Демографиялық, денсаулық сақтау, мәдениет және білім беру проблемалары



Демографиялық проблема ғаламдық тұрғыда көкейтесті мәселелердің бірі. Проблема мәнінің өзі бір жағынан дамушы елдерде халықтың саны өте тез көбейіп, екінші жағынан − экономикалық дамыған елдерде халық санының азайып бара жатқанында. Демографиялық мәселелер урбандалу (қалаларда халықтың аса көп шоғырлануы), ұлттар арасындағы қақтығыстар (діни, әлеуметтік), босқындардың мәселесін (ретсіз көшіп-қонуы) қамтиды. Ғаламдық демографиялық проблема демография, экономика және саясатпен өзара күрделі байланыста.

Қазіргі таңдағы ең бірінші және басты ерекшелік − Жер шары халқының саны өте тез өсуінде. Әрбір секунд сайын бір бала дүниеге келеді. Жер шары халқы 1804 жылы 1 млрд, 1927 жылы 2 млрд, 1960 жылы 3 млрд, 1974 жылы 4 млрд, 1987 жылы 5 млрд, 1999 жылы 6 млрд адамға жетті. 2011 жылы әлемде ресми түрде 7 млрд адам тіркелді.

Дүние жүзі халқының саны соңғы 40 жыл ішінде екі есе өсті. БҰҰ-ның болжамы бойынша халық саны 2025 жылы 8 млрд-қа, 2050 жылы 9 млрд-қа жетеді деген болжам бар. Ғалымдардың болжауынша халық санының өсу қарқыны дәл осы қалыпта қалса, әлем халқы шамамен 50 жылдан соң екі есе артады. Ғалымдардың есептеуінше Жер планетасы 10 млрд. адамды көтере алады, бірақ ол қоршаған ортаға үлкен салмақ болады.

Дамушы елдерде, әсіресе Африка мен Оңтүстік-Шығыс елдерінде халық саны есепсіз көбейіп отыр. Халық құрамында жастардың үлес салмағы өте жоғары (халықтың 2/5 бөлігі 15 жасқа дейінгі жас балалар) болуы «демографиялық көктем» деп аталады. Халық санының мұндай ретсіз, шұғыл артуынан демографиялық жағдай шиеленісіп әлеуметтiк-экономикалық, саяси жағдайларында тұрақсыздық орын алады. Табиғи өсiмi өте қарқынды жүретін елдерде жұмыссыздық көбейіп, халықтың тұрмыс деңгейі төмендеп, елде аштық пен қайыршылық етек алады. Халық өте тығыз орналасқан «мешеу елдерде» табиғи орта ластанып, санитарлық жағдайлары төмендеп, түрлі жұқпалы аурулар көбеюде.

Мұндай халық санының қарқындап өсуінен болатын «Демографиялық жарылыс» құбылысы негізінен Африка және Азия мен Латын Америкасының кейбір елдерінде орын алған. Өмір сүру және мәдени деңгейі төмен елдерде халық саны экономикасы және мәдениеті жоғары елдерге қарағанда тез өсуде. Демограф-ғалымдардың болжауынша 2025 жылдарда бұл аймақта дүние жүзі халықтарының 83%-ы тұратын болады.

Табиғи өсімі өте жоғары елдердегі демографиялық саясат сол өсімді азайтуға бағытталған. Бұл тұрғыдан Қытайды мысал етуге болады. Көптеген сарапшылардың пікірінше ХХ ғасырдың аяғында дүниеге келетін қытайлықтар саны 200 млн-ға кеміді. Елдің табиғи ресурстары мен экономикалық мүмкіндіктері 1,5 млрд адамды асырай алады.

