Автоматты локомотив сигнализациясы



Дәріс Дәріс тақырыбы:«Автоматика мен телемеханика туралы жалпы мәліметтер» Дәріс мақсаты:«Автоматика мен телемеханикақұрылғыларымен танысу»

Жоспар

1. Автоматика мен телемеханика құрылғыларының қызметі. Сигналдарды жіктеу

2. Бағдаршамның құрылғысы

3. Кіре беріс және шыға беріс бағдаршамының қойылатын орындары және сигнал көрсеткіштері

4.  Тасымалды, қол, маневр және пойыз сигналдары туралы жалпы мәліметтер

5. Пойыздар жүрісінің аралығын реттеу жүйелері

Автоматты блокировка

Автоматты локомотив сигнализациясы

8. Автоматты өткел сигналдары

9. Релелі жартылай автоматты блокировка.

Автоматика мен телемеханика құрылғыларының қызметі. Сигналдарды жіктеу

Бұл бөлімде пойыздар жүрісін реттеуді іске асыратын және стансалар мен олардың аралықтарында жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ететін автоматика және телемеханика құрылғылары қаралады.

Жүріс қауіпсіздігін сақтауға және пойыздар жүрісі мен маневр жұмыстарын нақты ұйымдастыруға темір жолдағы сигнал беру құрылғылары қызмет жасайды.

Сигнал дегеніміз - көзге көрінетін немесе дыбыс арқылы белгілі бұйрық берілетін шартты белгі. Теміржол жұмыскерлері сигналдың қойған талаптарын орындау үшін мүмкіндігінше барлық құрал - саймандарды пайдалану керек. Теміржолда сигнал деп - сигнал құралын және оның сигналдық көрсеткішін түсінеді.

Көлік қатынастарында қолданылатын сигналдарды адамның қабылдау тәсіліне қарай көрінетін және дыбысталатын деп бөлінеді.

Көрінетін сигнал оттың, қалқанның, жалаудың, дискінің түстерімен; сигнал көрсеткіштерінің саны мен өзара үйлесімдерімен; сигнал оттарының жану тәртібімен және тасымал сигнал қалқандарының кескіндерімен белгіленеді. Көрінетін сигналдың артықшылығы дыбыс сигналының естілуінен гөрі әлде қайда алысырақ жерден байқалады.

Дыбыс сигналы дыбыстарының санымен және ұзақтығымен ерекшелінеді. Оның мәні күндіз де, түнде де бірдей. Дыбыс сигналдарын беруге локомотивтің, моторлы вагон пойызы мен дрезинаның ысқырығын, керней дауысын, сиренді, гудок пен петарды пайдаланады. Дыбыс сигналын бергенде, әсіресе елді мекенді жерде мүмкіндігінше шу шығармауға тырысады. Сондықтан олар онша қашық емес жерден естіледі. Дыбыс сигналын беруге көбінесе адамның қатынасы қажет.

Қолдану уақытында қарай көрінетін сигналды күндізгі, түнгі және тәуліктік деп бөлінеді. Күндізгі деп - тәуліктің жарық мезгілінде қалқанның, жалаудың, дискінің бояулы түрімен немесе түсімен, жану тәртібімен және сигнал құралы жарығының үйлесімімен берілетін сигналдарды айтады; түнгі деп - тәуліктің қараңғы мезгілінде жарықтың белгілі түсімен берілетін сигналды айтады; тәуліктік деп - күндіз де, түнде де түсімен, жану тәртібімен және жарықтың үйлесімімен берілетін сигналды айтады.

Көрінетін сигнал жалаумен, фонармен, қалқанмен және дискімен беріледі. Осы құралдардың қызметі, сигнал көрсеткіштері, тұратын жері мен пайдалану тәртібі ТПЕ және сигнал беру нұсқауларында белгіленеді.

