Тақырыбы: Гегель және оның абсолюттік идеясы

РЕФЕРАТ

 

 

Орындаған: Сейдеханов Алишер

 

Алматы қаласы 2015 жыл

 

Жоспар:

1. Фридрих Гегельдің өмірі мен шығармашылығы.

2. Гегельдің көзқарастары.

3. Гегельдің абсолюттік идеясы.

 

 

Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831)- неміс философы, неміс классикалық философиясының және романтизм философиясының негіздеушісі. Йоһанн Готтлиб Фихте және Фридрих Вильгельм Йозеф Шеллингпен бірге неміс идеализмінің негізін қалаушы. Георг Вильгельм Фридрих Гегель 1770 жылдың 27 тамызында Штутгарт қаласының, жоғары қызметтегi шенеулiк Георг Людвиг Гегель (1733 -1799) жанұясында дүниеге келдi. Гегельдің арғы ата тегі – контрреформация кезінде XVI ғасырда Аустриядан қуылған Каринтиилік лютерандық болған. Гегелдің ілімі әртүрлі көзқарастарды ұстанатын жазушыларға әсер еткен.Гегелді философ ретінде қызықтырғаны — табиғат пен азаттықтың арасындағы қатынас, имманенттік, трансценденттік, және осы жұптардың екі бөлігінің біреуін жоймай немесе біреуін екіншісіне тәуелді етіп жібермей отырып біріктіру. Оның кең танымал және ықпалды ұғымдары: спекулятивті логика, яғни «диалектика», «абсолютті идеализм», «Рух», «Қожайын-құл» диалектикасы, «этикалық өмір» және тарихтың маңыздылығы. Гегельді кейбіреулер нацизмнің пайда болуына ықпал жасағандардың қатарына жатқызады, бірақ басқалар бұнымен келіспейді. Мемлекет пен құқық мәселелерін қарастырды. Еңбектері: "Германияның Конституциясы", "Рух философиясы", "Құқық философиясы", "Тарих философиясы", "1831 жылы реформа жайлы ағылшындық билль" және т.б. Құқық философиясы - философияның гегельдікі жүйесінің аса маңызды құрамдас бөлігі.Гегель азаматтық қоғам мен саяси мемлекеттің ара-жігін ажыратып қарастырады. Оның ойынша, мемлекет дамудың ең жоғарғы сатысы - азаматтық қоғамда пайда болады. Азаматтық қоғам деп ол буржуазиялық қоғамды түсінеді. Азаматтық қоғам - ерекше, жеке мақсаттарды және жеке адам мүдделерін жүзеге асыру аясы. Гегель азаматтық қоғамды қарама-қайшы мүдделер текетіресетін антагонистік қоғам ретінде сипаттайды.