Қытайдың демография саласындағы стратегиялық саясаты: «Әр отбасына ─ бір бала» (Тибетке қатысы жоқ). Сонымен қатар ол баланың кейінірек туылғанын, балалардың сирек туылғандығын құптайды. Демографиялық саясат экономикалық және әкімшілік шараларды қамтиды. Халқының саны 1 млрд Үндістанда ХХ ғасырдың өзінде халқының саны үш есе көбейді, тәуелсіздік алғалы бері «тағы бір Үндістан» пайда болды. Бұл елдің ұраны: «Бір отбасына − екі бала», бірақ қол жеткізген нәтижесі Қытайға қарағанда мардымсыз. Демограф-ғалымдардың болжауынша болашақта Үндістан Қытайды басып озып халқының саны ең көп елге айналады.

Тууға мемлекеттік шектеу жасау саясатын Бангладеш, Индонезия, Шри-Ланка, Пәкстан және Азия мен Латын Америкасының кейбір елдері де жүргізуде. Африканың нашар дамыған елдеріндегі демографиялық саясаттың тиімділігі өте төмен, себебі оларда экономикалық мүмкіндік жоқ, әрі насихат жұмысы нашар. Афро-азиаттық елдерде халық санының өсуін реттеу үшін отбасына жоспарлау шараларын қабылдау қажет. Демографиялық саясат сауатсыздық пен әйелдердің жағдайын жақсарту, кедейлердің табысын арттыруды дамытатын бағдарламалармен байланыста болу керек.

БҰҰ-ның деректеріне сүйенсек, дүние жүзінде 85 дамушы елде халықтың ұдайы өсуін тежеуге бағытталған, 20 экономикалық-әлеуметтік жағдайы жоғары дамыған елде керісінше, халықтың табиғи өсуін арттыруды қолдайтын саясат жүргізілуде.

Әсіресе еуропалық: Франция, Германия, Дания, Бельгия елдерінде «Демографиялық дағдарыс» (депопуляциялық) құбылыс − халық санының азаюы байқалады. Бұл мемлекеттерде халық санының өсуiне ақшалай жәрдем көрсетіп, баланы түсік жолмен алдыруға тыйым салу шараларын қолданада. Ғалымдардың мәлімдеуінше еуропалық елдердің көбінде, мысалы, Швейцария, Германия, Испания, Францияда «ұлттың қартаюы» (халқының басым бөлігі 65 жастан үлкен қарт адамдар) байқалып отыр.

Дүние жүзiнде халықтың өмiр сүру жасының ұзақтығы жылдан жылға өсуде. Жалпы әлем бойынша адамның орта жасының ұзақтығы 70-жылдарда 56,7 жасты құраса, қазiр 61,5-ке жеттi. Ең жоғарғы орташа жас ұзақтығы дамыған елдерде − 74 жасты құрайды. Мешеу елдер − Ботсванада 36 жас, ал Мозамбикте 38 жас шамасы.

Қазіргі таңда дүние жүзіндегі индустриялы елдерде халықтың басым бөлігі қалаларда тұратындақтан урбандалу процесі орын алуда. Әсіресе АҚШ, Жапония және Батыс Еуропада iрi қалалардың қосылуынан мегаполистер түзліп, қала халқының өте жиі шоғырлануы қалыптасты. Мысалы, АҚШ-тағы − «Босваш» (Бостон-Вашингтон), Жапонияның Тынық мұхит жағалауындағы − «Токайдо», Ұлыбританияның оңтүстiк-шығысынан Францияның оңтүстiк-батысына дейiн созылып жатқан − «Бiртұтас Еуропа» мегаполистері. Қала халқының үлес салмағының өсуі экологиялық проблемаларды шиеленістіреді. Ғаламшардағы халық санының тез қарқынмен өсуі азық-түлік жетіспеушілік проблемасына алып келеді.

