Тапсырма. Көп нүктенің орнына тиісті фразеологизмдерді қойыңыз



... адам баласын арманы мен мақсатына жеткізбейді, себебі адам қайырымдылық қорына, жетім-жесірлерге... арқылы игі істер жасауы тиіс. Қазіргі кезде... алаяқтар көбейіп барады, бірақ олар міндетті түрде....... болса да адам баласы еңбекті ұмытып, өмір сүрудің қадірін мүлде түсінбейді. Әділ тергеушілер... анықтап, айыпкердің жасаған қылмысын... етіп көрсету керек.... адам еш уақытта қор болмайды, халықта... деген нақыл сөз бар. Қазақ батырлары...,... қосып әрқашан да жауға тойтарыс беріп,... өз халқының елдігін сақтап отырған.

Қажетті сөздер: белді бекем буып; қол ұшын беру; қолымен істегенді мойнымен көтеру; шық бермес шығайбайлық; тамағы тоқ, киімі көк; ауызды ку шөппен сүрту; істің ақ-қарасы; еңбек етсең – емерсің; тізе қосып; ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен;. тайға таңба басқандай; маңдай терін төгу.

1-тапсырма. Көп нүктенің орнына тиісті әріптерді қойып жазыңыздар.

Қи..., ү...лі, көрке..., м....а, ха....ан, ке....ана, а....ан, ба...., а...., сарға..., мола...., аңыра..., қара...., би...зы, қи....л, сы....ды, ты....ды.

2-тапсырма. Берілген сөздердің дұрыс вариантын жазыңыздар.

Жыйұу, адиутант, байандамашы, тайяұу арада, тыйяр емес, зыйялылық, зыйянсыздандыру, тыйанақты, инвестицыйа, мұқыйатсыздық, бие сауұу, жүк жыйұу, қолды жуы керек, жарыйалау, басты иу, Отанды сүйу.

1- тапсырма. Өлеңді мәнерлеп оқып, түсінгендеріңізді айтыңыздар. Өлеңді жаттап алыңыздар.

Туған жер

Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған, елдегі адам қайдан білсін!?

Туған жердің қадірін алыс жерге ұзатқан, ұзатқанына әлде талай жыл өткен, қыз білмесе кім білсін!?

Туған жердің қымбатын ғылым іздеп шет жайлап, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе кім білсін!?

Туған жердің артығын жазатайым іс етіп, күштілерге күш етіп, еріксіз елден айрылған, шеттен дәмі бұйырған, жаттан сыйлау көрмеген ер білмесе кім білсін!?

Туған жердің асылын қараңғы үйге қамалып, қара нан мен қара шай жүрегін кесіп жатқанда, қазы– қарта, сары қымыз бір-бір ұшып көзінен, есіл елін сағынған, бір көруге зар болған тұтқын білмесе кім білсін!?

Тұған жердің қадірін әлеуметтік ісіне басын байлап жегілген, қағаз кемірген, күйіп-пісіп көбелек боп, еңбегінің жемісін көрсем-ау деп телмірген, тар көше мен тар үйде бойы бір сергіп көрмеген азамат білмесе кім білсін!?

Ыстық қой, шіркін, туған жер!

Туған жерге жеткенше қайтіп дәтің шыдайды?

Кім сағынбас өз қағын, кім сүймесін өз жерін...

Сүймесе сүймес зердесіз, шерсіз жүрек тілеуі бөлек жетесіз.