Көрінетін сигналды оның құралдарына байланысты тұрақты, тасымалды, қолдық және пойыздық деп жіктейді. Тұрақтыға - жолдың белгілі жеріне орналастыратын бағдаршам мен локомотив бағдаршамы; тасымалдыға - жолдың кейбір бөлігі мен жылжымалы құрамды уақытша қорғауға арналған қалаларға бекітілген қалқан, жалау, фонар; қолдық сигналға - пойыздарға әртүрлі бұйрық пен нұсқау беретін жалау, диск, фонар; пойыздық сигналға - пойыздың басы мен соңын белгілейтін дискі, жалау және фонар жатады.

Сол сияқты теміржолда қызметі мен түрлеріне қарай сигнал белгісінің әр түрін пайдаланады. Оларды электрлі пойыздың ток қабылдағыштарын түсіретін жерінде, қар тазалағыштар жұмыс істеп жатқан жерлерде және басқа жағдайда қолданады. Сигнал белгілері локомотив машинисінен белгілі қимыл жасауды талап етеді ( мысалы, "тоқ қабылдағышты көтер") немесе оған белгілі мәліметті хабарлайды, ( мысалы, "пойыздың жылдамдығын баяулат") және т.б. Екі, одан да көп сигнал көрсететін бағдаршам мен сигнал көрсеткіштеріне қарағанда әрбір сигналдық белгі барлық уақытта тек бір ғана белгіні көрсетеді. Сондықтан оларды жақындағанда пойыз прожекторының жарығымен көрінетін жерге орналастырады.

Теміржолда тұрақты сигналдар есебінде барлық автоматика мен телемеханика жүйелерінде пайдаланатын бағдаршамдар қолданылады. Негізгі сигналдар стансалар мен блок - аралықтарды қорғайды және олар осы жерлерде пойыздың жүрісіне рұқсат немесе рұқсат жоқ деген сигналды көрсетеді. Ескерту сигналы негізгі сигналға жақындағанын және оның көрсеткішін хабарлайды.

Негізгі сигнал өз қызметтеріне қарай кіре беріс, өтпелі, маршутты және бөгеуіш болып бөлінеді: кіре беріс сигналы - стансаны көрші аралықтардан қорғау және пойызды стансаға қабылдауға рұқсат ету немесе рұқсат етпеу қызметін; шыға беріс сигналы - пойызды стансадан екі аралыққа жөнелтуге рұқсат ету немесе рұқсат етпеу қызметін; өтпелі сигнал - пойызды екі аралықта өздері қорғайтын блок - аралығына кіруге рұқсат; маршуттық сигнал - стансаның бір паркінен екіншісіне өтуге рұқсат ету немесе рұқсат етпеу қызметін атқарады; бөгеуіш сигнал теміржолдың басқа теміржолмен, трамвай немесе троллейбус жолымен бір деңгейде қиылысатын жерінде және де ашпалы көпірден өтер жерде бөгеуіш ретінде орналастырады. Сонымен қатар, бағдаршам маневрлік, дөңестік, қайталауыш, күзеткіш және локомотивтік ретінде қолданылады.

Көлікте негізгі сигнал түріне қызыл, сары және жасыл түстері жатады. Олардың таңдалуы кездейсоқ емес. Себебі, жарықтардың күші бірдей жағдайда, басқа түрлеріне қарағанда қызыл от жақсырақ көрінеді және оның өзгеру қателігі аздау болатыны анықталған. Сондықтан ол тоқтату сигналы ретінде қабылданған. Сары от қызылға жағындау, жасылға қарағанда көрінгіштеу, жүруге рұқсат етуді және жылдамдықты баяулатуды талап етеді. Тұман кезінде сары от қызғылт түрге жақындайды, сондықтан лны байқамай жүрісті белгіленген жылдамдықпен өтуге рұқсат беретін жасыл жарық ретінде пайдаланбайды.

