Шыныиономерлі цементтер (иономерлі цементтер).



3-сурет. Шыныиономерлі цемент  Витромер
Шыныиономерлі цементтер (ШИЦ) алғаш өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап қолданыла бастады (3-cурет). Қазіргі кезде тұрақты реставрациялаушы материалдар шығару мақсатында олардың құрамдары жетілдіріліп, түрлендірілуде. Шыныиономерлі цементті 1971 жылы алғаш ойлап тапқан Wilson. Ұнтағы- құрамында әртүрлі қатынастағы кремний/алюминий және фтор бар ұсақталған алюмосиликатты шыны. Қолдану мақсатына байланысты сұйықтығы үшін бірде дистилденген су немесе полиакрил қышқылының 50% судағы ерітіндісі пайдаланылады. Иономерлі цементтер тіс дентиніне биологиялық жақындығына байланысты тіс тіндеріне зиянды әсер көрсетпейді және ұлпаны пломбылық материалдардың зиянды ықпалынан сақтайды.

Шыныиономерлі цемент тіс тіндерінің жақсы тазаланған және ылғалды табиғи бетіне жақсы жабысады. Цементтің дентинге жақсы жабысу қасиетін коллаген талшықты органикалық негізбен кальцийдің иондық бірігуінің (қосылысының) нәтижесі деп санауға болады. Пломбылық материалдың қатаю уақыты – 4 минөт, көлемінің кішірею мөлшері 0,1 % (көбіне араластыру сапасына байланысты). Иономерлі цементтердің құрамындағы фтор тіс тіндеріне толассыз бөлініп тұратындықтан, екіншілік тісжегінің даму мүмкіндігін азайтады.

Шыныиономерлі цементтер химиялық жолмен және сәулемен қатаятын болып екіге бөлінеді.

Шыныиономерлі цементтерді қолданатын кездер:

· III және V кластық тісжегі қуыстарын, сынаға ұқсас ақауларды, кіреуке эрозияларын пломбылау;

· барлық сүт тістеріндегі тісжегі қуыстарын пломбылау және табиғи жүлгелерді, сайларды жабу;

· аралық төсем ретінде барлық пломбылық материалдарды қолданған кезде;

· тістерді реставрациялаудың негізін қалау немесе ядросын құру;

· штифтерді және ортопедиялық, ортодонтиялық конструкцияларды бекіту;

 

Қолдану аясына байланысты шыныиономерлі цементтерді үш топқа бөледі:

· ортопедиялық конструкцияларды бекіту үшін (Fuji – 1, Aqua Meron, Aqua Cem қолданылады).

· аралық төсем және І, ІІ кластық тісжегі қуыстарында реставрациялау негізін қалау үшін (пломбыға ядро құру), металл штифтпен бірге тіс тұқылын өсіру (Fuji – 2, Base Zrine). Бұл топтағы цементтер дистилденген суда араластырылатындықтан, ауыз сұйықтығында ериді, сондықтан тұрақты пломбы қоюға жарамайды.

· тұрақты пломбылар мен аралық төсемдер үшін (Chemfil Superior, Jonofil, Chelon Fil).

Шыныиономерлі цементтермен жұмыс істеген кезде араластыру ережелерін дұрыс сақтаған жөн:

· ұнтақты құтыдан шығарып алар кезде жақсылап араластыру қажет;

· ұнтағы бар құтының ауызын дереу жабу керек (су сорып алмас үшін);

· сұйық-ұнтақ қатынасын ешуақытта бұзбау керек.

 

Металқұрамды пломбылық материалдар.

Металқұрамды пломбылық материалдар деп құрамында бір немесе бірнеше металдардың құймасы (сплав) бар материалдарды айтады. Металқұрамды пломбылық маетриалдарды тіс емдеу саласында қолдана бастағалы бір ғасырдан аса уақыт өтті. Олардың ішінен соңғы кезде стоматологияда қолданыс тапқандары – амальгамалар және галий құймалары.

Амальгама деп бір немесе бірнеше металдың сынаптағы ерітіндісін айтады. Сынаппен металл үгінділерін араластырған кезде өз бетімен қатаятын жұмсақ құйма пайда болады. Бұл үрдіс амальгамдану (амальгамирование) деп аталады. Стоматологиялық тәжірибеде қазіргі кезде екі түрлі – күміс және мыс амальгамасы қолданылады.

Күміс амальгамасы.

Күміс амальгамасының классикалық ұнтағының металл құймасы күмістен (65-66%), қалайыдан (29-32%), және мыстан (2-6%) тұрады. Бұл құйма жақсы жабылған шыны құтыдағы сынаппен араластырылады (қолданар алдында белгілі мөлшермен).

Ал металдар құймасының үгіндісі пластмасса құтыда шығарылады. Қазіргі кезде Ресейде СРСТ-43 маркалы күміс амальгамасы арнаулы қос камералы капсулаларда шығарылады және сапасы жағынан шетелдік амальгамалардан кем түспейді.

Күміс амальгамасының жақсы қасиеттері:

· жоғары қаттылық және беріктік;

· жұмсақтық;

· тіс тіндерінің түсін өзгертпеу;

· тісжегі қуысын пломбылаудың оңайлығы;

· аса қымбат емес;

· ауыз сұйығында ерімейді;

· қатайғаннан кейін пломбының бетін өңдеу (әрлеу) жеңіл.

 

Теріс қасиеттері:

· тіс тіндеріне жабысуы төмен;

· жылу өткізу арқылы ұлпаны тітіркендіреді;

· қатаю кезінде көлемін кішірейтеді және жоғары тепмературада көлемін үлкейтеді;

· түсі кіреуке түсіне сай келмейді;

· құрамындағы сынаптың буланып, тіс емдеу кабинетінде медицина қызметкерлеріне зиянды әсер ету мүмкіндігі (техника қауіпсіздігін сақтамаған жағдайда) жоғары.

 

Күміс амальгамасы көбінесе шайнау қысымы көп түсетін (пломбының беріктігін қажет ететін), эстетикалық сұранысты талап етпейтін тістердегі І, ІІ және азу тістердегі V кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін қолданылады.

Күміс амальгамасын қолдануға болмайтын кездер:

· амальгамаға жоғары сезімталдық немесе аллергия болған жағдайда;

· сынаппен созылмалы уыттану (меркуриализм) бар болған жағдайда (кәсибі мамандығына байланысты);

· ауыз ішінде алтыннан және басқа металдардан жасалған ортопедиялық конструкциялар болған жағдайда;

· тісжегі қуысының қабырғалары өте жұқа болған кезде (жоғары температурадан көлемін үлкейткен кезде іштен әсер еткен қысымнан сынып кетеді);

· емдеу мекемесінде амальгамамен жұмыс істейтіндей жағдай болмаса.

 

Тісжегі қуысын амальгамамен пломбылау бірнеше кезеңдерден тұрады:

1.тісжегі қуысын егеп-тазалау. Тісжегі қуысын егеп- тазалау қалыптасқан ереже бойынша орындалады және оған көбіне жәшікке ұқсас пішін береді. Пломбының жақсы бекуін қамтамасыз ету үшін қуыс қабырғаларында ретенциялық құрылымдар (сайлар, ойықтар) жасайды. Кіреуке жиегін 45° бұрышпен қиып тегістейді.

2.Аралық төсем салу. Амальгаманың жылу өткізгіштік теріс қасиеті бар. Мұның өзі ұлпаның ұзақ тітіркенуі әсерінен созылмалы қабыну тудыруы мүмкін. Сондықтан міндетті түрде минералды цементтерден амальгама астына аралық төсем салынады, қалыңдығы 1-1,5 мм аспауы және кіреуке-дентин шекарасына дейін төселуі керек. Қазіргі кезде аралық төсем орнына бондинг жүйесін пайдалануға да болады. Тісжегі қуысының қабырғаларын адгезивті жүйемен жапқан кезде, пломбының жиектік жабысуы жоғарылайтын анықталған.

3.Амальгаманы дайындау. Ертеректе амальгаманы арнаулы фарфор немесе шыны тостағанда қолмен араластыратын. Қазіргі кезде электр тоғымен жұмыс істейтін амальгамаараластырғышпен 15-60 секөнд уақыт шамасында араластырып алады (керекті мөлшерлері пластмасса капсулаға алдын-ала салынып қойылған).

Дайын болған амальгама жұмсақ, саусақпен қысқан кезде шықырлаған дыбыс береді және бөлшектенбейді. Амальгаманы сығып артық сынапты алу үшін қолға рәзіңке қолғап кію керек.

4. Амальгаманы тісжегі қуысына енгізу және нығыздау.

Дайын болған амальгаманы кешіктірмей тісжегі қуысына бөлшектеп тегістегіштің немесе амальгаматрегердің көмегімен енгізе бастайды. Алғашқы қойылған бөлшегін арнаулы нығыздағышпен (штопфермен) қуыс қабырғаларына сүйкей отырып нығыздайды және біртіндеп қуысты артықтау етіп толтырады. Мұқият нығыздалған пломбы өте берік болады және жиектік жабысуы жақсарады, сонымен қатар нығыздалған сайын сынаптың артық мөлшері бөлініп отырады.

5.Пломбыға белгілі пішін беру арқылы тістің анатомиялық құрылысын қалпына келтіреді. Бұл кезең спиртпен ылғалданған мақта анжылардың және тегістегіштердің көмегімен орындалады.

6. Пломбыны әрлеу (тегістеу және жылтырату).

