Жобалау трансцендентік деп неліктен аталады? 15 страница



Соған орай, ұйымдастырушылар назарында үнемі екі топтағы мәселелер тұруы тиіс, олар: 1) жобалау қызметін ұйымдастыру – орындалатын жобаның мазмұны мен оған қажетті ресурстары және 2) күтілетін нәтижелер – жүйенің өзін дамыту.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жобалау әрекетін ұйымдастыру бірнеше деңгейден: жобалау тұжырымдамасын жасау, оның мазмұндық және процессуалдық қызметтерін құрастыру және орындаудан тұрады.

Жобалаудың бастапқы кезеңінде оның түпкілікті нәтижесі нақтыланады. Оның барысында жүйені дамытудағы күтілетін нәтиженің мәні - нені қалыптастыру қажет, ол – жаңа қатынастар деңгейі ме, әлде   құзыреттілік пен кәсібиліктің жаңа деңгейі ме, оқыту мен тәрбиедегі жаңа дәстүрлер бола ма, – нақты анықталады.

Жобаланатын педагогикалық құрылымның компоненттік бөліктерінің әртүрлі құрастырыла алатын қасиеттеріне сай жобалау қызметі де түрлі бағыттарда жүргізіле алады. Сөйтіп, жобалау әрекеті жүйені жан- жақты дамытуға, яғни, оның ішкі қызметтік - құрылымдық байланыстары мен адам ресурстарын дамытуға бағытталады.

Бірақ, қай жағдайда да жүйені құрылымын жобалауда жүйе құрылымдарының изоморфтығы (гр.isos және morphе -ұқсас құрылымдар арасындағы сәйкестік қасиеті ұғымы) туралы ережеге сүйену қажет болады. Құрылымдық компоненттерінің артықтығы да, немесе жетіспеушілігі де жүйенің дамуына кері әсер ететіні есте болуы қажет. И.А.Колесникова, оны «тірі организмдер» жүйесімен ұқсастырады: «табиғат тірі организм бойында ұқсас қызметтер атқаратын, немесе, бәсекелес органдар болмайтыны тәрізді, педагогикалық жүйелердің ішінде де артық, бірі –бірі қайталаушы қызметтер атқаратын құрылымдар болуы тиіс емес. Әйтпесе, педагогикалық қызметке жатпайтын, бөлекше, қолайсыз қатынастар қалыптасуға негіз қаланады».    

Педагогикалық жүйелердің компоненттік құрамы белгілі бір мақсатты көздейтін жобалау қызметінің жүргізілу логикасын қамтамасыз етуге қажетті және жеткілікті болуы тиіс. Компоненттер құрамына енгізілетін өзгерістер міндетті түрде негізделеді, оның себептері мен нәтижелері алдын ала нақтыланады. Соған сай, педагогикалық жүйелерді басқарудағы жобалау қызметі жүйенің құрылымдық толықтығын өзгертпей, оған жаңа компонент қосылмайтындықтан қажетті және жетілікті құрылымдық логикасын бұзбайды.

Жобалау – бұл, ең алдымен – ойлау қызметі, өйткені, оның барысында оймен болжам жасау, ойша құрастыру жүзеге асырылады. Жобалау «алға қойылған» деген ұғыммен түсіндірілетіндіктен, оны шешім қабылдау үшін алға қойылған ойлау қызметі деуге болады. Мысалы: адамның өзінің әрекеттерін басқаруда алға қойылған ойлау қызметі; бірлескен әрекеттерді орындауда өзге адамдарды тарту үшін олардың алдына қойылған ойлау қызметі; мәселенің шешілуіне ықпал ете алатын адамдардың алдына қойылған; ресурстық қамтамасыз ете алатын адамдардың алдына қойылған; жобалау нәтижелі болуына мүдделі адамдардың алдына қойылған, т.б.

Бұлардың барлығы да жобалаудың ойлау қызметімен байланысты екенін көрсететіндіктен, басқа адамдарға түсінікті құжат болуын талап етеді. Оның негізгі белгілері:

− мәселенің нақты және кешенді қойылуы;

− күнделікті атқаратын қызметтен бөлек шектелуі;

− айқын мақсаты болуы;

− ресурстардың нақты жоспарлануы;

− уақыттың (жобаның басталуы мен аяқталуын) дәл көрсетілуі;

− ішкі ұйымдастырылу түрі белгіленуі;

− кімге арналғаны белгіленуі;

− нәтижелердің тиімділігін нақты тексеру өлшемдері болуы.

