Дәрігерлік этика және деонтология



Дәрігерлік этика және деонтологиямәселелері – медицина қызметкерінің тиісті мінез-құлқы туралы ғылым көне заманнан бері өзіне дәрігерлер мен қауымдастық назарын аударумен келеді. Ежелгі үнді және грек медицинасының этикалық нормаларында науқастың өмірі мен денсаулығына тіпті дәрігердің өз өмірін құрбандыққа шала отырып, араша түсу қажеттілігі ерекше атап өтілген, бұл ұранға өзінің әйгілі антында Гиппократ та үндеген. Капитализмнің дамуы, жаңа кластардың – буржуазия мен пролетариаттың пайда болу сипаттарының дәрігерлік этикадан да көрініс бермеуі мүмкін емес еді, әрбір қоғамдық-экономикалық формацияда өзіне тән мораль болғаны тарих парақтарынан мәлім.

«Коммунистік партия манифесінде»: «Буржуазия қазіргі уақытқа дейін құрметті деп саналып келген және барша қауым сүйсініп көз тіккен барлық қызмет түрлерін сүйкімді сұрқынан айырды. Дәрігерлер, заңгерлер, пірәдарлар, ақындар, ғылым адамдарын ол өзінің ақылы қызметкерлеріне айналдырды» деп жазылды. Капиталистік қоғамдағы дәрігер мен науқастың арасындағы қарым-қатынас этикасы негізінен сатушы мен тұтынушының арасындағы қатынас көрінісін береді.

Жеке тәжірибеде жұмыстанатын дәрігерлердің адамдардың ауруы есебінен дәулет көзін табуға ұмтылуы, пайдакүнемдік пен тоғышарлықтың белең алуы ХІХ және ХХ ғасырлар медицинасы өкілдерінің, әсіресе, отандық ғалымдар – М.Я.Мудров, Н.И.Пирогов, С.П.Боткин, В.П.Образцов, И.П.Павлов және тағы басқа оқымыстылардың наразылығын туғызды. Олардың, сонымен қатар, мысалы, КСРО Медициналық хирургтер қауымдастығының құрметті мүшесі Рене Лериш, әлемдік Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Швейцер және т.б. алдыңғы лектегі ойшыл шетелдік дәрілерлердің көшбасшы ғылымға және адамсүйгіштікке негізделген этика үшін қандай күрес жүргізгені белгілі. Алайда капитализм жағдайларында қалың халық бұқарасына қызмет ететін денсаулық сақтау ісін жолға қою жөніндегі ойдың өзі қиялшыл утопия болып көрінген еді.

Ұлы Қазан төңкерісі тарихта тұңғыш рет дәрігерлер мен тұрғын халықтың арасындағы экономикалық, әлеуметтік, саяси, идеологиялық және нәсілдік бөгеттерді түгелімен жойды. Кеңестік денсаулық сақтау жүйесінде дәрігер мен науқас арасындағы, медициналық қызметкерлердің өздерінің арасындағы, дәрігер мен қоғамның арасындағы өзара қатынастың жаңа негізі қаланды.

Дәрігерлік этика мен деонтология мәселелерін әзірлеу және зерттеу қазіргі Тәуелсіз Мемлекеттер достастығы аумағында бірқатар ірі ғалымдар мен дәрігерлер – З.П.Соловьев, В.Л.Боголюбов, Н.Н.Петров, С.С.Вайль және т.б. еңбектерінде даму өрісін тапты.

Этика, өмірдің өзі сияқты, даму арнасында үнемі буырқанып, өрлеумен келеді. Медицина да бір орында тұрып қалған жоқ. Соңғы онжылдықтарда жаратылыстану ғылымдары, атап айтқанда, химия мен физиканың қарқынды дамуы, тексеру, диагностикалау және емдеу әдістерінің жетілдірілуі, дәрігерлердің ұшы-қиырсыз және ұшан-теңіз ауқымды ақпаратты пайдалану қажеттілігі дәрігер мен емделушінің өзара қарым-қатынасында жаңа мәселелерді көтеріп, туындатып отыр. Медицинаның профилактикалық бағытын кеңейту және тереңдету дәрігер мен қоғамдық ұйымдардың т.б. өзара қарым-қатынас қырларын өзгертіп, тәжірибемен байытады.

Медициналық деонтология (МД) ерекшеліктері науқастың ауру бейініне байланысты. МД негізін қалайтын қағидалардың ауруларының бейініне тәуелсіз барлық науқастарға бірдей екеніне қарамастан, науқастың ауру бейініне қарай деонтологияның белгілі бір ерекшеліктері бар.