Бұл кезең 24 сағаттан кейін карборунд тастардың, финирлер мен полирлердің көмегімен орындалады. Бұл мақсатта өте ұсақ алмас үгінділерімен жабылған абразивті борларды да қолдануға болады.

Жақсы әрленген пломбы тістің анатомиялық пішінін қалпына келтіруге тиіс және беті айнадай жалтырап, пломбы мен қуыс жиектері шекарасында сүңгі іркілмей (ілінбей) жылжуы керек.

Тісжегі қуысының бір қабырғасының (жанасу қабырғасының) жоқ болуы кезінде оны арнаулы матрицаларды немесе бөлгіш пластиналарды (разделительные полоски) пайдалануды қажет етеді. Матрица – металдан жасалған жұқа пластинка, арнаулы матрица ұстағыштың көмегімен пломбыланатын тісті орай бекіткен кезде тісжегі қуысының жоқ қабырғасын қалыптастырады. Матрицаның төменгі жиегі қуыстың қызылиек жақ қабырғасына жақсы жанасуы керек. Егер ол дұрыс жанаса алмаса екі тістің арасына ағаштан жасалған сыналарды немесе тығыз мақта анжы қоюға болады. Егер матрица мойын бөлігімен тығыз жанаспаса, пломбылық материалды нығыздаған кезде матрица  мен тістің сауыты арасында саңлау пайда болып, материал тістер аралық кеңістікке түсуі нәтижесінде пломбының біраз бөлігі шыға немесе салбырай қатаяды(нависающая пломба).

ІІ кластық тісжегі қуыстарын пломбылаған кезде көрші тіспен түйісу аймағын құруды ұмытпау керек (тістер тығыз орналасқан жағдайда). Тістер арасындағы металл пластинканы алғаннан кейін оның қалыңдығындай саңылау қалып қойып, кейін ас шайнағанда тамақ кіріп ыңғайсыздық тудырады және қызыл иек бүртігі жарақаттанады.

Түйісу аймағын құру үшін матрицаны пломба қатпай тұрып алып, аздап артықтау қойылған пломбының көрші тіс жақ бөлігін нығыздағышпен немесе мақта анжымен аздап нығыздайды (пломбының жанасу беті көрші тіспен тығыз түйіскенге дейін).

Кейде басқа тәсілді де қолдануға болады. Ол үшін тістер арасына ағаш сынаны тістер бір-бірінен темір пластинканың қалыңдығындай кеңістікке ажырайтындай күшпен қою керек. Пластинка мен сынаны алғаннан кейін тістер орнына қайта оралып, бір-бірімен тығыз түйіседі.

Тістер арасындағы түйісудің сапасын тексеру үшін жібек жіптерді (флосты) пайдаланады. Флосс тістер арасына күшпен өтіп, пломбы бетімен ілінбей еркін жылжуы керек. Пломбының дұрыс салынғанын сүңгімен тістер аралық кеңістікті тексеру арқылы да анықтауға болады.

 

Мыс амальгамасы.

Мыс амальгамасы аз мөлшерде күміс және қалайы қосылған мыс пен сынаптың құймасынан тұрады.

Жақсы қасиеттері:

· жұмсақтық;

· жиектік жанасуының жоғарылылығы;

· аққыштық қасиетінің төмендігі; отыру коэфициентінің аздығы;

· бактерицидтік қасиеті;

Кемшін жақтары:

· ауызда коррозияға ұшырау;

· тістің түсін өзгертіп, қара-сұр түске бояу;

Тісжегі қуысын дайындау, пломбылау тәсілдері күміс амальгамасымен жұмыс істеу кезіндегідей. Қазіргі кезде Ресейде аз мөлшерде капсулаларда «СМТА-56» маркалы мыс амальгамасы шығарылады. Онымен жұмыс істеу уақыты 6-8 минут.

 

Галлий құймалары (сплавы галлия).

Сынаптың уытты қасиеттеріне және онымен жұмыс істеу үшін арнаулы жағдай туғызудың қажеттілігі құрамында уытты қоспалары жоқ металқұрамды материалдарды шығаруды ойластыруға мүмкіндік туғызды. Соның нәтижесінде галий негізінде пломбылық материал ойластырылып шығарылды. Сынап сияқты галий де бөлме температурсында металдар ұнтағымен химиялық реакцияға түсіп өз бетімен қатаятын қоспалар құрайды. Физикалық-механикалық қасиеттері жағынан галий негіздес материалдар амальгамаларға жақын және төмендегі қасиеттерге ие:

 

· дайындау үшін арнаулы жағдайды қажет етпейді;

· беріктігі жоғары;

· жабысқақтығы жоғары (галийге байланысты), сондықтан жиектік жанасуды жақсы қамтамасыз етеді;

· жұмсақ, иілгіш, қолдану тәсілі оңай.

Теріс қасиеттері:

· коррозияға ұшыраушылығы амальгамадан жоғары;

· жұмыс істегенде қол терісіне жабысады;

· алтыннан істелген сауыттардың түсін өзгертеді;

· амальгамаға қарағанда сынғыш келеді (хрупкий).

Қазіргі кезде шығарылып жүрген галлий негіздес пломбылық материалдың ұнтағының құрамына үгінділерінің көлемі 40 микроннан аспайтын «мыс-қорғасын» құймасы кіреді, массасы жағынан 55-60% құрайды, ал сұйығы бөлме температурасында сұйық консистенцияға ие болатын «галлий-қорғасын» құймасынан тұрады (массасы жағынан 40-50%).

Бұл материалдардың Ресейде шығарылатын өкілдері: «Галлодент-М» және капсулаларда шығарылатын «Дентомет» және «Металлодент».

Галлодент-М екі құтыда шығарылады, бірінде металдар құймасының үгінділері, екіншісінде сұйықтығы. Арнаулы өлшеуіштердің көмегімен ұнтақ пен сұйықты 3:1 қатынасында полиэтиленнен жасалған капсулаларға салып, амальгамаараластырғыштардың көмегімен араластырады (30-40 секөнд). Пломбыларды қою тәсілі және көрсетілімдері жоғарыда айтылған амльгаманы қолданудағыдай. Ауыз ішінде Галлодент-М 20-30 минөттен кейін қатая бастайды. Қатайған пломбының бетін әрлеу келесі күні жүргізіледі.

 

Композиттік пломбылық материалдар.

Толықтырылған (композиттік) полимерлік пломбылық материалдарды немесе композиттік пластмассаларды ХХ ғасырдың 50-ші жылдары АҚШ-та доктор Bowen ойлап тапты.

Ең алғаш композиттік материалдарды стоматологиялық нарыққа «3М» компаниясы 1964 жылы шығарды.

Сексенінші жылдардың басында композиттік материалдарды жетілдіру екі бағытта жүргізілді: эстетикалық сұранысты қанағаттандыру үшін алдыңғы тістерге және қаттылықты, беріктілікті қажет ететін шайнау тістеріне арналған материалдарды шығару. Сонымен қатар адгезивтік жүйенің (кіреуке және дентинмен микромеханиалық байланыс құрушы) шығарылуы да бұл саладағы үлкен жетістік болып саналады.

Қазіргі кезде жедел жетілдірудің нәтижесінде «әмбебап» (универсальные), микротолықтырылған, азу тістерге арналған тығыз және жақсы нығыздалатын, сұйықтау немесе аққыш композиттік материалдар мен компомерлер шығарыла бастады. Осы топтағы материалдар терапиялық стоматологияның негізгі мақсаттарының шешімі болып табылатын тістерді реставрациялау (тісті қалпына келтіріп пломбылау) жүйесінің негізін қалады.

«Композит» деген термин Philips R. W.,(1973) анықтауынша, бір-бірімен ашық бөліну шекарасымен шектелген, кем дегенде екі түрлі химиялық материалдардың кеңістіктегі үшөлшемді бірлестігін немесе комбинациясын білдіреді.

Халықаралық стандартқа сай (JSO), композиттердің ең басты немесе негізгі болып саналатын белгілері:

· Құрамында міндетті түрде акрильді және эпоксидті шайырлар негізінде құрылған полимерлік матрицаның болуы;

· Салмағының 50% артық мөлшерін бейорганикалық толықтырғыштар құрауы керек;

· Толықтырғыштың бөлшектері немесе ұнтағы (частицы) беткейлік-белсенді заттармен (поверхностно-активные вещества) өңделуге тиіс, осының әсерінен олар полимерлік матрицамен химиялық байланысқа түседі.

Қазіргі кезде көбірек қолданыс тапқан акрильді және эпоксидті шайырлары органикалық матрица негізіндегі композиттер. Bowen 1958 жылы бисфенолглицидилге(BISG) катализатор қосқан кезде метилметакрилатпен (MMA) реакцияға түсіп, үш минөттен кейін қатайып, көлемін тек 5% кішірейтетінін анықтады (акрильді пластмассалардың қатаю кезіндегі көлемінің кішіреюі 21% тең). Сондықтан да көптеген композиттердің органикалық негізі BISGMA-дан (бисфенолглицидил метилметакрилат) тұрады.

BISGMA жоғары молекулярлы салмақты мономер болып табылады. Бұл – эпоксид шайырына реакцияға түскіш метакрил тобының қосылуынан пайда болған гибридті молекула. Композиттерді шығаруда басқа да органикалық негіз – уретандиметилметакрилат (УДМА) пайдаланылады. Ол материалға жақсы қоюлық және беріктік береді, өзінің полимеризациялану (қатаю) кезінде отыру көрсеткіші өте төмен. Соңғы кезде композиттер декандиалдиметакрилат (ДДМА) немесе триэтиленгликольдиметакрилат (ТЭГДМА) сияқты мономерлер негізінде шығарыла бастады. Олар композиттердің созылғыштығын азайтып, қатаю уақытын баяулатады.

