Бондингтеу техникасы (бондинг техника). 1 страница




Бұл тәсіл дентинге нашар жабысатын, ылғал сүймейтін кіреуке адгезивтерін пайдаланған кезде қолданылады және тісжегі қуысының қабырғаларына цинк-фосфатты немесе поликарбоксилатты цементтен кіреуке-дентин шекарасына дейін аралық төсем салынады. Ал терең тісжегі кезінде міндетті түрде қуыс табанына жұқа қабат түрінде емдік төсем төселінеді және кіреуке жиегі ғана қышқылдың ерітіндімен немесе гельмен өңделеді. Пломбы қоюдың басқа кезеңдері жоғарыда айтылғандай.

 

Сандвич – техникасы(сандвич техника).

Композиттік пломбылық материалдардың беріктігін, механикалық тұрақтылығын және эстетикалық бейімділігін есепке алмағанда, біраз теріс жақтары да бар. Олар – қатаю кезінде көлемінің кішірейуі (отыруы), көлемі үлкен пломбының жүре келе деформациялануға ұшырауы және кейбір композиттердің бір-біріне биологиялық үйлесімсіздігі.

Осы қасиеттерді азайту үшін сандвич-техникасы (ағылшынша sandwich- бутерброд) ұсынылған болатын. Бұл тәсіл екі қабатты пломбы қоюды қарастырады: дентинді шыныиономерлік цементтің, ал кіреукені композиттің көмегімен қалпына келтіреді.

Сандвич – техникалық тәсілі өте үлкен тісжегі қуыстарын, тістердің мойын аймақтарындағы ақауларды пломбылау үшін, сауыты қатты бұзылған ұлпасыз тістерді қалпына келтіру (реставрациялау), тіс тіндерінің қалыпты құрылымына есептелген адгезивті жүйе патологиялық өзгеріске қатты ұшыраған кіреуке мен дентинге пломбыны бекіте алмайтын және тісжегі қуысын толық құрғату мүмкіндігі болмайтын жағдайларда қолданылады.

Сандвич-техникасын қолданған кезде екі тұрақты пломбылық материалдардың: шыныиономерлі цемент-композит, компомер-композит, буданды композит – микротолықтырылған композит үйлесімділіктерін пайдалануға болады.

Ескерте кететін жай, «классикалық» және сумен қатаятын ШИЦ-ті қолданған кезде, сандвич-техникасымен пломбылау тәсілін екі қабылдауда жүргізген жөн:

Бірінші қабылдауда – тісжегі қуысы толығымен шыныиономерлі цементпен пломбыланады;

Екінші қабылдауда – бұрынғы пломбының кіреуке қабатындай қалыңдығы алынып, қышқылмен өңделген соң, пломбының беткі қабаты композиттің көмегімен қайта қалпына келтіріледі. Азу тістердегі тісжегі қуыстарын пломбылаған кезде пломбының шайнау бетіндегі композитті қабатының қалыңдығы 2 мм кем болмау керек.

Сандвич-техникасын қолданып, пломбыны екі кезеңмен қою – композиттің әлі толық қатайып үлгірмеген ШИЦ-пен тез арада тығыз байланысқа түспеуі салдарынан болатын шыныиономерлі цементтің қуыс табанынан жұлынып кету мүмкіндігін азайтады.

 

Қабаттап реставрациялау техникасы (техника слойной реставрации).

Бұл тәсіл V буынды адгезивті жүйелерді, дәстүрлі, сұйық және нығыздалатын композиттерді үйлестіре қолдануды ұсынады. Бұл кезде барлық материалдардың ең тиімді қасиеттері пайдаланылады.

Қабаттап реставрациялау техникасын I және II кластық өте үлкен қуыстарды пломбылаған кезде қолдануға және оны орындау адгезивті техниканы орындау тәсіліндей болады. Ал өзгешелігі - әртүрлі пломбылық материалдарды қою ерекшелігінде.

Қабаттап реставрациялау техникасын қолданып пломбы қоюдың кезеңдері:

· Тістің бетін тазалау;

· Реставрациялаудың жоспарын құру және пломбылық материалдың түсін таңдап алу;

· Тісжегі қуысын егеп-тазалау;

· Тісжегі қуысын сілекейден оқшаулау;

· Тісжегі қуысын дәрілермен өңдеу және кептіру;

· Аралық төсем салу.

Орта тісжегі кезінде аралық төсем салынбайды, ал терең тісжегі болса, емдік төсем төселіп, аралық төсеммен жабылады (тек қуыс табаны ғана). Аралық төсем үшін гибридті шыныиономерлі цементті пайдаланған жөн.