Акушерлік пен гинекологиядағы МД ерекшеліктері мына факторлармен байланысты:

- акушерлік пен гинекологиядағы медициналық қызмет емделуші әйелдің интимдік тіршілік саласына араласумен байланысты болмай тұра алмайды; әйелдер үшін бала туумен байланысты денсаулық мәселелерінің маңызы аса зор, ана болуға жаратылған нәзік жыныстылар үшін (әсіресе, қандай да бір гинекологиялық немесе акушерлік патология жағдайында) оның көбінесе ең басты өмірлік мәселеге айналуы заңды;

- жүкті әйелдің психикалық ахуалы көптеген факторларға байланысты (отбасындағы жүктілікке деген көзқарас, жүкті әйелдің тұлғалық типі, алдыңғы жүктіліктердің нәтижелері, әлеуметтік факторлар және т.б.) көбінесе тұрақсыз болып келеді, бұл тұрақсыздық босану алдында шектен тыс қобалжу (алда тұрған қиналыс сәттерінің алдындағы үрей, босану нәтижесінен қорқу және т.б.), жағдайды дұрыс бағаламаудан босанушы әйел мінез-құлқының бұзылуы (эмоциялық тұрақсыз әйелдердегі босану кезіндегі ауырсынуларды нашар көтеру), босанудан кейінгі кезеңдегі жабығудың (депрессия) орасан зор даму ықтималдығы (өзін-өзі өлтіруге дейін апаратын үрейлену, көңіл-күйдің түсіп кетуі) және т.б. түрінде көрініс береді. Сондықтан медик пен емделуші әйел бір-бірімен байланыс жасайтын алғашқы сәттерден бастап, әйелге өзіне өзгелердің көмектесуге ықыласты екені туралы әсер қалдыру өте маңызды. Медициналық қызметкер әйелмен сөйлесе бастаған бірінші минуттардан оның эмоциялық жай-күйін дұрыс бағалауы қажет. Эмоциялық ширығудан жан, жүрек, жүйкеге түсетін жүкті азайту үшін әйелдің өзінің қиналып тұрғаны туралы еркін әңгімелеуіне мүмкіндік беруге немесе оның назарын басқа жаққа аударуға болады. Медициналық қызметкерлер әйелдің жыныстық жаратылыс жағдайы және бала туу қабілеті (функциясы) туралы болжамдарға қатысты пікірлерін білдіргенде айрықша сақ болу керек. Көбіне, әсіресе, болашақ жалғызілікті аналар тарапынан медицина қызметкеріне қатысты ашушаңдық, көңілі толмаушылық, озбырлық, күйгелектік көріністері орын алуы мүмкін. Бірақ, медицина қызметкерлері бұл теріс эмоциялардың тура соларға бағытталмағанын, ондай әйелдің жеке өзекті кінәраттарына байланысты екенін қапысыз түсінуі тиіс. Кез келген жағдайда медиктердің басты міндеті осы «эмоцияларды» қабылдау арқылы, жанашырлық таныту т.б. жолымен қақтығысты болдырмау, түсініспеушілікке жол бермеу болып табылады. Егер әйел жұбайын өзінің «әйелдік» денсаулық ахуалынан хабардар ету керек деп санамаса, ондай жағдайларда дәрігер араласпауы тиіс.

Айықпайтын ауруларды емдеу барысында медициналық қызметкерлер науқастың сырқатынан сауығатынына деген сеніміне барынша қолдау білдіріп, науқастың өзі симптомның сәл ғана оң беті бұрылғанын атап өтсе, оған түбегейлі жақсару үмітін ұялатуы тиіс. Медицина қызметкері, әсіресе, бедеулікке шалдыққан әйелдерге қатысты (бастапқы бедеулік, жүктілікті көтере алмаушылық, алдыңғы босанулар кезіндегі патология және т.б.) ерекше сақ және әдепті, мәдениетті болуы тиіс. Емделуші әйелге жүргізілген емнің тиімділігіне, жүктілік пен босанудың сәтті нәтижемен аяқталатынына деген сенімді ұялатуға тырысу керек.

Онкологиялық аурулар ең ауыр ағымды аурулар қатарына жатады. Олар, әдетте, аса ауыр физикалық қиналыстармен және моральдық мазасыздықтармен қатар жүреді. Онкологияда, медицинаның басқа ешбір саласына ұқсамайтын науқастың өзіне ғана емес, оның жақындарына да қатысты деонтологиялық қағидаларды қадағалау талап етіледі.

Тұрғын халықтың онкологиялық аурулар алдында қорқыныш сезінуі көбінде олардың басым бөлігінің бұл сырқаттарды сауықпайды деп, ауыздықтауға келмейтін қатты ааап шегумен сөзсіз қатар жүреді деп санауынан болады. Сондықтан ісіктің барына күдік туындағанда тексеру мерзімдерін барынша қысқарту қажет, өйткені науқас белгісіздік тұманы ішінде жүруден зардап шегеді. Ісік табылғанда ол жөнінде хабарлаудың науқастың өзі үшін ғана емес, жақындары үшін де аса ауыр психологиялық соққы болатынын есте ұстау керек. Мұны барлық, соның ішінде науқасқа ісіктің анықталғаны туралы бірінші хабарлауға тура келетін медицина қызметкері ұмытпауы тиіс. Бұл орайда барынша биязы сөйлеу ырғағын және оптимистік дауыс мәнерін пайдалану керек: «Сіздегі ісік сипаты қатерлі болуы міндетті емес, ісік қатерсіз болуы, демек емделіп, жазылып кетуі мүмкін», «Түпкілікті диагноз ота жасау (операция) барысында немесе тіпті алдағы уақытта алып тасталған ісікті егжей-тегжейлі зерттеуден кейін айқындалады» деген сияқты.