Сонымен қатар, полимерлік матрицаның құрамына төмендегі заттар кіреді:

· Қатаюды (полимеризациялануды) тежеуші зат (ингибитор полимеризации) – сақталу және материалмен жұмыс істеу мерзімін ұзартушы зат;

· Катализатор – қатаюды бастаушы зат;

· Қосымша катализатор (ко-катализатор) – полимеризациялану үрдісін жақсартушы зат (химиялық жолмен қатаятын композиттер үшін);

· Қатаюды белсендіруші (активатор полимеризации или фотоинициатор полимеризации–қатаюдың немесе полимеризацияланудың сәулелік ынталандырушысы);

· Ультракүлгін сәулені жұтқыш немесе композиттің түсін тұрақтандырғыш, материалға ультракүлгін сәуле түскен кезде түсінің аса көп өзгермеуін қамтамасыз етеді.

Қазіргі кезде шығарылып жүрген копмозиттердің екінші маңызды құрамының бірі – бейорганикалық немесе минералды толықтырғыш. Оның белгілі көлемдік мөлшері композиттің жақсы қасиеттерге ие болуына ықпал етеді және олар төмендегідей:

· Қатаю әсерінен отыру көрсеткішін төмендетеді (0,5 – 0,7% дейін);

· Органикалық матрицаны деформацияланудан сақтайды;

· Жылу әсерінен кеңею коэффицентін төмендетеді;

· Су сорғыштық қасиетін азайтады;

· Материалдың қаттылығын, механикалық әсерлерге төзімділігін арттырады;

· Эстетикалық сұранысты қанағаттандырады. Себебі, толықтырғыштың мөлдірлігі мен сәуле сындырғыштығы тіс кіреукесінің физикалық көрсеткіштеріне жақын.

Толықтырғыш композиттің сапасын төмендегі көрсеткіштермен қамтамасыз етеді:

·Бөлшектерінің немесе ұнтақтарының көлемі. Әртүрлі композиттердің құрамында олардың көлемі 0,04-45мкм (микрометр)

 құрайды (1мкм бір микронға тең);

·Толықтырғыштың қандай материалдан дайындалғандығы. Көптеген бейорганикалық материалдар толықтырғыш ретінде пайдаланылады. Олар: балқытылған және кристалды кварц, алюмосиликатты және борсиликатты шынылар, кремнийдің қос тотығының түрлендірілген өкілдері, алмас үгінділері, жасанды жолмен алынған бейорганикалық заттар;

·Ұсақ бөлшектерінің пішіні (форма частиц). Олардың пішіндері таяқшалар, сфералы, ұсақ үгінділер түрінде, домалақ және «шаш» пішіндес болуы мүмкін.

Толықтырғыш бөлшектерінің беткейлік-белсенді заттармен (поверхностно-активные вещества) немесе аппретациялаушы заттармен (аппретирующие вещества – вещества придающие другие свойства) өңделуі полимерлік матрица мен толықтырғыштың арасында тұрақты және берік байланыс болуын қамтамасыз етіп, композитке бойына су сіңірмейтін, беріктік, тұрақтылық сияқты жақсы қасиеттер береді. Беткейлік белсенді заттар ретінде кремнийорганикалық қоспаға жататын силан пайдаланылады.

 

Композиттік материалдардың жүйесі, негізгі қасиеттері.

Қазіргі кезде қолданылып жүрген композиттік пломбылық материалдар (реставрациялаушы материалдар) бірнеше көрсеткіштерге байланысты жүйеленеді:

Толықтырғыштың бөлшектерінің мөлшеріне байланысты композиттердің төмендегі түрлерін ажыратады:

· Макротолықтырылған композиттер (бөлшектерінің мөлшері 8-45мкм), немесе макрофилдер, салмақ көлемінің 60% толықтырғыштан тұрады;

· Микротолықтырылған композиттер (бөлшектерінің мөлшері 0,04-0,4мкм) немесе микрофилдер, салмақ көлемінің 45% толықтырғыштан тұрады;

· Минитолықтырылған композиттер (бөлшектерінің мөлшері 1-5мкм) немесе минифилдер, салмақ көлемінің 70% толықтырғыштан тұрады;

· Гибридті композиттер будандастырылғаны композиттер немесе гибридтер (бөлшектерінің  мөлшері – 0,04-5мкм, орташа мөлшері 1-2мкм),салмақ көлемінің 50% толықтырғыштан тұрады;

*Микрогибридтті композиттер бөлшектерінің көлемі 0,04-1мкм, орташа көлемі 0,5-0,6мкм.

*Нанотолықтырылған-нанокомпозиттер(нанотехнологияны пайдалану нәтижесінде шығарылған):

-шынайы нанокомпозиттер;

-наногибридті композиттер;

Қатаю тәсіліне байланысты:

· Химиялық тәсілмен қатаятын композиттер-Iтип

· Сәуле әсерінен қатаятын композиттер-II тип;

· Аралас тәсілмен қатаятын композиттер;

-сәулеәсерінен+химиялық жолмен

-сәуле әсерінен+жылу әсерінен

*Жылу әсерінен қатаятын композиттер-IA тип;

Консистенциясына байланысты;

· Дәстүрлі консистенциялы композиттер (традиционные композиты);

· Сұйық (аққыш) композиттер (текучие композиты);

· Нығыздалатын композиттер (конденсируемые композиты);

· Түрлендірілген (модифицированные) композиттер немесе флюкерлер (флюкеры).

 

Қолдану орнына байланысты;

· Азу тістерді пломбылауға арналған – «А» кластағы композиттер;

· Алдыңғы тістерді пломбылауға арналған – «В» кластағы композиттер,

· Әмбебап композиттер.

         Макротолықтырылған композиттер.

Макротолықтырлыған композиттер (макрофилдер) құрамына бөлшектерінің  мөлшері 8-45мкм, ал кейде 100 мкм-ге дейінгі ірілендірілген кварц, шыны және керамикадан тұратын толықтырғыштар кіреді.Толықтырғыштың салмақ көлемі 60% құрайды (1-сурет).

1-сурет. Макротолықтырылған композит Призмафил-С
Олардың жақсы қасиеттері: беріктік, қанағаттанарлық оптикалық қасиеттері, рентгенайқындылық.

Теріс қасиеттері: пломбыны тегістеудің қиындығы, тегістегеннен кейін де бетінің кедір-бұдырлығының сақталуы, бетіне тіс қақтарының оңай шөгуі, түсінің тұрақсыздығы.

Бұл кемшіліктердің барлығы толықтырғыш бөлшектерінің мөлшеріне байланысты. Бетінің тегіс болмауы органикалық матрицаның тез бұзылуына әкеп соғады. Олар матрицадан босап шығып, үгіліп түсе бастайды және кедір-бұдырлықты одан әрі жоғарылата түседі. Осының нәтижесінде пломба абразивтік бұзылысқа ұшырайды.

Макротолықтырылған композиттер қазіргі кезде аздап шығарыла бастады, дегенмен әлі де қолданылатын қолайлы көрсетілімдер бар:

· І кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін.

· Азу тістердегі V кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін.

· Алдыңғы тістердің таңдай немесе тіл жақ беттеріндегі тісжегі қуыстарын пломбылау үшін.

· Алдыңғы тістердің қатты бұзылған сауыттарын қалпына келтіріп, сыртынан микрофильді композиттермен әрлеу үшін (пломбының ядросы ретінде қолдану).

· Кіші азу тістердегі ІІ кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін.

· Жасанды сауыт кигізілетін тістерді қалпына келтіру үшін.

 

Макротолықтырылған композиттердің өкілдері:

· бөлшектерінің мөлшері 5 мкм-ден ірілеуі–Adaptic, Evikrol, Concise, Призмафил, Nimetic, Profile, Command, Simulate, Комподент,ФолакорС.

· бөлшектерінің мөлшері 5 мкм-ден ұсақтауы – Marathon, Prisma-Fil.

 

Микротолықтырылған композиттер.

2-сурет. Микротолықтырылған композит BEAUTIFIL II
Пломбылық материалдарға қойылатын эстетикалық талаптар жоғары сапалы микротолықтырылған композиттердің шығарылуына мүмкіндік туғызды. Микротолықтырылған композиттердің толықтырғаштарының бөлшектерінің  мөлшері 0,04-0,4 мкм, толықтырғыштың салмақ көлемі 45%, көбінесе кремний қосоксидінен тұрады және көптеген жақсы қасиеттерге ие (2-сурет):

·  беті жақсы тегістелінеді;

·  әрленген беті тұрақтылығын ұзақ сақтайды;

·  түсі өзгермейді;

·  эстетикалық сұранысты толық қанағаттандыра алады;

·  абразивтік бұзылысқа аз ұшырайды.

Сонымен қатар теріс қасиеттері де жоқ емес. Олар: механикалық беріктігінің төмендігі, температура әсерінен кеңеюі коэффициентінің жоғарылылығы. Бұл теріс қасиеттер толықтырғыштың салмақ қатынасының аздығына байланысты. Сондықтан да соңғы кезде шығарылып жатқан микротолықтырылған композиттердің құрамында толықтырғыштардың салмақ көлемі біраз қаныққанша (80% дейін) жоғарылатылуда.

