Жобалау трансцендентік деп неліктен аталады? 1 страница



КІРІСПЕ

Еліміздің білім беру жүйесін дамыту стратегиясы  «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында» айқындалып, оның мазмұны қоғамның даму талаптарына сай жастардың бойында білімділік пен бәсекеге қабілеттілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталып отыр. Жаңа экономикалық қатынастардың үдемелі инновациялық сипаты адам капиталын дамытуды алға қою туралы көзқарастарды тудыруда.

Білім берудің жаңа мазмұны мен нәтижелері білім алушының қоғами ортадан өз орнын бағдарлауға,  білім мазмұны мен пәндерді өзі таңдауына бағытталған. Мектепте балаларды оқытудың жекелік сипаты мен   оқушының мүмкіндіктерін дамыта отырып, өз бетімен білім алуын ұйымдастыру талаптары  жаңа формациядағы мұғалімдерді, олардың жаңаша ойлау әрекеттері мен зерттеушілік ұстанымдарын қалыптастыруды көздейді.  

Бұл инновациялық үдерістер болашақ педагогтарды даярлайтын университеттердегі білім беру мазмұнын жаңғыртуды қажет ететіні сөзсіз. Сонымен қатар, жаңа өзгерістер педагогикалық білім беруді мазмұндық қана емес, әдістемелік және технологиялық қайта құруларды қамтамасыз ететін логикасын айқындап, білім берудің жаңа нәтижелеріне сай оларды тиімді ұйымдастыру қызметін белгілейді. Педагогикалық мамандықтар даярлайтын жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына оқытудың жаңа технологиялары мен әдістемелерін меңгертуге арналған пәндер енгізу бүгінгі қоғам сұранысына жауап беру қажеттігінен туындауда.

Ұсынылып отырған «Педагогикалық жобалау: теориясы мен технологиясы» оқулығы білім берудің жаңа парадигмасына сай оқытудағы негізгі бағыттардың бірі - педагогтың білім берушілік ролі өзгеруін теориялық және әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған. Біздің ойымызша, оқулықтың теориялық және әдістемелік мазмұны бүгінгі өркениеттің ерекшелігіне сай  болашақ педагогтар үшін жаңаша ойлау мен зерттеушілік іс – әрекет дағдыларын айқындауда, ізденушілік пен инновациялыққа ұмтылуда, қалыптасқан стереотиптегі түсініктерін өзгертуде белгілі бір дәрежеде ықпал етері сөзсіз. Соған орай, оқулық болашақ мұғалімдердің өз әрекетін кәсіби қалыптасудың басты ресурсы ретінде ұйымдастыра отырып,  оларды ғылыми-теориялық тұрғыдан даярлауға мүмкіндік береді деп есептейміз.

  Оқулықтың өзіндік құрылымдық логикасы жасалып, «Жобалаудың жалпы негіздері» деп аталатын теориялық бөлімінде бүгінгі таңда кеңінен дамып келе жатқан жобалау әрекетінің мүмкіндіктерін педагогикалық технологиялар тұрғысынан қарастырудың ғылыми негіздемесі берілді. «Педагогикалық жобалаудың қалыптасуы мен дамуы» тақырыбында қарастырылған келесі бөлімінде жобалаудың   заңдылықтары мен ұстанымдары, оның білім берудің жаңа нәтижелерін қалыптастырудағы ролі негізделді. Үшінші бөлім «Педагогикалық жобалаудың технологиялары» деп аталып,  онда жобалау - күтілетін нәтижелерді анықтай отырып, оқытудың мақсатын жүзеге асыратын біртұтас технология ретінде қарастырылды.  «Оқушылардың жобалау әрекеттерін ұйымдастыру» деп аталатын бөлім мұғалімдер тәжірибесі үшін өте қажетті әдістемелік-нұсқаулық түрінде жазылды деуге де болады, онда атынан көрініп тұрғандай, жобалау әрекетін мектеп оқушыларымен жүргізудің нақты әдістемесі, ерекшеліктері, бағалау жолдары берілді.

 Жобалаудың күтілетін нәтижені алдын ала болжауды және оған қажетті барлық ресурстарды мақсатқа сай ұйымдастыруды қажет ететін ерекшеліктері болғандықтан, оны арнайы дайындығы жоқ адамдарға жүзеге асыру қиын болатыны белгілі. Тәжірибеден белгілі, жобалау әрекетін  жоба жетекшілері ретінде мақсатты түрде арнайы дайындалған педагогтар мен басшы қызметкерлер ғана тиімді ұйымдастыра алады. Сондықтан, оқулыққа «Жобалауды басқарушылардың құзыреттіліктерін дамыту» деген бесінші бөлім ендіріліп, онда білім беру ұйымдары басшылары мен педагогтардың жоба жетекшілері ретіндегі арнайы құзыреттіліктерін дамыту әдістемесін беріп отырмыз.