(Ж. Аймауытов «Қартқожақ»)

 

Тапсырма:

а) асты сызылған сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын түсіндіріңіз

ә)төменде берілген сөздер мен сөз тіркестерін түсіндірмелі сөздіктен қарап, мағынасын жазыңыз

түз –

шет жайлау –

сарылу –

көзінің майын тауысу –

зар болу –

телміру –

зердесіз –

жетесіз –

тұтқын –

2-тапсырма. Б.Момышұлының отансүйгіштікке қатысты ойларын мәнерлеп оқып, түсінігіңізді айтып беріңіздер. Мәтінге тақырып қойыңыз

Әр әке балам бақытты болса екен, үрім-бұтағым үзілмесе екен, өшпесе екен деп тілейді. Осы мақсатпен жиырмасыншы ғасырдың басында әкелеріміз бізге қаралы жексенбілерде қан кешіп жүріп, коммунистік қоғам орнатып, кең-байтақ социалистік Отан жасап берді. Олар бізге: құрылыс жақсы болса – тұрмыс жақсы, бірлік мықты болса – тірлік күшті. Осы құрылыс пен бірлікті көздің қарашығындай сақтаңдар деп өсиет етті. Біз бұл өсиетті абыроймен орындап, социалистік Отанымызды Гитлер сияқты ең жауыз жаудан сақтап қалдық. Туысқандық бірлігімізге титтей де дақ түсірмедік.

Сөйтіп, Ұлы Отан соғысында қабырғадан қан кешіп жүріп, біз де сендерге бақыт әпердік, жас ұрпақ. Ол - қазіргі кең жазира Отаның сенің. Өйткені, Отансыз өмір, Отансыз қуаныш жоқ. Соны көздің қарашығындай сақтаңдар.

Жастарымыз отаншыл болсын. Отаншылдық әр адамға керекті ең ұлы қасиет. Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауылын, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе сол адам отаншыл болады. Өйткені өз әке-шешесін ардақтамаған, өзгенің ата-анасын құрметтемейді. Үйде бауырмал болмаған, түзде қаһарман болмайды. Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын қадірлемейді. Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды. Мұны ұлтшылдықпен шатастырмау керек. Екеуі аспан мен жердей екенін жастар ажырата білуі шарт. (Б.Момышұлы)

3-тапсырма. Төмендегі тұрақты сөз тіркестерімен төрт жай сөйлемнен тұратын аралас құрмалас сөйлем құрыңыздар.

Кір жуып, кіндік кескен жер. Туған ел – торғын бесік. Отын оттап, суын ішті. Қоныс аударды. Ата қоныс. Ағайын тұтты.

4- тапсырма. Өздеріңіз жатқа білетін туған жер, Отан туралы немесе ауыл, ел туралы өлең шумақтарын жатқа айтыңыздар.

 

 

Мәтін

Ерте кезде тәуелсіз жандарды – “еркін адам”, “дала еркесі”, “дала серкесі” – бір сөзбен айтсақ “қазақ” деп атаған. Еркіндік аңсаған ата-бабамыз тәуелсіз жан деп бір Тәңірге, Аллаға табынып, ата-анасына бағынып, өз еңбегіне сүйеніп жүрген адамды таныды. Тәуелсіз жан деп еркіндігін құрбандыққа шалмайтын, қауіпті күнде аспандағы айға атылатын, қас қабыландай ешнәрседен жалтарып таймайтын адамды мойындады. Тәуелсіздік үшін ата-бабамыз басын бәйгеге тікті.

Тәуелсіздік таңы атты. 1990 жылдың 25 қазанында мемлекеттік егемендігіміз туралы Декларация қабылданған еді. Ғасырлар бойы қол созған Тәуелсіздікке жеттік. 1991 жылдың 16 желтоқсаны тарихқа алтын әріппен жазылды. Бұл – дербес мемлекеттігімізді құру жолындағы ұлы күресте қазақ халқының сан ұрпағы арман еткен, сол жолда басын бәйгеге тіккен үрдіс іс-әрекетіне қатысты бүкілхалықтық кең ауқымды қауырт жұмыстың керегесін кеңейтіп, уығын қадауға, шаңырағын биіктетуге арна тартқан алғашқы батыл қадам болатын.