Микротолықтырылған композиттерді қолданатын кездер:

· пломбыға жоғары эстетикалық талап қойылған кезде;

· ІІІ кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін;

· IV кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін, механикалық зақымға ұшыраған тіс сауыттарын қалпына келтіру үшін (гибридті және макротолықтырылған композиттерді, парапульпарлы штифтерді- пиндерді қатар пайдалана отырып);

· барлық тістердегі Vкластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін;

· тістердің тісжегіден басқа қатты тіндерінің жарақаттары кезінде пайда болған ақауларды (кіреуке эрозиясы, тістер гипоплазиясы және флюорозы, сынаға ұқсас ақау) пломбылау үшін;

Микротолықтырылған композиттердің өкілдері:

Beautifill, Degufill-SC, Isopast (химиялық жолмен қатаяды), Evicrol Anterior, Isopast, Estic Microfill, Silux Plus, Durafill, Durafill YS, Silar, Prisma Micro-File, Helio Progress, Evicrol-Solar ZC, Visio-Dispers, Amelogen Microfill, Micronew, Filtek A110 (сәуле әсерінен қатаяды).

Минитолықтырылған композиттер.

Минитолықтырылған композиттердің толықтырғыштарының бөлшектерінің мөлшері 0,5-10 мкм, толықтырғыштың салмақ көлемі – 70%. Өзінің негізгі қасиеттері жағынан макро және микротолықтырылған композиттердің арасынан орын алады, қанағаттанарлық механикалық және эстетикалық қасиеттерге ие. Алдыңғы және азу тістерді (аса үлкен емес қуыстарды) реставрациялау (пломбылау) үшін қолданылады.

Минитолықтырылған композиттердің өкілдері:

Permaplast, Bis-Fill II(химиялық жолмен қатаяды),Visio-Fill S, Marathon V, Prisma TPH, Z 100, Herculite XRV(сәулемен қатаяды).

Будандастырылған немесе буданды композиттер (гибридтер-гибриды).

Буданды композиттер немесе гибридтер бөлшектерінің мөлшері 0,05-50 мкм, толықтырғыштың салмақ көлемі 50%, әр топтағы композиттерді үйлестіре қосудың нәтижесінде шығарылған. Толықтырғышының химиялық құрамы әртүрлі (барий және стронций шынылары, күйдірілген кремний тотығы, фторлы қоспалар). Материалдар механикалық әсерлерге төзімді, уытты қасиеті жоқ, беттері жақсы әрленеді. Негізгі өкілдері: Alfacomp, Evicrol Posterio, Compolux, Призма (химиялық жолмен қатаяды), Pertac-Hybrid, Polofill, Призмафил, Visio molar, Polofill Molar,+ Glaster (сәуле әсерінен қатаяды).

Әмбебап микробуданды композитттер (микрогибридтер).

Қазіргі кезде құрамында өте ұсақ буданды толықтырғышы және түрлендірілген полимерлік матрицасы бар микробуданды композиттік материалдар шығарыла бастады. Оларға өте жоғары беріктік қасиет және эстетикалық сұранысты қанағаттандыра алатын мүмкіндіктер тән. Олардың толықтырғыш бөлшектерінің мөлшері 0,04-10 мкм, салмақ көлемі 85%. Негізгі өкілдері: Valux Plus, (Z-100-Universal-Composite), Filtek, Z-250, Charisma, Carisma PPF Dedufill-Ultra, Dedufill-Mineral, Prizma TPH, Spectrum TPH, Esthet-X, Tetric, Te-Econom, Pertac II, Arabesk, Arabesk TOP, Admira, SERAM Fill, Miris, Amelogen Plus, Ecusit (барлығы сәуле әсерінен қатаяды).

Аталған материалдардың ішінде өте кең тарағаны – «Z-100» («ЗМ» атты АҚШ фирмасы шығарады). Шығыс Еуропа елдеріне «Valux Plus» деген атпен жіберіледі. Ең бір ерекшелігі – толықтырғышы синтетикалық әдіспен алынған цирконий мен кремний қоспасынан тұрады. Мұндай толықтырғыш жоғары беріктік, қажалмаушылық, оңай тегістелу, табиғи жылтырлығын сақтау, түсін өзгертпеу сияқты қасиеттер береді.

Компомерлер.

Компомерлер-композиттер мен шыныиономерлі цементтердің үйлестірілген қасиеттері негізінде шығарылған пломбылық материалдар. Тіс тіндерімен химиялық байланысқа түседі, биологиялық сәйкестігі жоғары, құрамында фтор бар (ұзақ уақыт тіс тіндеріне бөлініп тұрады).

Бұл материалдың негізгі өкілі – Дайрект, қос компонент түрінде шығарылады: композит-шыныиономерлі пломбылық материал арнаулы капсулаларда және праймер-адгезивтен тұратын сұйықтық құйылған пластмасса құты. Дайрект III, V кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін, тісжегіден басқа аурулар кезінде пайда болатын ақауларды жабу үшін, ІІ кластық тісжегі қуысының қызылиек жақ қабырғасын қалыптастыру үшін және композиттер астына аралық төсем үшін қолданылады.

 

Сұйық (аққыш) композиттер.

Сұйық композиттердің құрамына жоғары аққыштық қасиеті бар шайырлар негізінде түрлендірілген полимерлік матрица кіреді. Толықтырылу деңгейі салмақ көлемінің 55-60% құрайды. Кейбір материалдар тіс тіндеріне фтор иондарын бөліп тұрады. Сұйық композиттер аса берік және созылғыш келеді, рентген айқындылығы жоғары, эстетикалық сұранысқа толық жауап бере алады. Аққыш қасиетіне байланысты пломбылық материалды апару қиын аймақтарға оңай енеді және өңделген тіс тіндерінің беттеріне ағып кетпей жақсы жабысады. Кейбір фирмалар әртүрлі дәрежелі аққыш материалдар шығара бастады: орта дәрежелі аққыш (“Flow-it ZF”, “Aeliteflo”) және жоғары аққыш (“Flow-it”, “Aeliteflo ZV”) сұйық композиттер. Олардың басқа өкілдері де бар: Revolution, Flow Zine, Glase, Arabesk Flow, Durafill Flow, Tetric Flow, Wave сияқты.

Сұйық композиттердің ең бір кемшін жағы – қатаю кезінде көлемдерінің кішіреюі (5% дейін).

Сұйық композиттерді қолданатын кездер:

· тістердің мойын бөліктеріндегі тісжегі қуыстарын пломбылау, тісжегіден басқа тістердің қатты тіндерінің жарақаттары кезінде пайда болатын ақауларды жабу үшін;

· кіреуеукенің сынып немесе шытынап кетуінен пайда болған ұсақ ақауларды қалпына келтіру үшін;

· азу тістердің шайнау беттеріндегі аса үлкен емес қуыстарды пломбылау үшін;

· терең фиссураларды-жүлгелерді жабу үшін; алдыңғы тістердегі тісжегі қустарын (III, IV кластар) пломбылау үшін;

· фарфор мен металлкерамика сынықтарын қалына келтіру үшін;

· туннельді әдіспен егеп-тазаланған ІІ кластық тісжегі қуыстарын пломбылау үшін;

· тіс тұқылын ұзартып, жасанды сауыт кигізуге дайындау үшін;

· композиттерден қойылған пломбылардың жиектік жанасуын қалпына келтіру үшін;

· винирлерді бекіту үшін;

· талшықты шендеуші жүйелерді бекіту үшін.

 

Композиттердің полимеризациялануы.

Композиттік материалдардың полимеризациялануы (қатаюы) бос радикалдардың көмегімен және төмендегі жолдармен жүреді:

· жылу реакциясы әсерінен (қыздырған кезде).

· химиялық реакция нәтижесінде.

· фотохимиялық реакция нәтижесінде.

Химиялық жолмен немесе өзбетімен қатаятын композиттер қоскомпонент түрінде («қойыртпақ-қойыртпақ», «ұнтақ-сұйық») шығарылады. Бір компоненттің құрамында химиялық белсенді зат (активатор), екіншісінің құрамында қатаюды (полимеризациялануды) бастаушы зат (инициатор) бар. Осы компоненттер араласқан кезде бос радикалдар түзіліп, полимеризациялану реакциясын бастайды.

Химиялық белсенділік арқылы қатаю тісжегі қуысының тереңдігіне, пломбының қалыңдығына қарамай барлық қабатта тепе-тең жүреді. Бірақта, қатаю үрдісі аяқталғаннан кейін пломбының құрамында белсенді зат (термоамин) қалып қояды және жүре келе химиялық өзгерістерге ұшырау нәтижесінде пломбының түсінің өзгеріп, көкшіл-сұрлануына әкеп соғады.

Бұл композиттердің тағы бір кемшілігі қатаю үрдісі компоненттерін араластыра салысымен басталады және пломбылау кезінде оның тұтқырлығы өзгереді. Тісжегі қуысына апару уақытын аз ғана кешіктірген болса, пломбының көптеген қасиеттері: беріктігі, тіс тіндеріне жабысу қасиеті өзгереді. Мұның өзі стоматолог-дәрігердің әртүрлі тісжегі қуыстарын пломбылау жұмыстарына біраз қиындықтар келтіреді.

Сәуле әсерінен қатаятын композиттердің полимеризациялану механизмі де жоғарыдағыдай, бірақ мұнда белсенділік көрсетуші химиялық зат емес, фотондық (сәулелік) энергия. Егерде 1970 жылы ультракүлгін сәулемен (ультрафиолетовые лучи) қатаятын материалдар дәрігерлік тәжрибеге енгізілген болса, 1977 жылдан бастап галоген шамының көрінетін сәулесі әсерінен (сәуленің көкшіл спектрі) қатаятын материалдар шығарыла бастады.