    Оқулықтың мазмұны педагогикалық мамандықтар бойынша бакалавриаттың 5В010300 - «Педагогика және психология», 5В010200 - «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандықтары бойынша және магистратураның барлық педагогикалық мамандықтары бойынша білім беру стандарттарындағы  кәсіби пәндер циклының таңдау компоненттеріне қойылатын әдістемелік талаптарға сәйкес құрылды. Бұл бүгінгі таңда педагог кадрларды даярлау бағдарламасы бойынша жобалау технологиясын білім беруде пайдалануға мүмкіндік береді деп есептейміз.

Тағы бір құрылымдық және мазмұндық ерекшелігі- оқулықтың аталған мамандықтар бойынша білім беру бағдарламасына ғана емес, жоғары оқу орындарындағы кредиттік оқыту жүйесінің талаптарына да сәйкестендіріліп жасалуы. Оның бөлімдері мазмұны мен әр бөлім соңында берілген тапсырмалар білім алушылардың өз бетімен жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Білім нәтижелерін бағалау аралас түрде жүзеге асырылғаны дұрыс болады дейміз, өйткені, оқулықтағы теориялық мәселелер бойынша студенттер білімдері тест сұрақтары түрінде бағаланса, жобалаудың әдістемесі, технологиясы - ауызша емтихан, жоба дайындау және оны қорғау түрінде ұйымдастырылуы қажет. Осыған байланысты сұрақтар мен тапсырмалар жүйесін әр тақырып бойынша және тест сұрақтары мен жоба жасау үшін қосымша материалдарды оқулық соңында ұсынып отырмыз.

Сонымен қатар, бұл еңбек білім берудің жаңа нәтижелерін ұйымдастырушылық және адам ресурстарын дамыту тұрғысынан қамтамасыз ететін педагогикалық жобалаудың теориясы мен технологиясы туралы мемлекеттік тілде жазылған бірден бір оқулық ретіне педагогтар мен білім беру ұйымдары басшыларына да  құнды боларына сенеміз.

Осы оқулықты дайындауда құнды пікірлері мен ескертпелерін білдірген және үлкен қолдау көрсеткен еліміздің танымал педагог-ғалымдары  Т.М.Баймолдаевқа А.Қ.Рысбаеваға, Ж.У.Кобдиковаға, Ә.Мұханбетжановаға  үлкен алғысымызды білдіреміз.

Автор

 

 

 

І. ЖОБАЛАУДЫҢ ЖАЛПЫ НЕГІЗДЕРІ

 

  

1.Қоғамдық - әлеуметтік қайта құрулар жағдайында жобалаудың пайда болуы мен дамуы.

ХХ ғасырдың екінші жартысында интеллектуалдық әрекеттерді ұйымдастыру теориясымен қатар олардың жобалау бағдарламаларын құрастыруды жүзеге асырыла бастады және оның негізіне теориялық білімдер ғана емес, көбіне тәжірибелік талдау қызметтері алынатыны белгілі болды. Бұған дейінгі кездері ұйымдастырушылық мәдениеттің теориялық дамуы негізінде таңбалаудың жаңа түрлері – модельдер, алгоритимдер, ақпараттар қоры, т.б. жасаудың көптеген жолдары пайда болып, кейін бұлар жаңа технологиялар құрастыруға негіз болып отырды. Осылайша, жаңа модельдер мен технологиялар өнім күйінде ғана емес, таңбалар түрінде шығарылып, олар жобалауды ұйымдастырудың басты элементтеріне айналды.