Айтылғандардан басқа көк, айдай ақ, мөлдір ақ және сүттей ақ сигнал жарықтары қолданылады. Көк жарықты маневр бағдаршамында рұқсат етілмейтін белгі ретінде пайдаланады. Ұзаққа созылған өрде орналасқан өтпелі бағдаршамға қосымша шартты - рұқсат сигналы - "Т" әрпі тәрізді белгісі бар шағылдырғыш қалқан қойылады. Ол жүк пойызының машинисіне ерекше қырағылықпен ( егер алдында жүруге кедергі пайда болса, дереу тоқтатуға дайындықпен) қызыл жарықты бағдаршамға тоқтамай 20 км/сағ жылдамдықпен жүріп өтуіне рұқсат етеді. Айдай ақ жарық маневр бағдаршамында маневрге рұқсат, кіре беріс, шыға беріс және маршуттық бағдаршамында шақыру сигналы ретінде пайдалынады. Мөлдір ақ жарық қол фонарына, пойыз сигналына, гидроколонка және букстық қызулық көрсеткішіне және т.б. пайдаланылады. Сүттей ақ жарық бағыттама мен жолды қорғауыш көрсеткішіне пайдалынады.

 Бағдаршамның құрылғысы

Бағдаршамды линзалық және прожекторлық деп бөлінеді. Линзалы бағдаршамның (20.1 - сур.) әр жарыққа кернеуі 12 В, қуаты 15,25,35 Вт шамы бар жекеленген линза жинағынан тұрады. Бағдаршамның басындағы линза жинағы бір - бірінен қалқаланған. Сондықтан линза жинағында жанған жарық көршісіне өте алмайды.

Прожекторлы бағдаршамның діңгегіне бір түсті дөңгелек қалқан бекітіледі. Үш түрлі белгі көрсету үшін бағдаршам басына үш түсті шынылы жарық сүзгіші орнатылған. Олар реле арқылы қарама - қарсы бағытта ток жүргенде ауысып отырады. Бұл бағдаршамның түрі электр энергиясының шығынына қарағанда, линзалықтан пайдалы, бірақ пайдалануда сенімділігі аз.

Кіре беріс және шыға беріс бағдаршамының қойылатын орындары және сигнал көрсеткіштері

Бағдаршамды жол бойының пойыздар жүретін бағытының оң жағына немесе осы жол осінің үстіне құрылыстардың жолға жақындау габаритін есепке алып орнатады. Сонымен қатар әр жолдағы бағдаршамның сигнал жарығы көрші жолға зиянын тигізбеу керек. Пойыздың қауіпсіздігін сақтау үшін тура жолда орналасқан кіре беріс, өтпелі, бөгеуіш, күзеткіш бағдаршамының әр түсті жарықтары күндіз де, түнде де жақындаған пойыздың локомотивінен кемінде 1000 м қашықтықтан анық көрінуі керек.

Барлық кіре беріс және өтпелі бағдаршамдардың алдына ескерту бағдаршамы орнатылады. Автоблокировкамен жабдықталған жолда әрбір өтпелі бағдаршам өз алдындағы бағдаршамға ескертуіш болып есептеледі. Үш мәнді белгі беру автоблокировкамен жабдықталған жолдағы көрші бағдаршамның аралығы тежеуіш жолының ұзындығынан кем болмауы тиіс. Ол ұзындық - осы жерге байланысты ең жоғарғы жылдамдықтағы пойызды (бірақ жылдамдықтың мөлшері жолаушылар пойызы үшін 120 км/сағ және жүк пойызы үшін 80 км/сағ аспасын) қызмет бабында толық тежелгендегі жолдың ұзындығынан, сондай - ақ шұғыл тежеу жолынан (АЛС және автотоқтатқыш құрылғыларының тежеуіш жүйесіне әсері жеткенге дейінгі уақытты қоса есептегендегі жолынан) кем болмауы керек. Сонымен қатар сигнал жарығының көрінуі қашықтығы 400 м кем жолда және автоблокировкамен жаңадан жабдықталған жолда осы ұзындық 1000 м кем болмау керек.

Шыға беріс бағдаршам әрбір жөнелту жолының локомотив тұратын жерінің алдына орнатылады. Басты жолдағы шыға беріс пен маршуттық бағдаршам жарығы анық түрде кемінде 400 м - ден, ал қаптал жолдағы - кемінде 200 м қашықтықтан көрінуі керек. Тақ және жұп бағыттардағы шыға беріс бағдаршамға тиісті Т және Ж әріптері және жөнетілетін жол нөмірлері беріледі.