Қазіргі кезде сәулемен қатаятын композиттер үшін ұзындығы 400-500 нм, қарқындылығы жоғары көкшіл сәуле шығаратын арнаулы белсенді шамдар пайдаланылады. Сонымен қатар басқа спектрлі сәулелерді (сары, жасыл, қызыл), лазерді және плазманы қолдану мүмкіндігі де қарастырылуда.

Сәулемен қатаятын композиттердің химиялық жолмен қатаятын композиттерге қарағанда көптеген артықшылықтары бар:

· араластыруды қажет етпейді;

· жұмыс барысында тұтқырлығын (вязкость) өзгертпейді;

· пломбыға асықпай пішін беру мүмкіндігі бар;

· пломбылық материал дәрігердің командасынан (рұқсатынан) кейін қатая бастайды;

· материалмен қалдықсыз жұмыс істеуге мүмкіндік бар;

· құрамына кіретін компоненттер әсерінен түсін өзгертпейді;

· сәуле әсерінен қатаю өте жоғары дәрежеде жүреді;

· сәуле арқылы қатайған пломбылар жоғары сапалы болады.

Сәулемен қатаятын пломбыық материалдардың кемшін жақтары:

-пломбы қоюға ұзақ уақыт кетеді (бір пломбыға 40-60 минөт);

-пломбылық материалдың қымбат болуы;

-сәуле дәрігер көздеріне зиянды әсер етеді (сәулежеткізушіде арнаулы қорғаушы экран болу керек, сәуле өткізбейтін көзілдірік кію керек);

Сәулемен қатаятын пломбылық материалдарды пайдалану уақытының белгілі шегі болатынын білу қажет. Материалдардың баяу қатая бастауы күн сәулесі мен емдеу бөлмесіндегі шамның жарығы және стоматологиялық қондырғыдағы шамның жарығы әсерінен де байқалуы мүмкін. Пломбылық материалға тікелей әсер ететін сәуленің қуаты 300 мВт/см² кем болмауы тиіс.

Мұндай сәуле күші қалыңдығы 3 мм материалды шығарушы фирма белгілеген уақыт ішінде қатайта алады. Сондықтан шамның сәуле шығару қарқындылығын арнаулы лайтметрлермен (люксметрмен, радиометрмен) жетісіне бір рет тексеріп отыру қажет.

Барлық композиттік материалдар қатая келе өзінің көлемін 2-5% кішірейтеді. Оның себебі– мономер молекулалары арасындағы кеңістіктердің қатаю кезінде кішіреюі (3-4 ангстремнен 1,54 ангстремге дейін). Егер қатаятын композиттің қабаты тым қалың болса, төменгі бөлігіне сәуленің жетпей қалуы нәтижесінде бондингсіздену үрдісі (пломбы мен тісжегі қуысы қабырғасының арасындағы байланыстың бұзылуы -дебондинг) орын алады да пломбыланған тісте әртүрлі тітіркендіргіштерден ауыру сезімі туындайды, тіпті кейде пломбы жарылып, төмпешіктері бұзылысқа ұшырауы да мүмкін.

Композиттердің қатаю кезінде көлемдерінің кішірейу көрсеткіштерін азайту үшін құрамындағы бейорганикалық толықтырғыш мөлшерін көбейтеді, кіреуке-дентин адгезивтерін және бонд-агенттерді пайдаланады, материалды қабаттап жабыстыра қатайту тәсілін және басқа техникалық әдістемелерді қолданады.

Химиялық жолмен қатаятын композиттер қатаю кезінде пломбының ортасына қарай отырады, ал сәулемен қатаятын композиттер сәуле көзі бағытында отырады. Отыру көрсеткішін (көлемін кішірейту) азайту үшін композиттік материалды тісжегі қуысына қабат-қабатымен апарып, әр қабатына жеке-жеке сәуле жіберіп қатайтады. Ең тиімді тәсіл – тісжегі қуысына материалды «И» пішіндес етіп орналастыру (сурет). Ол композитті үш нүктеде бекітіп, тістің төмпешіктерінің жиырлып қалуынан сақтайды.

Сәулемен қатаятын композит сәуле көзі бағытында отыратындығы ескеріліп, нысаналы бағытта қатайту әдісі ойластырылды. Ол үшін тісжегі қуысына апарылып орналыстырылған композиттің әрбір бөлшегіне орналасу аймағына байланысты белгілі бағытта сәуле шоғыры жіберіледі (сәуле шоғыры материал жабысатын аймаққа тік бағытталады.

Тісжегі қуысына апарылып нығыздалған материалдың қалыңдығы – 1,5-2 мм, ал алғашқы апарылатын бөлшегінің қалыңдығы оданда жұқа – 0,5 мм болу керек. Пломбының ең соңғы қабатын салғаннан кейін тістің анатомиялық пішінін (төмпешіктерін, жүлгелерін, біліктерін) қалпына келтіріп барып сәуле жібереді.

Қатайтқыш шамның сәулесін алғаш материалға кіреуке немесе тістеу қыры арқылы жібереді немесе алғашқы 10-15 секөнд аралығында сәуле шоғырының бағыты материал жабысатын қабырғаға тік бағытта болады (сурет). Осы уақыт ішінде қойылған материалдың бөлшегі барынша отыруға (усадка) ұшырайды. Содан кейін сәуле шоғырын (световодты) материал бетіне тік бағытта және өте жақын – 5 мм қашықтықта (одан аспау керек) орналастырады.

Тістердің жанасу беттеріндегі тісжегі қуыстарын (III, IV және II класс) пломбылаған кезде қуыстың қызылиек жақ қабырғасына салынған материалдың алғашқы бөлшегін қатайту үшін сәуле шоғырын тістер аралық кеңістік арқылы жіберген дұрыс. Мұның өзі пломбы мен қуыстың қызылиек жақ қабырғасының жақсы байланысын қамтамасыз етіп, екіншілік тісжегінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Аталған қуыстарда қойылған пломбы қатайғаннан кейін, матрицаны немесе бөлгіш металл-жолақты суырып алып, кейін тістераралық кеңістікке ұрт және ауыз іші жағынан 20 секөнд аралығында қосымша сәуле жібереді (сурет).

Тағы бір ескеретін жай, сәуленің әсерінен пломбылық материалдың алғашқыда 50%, ал 24 сағаттан кейін 40%, және 7 күн өткеннен кейін 10% қатаюы. Егер қуыста металлдан жасалған штифтер, амальгама қалдықтары болатын болса, олар сәуле жолына кедергі болады. Сондықтан бұл кезде пломбыға бірнеше бағытта (2-4) сәуле жіберіп қатайтады.

Қазіргі кезде жетілдірілген, аса көп отырыс бермейтін материалдар шығарыла бастады. Бұл материалдар тісжегі қуысына көлденең қабаттармен салынады және аз аралықтан сәулені пломбы бетіне тік жіберу арқылы қатайтылады. Мұндай материалдардың өкілдері: “Filtek – Z-250”, “Filtek P-60 (3М фирмасы), “Solitaire 2” (Heraus, Kulzer), “ Surefil” ( Detrey, Dentsply) және б.

Сәулемен қатаятын композиттермен жұмыс істегенде тағы бір маңызды жағдайды ұмытпау керек. Ол – қатайған пломбының ең жоғарғы қабаты немесе ауадағы оттегімен тежелген қабат (слой ингибированный кислородом воздуха). Құрамы жағынан ол толықпаған адгезивті жүйені еске түсіреді және полимерлік матрицаның бос радикалдарынын тұрады. Сырт көзге бұл қабат жылтыр, «ылғалды» жабысқақ жарғаққа ұқсап көрінеді және аспаппен немесе суланған аңжымен оңай алынады.

Бұл қабат композиттің қатаюы нәтижесінде пайда болған бөгде қабат сияқты көрінгенімен ертерек қатайған пломбы қабатына жаңа бөлшектің сапалы жабысуына жағдай туғызады. Пломбылық материалдың келесі бөлшектерін нығыздаған кезде бұл қабат ығысып шығып кетеді, ал нығыздалған материал қатайған бетке жақсы жабысады. Әрбір жаңа бөлшек қатайған қабатқа аспаптан жақсы ажырай отырып жабысуы керек және пломбы біртұтас болу керек. Пломбаның бетінде немесе терең қабаттарында ақ жолақтардың болуы композит қабаттарының бір-бірімен және тіс тіндерімен жабысуының нашарлығын көрсетеді.

Пломбының ең беткей оттегімен тежелген қабатының өткізгіштігінің жоғары болуы нәтижесінде оған тамақтың құрамындағы бояғыш заттар жақсы сіңіп, түсін өзгертеді және бұл қабат аспаптар әсерінен оңай жарақаттанады, абразивтік бұзылысқа тез ұшырайды. Сондықтан бұл қабатты жақсы қатайған қабатқа дейін толығымен алып тастау қажет (композиттерді қолдану техникасының стандартты шарттарына сай). Сол үшін қатайған пломбының барлық бетін тегістегіш және жылтыратқыш аспаптармен өңдеу, әрлеу керек.

Пломбының бетін әрлеудің ең соңғы кезеңі – арнаулы қойыртпақтар мен щеткамен (мәсуекпен) тазалап, бетін жылтырату және соңғы рет 10-20 секөнд сәуле жіберу (финишное отсвечивание).

Кей жағдайларда оттегімен тежелген қабатты болдырмау үшін (пломбының бетін өңдеу қиынға соғатын аймақтарда) оттегі өткізбейтін химиялық бейтарап глицеринді гельдер пайдаланылады. Олардың өкілдері: “Cower Gel” (Voco), “Deox” (Ultradent), “Airblock” (Dentsply), “Ziquid Strip” (Vivadent).

