Дәрігерлік парыз



1. Мемлекет пен қоғамның айрықша қамқорлыққа алған саласы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, саламатты және салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады. Мемлекеттің адамгершілік саясатының басты өлшемдері – халық денсаулығын қалқысыз қорғау және олардың толыққанды тіршілік етуіне және дамуына, кемелденуіне мүмкіндік беретін жағдайларды жұмылдыру. Осы әлеуметтік міндетті жүзеге асыруда дәрігер үлкен рөл атқарып, оның кәсіби қызметі мен адамгершілік ұстанымы зор маңыз арқалайды.

2. Дәрігердің кәсіби қызметінің (тәжірибеші және ғалым) басты мақсаты – адамның өмірін сақтау, аурулардың алдын алу және денсаулықты қалыпқа келтіру, сонымен бірге жазылмайтын сырқаттар тұсында зардап шегуді мейлінше азайту. Дәрігер төл міндеттерін өзінің ар-ождан үнін тыңдап, Гиппократ антын, гуманизм мен мейірімділік пен ізгілік қағидаларын, этикаға қатысты әлемдік қауымдастықтың құжаттарын, біздің мысалымызда, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңын басшылыққа ала отырып орындайды.

3. Дәрігерге өз шешімдері мен әрекеттері үшін толық жауапкершілік жүктеледі. Бұл үшін ол науқасқа көрсетілетін көмек сапасының өз білімі мен білігінің шегінен ешқашан жоғары аспайтынын жадында тұта отырып, кәсіби біліктілігін жүйелілікпен жетілдіріп отыруға міндетті. Өз қызметінде дәрігер медицина ғылымының өзіне мәлім және, біздің мысалымызда, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қолдануға рұқсат берген соңғы жетістіктерін пайдалануы тиіс.

4. Материалдық желеу, жеке бас пайдасын көздеу дәрігердің кәсіби шешім қабылдауына ықпалын тигізбеуі тиіс.

5. Дәрігер дәрілік препараттарды дайындаушы фирма-компаниялардан және жеткізуші-таратушылардан олар ұсынған дәрілерді тағайындау тұрғысынан көтермелеу, артықшылықтар қабылдамауы тиіс.

6. Дәрігер дәрілерді тағайындау кезінде медициналық көрсетілімдерді және тек қана науқастың мүдделерін қатаң түрде нысанаға алуы тиіс.

7. Бейбіт кезеңде де, соғыс-сүргін уақытында да дәрігер жас шамасына, жыныс ерекшелігіне, нәсілдік тегіне, ұлтына, діни наным-сеніміне, әлеуметтік ахуалына, саяси көзқарастарына, азаматтығына, материалдық жағдайын қоса, басқа да медициналық емес факторларға қарамастан, өзінің жәрдеміне мұқтаж кез келген науқасқа медициналық көмек көрсетуі тиіс.

8. Дәрігер өзі жұмыс істейтін мекемеге қатысты өзіне жүктелген міндеттемелерді адал орындауы тиіс.

9. Студенттер мен жас мамандарды оқытып-үйрететін дәрігерлер өзінің мінез-құлқымен және төл міндеттерін орындауға деген жауапкершілікті қатынасымен еліктеуге, өнеге тұтуға лайықты үлгі болуы тиіс.

10. Дәрігер өз құзырындағы құралдар арқылы (газеттер, журналдар, радио, телеарналар, сұхбаттар және т.б.) салауатты өмір салтын насихаттауда, қоғамдық және кәсіби этикалық нормаларды қадағалауда үлгі көрсетуі тиіс.

11. Дәрігердің, егер ол кәсіби тәуелсіздігімен үйлесімді сипатта болса, дәрігер тұлғасын төмендетпесе және емдеулшілер мен өзінің дәрігерлік қызметіне зиянын тигізбесе, қандай да бір басқа қызметпен айналысуына болады.

12. Дәрігер, біздің мысалымызда, Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, мемлекеттік емдеу-профилактикалық мекемелерінде емделушілерге тегін көмек көрсетеді.

13. Дәрігердің жеке тәжірибемен айналысу құқығы заңмен реттеледі.

14. Басқа дәрігерлерді және олардың жақын туыстарын, сондай-ақ жесірлер мен жетімдерді, мұқтаж жандарды тегін емдеу дәрігердің парызы және кәсіби адамгершілік элементі болып табылады.

15. Дәрігер қызмет ететін гумандық мақсаттар оған өзінің жеке тұлғасының заңды қорғалуын, жеткілікті материалдық қамтылуын, бейбіт кезеңде де, соғыс уақытында да кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін жағдайлар жасалуын талап етуге негіздемелер береді.

16. Ұйымдастырылған наразылық шараларына (біздің мысалымызда, ҚР заңнамасында қарастырылған) қатысқанда дәрігер өз бақылауына алынған емделушілерді қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз ету міндетінен босатылмайды.

17. Дәрігер дәрігерлік бірлестіктер мен қауымдастықтардың жұмысына белсенді қатысумен, сондай-ақ олардың тапсырмаларын орындаумен ортақ мақсатты алға апаруға атсалысуға міндетті.

18. Дәрігерге өзінің дәрігерлік қызметі үшін, бәрінен бұрын, науқастар мен медициналық қауымдастық алдында моральдық жауапкершілік жүктеледі, ал халық денсаулығына қатысты заңдарды бұзғаны, заңнамаларды бұрмалағаны үшін сот алдында жауап береді. Бірақ, дәрігер, ең алдымен, өзінің дәрігерлік жолындағы ең бас төрешінің жеке ар-ұяты екенін есінде сақтауы тиіс.

19. Дәрігер этикасының қадағалануын кәсіби қауымдастықтар және олардың жанынан құрылған этикалық комитеттер (комиссиялар) бақылап отырады.

20. Біздің мысалымызда, Қазақстан медициналық қауымдастығы және оның этика комитеті (ЭК) БАҚ беттері мен арналарында, қоғам (мемлекет) алдында және сотта, егер ақылдастар алқасында осындай шешім қабылданған болса, дәрігердің ар-ожданын және жеке тұлғасын қорғайды.


Дата добавления: 2016-01-05; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!