Гегельдің ғылыми-шығармашылық қызметі Германиядағы саяси-әлеуметтік тұрмыстың елеулі өзгеріске ұшырап, елдегі ішкі қайшылықтардың күрт шиеленіскен кезеңіне тұстас келді.Сондықтан ол өзіне дейінгі ойшылдардың, әсіресе 17-18 ғасырлардағы ағылшын, француз ағартушыларының, дәстүрлі неміс ғылымы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің жетістіктерін мұқият зерттей отырып, дәйекті тарихилық жүйені ұсынды. Ол кез келген философиялық ілім нақты проблемаларды негіздей отырып, тарихи қажеттілікке қарай жүріп келе жатқан тұтас жүйенің даму кезеңінде белгілі рөлге ие болатынын айтты. Гегельдің бұл пікірі философия тарихында үлкен маңыз атқарды. Егер философия үнемі үздіксіз даму үстіндегі тарихи жүйе болса, онда оның аясындағы нақты проблемалар ғылыми дамудың негізгі құрамдас бөліктері саналады.Тарихи дамудың нәтижесінде проблемалар үнемі өзгеріп, дамып, жетіліп, жаңадан туындап отырады, ескілері заман талабына сай келмей, кейін ығыстырыла береді. Мұның барлығы саяси-қоғамдық өмірмен, жаратылыстану және қоғамтану ғылымдарының дамуымен, әсіресе, философияның өзіндегі ішкі өзгерістермен тығыз байланыста көрінеді. Ал әр ұрпақ, жаңа буын философияның алдында тұрған соны мәселелерден ғана емес, сондай-ақ, өткен дәуірден ауысқан проблемалардан да өз заманының талабына оңтайлы шешім іздейді. Яғни, Гегельдің пікірінше, философия — өтіп кеткен процесті, тарихты оймен шолу. Әйтсе де, ол тарихқа өткен шақ деп қарамайды, үздіксіз жалғаса беретін процесс ретінде бағалайды.Гегель өзінің “Рух феноменологиясы” (1807), “Логика ғылымы” (1812), “Тарих философиясы”, “Құқық философиясы” (1821), т.б. еңбектерінде тарихи даму иедясын тұтастай диалектика теориясына айналдырады. Қоғам өміріне, әсіресе, дін мен саясат мәселелеріне арналған алғашқы философиялық шығармаларының бірі — “Кім абстрактылы ойлайды” атты мақаласында, ал болашақ диалектикалық, зерделілік әдіске негіз қалады.Таным теориясының келелі мәселелерін көтере отырып, өзіне дейін қалыптасқан “сезімділік, пайым — нақтылықтық бейнесі, ал абстрактылық — ойдың жоғарғы даму үрдісімен тығыз байланысты” деген пікірге қарсы шықты. Абстрактылы ойлау таным процесіндегі сыңаржақтылықтың нышаны екенін, тек сыртқы көрініске, одан соң сезімге ғана елігетінін сынай отырып, абстрактылы ойлаған адам өз ойына мән бермей, қаралып отырған мәселеге терең үңілмей, оның мәнін, тарихын ашып беруге дәрменсіздік танытатынын дәлелдеді. Ал таным процесі нақтылыққа ұмтылуға тиіс.Нақтылық — көптеген анықтамалардың жиынтығы, көпжақтылықтың бірлігі, яғни, кез келген мәселеге объективті, тарихи, ішкі байланыстарды анықтау арқылы қарауды қажет етеді. Ендеше, таным процесі әуелі абстрактылықтан басталып, нақтылыққа қарай ұласу принципіне бағынады. Таным процесіндегі логика мен диалектикаға ерекше назар аударған алғашқы еңбектерінің бірі — “Рух феноменологиясында” Гегель зерде мен пайымның даму процесін тарихи негізде қарай отырып, көптеген жаңалықтар ашқанымен, негізгі мәселеге — философияға қатысты үлкен қайшылыққа ұрынды. Ғасырлар бойы қалыптасып қалған анықтамадан бас тартып, философияның мәні даналыққа ұмтылу да, даналық та емес деп, оны ғылым саласына айналдыруды көкседі. Мұның өзі кейінгі кезеңдерде философияға жалпы дүниені, қоғам мен табиғатты, ойлауды зерттейтін ғылым ретінде қарауға, ақырында оны идеологиямен қойыртпақтап, өз мәнінен айыруға жол ашты. Маркстік-лениндік философия дегеннің өзі осы жаңсақ идеяның “жемісі” еді.