Жобалау пайда болған алғашқы кезеңдерде жобаны ғылыми-негізделіп, дәл есептелген түрде жасалатын және негізінен технологиялық қызметтерді пайдаланылатын белгілі бір нәрсенің нобайы деп түсіндірілген болатын. Кейін өзінің кең таралуына байланысты жобалау универсалдық сипат алды. Мысалы, экстенсивтік тұрғыдан қарастырсақ, жоба жасау және оны ендіру барлық салаларды - өнеркәсіп пен құрылысты, мәдениет пен саясатты, білім беруді қамтитынын көруге болады. Интенсивтік тұрғыдан қарастырсақ, жобалау объектісі мен тақырыбы, проблемасы мен әдістері, құрылымы бірдей болып келетін рефлексиялық құралдар арқылы (логикалық, семиотикалық, психотехникалық) ұйымдастырылатыны да байқалады. Осындай біртұтас, не бірегей тұрғыда түрлі салаларда қолдануға болатыны - жобалаудың әлеуметтік тиімділігінің көрсеткіштері болып табылады. Сонымен қатар, жобалаудың автономдығы басқа интеллектуалдық және әлеуметтік-мәдени әрекеттер түрлерінен, мысалы, ғылыми зерттеулер мен бағдарламалау, жобалау мен басқару, құрастыру мен т.б. қарым -қатынастардан өзгешелігін көрсетеді.

Бұдан бірнеше жылдар бұрын, қоғамның тұрақты дамуы кезеңінде қалыптасқан дәстүр бойынша, практикалық сала қызметкерлері, иженерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, технологтар мен басқа да маман иелері – ғылымнан, ғалымдар мен ғылыми –зерттеу орындарынан түсетін жаңа нұсқаулықтарды, ұсынбаларды сынақ – эксперименттен өткізетін, соған сәйкес құрылымдар мен технологиялар құрастырып, көпшілік тәжірибесіне ендіретін еді. Бүгінгі таңда, ақпараттар мен жаңалықтардың пайда болу жылдамдығы калыптасқан жағдайда бұлай жұмыс жасау тиімсіз екенін белгілі болды. Осыдан келіп, адамдар тәжірибесінде жаңа табиғи даму жолдарын пайдалану –әлеуметтік, экономикалық, технологиялық, білім беру т.б. жүйелердің өзіндік инновациялық модельдерін құрастыру: авторлық модельдер, технологиялар мен әдістемелер, т.б. жасап, жобалар түрінде тәжірибеге ендіру кеңінен тарай бастады.

Зерттеушілер пікірінше, жобалау «сызба арқылы көрсету шеңберінен асып болашақ ситуацияны көзге көрсететін және адам баласын қоршаған жаңа жағдайларды өзгертудің негізін салады». Жаратылыстану ғылымы парадигмасы логикасындағы дәстүрлі жобалау техникалық, инженерлік, архитектуралық салаларда жоспарлау, модельдеу «болашақ бейнені» құрастыру мақсатында қолданылып келді. Жобалау институттары элитарлық түрде құрылып, оны жүзеге асыру олардан бөлек «технологтардың» міндеті болды. Жобалау мен технологиялық білімдердің біріктірілуі жүзеге асырылған елдерде (АҚШ, Жапония және т.б.) постиндустриалдық қоғамға қарышты қадамдар жасалғаны белгілі. Басқарудағы бұндай өзгерістер мен жаңғыртулар жобалау әрекетімен байланыстырылып, әуелі оның сұлбасын, немесе идеалдық бейнесін белгілеп алу, оған жетуге қажетті әлеуметтік - техникалық әрекеттер құрылымын жасаудың маңызын атап көрсетіледі.

Жобалау мен ғылыми зерттеудің өзара байланыстылығы. Жобалау әрекетінің ықпалымен ғылыми зерттеулердің ғылыми-техникалық әрекеттердің басты түрі ретінде қарастырылуы азая бастады, сондай- ақ, жоспарлау түрі де жобалауға сәйкес өзгеріске түсті. Ақпараттық технологияның дамуына сай компьютерлік бағдарламалау мен басқару тетіктері, оның құралдары өзгерді, осыдан келіп, жобалау түсінігі үнемі өзгеріп отыратыны белгілі болды. Солай бола тұрса да, жобалау мен зерттеуді біріктіретін нәрсе – олар үшін шынайы объектілердің ортақ болуы, ал объект өзін нысан ретінде алып отырған жағдайға сай ғылыми танымдық немесе жобалау қатынасы болған кезде ғана шынайы объект бола алады.

Жобалаудың жаңа сипаты оның жүйелі зерттеу әрекетімен тығыз байланыстылығында, яғни жобалау мен зерттеудің біріктірілуі бүгінгі өркениет тудырып отырған құбылыс. Өндірістің жүйелі құрылымына зерттеушілік, құрастырушылық және ұйымдастыру, басқару әрекеттерінің енуі өндіріс барысында өнім өндіру мен қатар оны ойлап шығару, өзгертіп отыру және қайта құру технологияларының қатар жүретінін көрсетеді. Бұл жағдайда әрекетті ұйымдастырудың біртұтас түрі қалыптасуына қызығушылық пайда болады, өйткені ол тұтастық жаңа технологиялар мен жаңа әрекеттердің пайда болуы, дамытылуы және құрастырылуы қызметтерін қамтиды. Оны әрекеттің біртұтас түрі ретінде қарастыра отырып, оның дәстүрлі түсініктегі бөлісу мен тұтыну үрдістерінен де жоғары деңгейде екенін көре аламыз.  

