиелит) мен асқынуы.

Астыңғы ақыл тістің кедергімен қиналып шығуының себебі көп. Әртүрлі авторлар өз пікірін алға шығарады. Сондықтан бұл себептерді топқа бөлген жөн.

1. Тістің дұрыс шығуына кедергі болатын себептің бірі ол жақ сүйектің анатомо-топографиялық ерекшелігі.

2. Шығатын тістің маңындағы қызылиек етінің ерекшелігі.

3. Шығып келе жатқан ақыл тістің өзіне байланысты себептері.

Ақыл тістің кедергімен кеш жаруынан болған аурулардың асқынуы

Көптеген ғалымдардың пікірі бойынша ақыл тістің дамуы басқа тістерден ерекше болады. Және ол өте қолайсыз жағдайда шығады, оған ұяшық дайындайтын алдынан ізашар сүт тісі жоқ және ол тіс қатарында ең шеткісі. Астыңғы жақ сүйектің ішінен де сыртынан да өтетін қиғаш сызығы сүйекті қалыңдатып, 8-ші тістерге арналған ұяшықтарды тарылтып сол тістердің жарып шығуына кедергі келтіреді.

Ақыл тістер 18—25 жас шамасында астыңғы жақ толық қалыптасқан, қальцийленіп қатайған кезде кедергіден кешігіп жарып шығуға мәжбүр болады. Кейде ақыл тіске орын аз не мүлдем жоқ болғандықтан ол қатардан шет шығады не сүйектен мүлде шықпай қалуы мүмкін. Астыңғы жақ сүйегінде ақыл тіске орын болмауы филогенезде адамның эволюциялық дамуына қарай жақсүйектің кішіреюінен болады.

Бірақ, филогенездік даму процесінде тістің жалпы саны азаймаған. Кейде астыңғы жақтың даму бұзылыстарына байланысты болады. Оның себебі гормондық ішкі секреция бездері қызметінің бұзылуы, витаминдердің жетіспеуі, бала кезінде жақсүйегі іріңдіп шіріп немесе инфекциялық аурумен ауырса не тістің ұрықтанып жетілу шарты бұзылса және т. б. себептер болуы мүмкін.

Альвеолдық өсіндісінде 8-ші тіске орынның жеткіліксіздігінен ақыл тіс астыңғы жақтың альвеолдық өсіндісінің ішкі жағына не сыртына, кейде тіс астына қарай шығуы мүмкін. Ақыл тіс тәж бұтағының түбіне қарай жарса, онда үстінен төнген сүйек қалқанынан шыға алмай ұсталып қалуы да мүмкін. Ақыл тіс дұрыс жарып шығу үшін оның маңындағы қызыл иек пен шырышты қабыққа зор маңыз беру керек. 7-ші тістер артының қызылиегі мен шырышты қабығы өте қалың болады. Ол шайнағанда тамақпен не қарама-қарсы тіспен зақымданып тыртықтанып қатаяды. Сондықтан ақыл тіс жарғанда ол сорылмайды да шығуына бөгет болады. Кейде ақыл тістің үстінен тік жүрген (жазық емес) жақ-қанатша қатпары бөгет жасайды. Оны кесіп алса да тістің шығуын бөгейді. Жоғарыда аталған кедергілермен қоса, кейде ақыл тістің кедергімен шығу себебі оның өте үлкен, ірі болуынан болады.

Клиникада өте жиі кездесетін жағдайдың бірі — ақыл тістің қисық орналасуы. Ақыл тістің ұрықтану бүктесіні астыңғы жақтың тәждік бұтағына қарай жайғасуынан оған орын болмауы мүмкін.

Адам өскен сайын тістің ұрығы да дамып болашақ ұяшағына қарай жайлап жылжиды. Бірақ кейде сәтті болмайды. Ақыл тіс әдеттегі тік қалпынан ауытқып кетсе, онда шығуының түрі неше сапқа бөлінеді: а)ақыл тістің көлденең жатуы; б) қисық орналасуы — медиальды , дистальды, ұрттық және тілдік қисаюлары болады.

Әрине, дұрыс орын алмаған тіс кешігіп қинала шығады кейде мүлде шықпай қалады.