Педагогикалықжобалаудың заңдылықтарын қарастыруда оның жүйелілік, синергетикалық қасиеттерін, жүйенің өмір сүру және дамуы жағдайлары туралы түсініктерді ұғынуды қажет. Сондықтан, жобалаудың өзіне тән заңдылықтары мен принциптерінің   анықталуы және сақталуы тиіс. Мысалы, Ю.А.Конаржевский ұсынған басқарудағы демократиялық пен ізгіліктік заңдылықтарын орындау түрлі деңгейдегі жүйелерді басқарушылардың, педагогтар мен білім алушылардың, ата - аналардың белсенділіктерін жобалауда пайдалануға ықпал етеді. Бұл шешім қабылдауда, қатысушыларды таңдауда, қажетті ақпараттарды алуда, педагогтардың ұйымдағы проблемалардан хабардар болуында аса маңызды. 

Жобалау қызметіндегі ізгіліктік көзқарас – адамдардың бірлескен әрекеттерін ұйымдастыру, олардың өзін - өзі басқаруға жағдай туғызу болып табылады. Ізгіліктік құндылықтарына сүйене отырып басқару әр адамның өзіндік құндылығын, адами көқарастарын дамытуды көздейді. Сөйтіп, барлық деңгейлерде субъектаралық қарым -қатынастың орнығуына негіз болады..

 Жобалау ұстанымдарын шетелдік және ресейлік ғалымдар түрліше анықтайды, мысалы: Дж.К.Джонстың зерттеулерінде олар: дәстүрлілік пен жаңашылдықтың байланысы мен тепе теңдігін сақтау; ұйымның «жақын даму аймағында» жобалау; күтілетін нәтижелердің жобалаушы адамдарға қатыстылығы; алынған нәтижелердің ұйымда институциялануы, бекітілуі; белгілі бір әлеуметтік топтар проблемасын шешу мақсатына бағдарлылығы   болса, М.М.Поташник оларды жаңалықтық ұстанымы (мақсат, міндеттеріндегі, мазмұнындағы, ұйымдастыру тәсіліндегі, басқарудағы, т.б.), мақсатқа бағытттылық ұстанымы (белгілі бір нәтижені нақты жүзеге асыруға бағыталғандығы), жүйелілік принципі, сабақтастық ұстанымы, ғылымилық ұстанымы, технологиялылық ұстанымы, нақтылық ұстанымы, ресурстық қамтылу ұстанымы, оңтайлылық ұстанымы, қатысушылық ұстанымы деп қарастырады.

Бұл пікірлер жобалау әрекетінде негізге алынатын ұстанымдарды құрайды. Біздің зерттеуіміз бойынша, педагогикалық жобалауды жүзеге асыруда жүйелілік пен тұтастық, синергетикалық, мақсаттық - бағдарлылық, технологиялық, құзыреттілік,  нәтижелілік, кері байланыстық    ұстанымдар жүйесін анықталды.

Жүйелік пен тұтастық ұстанымы.   Педагогикалық процестің жүйелік табиғатын басшылыққа алу оны тиімді ұйымдастырудың алғышарттарын құрауға негіз болады. Бұл педагогикалық процесті тұтас жүйе ретінде қарастырып, оның негізгі қасиеттеріне сүйенуге мүмкіндік береді. Жүйенің интегративті сапасы ескеріліп, бір компоненттегі өзгерістер басқа компонент, не тұтас жүйенің өзіне өзгеріс енгізе алады. Сөйтіп, жүйенің басқарудағы біртұтастық жүйенің барлық компоненттерінің дамуына, тұрақтануына, нығаюына ықпалы болады.  

 Синергетикалық ұстаным. Бұл тұрғыдан алғанда, адамдар, әлеуметтік ұйымдар -ашық және өзгеретін, сыртқы ортамен қарым-қатынасы арқылы өзін-өзі дамытуға өзіндік мүміндігі бар жүйе. Осындай сапаларын атай отырып, педагогикалық жүйенің барлық деңгейлерінің де синергиялық қасиетін көруге болады. Жобалау әрекеті өзінің мүмкіндіктері, ресурстары арқылы білім алушылар мен педагогтардың өзіндік дамуы мен өзіндік білім алуын ұйымдастыратын синергиялыққа негізделеді. Сөйтіп, жобалауда синергетикалық принциптің сақталуы  педагогтардың, білім алушылардың, шығармашылық топтардың, сыныптың, білім беру ұйымының, т.б. өзін-өзі басқару негізінде дамуын қамтамасыз етеді.