Қазіргі таңда (кейбір жағдайларда) науқастың өз игілігі мақсатында (сырқат ота жасатуды кейінге қалдырмау үшін) онкологиялық аурудың нағыз сипатын науқасқа бірден хабарлау керек деген көзқарас басым болса да, бірақ, тәжірибе көрсеткендей, бұл ұстанымның аса ауыр психологиялық жаралануға (өзін-өзі өлтіруге дейін апаратын) алып келген жағдайлар аз емес. Аурудың шынайы сипаты мен беталысын науқасқа хабарлау қажет боатын жағдайларды жоққа шығаруға болмаса да (бірақ, бұл ережелерде болмауы мүмкін), дәрігерлік құпияны сақтау қағидасы онкологиядағы маңызды деонтологиялық қағида болып табылады. Онкологияда операциялық емдеу әдісі жетекші орында қалумен келе жатқандықтан, көбіне мүгедек халіне ұшырататын операциялар ағза мүшелері қызметінің бұзылуына және айтарлықтай косметикалық ақауларға душар етеді. Мүгедектік халге ұшырататын операциялар алдында үрейлену емделусіз қалу қорқынышынан көбінесе басым. Сондықтан, осыған ұқсас жағдайлардағы медиктердің маңызды деонтологиялық міндеті нақты сол операциялық емделу қажеттілігіне науқастың көзін жеткізу үшін бірден-бір дұрыс дәйектер мен тұжырымдар табу қажеттілігі болып табылады. Медицина қызметкері науқасты мүмкіндігінше оптимистік көңіл-күймен, өміршең рухпен қаруландыруға, осындай сырқаттан толық сауығып кету мысалын келтіріп, радикалдық операциялық емделуден кейін өмір жасы ұзарғандардың болғанына назарын аударуға міндетті.

Тағы бір маңызды тұс – онкологиялық науқастардың ауру тарихын және басқа да құжаттамаларын сақтау (бұл құжаттар науқастың қолына түспес үшін). Егер де ауру тарихынан жазылған үзіндіні науқастың қолына бермеу мүмкін болмаған жағдайда, онда жазылу нысаны мазмұнының науқастың психикасына соққы болмау жағын қарастыру керек. Медициналық деонтология мәселелеріне әдебиетте соңғы онжылдықтар жүзінде байқалатын және келешекте одан да өзекті бола түсетін тұрғын халықтың қартаю мәселесіне, егде жастағы және кәрілік жасындағы тұлғалардың үлес салмағының өсуіне аз көңіл бөлінеді. Медиктер қартаю психологиясымен, кәсіби қызметтің тоқтатылуы, жалғыздық мәселелерімен маман ретінде жеткілікті таныс емес. Бұл емделушілердің психологиялық шабуылға, соққыға душар болуына себеп болуы мүмкін.

Медицина ғылымының қарқынды дамуы, денсаулық сақтау тәжірибесінің жетілдірілуі дәрігер этикасы мен деонтологияға қатысты, оның тұрғын халықпен және қоғаммен өзара қарым-қатынасына қатысты көптеген жаңа өзекті мәселелерді заманымыздың күн тәртібіне шығарды. Медицина ғылымының докторы Н.В. Эльштейн бұл тақырыпқа тұтас ғылыми туындысын арнады. Өз еңбегінде автор дәрігер мен науқастың өзара қатынасы жөніндегі үлкен мәселені панорамалы алып қарайды, қандай да бір тақырыппен шектеліп қалмайды. Көпшілікті толғандыратын талай тақырып: қазіргізамандық медициналық ағарту ісі, оның пайдалы және көлеңкелі жақтары, дәрігер беделінің мән-маңызы, дәрігерлік қателіктер, медицина факультетіне оқуға түсетін жастарға қойылатын талаптар, т.б. ғылыми баянға арқау болады. Автор қолда бар әдебиетті терең меңгерумен шектелмей, төсекке таңылған науқастың жанында өткізген көпжылдық терапевт-дәрігерлік мол тәжірибесін ортаға салады. Дәрігердің науқасқа қатынасы ғана талданатын байырғы еңбектерден ерекшелігі, бұл кітапта олардың өзара қарым-қатынасы әңгімеге арқау болады. М.Я.Мудровтың дәрігерлерге қаратып жазғаны: «Енді сен ауруды зерттедің және науқасты білесің, бірақ науқастың да сені сынайтынын және сенің кім әрі қандай екеніңді білетінінен хабардар бол...».

Бұл мәселенің екінші жағы да бар. Дәрігердің өз білімі мен білігінің бәрін аурулармен күресуге бағыттауға міндетті екені сияқты, науқас та дәрігерге оның оңайға түспейтін және құрметті міндет-парызын орындауына өз тарапынан барынша көмектесуі тиіс.

 


Дата добавления: 2016-01-05; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!