Гегельдің ойынша, дүниеде бір күйде қалатын, өзгермейтін ештеңе жоқ. Қоғамның, адамның, танымның, тарихтың дамуы — объективті процесс, ешкім оны тоқтата алмайды. Табиғаттың дамуы адамға келіп тіреліп, адамзат, қоғам тарихына ұласып кетеді. Гегель дамуды сапалы, үдемелі, қайшылықты, төменнен жоғарыға, қарапайымнан күрделіге, абстрактыдан нақтыға қарай жүріп отыратын процесс деп қарайды. Яғни, даму — бар заттың ескіріп, ескінің жойылып, оның негізінде жаңаның пайда болу процесі. Сондай-ақ, дамудың себебі мен көзі қайшылықта, тұтас нәрсенің екіге — қарама-қарсылықтарға бөлінуінде, қарама-қарсылықтардың күресі мен бірлігінде екендігін дәлелдеді.Гегельдің жан-жақты негіздеген ұғымдарының бірі — қайшылық ұғымы. Қайшылық — дамудың объективті заңы, дамудың көзі, импульсі. Қайшылықты болдырмау мүмкін емес. Қайшылық әрбір затта пайда болып, дамып, жетіліп, шешіліп отырады. Қайшылық, яғни қарама-қарсылықтардың күресі мен бірлігі арқылы зат өсіп жетіледі, дамиды, бір сатыдан екінші сатыға өрлейді. Дамудың жүзеге асу процесін түсіндіруде Гегель затта болатын үздіксіз процестердің белгілі бір шамаға дейін сандық өзгерістер болып (өсу, жетілу, азаю, көбею, т.б.) заттың болмысына елеулі ықпал етпейтіндігін анықтады. Шамадан асқан соң сандық өзгерістердің сапалық өзгерістерге айналатындығын ашты. Яғни, бұрынғы заттың орнына жаңа зат дүниеге келеді. Даму қалай қарай жүзеге асады деген мәселеде Гегель оның спиралдық бейнесін ұсынды: даму барысында бұрын болған белгілер қайталанып отырады, бірақ жаңа және жоғары деңгейде қайталанады. Сөйтіп, даму процесі терістеу және терістеуді терістеу түрінде жүзеге асады. Гегель дамудың негізін ұғымның, идеяның, рухтың даму процесінен алады.Гегельдің ілімінше, ұғым, таным, рух — процесс. Олардың даму көзі — олардың өзінде. Даму барысында белгілі бір зат өзінің қарама-қарсылығына айналады. Идея затты, зат өзіне қарама-қарсы форманы туғызады. Біртұтас заттың қарама-қарсы жақтарында бірін-бірі жоққа шығару процесі жүреді. Бірақ олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Екеуінің күресі олардың жойылып, жаңа заттың пайда болуына әкеледі. Гегель түсінігінде материалдық заттардың түп негізі — идея. Гегель идея мен заттың қарым-қатынасында идеяны анықтаушы рөл атқарады деп есептейді. Идеяны зат арқылы түсіндірмек болған материалистік көзқарасты жоққа шығарады. Гегель затты (мыс., қоғамдық құбылыстарды) идеямен өлшеп, идеямен салыстырып отыру керек дейді: зат өзінің идеясына сәйкес келе ме, жоқ па? Адам өзінің адам деген атына лайық па, жоқ па? Әрбір зат идеяның жүзеге асқан түрі болып табылады. Бірақ даму барысында зат идеядан алшақтап, өз-өзіне қайшы келеді. Сондықтан танымның міндеті — жиі-жиі затты, құбылысты идеямен салыстырып отыру. Бірақ идея заттың нақты болмысымен шектеліп қалмауы керек. Затқа даму тенденциясы тұрғысынан қарап, оның қандай болуы керек деген мәселеге назар аударып отыруы тиіс.