Адгезивті жүйені қолдану.

Бұл кезде көбіне адгезивті жүйенің V буыны қолданылады, сонымен қатар IV буынын да пайдалануға болады (шығарушы фирманың нұсқаулығына сай).

Өте жақсы бейімделген бастапқы қабатты құру (создание начального суперадаптивного слоя).

Бұл кезеңде тісжегі қуысының қабырғаларын сұйық композиттің жұқа қабатымен жабады, және «өзекті» аймақтарға (қызылиек жақ қабырғасына, бұрыштарына т.б.) үлкен мән береді. Композит қабатын сәуленің көмегімен қатайтады.

Жақсы қасиеттеріне байланысты сұйық композит барлық ұсақ саңылауларды, үшкір бұрыштарды, кедір-бұдыр беттерді жауып, пломбының жақсы жиектік жанасуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, сұйық композит пломбы астында шайнау қысымын реттейтін «эластикалық жастықтың» қалыптасуын қамтамасыз етеді.

Қуысты нығыздалатын композитпен пломбылау

Бұл кезеңде қуыс қалыңдығы 2мм көлденең қабатпен толтырылатын нығыздала қатайтылатын композитпен жиегіне дейін 1-1,5 мм жеткізілмей пломбыланады.

Пломбының бетін (реставрациялау бетін) дәстүрлі буданды композитпен жабу.

Тісжегі қуысының жабылмай қалған 1-1,5 мм бөлігі дәстүрлі әмбебап микробуданды композитпен толтырылады, беті тістің табиғи ерекшелігіне сай пішінделеді және сәуленің көмегімен қатайтылады.

Екінші кластық тісжегі қуысына пломбы қойған жағдайда, матрицаны және сыналарды алғаннан кейін пломбыға ауыз және ұрт жағынан  қосымша уақытқа (10-20 секөнд) сәуле жіберіледі.

· Пломбыны соңғы рет өңдеу және әрлеу;

· Пломбыны қайта бондингтеу;

Пломбыға жақын кіреуке аймағына фтор сіңіру (флюоризациялау). Ол үшін құрамында фтор бар гельдермен, лактармен және ерітінділермен бастырмалар (аппликаттар) қойылады. Егер қайта бондингтеу әдісі жүргізілген болса, фтор сіңіру үрдісінің қажеттілігі шамалы болады.

Емделушіге кеңес беру.

Тісжегі қуыстарын пломбылаудың немесе тістерді реставрациялаудың жоғарыда айтылған тәсілдерін қолдана отырып, әртүрлі ықпалдар әсерінен зардап шеккен тістерді композиттік пломбылық материалдардың көмегімен қайта қалпына келтіру мүмкіндігінің зор екеніне көз жеткізуге болады. Бұл мүмкіндікті жүзеге асыру дәрігерден жоғары біліктілікті, аясы кең клиникалық ой-өрісті, кез-келген тығырықты жағдайлардың шешімін таба білуді талап етеді.

                         

 

ТАРАУ

Тіс ұлпасының қабынуы

7.1.Тіс ұлпасының құрылысы.

Тіс ұлпасы (пульпа зуба – pulpa dentis) тіс қуысында (полость зуба – cabum dentis) орналасқан және екі бөліктен тұрады (1-сурет): сауыт ұлпасы (коронковая пульпа – pulpa coronalis), түбір ұлпасы (корневая пульпа – pulpa radicis).

Көптүбірлі тістерде түбір ұлпасы мен сауыт ұлпасының арасында өте анық анатомиялық шекара бар. Ол шекара - өзек сағалары (устья каналов) болып табылады.

1-сурет. Тіс ұлпасы.сайт-http://www.zub-lipetsk.ru/
Тістің түбірі ұшында тесік орналасқан (верхушечное отверстие – foramen apicalis). Тіс толық қалыптасқаннан кейін бұл анатомиялық тесік физиологиялық тесікке айналады. Түбір ұшында цементтің қалыптасуына байланысты жаңа анатомиялық тесік пайда болады және физиологиялық тесіктен түбір ұшына қарай алшақтай береді және осы екі тесік арасында қалыңдығы 0,8-1,5 мм негізі цементтен тұратын аймақ қалыптасады.

Кейбір ғалымдар бұл аймақты ұлпа-периодонтальдық белдеу (пульпа-периодонтальная зона) немесе аймақ деп атайды.

Сауыт ұлпасы сауыт қуысының күмбездері астында шайнау және тістеу қыры төмпешіктеріне сай шығыңқы ошақтар құрай орналасады. Ұлпаның әрбір шығыңқы аймағын ұлпа мүйізшесі (рог пульпы – cornu pulpae) деп атайды. Дер кезінде емделмеген тісжегі үрдісі кешікпей ұлпа қабынуымен асқынады.