Кіре беріс және шыға беріс бағдаршамының ашық деген белгісі сигнализация нұсқауында көрсетілген. Олар пойыздарды қабылдау, өткізу және жөнелту жағдайына байланысты өзгереді. Мысалы, егер кіре беріс бағдаршамда сары от жанса, онда пойыз стансаның басты жолына қабылданады, шыға беріс бағдаршамы жабық, тоқтауға дайындалып жүр делінген бұйрық. Маркасы 1/9 және 1/11 бағыттамамен қаптал жолға тоқтайтын пойызды қабылдағанда (жүріс жылдамдығы 50 км/сағ аспау керек) кіре беріс бағдаршамында екі сары от жанады, ал тиісті шыға берісте қызыл от жанады. Пойызды жазық иінді 1/18 маркалы бағыттамамен каптал жолына қабылдағанда немесе сол жолдан жөнелткенде машинист жоғары жылдамдықпен жүретін сигнализацияны пайдаланады. Мысалы, маркасы 1/18 бағыттамамен пойыз капитал жолда 80 км/сағ дейінгі жылдамдықпен жүреді. Бұл жағдайда кіре берісте жыпылықталған жасыл от пен бір сары от және бір жасыл жолақ жанады, ал шыға беріс бағдаршамы ашық (20.2, б сур.) болады. Егер осы жағдайда шыға беріс бағдаршамы жабық болса кіре беріс бағдаршамында екі сары от және бір жасыл жолақ жанады.

Тасымалды, қол, маневр және пойыз сигналдары туралы жалпы мәліметтер

Тасымалды сигналға екі беті қызылға немесе бір беті қызылға, ал екіншісі беті аққа боялған төрт бұрышты қалқан және бір беті сарыға, екіншісі беті жасылға боялған шаршы қалқан; қадаларға бекітілген қызыл жарықты фонар, қадаларға ілінген қызыл жалау жатады. Сонымен қатар "қауіпті жердің басы", "қауіпті жердің соңы" және "С" - ысқырық беру сияқты тасымалды сигнал белгілері қолданылады. Тасымалды сигналы мен сигнал белгілері пойыздың жүру жолындағы кедергіден, екі аралықтағы және стансадағы жүмыс жасалып жатқан жерді, керекті жағдайда станса жолындағы құрамды қорғауға пайдаланылады.

Маневр жұмысында: маневр жасауға рұқсат дейтін - айдай ақ жарық, маневр жасауға рұқсат жоқ дейтін - көк жарық сигналын пайдаланылатын маневр бағдаршамы; пойыз құрамын сұрыптау жылдамдықтарына байланысты бірнеше сигнал көрсеткіштері бар дөңес бағдаршамы; маневр локомотивінің машинисіне "алға", "кейін", "жәймен", "тоқта" деген сияқты сигналды беруге қол және дыбыс сигналы қолданылады.

Пойызды, локомотив пен басқа да жүріс құрамын белгілеуге пайдаланылатын сигналдарға мөлдір ақ, қызыл, сары оты бар фонар, қызыл және сары жалау, қызыл дискі қолданылады. Сигналдың санына, түсуіне, өзара орналасуына және оның пойыздың басында не артында болғандығына байланысты, сигнализация нұсқауын көре отырып, күндіз де, түнде де пойыздың қай жолымен және қалай келе жатқанын білуге болады.

Пойыздар жүрісінің аралығын реттеу жүйелері.

Пойыз жүрісінің аралығын реттеуге екі аралықтағы сигнализация, орталықтандыру, блокировка (СОБ) және байланыс құрылғылары қызмет жасайды. Автоматика мен телемеханиканың бұл жүйесі әрі жүріс қауіпсіздігін, әрі қажетті өткізу қабілетін қатар қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта пойыз жүрісінің аралығын реттеудің негізгі құралдарына: автоматты және жартылай автоматты блокировкаға, автоматты локомотив сигнализациясы, пойыз жүрісін бақылайтын диспетчерлік құрылғылар, автоматты өткел сигналы жатады.