Астыңғы ақыл тістің кедергімен ұсталып қиналып шығуы тек жоғарыда аталған жағдайлармен байланысты болмайды. Ақыл тіске орын жеткілікті болып, тік тұрса да қиналып кешігіп жарғаны байқалады, бірақ себебі белгісіз. Сондықтан П. П. Львовтың (1929), Д. Е. Танфильевтің (1952) пікірлерімен келісуге тура келеді. Олардың айтуынша астыңғы ақыл тістің кедергімен қиналып шығу себебі іш не сырт факторларымен байланысты болуы мүмкін. Күнделік жүмыс бабына байланысты ақыл тістің кедергімен жаруынан болған әр түрлі қабыну, асқынған ауруларды кездестіреді, Ондай ауруды дүрыстап зерттеу үшін Е. А. Магид пен В. М. Штейнберг мынадай топқа бөледі:

1. Тістің жұмсақ жабын тіндерінің қабынуынан болған; 1. Жедел перикоронарит: а) қанталап қызаруы; б) іріңді түрі; в) іріңді-жаралы түрі.

2. Созылмалы перикоронарит.

II. Астыңғы жақтың кемік тіндерінің ауыр қабыну процестері: 1)жедел іріңді периостит; 2) шырышты қабықтың іріңдеуі (абсцесс) мен шелдерінің іріңдеп өлеттенуі (флегмона); 3) Ауыздың шырышты қабығының іріңді жарасы (стоматит). III. Астыңғы жақтың ауыр қабыну процесі.

1. Одонтогенді остеомиелит: а) жедел; б) созылмалы; ,

2. Парадентарлы іріңдік (тіс маңындағы).

Емі. Басқа асқынба аурулар (қатар жатқан тістің зақымдануы, нервтің қабынуы, нервтің салданьш жансыздануы т. б.).

Бұл топқа актиномикоз, одонтогенді гранулема, тістен болған жара т. б. аурулар кірмеген. Ондай науқастар сирек кездесетіндіктен оларды екінші не төртінші топқа кіргізуге болады.

Асқынулардың патогенезі. Асқынудың пайда болуына бірден-бір себеп — жарып келе жатқан тістің шайнау бетін жауып тұратын (шырышты-сүйек сыртқы қабықтарынан тұратын) жабынды тін. Оны ақыл тістің шайнау бетіндегі бір бұдыры жарып шығады да, оның астында қалта пайда болады. Осы „қалтада" тамақ, шырыш, тіндердің өлі клеткалары жиналып, микробтардың өсіп-енуіне жағдай жасайды.

Жабындының үстіңгі беті жоғарғы жақ сүйегіндегі ақыл тістен зақымданып қабыну процесі дамиды. Аурудың бүл кезеңінде инфекциялы қабыну процесі ақыл тістің сауытын қоршаған және жауып тұрған жұмсақ тіндермен шектелетіндіктен, оны перикоронарит деп атайды.

Егер жақ сүйегінде сегізінші тістің жарып шығуына орын жеткілікті болса немесе дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілсе, бұл тіс толық жарып шығады да, қабыну процесі тоқтайды. Егер тістің жарып шығуына жағдай болмаса, жедел перикоронарит созылмалы түріне өтеді де қабыну процесі қоршаған жұмсақ тіндер мен сүйекке жайылады. Сегізінші тістің орналасуындағы топографиялық-анатомиялық ерекшеліктерге байланысты, қабыну процесі кез келген бағытта таралуы мүмкін.

13.Төменгі үшінші азу тістің қиналып шығуы кезіндегі асқынулар

Төменгі үшінші азу тістің кедергіленіп жаруынан пайда болатын асқынулардың клиникасы. Перикоронарит — жедел және созылмалы болып бөлінеді. А. Т. Руденко (1961) перикоронариттің рецидивті түрін бөлуді ұсынады. Перикоронарит — төменгі ақыл тістің кешігіп жаруында жиі және көбінесе бірінші (75% дейін) кездесетін асқыну түрі. Ол екінші азу тістің артында ауыру сезімінің пайда болуымен білінеді.

Алғашында ақыл тістің үстіндегі шырышты қабық ептеп қан кернеп қызарып, домбығады. Егер зондпен ептеп байқап көрсе жарып шығып келе жатқан тістің сауытын байқауға болады. Жабынды қолмен басқанда, жұтынғанда және аузын ашқанда ауыру сезімі болып, ол күшейеді. Жақасты лимфа түйіндері үлкейіп, ауырсына бастайды. Науқастың дене қызуы көтеріліп, басы ауырады, тәбеті нашарлайды.