Мақсаттық - бағдарлылық ұстаным жобалаудың белгілі бір мақсатқа қол жеткізуге бағытталуын, сонымен қатар жүйенің барлық компоненттеріндегі өзгерістер жалпы жүйе мақсатына сәйкес ұйымдастырылуын қамтамасыз етуді қажет етеді. Бұл принцип сонымен қатар мақсат қою барысындағы ізденушілік пен зерттеушілік әрекеттер негізінде жобалау алды талдау қызметін де қамтиды.

Технологиялық ұстаным  жүйенің алдына қойылған міндеттерді орындаудың технологиялық реті құрастырылып, қажетті ресурстардың алдын - ала анықталуын қамтамасыз етеді. Технология талаптарына сай қатысушылардың қызметтерін бөлісу және оларды үйлестіріп отыру ұйымның мақсатына қарай жылжуын қамтамасыз етеді, бұл принцип жобалауға қатысушы адамдар мақсаты мен жүйенің даму мақсатын сәйкестендіріп отыруға мүмкіндік береді;

Құзыреттілік ұстанымы   жобалауға қатысушылардың мақсатты орындауға мүмкіндік беретін құзыреттіліктері болуын қажет етеді. Жобалау – ақпараттық, коммуникативік, рефлексиялық әрекеттер арқылы жүзеге асырылады, өйткені, жобалау барысында қамтылатын педагогикалық талдаулар мен шешімдер, болжау мен жоспарлау қызметтері негізінен оған қатысушылардың құзыреттіліктеріне байланысты. Бұл құзыретіліктер адамдарға өз тәжірибесінен байыптай, зерттей отырып, проблемаларды талдау, бағалау, арқылы нәтижелі қызмет жасауға мүмкіндік береді. 

Кері байланыс ұстанымы. Жобалауды ұйымдастыруда мақсат-міндеттермен қатар күтілетін нәтижелер белгіленеді. Педагогикалық процесте нәтиженің орындалу барысы, жолдары мен тәсілдері талданып, объективті баға беріледі. Кез келген педагогикалық жүйе - ашық әлеуметтік-педагогикалық жүйе ретінде әлеуметтік ортамен, ата-аналармен, түрлі қоғамдық, ұйымдарымен, сонымен қатар ұйым ішіндегі адамдармен диалогтық қатынас ұйымдастыра алады. Өзіндік түзету, коррекциялау, өз әрекетіне өзгеріс енгізу арқылы нәтижелердің тиімділігі қамтамасыз етіледі. 

Нәтижелілік ұстанымы жобалау нәтижесінде орындалуы тиіс күтілетін нәтижелердің алдын - ала нақты сипатталуы мен оған қол жеткізуге бағытталған технологиялар мен тиімді әдіс - тәсілдердің, ресурстардың таңдалуымен қамтамасыз етіледі, сонымен қатар, нәтижелердің мақсатқа сәйкестілігі сараптамалар арқылы анықталады.

Сонымен қатар, педагогикалық жүйелер қызметтерінің нәтижелері жүйе ішіндегі өзара тығыз байланыста болып келетін көптеген факторларға – ресурстар мүмкіндігіне, ұйымдастырушылық ерекшеліктеріне, педагогтар құндылықтарына, сыртқы ортамен байланысына т.б. – тәуелді екені ескеріледі.

Педагогикалық жүйенің жалпы мақсаты мен барлық құрылымдардың мақсаттарын сәйкестендіру және қызметтік құрылым мен адам ресурстарын құрылымын нәтижеге жетуде тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін мақсаттық - бағдарлы жобалар болып табылады. 

Мақсаттық - бағдарлы жобалар тиімді дамыту құралы болып табылады, өйткені оны қолдану жағдайлары (белгілі бір құрылымдық жүйеге өзгерістер ендіру, туындаған проблеманы кешенді тұрғыдан шешу қажеттігі, әлеуметтік даму тенденцияларына сәйкес өзгерістер, т.б.) өтпелі кезеңнің ерекшелігіне толық жауап береді, сонымен қатар, бұл бағдарлама әлеуметтік - экономикалық жағдайларға сай мемлекеттік, аймақтық, аудандық қана емес, белгілі бір жүйе, немесе ірі мекеме, ұйым деңгейлерінде де сапалы өзгерістерді жүзеге асырудың негізгі жолы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Жобалау негізінде шығармашылық топтар, шағын топтар, белсенді топтар құрылуы мен олардың өзара байланыстарын көлденең, немесе желілік сипатта нығайту қажеттігі, проблемалардың негізінен пәнаралық және интегративтік сипатта болуы қалыптасқан құрылымға өзгерістер қажеттігін тудырып, дәстүрлі қызметтер матрицалық құрылым арқылы үйлестіріле қолданылады. Бұл иерархиялық түрдегі жоғарыдан төмен қарай басқарудың орнына, басқарылатын кіші жүйелердің, немесе элеметтердің әрқайсысының мақсатын орындауды көздейтін жүйеааралық «көлденең» байланыстардың болуына негізделеді.  