Гегель “Рух феноменологиясында” алғаш рет жекелеген индивидтің санасының дамуы адамзат қоғамының тарихи кезеңдерімен тығыз байланысты екенін көрсетті. Яғни, жеке адамның санасы барлық тарихи кезеңдерде, әр дәуірге тән қайшылықтарды өткізе отырып, қоғамдық сана деңгейіне көтеріледі. Адам санасының қалыптасуы мен даму жолдары адамзаттың тарихымен және оның қоғамдық қарым-қатынастармен тығыз байланысты екенін терең зерттеді.Гегель ілімінің терең мазмұнды ұғымдарының бірі — рух. Гегель рухты адам өмірінің негізі, субстанциясы деп есептейді. Адам өзін рухта ғана, рух арқылы ғана көрсете алады. Рухы биік адам — өз атына лайық адам. Рухы биік халық — өр, өжет, намысқой халық. “Тарих философиясында” Гегель халық рухы оның тілінен, ділінен, әдет-ғұрпынан, дәстүрінен, көзқарасынан, басқаларға қарым-қатынасынан көрінеді деп біледі. Гегель өзінің “Рух феноменологиясы” деген еңбегін, “жаңалықтарға саяхат” деп атады. Ол таным, ақиқат, білімді қайшылықтарға, кедергілерге толы процесс деп білді. Танымның шеті де, шегі де жоқ. Әдетте, таным процесін, ғылым дамуын ол ашқан жаңалықтармен, нәтижелермен өлшеуге тырысады. Құр нәтиже түк те бермейді. Нәтижені (мыс., ақиқатты) оған алып келген жолмен бірге тұтас қарастыру қажет. Яғни, таным процесінің мәні — сыңаржақты, абстракты анықтамалардан нақты жан-жақты, барлық анықтамаларды бойына жия білген қағидаларға қарай өрлеу.Гегель “Рух феноменологиясы” деген еңбегінің “Әмірші және құл” деген бөлімінде осы екеуінің санасында болатын өзгерістерді түсіндіреді. Құл өз еңбегінің арқасында өседі, жетіледі, сана-сезімі, ар-намысы оянады. Қалыптасқан жағдай оны қанағаттандырмайды. Құл оны өзгертуге тырысады. Әмірші болса, алға басудың орнына кері кетеді. Адамшылығынан айырылып, азып-тоза бастайды. Ақыры әмірші мен құлдың жағдайы (статусы) өзгереді: құл әміршінің әміршісі, әмірші құлдың құлы болады. Бұл процестің негізін Гегель еңбек деп атап көрсетеді. Адамның өсіп-жетілуінде қоршаған ортаның, қоғамдық қатынастардың, мәдениеттің, тәрбиенің ықпалы зор. Осы объективті жағдайды Гегель субстанция деп атайды. “Адам ортаның — жемісі” деген француз материалистерінің қағидасын Гегель сыңаржақты деп қабылдайды. Адамның адам болуы оның өзіне байланысты, өйткені сырттан келген әсерді игеретін — адам. Адам өзін-өзі жасайды. Осы процесті Гегель субстанцияның субъектіге айналу процесі деп атайды. Осыған орай Гегель “Рух феноменологиясында” жеке адамның өсіп-жетілуі ата тектің, қоғамның дамуын қысқарған күйде қайталап отырады деген заңдылықты ашады. Гегельдің негізгі философиялық еңбегі — “Логика ғылымында” жаңа, жанды, мазмұнды әрі өмірмен, тарихпен астасып жатқан логиканың — диалектикалық логиканың негізін қалады. Гегель ілімінше, ойлау категориялары құр атау, схема емес, олардың негізінде нақты өмір, тарих жатыр. Өмірмен бірге ұғымдар да дамып, жетіліп, байи түседі. К. Маркс, Ф. Энгельс, Ленин Гегель диалектикасына ерекше мән беріп зерттеді. Қазақстандық философтар (Ж.Әбділдин, А.Қасымжанов, Л.Науменко, Ә.Нысанбаев, М.Баканидзе, Қ.Әбішев, Т.Әбжанов, М.Орынбеков, А.Хамидов, М.Сәбитов, Б.Нұржанов, т.б.) Гегельдің “Логика ғылымы” мен Маркстің “Капиталы” ізімен төрт томдық “Диалектикалық логиканы” (1985 — 89) жазып шығарды.