Егер тіс жартылай жарып шықса, онда оның қалған бөлігін жауып түрған жабынды зақымданып жарақаттанады да, экссудаттың шығуы нашарлайды. Ол қабыну процесінің үдеуіне әкеп соғады. Ол жақ жанындағы жұмсақ тіндерде коллатеральды домбығудың пайда болуымен және жақ бүлшықеттерінің қарысуымен сипатталды. Жабынды астынан ірің шығады. Оның шырышты қабығы жараға айналады. Жедел перикоронаритті ката-ральды, іріңді, жаралы түрлеріне бөлу шартты болып есептеледі. Қабыну белгілерінің көрінісі мен аурудың жалпы жағдайына қарай перикоронаритті жеңіл, орташа, ауыр формаларьша бөледі. Қабыну күшейген сайьш қанатша жақ бүрмесі, алдыңғы таңдай доғасы, жұтқыншақ қан кернеп қызарып, домбығады. Жұтынғанда ауыру сезімі күшейіп, құлаққа, самайға тарайды. Бұл „дентарлық ангина" көрінісі деп аталады. Сондықтан науқастар құлақ, тамақ және мұрын ауруларын тексеретін дәрігерге көрінуі мүмкін.

Жұтынғанда пайда болатын ауру сезімі күрделі емес. Сегізінші азу тістің сауытын жауып тұратын шырышты қабық таңдайдың алдыңғы доғасына өте жақын. Ал шырышты қабық астындағы клетчатка, жұтқыншақтың бүйір бетіндегі клетчаткамен тікелей байланысты. Сондықтан төменгі үшінші азу тістен пайда болған қабыну процесі жұмсақ таңдайға, бадамша безге, жұтқыншақтың қабырғасына жайылады. Шайнау бұлшықеттерінің қарысуы сезімтал және қозғалтқыш нервтердің қабынуына және қабыну процесінің тікелей еттердің астына жайылуына байланысты.

Созылмалы перикоронариттің диагностикасы — анамнез бен клиникалық белгілерінен құралады.

Көбінесе науқастарда ешқандай шағым болмайды. Тісті жауып тұрған жапқыш аздап, домбыққан, оның астынан біраз сарысулы іріңді зат шығады. Үнемі домбығудың жарақаттанудың әсерінен жапқыш тыртықтанады. Ол тістің жару процесін одан сайын тежейді. Сегізінші тістің сауыты мен дистальды бетіне жақын орналасқан сүйектің арасында патологиялық қалта пайда болады да, ол грануляциялық тінмен толады.

Рентген суретінде бүл қалта „жарты ай" тәрізді сүйектің ыдырауымен байқалады.

Сүйек — грануляциялық тіннің әсерінен сорылып бұзылады. Оны ретромолярлы остит (ақыл тіс артындағы сүйек қабынуы) деп атайды. Оның орнында уақыт өткеннен кейін парадентарлы киста (тіс маңындағы қалта) пайда болады. Ол да рентген суретімен анықталады. Ретромолярлы остит пен парадентарлы киста созылмалы перикоронариттің жиі қозуының себепшісі болуы мүмкін. Созылмалы перикоронарит — созылмалы жақасты лимфаденитіне әкеп соғады.

Сонымен бірге созылмалы перикоронарит, одонтогенді жылжымалы теріасты гранулемасының пайда болуына себепші болуы мүмкін. Жапқыш астындағы грануляция ұрт аймағындағы теріасты клетчаткасына енеді де, қабыну процесінің туындауына себепші болады. Іріңді зат жиналысымен тері қабаты жұқарып, көкшіл тартады. Бұл жерде мезгіл-мезгіл жыланкөз пайда болып тұрады.

Үшінші азу тістің кедергіленіп жаруынан жедел іріңді периостит дамиды (10—12% дейін). Егер жедел перикоронаритте жапқыш астындағы экссудаттың шығуы қиындаса ол жақ сүйегінің вестибулярлық қабығы астына қиғаш сызықтың бойымен жылжып түседі де, жетінші, алтыншы азу тістердің немесе кіші азу тістердің (премолярдың) тұсында іріңді қабыну тудырады.

Ол іріңдікті тіліп ашпаса, орнында жыланкөз пайда болады. Егер үлкен азу тістердің біреуі бұрын емделген болса, ол қабынуға себепші болған тіс деп қате жұлынуы мумкін. Содан соң жыланкөз жұлынған тістің ұясына ауысады. Ол өз алдына тіс ұяшығының созылмалы остеомиелитінің көрінісін білдіреді де, жасалған ем еш нәтиже бермеуі мүмкін. Сондықтан төменгі жақ сүйегінің жедел іріңді периоститі деген диагнозды қоярда, созылмалы перикоронариттің жоқ екеніне көз жеткізу керек. Ақыл тістің кедергіленіп жаруы кезінде пайда болатын одонтогенді төменгі жақ сүйегі остемиелиті көбінесе жақтың бұрышы мен бұтағына жайылады.