Денсаулық сақтау поблемасы. Соңғы уақытта әлемдік практикада адам өмірінің сапасын бағалау барысында бірінші орынға олардың денсаулығын қояды. Ғаламдық проблемалардың қатарына адам даенсаулығын жақсарту, сондай-ақ ауыр аурулармен күрес жүргізу жатады. Адамзат денсаулығы проблемасы ежелден бері бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына қарағанда, соңғы мәліметтер бойынша дәрігерлер мен гуманитарлық ұйымдар әлемдегі бала өлімін төмендетуде бірқатар жетістіктерге жеткен. 1990 жылдан 2011жылға дейінгі аралықта бес жасқа жетпей қайтыс болған балалар саны 12-ден 7 миллионға дейін азайған.

Азаматтардың денсаулығын, еңбек ету қабілетін және еңбек белсенділігін арттыру медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына тікелей байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау Ұйымының (ДДСҰ) ұсыныстарына сәйкес сапа ұғымына ең алдымен, кәсіби қызметтерді орындау сапасы, медициналық көмекке қанағаттануы енгізілген.

Дүние жүзіне кең таралған қатты аурулардың бірі − безгек. Жер жүзі халықтарының жартысына жуығы «безгекті» аудандарда тұрғанымен оның «шоғырланған» жері тропиктік зона болып саналады. 60-жылдардың ортасында қазіргі медицинаның, фармакологияның және химияның жетістіктерін пайдаланудың нәтижесінде Азия мен Латын Америкасының көптеген елдерінен безгек ауруы «кетті». Бірақ кейін ол бұл аудандарға бірнеше рет «қайта оралды». Африкадағы жағдай өте қиын, себебі безгекке қарсы іс-шаралар жүргізу қандай да бір себептермен аяғына жетпейді. Жыл сайын безгектен әлі де 7-9 млн адам өледі.

Чума эпидемиясының тарихын қарап отырсақ, бұл ауру («қара өлім») адамдар тығыз тұратын аудандарда тез таралады екен, оны ХІV ғасырда Еуропада болған эпидемия көрсетті. Ғалымдардың деректері бойынша Еуропада эпидемия басталған 1348 жылға қарағанда 1400 жылы халық саны 40%-ға азайған. 1994 жылғы Үндістанды жайлаған чума да оңай болмады.

«Ұйқы ауруы» цеце шыбыны тарататын ауру. Цеце шыбыны Африканың 15-21 оңтүстік ендігі арасында таралған. Бұл аймақта 40-қа жуық мемлекет орналасқан. Соңғы екі ғасырда осы аурудан миллиондаған африкалықтар өлді. Бұл шыбынның үй малдарын да ауыртып, ауыл шаруашылығына көп зиян келтіретіндігін ескерсек, оны Африканың «қарғыс атқаны» деп бекер атамаған.

1881 жылы Луи Пастер вакциналар көмегімен жұқпалы ауруларды қабылдамаушылық принципін ұсынды, ал иммунитеттің алғашқы теориясын 1883 жылы И.И. Мечников құрды. Бұл ғылыми жаңалықтар кейбір қауіпті ауруларды жоюға болатындығын көрсетті. Дегенмен, осы уақытқа дейін безгекке, тұмауға және тыныс алу жолдарының қабынуына, соз ауруына қарсы қолданылатын өте тиімді вакциналар шығара алмай келеміз (қатерлі ісік пен СПИД-ті айтпағанда).

90-жылдардың ортасында тырысқақ ауруы лап қойды, ол әлемнің 80 мемлекетін қамтыды. Тырысқақ әсіресе Үндістаннан Ауғанстан елдерінде таралған.

СПИД (ағылшынша - AIDS) − тарихта бұрын-соңды кездеспеген, нағыз өлім себетін ғаламдық инфекция, оны тоқтатуға адамзаттың әзірше күші жетпейді. Аурудың өзінің атында (тауып алған иммунитет тапшылығының синдромы) оның мәнісі жатыр. Иммунитет тапшылығы дегеніміз иммунитеттің, яғни бактерияларды, вирустарды және кез келген инфекциялық агенттер мен бөгде заттарды қабылдамау қабілетінің жетіспеушілігі. Адамның иммунтапшылық вирусын (ВИЧ) 1983-1988 жылдары американдық Роберт Галло мен француз Люк Монтанье тауып, оны суреттеп жазған.