2001 жылдың 19 қаңтарында республика жұртшылығы өкілдерімен кездесу үстінде Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев халықты толғандырып отырған көп мәселелерді қозғады. Мұндағы баса айтып, астын сызып көрсететін нәрсе Елбасының сөзі ұлттық идея, идеология, ақпараттар тасқыны туралы болды.

Қазақ ұлтының жалғыз Отаны – Қазақстан, ол өзінің жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған мемлекеттік тілі мен оны дамыту туралы, өзінің мәдениеті, тарихы, ұлттық үрдістері жайлы айтуға хақылы. Өзге ұлттар қазақ ұлтының ұлт ретіндегі ұмтылысына түсіністікпен қарауы қажет.

Біздің негізгі идеологиямыз – жалпыға ортақ теңдік, келісім және сенім.

Сондықтан да елдікке жетпей, теңдікке жетпейтініміз айдан анық. Осы мақсатта Елбасының алға ұстаған саясатын бүкіл халық болып қолдап, Қазақстанды мекендейтін ұлттар арасында әрдайым ауызбіршілік болып, елінің болашағы үшін және оның ілгері дамуы үшін әр адам өз үлесін қосуы қажет.

Осынау қым-қиғаш қиыншылықпен жеткен Тәуелсіздігіміздің 15 жылдығы қарсаңында ұлтымыздың рухын асқақтатып, тіліміздің туын көтеріп, халықтың болашаққа деген оң көзқарасы мен ұмтылысын алға жетелеуге тағы бір мүмкіндік туып отыр.

Бүгін біз тәуелсіз ел деп Отанымыздың иелі болуын, ана тіліміздің киелі болуын, ата-тарихымыздың жүйелі болуын айтамыз. Біз бүгін тәуелсіз ел деп кіндік қалаларымыз Астана мен Алматының асқарлы болуын, ордамызға құт-береке қонуын, ұлт пен ұлыстар арасы ынтымаққа толуын айтамыз.

Біз бүгін тәуелсіздік деп нарықтық инфрақұрылымның бар болуын, қаржылық-экономикалық жүйенің бай болуын, отандық өндірістің нар болуын, халқымыздың шетелдіктер алдында жалпақтамай, табаны таймай, тілі күрмелмей, зор болуын айтамыз.

Біз бүгін тәуелсіз ел деп ұлттық қауіпсіздігі мен аймақтық тұтастығын қорғайтын, мемлекетіміздің ұжымдық қауіпсіздік саясатын қолдайтын, ұлының ұлағатты, қызының инабатты, халқы салауатты болуына барлық мүмкіндіктерді жолдайтын мемлекетті айтамыз.

Біз бүгін тәуелсіз ел деп халықаралық ұйымдарға именбей еркін кіретін, көгілдір байрағымызды желбіретіп басқа елдің төріне ілетін, әлемдік қоғамдастыққа қай елдің өкілдері болса да қаз-қатар алдыңғы легінде жүретін, елі аман, жұрты тыныш, шекарасы бүтін, көңілі көтеріңкі, қабағы ашық, жүзі жарқын саясаткер көсемі бар мемлекетті айтамыз.

Сондықтан, Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылдық мерейтойы – ат-тұяғы мұжылып, құс қанаты талатын кең байтақ Қазақстанды мекендеп отырған 120-дан астам ұлт өкілдерінің ортақ тойына, ортақ қуанышына айналуы тиіс.

Ендеше, тәуелсіздік деген – біздің бас ұранымыз, көгілдір туымыз, біздің болашақ бағымыз, нұрлы таңымыз! Лайым, тәуелсіздігіміздің тұғыры әрқашан да берік болғай!

 

Тапсырма. Берілген сөздердің тіркесін табыңыз

Бәйгеге … керегесін …

Еркіндікті … уығын …

Еркіндікке … шаңырақ …

Құрбандыққа … үлес …

Тәуелсіздік таңы … рухын …

Декларация … туды …

Алтын әріппен … тәуелсіздік …

Ақ білектің … ақ найзаның …

 


Дата добавления: 2015-12-18; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!