Жол блокировкасының құрылғылары келе жатқан пойызға сигналдың ашылуын, оның алдындағы аралықты пойыз босатпайынша мүмкіндік бергізбеу арқылы жүріс қауіпсіздігін сақтайды. Автоблокировкада блок - аралыққа пойыз кіргеннен кейін оны қорғауыш бағдаршам автоматты түрде жабылу керек. Пойыз жүрісінің қауіпсіздігін арттыру үшін автоблокировка жүйесі қосымша автоматты локомотив сигнализациясымен (АЛС) және автотоқтатқышпен жабдықталады. Пойыз жылдамдығы артқан сайын жол бағдаршамының сигналын машинистерге ажырату қиындай бастайды, сондықтан АЛС құрылғылары пойыз жүрісін реттеудің негізгі құралдары бола бастайды.

Автоматты блокировка

  Автоматты блокировкада екіаралық блок - аралықтарға автоматты түрде жұмыс істейтін өтпелі бағдаршамдармен бөлінеді. Блок - аралықтың ұзындығы көрші бағдаршамдар аралығына тең. Үш мәнді сигнализациялы автоблокировкада блок - аралықтың ұзындығы пойыздың іске асыра алатын жоғарғы жылдамдығында қызметке байланысты тежеу кезіндегі жүретін жолының ұзындығынан; сонымен қатар оның ұзындығы шұғыл тежеу кезіндегі (автотоқтатқыш жұмысқа қосылғанға дейін жүрілген жолды қосқанда) жүрген жолдан кем болмау керек, сөйтіп оның ұзындығы 1000 - 2600 м дейін жетеді.

Өтпелі бағдаршамдағы сигнал көрсеткішінің автоматты түрде өзгеруі әр блок - аралығының шегінде орналастырылған электрлі рельс тізбектері арқылы пойыздың бағдаршамын басқаратын аппаратураға әсер еткендігінен болады. Электрлі рельс тізбектері арқылы блок - аралығының бос еместігі ғана бақыланып қоймай, сондай - ақ релістердің бүтіндігі (мысалы, рельстің толық сынғандығы немесе алып тасталғандығы анықталады) бақыланады. Қазіргі автоблокировка жүйесіндегі реліс тізбегінің электр сызбалары едәуір күрделы. 21.1 - суретте екі мәнді автоблокировканың жеңілдетілген сызбасы көрсетілген. Реліс тізбектері бір - бірінен ажыратқыш түйіспелерімен (АТ) бөлінген. Мұндай түйіспелер араларына фибрлі ажыратқыштар салынып, темір жапсырмалармен бекітілген. Басты жолдарда ажыратқыш түйіспенің жаңа түрі - желімді бұрандалы ажыратқыш қолданылады.

Реліс тізбектерінің ток көзі - жол батареясы(ЖБ). Оның құрамы - аккумулятор (А), түзеткіш (Т) және тоқты пайдаланушы жол релсі (ЖР). Автоблокировка жоғарғы вольтты электр беретін сигнал желісінен қоректенеді.

Егер блок - аралық бос болса, тоқ қоректендіру көзінен реліспен жол релсіне жетеді, ол сигнал батареясының СБ тізбегін бағдаршамның жасыл отына тұйықтайды. Егер блок - аралық тіпті бір қос доңғалақпен бос емес болса ( не реліс сынса), онда ток дол релесіне жетпейді, оның якорі төмен түседі де, сигнал батареясының тізбегі бағдаршамның қызыл отын тұйықтайды.