СПИД жер жүзіне тез таралып барады, оған ұлттық шекаралар тосқауыл болатын емес. Эпидемия әлемнің 10 елінің 9-ына жайылды, инфекция жұқтырғандар мен ауырғандар саны ұдайы ұлғаюда. Ауырғандар саны жағынан бірінші болып Африка тұр, одан кейін Солтүстік Америка, Азия, Латын Америкасы және басқалары.

Жаңа аурулардың таралып, генетикалық ауытқуы бар нәрестелер саны көбейіп, балалар өлімі жоғары дәрежеге жетті.

ХХ ғасырдың екінші жартысында көптеген жұқпалы ауруларға − безгек, оба, оспа, тырысқақ т.б. күресте үлкен жетістіктерге жетті. Алайда көптеген ауру түрлері әлі де адамдарға қауіп төндіріп, ғаламдық сипат алуда. Олардың ішінде жылына дүние жүзінде 15 млн адам көз жұматын жүрек-тамыр ауруы, қатерлі ісік аурулары т.б. өршіп тұр. Жүздеген миллион адам темекі шегуден, наркотик пайдаланудан ауру табады. БҰҰ-ның қолдауымен жыл сайын Дүние жүзілік СПИД-ке қарсы күнін атап өтеді. Адам денсаулығын бағалағанда тек физиологиялық саулығымен ғана шектеліп қалмау керек. Бұл түсінікке адамның рухани, психикалық денсаулығы да кіреді.

Мәдениет және білім беру проблемалары. Біздің өркениетіміз ғаламшардағы барлық өмірдің жойылып кету қаупінде тұр. Адамдардың өмір сүру салтын өзгертпей бұдан құтылу мүмкін емес. Басқа өркениетке ауысу қажеттілігін мойындау керек. Ол мынадай өркениет болуы керек:

1. энергетикасы төмен;

2. тұрақтылығы жоғары;

3. толығымен демилитаризацияланған;

4. экологиялық тұрғыдан таза;

5. шынайы адами.

Бұл пункттер адамзаттың альтернативті өркениетінің жаңа өмір салтын құрайды.

Әлемдік тәжірибе білім беру ұлттық немесе ғаламдық саясаттың жеке саласы болып есептелмейді, ол адам құқығын сыйлауға, жақсы тұрмыс пен тиімді басқаруға, қазіргі қоғамның әлеуметтік, экономикалық, саяси, экологиялық тұрақтылық даму процестерінің негізгі шарты және сенімді құралы, әлеуметтік құбылыс пен процесс, әлеуметтік жүйе, ұлттық бірегейлік пен рухани мәдениетті сақтау және дамытудың бірден-бір кепілі есебінде дәлелденіп отыр. Білім жүйесіне мемлекеттің идеологиялық және экономикалық саясатында басымдылық беру, оны ұйымдық-құрылымдық жаңару, қаржылық, ғылыми-әдістемелік, материалдық, ақпараттық, технологиялық базасын нығайту, мамандармен қамсыздандыру, құқықтық-нормативтік, әлеуметтік статусын көтеру, бүкіл қоғамдық қолдау жүйесін қалыптастыру.

Білім жүйесіне мемлекет тарапынан тікелей әсер ету-оның негізінен материалдық-техникалық базасын нығайту, экономикалық-материалдық ресурстарын жетілдіру мен жаңғыртуға келіп саяды. Ол әрбір елдің мемлекеттік басқару саясатында білімді дамытуға дер уақытында басым бағыт берілуіне, елдің экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты.

Көптеген дамыған елдер өткен ғасырдың ортасында-ақ білімді дамыту мәселесін мемлекет саясатының басым бағыты есебінде белгіледі.


Дата добавления: 2016-01-04; просмотров: 1; Мы поможем в написании вашей работы!

Поделиться с друзьями:






Мы поможем в написании ваших работ!