Егер пломбылау кезінде тісжегі қуысына қан немесе сілекей түсетін болса, оттегімен тежелген қабаттың қасиеті жойылып, өзінен кейінгі пломбы қабаттарымен қосылу мүмкіндігі төмендейді. Мұндай жағдайда пломбының бетін қышқылмен қайта өңдеп (10 секөндтей уақытта), жуып тазалап кептірген соң, адгезивті жүйені жағып, пломбылауды әрі жалғастырады.

Композиттермен пломбылаған кезде қолданылатын адгезивті жүйелер.

«Адгезия» деген сөз «adhaesio» латын сөзінен туындаған, әртүрлі екі немесе сұйық дененің бір-біріне жабысуын білдіреді.

Стоматологияда адгезияның екі түрін ажыратады:

-механикалық адгезия – пломбылық материал мен тіс тіндерінің микромеханикалық байланысы;

-химиялық адгезия – пломбылық материалдың дентин және кіреукемен химиялық байланыс құруы.

 

3-сурет. Адгезивті жүйе
Адгезивті жүйе – күрделі сұйықтар кешені (3-сурет), композиттік материалдардың тіс тіндерімен бірігуін (қосылуын) немесе бір-біріне жабысуын қамтамасыз етеді. Адгезивтік жүйенің құрамына дентинмен қосылатын праймер, композитті кіреукемен және дентинмен байланысқан праймер жарғағымен біріктіретін адгезив (бонд) кіреді.

Праймер – күрделі және ұшқыш химиялық қоспа, спирт немесе ацетон негізінде дайындалған; гидрофильді дентинді композитпен қосылуға дайындайды. Майланған қабаттан ажыраған тісжегі қуысының қабырғасындағы дентиннің коллаген талшықтарының арасындағы кеңістікке енген Праймер гибридті белдеу құрып, дентин сұйықтығының тісжегі қуысына қарай ақпауын қамтамасыз етеді.

Адгезивтер немесе бондтар кіреукелік және дентиндік болып бөлінеді.

Кіреукелік адгезивтер құрамы жағынан композиттің полимерлік матрицасына ұқсас келеді және ол кіреукемен механикалық байланысқа түседі (кіреукені қышқылмен өңдегеннен кейін призмалараралығында пайда болған микрокеңістіктерге ағып барып қатаюының арқасында), ал екінші жағынан пломбылық материалмен химиялық байланысқа түседі.

Дентинді композитпен байланыстыратын материалдар (бондтар) – құрамында гидрофильді топтары бар бір жағынан дентинмен, екінші жағынан композиттер шайырының мономерлерімен қатынасқа түсетін шайыр түріндегі қос немесе көпфункциональды химиялық қоспа.

Алғашқы шығарылған бондтардың құрамында кальций иондарымен байланысқа түсетін фосфатты топтармен 2-метакрилоглицерофосфор қышқылы болатын. Бұл дентиндік адгезивтер суды ұнатпайтын болғандықтан ылғалды дентинмен байланысқа түсе алмайды.

Кейінірек шығарылған дентиндік адгезивтердің құрамына гидроксиметакрилатпен глютаральдегид (Глюма жүйесі), TEGDMA мен глютаральдегид (Syntac жүйесі) енгізілді.

Пломбылау үшін қолданылатын композиттердің барлығы да кіреукені алдын-ала қышқылмен өңдеуді қажет етеді (кислотное протравливание или кондиционирование поверхности эмали). Ол үшін тегістеліп өңделген кіреуке бетіне фосфор қышқылының 35-37 % ертіндісін немесе осы негізде дайындалған гель қояды. Сонымен қатар малеин қышқылының 10% ертіндісін де пайдалануға болады. Егер кіреукені 15-20 секөнд уақытта ортафосфор қышқылының 30-40% ертіндісімен өңдесе, 10 мкм қабаты жойылып, 5-50 мкм тереңдікте ұсақ қуыстар (микропоры) пайда болады екен. Осыған байланысты кіреукенің қышқылда тұрақтылығы ескеріле отырылып, оны 15-60 секөнд аралығында өңдейді. Осыдан кейін кіреукені 30 секөнд сумен жуып кептіреді. Жақсы өңделген кіреуке жылтырлығын жойып, ақ – бор түстенеді.

Қазіргі кезде стоматологияда IV және V буынды адгезивті жүйелер пайдаланылады. Адгезивті жүйенің IV буыны композиттік материалдың кіреуке мен дентинге жақсы жабысуын қамтамасыз етеді. Бұл жүйенің құрамы үш компоненттен тұрады:

· кондиционер немесе кіреуке мен дентинді өңдеуге (ерітуге) арналған гель түріндегі фосфор қышқылы;

· праймер – гидрофильді төменгі молекулалы қатаюға бейім бірлестіктердің қоспасы, ылғалды дентинге сіңе отырып, гибридті қабат құрады;

· бонд-агент (адгезив) – толықпаған немесе қанықпаған шайыр, композитті гибридті қабатпен және кіреукемен байланыстырады.

Адгезивті жүйенің IV буыны қолданудың үшкезеңді техникасын (трехэтапная техника) қажет етеді:

· кондиционермен өңдеу (протравливание или кондиционирование)

Кіреуке мен дентинге ерітуші гель жағылады (ортофосфор қышқылы) немесе ерітуші сұйықтық (малеин қышқылы) қойылады, кіреукеге – 15 секөндтен кем емес уақытқа, ал денттинге – 15 секөндтен көп емес уақытқа.

Белгіленген уақыт өткеннен кейін тісжегі қуысын 20 секөндтай уақытта сумен жуып, аздап ауамен кептіреді. Осының нәтижесінде кіреуке жиегі кедір-бұдыр болып, ұсақ қуыстар пайда болады, дентинде майланған қабат еріп, толығымен жойылады, дентиннің жоғарғы қабатындағы минералсыздану үрдісі әсерінен дентин өзекшелерінің аузы ашылып, коллаген талшықтары жалаңаштанады.

· Праймерді жағу.

 Праймер өңделген дентин бетіне 15-30 секөндке қойылады (мақта немесе полиэтилен анжының көмегімен), уақыт өткеннен кейін анжы алынып тасталады да, әлсіз ауа шоғырымен кептіріледі. Кепкен праймердің беті жылтыр болады. Праймер кіреукеге түскен болса, жабысу үрдісіне әсер етпейді.

Кейбір композит шығарушы фирмалар праймерді дентинге кисточканың көмегімен сіңіре отырып жағуды ұсынады.

· Адгезивті апару.

Адгезивтің жұқа қабаты қышқылмен, праймермен өңделген аралық төсем, дентин және кіреуке беттеріне кисточкамен апарылып жағылады да, ауа шоғырының көмегімен қабырғаларға тең бөлінеді. Химиялық жолмен қатаятын адгезивтерге сәуле жіберудің қажеті жоқ, ал сәулемен қатаятын адгезивке галлоген лампасы арқылы 10 секөндқа сәуле жіберіп қатайтады.

Адгезивтік жүйенің IV буынының өкілдері: Scotchbond MP, Gluma Solid Bond, Gluma CPS, OptiBond FZ, All-Bond 2, Syntac, Solobond Plus, A.R.T.Bond, Bond-it.

Адгезивті жүйенің V буыны – біркомпонентті байланыстырушы препараттар, праймер мен бонд-агент бір құтыға құйылған. Құрамы жағынан олар суда, спиртте немесе ацетонда ерітілген арнаулы төменгі молекулалы гидрофильді шайырлар мен эластомерлердің қоспасы болып табылады.

Адгезивтік жүйенің V буыны екі кезеңді қолдану техникасын қажет етеді. Кіреуке мен дентинді өңдеу (жоғарыда берілген).

· Біркомпонентті адгезивті апару. Арнаулы өңдеуден өткен кіреуке, дентин, аралық төсем бетіне кисточкамен адгезивті апарып жағып, терең сіңу үшін 15-30 секөнд күтеді.

Адгезивтің тіс тіндеріне жақсы сіңу үшін кейбір шығарушы фирмалар қуыс қабырғаларына сылай отырып жағуды немесе екі рет қатарынан апаруды ұсынады. Белгіленген уақыт өткен соң адгезив әлсіз ауа шоғырымен кептіріледі. Кепкен адгезив беті жылтырап тұру керек.

Осыдан кейін адгезив галлоген сәулесімен қатайтылады және ертеректе айтылған тәсіл бойынша пломбы қойылады.

Адгезивтік жүйенің V буынының өкілдері: Single Bond, Gluma One Bond, OptiBond Solo, one-Step, EBS-Multi, Syntac Sprint, Solobond M (mono), Admira Bond, Etch & Prime 3,0.

Қазіргі кездегі адгезивті жүйені қолданудың маңызды түйіндемесі:

· Дентинді қышқылмен ерітудің (өңдеудің) зиянды әсері жөніндегі көзқарастар әртүрлі. Егер дентин өте мұқият, аса ептілікпен 15 секөнд аралығында өңделетін болса, одан ешқандай зиян шекпейтіні дәлелденген. Осы уақыт ішінде дентин қышқылдан жуылып, кептірілуі қажет.