Пойызды жүргізуге тұрақты немесе айнымалы тоқты электр жетек күші пайдаланылатын жолда санды кодты импульстер түрінде реліс тізбектері жасалады. Реліс тізбегінде коды бар автоблокировканы санды кодты автоблокировка дейді. Мұнда алда тұрған бағдаршамның сигнал көрсеткіші реліс тізбегі арқылы артта қалған бағдаршамға жеткізіледі. Осы бағдаршам алдындағы реліс тізбегінде жіберілген тоқтың белгілі сигнал коды әрбір сигнал жарығына сәйкес келеді; егер реліс тізбегіндегі код айналымында үш импульс болса (Ж код), онда алдағы бағдаршамда жасыл от жанады; код айналымында екі импульс болса (С код), онда алдағы бағдаршамда сары от жанады; егер код айналымында бір импульс болса (Қ код), онда алдағы бағдаршамда қызыл от жанады. Бұл сигнал кодтары локомотив бағдаршамының (АЛС) оттарын да басқарады. Электрленген жолда релістермен жетек күшінің тұрақты немесе айнымалы тогы және автоблокировканың реліс тізбектерінің айнымалы тогы жүреді. Жетек күштерінің тогын ажыратқыш түйіспелерден айналып өткізу үшін рельс тізбектеріне арнайы аспап - дрюссель - трансформатор және жиілік сүзгілері қосылады.

Автоблокировка сигнализациясының мәніне қарай: екі мәнді (Қ,Ж), үш мәнді (Қ,С,Ж), төрт мәнді (Қ,С,СЖ,Ж) болып бөлінеді.

Алыс сапарлық және қала мандық жолаушылар пойыздары араласып жүретін үлкен қалалар маңындағы жолда және жолаушылар жүрдек пойыздары көп жолда көбінесе төрт мәнді автоблокировка пайдаланылады. Жүрдек пойыздың тежелу жолының ұзындығы қала маңдық пойыздың тежелу жолынан әлдеқайда ұзынырақ болғандықтан оның тежеуіштерін бағдаршамның сары және жасыл оты қатар жанғанда іске қосады, ал қала маңдық пойыз тежеуіштерін бағдаршамның сары оты жанғанда іске қосады. Бір бағытта екі қала маңдық пойыздардың аралығын қысқарту үшін бағдаршамдарды осы пойыздардың тежелу жолының ұзындығына байланысты орнатады және де блок - аралығы 500 м-ден аз болмау керек.

Екі мәнді автоблокировкада әр бағдаршамның көрсету белгісі оның алдындағы бағдаршамның белгі көрсеткіштеріне байланысты емес, ол бағдаршамның тек өзіне қарасты блок - аралығының жағдайына байланысты: блок - аралығы бос болса бағдаршамда - жасыл , бос емес болса - қызыл жанады.

Үш және төрт мәнді автоблокировкада бағдаршамдар өзара электрлі байланыста, яғни бағдаршамның белгі көрсеткіші тек блок - аралығының жағдайына байланысты ғана емес, ол өзінің алдындағы бағдаршамның белгі көрсеткішіне де байланысты. Мұндай байланыстылық бағдаршамдар аралығындағы байланыс тізбектерінің құрылғысын (кабельді немесе сым) немесе кодты реліс тізбектерін пайдалану арқылы қамтамасыз етіледі.

Басқа жүйелермен салыстырғанда кодты автоблокировканың бірқатар артықшылығы бар: өтпелі бағдаршамдардың өзара байланысына сым желілері қажет емес, олардың орнына кодты реліс тізбегі пайдаланылады. Онымен қатар бағдаршамның көрсетуі локомотивтердің АЛС жүйесіне беріледі.

Санлы кодты автоблокировканың қос жолдық түрлері пайдаланылады. Пойыз жылдамдығы сағатына 140 км дейін қала маңдық жолда қалыптасқан үш және төрт мәнді автоблокировканың жүйесін ( мұнда АЛС қосымша сигнал жүйесі есебінде қаралады) пайдаланудан бас тартудың қажеті жоқ.