Ұлпаның қабынуы тісжегінің асқынған түріне жатады және стоматологиялық ауруларды емдеумен айналысатын дәрігердің тәжрибесінде жиі кездеседі. Стоматологиялық көмек алуға келген науқастар арасында ұлпа қабынуымен келгендер 14-25% құраса (Данилевский Н.Ф. және б., 2003), кейбір аймақтарда, олардың ішінде Қазақстанда да тісжегінің таралу көрсеткіші әртүрлі болғандықтан, оның асқынуы болып табылатын ұлпа қабынуының үлесі де әртүрлі болады. Қазақстанда бұл мәселемен осы уақытқа дейін ешкім айналысқан жоқ, сондықтан бұл мәселенің шешімін табуды болашақ ғалым стоматологтардың үлесіне қалдырамыз.

Тіс ұлпасын тісжегі ошағында құрылатын зиянды агенттердің (дентиннің органикалық заттарының ыдырауынан пайда болған улы заттар, микроорганизмдердің уыттары) периодонтқа өтетін жолындағы физиологиялық кедергі (барьер) немесе қақпа деп түсінуге болады. Ал ондағы қабыну үрдістері біртұтас организмге әсер ететін одонтогендік инфекцияның көзі болып табылады. Ұлпадағы патологиялық өзгерістердің мәнін түсіну үшін оның гистологиялық құрылысы мен физиологиялық ерекшеліктерін жақсы білу керек.

Тіс ұлпасы немесе тістің жұмсақ тіні эмбриональды типті күрделі дәнекертінді шағын ағза, жасушалық (клеткалық) құрылымдарға, қантамырларына, нерв талшықтарына және рецепторлық аппараттарға бай. Бұлардың барлығы ұлпаның қызметін және өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Тіс ұлпасы тіс қуысын толығымен толтырып, түбір ұшы тесігі аймағында периодонт тініне ауысады. Ұлпаның жалпы көрінісі тістің пішінін және сыртқы рельефін қайталайды. Тістің сауыт қуысында орналасқан ұлпаның бөлігі сауыт ұлпасы, түбір өзектерінде жатқан бөлігі түбір ұлпасы деп аталады. Бұл атаулар тек анатомиялық бөлшектеуді көрсетпейді, сауыт және түбір ұлпасының орналасу ерекшеліктеріне, пішіндеріне, құрылымдарының және қызметтерінің әртүрлілігіне негізделе отырып берілген. Бұл ерекшеліктер көптүбірлі тістерде өте анық көрініс тапқан және олардың анатомиялық шекарасы түбірлер өзектерінің сағалары (устья) болып табылады.

Морфологиялық құрылысы жағынан тіс ұлпасы борпылдақ дәнекер тінге жатады және былқылдақ жасушааралық негізгі затқа бай болып келеді. Талшықты құрылымдары коллаген және ретикулярлы (аргирофильді) талшықтардан тұрады, эластикалық талшықтар ұлпада анықталмаған. Ұлпаның жасушалық құрылымы одонтобласттардан, фибробласттардан толық жетілмеген (малодифференцированные) жасушалардан (жұлдызша жасушалар, перициттер) орныққан макрофагтар және басқалардан тұрады. Бұл жасушалар ұлпада біркелкі орналаспаған және белгілі бір заңдылыққа бағынады. Шартты түрде ұлпада үш қабатты ажыратады: шеткейлік немесе одонтобласттар қабаты, одонтобласттар асты және орталық қабаттар. Әрбір қабат өзіне тән физиологиялық қызмет атқарады және әр түрлі үрдістерге өзінше жауап қайтарады.

Дентинмен тікелей жанасқан шеткейлік қабатта бірнеше қатар құрап (2-4) одонтобласттар орналасады. Бұлар жақсы жетілген, биік цилиндрге ұқсас, қою базофиьді цитоплазмалы жасушалар. Әрбір жасуша көптеген қысқа және дентин өзекшелеріне өтетін ұзын өсінділер (Томес талшығы) береді.

Жасушаның денесі жасушалық органеллаларға бай: жақсы дамыған жасушаішілік торлы аппарат, пластиналы кешен – Гольджи аппараты, көптеген митохондрийлер, ядросында көп мөлшерде хроматин және бірнеше ядрошықтар бар. Түбір ұлпасына ауысқан сайын одонтобласттар қатары азаяды және 1-2 ғана қатар құрайды.