Даму барысында жобалау қызметі басқа әрекеттер түрлерімен байланысу негізінде қайта құруға, өзгерістерге ұшырап отырды, оны ғылымда жобалаудың эволюциясы ретінде:

– құрастыру әрекетінен – дәстүрлі классикалық жобалауға,

– классикалық дәстүрлі жобалаудан – қазіргі заманға жобалауға бағыт алуы деп көрсетеді.

Классикалық жобалауға жататын архитектурадағы, техникалық ғылымдардағы дәстүрлі жобалардан басқа, жоба түрінде болғанымен мазмұны мүлдем басқаша қазіргі заманғы квазижобалар қатарына әлеуметтік жобалау әрекеттерін жатқызуға болады. 

Жобалау әрекетінің толық мәні О.И. Генисаретский еңбектерінде берілген, оның түсіндіруінде жобалау универсалдық ғылыми-техникалық қана емес, ол ең алдымен, әлеуметтік- мәдени әрекет түріне жатады. Әлеуметтік - мәдени механизм кез-келген мәдени маңызы бар әрекеттер мен одан туындайтын құндылықтарды шын мағынадағы технологиялық үрдістер мен құрылымдарға айналдыра алады. Егер ғылыми-техникалық прогресс мәдениеттің іргелі және қолданбалы құндылықтарының қарым-қатынасын үнемі өзгертіп отыратын қоғам дамуының бір жолы болса, жобалау әрекетін оны жүзеге асыратын әлеуметтік құрал, әлеуметтік институт деуге болады.

Өткен ғасырдың 60-жылдарында күрделі жүйелерді тиімді басқару арқылы дамытудың жаңа әдіснамалық бағдарламасы қалыптасты және негізіне жобалау қызметі алынып, аталған бағдарламалардың төмендегі алғышарттары ұсынылды:

− кез келген әрекет экономикалық тұрғыдан қарастырылады: нәтиже белгіленеді, қызметтің тиімділігі, оны орындауға кеткен шығын мен тиімділігі тұрғысынан қарастырылады;

− кез келген әрекет басқарылады, бұл жағдайда: әрекеттің өзі де басқару объектісі ретінде және басқаратын органдарда бірдей қарастырылады;

− жобалаудың барлық әрекеттері жүйелік тұрғыдан жүргізіледі. Оның мәні проблемаға, міндетке, миссияға және қызметке бағытталады. Бұл жерде ең әуелі жаңғыртудың идеясы белгіленеді, одан соң жаңаны құрудың кезеңдері анықталады, жоспарланады;

− жүйе ретінде басқарудың объекті де, үрдісі де қарастырылады. Бұл басқару механизмі емес, мақсат қоюдың, оған жетудің әдістері мен құралдарын белгілеу, оған қажетті ресурстарды анықтау және құрастыруды көздейтін интеллектуалдық саласы(Афанасьев).

Жоспарлаудың жаңа бағыты сол кездегі қоғамда ғылыми –техникалық прогрестің қарқынды дамуын, өнеркәсіптердің еңбек өнімділігін арттыруды, жаңа техникалар мен технологияларды жасақтауды және тәжірибеге ендіруді, әлеуметтік міндеттерді орындауда пайдалануды, жаңа технологиялармен жұмыс істеуге мамандарды даярлау және олардың кәсібилігін дамытуды, т.б. шаруашылықтың көптеген түрлі салаларын қамтитын, кешенді мақсаттарын орындауды көздеген болатын. Сонымен қатар, бұл өндіріс, ғылым мен білім беру салаларының нәтижелі қызмет ету мен олардың өзара қарым – қатынасының тиімді ұйымдастырылуын, қызметкерлердің жаңа ғылым жетістіктерін игеру негізінде сапалы еңбек нәтижесін аз мерзімде, аздаған шығынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған міндеттер күрделі жүйелер ретіндегі көптеген түрлі салаларды қамтитын өте кең ауқымды болғандықтан оны жүйелі және кешенді жүргізу қажеттігі туындайды.


Дата добавления: 2018-10-27; просмотров: 41; ЗАКАЗАТЬ РАБОТУ