А. И. Евдокимов, Г. А. Васильев (1959 ж), Г. И. Семенченко (1961 ж) остеомиелиттің себепшісі ретінде екінші орында, үшінші-төменгі азу тістің кедергіленіп жаруы тұрады деп есептеген. Инфекция маргинальды (қызылиек жиегі) жолмен тарайды. Остеомиелит сау тістің маңында пайда болатындықтан, клиникалық көрінісінде ерекшелігі болады.

Процесс көбінесе шектелген, созылмалы формасына тез өтеді. Венсан симптомы кездеспейді немесе өте кеш пайда болады. Мұндай остеомиелиттің көрінісі — науқас организмінің жалпы жағдайына, әсерлесу дәрежесіне байланысты.

Үшінші азу тістің кешігіп жаруы абсцесс және флегмоналармен де асқынады. Олар өз бетінше немесе остеомиелиттің асқынуымен пайда болады. Мұндай абсцесс, флегмоналардың клиникалық көрінісі басқа себептерден туған абсцесс, флегмоналармен бірдей болады.

Ауыз қуысының жаралы уылуы (стоматит) — созылмалы перикоронариттің асқынуы болып есептеледі. Ол қайталанып тұратын және ауырған тіс жағындағы шырышты қабықты қамтитын ауру. Бұл ауыру созылмалы периодонтитте ауыз қуысында биологиялық тепе-теңдік бұзылып тіндердің резистенттігі төмендейді де, организмде сенсибилизация пайда болуымен сипатталады.

Үшінші азу тіс — медиальды қисая немесе көлбеу орналасса, онда оның көрші тіспен жанасқан бетінде тіс жегісі (кариес) пайда болып, уақыт өте ол пульпитпен, периодонтитпен асқынады.

Оның дұрыс диагнозы тек рентген суретінің негізінде қойылады. Егер диагноз дұрыс қойылмаса, науқастар ұзақ уақыт бойы үшкіл нервтің невралгиясынан емделуі мүмкін.

Төменгі үшінші азу тістің кешігіп жаруынан пайда болатын асқынуларды емдеу практикалық дәрігерлер үшін күрделі мәселе болып отыр. Өйткені оларды емдеудің көптеген тәсілдері ұсынылған және олар бір-біріне қарама-қайшы келеді.

Мысалы: жарып шығып келе жатқан тісті жұлудың орнына, оның жапқышын кесіп ашады немесе алып тастайды. Кейбір жағдайда үшінші тістің жарып шығуы үшін, екінші үлкен азу тісті немесе жоғарғы үшінші азу тісті жұлу ұсынылады.

Сонымен қатар кейбір авторлар, тісті тек жедел қабыну белгілері басылғаннан кейін ғана жұлу керек деп есептейді.

Біздің кафедраның көзқарасы бойынша қабынуға себепші болған тістің тағдырын шешу үшін, альвеолдық өсіндіде жарып келе жатқан тіске орын жеткілікті ме, тістің өсі альвеолдық өсіндінің өсіне қалай орналасқан және тіске жақ-қанатша бүрмесі мен ұрт тіндерінің кедергісі бар ма деген сұрақтарды шешу қажет.

Бұл сұрақтарды шешу үшін объективті көріністер мен анамнезге қоса рентген суретін жасау қажет. Біздің көзқарасымыз бойынша жақ сүйегінде тік орналасып жарып келе жатқан тістің дистальды беті мен жақ сүйегі „бұтағының" алдыңғы қырына дейінгі ара қашықтық 0,5 см кем болмаса, онда тіске орын жеткілікті деп есептеледі. Практикалық бақылаулар көрсеткендей 0,5 см бүл тіспен жақ сүйегі бұтағының алдыңғы қырына дейінгі ара қашықтық. Бұл кезде тіс жарып шыға алады және үстіндегі шырышты қабық кедергі болмайды. Егер тіс үстіндегі шырышты қабық қалыңдаса, онда тіс артындағы және жапқышты кесу ешқандай нәтиже бермейді. Мұндай жағдайда тісті жұлу қажет.


Дата добавления: 2019-02-22; просмотров: 122; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!