Матрицалық құрылым өзара байланыстардың жаңа түрі болып табылады. Оның басты ерекшелігі - басқарудағы дәстүрлі қызметтік және жүйе элементтері мен басқарушы органдар арасындағы міндеттер мен өкілеттіктері, жауапкершіліктерді мақсатқа сай үйлестіруге сүйене отырып, мақсаттық бағдарлы іс-әрекеттердің ерекше қызметін ұйымдастыра алуында.

Осылайша, жобалау қызметі барысында жаңа бөлімшелер құру, өз тиімсіздігін көрсетіп отырған құрылымдық бөлімдерді жабу немесе қайта құру, ішкі кадрлық өзгерістер, т.б. жаңарту жұмыстары жүргізіледі. 

Мақсаттық - бағдарлы жобалардың алдымен дәстүрлі басқару циклдік айналымына – жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау, есептеу, реттеу, талдау – негізделетінін ескеру қажет. Мысалы бірінші кезеңде: жобалық бағдарлама құрастыру; кіру және шығу мәліметтерін дайындау; нәтижелерді бақылау, бағалау өлшемдерін даярлау; жобаны талдау және оны түзету жолдарын жасау; талдау нәтижелерін ескеру және жобаны өзгерту жолдарын белгілеу.

Екінші кезеңде, тиісті қызметтік сала басшылары мен бөлімшелердің, мамандарының арнайы міндеттері мен қызметтерін бекітіп беру қажет, олар берілген мақсат ауқымына сай әртүрлі болуы мүмкін.

       Жүйені мақсаттық - бағдарлы жобалау қызметі негізінде дамытудың үлгілік матрицалық құрылымы мақсатты түрде күтілетін нәтижелерге бағытталауын көздейді. Мақсаттық - бағдарлы жобалар тұрақты сипатта да, уақытша сипатта да бола алады, әрбір жобалық бағдарламаны басқарушы тағайындалып, салалық орынбасарлардың, немесе кіші жүйе басшыларының қызметтері белгіленген мақсаттарға сай арнайы ұйымдастырылады.

Төмендегі 6 - суретте мақсаттық - бағдарлы жобалaу қызметін ұйымдастырудың матрицалық құрылым үлгісі ұсынылып отыр.

 

Сурет 6 − Мақсаттық –бағдарлы жобалаудың үлгілік матрицалық құрылымы

 

Матрицалық құрылымның басты элементтері – мақсатты қ - бағдарлы жобалар (суретте шеңберлер ретінде берілген), олар салалық басшылар мен ондағы қызметкерлердің мақсатты бағдарламаны орындау барысындағы қайталанып отыратын қызметтерін көрсетеді.

Суреттегі тік сызықтар – басқару қызметтерімен және көлденең сызықтар – мақсаттық - бағдарлы жобалармен байланыста болатынын бейнелейді.Педагогикалық жүйелерді бүгінгі таңда бір уақытта бірнеше мақсаттарды орындау қажеттігі туындап отырады, ол үшін жүйені басқарушылардың тікелей ұйымдастыруын талап ететін бірнеше бағыттар қамтылуы да мүмкін.

Оларды жүзеге асыру, бір жағынан, жүйенің тұрақты жұмысын қалыпты жағдайда басқару, екінші жағынан, жаңадан туындап отырған мақсаттарды нәтижелі орындауға байланысты күрделенетіні белгілі. Мысалы, соңғы жылдары білім беру жүйесін 12-жылдық білім беруге көшуге даярлау, оның нәтижелері ретінде білім алушылардың құзыреттілік сапаларын қалыптастыру міндеттері қойылып отыр. Бұл міндеттер педагогикалық жүйелер ретіндегі білім беру ұйымдарын басқарушылар алдына да, білім беру үрдісін басқарушы педагогтар алдына да жаңа талаптар қоюда.   


Дата добавления: 2018-10-27; просмотров: 555; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!