Гегель өз философиясының бастамасы етіп абсолют идеясын алды. Абсолют — құдай барлық заттарда бар, бірақ тек таза ақыл-ойда ғана өзіне-өзі тең болады. Абсолюттік идея – нағыз шындық, болмыс және барлық материалдың денелердің түпнегізі және мәні. Оның негізгі атрибуттарының бірі — әмбебап жалпылық. Ол тұрақты және мәңгі. Абсолюттік идеяға әрекетшілдік тән, себебі ол — таза ақыл-ой, ақыл-ой әрекетшіл болмаса өмір сүре алмайды. Осы қасиетінің арқасыңда ол жай ақыл-ой болып қалмайды, материалдық денелерге айналады. Бұл процесс төменде көрсетілгендей жүзеге асады. Рух өзінен табиғат туралы таза ойын босатып, заттандырады және сол заттандырылған табиғаттың өзінде өзінің басқа болмысы ретінде сақталады. Сөйтіп, ол өзінің диалектикалық мәнін көрсетеді. Таза акыл-ой дамуының диалектикасы табиғаттың, қоғамның, адамның ойлау қабілетінің жалпы заңы болып табылады. Осыдан келіп Гегель табиғаттың, қоғамның, адам ақыл-ойының әр турлі даму кезеңі абсолюттік идеяның әр түрлі даму сатысына саяды деген тұжырым жасайды. Даму ироцесі, Гегельдің пікірінше, белгілі бір кестемен жүзеге асады: тезис (нақтылану), антитезис (нақтылануды теріске шығару) және синтез (терістеуді терістеу). Айталық, материалдық денелердің пайда болуы тезис болса, олардың күйреуі – антитезис, ал куйреп бара жатқан денелердің өзінің кейбір элементтерін сақтай отырып, басқа бір материалдық денелерге айналуы синтез болады. Табиғат пен қоғамның дамуының қайнар көзі — абсолюттік идеяның өзіндік дамуы.Дамудың белгілі сатысына жеткенде, өзін-өзі заттандырған абсолюттік идея ұйқыдан оянып, табиғаттағы өзін философия, ғылымдар арқылы танып білуге бел байлайды. Бұл поцесс абсолюттік идеяның мақсаттылыққа құштарлығын көрсетеді. Өйткені, абсолюттік идеяның, әуел бастан-ақ негізгі мақсаты – ақиқатқа жету, ал ақиқаттың өзі– абсолюттік идеяның өзі болғандықтан, бұл мақсатын жалпы дүние жүзілік тарихтың даму процесіндегі адамдардың іс-әрекеті негізінде жүзеге асырады. Демек, таным процесі дегеніміз антропологиялық адамдарға «таза ақыл-ой санасының енуі» (феноменология дегеніміз осы) арқасында адамдар танып-білуші – субъектіге айналып, объектіні (өзінің басқа түрін) тануға ұмтылады да, өзімен (абсолюттік идея – субъект ретінде) табиғаттың (абсолюттік идея объект ретінде) арқасында ешқандай айырмашылықтың жоқ екенін байқайды. Ал, объект — табиғат үстіндегі жамылғысын ысырып тастап, өзінің ақылды екенін түсініп, ақиқат тілімен сөйлей бастайды. Сөйтіп, танып-білуші рух та, танылуға тиісті рух та өзгереді: бір жағынан танылған заңдылықтар, қасиеттер объектіні абсолюттік идеяның бұрынғы, «өзінде болған» кезінен басқаша қылып өзгертсе, екінші жағынан, танымның өзі байып, жаңа сатыға көтеріледі.Гегельдің пікірінше, сезімдік тәжірибе арқылы кездейсоқ, бір-бірімен байланыссыз нақты құбылыстарды ғана танып-біле аламыз. Ал заттарға тән жалпылықты, мәнді біз тек ақыл-ой күші арқылы ғана білеміз. Онда да, адамдардың емес, олардан тыс, объективті рухтың, басқаша айтқаңда, жалпы рухани тәжірибенің арқасында ғана біле аламыз. Себебі, жеке адамның өсіп-дамуы — жалпы адамзат тарихының рухани дамуы белгілі заңдылықтарға (таза ақыл-ойдың логикасына) сәйкес өрбіп отыратындықтан, оны жеке адамдар танып-біле алмайды. Адамзат тарихы, оның заңдылықтары дегеніміз қоғамның ілгері қарай дамуы негізінде жеке тұлғалардың ең жоғары принципі — бостандық идеясына үздіксіз ұмтылуы. Олай болса, дүние жүзілік тарихтың даму бағытын айқындап, оны жетелейтін ұлы жеке тұлғалар емес, бостандық идеясы. Гегельдің бұл конңепциясы бойынша, бостандық сәулесі бозарып келе жатқанда тарих басталады. Ол алғаш рет шығыста көрінді, бірақ бұл әлі де болса бостандық сәулесі емес еді, ол тек оның бастамасы, оны сезіну ғана. Себебі, азияттық деспотияда бір адамның (деспоттың) ғана бостандығы болатын, ал қалған адамдардың ерік-жігерлері, бостандықтары сол деспоттың ерік-жігеріне, бостандығына бағынышты еді. Бұл бостандық идеясының бірінші сатысы.