· Кіреукені қышқылмен өңдеу уақытын белгілегенде оның қышқылға төзімділігін ескерген жөн. Тісжегі қуысындағы дентин мен кіреукенің қышқылда ерігіштігі тісжегіден басқа аурулар кезіндегіден жоғары екендігі дәлелденген. Сүт тістері кіреукесінің қышқылда тұрақтылығы тұрақты тістерге қарағанда жоғары. Адамның жасы ұлғайған сайын дентиннің қышқылда тұрақтылығы жоғарылай береді. Егер қышқылмен өңдегеннен кейін кіреуке ақ-бор түстенбесе, өңдеуді қайталау керек, бірақ аса көп ерітіп (перетравливание) жібермеу керек. Бұл адгезияны нашарлатады және әртүрлі асқынулар тудыруы мүмкін.

· Өңдеген дентинді қатты кептірмеу керек. Себебі босаған коллаген талшықтары коллапсқа ұшырайды (ауа шоғыры әсерінен жығылып қалады) да, дентиннің жоғарғы қабатына адгезивтің сіңуі қиындайды (спагетти эффектісі). Мұның өзі бондингсіздену (дебондинг) үрдісін дамытып, пломбы қойылғаннан кейінгі ауыру сезімінің және екіншілік тісжегінің туындауына мүмкіндік береді. Дентинді құрғату 2-5 секөндтен аспау керек және одан кейін дентин беті аздаған ылғалды қалпында қалу керек (мұндай дентинді «ұшқынды» - «искрящийся» дентин деп атайды).

· Дентиннің қатты кебуіне сезімтал-ацетон негізіндегі адгезивті жүйелер, ал спирт негізді жүйелер аса сезімтал емес. Дентинді оңтайлы ылғалдандыру үшін және адгезивті жүйенің жақсы сіңуі үшін «Bisco» компаниясы гидроксиметакрилат (НЕМА) негізінде дайындалған арнаулы ылғалдаушы агент «Aqua-Prep» шығарады.

· Адгезивті жүйенің дентинге сіңуі үшін белгілі уақыт керек (30 секөнд), осы уақыттан кейін гибридті қабаттың қалың және берік болып қалыптасуына ешқандай шек қоюға болмайды. Адгезивтің жақсы сіңуі үшін оны дентин бетіне қысым түсіре сылай отырып жағу керек немесе біраз уақыт өткізіп барып екінші қабат жасай сіңіру қажет (двухкратная аппликация адгезива).

· Әртүрлі фирмалар шығарған композиттер мен адгезивтерді бірге пайдалану мүмкіндігі қандай?. Бұған толық жауап беру қиын. Адгезивтер мен композиттер құрамы бір-біріне ұқсас болғандықтан, оларды бірге қолданудан ешқандай қателік туындамауы тиіс.Дегенмен әртүрлі фирмалардан бір-біріне үйлестіріле шығарылған адгезивті жүйе мен композиттерді бірге қолданған тиімді болады.

· Барлық шығарылып жатқан дентин – адгезивтері тек қалыпты дентинге есептелген. Сондықтан тісжегіден басқа аурулар кезінде өзгеріске ұшыраған дентинге, тісжегі қуысының табаны мен қабырғаларындағы «жылтыр» дентинге адгезивтің жабысуы қиындау болады. Бұндай жағдайларда пломбының дентинге жабысуын жоғарылату үшін шыны-иономерлік цементтен немесе басқа материалдардан аралық төсем салу керек (бутерброд-сандвич техникасы бойынша).

   Соңғы кезде нарыққа шыққан композиттерді дұрыс қоддану үшін шығарушы фирманың ұсыныстарымен жақсылап танысу керек.

Композиттік пломбылық материалдарды тәжірибелік стомтологияда қолдану тәсілі.

Қолданатын композиттік пломбылық материалдарды таңдап алу үшін төмендегі жағдайларды ескеру керек:

-Клиниалық ерекшеліктерді (тісжегі қуысының орналасу ерекшелігін, көлемін және пішінін, ТПЖ (КПУ) көрсеткішінің мәнін, жеке-даралық тісжегіге тұрақтылықты);

-Емдеу мекемесіндегі реставрациялық материалдардың бар-жоғын, ассортиментін;

-Дәрігер-стоматологтың біліктілігін, жаңа технологияны игеруін;

-Емделушінің эстетикалық сұранысын және қаржылық мүмкіншілігін.

Ескере кететін жай, композиттік материалдарды эвгенолмен, фенолмен және иодоформмен қатар қолдануға болмайды, себебі олар қатаю үрдісіне теріс әсерін тигізеді. Дегенмен, түбір өзектерін эвгенол негізді қойыртпақтармен пломбылау кезінде композиттерге қалай әсер ететіні туралы мәліметтер аз.

Бұзылған және жарақаттанған тістерді композиттердің көмегімен пломбылау немесе қайта қалпына келтіру (реставрациялау) шаралары дәрігерден тісжегі қуысын егеп-тазалауды дұрыс орындауды, адгезивті жүйемен, реставрациялық материалмен жұмыс істеу ережесін толық сақтауды талап етеді және төмендегі негізгі кезеңдерден тұрады:

· Тісжегі қуысын егеп-тазалау;

· Дәрілермен өңдеу және кептіру;

· Емдік немесе аралық төсем салу (көрсетіліміне қарай);

· Адгезивтік жүйені қолдану;

· Реставрациялық материалды енгізу және қатайту;

· Пломбыны тегістеу және әрлеу;

· Қайта бондингтеу.

Қажет болған жағдайда (қатты ауыру сезімі болса, бормашинадан қатты қорқатын кезде) тісжегі қуысын егеп-тазалауды тісті уақытша жансыздандырып алып жүргізеді.

Композиттен қойылған пломбының жақсы бекуін, тиімді жиектік жабысуын қамтамасыз ету, пломбының тұрақтылығын сақтауы  және әртүрлі асқынулардың алдын-алу үшін әртүрлі техникалық амалдар қолданылады және оларды төрт топқа бөлуге болады:

Бондингтеу техникасы;

Адгезивтік техника;

Сандвич – техникасы;

Қабаттап реставрациялау техникасы.

Мұндай топтастыру тек шартты топтастыру болып табылады, себебі әрбір техниканың кезеңдері бір-біріне ұқсас келеді.

Адгезивтік техника.

Адгезивтік техника арқылы реставрациялау тәсілі соңғы кезде терапиялық стоматологияда кең қолданыс тапты. Бұл техника композиттік материалдың кіреуке мен дентинге адгезивті жүйенің көмегімен жабысуын қамтамасыз етеді және төменгі кезеңдерден тұрады: Тістің бетін тазалау.

Бұл шараны тістерді кез-келген пломбылық материалдармен пломбылау кезінде міндетті түрде жүргізу керек. Пломбыланатын және көрші тістер, қажет болса, қарама-қарсы орналасқан тістер жұмсақ және қатты тіс шөгінділерінен, пигменттерден тазаланып, тістің нағыз өз түсі анықталады. Тазалап біткеннен кейін сумен жуып тастайды. Реставрациялаудың жоспарын құру және пломбылық материалдың керек түстерін таңдау.

Реставрациялау жоспарына тістің анатомиялық ерекшеліктерін (сауытының көлемі, пішіндік ерекшеліктері, рельефтері, тістем қатынастары), түстік ерекшеліктерін (негізгі түсі, оның қаныққандығы, әр аймағының: мойын бөлігінің, орта бөлігінің, тістеу қырының, жанасу беттерінің түстік және мөлдірлік ерекшеліктері, сәуле сындырғыштығы) анықтау шаралары кіреді.

Тістің табиғи түсін табиғи күн жарығында анықтаған дұрыс болады, ал көп жағдайда жасанды жарық көмегімен анықтауға тура келеді. Тістің табиғи түсіне сәйкес етіп таңдау үшін композиттік материалдар түрлі түспен шығарылады және әртүрлі әріптермен белгіленеді.

Тіс түсінің қаныққандық үлгісін белгілейтін әріптерді төмендегідей орналастырған жөн:

В1; А1; В2; Д2; А2; С1; С2; Д4; А3; Д3; В3; А3,5; В4; С3; А4; С4.

Тістердің түсі біртүсті ғана емес екені белгілі. Әр аймақтарының түстері мен мөлдірліктері әртүрлі болып келеді. Осыған байланысты соңғы кезде композиттік материалдар төмендегі варианттармен шығарылады:

«Кіреуке» - «Эмаль» (Enamel, Schmelz) түсі мен мөлдірлігі тіс кіреукесіне сай.

«Дентин» - «Дентин» (Dentin, Opaque, Opak) – түсі және күңгірттігі тіс дентиніне ұқсас.

«Тістеу қыры» - «Режущий край» (Incisal, Inzisal) – мөлдірлігі мен сәуле сындырғыштығы өте жоғары, тістеу қырларын қалыптастыру үшін, түсін өзгертуді қажет етпейтін ұсақ ақауларды жабу үшін қолданылады.

Тіс сауытында үш түстік белдеуді ажыратуға болады.

Бірінші белдеу – тістің мойнына жақын бөлігі. Бұл аймақтың түсі қоюлау (сарғыш немесе сұрлау);

Екінші белдеу – тістің денесі, түсі кіреукенің негізгі түсіне сай келеді және пломбылық материал осы аймақтың түсіне қарай таңдап алынады;

Үшінші белдеу – тістеу қыры, бұл аймақ жарық (ашық) және мөлдір, түсі сұрлау немесе көгілдірлеу болып келеді.

Төмендегі таблицада тіс түстерінің ауысу анықтамасы берілген («Vita Shade» кестесіндегі үлгілері пайдаланылған).

Кесте.