Одонтобласттар асты қабаты ұсақ толық жетіле қоймаған (малодифференцированные) жұлдызша жасушалардан немесе преодонтобласттардан тұрады. Олардың денелерінен көптеген өсінділер тарайды және бір – бірлерімен араласа өрім құрайды. Ұзын өсінділері одонтобласттар арасына кіре орналасады. Қажет болған жағдайда бұл қабаттың жасушалары одонтобласттарға айналады.

Орталық қабатта фибробласттар және гистиоциттер (орныққан макрофагтар) орналасқан. Қажет болған кезде фибробласттар да одонтобласттар мен преодонтобласттарға айналады. Бұл қабаттағы ретикулоэндотелиальдық жасушалар (гистиоциттер) қорғаныс қызметін атқарады. Одонтобласттар және одонтобласттар асты қабаттарында көп мөлшерде адвентициальдық жасушалар (перициттер) қан тамырлар бойымен орналасқан. Бұл жасушалар толық жетілмеген жасушалар қатарына жатады.

Сирек жағдайда орталық қабатта базофильдер, лейкоциттер және плазмоциттер орын алады. Қабыну үрдісі кезінде макрофагтардың, В – және Т – лимфоциттердің, плазмоциттердің саны көбейеді. Ұлпаның жасушааралық заты гликозамингликандарға және белоктарға бай гельге немесе желеге ұқсас негізгі былқылдақ заттан тұрады. Негізгі зат арқылы коллаген және преколлагенді талшықтар өтеді.

Сауыт ұлпасының орталық қабатында негізгі затта коллаген талшықтары орналасқан. Олар өте жіңішке және реттелген шоғыр құрмайды. Преколлагенді талшықтар ұлпаның барлық қабатында кездеседі.

 

Ұлпаның қанмен қамтамасыз етілуі

 

Тіс ұлпасы қанмен жақсы қамтылған. Негізгі артериялық тамыр 1-2 көктамырмен (вена) және бірнеше нерв тармақтарымен ұлпаға түбірұшы тесігі арқылы өтеді және өзек сағасына жеткенде артериолаларға бөлінеді және капиллярлардың жиі өрімін (торын) құрады. Ұсақ прекапиллярлар мен капиллярлардың жиі торы одонтобласттар асты қабатында құрылады және олардан бастау алған капиллярлар одонтобласттар қабатына өтеді.

Капиллярлар біртіндеп көктамырларға ауысады. Көктамырлар артерия бойымен жүре отырып, түбірұшы тесігі арқылы ұлпадан шығады. Сауыт және түбір ұлпалары артерияларының арасында көптеген анастомоздар құрылады. Лимфа тамырлары қантамырлар жолын қайталайды және олардың төңірегінде ұлпаның барлық қабатында өрім құрады.

 

Ұлпаның иннервациялануы

 

Жоғарғы және төменгі тістер ұлпасы үштік нерв тармақтарымен нервтенеді және жоғары сезімтал тін болып саналады. Мякотты нерв талшықтарының шоғыры түбірұшы тесігі арқылы өтіп, қантамыр – нерв шоғырының құрамына кіреді. Түбір өзегінің ұштық бөлігінде нерв шоғыры тармақталмайды, кейінгі бөліктерінде жіңішке тармақтар және тікелей нерв талшықтарын бөледі. Осының нәтижесінде одонтобласттарасты нервтер өрімі – Рашков өрімі құрылады. Бұл өрімдер көптеген нерв ұштарын құрайды және олар ұлпа мүйізшелері аймағында көптеп кездеседі. Нерв талшықтарының біраз бөлігі одонтобласттар қабаты арқылы предентинге және дентинге бағыт алады. Одонтобласттар қабатының үстінде ұлпа мен дентин арасындағы шекарада біраз нерв талшықтары одонтобласттар үсті нервтер өрімін құрады, олардан бөлінген нерв талшықтары предентиннің негізгі затында тармақтанады. Ұлпада әртүрлі нерв рецепторлары анықталған: олар бұта, оралған жіп түрінде (клубочек) кездеседі. Нерв рецепторлары көбінесе одонтобласттардың беттерінде аяқталады. Сонымен қатар ұлпада арнаулы қантамырлық – тіндік рецепторлар анықталған, олардың соңғы (аяқталушы) тармақтары ұлпаның дәнекер тінінде, және қантамырларда орналасады. Кейбір аяқталушы тармақтар дентинобласттар және предентин қабаттары арқылы дентиннің ішкі қабатына өтуі мүмкін. Бірақ минералданған дентинде нерв талшықтары анықталмаған.


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 1078; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!