Бостандықтың екінші сатысында, әлемдік рух шығыстан Эллада жағасына қарай ауысады. Ежелгі Грецияда бостандықты құндылық ретіңде саналы түрде түсініп соған ұмтылу және бостаңдыққа, ерікті адамға табыну ерекше орын алады. Бірақ бұл кезде тек құл иеленушілер ғана бостандыққа ие болады да, құлдарда бостандық болмады. Басқаша айтқанда, біреулерінің бостандығы, екіншісін одан айырудың арқасында ғана мүмкіндік алды. Шындап келгенде, мұндай бостандық, басқалардың бостандығын жаншудың жамылғысы еді. Сондықтан, олардың бостандығы көп ұзаққа бармады.Бостандықтың үшінші сатысы — герман халықтарының арасында христиан дінінің таралуынан басталады. Әлемдік рух Германия шекарасын өткеннен бастап өзін үйдегідей сезінді. Себебі, Германияда — адам — адам болғандықтан бостандыққа ие, ал рухтың бостандығы оның табиғатының негізгі қасиеті болып саналады деген қағида мойындалады. Бірақ, — дейді Гегель, бұл басты қағида әзірше сана арқылы түсінілуде, ал оны жүзеге асыру тарих деп аталатын, ұзақ уақытты талап етеді. Сайып келгенде, Гегельдің түсінігінше, тарих «кездейсоқтықтың құрбаны» емес, оны таза ақыл-ойда болған белгілі бір жоспармен әлемдік рух басқарады. Осыдан келіп, философияның негізгі міндеті осы жоспарды біліп, тарихтың ішкі логикасын анықтау. Ұлы жеке тұлғалар өз уақытының жасырын шындығын алғашқылардың бірі болып білгендіктерінің арқасында ұлы болады. Ал, халық — жүйеленбеген қара тобыр. Ол өз мақсатын, мәнін тек мемлекетте ғана табады. Мемлекет — «құдайдың қоғамдық әлемдегі іс-қимылы», саналы түрде жүзеге асатын рух. Басқаша айтсақ, «таза ақыл-ой» өзін қоғамда мемлекет арқылы жүзеге асырады. Сондықтан, мемлекет — «бостандықтың нақтылығы», өзін-өзі қалайтын бостандық. Адамның құндылығы, оның барлық рухани нақтылығы тек мемлекетке байланысты ғана өмір сүреді.Адам өмірі өз билігінде емес, себебі ол мемлекет меншігі, сондықтан мемлекет кез келген уақытта оның өмірін өзіне қайырып ала алады. Мемлекет түрлерінің ішіндегі құндысы – конституциялық монархия. Монархия — ұлт бірлігінің символы, халықтың ерік-жігерінің бейнесі. Мемлекетті билеуде монархтың жеке басының қасиеттері ешқандай рөль атқармайды. Одан гөрі, көптеген көмекші шенеуніктерге сүйенген бюрократиялық сатылап басқару тәсілінің дұрыс істеп тұрғаны әлдеқайда маңыздырақ. Осы тұрғыдан алғанда, Гегельдің бұл ілімі жалпы тоталитарлық басқару жүйесінің қалыптасуына тікелей әсер етті ме деп қаласың. Гегельдің түсінігінше, жеке адамдардың бостандығы дегеніміз жеке меншіктің бостандығы. Меншіктің мөлшері– жеке тұлға өлшемінің куәсі, оның еңбегінің, талантының салдары. Сондықтан, меншікті теңестіруге болмайды. Жеке меншік міндетті түрде «аластату» сиякты қоғамдық құбылысты тудырады, оны біз Германияда қалыптасқан қоғамда, өздері өсірген тұқымдарына, тіккен маталарына, салған суреттеріне ие бола алмай, билік жүргізе алмай жүрген шаруалар, жұмысшылар және суретшілерден көре аламыз. Олай болатын себебі, олардың өздері шығарған өнімдері билеп-төстейтіндердің меншігі.Гегельдің пікірінше, бостандыққа ие болу да, қаналу да әр адамның, халықтың ерік-жігеріне байланысты. Егер олар бостандық үшін күреске шығып, өз құқығын қорғауға ұмтылса– ол өз еріктері. Жалпы алғанда, философ тек әлемдік рухтың ішкі логикасының қозғалысын ғана танып-білуге тырысады, ол – ешқандай да тығырықтан шығу жолын көрсетпейді.Гегельдің ілімі XIX—XX ғғ. философиясына үлкен әсер етіп, осы кезеңге дейін маңызын жоймай келеді.


Дата добавления: 2015-12-17; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:




Мы поможем в написании ваших работ!