Тіс мойны А2 А3,5 С4 С3 В4 С4 С4 С4 С4
Тіс денесі А1 А2 А3,5 В2 В3 С2 С3 Д2 Д3
Тістеу қыры В1 С1 С1 В1 С2 С2 Д3 С1 С1

 

Пломбының түсі көп жағдайда оның қалыңдығына да байланысты болады. Толыққанды эстетикалық реставрациялау жүргізуге бір немесе екі дентин түсі, бір мөлдір түс (тістеу қыры үшін) және 3-4 түс жалпы кіреукені қалыптастыру үшін қажет болады.

 

Тісжегі қуысын егеп-тазалау.

Тісжегі қуыстарын егеп-тазалаудың Блек ұсынған жүйеге байланысты ерекшеліктері ертеректе айтылды (бөлім). Бұл кезде патологиялық өзгеріске ұшыраған тістің қатты тіндерін барынша алып тастап, қалыпты тіндерге тимей, мүмкіндігінше сақтау қағидасы сақталады және қуыс қабырғаларында ешқандай ретенциялық құрылымдар жасалынбайды. Алдыңғы тістердегі III, IV және V кластық тісжегі қуыстарын қалыпқа келтіріп, жиектерін өңдеген кезде кіреуке 45° бұрышпен кесіліп алынады. Ал шайнау беттеріндегі тісжегі қуыстарын егеп-тазалаған кезде, кіреуке жиегі кесілмей, тек тегістеледі.

Пломбыланатын тісті сілекейден қорғау.

4-сурет . Коффердам қою. Тісті сілекейден оқшаулау.
Пломбы қойылатын тісжегі қуысына сілекей түсірмеу үшін мақта біліктер мен сілекей сорғышты пайдаланады. Сілекей түсірмеудің ең жақсы тәсілі – коффердам (ротердам) немесе квикдам қолдану. Коффедрамды қолдану – пациентті стоматологиялық креслоға жатқыза отырып, «төрт қолды» әдісті пайдаланып емдеу жүргізген кезде өте тиімді.

  Тісжегі қуысын дәрілермен өңдеу және құрғату.

Бұл шараның мақсаты – тісжегі қуысын дентин үгінділерінен, микроорганизмдерден тазалау және қабырғаларын құрғату. Бізде стоматологтар үшін ертеректе дәстүрге айналған әдіс – тісжегі қуысын сутегінің асқын тотығының 3% ертіндісімен жуып, 96° спритпен және эфирмен кептіру. Қазіргі кезде оларды қолдану шектеле бастады. Себебі спирт пен эфирдің ұлпаны тітіркендіру әсерлері жоғары, ал тісжегі қуысын кептіру мүмкіндіктері төмен. Ал сутегінің асқын тотығы дентинді оттегімен қанықтырып, адгезивті жүйе мен композиттің қатаюының тежелуіне әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан да тісжегі қуысын дистилденген сумен шайып, ауамен кептірген тиімді деген көзқараспен келісуге болады.

Аралық төсем салу.

Соңғы жылдары шыққан адгезивті жүйені пайдаланған кезде жоғары және орта тісжегі кезінде аралық төсем төсемесе де болады, өйткені буданды (гибридті) қабат ұлпаны пломбылық материалдардың зиянды әсерлерінен жақсы қорғап, микроорганизмдердің дентин түтікшелері арқылы ұлпаға өтуіне жақсы кедергі болады.

Терең тісжегі қуыстары кезінде қуыс табанында жұқа жұмсарған дентин қабатын қалдыра отырып, кальций сутотығы негіздес емдік төсем қойып, аралық төсеммен жабады және ол үшін буданды шыныиономерлі цементтерді қолданған тиімді болады. Бұл кезде аралық төсемді міндетті түрде төсеу керек. Себебі, адгезивті жүйенің құрамындағы қышқылдар, спирт, ацетон емдік төсемнің пайдалы қасиеттерін жойып жіберуі мүмкін. Дентиндік адгезивтер қолданылатын болса, аралық төсем тек қуыс табанына ғана салынады.

Адгезивті жүйені қолдану.

Адгезивті жүйе шығарушы фирма ұсынған тәсіл бойынша қолданылады. Дентинмен байланысқа түсуіне байланысты оны қолдану техникасы әртүрлі болуы мүмкін.

Тісжегі қуысына композиттік пломбылық материалды апару және қатайту. .

Химиялық жолмен қатаятын пломбылық материал қатаю уақытының аздығына байланысты тісжегі қуысына бір немесе екі бөлікпен апарылады және тез нығыздалады. Пішін беру, бетін әрлеу шаралары қатайған соң жүргізіледі.

Сәулемен қатаятын пломбылық материалдар ертеде айтылғандай бірнеше бөлікпен апарылады және қабатталып салынады (қабаттың қалыңдығы 2-3 мм аспау керек). Жаңадан салынған пломбаның әрбір қабаты бағытталған сәуле әсерімен мұқият қатайтылады. Ең ақырғы қабат салынғаннан кейін тістің анатомиялық белгілері (рельефі) пішінделеді және пломбылық материал артығымен қойылады. Себебі, пломбыны әрлеген кезде пломбының бетіндегі оттегімен тежелген қабат толығымен алынуы керек.

 

Пломбыны өңдеу және әрлеу.

Пломбының бетін тегістеу және әрлеу – ең жауапты кезең және тістің анатомиялық пішіні дұрыс қалыптасқан болса да жүргізілетін шаралар.

Пломбының бетін тегістеу композиттің оттегімен тежелген беткей қабатын алып тастауға және пломбының жақсы жиектік жанасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Пломбының жиектік жанасуының жақсы көрсеткіші-сүңгінің тіс бетінен пломбы бетіне ешбір іркіліссіз немесе еркін сырғуы.

Пломбының бетін тегістеуді және әрлеуді пломбы қатайғаннан кейін 7-8 минөттан кейін немесе бір тәуліктен кейін жүргізуге болады.

Бұл шаралар бірнеше кезеңнен тұрады:

Макроконтурлау – тістердің тістем қатынастарын ескере отырып пломбының пішінін келтіру. Карборунды тастармен, алмаз ұнтақтарымен жабылған борлардың көмегімен жүргізеді (міндетті түрде салқындату керек).

Микроконтурлау – пломбының бетінің тегістігін қамтамасыз ету –өте ұсақ алмаз ұнтақтарымен жабылған борлардың көмегімен сумен салқындата отырып жүргізеді.

Пломбының бетін жылтыратып әрлеу – пломбының бетіне тіс бетінен айнымайтын аса тегістік және жылтырлық беру – басына резіңке кигізілген борлардың, дискілердің, щеткалар мен қойыртпақтардың көмегімен жүргізеді. Ол үшін арнаулы абразивті құралдар жиынтығы пайдаланылады.

Пломбының жанасу беттері арнаулы штрипстермен (металлдан, пластиктерден немесе матадан дайындалған жіңішке жолақтардың бетіне абразивті ұнтақтар жабыстырылған) тегістеліп, жылтыратылады. Беті әрленіп біткен пломбыға 15-20 секөндтей уақытта әртүрлі бағытта қосымша сәуле жібереді. Мұны межелік сәулелендіру (финишное отсвечивание) деп атайды.

Қайта бондингтеу («Ребондинг»-«постбондинг»).

Қатайған және тегістелген пломбы бетін герметикпен жабу (бетіндегі өте ұсақ жарықтарды, көбінесе жиектік жанасу аймағындағы). Сол үшін кейбір фирмалар арнаулы герметиктер-лактар шығарады («Optiguard» - «Kerr» фирмасы, «Fortify» - «Bisco» фирмасы). Беткейлік герметиктер үшін кіреукеге арналған бонд-агенттерді және тістердің сайларын (фиссураларын) жабатын герметиктерді де пайдалануға болады. Қайта бондингтеу тәсілі:

пломбыны әрлеп біткеннен кейін, тісті сілекейден оқшаулап, бетіне және төңірегіндегі 2мм кіреуке аймағына 30 секөндке қышқылды гель қояды. Белгіленген уақыт өткен соң гелді сумен 15 секөнд жуып кептіріп, пломбы бетін құрғатады. Герметикті өңделген бетке қылқаламмен (кисточка) немесе арнаулы аппликатордың көмегімен жұқа қабат етіп орналастырып, сәуле жіберіп қатайтады.

Емделушіге кеңес беру.

Сәуле әсерінен басталған пломбының қатаю үрдісі өзінің межесіне бір тәуліктен кейін жететін болғандықтан, пломбы қойылған уақыттан екі сағаттан кейін ғана ас қабылдауға болатынын, ал бір тәулік өткенше аса қатты, көп шайнауды қажет ететін тағамдарды қабылдамаған дұрыс екенін және құрамында түрлі бояғыш заттар бар сусындарды қабылдамау қажеттігін түсіндіру керек.

Кейде пломбыға шайнау күшін көбірек түсірген кезде электр тогы әсер еткендей қатты ауыру сезімі пайда болуы мүмкін. Мұның себебі- қатаю кезінде көбірек отыру әсерінен пломбыда бондингсіздену үрдісі дамып, пломбының дентинге нашар жабысуы немесе толықтырғыш бөлшектері арасында электр өрісінің құрылуы. Мұндай сезімдер біртіндеп басылып кетеді. Ал егер басылмайтындай жағдай болса, пломбыны алып тастап, қайтадан қоюға тура келеді. Сонымен қатар алғашқы күні қою шәй, кофе және түсті жемістердің (қарақат, шие сияқты) шырындарын ішуге, ерінге жағатын далаптарды пайдалануға болмайтынын ескерткен жөн.

 


Дата добавления: 2018-11-24; просмотров: 1733; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!