Кейінгі жылдары автоблокировканың жаңа түрлері жасалып, өндіріске енгізілуде, олар жетек күштерінің кез келген түрлері пайдаланылатын өте жоғары беріктілігімен айрықшаланады. Мұндай жүйелерде: жиілігі жоғарлатылған 100-140 Гц айнымалы токты релістер тізбегі мен АЛС жүйесін пайдаланатын жиілік автоблокировка; гетеродинді қабылдағыштары бар жиілігі 75-83 Гц айнымалы токты релістер тізбегін пайдаланылатын автоблокировка; ажыратқышты түйіспелерсіз және өтпелі бағдаршамсыз реліс тізбектері бар, әрі екіаралықтағы аппаратуралары көрші стансаларда орналастырылған жиілік автоблокировка; реліс тізбектерінің босатылуы мен жолдағы бағдаршамдарының көрсетулері бағдарламалы түрде бақыланатын бірыңғайланған автоблокировка жатады.

Автоматты локомотив сигнализациясы

АЛС жүйесі алдағы жол бағдаршамының көрсеткіш белгісін машинист кабинасына орнатылған локомотив бағдаршамына жеткізу үшін қолданылады. Бұл машинистке әсіресе нашар көрініс жағдайында пойызды сенімді әрі қауіпсіз жоғары жылдамдықпен жүргізуді қамтамасыз етеді.

Локомотивте АЛС құрылғыларына қосымша автотоқтатқыш (АТ) орнатады. Ол, егер машинист пойызды тежеуге және уақытылы жабық бағдаршам алдында тоқтауға шара қолданбаса, пойызды автоматты түрде тоқтатады. АЛС және АТ жол бағдаршамдарының сигналдық көрсеткіштерін локомотивке жеткізу әдісіне байланысты үздіксіз (АЛСҮ және АТ) және нүктелі (АЛСН және АТ) болып екі түрге бөлінеді.

АЛСҮ және АТ алдағы жол бағдаршамының сигналын локомотивке үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етеді. Бағдаршамның сигналы локомотивке релістер тізбегі арқылы беріледі. Келе жатқан пойызға алдағы бағдаршамның релістер тізбегі арқылы айнымалы кодталған ток жіберіледі. Ол локомотив қабылдағыш катушкасында ҚК сондай айнымалы тоқты код импульстерін (шамамен 0,2 В) жасайды. Осы импульстер сүзгі С арқылы күшейткүшке К беріледі, ол жерде тұрақты токтың импульсына айналып, күшейтіледі. Кодтар дешифраторда ДШ аныұталады да, оның мағынасына қарай локомотив бағдаршамының ЛБ тиісті шамы жанады. Егер жол бағдаршамында жасыл жанып тұрса,онда пойызға қарай токтың жасыл коды жүреді (код айналымында 3 импульс ), сондықтан локомотив бағдаршамында да жасыл от жанады; сары отты бағдаршамнан сары код ( код айналымында 2 тмпульс) жүреді, сондықтан локомотив бағдаршамының бір көзінде жартылай сары және жартылай қызыл от қатар жанады.

Егер бос емес блок аралығындағы релістер тізбегінде кодтар жоқ болса, оған пойыз кірген локомотив бағдаршамында ЛБ қызыл жанады. ЛБ - дегі ақ от пойыз рұқсат сигналы бар бағдаршамға жақындағанда немесе кодталмаған станса жолымен жүргенде жанады; бұл жағдайда машинист жол бағдаршамының көрсетуіне бағынуы керек.

Машинист сары жарықты бағдаршамнан өтіп, қызыл жарықтыға келе жатқан ЛБ - дегі жарық сары-қызылға ауысады; машинист жол бардаршамының сигналдарын пайдаланады. Бұл жағдайда машинист әрбір 20-30 с сайын қырағылық тұтқасын басып отыру керек, әйтпесе автотоқтатқыш іске қосылады. Қырағылық тұтқасын әлсін - әлсін басу машинистің назарын пойызды уақтылы тежеуіне және қызыл отты бағдаршам алдында тоқтатуға аударады. Машинистің іс әрекетін бақылау үшін локомотивте жылдамдық өлшегіш пайдаланылады; ол таспаға, пойыздың нақты жылдамдығын, локомотив бағдаршамының қызыл немесе сары - қызыл жанған жерлерін, қарағылық тұтқасын басу кездері мен автотоқтатқыш жұмысын жазып отырады.

Микроэлемент негізінде автоматты локомотив сигналының жаңа жүйесі (АЛС-ЕН) жасалды, ол пойыздардың жүрісін автоматты басқару жүйелер қатарының біріне кіреді. АЛС-ЕН аппаратурасы жол және локомотив құрылғыларынан тұрады. Оның негізгі қызметіне пойыздың жүріс жылдамдығының сатылы түрдегі режимін және машинистің қырағылығын бақылау жұмыстарының орнатылуы қажет. Бұл үшін локомотив құрылғылары жол құрылғыларынан алынған ақпарат (256 хабарға дейін) арқылы бақыланған және шекті жылдамдықтардың мәнін тауып, оларды пойыздың нақты жылдамдығымен салыстырады. Пойыз алдындағы бос блок - аралықтар саны (алтыға дейін) көрсетіледі. Локомотив барлық хабарлар индуктивті реліс желісімен беріледі, оның жиілігі 175 Гц. Машинистің қырағылығы бір дүркін және дүркін - дүркін бақыланып отырылады: егер тыю сигналы төменгі сатыға ауысса, бір дүркін, егер бақылаулы жылдамдық жоғарыласса, дүркін - дүркін орындалады. Жүк, жолаушы және жүрдек пойыздар үшін жоғарғы деңгейлері 90, 160 және 200 км/сағ белгіленген.

Автоматты өткел сигналдары

Егер автомобиль қатынас құралдарының өткелден өтулерін сигнал құрылғыларымен, сондай - ақ күзетші реттеп тұратын болса, реттеулі өткел деп, ал өткелден өту қауіпсіздігі көлік жүргізушілер арқылы анықталатын болса, реттеусіз өткел деп атайды. Кейбір жағдайда өткел сигнализациясын кезекші жұмыскер басқарады. Мұндай өткелдер күзетулі, ал кезекші жұмыскер қойылмаған өткелді күзетсіз деп атайды. Өткел қорғауыш құрылғыларға: автоматты, электрлі және механикаланған шлагбаум жатады. Автоматты өткел сигнализациясын іске қосу үшін автоблокировканың реліс тізбектері немесе арнайы тізбектер пайдаланылады.

Автоматты өткел сигнализациясы пойыз өткелге жақындағанға дейін өтіп кететін жағдайды есептей отырып, автомобиль көлігіне тоқтау сигналын береді. Пойыз өткелдің күзетулі бөлігіне жеткенде автомобиль жолының бағдаршамында кезектесіп жанатын жыпылықтаған екі қызыл от көрінеді және жаяу адамдарға хабарлау үшін дыбыс сигналы (жәй немесе бақырған) беріледі. Егер өткел автошлагбауммен жабдықталса, оның жол бөгеу арқалығының қызыл оттары жанады және белгілі уақыттан кейін кедергі бөгеу арқалығы жабылып, көлденең күйге келеді. Пойыз өткелді толық босатқанша бағдаршам сигнализациясы қосулы тұрады және автошлагбаум жабық болады. Пойыз өткелден өткен соң шлагбаумның бөгеу арқалығы көтеріледі, бағдаршамның қызыл жарығы сөніп, жасыл жарығы жанады.

Күзетулі өткелді пойыз жағынан сақтау үшін стансалар аралығында - өтпелі және ескерту, ал стансада кіре беріс, шыға беріс, маршуттық және маневр бағдаршамдары пайдаланылады. Оларды көріну жағдайына қарай өткелден 15 м жақын және 800 м алыс емес аралықта орналастырады.

Өткел кезекшісі күзеткіш бағдаршамын пойыз жүрісіне кедергі пайда болғанда іске қосады. Автоблокировкамен жабдықталған жолда күзеткіш бағдаршамының қызыл оты жанса, екі жақтағы көршілес бағдаршамдар да қызыл көрсетеді.


Дата добавления: 2018-02-18; просмотров: 5126; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!